Ғалымның дара жолы

Мақала әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Қайсақызы Мәдібаеваның 75 жылдық мерейтойына орай жарияланып отыр.

166

Ғалымның дара жолы - adebiportal.kz

Қай дәуірде де зерттеушілердің назарында болған Шортанбай Қанайұлы шығармашылығы заман ағымына сәйкес біресе аспандатып, біресе жақынын жардан итергендей құрдымға құлдилатқан күрделі үдерістен өтті. Әйтсе де әр ғасырдың саяси мінберінен айтылған, әртүрлі қысыммен жеткізілген әр түрлі ғалымның тоқтамы мен тұжырымы Шортанбай шерін шегіне жеткізе тарқатпай, өзінің нысаналы кезеңін күтіп жатқандай әсер қалдыратын. Алдыңғы буын Мұхтар Әуезовтен бастап, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Қажым Жұмалиев, бертін келе Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов зерттеулері ақын есімін ұмыттырмай, ел жадында жаңғыртып келді. 

2018 жылы Шортанбай Қанайұлының (1818-1881) туғанына 200 жылдығын атап өту кезінде, ақын сүйегі жатқан Қарағанды облысы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда үлкен іс-шаралардың басы-қасында болғанымды сағынышпен еске аламын. Жазушы Кәмел Жүністегі бастаған топ Шортанбай шығармашылығына қатысты ғылыми ізденістер сарапталып, жинағын қайта бастырып, «Зар заман жыршысы» атты деректі фильм түсірді. 

Осы тұста әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанипаш Мәдібаеваның 1995 жылы қорғаған «Зар Заман ағымы және Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы» атты тақырыптағы кандидаттық диссертациясы әдебиеттегі және шортанбайтанудағы елеулі жаңалық, қазақ ғылымына жолашар қадам ретінде зор құрметпен айтылып жатты. 

Ұлттық руханиятқа қазақы көзбен қарай бастаған елдің егемендік алған тұсындағы бұл зерттеудің маңыздылығы сол, Шортанбай шығармашылығын екі ғасырдың тоғысында жаңа ғылыми арнаға бастаған тәуелсіз қадамының тұсауын кесіп, жаңа көзқарас қалыптастыруға сеп болды. Араға жылдар салып, ғалым апайымыз Шортанбай мұрасына қайта-қайта оралып отырды, ізденісін тоқтатпады. 

2013 жылы Қанипаш Мәдібайдың құрастыруымен «Ана тілі» баспасынан «Шортанбай Қанайұлы шығармалары» атты кітап жарық көрді. Жинақта ақын мұрасынан басқа сынды көрнекті ғалымдардың мақалаларды топтастырған.

Егер әңгімені әріден бастасақ, шортанбайтануда Мұхтар Әуезовке тірелетініміз анық. Ұлы жазушының мына хатында айтылған: «Шортанбайдың тек-төркінін ашу керек. Бұл жәй әр заманда, әр елде болған діншіл пессимизм, мистика, ақырзаман мотиві арқасында туған. Осының Орта Азия мен жалпы Россия мұсылмандары арасындағы түбі-тегі, Қожахмет Йассауидің «Диуани хикметіне» барады. Қырғызда Молда-Қылыш шығармаларында «Зар заман», «Тар заман» «Кер заман» деген сияқты сарындар туған. XVI ғасырда Орта Азияда Софы-Аллаяр сияқты талай мистик, пессимистер шыққан. Осының аяғы Қазақстанда 1916 жылғы Албан-Асан шығармаларына шейін жетіп, өзінің әсерін тигізеді. Абай сол софылық сарынындағы ишандарға қарсы, өзінің «Ғақлият-Тасдиқат» деген «38-сөзінде», аса қатты сын айтады. Оларды «ахлітари-хат» деп, мистикалық жағынан шенейді. Йассауи Шортанбайлардың түп сарыны, кейде сол «түркі дүния» нанымына ауысады. Осы жайларды көп таратпаса да, аша сөйлеу қажет» деп жазғаны осыған дейін айта алмай келген мәселенің ұштығын шығарады» деген екен. 

Ғұлама ғалымның жаңа туған сәбиге ит көйлегін теріс кигізгендей ойын айналдырып айтып, шындығын бүркемелегенімен ақын шығармашылығының әлі де терең үңілуді қажет ететін тұңғиығын меңзегенін түсінуге болады. 

Мұндай міндетті ғалым Қанипаш Мәдібаева да жақсы түсінді. «Дәл қазір Шортанбай төңірегінде тарам-тарам болып, өрбіп кетер, ұшын ұстасаң ұшығына жеткізбестей қыруар шаруа тұр. Ең әуелі, Шортанбай мұрасына мазмұндық-тақырыптық, саяси әлеуметтік, көркемдік жақтан тұтас сипаттама беруге келу үшін, ақын ақиқатын ашу үшін оның әдеби мұрасын жиып-теріп тұтас қамтып, елеп-екшеуге күн ұзатпай кірісу қажет. Бұл – бірер шаруамен, қайсыбір жайдың басын шалумен біте қалмайтын ғылыми эстетикалық құбылыс» дейді. 

Қанипаш Мәдібаева Шортанбай мұрасын жан-жақты зерттеуімен қатар алдағы уақыттағы жас ғалымдардың міндетін былайша ашып беріп отыр. «Осы тұрғыдан келгенде ақын мұрасын бағалаудағы негізгі шаруаның бірі – жарияланған, басылым көрген өлең-толғаулардағы жаңсақтықтарды айғақтауға ұмтылу. Яғни, мүмкіндігінше ақын мұрасының ғылыми текстологиясын жасау» деп көрсетеді. 

Қ.Мәдібаева осы мақсатта біраз салыстыру, айғақтау жұмыстарын жүргізді. «Ғылым талабы, әдеби мұраға деген өркениетті талап тұрғысынан келсек, Шортанбай мұрасын ақтарып-төңкеруге, арнайы, мақсатты зерттеулерге мұқтажын бір еңбектің көлемінде өтеу мүмкіндігі шектеулі екендігін ескере отырып, ақын мұрасына зар заман ағымы, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі; әдебиеттегі діни сарын; жыраулық өнер ерекшеліктері; төңкерістен кейінгі басылымдар негізіндегі салыстыру, пайымдаулар; қайсыбір өмірбаян деректері аясында тоқталдық; міндетті түрде зерттеуді, тереңдетуді қажет етіп жатқан жайлардың қайсыбірін назарға ұсындық; арғы-бергіде әдебиеттану ғылымында ақын мұрасына берілген бағаның қыр-сырын, астар-айғағын, түрлі себептерін түйіндеп, тұжырымдауға ұмтылдық; ақын шығармаларына мазмұндық, белгілі бір дәрежеде көркемдік талдау жасадық; Шортанбай мұрасын зерттеудің қайсыбір келешек міндеттері жайлы ой қозғадық. Қазақ өлеңінің поэтикасы аясында Шортанбай өлеңінің жанр, түр ерекшелігін ашу, тұжырымдау, сатиралық элементтерге назар аудару да өз алдына арнайы зерттеуді қажет етеді» дей келе ұшан-теңіз жұмысты қортындылайды. 

Қанипаш апайдың шортанбайтанудағы алғашқы кандидаттық ғылыми еңбегін жазғалы отыз жылдан астам уақыт өтті, оның бер жағында да ақын мұрасына қатысты біршама дүниелер жазылып, ақын өміріне қатысты кейбір тұстары анықталып халыққа жетіп жатты. Соның бірі Шортанбайдың шын атының анықталуы және оның азан шақырып қойған аты – Әли-Мұхаммед екенін «Жанбайұлы үшбу дұғаны Жұманға мүбәрак болсын. Дұғамызды Алла қабыл қылсын. Бұл дүниеде аман қылсын. Ақыретте иман үшін. Бұны жазушы: Ғали (Әли) Қожа. Оқығандардан иман дұға үшін. Шын атым Молла Ғали Мұхаммед. Қолымнан келгені осы», деп қолтаңбасы қалған дұғадағы дерек бойынша расталды. 

Дегенмен, қазіргі күнде бұл тақырып сәл саябырсып, «зар заман ақындары» деген алтын қазынаны құрайтын ақын-жырауларымыздың мұрасы кем айтылып жүр. 

Кезінде 1927 жылы М. Әуезов «Зар заман ақындары» деген атпен мақала жариялап, бұл бағытты жеке ағым ретінде қарастырды. «Зар заман деген – ХІХ өмір сүрген Шортанбай ақынның заман хәлін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» деген ат қойдық. Бұл ақындардың дәуірі жоғарыда айтқан тарихи дәуірді туғызған дәуір. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталса, арты Абайға келіп тіреледі. Сондықтан қазақтың тарихымен салыстырсақ зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады» деп, атаусыз қалып бара жатқан ақындардың мұрасын жинақтап, халық қазынасын жыр сандыққа салып қойды. 

Жазушының дуалы аузынан шыққан бір ауыз сөз сол кезеңдегі ақын-жыраулардың мұрасын топтап, оның шашауын шығармай бүгінгі кезеңге алып келуіне көп әсер еткенін айту керек. Қанипаш Мәдібаева да осы атауға оралып, М.Әуезов жүйелеуіндегі «зар заман әдеби ағымы» мынандай мәселелерді ажыратудан барып айғақталатынын сараптап берді:

1. Зар заман ақындары деп кімді айтамыз?

2. Бұл дәуірдің алғашқы ақындары кімдер?

3. Барлығының басын қосатын күй қайсы?

4. Көпшілігі қандай жайды тақырып еткен, нені толғаған? 

Халық поэзиясының тағы бір сотқалы түрі – зар заман (скорбная поэзия) мен толғау. Бұл өлеңдерде салт-сананың бұзылуы жырланады, халық өнерінің көне әдет-ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс-тіршіліктің нашарлауы, мал сананың азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым-қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шырайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, аштық, жұт, т.т. сөз болады; бұрынғы өмір мен ескі салт-дәстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айтылады» дегендерді идеялық-тақырыптық жағынан зар заман ағымына жақындата беруге болатынын аңғарамыз.

Ғалым «Бағыт, сарын бар тарихқа тән болса, ағым белгілі бір кезеңнің саяси тұрпатынан келіп шыққан мазмұн, түр.

1. Бағыт – әдеби, әдіс-тәсілмен бекіген саяси бет.

2. Ағым – белгілі бір кезеңнің, немесе тұтас дәуірдің саяси-әлеуметтік жағдайынан келіп туған, көркемдік, тақырыптық жақтан ерекшеленген әдеби құбылыс.

Сарын – дәстүрлі, көкейтесті мұраттарды алға тарту. Мазмұн. Мән. Идея.

Бұл үш ұғым бірімен бірі бірлікте, біріне-бірі көп жағдайда тәуелді. Зар заман әдебиетінде бет, бағыт, ағым-сарын қосқабат өріліп, тұтас бір дәуірдің өзгеше сипаты түскен көркемсөз әлемі ретінде көрініс тапты.

Бағыт – әдіс, тәсіл, стиль, бет.

Сарын – идея.

Ағым – әдіс, идея, түр.

Әрине, мұндай жадағай құрғақ қисын, қиюластырудан бұл ғымдардың мәні бітпейді» деп, әрі қарай ойын бекіту үшін теориялық тұжырымдарға жүгінеді. Академик Зейнолла Қабдоловтың жан-жақты негіздеген ағым, бағыт ұғымдарын өрбітіп, «Стиль – өнер ерекшелігі. Әр стиль – бір-ақ суреткердің өнеріне тән ерекшелік. Ал осындай өнер ерекшелігі бір емес, бір топ суреткерге тән болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Әдеби ағымды дәл осы тұрғыдан пайымдау керек» дейді. 

Ендеше біздің әдебиетімізде бір дәуірдің бір топ суреткері ортақ ерекшелік, өзгешелігімен туғызған, жасаған зар заман ағымы болды. Тұтас бір дәуірдің қал-күйін өзгеше түр, өзіндік стиль, белгілі мақсат, бағыт, негізгі сарындармен әдебиетке түсіретін құбылыс – әдеби ағым. Сол тұрғыда Шортанбайдың, Дулаттың, Мұраттың, Нарманбеттің отаршылдық ойранына қарсылық, наразылық, мін, сын мәнінде туған; халықтың қасіретін өлеңге түсірген; саяси сұмдықтардың сипатын діни қысым, қоныстан айыру, тұрмыс күйін аздыру, әкімшілік биліктен тайдыру, адамгершіліктен азу, т.б. жақтарын сан қырынан ашқан поэзиясы; түрі, тұрпаты, сарыны, мақсаты тоқайласып, бірігер тұсы көп өнері – зар заман ағымының негізі.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы аса елеулі, саяси мән жағынан болсын, өлең өзгешелігі жағынан болсын айқын тұрған осы бір ағымның зар заман ағымы атауын орнықтырып, бекітіп, тұтас алып қарастыруға негізі де бар, әдеби мұра үлгілері де ұшан-теңіз деп тұжырымдайды. 

Мәдібаева зерттеулерінің ерекшелігі сол – Шортанбай бастаған зар заман ақындарының шығармашылығының әдеби сипатын анықтап, ғылыми негіздемесін жасады. 

Алайда халық мұрасына заман мінберінен қараған ғалымдардың соңғы жылдардағы пікірлері зар заман ақындарының жаңа қырын айшықтауға көмектесіп, ой тастайды. Соның бірі ғалым Мекемтас Мырзахметов зар заман әдебиетін орыс отаршылдығына қарсы туған сипатына қарап: «Отаршылдық дәуірдегі әдебиет» деп атауды ұсынады. Расында да, «әдебиет тарихында аса белгілі, алабөтен қалыпта пайда болған үлкен әдеби процесті, әдеби ағымды арнайы сөз етпеу, елемей қою – ғалым үшін қиянат» деп Қанипаш апай да бұл пікірдің негізсіз еместігіне мән береді. 

Қарап отырсаңыз, әртүрлі ғалымдар Шортанбай ақынның мұрасын өз биігінен қарай келе «тар заман» шеңберінен алып қарауға талпынғанын байқаймыз. 

Осы тақырапқа біздің де қызығушылығымыз артып, бұрын-соңды жазылған еңбектерді саралай келе және бертінде дүниеден өткен жазушы, Шортанбай мұрасын ұлықтауда көп еңбек сіңірген Кәмел Жүністегінің жанында жүріп көп нәрсеге қаныққандай болдық. Қанипаш апайымыз Шортанбай мұрасын ғылыми жағынан талдаса, Кәмел Жүністегінің тәжірибелік жағынан, ақынға қатысты мәліметтерді жинақтап, оның ескі жұртын түгендеп, ақын рухын насихаттаудағы атқарған жұмысы айырықша. Кәмел ағамыздың қолдауымен біздің де зерттеуіміз жазылды. Әсіресе, оның туған жылына, «указной молдаларға» қатысты, шыққан тегіне қатысты мәліметтер Шортанбай мұрасын толықтыра түсті. Қанипаш Мәдібаеваның «ақын шығармаларындағы қайсыбір мағынасы ұғынықсыз, қайсыбір араб-парсыдан енген сөздердің сөздігін жасау да аса қажет істің бірі» деп айтқанындай қысқаша түсіндірмелі сөздігі, сонымен бірге ақын жырларында айтылған тұлғалар мен руларға түсінік жасалды. 

Бұдан бөлек бұрын-соңды ақынның жинақтарына енбеген, кейіндері табылған өлең жолдары қосылды. Соның ішінде Хакім-Хазірет Омаровтың өмір жолы кітабы «Өнер» 2013 жылы. ХІХ бөлім Хакім қажының қолжазбаларындағы ақындар мен билердің асыл сөздері» деген бөлімінде Ақын Ұлбикемен сөз қағыстырды деген мәлімет пен екі жол өлеңі көзімізге шалынды. Онда Ұлбике деген ақын Шортанбай ақыннан сұрайды:

Аздыққа ақыл бар ма екен, көп қылғандай?

Аштыққа ақыл бар ма екен, тоқ қылғандай?

Бұған ақыл тағы бар ма

Күнәні қияметте жоқ қылғандай?

 

Сонда Шортанбайдың айтқаны: 

Аз ақылы шүкірлік көп қылғандай,

Аш ақылы қанағат тоқ қылғандай.

Өтірік, ұрлық ғайбаттан аман жүрсек, 

Қияметте күнәні жоқ қылғандай.

Мәшһүр Жүсіптің Қазақ ауыз әдебиеті үлгілері деген Шығармаларының 7 томдығының 120 бетінде жарияланған екен. Кітапта «Бұл туынды Мәшһүр-Жүсіптің өз жазбасы (ІІ–папка, 80 б.) бойынша берілді. Мәтін маңдайшасында «Шортекең сөзі» - деп жазылғанын түсіндіріпті.

Жайнап тұрған көзді алдың,

Сайрап тұрған сөзді алдың!

Алып атандай күшті алдың,

Ақ меруерттей тісті алдың!

 

Үлбіреген бетті алдың,

Уылжыған етті алдың,

Ай, кәрілік неңді алдым?!

 

Теспей, пішпей ат қылдың,

Алғанымнан жат қылдың,

Ай, кәрілік неңді алдым?! 

Бұдан басқа да қолжазбаларды салыстыра келе жаңа жолдар табылып, Шортанбай жырларының мазмұны ашыла түсті. Бір мысалы ретінде, мынаны айта кетейік. 

«Ай мен Күннің арасы 

Таңда мақшар болғанда.

Осындағы Ай мен Күннің арасы бір нұсқадан табылғанына қуанып едік, оның бейнесін ашатын: «Келе жатыр жақындап» деген мына бір жолды Мұхтар Әуезовтің «Зар заман ақындары» деген мақаласынан ақын өлеңінен келтірген үзіндісінен оқып шумағымыз түгенделді. Сонымен:

Ай мен күннің арасы 

Келе жатыр жақындап» шумақ мазмұнын ашты. Бұл басқа нұсқаларда кездеспейді. Осылайша үңіліп қараған адамға Шортанбай мұрасынан олжа табарына күмәніміз жоқ. 

Бүгінде Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қолжазба қорында 15-тен астам бумада Шортанбай жырлары жазылған дәптерлер бар. Олар түрлі экспедиция немесе жеке адамдардың қорынан алынған, көшіріліп басылған. Осы институттың қызметкерлерімен бірге жырларды оқып, текстологиялық талдау жасауға талпыныс жасағанымызды айта кетуге болады. 

«Мұхтар Әуезовтың 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқулығына енген «Зар заман ақындары» атты зерттеуі күні бүгінге дейін құнын жоймаған, ілгеріде де жоймайтын, жылдар көшінде, саясат желінің өтінде жоғалтқанымызды табуға тірек болатын, мәні зор еңбек» деп ғалымның атап көрсеткеніндей, Шортанбай (Әли-Мұхаммед) жырлары барша қазақтың жүрегінде жатталатыны анық. 

Бұл тіректің күллі қазақ баласына баянды болып, рухани қазығына қайта айналар сәтінде де Шортанбай бастаған зар заман ақындарын жүгінетіміз анық. Бұл әсіресе ұлттық діңгегімізден ажырап, құндылықтарымыз жаһанданудың аш өзегіне жұтылып бара жатқанда қатты ойландырады. Зар заман ақындары деп тарих диірменінің үңірегіне иленіп кетуден бір сақтаса, оны келешек ұрпақтың несібесіне деп, сол ұрпақтың қажетіне деп қорғаған болар. Сол себепті де зар заман ақындары деген атаудың орнына қазақтың қырық құрым болған ұлттық құндылықтарын жақтаған «ҰЛТ АҚЫНДАРЫ» деп айшықтап айтсақ, артық етпес еді. Тіпті егер осы күнгі ұғымның таразысына тартсақ, «оппозиция» деп аталатын күштің ұшқыны осы ақын жырларында жатыр. Қазіргі қазақтың пайдасына тартсақ, жыраулардың мол мұрасы қазығына қайта байланғысы келген, рухани бастауларына қайта оралғысы келген қазақтың жанына жалау етер кезең жақындады. 

Бүгінгі қазақтың сипаты сан алуан, бітім-болмысы бөлек. Түсі суық, көзі жылмаң, тілі шұбар, ділі долбар, табаны тайғақ. Күндердің күнінде замана кірінен тазарып, рухын жаңғыртатын саялы бақ, саумал бұлақ іздегенде жанға шипа ретінде Ұлт ақындарының ғана сөзі жүрекке жетіп, замана кірінен тазалай алады. 

Заман сұранысына қарай сараласақ, Шортанбай сөзі, ол бастаған отарлық кезеңге дейінгі Абылай ханның сарқытын ішіп, тектілікті биігінде қалған ақындардың әр сөзі дертке дауа болмақ. Сол үшін де келер ұрпақтың бойын жайлаған уыттың бетін қайтару үшін де, зар заманында зарлап өткен Ұлт ақындарының мұрасы керек. 

Шортанбай мұрасына жанашырлықпен қарап, оның мән-мағынасын зерттеген ғалымдардың да еңбегі қайтатын кез осы сәт. Екі ғасыр бойына Шортанбайға қайта-қайта тіреліп, қайтадан оралып, жанына демеу іздеген әдебиетші-ғалымдар жыраудың осындай қастерлі қасиеті барын түсінген. Құлдық санадан, бодандық ноқтасынан айырылмай тұрып айта алмады, амал қанша?! Әлі де радикалды дін өкілдері өктемдік етіп, орыстану үдерісі өршіп тұрғанда жан-жағымызға жалтақтаймыз. Дегенмен, қазақы қанымызды құнарландырып, ұлт бастауына апаратын бір жол бар. Ол ҰЛТ ақындарының сөзі болып қалмақ. 

Бұл ой шортанбайтанушы ғалымдардың алдыңғы легінде тұрған Қанипаш Мәдібаеваның да түйсік-танымымен үндеседі. Кез келген көзі ашық, көкірегі ояу адам болмысын басқан уақыт салмағын жеңілдетудің бір амалы ретінде Шортанбай мұрасына оралары анық. Бұл ұлт ауқымында да осы қасиетімен жеңбек. Біз де соны меңзеп отырмыз. 

Айгүл Уайсова 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan