Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Көл қорыған қызғыш құс секілденіп......

11.08.2025 3063

Көл қорыған қызғыш құс секілденіп...

Көл қорыған қызғыш құс секілденіп... - adebiportal.kz

(Қайраткер ақын Айсұлу Қадырбаева туралы)

 

Расында да балашым, 

мынау жайтты қарашы. 

Дешті-Қыпшақ даласы,

Алтай-Мысыр арасы,

Ендіктер мен бойлықтар, 

бейне көздің қарасы! 

Соның бәрін бабамыз,

Уысында ұстаса – 

Баста болса санасы, 

кімнің болмақ таласы?!

(А. Қадырбаева)

 

Биыл 15 қыркүйекте Орал оқиғасына 34 жыл болады. Сол оқиғаның басы-қасында болған күрескер ақын Айсұлу Қадырбаева қарашада 75 жасқа толмақ. 

Әлемде этникалық текетірестер қайта бас көтеріп, өршіп тұрған осынау мазасыз шақта бізге де басымыздан өткен-кеткенді аударып-төңкеріп, байыпты түйін жасарлық анализ керек. Осы тұрғыдан келгенде 1991 жылғы Орал оқиғасына бейтарап қарауға болмайды. Өйткені ол – орыс-казактардың жай ғана шеруге шығуы, болмаса «мәдени автономия» талап етуі емес еді, ол дегеніңіз – ғасырлар бойы өз жерінде өгейлік көрген ұлтқа тағы бір рет «сен кім едің?» деп шекеден қарап, менмендікпен басынуы еді. Орал казактарының қазақ жеріндегі тарихи орны туралы талас-тартыс болуы мүмкін, бірақ ешбір этностың басқа бір халықтың жерінде отырып,  ғасырлар бойы сол топырақта тамыр жайып келе жатқан сол жердің байырғы иесінен  өзіне үстемдік сұрауға, реваншизммен үн қатуына құқығы жоқ. 

Сол кезде сондай басынуға қарсылық танытып, алаңға шыққандарға рахмет, олар  халықтың намысы барын көрсетіп, үнін жеткізді. Егер сол кезде олар үнсіз қалғанда, казачество мәселесі уақыт өте ұлғайып, Қазақстанның батысында этникалық шиеленіске ұласуы әбден мүмкін еді. Ал бұл елдің біртұтастығына тікелей қауіп болары айдан анық. Қытай қорғанынан берік көрінген кеңес жүйесі ыдырап, бүкіл завод-фабрика, шаруашылықтар тарап, ел қаңғырып, бағынуға үйренген халықтар әрі-сәрі болған  өтпелі кезеңді пайдаланып орыс-казактардың өз автономиясын қалауы отарлық сана мен үстемдікке үйренген мінезі, бір жағы олар Қазақстанның толық дербес ел болатынына сенбеді, не болмаса сенгісі келмеді. Қолына Ресейдің туын алып, атқа мініп, қылышын асынып, әндерін шырқап Оралдың көшесінде салтанат құрғысы келуі содан. Олар өз мақсаттарына оңай жетеріне сенген де шығар? Ал ұлт намысы дегенде шарболаттай қайралған азаматтар мен жастардың, зиялы қауымның табандылығы әлі қабылданып үлгермеген  тәуелсіздіктің жақын екендігін дәлелдеген сын сағат болды. Сондықтан бұл оқиға ешқандай де-юре емес, де-факто, демек, тәуелсіздікке бет алған ұлттың заң жүзінде егемен ел болмаса да, санасында еркіндіктің дәні бүр жарған, өз болмысы үшін күресі ретінде маңызды. Бірақ, бұл жайында әлі ашық айтылмайды. 

Ресей туын көтеріп, қылыштарын асынып...

Ол кезде біз 12 жаста едік, Оралда болып жатқан оқиғаның шет жағасын естісек те, онша түсінбейміз, әйтеуір, «казактар той тойламақшы болыпты, қазақтар оған жол бермейміз деп қарсы тұрыпты, бір топ адам аштық жариялап жатыр екен» дегенді еміс-еміс құлағымыз шалады. Ол кезде казактар кім екенін қайдан білдік, ұлтшыл деген де, ұлтжанды деген де сөз қолданыста жоқ еді. Әйтеуір, Айсұлу Қадырбаева деген есім есте қалыпты.  Кейін қалаға келдік, әдебиетке қатысты жиындарда ішінара бұл жайында айтылып қалатын, сонда 1991 жылы болған осы оқиғаның  аяқастынан дауыл тұрғандай яғни стихиялы түрде емес, уақыты келіп, толғағы жетіп, былайша айтқанда Оралды оңаша иемденгісі келген сыртқы күштердің (казактардың) жоспарлы әрекеттеріне жауап, қарсылық болғанын түсіне бастадық. 

Деректерге қарағанда, Ресей туын көтерген өзге өңір казактарының  Оралға жиналып,  патшаға қызмет еткендеріне 400 жыл толуын тойламақ болғанына наразы жұрт аннан-мұннан ағылған. Ол кезде қазіргідей желден де жүйрік желілердің жоқ кезі, соның өзінде алғашқы күні Алматы, Жамбыл, Шымкент, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Гурьев, Маңғыстау, Жезқазған, Өскемен, Семей облыстарынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Мәскеуден келген, барлығы шамамен 350-ге тарта адам болған. 

Халық қастарынан  сап түзеп өткен әскери киімді казактарға: «Казактар жойылсын» деп ұран тастап, бұл арадан тез арада кетуін талап еткен. Енді болмаса тап-тап берісіп, жалаңаш қолмен жағаларынан алса, мейманасы тасыған бір казак қылышымен қиып түссе, бұның арты қантөгіске ұласуы мүмкін еді. Сол кезде милиция  иықтарына қылыш асынған әскери киімді казактарды Оралдағы Ворошилов атындағы заводтың Мәдениет үйіне еркін өткізіп, ал халықтың талабын жеткізуші өкілдерді әрі қарай өткізбеген. Рухтанып алған орыс-казактар концерттерін бастап кеткесін үш күннен бері бір орында тапжылмай тұрған халық енді сол концерт болып жатқан жерге қарай жылжып, іште тығылған бір ашу-ызамен ұмтылмақ болғанда осы шеруді өткізушілер халықты сабасына түсіруге тырысқан. Амал жасаған. Қалай? 

Ол кезде халықтың дінге, дәстүрге қайта бұрылып жатқан тұсы, не нәрсенің де қадірі бар кезі, әсіресе, уағыз атаулыны ұйып тыңдайтын, міне, казактарға қарай лап қойғалы тұрған жұртшылық жергілікті имам оқыған құран мақамына бір кісідей ұйып, сабырлы қалып тапқан. Куәгерлердің айтуынша, халық енді көтеріліп, қозғала бергенде имам құран оқи жөнеледі екен де, халық тізе бүгеді, осылай бірнеше рет қайталанған. Бұл сағаттарға созылған. Сөйтіп, намыс оты басқа теуіп, не болса да казактан келгенді көріп алмаққа басын тіккен халық осы жерде қан төгуге емес, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған ұйымдастырушыларды тыңдауға мәжбүр болған.  

Ал егер іс насырға шапса ше? Бұны ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл казактардың күшейіп алған кезі, үлес салмағы да әжептәуір, қолдаушылары да мықты. Оралдың қоғамдық саяси өмірінде ізі бар белгілі азамат Орынбай Жәкібаевтың 2008 жылы «Орал «Полиграфсервистен» шыққан «Азаттық» атты кітабында академик Мақаш Тәтімовтың мақаласы бар, онда мынадай деректер келтірілген: «Жайық казактары сепаратизмі байырғы қазақ тұрғындарының проценті едәуір жоғары болса да (мысалы, Приурал ауданында – 28%, Зеленов ауданында – 46%, Бөрлі ауданында – 44%, Теректі ауданында – 47%, ал Орал қаласының өзінде – 24% болса, бүкіл облыс бойынша – 58%), казактар әскери ұйымдары мен жасақтарын құрып, бойына қару асынып, өзінің егеменді Қазақстанда тұрып жатқанын мүлдем ұмытқан сияқты болды. Олар казак атамандарын өткен кезеңде жергілікті коммунистсымақтардан сайлап қана қоймай, өз қауымына бұрынғы Одақтық көлемде, жоғарғы лауазымы бар Янаев, Рыжков, Язов, Макашов сияқтыларды тарта білген. Жайық казактарының ақ патша ағзамына қызмет істей бастағанына 400 жыл тойын тойлатпай, тойлана қалса оған қарсы қозғалыс тудыру, тіптен 400 жыл дегені ол біздер сияқты халықты отарлаудың болғанын еске салып отыру керек». 

Сол кезде елдің тұтастығына тікелей қауіп төніп тұрғанын сезіп-білгендіктен де дер кезінде қайрат көрсеткен адамдарға тағы да рахмет! Бүгінде бәрі ұмытылды, ал кезінде сол ресейлік сепаратистік топтардың Оралды жеке иеленіп, казак автономиясын құру идеясы жүзеге асып кетсе не болар еді? Орал оқиғасы – геосаяси үстемдік пен отарлық идеологияның сарқыншақтарына қарсы күрес болды. Бұл күрестің негізінде бір ғана мақсат жатты – қазақты ояту, жерін, тілін, елдігін қорғайтын ұлттық рухты тірілту. 

(Осы жерде айта кетейік, өткенде осы мақаланы жазу барысында көзі ашық адамдардың өзі осы Орал оқиғасы жайында біле бермейтінін, тіпті казактар туралы мағлұматы да там-тұм екенін байқадық. Сондықтан, аздап шегініс жасап кетейік. Казачество жайлы терең зерттеп, Степан Разин туралы повесть жазған казак жазушысы В.А.Усов дегеннің жазбаларына қарағанда, о баста қазақ жерін отарлауға, қазақ рухын басуға жұмсалған Жайық казактарының шаруасы қашан да тәуір, әрбір казактың 80 десятинадан жер телімі болған.  Жайық бойын иен жайлап, егін салып, балық аулап, түз өндіріп және аңшылықпен айналысқан казактар ауқатты тұрмағанда кім ауқатты болсын!  Бір замандарда орасан зор жер көлемін иемденген казактар жерді Ішкі Бөкей ордасындағы және Жайықтың сыртқы жағындағы жергілікті қазақтарға жалға беріп отырған, онда да көңілі соқса ғана. Қазақтардың жайылымдық жерден таршылық көріп, тіпті Жайыққа еркін жақындай алмай, ақыры қарсы шабуылға шыққаны жөнінде Қ. Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» романында архив материалдарымен берілгенін тағы бір рет қаперге салайық). 

«Біз бетке перде ұстамадық!»

 

Біздің ұғымда ақын-жазушы дегендер – қазақ руханиятына жауапты, ұлттық санада болып жатқан іргелі қозғалыстардың көркем көрінісі болуға тиіс. Сын шақта қарсы келген қауіпке арқасын төсейтін ұлдарын іздейтін, бірдеңе болса   «ақын-жазушылар қайда қарап отыр» деп өкпелейтін әдеті үшін халықты түсінуге болады, өйткені олар ақын бойындағы қайрат пен поэтикалық рухты біртұтас көреді. Егер ақын болса, ол – ақын ретінде де, азамат ретінде де күрескер болуға  және жазған  жырындағы әрбір сөз, әрбір бейне арқылы бір ұлттың жүрегінен көтерілген жанайқай, бір дәуірдің шындығы көрінуі тиіс. Бірақ, қайраткерлік бәріне жазылмаған. Елдің бәрі Махамбет емес, сын сағатта «ертең не болып кетеді» демей, ішіндегісін түгел ақтарған Жұбан да емес.  Бұл жолды ұстанудың ауырлығы да сонда. Бізде ақын көп. Бірақ, сын шақта қайраттанып, үлкен жауапкершілік алатындары аз. 

 

 

Менің алдымда Айсұлу Қадырбаеваның «Шың-құз» атты кітабы жатыр. Осындағы «Біз бетке перде ұстамадық!» деген мақаласында Айсұлу ханым Орал оқиғасы жайлы айта отырып, бұл әрекеттің тамырын тереңнен іздеп, оның артында сол кездегі кеңестік биліктің, Горбачевтың, Солженицынның, Петр Своик пен Водолазов сияқты адамдардың тұрғанын нақты атайды. Ішінде «Жерімізге көз алартып, жалмау мен жұтуды түбегейлі кәсібі мен мақсатына айналдырып алған аждаһа…», «Отқа түсетін де, пісетін де – көсеу» деген сөздер бар. Бұндай сөздер әдебиетшілерге кәдімгі метафора болып көрінуі мүмкін, бірақ, дұрыстап ойланып көрсек, жер дауына араласу, қоғам мен билік назарын аудару үшін аштық жариялау, шындықты ашық айту – бұлар жай азаматтық қадам емес, рухтың биіктігі. Біз осыны түсінгендіктен де Орал оқиғасын  желтоқсанның заңды жалғасы деп айтуға еш қысылмаймыз. Өйткені, бұның арты қантөгіске, адам шығынына ұласуы да мүмкін еді, мұның арты ұлттың тұтастығына қауіп төндіруі мүмкін еді, қалай десек те, сепаратизмге қарсы тап осындай ұлттық рефлекс болмағанда жағдай мүлдем басқаша болуы да мүмкін еді... 

«Орал қазақтарының «Манифестері» Горбачев сөзінің жыңғырығы ғана! Онда: Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен облыстарының бәрі орыстың ата қонысы есебінде Ресей қарамағына кіруі керек», - деп жазылған! Сондықтан қазақ халқының үлесінде қалатыны- Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстары ғана! Своик, Волков, Баев, Водолазовтар аяқтай жүріп, қаттастырған бұл құжат, яғни, «Манифест» 1990 жылы ел ішіне астыртын таратылды. Жергілікті ресми органдардың көмегімен қолыңызға тиген бұл құжатты республика жұртшылығына жеткізуді облыстық «Азат» қозғалысы мен «Қазақ тілі» қоғамы маған жүктеді. Мен оны «Қазақстан тәуелсіздігін талап ету» мақсатымен ресми түрде арнайы ұйымдастырылған Алматы қаласындағы он төрт күндік үлкен митингіде халыққа ашық жария еттім (1990 жыл, қазан, 10-25 күндері) Әрине, жоғарыдағыдай мазмұндағы «Манифестің» көшірмесі көкірегінде иманы бар қай-қай азаматты да бей-жай қалдырмады. Көтерілген мәселені дұрыс деп тауып, қолдай сөйлеген азаматтар әлгі құжатты табан астында көбейтіп, таратып әкетіп жатты. «Патшалық Ресейге қызмет еткен Орал казак әскери күшінің 400 жылдық тойы», – деп, құйтырқылана басталған сепаратистер әрекетін қанша шебер болса да, бір кісінің ұйымдастыруымен, ал қанша қарулы болса да, шағын бір топтың күшімен баса салу мүмкін емес еді. Қайсыбір кезде, күреске түспек тұрғай, оның көлеңкесіне жақындап көрмеген қайсібір «саяси шолушысымақтар» «Орал оқиғасын» Ақ жаулықпен тұншықтыра салғандай, лепіріседі Жоқ!!! Бұл – қате пікір!!! Атам заманынан бермен қарай, жерімізге көз алартып, жалмау мен жұтуды түбегейлі кәсібі мен мақсатына айналдырып алған аждаһа алдынан желбіретіп миллион жаулық алып шық, шұлғау құрлы көрмей, таптап өтеді!!! Иә, жиылған халықтың көңілі қабарып, ширыққан шағында, аптығын басып сабасына түсуіне, әуелі, үш күн бойы дүркін-дүркін оқылып тұрған құран мен топ алдына жайылған жаулықтың септігі тигені рас! Бірақ ол ата жолын ұстаған қазақтар үшін ғана! Яғни, солардың күрес үстінде артық қимылға кетіп қалмауы үшін Алланың әмірімен санаға келген ақыл – бұл! Ал, Орал оқиғасы  – ол ойын емес еді! Ол алдын-ала ойластырылған соғыс ойыны! Және де нағыз оспадарсыз ойын! Оспадарсыз ойыннан қашан да от шыққан! Біз, Орал оқиғасына қатысушылар, бұл қауіпті сезбедік емес, сездік! Бірақ, бізде басқа таңдау болмады! Не көну!!! Не өлу!!! Үш баланың тағдырын бір Аллаға тапсырып, қырыққа келген қатын, қатерге басымды байлау мен үшін оңайға түскен жоқ!!! Алайда, елге деген, жерге деген махаббат осыған мәжбүр етті!!! «Шәһид кетсек, соның өзі халыққа неше есе серпіліс береді» деп шын сендік!!! Дәл осы сезім Орал оқиғасына қатысқан жүрегі таза әрбір азаматтың көкірегінде тұрды! Мен бұған иманымдай сенемін! Біз бетке перде ілмедік!!! Ашық күрестік!!!», – депті Айсұлу Қадырбаева осы мақаласында. 

Айсұлу Қадырбаеваның: «Қырыққа келген қатын, үш баланың тағдырын бір Аллаға тапсырып, қатерге басымды байлау мен үшін оңайға түскен жоқ, шәһид кетсек, соның өзі халыққа неше есе серпіліс береді деп шын сендік» дегенінде образ жоқ, бірақ өмірдің шындығы, мінездің өршілдігі, ел үшін міндет арқалау бар.  

Сол кезде оқиға ортасында болғандар Айсұлу Қадырбаеваның елдің намысын жанып бір, бірақ, соңы қантөгіске ұласпасын деп екі –  шыр-пыры шығып шырылдап жүргенін көргендерін айтады. Әйел затының, ана бола тұра, күреске белсене араласуы  ерлік емес деп кім айтар! Бұл жердегі әйелдік, аналық бейне қорғансыз, әлсіз бейне емес, ел тағдырын өз жүрегімен қабылдайтын күрескер тұлға. Және бұл  құрғақ ұран емес, ішкі сенім мен махаббаттан туған әрекет. «Кейбір «шолушысымақтар» оқиғаны жұмсартып, «ақ жаулықпен шешілген» деп сипаттайды, – деп соған шамырқанатын автор мұндай пікірлердің қауіпті екенін, нағыз күрес оттың ортасында жүргендер арқылы ғана жүргізілгенін батыл мәлімдейді. Қадырбаева билік тарапынан қолдау таппаған сәттерді де жасырмайды. Ақынның одан кейінгі тағдыры қалай өрілгенін, жеке басына қандай қара бұлт үйірілгенін біз білмейміз, бірақ, біздің о баста қанқұйлы империялық саясатпен суарылған жүйе бұндай бастама көтере алатын, соңынан халықты ертіп кете алатын қайсар рухты адамдардан іш жиятыны анық.  

Мемлекетшілдік деген не? Алдымен тұтастық.  

Автор: «Жер тұтастығынсыз ұлт тұтастығы, ұлт тұтастығынсыз тіл тұтастығы болмайды», – дейді. Бұл – бүгінге де, ертеңге де қатысты логика. Сондықтан сол кездегі ақын Айсұлу Қадырбаеваның бұл әрекеті – ұлт тарихында айтылуға тиіс ерлік. «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда қақы бар» дегеннің мәні – ерте ме, кеш пе бұл оқиғаға да, оған қатысқан адамдарға да өз бағасы берілуі керек. Оқиғаның басталуы мен аяқталуына бажайлап көрсек, сол кездегі қазақ елінің ішкі ұйымшылдығы, парасатты сабырлығы мен рухани тәрбиеге сүйенген ұлтшылдығы үлкен рөл ойнағаны көрінеді.

 

«Шіріген жұмыртқа» депті

 

Казактар Ресейге қызмет еткеніне 400 жыл толуын тойламақшы болып, одан әрі билеп-төстеп кете жаздаған сол шақта алаңда болып, бірнеше күн бойы аштық жариялап, қазақтың рухын көрсеткендердің бірі жазушы, журналист Мұнайдар Балмолда ағамыз ілгеріде бізге берген сұхбатында  осы оқиғаға әділ бағасы берілмей келе жатқанын қынжыла айтқан еді. Жазушының айтуынша, тарих оқулықтарында Орал оқиғасы жайында мағлұмат жоқ. О бастан бұл оқиғаға көзқарас дұрыс болмаған. 

«Елімізге отыз жыл ұрдажық өпірем билік жүргізген, о баста таққа жалған жолмен келген Нұрсұлтан Назарбаев сайлау алдында Оралға келген сапарында: «Оралда болған текетіреске нендей баға бересіз?» деген сұраққа: «Орал оқиғасы – шіріген бір жұмыртқа. Оны сөз етуге келмейді», – деді. Міне, өзі сол 1991 жылдың ызғарлы қыркүйегінде Қарабақта әзербайжан мен армияндардың арасына татулық орнатам деп, бітімгершіл мақсатта жүрген болды. Ал өзі басқарып отырған елдің батысын жау бөліп алып, казачествоның автономиясын құрғалы тырысып жатты. Қазақ халқы егемен елдің батыс аймағын қарумен жасанып келген дұшпаннан жалаң қол, жалаңаш жүрекпен қорғап қалды! Бірақ бұл Назарбаевқа «шіріген жұмыртқа» болыпты! Осы себептен әлі күнге саяси бағасы берілмей келеді. Желтоқсан, Жаңаөзен, Қыркүйек, Қаңтар деген атаулар қазақ тарихының ақтаңдағы. Біршама айтылған, жазылған. Алайда осы оқиғалардың біреуінде Назарбаевтың атына қатысты нашар пікір, сөз жоқ. Неге? Ол Оралға келгенде оған казактар сый-сияпат жасап, өздерінің «құрметті атаманы» етіп сайлап та алғаны бар. Назарбаев қазақ ұлтын тұқыртудың нағыз шебері болды. Мен бұндай сөзді бүгін емес, бұдан бұрын, ол тақта отырғаннан бері айтып келемін. Иә, ілгеріде бояуы сәл өңсіз болған болар, оны мойындаймын, бірақ уақыт өте келе көп нәрсеге көзіміз жетіп жатыр, енді ашығын айтпасақ, қашан айтамыз? Сондықтан мен Орал оқиғасы қақында деректі телефильм дайындадым, пьеса жаздым, өлеңдер топтамасы бар, мақала мен әдеби әңгімемізді ақыры «Азу» атты төрт томдық романда қаузадық. Бірақ мұның бәрі аз, аздық етеді. Марқұм Орынбай Жәкібаев аға, ақтөбелік дәрігер Нұрлыбай Қошаманұлы бірнеше кітап жазды. Аракідік тілшілер сюжет түсіріп, эфирден таратады», – деген еді Мұнайдар Балмолда. 

 

«Барып қайт, балам, ауылға!»

 

Біз Айсұлу ақынды «Барып қайт, балам, ауылға туған барып қайт!» атты өлеңнің авторы ретінде таныдық. Елге деген сағыныш, ішкі мұңы мен аманаты да қоса өрілген, ұлттық болмыстың поэтикалық үні сияқты өлең ән арқылы да асқақтап тұр. Әнді шығарған Темірәлі Бақтыгереевтің аса сезімталдығынан да ән тыңдаушыға жеткен. Ақынның өз баласымен ғана емес, бүкіл ұрпақпен сөйлесіп тұрғандағы ішкі дірілі, жанымен оқыған дұғасы іспетті поэтикалық күшейткіш ырғағы мен қайталауын  композитор тап басқан (тағдыр жолы қиын, көлік апатынан мүгедек болып, ұзақ жыл төсек тартып, бертінде қайтыс болған композитордың биыл туғанына 75 жыл, тасада қалған талантты еске алып, концерт берген Казталов ауданы екен, басқалай еске алып жатқанды байқамадық). Әннің драматургиясын жеткізіп орындаған Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберлігі бөлек әңгіме. ол орындағанда «Бары-ы-п қайт, бары-ы-ып қайт, бары-ы-ып қайт, балам, ауылға туған, барып қайт» деп созған үннің өз бойыңда да ұзақ уақыт жаңғырып тұрарын сезер едің. 

«Шомыла барсаң, 

байқарсың күміс көліңе, –

 іздерім жатқан секілді менің жағада» – деп ақын алыста жүрсе де, сол туған жерімен, күміс көлімен бірге, біртұтас рухани құрылымда көрінеді. Және тағзым бар. 

«Өр болып келед біз жақтың азаматтары...»

«Біз жақтың қызы ибалы келед, құлыным!» немесе:

 «Атай мен марқұм

Әжеңнің сонда бейіті,

Соға кел қалқам, –

«Елемей кетті-ау демесін. 

Қайдан да білдің, 

Сипаса самал маңдайдан, 

солардың жұмсақ 

алақандары емесін!» 

...бұл  рухпен сөйлесу, баба алдындағы іштей тәубе.

Бұл ән неге жүректі тербейді? Себебі, бәрі мәтінде жатыр, табиғат пен адам, ана мен ұрпақ, тарих пен болашақ, рух, салт пен сана тұтасқан. Өмір тек таңертең жұмысқа барып, кеште қайтудан, жексенбіде қонақ шақырып, қонаққа барудан, фейсбукте пікір жазудан тұрмайды, өмір бітпейтін ойын-күлкі емес. Өмір – біз кімбіз, неге татимыз дегенге жауап іздеу, ішкі тәрбие, кезі келгенде ата-баба рухымен байланыс. 

«Тұз құйылып жүректің жарасына...»

«Шың-құз» атты кітабын оқыдық дедік. Ақынның шығармашылық жолы нәзік лиризмнен басталып, кейін қоғамдық ой мен тарихи сананы оятуға бағытталған биік рухты поэзияға ұласқан. 

Керіліп жатқан кең байтақ,

Көрдің бе мына өлкеңнің

Тағдыры бүгін талқыда,

Жағдайы жұмбақ ертеңнің.

Жиюға келмей етегі,

Далиып жатқан мекенің.

Қуырылып барад, білмеймін,

Шын себеп бұған не екенін.

Ерсіл де қарсыл, әйтеуір,

 сабылып жүрген бір халық.

Бастары қатып есінен, 

жаңылып жүрген бір халық.

Қорыс қып қазып тапқанын,

Толассыз тасып отарба,

Әкетіп жатыр шетелге,

Айналдық нағыз отарға...

Ақынның ішкі күйі сондай. Әр жолынан үнсіз налу, таусылған төзім, анық мақсатсыздық сезіледі. Еліне деген жанашырлықтан туған қайғы бар. Сырттай бай, кең көрінген даланың ішінде ұлы құлдырау жатқанын дәл сезіп отыр. Осы ішкі қайшылықты ашық айтуымен өлең қазіргі қазақ қоғамының айнасы сияқты. Тек бұл өлең емес, басқа өлеңдерінде де кешегі саяси күрескер, биыл 75 жасқа келетін ақынның  – тамырынан ажырамаған ұлтты аңсау сарыны бар. Ол тамыр – ана, ауыл, жер, тіл, рух, Тәңір. Айсұлу Қадырбаеваның бүкіл поэтикалық кеңістігі осы алтын бесікке айналған ұғымдардың арасында дамып отырады.

 

«Кім бар жеткен дүниенің баянына...»

 

Жай оқырман ретінде байқағанымызды айтсақ, кітапты оқып отырып, ақынның өмірінің үш кезеңін танығандай болдық. 1979 жылы жазылған «Ақ мамада»  балалықтың мөлдір мұңы мен аналық махаббаттың киесі бар, одан кейін 1997 жылы жазылған «Шыңғыс хан», «Бабыр» мүлдем басқа сипатта көрінеді. Бұл трансформацияны – тек жеке адамның дінге бет бұруы емес, еркіндік алған ұлттың енді рухани тірек іздеу процесі деп бағалауға әбден болады. «Шың-құздағы» 109 беттегі «Шыбындай жаным шырқырап немесе жандауыс» деген толғауда ақынның «тұз құйылған жүректің жарасына» күйі анық. Ал «Бабалар ізімен» атты бөлімдегі «Шыңғыс хан» дастаны, «Бабырым кім менің» тарихи танымдық толғауы мен «Иманға, жүгін, ей, пенде» деп аталатын бөлім аралығындағы ақынның күрескерліктен дінге жүрегін ашқанға дейінгі жолы – ішкі эволюция ма, ұлттық сана серпілісі ме? Өйткені кейінгі кезеңде оның поэзиясы Алла мен Тәңір, рух пен иман, шындық пен әділет ұғымдарын өзек еткен екен. 

 Шынымызды айтсақ, қазақ руханияты мен азаматтық күрес тарихының бір парағы деуге болатын тұлға Айсұлу Қадырбаеваның 1990-1994 жылдар аралығында азаматтық «Азат» қозғалысы қатарында жүріп атқарған қоғамдық қызметі мен кейінгі жылдардағы діни-философиялық көзқарастары арасындағы байланыс – күрделі көрінгені рас өзіме. Бұл – бір адамның ғана ішкі эволюциясы емес, тұтастай қазақ қоғамының тәуелсіздік алғаннан кейінгі рухани жол іздеуінің көрінісі деп қарауға да болады, сондықтан Айсұлу Қадырбаеваның ақындық және қайраткерлік жолына, сондай-ақ Шыңғыс хан бейнесін жаңаша пайымдауына байланысты ойланып көрдік. 

Айтпақшы, біз бұл мақаланы мерейтойлық мақсатта жазуды емес, ақынның қайраткерлік бейнесіне қайта мән беріп, жаңа оқырманға таныстырғымыз келді. Әділетіміз ішімізде болғандықтан, кейбір сұрақтарымызды да іркіп қала алмадық. Табиғатынан еркін рухтың иесі Айсұлу ханым бұнымызды қабылдар деген ойдамыз. 

 Сұрақтың бір парасы мынау – Шыңғыс ханды әулие, әділет әкесі ретінде көру – тарихи тұрғыдан ақтауға тұрарлық па? Бұл өзі қашаннан жалғасып келе жатқан тақырып, біздің ғұмыр осы тақырыпты талқыламаса да сырттай тамашалаумен өтіп келе жатыр, бірақ, қанша қазақ осы тақырыпты ерекше тәуір көрсе де, шын зерттеуге, оның нәтижесіне жете қоймадық. Бұл келешек зерттейтін тақырып.  Айсұлу Қадырбаеваның «Шыңғыс» атты дастанында Шыңғыс ханды аруақты, әділеттілікті орнатушы, имандылықты уағыздаушы тұлға ретінде сомдауы – қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, бірақ әлі толық орнықпаған ұстаным. Бұл жерде үш мәселе қатар тұрады: Шыңғыс хан – жаулаушы ма, әлде әділет орнатушы ма, қазаққа жат па, жоқ, жақын ба, және тәңірлік пен ислам – қайшылықты ма, өзара сабақтас па? 

 Дастанда Айсұлу Қадырбаева осы үш сұраққа да жауап беруге тырысатынын байқадық. Ол Шыңғыс ханды – жер бетіне әділет әкелуге келген әулие, қазақы рухты көтерген көкбөрі ұрпағы, тәңірі мен исламның алтын көпірінде тұрған рухани реформатор ретінде көрсетеді.

Енді қараңыз, әдебиеттің бір жақсы жері – ол бәрібір де ойды көп шектемейді, бұл позицияда тарихи дәлелдер мен поэтикалық интуиция қатар тоғысады. Мысалы, ақынның: «Тәңірім өзі жар болсын» деген тіркесті Шыңғыстың қазақылығына дәлел етуі – нақты дәйек ретінде қарастырылмаса да, ұлттық рухқа жақындату тәсілі ретінде көркемдік тұрғыдан әсерлі екенін өзіңіз де байқар едіңіз. 

Осы фейсбук бетінде бұл тақырыптың шеті мен шегі болмай, бір дәлел бір дәйекті тудырып жатады, бірақ, оның бір тоқтайтын, байырқалайтын да тұсы бола бермейді, жалпы біз мәдениетті түрде пікір таластыру дегенге жете алмай келеміз. Ал Айсұлу Қадырбаева Шыңғыс ханның қазіргі моңғолдармен тарихи және рухани сабақтастығын терістеп, оны исламданған түркі-моңғол ұрпақтарына телиді. Бұл пікір тарихшылар арасында дау туғызатын, алайда саяси-мәдени мәні бар ұстаным. Шын мәнінде, Шыңғыс хан құрған империяның мұрагерлері ислам дінін қабылдап, мұсылман мемлекеттерін басқарды. Мәмлүк сұлтандары, Темір әулеті, Бабыр әулеті, тіпті Алтын Орда билеушілері – бәрі де ислам өркениетін дамытты. Ал қазіргі Моңғолия – кешегі коммунистік, бүгінгі буддалық мемлекет және олардың Шыңғыс ханнан бергі рухани мұрагерлігі мәдени байланыстан гөрі саяси символизмге ұқсайды. Ал Айсұлу ханым көтеріп отырған ең өзекті ой – тәңірлік пен ислам арасындағы қарама-қайшылықты қолдан жасауға болмайтындығы. Расында, қазақ қоғамында бұл екі рухани жүйе бір-біріне қарсы емес, бірін-бірі толықтырғаны айдан анық. Ислам қазақ даласына бейбіт миссионерлік жолмен келген дейміз де, қазақтың ішкі дүниетанымында Тәңір – ең жоғарғы Жаратушы екенін жоққа шығармаймыз, Алла («...деген сөз жеңіл») болса – сол Тәңірдің жалқы есімі ретінде қабылданған. Осы тұрғыдан алғанда, Шыңғыс ханның Тәңірге жалбарынуы – мұсылманшылыққа дейінгі монотеистік сенімнің көрінісі. Бұл сенім – бүгінгі қазақ санасында әлі де сақталған. Ақын шығармашылығындағы ислам мен тәңірлік түсініктің үйлесімі де өзекті тақырып. Ол екеуін қарсы қоймайды, қайта, бірін-бірі толықтыратын ұғымдар ретінде түсінеді. «О, Тәңірім» деген халықтың сөздік жадысын бүгінгі «Алла жар болсын» деген ислами формуламен қатар қоя отырып, руханияттың ішкі үндестігін дәлелдейді. Осы арқылы Айсұлу Қадырбаева тек діни емес, «қазақ кім еді, енді кім болып бара жатыр?» деп терең антропологиялық және философиялық мәселені қозғайды.

 Дастандағы Айсұлу Қадырбаева көтеріп отырған мәселелер біржақты пікірге сыймайтын, күрделі әрі көпқабатты тақырыптар. Бірақ оның ұлттық сана тұрғысынан Шыңғыс ханды ақтауы, оны имандылыққа, әділетке қызмет еткен тұлға ретінде көрсетуі – қазақ әдебиеті мен руханияты үшін жаңа көзқарасқа жол ашатын қадам.

Өз басым «Қазақстан тарихы» порталында жұмыс істеген кезде көп қазақ үшін, оның ішінде тарихшылар үшін Шыңғыс хан тақырыбы мәңгілік тақырып екеніне көзім жеткендей, тіпті осы тақырыптан жалығатын едім. «Шыңғыс хан қазақ болмаса не болыпты?» деп айтқың келеді кейде. Бірақ, ішіңнен түсінесің, Шыңғыс ханды қазақтан шығаруға тырысу – тарихи дәлдікке емес, ұлттық рухани мұқтаждыққа негізделген әрекет ау деп ойлайсың. Қазақтың өз ішінде рухани тұғыр іздеуі, көшбасшы образына зәрулігі, дәл осы қоғамда тұтқа боларлық тұлға таба алмауы осылай тарихи бейнелерді жаңаша қабылдауына алып келіп отыр. 

Сондай-ақ, Айсұлу ханымның:

 «Ел намысын қорғарға Ер Тарғындай

 бір ұл тауып беруге жарамай ма?» деген жанайқайынан терең қоғамдық күйзеліс, елдің бүгінгі тағдырына алаңдаушылық байқалады. Ақынның мұраты – айту! Оның сөзіндегі пафос – жалған лепірме емес, іштен шыққан шын дауыс. Бұл дауыста ұлттың бүгінгіге айтқан аманаты бар. 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар