Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СӨЗ ДАУЫСЫ
/
Елін сүйген Ер Шаханов!...

Елін сүйген Ер Шаханов!

20.04.2026

259

Елін сүйген Ер Шаханов! - adebiportal.kz

Мұхтар Шаханов деген есім-сой саналы қазаққа етене таныс. Ол – нағыз халықтың ұлы еді. Иә, өмірден Ер Шаханұлы өтті. Күркіреп өлең оқып, қос қолын сермеп тұрушы еді! Енді, соның бәрі естелікке айналды. Өткен шақ... Ұлы бәйтеректің құлауы бір дәуірдің тәмамдалуы сияқты... 

Қаһарман қазақтың өмірден өтуі –  жай ғана бір адамның қазасы емес, күреске толы қайсар дәуірдің, «ұлтым!»  деген позицияның үзілуі. Жалпы біз көбіне қай тұлғаны болсын екіге бөліп қарауға әуеспіз: ақын ретінде және қайраткер ретінде. Ал шын мәнінде Шахановты бөлу мүмкін емес еді – оның поэзиясы да, қоғамдық әрекеті де бір ғана өзекке, ұлттық намысқа байланған тұтас құбылыс болатын.

Шаханов – советтік кезеңнің соңғы буынында ұлттық сөзді қайтадан мінберге шығарған ақындардың бірігейі. Ол поэзияны эстетикалық әдеби шығармашылық ойын ретінде емес, моральдық трибунаға айналдыруды мақсұт тұтқан. Оның өлеңінде тек сезім емес, айыптау бар; тек мөлдір лирика емес, қасқайған талап бар. Бұл – бүгінгі әдеби орта жиі ұмытып бара жатқан ұлттық миссия. Қазір ақындар – көбіне жеке күйдің жыршысы болуға ұмтылса, ал Шаханов – қоғамдық ардың жыршысы еді. Бірақ мәселе тек поэзиясында емес.

Ол – қайраткер еді! Бірақ бүгінгі өлшеммен қарасақ, «қайраткер» ұғымы да арзандап кеткен. Қайраткерлік дегеніміз – кабинетте отырып мәлімдеме жасау емес, ұлт жолында тәуекел қылу. Шаханов Желтоқсан мәселесінде, тіл мәселесінде, ұлттық құндылықтар төңірегінде үнемі ашық позиция ұстанды. Басын бұғып, жалтарып қалған кезі жоқ. Оның батылдығы кейде біреуге ұнамады, кейде біреуге артықтау көрінді. Бірақ дәл сол «артық» көрінген мінез –  ұлттың тірі екенін дәлелдейтін белгі еді. 

Бізде бір қате түсінік бар: ұлттық идентификация тек «таза тілде сөйлеумен» өлшенеді деген. Бұл – қауіпті қарапайымдандыру. Шаханов осы түсінікті өз болмысымен жоққа шығарған тұлға. Ол орысша сөйлегенде қазақша акценті анық естілетін. Кейбіреулер үшін бұл – зор кемшілік еді. Ал шын мәнінде отарлық заманда езілмеген ұлттың сөзі, мәнері солай шығуы керек еді. Бұл – адамның өз тамырын жоғалтпағанының белгісі. Акцент – тек фонетикалық құбылыс қана емес, ол – мәдени код. Ол – сен қай тілде сөйлесең де, қай кеңістікте жүрсең де, өзіңнің кім екеніңді ұмытпаудың дыбыстық формасы. Қазір біз «жаһандану» деп, «әмбебап болу» деп өзіміздің дыбыстық ерекшелігімізден, сөйлеу мәнерімізден, тіпті ұлттық ойлау тәсілімізден қашып барамыз. Акценттен ұялу – өзіңнен ұялу. Ал Ер Шаханов ұялмады. Ол орысша сөйлесе де, қазақ болып сөйледі. Міне, енді сол әдемі әуезді қайтып ести алмайтыныңа наласың... 

Бізде қазір мемлекеттік тіл бар, бірақ ұлттық үн жоқ. Бізде жасын ойнатар сөз бар, бірақ позициялық салмағы  жоқ. Бізде әдебиет бар, бірақ ар жоқ. Ал Шаханов сол үшеуін біріктіре алған сирек тұлғалардың бірі еді ғой, шіркін!  Сондықтан да оның өмірден озуы – жай ғана физикалық жоғалту емес, символдық вакуум. Енді жыласаң да, боздап, сықтасаң да Шаханұлы рақметтік дүниеге көшін бұрды. Иманы саламатты болғай! 

Енді өр тұлғалы Мұхтар Шаханұлының қайшы салдырмас, балталауға келмес шымыр ұйқасты асқақ поэзиясы, таспаланған қайсар келбеті, «шындық» деп шырылдаған сәттері... бәрі-бәрі естелік. Мәңгілік естелік! Жанға – жұбаныш, көңілге – медеу. Тірісінде-ақ «тіл сақшысы» атанып, М.Горбочев бастағаған советтік номенклатураға қарсы айбат шеккен Ер Мұхтар Шаханұлының екінші мәңгілік ғұмыры басталды... 

 

P.S.: Біз, «Әдебиет» порталы арқылы, намыс нажағайының мұқым оқырманыма қайғырып көңіл айтамыз. Алдаспан Ердің рухы шат болсын! Шалқар аруағы мына тамам елін, сормаңдай тілін қорғап, қоршап жүргей! 

Әзиз оқырман!

Мұхтар мұзбұлақтың өлеңдерін, кітабын төменде көрсетілген сілтемелер арқылы оқи аласыздар. 

https://adebiportal.kz/kz/100kitap/muhtar-shahanov-tanakoz 

https://adebiportal.kz/kz/books/view/gasyqtyq-galamaty__599 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan