Біз отарланып кеттік

Біз тарихымызды, тілімізді, мәдениетімізді, туған жерімізді қорғаймыз деп дауырығып жүргенде, санамыздағы ең қымбат құндылықтарды бөтен елдердің алгоритмдері әлдеқашан жойып, орнына өз кодтарын орнатып қойған болуы мүмкін.

97

Біз отарланып кеттік - adebiportal.kz

Қабырғада тұрған әлем картасына немесе еліңнің шекарасына бір сәт мұқият қарашы...

Жеріміз, тау-тасымыз, өзен-көліміз орнында. 

Шекарамызда тұрған сарбаздарымыз тәуелсіздігімізді қорғап тұрғандай көрінеді.

Біз жерімізді тұтас сақтап қалдық деп мақтанамыз. Алайда бұл – қазіргі заманның ең аңғал адасуларының бірі.

Дәл қазір біздің көзімізден тыс жерде адамзат тарихындағы ең қатыгез басқыншылықтың бірі әлдеқашан басталып кетті. 

Біз бұл соғыста жеңіліп те қойғанбыз. 

Жауларымыз бірде-бір оқ атқан жоқ, шекарамыздан да аттап өткен жоқ. 

Өйткені олар физикалық аумаққа емес, адамзаттың ең қымбат әрі соңғы қорғаны болған «САНАҒА» шабуыл жасады.

Біз өз жерімізде өмір сүріп жатқандай көрінгенімізбен, миымыз әлдеқашан отарланып, «Екінші симуляцияның» тереңіне қамалып, бөтен державалардың серверлерін қоректендіретін тірі батареяға айналып барамыз.

СИМУЛЯЦИЯ ІШІНДЕГІ СИМУЛЯЦИЯ: БІЗДІҢ ЕРІКТІ ТҮРДЕГІ ТҮРМЕМІЗ

Соңғы жылдары кванттық физиктер мен технологиялық миллиардерлер: «Біз өмір сүріп жатқан Ғалам дегеніміз аса дамыған өркениет жасаған Матрица немесе симуляция болуы мүмкін» деген пікірді талқылап жүр.

Алайда біз аспанға телміріп, Құдайдың жазған кодын іздеп жүргенде, көз алдымызда бұдан әлдеқайда қорқынышты құбылыс болып жатқанын байқамай қалдық.

Біз бұл әлемнің симуляция екенін дәлелдеуді күтпестен-ақ, өз қолымызбен Екінші симуляцияны жасап, оған миымызды ерікті түрде жалғап қойдық.

Жаратушы бізге қарап күліп отырған шығар...

«Мен бұларға тауы мен суы, жұлдыздары мен ғаламы бар тұтас әлемді жаратып берсем, бұлар өз еркімен алты дюймдік кішкентай жарқыраған экранға үңіліп, миын соған қамап қойыпты ғой» деп...

Қалтаңдағы смартфон – жай ғана құрылғы емес.

Ол деген жүйке жүйеңмен тікелей байланысқан «цифрлық шприц».

Ол сенің санаңды шынайы өмірден сорып алып, симуляцияға құйып жатқан қара құрдым іспетті.

Біз өз жерімізде өмір сүріп жатқандай болғанымызбен, күніміздің жартысын алгоритмдер құрастырған жалған өлшемде өткізіп жүрміз.

САНАНЫ ОТАРЛАУ ЖӘНЕ ГАЗЛАЙТИНГ

Өткен ғасырларда империялар өзге халықтардың жеріне ту тігіп, адамдарын құлдыққа салатын.

Ал XXI ғасырдың цифрлық империялары сенің «назарың» мен «эмоцияңды» өндіріп, пайдаға жаратып отыр.

Сенің бүгін Қазақ даласында немесе Американың зәулім ғимаратында отырғаның олар үшін маңызды емес. Роботтар мен жасанды интеллект көптеген жұмысты алмастыра бастаған заманда оларға біздің бос жатқан жеріміз де, маңдай терімізді төгіп істейтін физикалық еңбегіміз де бұрынғыдай қажет емес. Қазіргі заманғы басқыншылық пен құлдық тек адамның миында жүзеге асып жатыр.

Алгоритмдік симуляцияның ішінде сен өз пікіріңді ашық білдіріп, біреуді жек көріп немесе әлдебір нәрсеге құмартып жүргенде, мұның бәрін «өзімнің жеке ойым» деп қабылдайсың.

Алайда бұл «алгоритмдік газлайтинг» деп аталатын мінсіз манипуляция.

Сенің бұрынғы іздеу тарихыңды, тіпті түнде ұйықтамай телефонды қаншалықты жылдам ақтарып отырғаныңды да талдайтын жасанды интеллект сенің қай кезде ең осал, ашушаң болатыныңды есептеп, дәл сол сәтте сені арандататын ақпаратты ұсынады.

Сенің ашуың, жеккөрушілігің, қорқынышың бәрі өзіңе ғана тиесілі емес. 

Сен ақпараттық соғыс алаңындағы олжаға айналып, миың Кремний алқабы инженерлері жазған алгоритмдерге сәйкес жұмыс істеп жатыр. 

Адамның танымы мен дүниетанымы тәуелсіздіктің ең соңғы қорғаны болуы керек еді.

Бірақ біз сол қорғанымызды «дофамин» мен «лайкқа» айырбастап жібердік.

БІЗ МАТРИЦАНЫҢ «БАТАРЕЯСЫМЫЗ»

«Матрица» фильмінде машиналар адамдардың санасын жалған түске енгізіп, ал олардың физикалық денесінен электр энергиясын сорып алып өмір сүретіні көрсетіледі.

Біз мұны жай ғана ғылыми-фантастикалық фильм деп ойлайтынбыз. Ал бүгін бұл біздің күнделікті өміріміздің деректі көрінісіне айналып бара жатқандай.

Дәл қазір интернет әлемінде, әлеуметтік желілерде болып жатқан барлық дау-дамай, ұрыс-керіс пен ойын-сауықтың бір мақсаты бар: сені сол симуляцияның ішінде мүмкіндігінше ұзақ ұстау.

Экраннан көзіңді алмай отырған сайын, көзге көрінбейтін империялардың серверлеріне «дерек» атты алтын ағып жатыр.

Біз тұтынушы ғана емеспіз. 

Біз жасанды интеллект атты алып құбыжықты үйретіп, қоректендіріп отырған «тірі батареямыз».

Жерін жоғалтқан адам құлға айналғанын түсінеді де, күресуге кіріседі.

Ал санасы отарланып, симуляцияға қамалған адам өзін «еркінмін» деп ойлағандықтан, ешқашан күреспейді.

Бұл – құлдықтың ең мінсіз түрі.

***

Біз тарихымызды, тілімізді, мәдениетімізді, туған жерімізді қорғаймыз деп дауырығып жүргенде, санамыздағы ең қымбат құндылықтарды бөтен елдердің алгоритмдері әлдеқашан жойып, орнына өз кодтарын орнатып қойған болуы мүмкін.

Картадағы шекарамыздың қорғалғанынан не пайда? 

Егер сол шекараның ішінде өмір сүріп жатқан адамдардың миы мен санасы сыртқы кодтардың басқаруында, симуляцияның тереңінде ұйықтап жатса, онда ол мемлекет рухани тұрғыдан әлдеқашан әлсіреген деген сөз.

Мұның ең қорқынышты әрі өкінішті тұсы – осы құлдықтың есігін өзіміз айқара ашып бергеніміз.

Бүгінде біздің мемлекеттік қызметкерлеріміз бен шешім қабылдаушыларымыз ел тағдырын айқындайтын мемлекеттік құпиялар мен аса маңызды ақпараттарды Viber, WhatsApp, WeChat сияқты шетелдік қарапайым мессенджерлер арқылы талқылап, ұлттық қауіпсіздігімізді өз қолдарымен бөтен серверлердің алақанына салып беріп отыр.

Мұнымен де шектелмейміз. 

Біздің ең құнды әрі жеке мәліметтеріміз болушы банк операцияларының тарихы, саусақ іздері, бет-әлпетті тану деректері, тіпті денсаулығымыз туралы мәліметтер, ауру диагноздары мен генетикалық кодтарымызға дейін шетелдік бұлттық серверлерде сақталып жатыр.

Біздің саяси сайлауымыздың нәтижесін, қоғамдағы жіктелуді, кімнің билікке келетінін қазақ халқы емес, Facebook ақпарат ағынын реттейтін алгоритмдер шешіп отыр.

Біз тәнімізбен Қазақ елінде өмір сүріп жатқанымызбен, санамыз, деректеріміз бен жеке құпияларымыз әлдеқашан шекара асып, отарланып кеткен.

Ендеше, енді не істеу керек? Бұдан шығатын жол бар ма?

Жерін жоғалтқан халық оны қайтару үшін күресетіні сияқты, біз де цифрлық тәуелсіздігіміз үшін «Жаңа тәуелсіздік күресін» бастайтын уақытқа жеттік.

1. Ақпараттық тәуелсіздік

Ең алғашқы қадамымыз өз ақпаратымызды, соның ішінде мемлекеттік құпияларды және азаматтарымыздың денсаулығы мен қаржысына қатысты аса құпия деректерін тек өз еліміздің аумағындағы серверлерде сақтау қажеттілігі.

Деректер орталықтары мен мәліметтер базасы деген бүгінгі заманның ең маңызды шекараларының бірі.

2. Ұлттық әлеуметтік желі жүйесі

Біз шетелдік алгоритмдердің дофамин қуған, ашу-ызаға негізделген цифрлық тәуелділігінен арылу үшін өзіміздің ұлттық дүниетанымыз бен құндылықтарымызға негізделген «Ұлттық әлеуметтік платформа мен цифрлық экожүйені» қалыптастыруымыз керек.

Біздің рухани ортамыз өзгенікі емес, өзіміздікі болуы тиіс.

3. Цифрлық сауаттылықтың «Жаңа мәдени жорығы»

Өткен ғасырда халқымызды сауаттандыру, мақсатында бүкіл ел бойынша әртүрлі «Мәдени жорық» ұйымдастырып, халықтың тұрмысын жақсартуға күш салдық.

Ал бүгін бізге цифрлық қауіпсіздік сауаттылығын қалыптастыратын «Жаңа мәдени жорық» ауадай қажет.

Әрбір азамат жеке деректерін қалай қорғауды, құпиясөздерін қалай қауіпсіз сақтауды, алгоритмдердің жасанды газлайтинг манипуляцияларын қалай танып, ажыратуды үйренуі керек.

Бұл бүгінгі заманғы отансүйгіштіктің ең маңызды өлшемдерінің бірі. Осы мақаланы оқып болып, телефоныңды құлыптаған сәтте сен шынайы өмірге бір секундқа болса да ораласың.

Терең тыныс аласың.

Бірақ қанша уақыт шыдай аласың?

Миың қайтадан сол симуляцияға тартылып, «Жаңа хабарлама келді ме екен?» деген дофаминге деген құштарлыққа бой алдырады. Сөйтіп, батареяңның сымын өз қолыңмен қайта жалғауыңа бірнеше минут қана қажет болады.

Біз отарланып кеттік.

Енді жалғыз ғана сұрақ қалды: осы түстен оянып, цифрлық түрмеден «Log Out» жасауға батылың жете ме?

Өзіңнің және ұлтыңның танымдық еркіндігін қайтару жолындағы жаңғыруды дәл қазір өзіңнен бастай аласың ба?

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan