Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
АҚШ-тағы нәсілдік сегрегация және Тони Моррисонның...

АҚШ-тағы нәсілдік сегрегация және Тони Моррисонның «Ең көгілдір көз» романы

20.04.2026

63

АҚШ-тағы нәсілдік сегрегация және Тони Моррисонның «Ең көгілдір көз» романы - adebiportal.kz

Бүгінгі таңда өзін демократияның жарқыраған маягы санайтын АҚШ-тың тарихы тұтасымен дерлік көлеңкелі сәттерден тұрады. Американың байырғы халықтарының геноциді, құлдық, адам зоопарктері, нәсілдік сегрегация, жаппай қырып-жоятын қаруды қолдану, терроризм мәселесін желеу етіп ресурсқа бай елдерді оккупациялау, үстемдігін пайдаланып халықаралық құқықты бұзу. Осылардың ішіндегі номиналды түрде шешімін тапқанымен жаңғырығы күні бүгінге дейін жетіп жатқан қиын түйткіл – нәсіл теңсіздігі. Әлбетте, бүгінде АҚШ-тың қара нәсілді халқы ашықтан-ашық қорлауға ұшырап жатқан жоқ. Бірақ еңсені езген нәсілдік сегрегацияның салып кеткен ізі қоғамдық өмірдің әр саласында сайрап жатқанын байқау қиын емес. Оның салдары неге сонша жойқын болды? АҚШ-тағы қара нәсілді халық неге әлі күнге еңсесін тіктей алмай жатыр? Бұл мақалада Нобель сыйлығының лауреаты атанған алғашқы афроамерикалық әйел жазушы Тони Моррисонның «Ең көгілдір көз» романы арқылы өткенге көз жүгіртіп, бүгінге қандай қатысы барын анықтап көруге тырыстық. 

Романның оқиғасы 1930-1940-жылдардағы АҚШ-тың «қара» қоғамын, жазушының өзі көрген өмірді суреттейді. Сол кездегі қара адамның дүниетанымындағы комплекстерді, тұрмыстың тауқыметін, нәсілдерге тән психологияны бейнелеудегі жазушының айрықша шынайылығы бірден көзге түседі. Романның бас кейіпкерлері – қара нәсілді балалар. Пикола, Фрида және Клодия «түстілерге» (АҚШ халқының барлық «ақ емес» бөлігіне қатысты пайдаланылған атау – Ред.) арналған мектепте оқиды. Сыныптастарының бәрі дерлік – өздері сияқты афроамерикалықтар. Үйлеріндегі асүйде шешелерімен бірге өсек айтып жататындар да қара әйелдер. Үйлерінің бір бөлмесін қара ер адам жалдап тұрады. Қысқасы, бұл қоғамның біртекті екенін көреміз. Ол кездегі «қара» қоғамның мейлінше оқшау болғаны осыдан-ақ байқалады.

1950 жыл. АҚШ, Солтүстік Каролина

«Қара» қоғамның күнкөріс амалдарына келетін болсақ, таңдау аса жұтаң болған. Қара нәсілділер сапалы білім ала алмағандықтан, олардың көпшілігі біліктілікті қажет етпейтін, табысы аз физикалық жұмыспен ғана айналысуға мәжбүр болды. Бұған Пиколаның шешесі Паулинаның «ақ» отбасыларға қызметші болғаны, әкесі Чоллидің бозбала күнінде қашып жүріп біркүндік жұмыстарға жалданғаны мысал бола алады. Романда қара нәсілділер көмірді де сатып алмайды, балаларын теміржол бойына жіберіп, жүк вагондарынан шашылған ұсақ көмірді тергізеді.

Романдағы ең жантүршігерлік нәрсе – қара адамдардың өз-өздерін жек көруі, өздерін қор санауы. Мұнда қаралар ақтардың шығарған «ниггер» деген сөзін өздері жайында оңды-солды қолданады. Және кілең негативті коннотацияда. «Сорлы ниггер», «лас ниггер», «ниггерлер бір тойсын» секілді сөздер қара адамдардың өздерінің аузынан шығады.

Күнделікті әңгімеде мысалға келтірілетіндер, үнемі назардағылар – ақ адамдар. Саптаяқтың сыртында, кәмпиттің қағазында ақ қыздың суреті; киноға түсіп танылған – тек ақ қыздар. Қыз балалар ойнайтын қуыршақтар да ақ. Қара әйелдердің өзі қара балаларды елең қылмай, ақ балаларға сүйсіне қарап, сәті түсе қалған жерде бауырына басып жатады. Романның бас кейіпкері Пикола кейбір ақ қыздарда бар көгілдір көзді армандап, құдайға жалбарынады. Бұл – «қара» қоғамда сана деңгейінде орныққан дерт.

Романда бейнеленетін кезеңге 80 жылдан асып кетті. Бүгінгі жағдай қалай? Не өзгерді, не өзгермеді?

Қазір түстілерге арналған бөлек мектеп, транспорт, аурухана, дәретханалар, вокзалдардағы күту залдары жоқ. Алайда кей жерлерде негізінен афроамерикалықтар ғана жүреді. Бұл көптен дараланып тұратын оқшау жайт емес. «Қара» аудандар әр штатта, әр қалада дерлік бар. Қара балалар әке-шешелерінің тұрмыс жағдайына байланысты көбінесе беделді, жекеменшік мектептерде оқи қоймайды; олар тұрғындарының көпшілігі қара нәсілділер болып келетін аудандарда негізінен қара балалар ғана оқитын мемлекеттік мектептерде оқиды. Ол мектептерді бітірген соң қара жастардың көбі тағы да сол тұрмыс жағдайына байланысты жоғары оқу орнына түспейді. Содан соң жоғары білімді қажет етпейтін жұмыстарды місе тұтады. Сондықтан қызмет көрсету саласында және арнайы оқуы жоқ қызметтерде қара нәсілділер өте көп. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындарында, масс-маркеттердің, вокзалдардың, саябақтардың күзетінде, метроларда, көшелерде және көпшілік мекемелерде тазалықшы қызметінде көбінесе афроамерикалықтардың жүргенін көресіз. Қалалардың сәулетті, іскер аудандарында ақ нәсілділер әлдеқайда көп.

Табысы аз қара отбасы бала-шағасына лайықты білім алу мүмкіндігін бере алмайды. Бала-шағасы ержетіп, әке-шешесі сияқты табысы аз қызметке орналасады. Немесе тіпті жұмыс істемеуі мүмкін. Сол үшін қара нәсілділер арасында есірткіге, ішімдікке тәуелділік, қылмыс, мерез ауруы етек жайған. АҚШ Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, 1980-2008 жылдар арасында тіркелген адам өлтіру фактілерінің 52,5%-іне афроамерикалықтар жауапты. Осы уақыт аралығында афроамерикалықтар халықтың 12-13%-ін ғана құрағанын ескерсек, нәсіл мен қылмыстың арасында пропорцияның тепе-теңдіктен алыс екенін аңғару қиын емес. Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының деректері бойынша, мерез ауруларына шалдыққандардың 42%-і – қара нәсілділер. Капиталистік қоғамның қатал заңы қара нәсілділердің осы бір тұйық шеңберден шығуын қиындатады. Кедейлік буыннан-буынға жалғасып, АҚШ-тың қара және ақ халқының ассимиляцияға түспей отырғанының басты себебі – осы.

Оқшау өмір сүрген соң афроамерикалықтардың өз лексиконы, өз акценті бар. Қара нәсілділер – мәдени тұрғыда да жеке қауым. Оны осы күнгі поп-мәдениеттен көруге болады. Музыкада «лас рэп» деп аталып кеткен жанр тұтасымен афроамерикалықтардікі. Мұндай мәдени айырмашылық АҚШ-тағы қаралар мен ақтардың поляризациясын қуаттап тұр деп айтуға толық негіз бар.

Қысқасы, АҚШ-тың қара нәсілділер қауымы үлкен дағдарыс кешіп жатыр. Тони Моррисонның романынан 1940-жылдардың өзінде қаралардың моральдық бейнесі азып бара жатқанын көреміз. Бейберекет өмір салты, балаларды азғыру, ішімдікке салыну сол кезде-ақ қалыпты құбылыс болғанын ескергенде бүгінгі дағдарыстың себебі түсінікті бола түсетіндей.

Көптеген саясаттанушылар АҚШ-та ақтар мен түстілердің арасында алдағы онжылдықтардың бірінде сөзсіз азаматтық соғыс тұтанатынын болжайды. Оның алғышарттары қазірдің өзінде қалыптасып жатыр. Былтырдан бастап рейдтерін күшейткен АҚШ-тың иммиграция және кеден полициясының (ICE) әрекеттері ақ емес нәсілдердің идеялық тұрғыдан оқшаулану үдерісін үдетіп, жағдайды ушықтырып жатқаны жасырын емес.

Қоғамдағы осындай келеңсіздіктер Тони Моррисонның «Ең көгілдір көз» романы секілді азаматтық үні бар шығармалардың маңызын айқындай түседі. Өзі көрген өмірді шынайы бейнелеген жазушының ісі бүгінде құқық қорғаушы белсенділердің үндеулерінде жалғасын тауып жатыр. 

 

Асқар Мағжан

ҚТӘ 1-курс магистранты

 

         

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan