Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЗЕРТТЕУ
/
ТЫЛСЫМ СЫРҒА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМ ИЕСІ...

ТЫЛСЫМ СЫРҒА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМ ИЕСІ

07.04.2026

113

ТЫЛСЫМ СЫРҒА ТОЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕМ ИЕСІ - adebiportal.kz

Тылсымға толы дүниенің сырын ашуда сөз өнерінің орны ерекше. Әлем қалай жаратылды? Адамзат қалай пайда болды? Табиғаттағы құбылыстардың сыры неде? Бұл сұрақтардың жауаптары мифологиялық таным аясында қарастырылады. Таба тұра адасамыз, қателесеміз, я болмаса жетістікке, жеңіске жетеміз. 

Миф пен фольклор тек сөз өнерінің қарастыратын, зерттеп, зерделейтін объектісі емес. Миф пен фольклордан көне дәуірдің лебін сезе отырып, біз болмысымызды, түп негізімізді, жаратылысты тануға тырысамыз. Осы аталған мәселелерді әдебиеттанушылар, философтар, психологтар, әлеуметтанушылар т.б. ғылым саласының өкілдері терең зерттеп, әртүрлі тұжырым жасап, пікірлер айтқан. Миф, фольклор және әдебиеттің байланысы мен аражігі туралы көлемді зерттеулер жазған отандық ғалымдардың қатарында ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиеттанушы ғалым, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Жанат Әскербекқызының аты ерекше аталады.

Ғалымның «Миф дүниесі және көркемдік әлем» (2004) монографиясында «Мифологизм, белгілі дәрежеде әдебиет үшін көркемдік әрі танымдық қызмет атқарып келеді және бұл қызметін әлі де жалғастыруда. Әсіресе, фольклорда мифологизмнің әсері белсенді болады. Фольклорлық туындылардың қай-қайсысында да мифологиялық ойлау айқын. Біз әдебиетті бейнелі ойлаудың жемісі десек, оның алғашқы сатысы – фольклорда бейнелі ойлау түрімен адамдар өзін қоршаған әлемді тануға ұмтылды. Фольклорлық мұраларға, философия мен әдебиеттің дамуына мифологизмнің қосқан үлесі ерекше. Фольклорлық шығармалар – халық ақыл-ойының, қабілетінің жиынтығы, қазынасы. Көне дәуірлерден адамдар жады арқылы сақталып жеткен ертегілер мен аңыздардың, эпостық туындылардан мифтік танымның көрініп отыруы заңдылық» [1, 5]. Миф тек қиялдың жемісі емес, керісінше, адам санасының тарихи дамуындағы маңызды кезең. Мифологизм әдебиетте тек көркемдік тәсіл ретінде емес, ұлттық дүниетаным мен мәдени кодты жеткізуші құрал десек қателеспейміз.

Академик С.А.Қасқабасов «Жаназық» монографиясында (2011) мифке мынандай анықтама береді «Миф дегеніміз – дүние туралы фантастикалық түсінік, әлемде билік жүргізетін құдайлар мен рухтардың ғажайып образдарының жүйесі (системасы), екіншісі, миф дегеніміз – құдайлар мен алыптар жайындағы ауызекі әңгіме» [2, 76]. Көріп отырғанымыздай, миф тек қиял, ойдан шығарылған дүние деп қарауымызға болмайды. Адам санасында болып жатқан алуан түрлі өзгерістердің қатпарында жаратылыстың пайда болуы туралы ұғымдардың саңлауын біз осы мифтік танымнан іздейтініміз рас. Ұстазымыз Жанат Әскербекқызының ғылыми ізденісіне арқау болған қазақ әдебиетіндегі мифологизмдердің сырына осы мақалада үңіліп көруге тырысамыз. 

Күрделі әрі қарапайым дүниелердің арасындағы қарым-қатынасты анықтаудың азапты жолы мифтік санаға келіп тіреледі деп пайымдауға болады. Бұл жөнінде академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов «Жаназық» (2002) еңбегінде, «Рух пен табиғаттың бірлігі дегеніміз – теңдік заңы деп аталады. Мифтік сана өзінің даму жолында екі түрлі сатыдан өтеді. Біріншісі рух пен табиғат толық тең, яғни, бір болып келеді. Екінші кезеңде адамның табиғат қойнауынан алшақтауына байланысты жаңағы айтқан теңдік бұзылады.

Мифтік сананың алғашқы кезеңінде адам өзі мен жануардың арасына жік қоймаған. Сол себепті, мысалы, австралиялықтар мен океаниялықтардың көне мифінде адам мен жануар дараланбайды. «Бұл оқиға аңдар адам кезіңде болған еді», - деп басталу ол мифтерде заңдылық» [2, 79]. 

Мифологиялық ойлау дәуіріне тән мифтік санада күллі табиғат тірі, саналы рух түрінде қабылданады. Адам мен табиғат тепе-тең, ойлау, қайғыру, қуану сияқты сезім күйлері адамға тән екені сияқты табиғатқа да тән деген сенім көркемдік ойлау жүйесіндегі бейнелі, астарлы, ишаралы мәндерге негіз болғаны белгілі [3, 138].

Бұл құбылысты шығармашылықта, ақынның «Алып ана – Түкті ата» әпсана-поэмасында:

Көк аспан көкірегіне бұлт ілгенде

Бүлк етер еріксізден шіркін кеуде...

Бұлаққа бұлт боп қонды жалғыз аққу –

Қона сап қызға айналды сілкінгенде... [4,111]. Ақын мифтік метаморфозаның классикалық үлгісін көрсетеді. Аққу мен қыз трансформациясы – адам мен құстың біртұтас табиғатын танытатын мифтік мотив. Мұнда аққу бейнесі тек зооморфтық образ емес, ол – сакралды, киелі мәнге ие символ. Қазақ дүниетанымында аққу тазалықтың, сұлулықтың, рухани биіктіктің белгісі болғандықтан, оның адам кейпіне енуі – эстетикалық әрі мифологиялық заңдылық. 

Түн келсе қыз ұшады құсқа айналып, 

Абыздың ізі қалған тұсты айналып...

...Бір күні...

Дүр сілкінді қалың құрақ

Шамасы аспан жерге түсті айналып...

Бұл кезді бұлақ үстін ары-бері

Пері қыз аққу болып ұшпай қалып... [4,112]. Кейіпкердің күндіз – адам, түнде – құс болуы мифологиялық уақыт пен кеңістіктің шарттылығын көрсетеді. Бұл – тотемдік және анимистік түсініктердің көркем поэтикадағы көрінісі. Яғни, кейіпкер тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани деңгейде де екі әлемнің адамзаттық және перілер арасындағы дәнекер ретінде беріледі.

Аққу көлге қонады,

Сілкінсе – ару болады... [4,113] тармақтары мифопоэтикалық тұрғыдан метаморфоза мотивіне негізделген. Мұнда аққу мен ару біртұтас болмыстың екі түрлі көрінісі ретінде беріледі, бұл – мифтік сананың синкреттік табиғатын танытады. Аққу образы тазалық, киелілік ұғымдарын білдірсе, сілкіну әрекеті бір күйден екінші күйге өтудің шекаралық сәтін айқындайды.

«Адам мен жануарды бөлмеу, адамды екі кейіпте болады деп түсіну ол замандағы миф кейіпкерін жартылай адам, жартылай жануар түрінде бейнелейді, яғни зооантропоморфтық образ жасайды. Бұл, әсіресе, тотемдік мифтерде кең етек алған, ал кейінгі дәуірлерде мифтің басқа да түрлерінде орын алған [2, 80].

Жұбайы...

Айналасы жасыл желек

Бұлаққа салып қойған басын бөлек.

Қолтықтан шығып тұрған қос қанаты

Ұстап тұр қара жібек шышын демеп…

Аяғы...

Адам емес құс тәрізді,

Көргені өңі де емес, түс тәрізді.

Бір кезде серт беріп еді қарамасқа,

Қаратқан тылсымдағы күш тәрізді... [4,117]. Қазақ фольклорында аққу-қыз, құс-қыз мотивтері кең тараған, онда кейіпкердің қос табиғаты оның ерекше қасиетін, киелілігін білдіреді. Үзіндідегі ант беру «серт беріп еді қарамасқа» және оны бұзу мотиві де фольклорлық поэтикаға тән тұрақты элемент. Бұл – тыйым / табу мен оны бұзудың салдары арқылы дамитын мифологиялық сюжет желісі.

«Мифтік дәуірде адам өзінің әр түрлі жанды-жансыз нәрсенің кейпіне кіріп, өзгеріп кететіндігіне кәміл сенген... Бұл дәуірде адам өзін-өзі бірде аспандағы аққу кейіпіне, бірде жортып жүрген жолбарыс кейіпіне ауыса алады деп сенген» [2, 81].

Түсім бе еді әлде... өңім дегенім,

Кім айтады екен оның дерегін?!

Керқұла ат мінген кейіпкеріме

Алты әпкеме ілесіп ұшып,

Аққу боп барып көрінген едім [4,105]. Үзіндіде мифтік уақыт пен кеңістіктің шарттылығын танытады. Яғни, реалды әлем мен тылсым әлем арасындағы шекара жойылып, түс пен өң, қиял мен шындық біртұтас күйге енеді. Бұл – мифтік сананың иррационалдық сипаты.

Қуану мен қайғыру, мұңаю мен шаттану, шерлену, күлу мен жылау сияқты көңіл күй құбылыстарын мезгіл, мезет суретімен үндестіре, ауыстыра, егіздей бейнелеу – шын мәніндегі өлеңнің қалыптасып кеткен қағидатындай. Өйткені оның өзегінде шындықпен біте қайнасқан бірлік бар [3, 158]. Ғалым, ақын, ұстаз Жанат Әскербекқызының оқырманға айтпақ идеясы осы деп білеміз. Яғни, миф пен фольклордың төркіні шындық, поэзияның төркіні парасаттылықта. 

Жанат Әскербекқызының шығармашылығынан лирикалық қаһарман бейнесін тану – қиын, түсіну – күрделі. Шығармашылық лабораториясы миф секілді тылсым мен сырға толы. Мұндай құбылысты пайымдау үшін терең филологиялық білімді қажет ететіні ақиқат. Ұстаз, ғалым, әріптес Жанат Әскербекқызының шығармашылығымен етене таныс, қасында жүрген шәкірті ретінде апайдың сөз өнеріндегі тұжырымдарын өзінің төл туындылары арқылы талдауға тырыстық. Теориямен практика ұштасқан шығармашылықты зерделеу арқылы ұстазымыздың болмысын тануға талпыныс жасадық. 

Тәтті сағынышқа, өршіл рухқа, адал сезімге, тылсым сырға, риясыз шындыққа, көркем мұңға, табиғатпен сұлу үндестікке толы Жанат Әскербекқызы поэзиясынан оқырман эстетикалық ләззат, тағылымды тәрбие ала отырып, қазақ сөз өнерінің құдыретін жете түсінеді.

Ұстазымыздың әдебиет теориясы мен фольклортануға қатысты тың зерттеулері мақала, монография ретінде жариялануда. Жанат Әскербекқызы, жаңа көзқарас, тың идея, жаңа мазмұн қажет ететін тақырыптарды шәкірттеріне докторалық тақырып ретінде беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының өрісін кеңейтуде.

Әріптестеріңізді қолдауыңыз, шәкірттеріңізге қамқорлығыңыз, жұмыстағы еңбекқорлығыңыз, досқа адалдығыңыз барлығымызға үлгі-өнеге! Қазақ руханияты мен ғылымының дамуына талмай еңбектене беріңіз! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, шығармашылығыңызға толайым табыс тілеймін! 

Аслан ЕСІМХАНҰЛЫ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 

аға оқытушысы, философия докторы (PhD)

Әдебиеттер:

  1. Аймұхамбетова Ж.Ә. Миф дүниесі және көркемдік әлем. – Астана, ТОО Арко, 2004. – 102 бет.
  2. Қасқабасов С.А. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. – Астана: Фолиант, 2011. – 568 бет.
  3. Аймұхамбетова Ж.Ә. Сөз өнеріндегі мәтін мен шығарма кеңістігі: Монография. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2023. – 384 бет.
  4. Аймұхамбетова Ж.Ә. Миф-о-поэзия: Өлеңдер, поэма, аудармалар. – Алматы: Жазушы, 2022. – 192 бет.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan