Балғожа бидің ақталған үміті

Балғожа бидің ақталған үміті - adebiportal.kz

Қазақ даласында ХІХ ғасырдың 20-60 жылдары саяси-әкімшілік басқару жүйесінде үлкен өзгерістер жүрілді. Хандық билік жойылып, Патшалық Ресейдің заңнамалық басқару нормалары енгізіле бастады. Хандық билік жойылғаннан кейінгі бірнеше онжылдықта қазақ қоғамы арасында «аға сұлтандық» немесе «басқарушы сұлтан» атты лауазым болды. Бұл лауазымның өзі кіші лауазымдарға бөлінді. Атап айтқанда Орынбор генерал-губернаторына бағынатын сұлтандықтар дистанцияларға, дистанциялар бөлімшеге бөлінетін болды. Сондай бөлімшелердің бірінің басқарушысы – Балғожа би Жаңбыршыұлы болатын. Ол Ұзын қыпшақ бөлімшесінің басшысы болды. 1839 жылы оған хорунжий, 1848 жылы сотник (жүзбасы), 1850 жылы старшина әскери лауазымына ие болған. 

Балғожа би өзінің тұрақты да , табанды қызметі үшін патшалық тарапынан әр жылдары медальге, заттай сыйлықтарға ие болған. 1837-1847 жылдарды қамтыған Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілісте Балғожа бидің өз ұстанымынан айнымағанын көреміз. Балғожа би дің ұстанымы – күш тең емес жағдайда халықты босқа қырғындамау болса керек. Ананыкі дұрыс, мынаныкі бұрыс деп қорытынды жасауға болмас. Қаһарлы ханның Балғожа бидің ауылын шапқаны, баласы Алтынсары 1844 жылы көтерілісшілер қолынан қаза тапқаны тарихқа белгілі. 

Жалаң қылыш-найза мен сойыл-шоқпардың мылтық-зеңбіректі отқару алдындағы дәрменсіз дәуірі анық жеткенін аңғарлай отырып, ендігі жас ұрпақтың заманауи білім алмайынша, ғылым игермейінше болмайтынын Балғожа би ерте түсінген адам.

Сондықтан да ол өзінің немересі Алтынсарыдан қалған тұяқ Ыбырайды өзі қадағалап тәрбиелей бастады. Сол замандағы әдепкі жөн-жобамен алғашында ауыл молдасынан сауатын аштырған соң, тоғыз жасар немересін 1850 жылы Орынбордағы шекаралық комиссия жанындағы қазақ балаларына арналған мектепке береді. «Мектепке берді» дегеннің өзі қазіргі күні айтуға оңай болғаны болмаса, жас Ыбырайдың орыс оқуына баруына анасы Айман, ағасы Қанғожалар қарсы болған екен. Ақыры атасының пікірі жеңеді.

Атасы мен анасының құшағынан шығып, қалаға оқуға аттанған жас Ыбырай да олардың үмітін ойдағыдай ақтап, аталған мектепті 1857 жылы алтын белгімен аяқтайды. Осы жылдан бастап қызметке араласқан болашақ ұлт ұстазы 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалады. Осы жылы Орынборда жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» кітабына енген «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген өлеңде айтылатын ақыл-өсиеттер – Балғожа бидің өз немересіне әрдайым айтатын сөздері деп білеміз:

Үміт еткен көзімнің нұры – балам,

Жаныңа жәрдем берсін Хақ-Тағалам.

Атаң мұнда анаңмен, есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Оқуға көңіл бөлсең басыларсың.

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің,

Қолыңа құрық алып кетер едің,

Жүргенмен, не мұратқа жетер едің?!

Сол заманда талай-талай «балғожалардың ыбырайлары» қазақ даласының әр бұрышында қолына құрық алып, шұрқыратып мыңды айдап алаңсыз серілік құрып шалқып жүргені рас қой? Ал сол солқылдаған мырзалар арасынан елді мұратына жеткізіп, білімнің шырағын жаққандар болды ма екен? Болса да шамалы болар...

«Шұрқыратып мыңды айдап» демекші, ертеден дәулет-құты арылмаған әулеттен шыққан ұлт ұстазы жылқы өсірумен де шұғылданған сияқты. «Менің алты жүздей асыл тұқымды жылқым бар еді», - дейді, достарына жазған бір хатында. Бұл да болса ұстаздық, инспекторлық т.б. қат-қабат қызмет пен шаруаны ата кәсіппен қатар алып жүргендігінің айғағы болса керек. 

Иә, Балғожа, Құнанбай билер, Шыңғыс сұлтандар сияқты сұңғыла жандар сол замандарда елдің болашағын еуропалық біліммен ұштастыру үшін анық қадам жасапты. Оның нәтижесі – ұрпақтан ұрпақтың көз алдында. Олар расымен де қараңғы қазақ көгіне күн болып шығып, түнекке жарық түсіріп, жылуын шашты. 

Балғожа бидің «үміт еткен көз нұры» болған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің сонау ХІХ ғасырдағы сәулелі ойларын оқығанда, бүгінгі күнмен әрдайым үндес екенін аңғарасыз: 

- менің ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады;

- кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан да әсер етуге бар күшімді салып отырамын;

- заман солай болған соң, амалын тауып, мүмкіндік бар жерде қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру керек;

- күлсеңіз күле беріңіз – мен кейбір оқытудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда да болып қоям; сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын;

- қазақтар үшін қазіргі уақытта техникалық, ауыл шаруашылық, және әйелдер мектептерін ашу пайдалырақ;

- мен балаларды жазалауды сүйетін қатал адам емеспін. Бірақ тентек, етіп өсірсең балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласың.

Бүгінгінің Балғожалары немерелерінің заманауи сапалы білім беретін мектепте оқытуға ұмтылдырып, қам жасап жүрген болар. Ол да дұрыс. Сол ұрпақтардың арасынан елім деп соғар жүрегі бар саналы тәрбиелі Ыбырайлар көптеп шықса игі деп үміттенеміз, әрине.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan