Ғибрат
Бұрынғы Семей облысы Iшкi iстер басқармасының Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлiмiнiң бастығы полковник Тоқтар Мәнкеновтың әңгімесі.
Бiрдi бiрге сабақтап, алып қашқан ойдың ырқымен межелi тұсқа жеткендерiн де аңдамады. Бауырын кеңге жазған белең-белең Жидебайдың қырқасы көз алдарында. Соның бiр кезеңiне қоныс тепкен Абайдың қыстауы. Мiне, неше жыл көрмесе де, таныс мекен Тоқтардың көзiне оттай басылды.
Машина тоқтасымен, мұражайдың адамы қарсы алды.
– Ассалаумағалейкүм!
– Уағаликумассалам! Қош келдiңiздер!
– Рахмет! Абайдың басына зиярат етейiк деп, Семейден арнайы шықтық.
– Оларыңыз оң болған екен. – Назарын, негiзгi әңгiмесiн Тоқтарға бұра сөйледi. – Онда мына үйiнен бастайық.
– Жақсы.
Iшi баяғы жылдары өзi көргендегiден сәл-пәл жаңа бұйымдармен толығып өзгерген, әйтпесе дені сол қалпы. Ептеп, қонақтарды қабылдау тәртiбi еуропашаланыпты. Соған қарағанда сырт адамдардың қатынауы артқанға ұқсайды.
Ал қорым бұрынғысынан да әлдеқайда тозған. Қазақтарда моланы жаңартпайтын ежелгi салт бар, бiр жағы соған да жорыды. Зиярат ете аруақтарға бағыштап құран оқыды.
Осы сапар Жидебайдан байқаған жаңалығы – Шәкәрiмнiң моласы болды. Жарықтық, қалың қорымнан оқшау, шеткерiрек жерленiптi. Басы да қарайтылған, бiрақ, бұған дейiн ешкiм айтпай келген. Соңғы жылдардың жаңғыру лебімен бетi ашылып жатқан жайт екенiн топшылады.
Бас-аяғы бiр сағаттың о жақ, бұ жағында қасиеттi де тарихи қыстаудың ештемесiн қалдырмай аралап шықты.
Әлгi өздерiн қарсы алған адам мұражайдың директоры екен. Ол кiсiге шексiз алғыстарын айтып, қайта керi қайтты.
Сарайы саңғырай, қасиеттi мекенiмен көзайым болғанына қунап, жаны сергіп сала берді. Әр нәрсеге аңтарыла қарайтын жас баладай, мына жалған дүниеге көзi тоймай құныға түстi. «Мыңмен жалғыз алысқан адамның» басына барып тәу еткеннен кейiн бе, тiптен рухтанып, мұқалған қажыр-қайраты қайта жетiлiп, шыңдалғандай дүр сiлкiндi. Есiне жарықтықтың жүз жиырма бес жылдық тойы оралды.
... Әдеттегiдей елден бұрын милицияларды топылтып, төктi кеп. Тоқтар да солардың қатарында тәртiптi қадағалаушылардың бiрi ретiнде барған. Адам деген сапырылысып, тоқтаусыз үстін-үстін ағылады. Көбiсi және негiзгi сыйлы қонақтар Алматыдан шақырылған. Небiр марқасқалар төбе көрсетiп қалады. «Бауыржан Момышұлы келiптi» дегендi құлағы шалды. Ақырындап сұрастыра жүрiп, қай үйге түскенiн де бiлiп алды. Ойы – аңыз адамға ретi келсе сәлем беру. Арасына уақыт салып, бiр-екi мәрте сол үйдiң алдынан ары-берi өттi де. Бiрақ, ешқандай көздеген кiсiсiмен жолыға алған жоқ. Сосын, «жарайды, жолығуды жазбаған шығар» деген оймен қойған.
Кеш те батуға таянған мезет едi, сөйтiп алағызған көңiлiне сабыр суын сеуiп тұрғанында бөлiм бастығының қылпы байқалды. Аяғын апыл-ғұпыл басып, өкшесi жерге тимей ұшырта заулатады. Әншейiнде тым сабырлы адамның мұндай мазасы қашқан сәтiн көру тосаңдау екен. Қасына жеткен бетте:
– Мәнкенов, Момышұлы бiр нәрсеге ырза болмай, ши шығарды. Бар, тiлiн тапшы! – Түкiрiгiне шашалып, кекештене сөйлеп, қалш-қалш етедi. Сұсынан сұс қалмаған, әншейiндегi нарттай қызыл орыс одан сайын өрт болып алыпты.
– Мақұл, Иван Адамович! Бiрақ…
– Не бiрақ?..
– Ол кiсiнiң мiнезi қиындау деп естушi едiм, көнсе жақсы. – Тоқтар да қапелiмде «әлде қайтеді?» деген оймен мүдiрiңкіреді.
– Көндiр! Әйтпесе бәрiмiз құримыз. Бiздiң участоктағы киiз үйде ол. – Жаны қысылып, жаналқымына тақалғаны көрiнiп-ақ тұр.
– Жарайды.
– Жүгiр.
Жүдемдете басып әлгi үйдiң тұсына таянғанда, бiр топ адамның ошарыла үймелегенiн байқады. «Өрт сөндiретiндей жетпей, байыпты көрiнейiн» деген шамамен, сабырлы кейiпте аяғын салмақты басты. Сөйткенiнше сусар бөркiн бiр жақ шекесiне қарай қисайта киген, өңiрi ашық адам өзiне қарай келе жатты. Оның қою мұрты көзiне жылыұшырады. Тәңертеңнен берi сәлемдеспек ниетпен iздеген адамы – осы. Бiр қолында таяғы бар екен. Келесi қолында трубкасы барын аузына апара берiп, iзiнше көк түтiн бұрқ еткенде байқады.
Сөйткенше жанынан жаймен өтiп, ілгері озды. Сәлемдеспек болған жоспары, әдiрам қалды. Бетпе-бет таянғанда дәнеме де iстей алмай, тiл-аузы байланғаны. Әрi өңi тым сұсты екен, оның үстiне қауым ел бәйегi шығып соңынан бүгежек қағады. Ешкiмнiң бiр ауыз тiл қатуға мұршасы жоқ. Әйтеуiр, байқағаны бәрiнiң iс-қимылдары жазықты жан сияқты. Бастапқыда сабырға шақыра сөйлеп, тиiстi сазайларын алса керек, мыстай боп, мысықтабандап қана ілбидi.
Тоқтардың жадына бастығының тапсырмасы түстi. Абдыраған есiн тез жия қойып, он шақты қадам ұзап кеткен кiсiнiң соңынан түре қуды. Өкшелеп келдi де «орысша сөйлесем бе, қазақша сөйлесем бе?» деп, сәл ойланып барып:
– Жолдас гвардия полковнигi! – Қолы шекесiне сарт етiп, честь бердi. – Бiр ауыз сөз айтуға мұрсат етсеңiз. – Аузына ана тiлi орала бердi. – Ұрықсат сұрап тұрған панфиловшының ұлы. – Соңғы ойдан шығарған өтiрiгiне құлағы ду етіп, шімірікті. Әкесi соғысқа қатысқанымен, қай майданда болғанын бiлмейтiн.
Баукең қалт тоқтап, жеп жiберердей өткiр көзiн мұның қарашығына қадап, сәл-пәл бөгелдi. Соның өзiне Тоқтар буын-буынынан әл қашып, есiнен айырылып қала жаздады. Сосын батыр басынан аяғына, аяғынан басына тағы барлай көз жүгiрттi.
– Иә, жолдас аға лейтенант, мен сiздi тыңдап тұрмын. – Ернiне трубкасын апара берiп, бұған сол қырын қалпы иығының үстінен үн қатты.
– Мен, әкем панфиловшы болғаннан кейiн, сiзге сәлем берудi өзiмнiң парызым деп санадым. – Сөздерi шашыраңқы шықты.
– Әкең тiрi ме?
– Майданнан оралмады.
– Ым-м-м… – Мақұлдағандай басын мақсатсыз изедi.
– Мен сiзге бұл өңiрден аттанғаныңызша қызмет етсем деп едiм…
– Онда шақырт машинаны! – Бас жоқ, аяқ жоқ бiрден осылай дедi.
– Той бiтпей қайда барамыз, жолдас полковник? – Ендi-ендi өзiне келiп, бойын игердi.
– Семейге! – Шорт кестi.
– Жолдас полковник, бұла еркелiгiңiздi халқыңыз көтередi, аруақ көтере ала ма?
Момышұлының өңi құп-қу болып кеттi. Мұны шайнап тастайтындай сұсты кейпiмен ызбарлана қадалды. Тоқтардың жүрегi шым етiп, «бүлiнген нәстенi одан сайын былықтырдым-ау?» деп, зәресi зәр түбiне жеттi. Сөйткенiнше батыр ашуын сыртқа салған мысасынан қайтқандай, өңiне болмашы шуақ жүгiрдi.
– Сен шынында да панфиловшының баласына ұқсап келесiң. – Трубкасын баппен бiр сорып қойды.
Мына сөзден кейiн барып Тоқтар жеңiлденейiн дедi. Ендi байқады, ел жан-жақтан қаумалай қоршап алыпты.
– Олар да аруақтан аттаған жоқ едi. Аруақты сыйлағандарының арқасында ғана Мәскеу мызғымай қалды. Сен менiң Ақжолтайым сияқты екенсiң. – Жанына таянып, иығынан ұстады. – Баста ордаңа, көрсет қызметiңдi.
Күллi қаумалаған жұрт осы сөздi күтiп тұрғандай, лездiң арасында жан-жаққа шашылған тарыдай пышырап, тарады да жөнелдi. «Жүрiңiздер, жүрiңiздер!» деген бiр-екi дүркiн қолқалау да естiлдi. Қайда апарарын бiлмегендiктен, әлгi iлтипат танытқан адамдардың соңынан ілесті.
Алты қанат ақ ордаға дастарханды қайыстыра жасаған екен. Төрге көрпелердi қабаттай салып, құс жастықтарды топылта тастапты. Жаңа ғана шырқы қашып ойсыраған үй, заматында-ақ мейманасы тасып, думаны асқақтап шыға келдi. Төрдi толтыра батыр шынтақтай жайғасты да, аяқ жағына Тоқтар тізе бүкті.
Қыз-келiншектер сылаң қағып үстi-үстiне еттi де әкелiп, шайды да құйып құрақ ұшады. Дамылдар емес.
Меймандардан екеуiнен басқа ешкiм жоқ. Сол үш-төрт адам қызмет жасап, шауып жүр. Бiр кездерде барып батыр тiл қатты:
– Иттi иесi үшiн сыйлайды. Халықты сен сияқты азаматтарының арқасында алғайды, ардақ тұтады. Жүрек көзден де көреген, соғысқа барсаң қаһарман болатын едiң. Өйткенi, тым адал екенсiң. Бiздiң батальонның комиссары – Жолтайды көзiме елестеттiң. Соған бола бұрылдым. Ныспыңды айта отыр ал, бiлiсе берелiк.
– Атым – Тоқтар.
Батыр жайдарылана жымиды.
– Нағыз халықтық есiм, «тоқта, ар» дегенге саяды екен. Бұла мiнезден тоқтамайтын бойыңа бiткен асаулық жоқ па? – Соңғы ләмі әзілге бұрғандығы.
Офицер жігіт тiл қата қоймады, нақтысы оқушыдай тақылдап кеткенім үйлеспес деп топшылады.
– Бала тоқтамай шетіней берген соң, әке-шешемнің үмітіне жіп таққан сыңайы... – Бөгеліп барып жауап қайырды.
– Так, солай де, «мінезіңде асаулық жоқ па?» дегенім содан ғой. Тоқтағаның дұрыс болыпты. Мен де әлгінде арға салып, тоқтадым.
Лездiң арасында өңiнде жаңағы жайдарылықтың ұшқыны да жоқ, мұздай құрсанып шыға келдi.
– Сен, мүмкiн, әскери постта қызметте шығарсың?!
– Дәл солай, гвардия полковнигi!
– Қазiр бар да бастығыңа менiмен отырғаныңды айтып, ескертiп кел.
– Құп болады, жолдас полковник!
Сыптығырдай жiгiт орнынан ширақ қозғалып, атып түрегеліп сыртқа беттедi. Табалдырықтан аттағаны сол-тұғын, қыстыға шыққан «Тоқтар Әндiрбайұлы!» деген үндi құлағы шалды. Жалт қарап едi, бүкеңдей басып келе жатқан Иван Адамовичтi көрдi.
– Баукең қалай, ашуы қайтты ма? – Бiрiншi сауалы осы болды.
– Сабасына түстi.
– Жарайсың, Тоқтар! – Өңiнiң әрi кiре жымиды. – Жанымызды бiр алып қалдың. Әйтпесе бұл оқиға обкомның бiрiншi хатшысы Морозовтың құлағына жетсе, бiздiң саудамыз бiтетiн едi.
– Иван Адамович, – нәшәндiктiң сөзiн бөлдi, – менi «бастығыңа ескертiп, қайтадан қайтып кел» деп жiбердi.
– Бiрге болыңыз, бiрге, бiрге… Басқа жақты өзiм қадағалаймын. – Қолды-аяққа тұрмай безек қағып, дамылсыз басын изедi. – Әйтеуiр, ши шықпай, риза күйде аттансын.
– Мақұл, бар күшiмдi саламын.
– Сөйтiңiз, Тоқтар Әндiрбайұлы.
– Жақсы.
Сол түнi сәлем берудi ғана арман еткен асыл ағамен таң атқанша бiрге дәмдес болып, құлағының құшыры қанғанша әңгiмесiн тыңдады.
– Бiр тиындық май шамнан кезiнде бүкiл Мәскеу өртенiп кеткенiнен құлағдар шығарсың. – Ойлы да тұңғиық жанарын Тоқтарға аударып, бұдан жауап күткендей бiраз бөгелдi. – Бiрақ, қанша әлеуеттi де зұлматты снарядтардың жалынына өртенбедi. Оның себебiнiң не екенiн бiлесiң бе?
Тоқтардың не «иә», не «жоқ» деп жауап қайыруға дәтi бармады, қапелiмде жаза басып жарасымын тапқан мына салтанатын кездейсоқ бұзып алудан қорықты. Сондықтан не де болса үндемегенді жөн санады. Онысы дұрыстыққа бастағанын аңғарды. Батыр тағы да сөзiн сабақтады.
– Өйткенi, ол кез орыстың шонжарлары төңiрегiндегi өркениетке елiктегендiгiнен, өз қағынан өзi жерiнген шақ-тұғын. Әлгiлер ана тiлiнде сөйлегенде, сөздердi әдейi бұра тарта қолданатын. Ондағысы «бiз нағыз ақсүйек орыспыз, сонымен қатар ұлықпыз, сондықтан туған тiлiмiздiң емлесiн бұза сөйлеуге қақымыз бар» деп қорытты. Бұл қаракет ұлттың негiзгi дiңiн шiрiттi. Сондықтан құны бiр-ақ тиын май шамның оны жағып жiберуге қауқары әбден жеттi. Ал екiншi дүниежүзiлiк соғыста бомбының да Мәскеудi отқа орай алмағаны, өздерiн ақсүйектiкке санаған, нәтiнде жетi атасынан берi қара табандылықтан арылмаған мұжықтардың «ақылды бола бастаған» тұсы едi. Бiр сөздi қайталай беру арқылы олардың сiлесiн қатырып, яһудилер «ләббай» ұрғызып қойған болатын.
Тоқтар мына ләмнің байыбына бара алмай, астарын неге жорырын бiлмей есi шықты. Оның қатты әуреленгенi сондай, тұс-тұстағы киiз үйлерден әуелеген ән қанатын да, сыңғырлай жеткен қыз-келiншектердiң үнiн де естiмедi. Астарлы әңгіменің әдібін сөге алмай өзiмен өзi іштей арпалысып, айтылған ойдың ұштығын таппай әуреге түсті.
– Иә, тiлiмiз байланып келедi, – ауыр күрсiндi, – сол Абай атамыздан кейiн «мыңмен жалғыз алысатын» бiреу тумады ғой. – Жан қалтасынан қарманып оттық алды да, трубкасын тұтатты. Көк түтiндi бұрқ еткiздi. – Қазақ – ұлтшыл болуы керек, бiрақ, жүзшiл болуы қажет емес. Біз сияқты кішкентай ұлтқа рухы асқақ ұлдар керек, – дедi баяу ғана.
Тағы да әңгiме үзiлiп қалды. Аңыз адамның, бiр көргеннен өзiн мұнша етене санағанына еметайы езiлiп барады. Бiрақ бұл кiсiмен иығы тең емес, әлдеқайда төменде жатқанын аңғарды. Сондықтан да жарытып ештеме айтуға мұршасыз, әндемi сөзге әл бере алмай қыстықты.
– Англияға бостандық әперген де, оны демеп отырушы да ақсүйектер қауымы екенiн бiлерсің? Сол сияқты қазақ топырағына да жақсылықты жасаса өзiнiң кiндiгiнен өрген бел баласы жасайды. Әттең, кешiгiп келген бақыттан жаман еш нәрсе болуы тиiс емес. Ол деген бiр қасiрет, зәбiр-жапа. Өйткенi, бiреу дер шағы – 25-iнде жеткен қуанышқа, ендi бiреу 75-iнде қол артады. Бiрақ ол асқақ мәртебе сол дәрежесiнде болса да еш қызуы жоқ, қызығы жоқ дүниеге айналады. Әрi-берiден кейiн әлгi адам ата сақалы аузына шыққандағы табысына қорлануы да мүмкiн. – Баппен трубкасын сорды. – Бiзсiз Қазақстан өмiр сүре алады, ал бiз Қазақстансыз өмiр сүре алмаймыз. Қазақстан да бiзсiз өмiр сүре алмайтын уақыт туар.
Таң да құланиектенiп, төрт құбыла тұтас сарғая бастады. Өзiн қонақты әбден қажытқандай сезiндi.
– Бауке аға, жол соғып, шаршаған боларсыз, демалыңыз.
Батыр төс қалтасынан күмiс сағатын шығарып, қақпағын ашты да әйнегiне үңiлдi.
– Жарайды. – Тағы да көк түтiндi бiр бұрқ еткiздi. – Адам бойындағы әдеттiң асылы аз сөйлеу. Көп тыңдадың, рахмет. Онда ас қайырайық. Бiссiмiлла-рахымани-раһим, – деп, алақанын жайды. – Ақ жүрек болсын жолдасың, адалдық сенi қолдасын. Жақсылық үшiн тiрессең, жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың, найзадай болсын намысың. Ер жiгiтке бәрi сын: қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма. Қамқоршы бол кiшiге, үлкендi үлгi тұт алға! Аллауакпар!
– Айтқаныңыз келсiн!
Ол кiсiнiң кеше кешке неге шамданғанын бiлмеген қалпы сергек көңiлмен серпiлiп, сыртқа беттеді. Түнiмен тынбаған ел ептеп сирегендей көрiндi. Негiзгi тойдың думаны бүгiн басталатын едi.
... Өткендi екшеу үшiн жападан-жалғыз жолға шыққан дұрыс сияқты. Мiне, алып қашты елестiң соңынан iлесiп, өмiрiнiң шиырлаған сүрлеуiне соқтықты. Дәл сондағы Баукеңнiң батасы мұның келешек өмiрiн пайғамбарлық данагөйлiкпен көрiп, алдын-ала соған жiгерлендiрiп тұрғандай екен-ау?.. Тағдырдың сынағына түскенде жолдасы ақ жүрек болды, адалдық қолдады. Жақсылық үшiн тiрестi, қашан да ары қорғау болды. Ер жiгiтке бәрi сын екен: белшесiнен байлыққа бату да, бес еркектiң буына пiскен қызмет те, қиындықтың ащы дәмiн тату да. Бiрақ, соның бәрiне ақыл мен парасаттылық басшылық жасайтыны қандай жақсы.
Тағы бiр нәрсенi осы уақытқа дейiн байқамай жүріптi. Марқұм атасы мен әжесi де оңай ғұмыр кешпейтiнiн күнi бұрын айтып қойған екен ғой. Тұңғышы Өмiрбегi туғанда – өмiр үшiн жаныңды жалдап күн кешесiң, Болаты туғанда – сол қиындықтың бәрiне болат темiрдей бекемдiк таныт, Қайраты туғанда – қайратыңды жи да зұлматтың бәрiн жең, Азаты туғанда – пешенемiзге жазылмаған азаттықты қажымай-талмай iзде деп жөн сiлтеп кеткендей.
Тасты тасқа соқсаң ғана ұшқын шығатынындай, ойды ой ғана тудырып, санаға саңылау түсiретiнiн ендi екшедi. Абай атасының басына келмесе, Баукеңмен жолығысуы ойына оралмас едi. Содан соң батырдың батасы есiне түстi. Сол арқылы атасы жасырған жұмбақты шешуге мүмкiндiк туды. Ендi ойласа ол сөздердiң сырын ұғу үшiн отыз жылға тақау уақыт қажет болған екен. «Қайран көненiң адамдары-ай, әр сөзiнiң астында алты қабат астар жататын…»
Күн еңкейiп, көлеңкелерi ұзара бастады.
Суреттер ғаламтор торабынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.