Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ПОЭЗИЯ
/
Шерияздан Тайконұлы. Ақ қайың ек, Алтайда жарған б...

Шерияздан Тайконұлы. Ақ қайың ек, Алтайда жарған бүрін

19

Шерияздан Тайконұлы. Ақ қайың ек, Алтайда жарған бүрін - adebiportal.kz

Алтай-Арқа жыр өзегім

Алты Алаштың ассам да асқар белін,

Алтайымдай төрт таппан, асқан керім.

Адырынан жөңкілтіп жылқы қуып,

Асқақтатып ән салған небір серің.

 

Артта қалған көп күндер арман бүгін,

Ақ қайың ек, Алтайда жарған бүрін.

Ақ алмастай жарқылдап жүрген күндер,

Арқалатып жіберді арман жүгін.

 

Арқа бүгін айбынды сайын далам,

Ақ жолдарды алдағы пайымдағам.

Ата қоныс өзіңе жайғасқасын,

Асқақ жырлар арнадым, сыйым саған.

 

Алтай-Арқа арасы – ақ жолдарым,

Арылмастай жүректе сен зор бағым.

Ата бабам аңсаған арда елім,

Алты Алашым жасай бер сен ардағым.

 

Алтай-Арқа бүгінде жыр өзегім,

Алшаң басып елімді мен кеземін

Ару қала Астанам – ел ордасы,

Алға шығар Айбозсың шын сеземін.

 

Арайлы таң сыйласын келер күндер,

Асып, тасып жүрмеді мұнда кімдер.

Арда қазақ ие боп өз жеріне,

Алда жүрсін ағалар ұрпақты үндер.

 

«Біз», - деп өмір сүргейсіз

Менменсуден аулақ болғың келсе егер,

«Мен», - деп емес «Біз», -деп өмір сүргейсің.

Бұл ғаламнан бақ іздесең бал шекер,

Көптен қалмай топ ортада жүргейсің.

 

Өмір сені сынап көрер ортаңмен,

Дос болдырып жақсыменен жаманмен.

Ортасыздан шынымды айтсам қорқам мен,

Қабылдаймын «біз», - дегенді санаммен.

 

Қасыңа жи ізгі жандар «біз» - деген.

Сыр құятын, жыр құятын көңілге.

«Біз» дегеннен күдер  ешбір үзбегем,

Ондай жандар сән береді өмірге

 

Көрдік талай жетесізді «Мен!» - деген,

Бақуатпен байлық айтып ісінген.

Кез боп қалсам ақыл айтып жөндемен,

Ондайлардан қашқақ жүрер түсінген.

 

Сіз, бізіміз бітпесінші жарандар,

Бес күн жалған қысқа мынау ғұмырда.

Әркім жүрер өзіндік бір тарам бар,

Адалдықпен жететұғын тұғырға.

Жұлдызды кештегі ой

(Ән мәтіні)

Бусанса дала,

Бұраң бел түстің cен еске.

Көңіл бір ала,

Оралам оймен сол кешке.

 

Төрінен аспан,

Төгіліп жатқан сан шырақ.

Сыр болып дастан,

Сезімді кеткен қамшылап.

 

Тоңғақ ай тұрған,

Батуға қимай асып тау.

Қойшы әні қырдан,

Үзіліп жетті қашықтау.

 

Топ қаздың үні,

Суылдап ұшқан төбеден

Ауылдың түні,

Аңсаймын бүгін неге мен.

 

Ай асып қырды,

Барқыт түн басқан алқапты.

Мөлдір көз сырлы,

Сезіммен жүрек толғатты.

 

Көк шөпті үзген,

Көк дөнен бұзып тыныштық.

Мүлгіген түзде,

Түзіліп жатты күміс шық.

 

Ақ жолақ аунап,

Құс жолы әне көсілген.

Жүйткіген заулап,

Жылдарай бәрін көшірген.

 

Жұлдыздар ағып,

Артында жолақ із жатты.

Жаңғырта жағып,

Ғарыш та заңын бұзбапты

 

Жердегі тірлік,

Жылжыған жұлдыз заңымен

Мұңайдық, күлдік

Қауышып әрбір таңымен.

 

Жұлдыз боп келіп,

Ортаға жарық шашқайсың

Аттай бір желіп,

Межелі белден асқайсың.

Ақпан таңымен сырласу 

Бозарып ақ таң,

Қауыштың ақпан,

Соңыңа ертіп көктемді.

Сананы сілкіп,

Жүректі жұлқып,

Жыр маржан талай төккемді.

 

От сезім жаққан,

Балалық шақтан.

Ескірмес қалды естелік.

Шақырып алдан,

Жетелеп арман.

Келемін «Өмір» көшке еріп.

 

Келгенде ақпан,

Аттай бір шапқан,

Өтемін шолып жылдарды.

Өшкіндеу сүрілеу,

Болсын деп ірілеу,

Қамшылап қоям тұлпарды.

 

Егделік – серік

Көкірек көрік,

Білмейміз қанша жол қалды.

Айтасың ақыл,

Сөз қосып нақыл.

Жүрегің жастай сол қалпы.

 

Жүрмедік қайда, 

Бәрі де ойда,

Сыдыртып өткен жол жатыр.

Алтайдың шыңын,

Бетпақтың құмын,

Армансыз бастық біз пақыр.

 

Келе бер ақпан,

Шамыңмын жаққан.

Қызуым қанша білмеймін.

Бір шолып қырды,

Ақтарып сырды,

Заманмен бірге бүрлеймін.

 

Уақыт арба,

Жылжиды алға,

Бұрылмас кері бірақ та.

Тұрғанда мұрсат,

Тоқтама бір сәт.

Шыққанша бір күн қаратқа.

 

Кірлемей жағаң,

Өтсеғой заман,

Жортатын соқпақ әлі бар.

Көңіліммен көктем,

Сырласып көппен,

Жыр төгем талай нәрі бар.

 

Келе бер ақпан бұрқырап,

Қарсы алам әр кез жыр құрап.

Борбұрғысын – Бозталым 

Боз жусаны аңқыған,

Борбұрғысын – Бозталым.

Тұрғандай сенде шалқып ән,

Көңілді түртіп қозғадың.

 

Қарт Қобданың бойында,

Сағымда жатқан сонарсың.

Ертелі-кеш ойымда,

Кеудеге жыр боп қонарсың.

 

Ақшоқың – арман биігім,

Самғатқан туған ауылдан.

Сен едің жерұйығым,

Табатын бақыт тауымнан.

 

Суықсай қандай құт мекен,

Сұлудай жатқан керіліп.

Шоқыңа қанша шықты әкем,

Қиқулап құс сап еліріп?. 

 

Мен үшін қымбат бір асу,

Иткезең деген аты бар.

Жайлауға тартар қыр асу,

Тасында бабам хаты бар.

 

Жолғобы қанша жосылдық,

Күзеуге көшкен елменен.

Шаңдатып малды асырдық,

Қызылқұдықтай белменен.

 

Қорандық атты сай жатыр,

Қоңсылас ауыл қонатын.

Ойымнан кетпес (ой, бәтір),

Сен едің – жер жәннатым.

 

Бұл жерде жатыр дамылдап,

Таукейдей текті атамыз.

Құт мекен мәңгі қабылдап,

Ұйқтапты ата-анамыз.

 

Тәу етіп барып қайтатын,

Өзіңсің Мекке, Мединем.

Мақтанып мәңгі айтатын,

Кағбамсың барып бас иген.

Ақсақал деп кімді айтамыз?

Ақсақал деп  кімді айтамыз осы біз?

Атақ па екен ағарғанда басымызда шашымыз?

Алқа топта аспен басқа мәз болсақ,

Арда қазақ түзелеме мына заман көшіміз.

 

Абыройдан мансап басым түсіп тұрған бұл кезде

Ақсақалдық жарнама ма, әлде бояу құр сөзбе?

Алынбастай қамал болған, айбарлы абыз қарттарды,

Алмастырған өңшең пысық, дін жамылған құл кезбе.

 

Абыз қайда кеңес құрып басқаратын орданы.

Алқа топта  нәрлі сөзбен ұйытатын ортаны.

Ар ұжданды биік қойып атақпенен мансаптан,

Алты алаштың солар еді жауға бермес  қорғаны.

 

Ал бүгінгі ақсақалдар айналсоқтап ошақты,

Ақылман боп, ішкі шерін ТикТок жаққа босатты.

Ащы  сусын келіп қалса, аттың басын жіберіп,

Ара кідік молла болып, жетекке алды қос атты.

 

Асты ішіп, аяқ қане босатпайық жарндар,

Ата баба салып кеткен даңғыл жолға қараңдар.

Ақпен қара қатар жүрген мынау қиын заманда,

Ақ жол болып төселсінші біз көрсеткен тарамдар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan