«Кенесары-Наурызбай»
Қазақтың XIX ғасырдағы тарихын Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістен бөліп қарау мүмкін емес. Ал сол күрестің ішкі шындығын, хан Кененің соңғы жорығы мен қасіретті тағдырын ел жадында сақтап қалған аса ірі туындылардың бірі – Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастаны.
Нысанбай жырау Кенесарының қасында жүрді, жорықтарға қатысты, ел басына түскен ауыр кезеңді көзімен көрді. Сондықтан жырау өзі куә болған заманын, сол күрестің қуанышы мен қайғысын, жеңісі мен жеңілісін жырға қосады.
Ал «Кенесары-Наурызбай» дастаны заманындағы қазақ поэзиясының озық үлгілерінің бірі еді. Оны мына шумақтарынан-ақ аңғаруға болады.
«Халық иесі хандарды
Қалай айтсам мін бар ма?!
Шегірткеге таланған
Қырғауылда жүн бар ма?!
Жапалақтан сескенген
Жалғыз қазда үн бар ма?!
Хандарынан айырылған
Иесіз жұртта сын бар ма?!
Кенесары, Наурызбай
Бір көрінер күн бар ма?!» деп жырлайды Нысанбай жырау.
Мұхтар Әуезов Нысанбайдың бұл жырына жоғары баға беріп: «Бұл өлең ақын қиялының еріккендегі ермегі емес. Барлық сөзінде көп қолмен бірге кешегі тартқан қайғы, мұң, арманы бар. Өзі сол оқиғаның адамы. Өзі көоденең отырып айтқан айтушыдай бойын аулақ ұстап, шын істі жасырмай дәл айтады. Анда-санда аузынан шығып кететін өртті арман, жалын болмаса әңгіменің көп жерінде қырғыз бен қазаққа тең ақын болып сөйлейді», - деп жазған екен.
Алайда аумалы-төкпелі заманда бұл дастанның да тағдыры Кенесарының тағдырын кешті. Хан Кененің есімін атаудың өзі саяси айыпқа айналған кезеңде оның соңғы жорығын жырлаған шығарма да еркін зерттеліп, кеңінен таралуына тыйым салынды. Нысанбай мұрасын зерттеген Есмағамбет Ысмайылов қуғынға ұшырады. Академик Мәмбет Қойгелдінің жазуынша, ғалым қуғын-сүргін кезінде тұтқындалып, тергеуге алынғанда, оған қойылған сұрақтардың негізгі бөлігі «Кенесары-Наурызбай» дастанына байланысты болған екен.
«Кенесары-Наурызбай» дастанының алғаш жария болған уақыты да, оның бүгінге жету жолы да тым күрделі. Талай өзгерту мен бұрмалау керген. Зерттеуші Пазылбек Бисенбаев осы дастан туралы мақаласында былай деп жазады:
«Кенесары – Наурызбай» жырының алғашқы жария болған уақытын көп зерттеушілер 1875 жыл деп көрсетеді. Мысалы, Е.Бекмаханов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов еңбектерінде солай беріледі де. Ал осы нұсқаны өз қолымен көшіріп, 1938 жылы қолжазба қорына өткізген белгілі қоғам қайраткері, жазушы С.Шәріпов: «Бұл өлеңді жұрт аузынан жинаушы – С. Жантереұлы. 1872 жыл, октябрь. Шаһар – Орынбор», – деп белгі соғады. Онысын орысша қолтаңбасында «Из Записки Оренбургского императорского русского географического общества. 1872 год», – деп тағы да тиянақты түседі. Олай болса, жырдың алғашқы нұсқасы 1872 жылы жарияланып, кейін сол мәтін 1875 жылы қайта басылған болып шығады.
Ол кезде кітапханаларда бұл басылымның әр жылдардағы сандары толық табыла бермейтін. Сондықтан зерттеушілер қолда бар үлгіні алғашқы нұсқа деп таныған. Әрине, Нысанбай жырын зерттеп, оның жиналу, жариялану тарихы туралы көп мәлімет берген ғалымдарды ол үшін кінәлаудан аулақпыз.
Негізі Нысанбай жыраудың мәтіні бұдан да ертерек хатқа түскен сияқты. Өйткені «Бунт султана Кенесары Касымова» деген атпен 1870 жылдары «Вестник Европы» журналында бірнеше мақала жариялаған Н.Середа кітабында мынадай жолдар ұшырасады: «Кенесары умер, но память о нем и его подвигах живет в Орде. Сложившись в образы легенд и патриотических песен, прославляющих его батырство. Григорий Петрович Половротов (долго бывший секретарем султана правителем восточной части) доставил нам песню «О Кенесары» на татарском языке с русским переводом, сложенную знаменитым киргизским поэтом Нысанбаевым, очевидцем и сообщником в его батырстве. Киргизский поэт изображает слезы и отчаяние всех окруживших любимого хана с которым погибло безвременно много «радужных надежд» [4,9]. Н.Середаның қолына түскен жыр үлгілері кейін «Записки Оренбургского императорского русского географического общества» журналында жарияланған нұсқа болуы әбден мүмкін. Ол жырдың орысша нұсқасының аудармасы түпнұсқаға жақын болғандықтан, Нысанбайдың дарынын танып, ұлы ақындар қатарына қосады», - деп жазады.
Біз бұл дастанды алғаш 1993 жылы жарық көрген «Хан Кене» жинағынан оқыған едік. Кейде Нысанбай жыраудың тағы қандай шығармалары бар екен? Олар бізге дейін жетті ме? Егер жеткен болса неге білмейміз деген ой мазалайтын.
Зерттеуші Пазылбек Бисенбаевтың айтуынша, Орталық музей қорында Нысанбайдың қадым жазуымен жазылған тағы бір дастаны сақталған. Алайда ол әбден бүлініп, үгітіліп тұрғандықтан оны толық зерттеу мүмкін болмай тұр. Бұдан бөлек, Кенесарының әйелі Күнімжанға арналған «Күнімжанның оралуы» атты толғауы, генерал Черняевтың Түркістан, Шымкент, Ташкентті алуына байланысты шығармалары, Сыздық сұлтан туралы да жырлары болғаны жөнінде деректер бар. Соған қарағанда Нысанбай жыраудың бізге жеткен мұрасы – оның бүкіл шығармашылық әлемінің бір бөлігі ғана екенін аңғаруға болады.
