Өткен жылдың қыркүйек айының бесінші жұлдызында, қырық сегізге қараған жасында, қазақтың аяулы ақын қызы Гүл Зарқұмар кенеттен өмірден озған еді. Жаны нәзік, көңілі қардай әппақ қыз өлең өлкесіне ерте түрен салып, әдеби ортаға кеңінен танылған болатын. Осыдан он жыл бұрын жарық көрген «Жүректегі жүзік» жыр жинағы оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген еді. «Менің жүрегім – Алтайда» деп жырлайтын ақынның өлеңдері нәзіктігімен де, өткірлігімен де өз қолтаңбасын айқындап тұратын. Жақында ғана редакциямызға ақынның өмірінің соңғы күндері жазған өлеңдері келіп түсті. Ақынның соңғы деміне оранған жырлар қашан да ыстық, қашан да қуатты һәм аяулы.
«Әдебиет порталы»
***
Аспан бөлек сендегі бұлт та бөлек,
(Қара көздің қауызын шыққа бөлеп...)
Саған ауған аңсардың, сағыныштың,
Өлең болып өзегін жарып ұштым...
Құшағыңа асыққан арман едім,
Сенен артық биігім бар ма менің?!
Бөкентау!
Ауа бөлек сендегі құт та бөлек,
Самал желің бойға нәр, рухқа қорек...
Жүрегімді жұлып ап бөктеріңе,
Көмер едім сый етіп көктеміңе...
Сені аңсаған аяулы сезім едім,
Жерұйығым ғұмырлық өзің едің –
Бөкентау!
***
Бөрік шың,
Бөрте иықты, бөктері өлең,
Көзіме,
Көрінші бір көк керегем?!
Қасыңнан,
Қалай ғана алыстадым,
Өр Алтай,
Өзегімнен теппеген ең?!
Туған жер –
Тұма бұлақ, тұмар мекен,
Өзіңде,
Өсіп шыққан шынар бөтен.
Қайырылып,
Қайта айналып барар болсам,
Құшаққа ап,
Құса төгіп жылар ма екен?!
***
Тағдырымды тастап кетіп қалар ем,
Тас үйлерді, тастақ жолды қаламен.
Маған ғана арналғандай бір үйдің,
Махаббатын көтере алса бар әлем?!
Көтере алса, еркіндікті көк пен жер,
Көшіп сонда барса мөлдір көктемдер.
Күреңіткен күздер қонақ боп тұрса,
Күннің нұры, айдың сыры төккен зер.
Кетер едім, жүрегіммен ән салған,
Кездеспеді, алыстады қанша арман?!
Табиғаттан тақ орнатқан сол үйдің,
Таңын бәлкім, сағыныштар қарсы алған...
Жетер едім, аңсап, шаршап, сағынып,
Жерігендей бар тірліктен арылып.
Тыныштықтың бесігінде тербелген,
Тылсым мекен күтсе мені сарылып...
***
Жалқылықтың жаны сұлу келеді,
Бәлкім, оның ғарыш жақта дерегі.
Айлы түннің арманынан жаралып,
Жасындардың жанарында өледі...
Таулардың да жүрегіне беріп мұң,
Көкжиектен келер қасын керіп түн.
Тәкәппарлау болмысыма жасырып,
Мен өзіңді шын жылатып келіппін...
Жалқылық-ай, ақ жауынға жуынып,
Қара бұлттың қанаттарын суырып.
Аспан, жерден бір сезімді іздейсің,
Ғашық жандай бір ысып, бір суынып...
Жалқылықтың жаны сұлу келеді,
Бәлкім, оның ғарыш жақта дерегі.
Айлы түннің арманынан жаралып,
Жасындардың жанарында өледі...
***
Бір басымда,
Тағдыр да бар, талқы бар,
Білетінім –
Жаным нұрға талпынар...
Мен – өлеңмін,
Жарып шыққан өз мұңын,
Өр биіктің,
Құшағына зар, құмар…
***
Сен мені сүйесің сырттай,
Аспанның жұлдызын ұрттай.
Айдың да нұрына көміп,
Түн болып төбемнен төніп.
Таулардың бөктерін торып,
Көзімнің көктемін қорып.
Жанымды жарыққа малып,
Дегендей, қамықпа, налып.
Құшасың елесіңменен,
Қиялға сенесің бе сен?!
Алыс бір арманға бастап,
Кетсек пе тағдырды тастап?!
Дегендей түсіме енесің,
Бізді жұрт түсіне ме, шын?!
Бақытқа бастайтын жолдың,
Бұралаң соқпағы, сол-мұң.
Мен сені сеземін анық –
Жанымның өзегін жарып.
Гүл сынды жұпарын шашқан,
Сағыныш бұтағын басқан...
***
Жүрегім құс болып,
Еркіндік түс болып.
Торынан шығардай,
Ұша алмай, үш қонып.
Кеудемді шер жейді,
Бір маза бермейді.
Зарықтым аспанға,
Тартса да жер мейлі.
Ғашықсыз ғаріп-мұң,
Бар менде, бар ұқтым.
Махаббат, келсең кел,
Аңсадым, зарықтым...
***
Жүрегінен жаралған өр өлеңнің,
Жүрелетіп қойғаны-ай, бөлеген мұң...
Кісікиік күндердің сыбағасын,
Кірпігімнен үздім мен сұрағасын.
Ай секілді нұрлы еді армандарым,
Арзанына арманның алданбадым.
Құшағымды аша алмай жалындарға,
Құламасын деп келдім арым дарға.
Ешбір әйел жанымды ұға алмады,
Еркек менің тауымды жыға алмады.
Күліп келген көздердің қиығынан,
Күн тұтылар көрінді күйі күмән.
Алтайымның асқарын салыстырар,
Алатаумен бар ойы алыстырар.
Мен ешкімнің алдында илікпеймін,
Менмендерден мейірім, сый күтпеймін...
***
Сүйгенің үшін алдыңда айыптымын ба?!
Шырмалдың бекер аспанға лайықты мұңға...
Ал, мен ғой, жасын сапырған сағыныштардың,
Кеудесін кесіп сан мәрте жарып ұшқанмын...
Түндердің түнек пердесін жарыққа малып,
Жұмақтың шамын жақтым да тамұққа барып...
Сүйгенің үшін сен мені жазықтымын ба?!
Жүректің жырын о баста жазыпты мұңға...
Алыс пен жақын өлшенген аралықтардың,
Ғашықтық шыққан көзінен жаралып зардың...
Бар мен жоқ бақталасқандай тірлікте кері,
Махаббат деген дерт барын білдік пе, тегі?!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.