Көңілінің күлінен шоқ көсеген

Жетпіс жастан асып өмірден өтсе де жерлестері ғана таныған, құбатөбел тірлік кешкен осындай ақынның бірі Шынтемір ағамыз еді.

33

Көңілінің күлінен шоқ көсеген - adebiportal.kz

Аты алысқа кетпеген, заты асыл ақындар бар. Олар – аз ғана айтқанын баспаға ала жүгіре бермейтін, елеусіз күйді ұнататын ерен ой иелері. Өйткені, түбі өз оқырманы өзін іздеп табатынын әріден түйсінеді.  

Жетпіс жастан асып өмірден өтсе де жерлестері ғана таныған, құбатөбел тірлік кешкен осындай ақынның бірі Шынтемір ағамыз еді.

Шынтемір Әимша 1946 жылы Арал ауданы Қасқақұлан ауылында дүниеге келген.

Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын балық зауытының жұмысшысы болып бастап, 1988 жылдан Қаратерең орта мектебінде мұғалім болған.

«Қайдасың, Қасқақұланым», «Жоқ іздеген жүрек», «Айтарым бар еді» атты өлеңдер мен публицистикалық мақалалардан тұратын кітаптары жарық көрген.

Біз ағамыздың өлеңдері туралы ой білдірмекпіз.

Ақын өлеңдері өмірлік қағидалар мен адами құндылықтар тұрғысында өріледі. Ел мен жердің қадірі, адамға деген сүйіспеншілік – ақын өлеңдерінің басты тақырыбы.

Ұстаздық қызмет пен ақындық қасиетті ұштастырып, саналы өмірін тірліктің терең ағысын зерттеуге арнаған ақынның кестелі сөзі кез келген оқырманды баурап алатын дүниелер.  

«Мен де өлеңді бір кісідей түсінем, жұрт алдында жыр оқуға зәрем жоқ, біреу тілдеп отыр ма деп ішінен» деп Әскербек Рахымбекұлы айтқандай,  ақынның өлең алдындағы жауапкершілігін сезіне білуі ең басты қағидаты болмақ.

Шынтемір ақында бұл сипат жоғары дәрежеде көрінеді.  

Сабылғанмын оңға-солға,

Таланымнан саулап сор.

Сом қылығың болмаса да,

Сорлылықтан аулақ бол.

Торғай болып торда сана,

Мәңгүрттіктен уланған –

Самаладай болмасаң да,

Соқырлықты қу маңнан.

Майысқанмын жонға салмақ,

Батса мінің баса бер.

Бек өрлігің болмаса да,

Мекерліктен қаша гөр.

Өлеңге айтып отыр, қандай кішіктік, сондай ұлықтық байқалады, бұл ойдан.

Ақыннан күтілетін тағы бір талап – сөз образы, теңеу, суреттеу сияқты өлең жасаушының қиыннан қиыстыра алуы. Бұлар жоқ жердегі сырты әдемі көрінген сөздердің құны қарабақыр.

Образдылық оқушыны ойлауға, сөз астарына үңілуге жетелейді. Егер сөзді төтесінен айтып, оқиғаны ашықтан-ашық баяндау түрінде жазылған өлең болса, ол оқушыны өзіндік ойлауға жетелей алмас еді. Осы жерде   Дистервергтің «Жаман мұғалім оқушыға шындықтың өзін береді, жақсы мұғалім шындыққа бару жолын меңгертеді», – деген қағидасын еріксіз еске түсіреміз. Мәселен 2+2 = 4 болады дегенге оқушы ойланбайды. Егер 2+2=10 - 6 десек, оқушы ойланады, оның жауабын табуға талпынады. Адам ойларын қалыптастыруға, қиялын ұштауға образдылықтың дәл осындай ықпалы бар.

Ойды қарабайыр сөзбен де, тіпті ыммен де түсіндіруге болады. Ал оны қимылға келтіріп, жандандыра түсетін – образ.

Құнықтырар көрікті ой,

Көктемдегі көгілдір қанатындай.

Сезім сергек, берік бой,

Сіңіре алсаң санаңа санатын бай.

Бұл – ақынның «Жақсылар» деп аталатын бір өлеңінің бір шуамағы.

Қаулайды сөздің қатар,

Қисыны қисығымен,

Қынында кездік жатар,

Қыл қапқан түйсігімен.

Құлшына сілтегенде,

Қалған ба қапы бабам.

Қырыққан қыл көгенді,

Құтқарып қақын адал.

Бұл да – Шынтемір ақынның сөзі.

Осындағы образдылықты танып отырған шығарсыздар. Бәрін емес, бірін айтайын: «Қынында кездік жатар, қыл қапқан түйсігімен». Кездіктің де түйсігі бар ма дерсіз. Кәнизегін күмістеп кездік байлаған ердің түйсігі – ол!

Арын қайда аптап ескен баяғы,

Құрыққа ырық бермеген.

Бақташыдай ұстап қалған таяғын,

Мәңгіресің сен неге?

Мықты едің ғой ойда, қырда сыналған,

Мажығып-ақ қалдың ба?

Адалдығың – алауы мол шырағдан,

Бар медеуі ардың да.

Қазақ тілінің құнары бар екенсің! Әтір сепкендей иіс аңқып тұр!

Кейбір кейінгі ақындарға қарата айтар ренішім бұл, айттым.

Бөксем толғанда бір басқа, бөксем солғанда бір басқа бола қалатыным осындайдан.

Қазір көп теорияшылардың өлең талдаудағы түсінігі тым қарабайыр. Былайша айтқанда олар «ақын бұл өлеңінде метафораларды қолданған, сын есімнің күшейтпелі шырайларын пайдаланған...» деген сияқты пікірлерді алға тартады. Ақын ешқашан да өлең жазып отырып, алдына сөз жасау ережелерін жайып қоймайтын шығар. Бұл онда балалардың түрлі-түсті кескін кесінділерден ойыншық үй құрастырғаны секілді болар еді. Ақын әдемі образдылық, көркем теңеулерді шабыт не қиналыс үстіндегі көңіл күйінен – жан-жүйесінің құбылысы мен ішкі сезімінің толқыны арқылы шығарады. «Поэзия – сәбидің күнәсіз ажары, қыздың ұялшақ күлкісі, поэзия үміт сенімі, жүрек лүпілі, жан тынысы, шексіз толы махаббат, көз жасына көмілу, өмір-бақи айнымас, еш мезгілде тояттамас құмарлық» депті ғұламалар. Белинский ме әлде Қабдолов па, қайдам. «Мұны жазған адамның атын білме, сөзі біл» дегенге сала берейін, айтпағым Шынтемір ақында поэзияға берілген анықтамадағыдай атрибуттар толып тұр.

Ақынның «Жауынгердің жесірі» дейтін толғауы бар.

Осы өлеңде құлағы шала еститін, қажыған соғыс жесірінің образы жасалған. Тіпті сөзбен сурет салған дегеніміз дұрысырақ.

Ашуы қанша буса да,

Батпайды қолы білеміз.

Қамқорлыққа өзі сусаған,

Мейірімді жанға күлеміз.

Тыңдатып әкті құлақты,

Сөйлесу еркін азапты-ақ.

Күлгенге жиі кінә артты,

Отырсыңдар деп мазақтап.

...Аналар қайран!

Мұңы улеп,

Жылаудан көзін ашпаған.

Парықсыз, қамсыз күлуге,

Әруақтарыңнан жасқанам...

Ойпырым-ау, сұм соғыс бейнесін көз алдыңа алып келетін шығармаларды қайталап оқып қоятынмын. Олардыңғы мұң мен сағыныш жаныңды тәніңнен бөліп алып жуғандай күйге салады. Сірә, адам болмысындағы Алла берген нығметтердің ең кереметі де мұң мен сағыныш тудыратын құндылықтар болса керек. Осы бір толғаудан Шерхан Мұртазаның «41 жылғы келіншек», Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Сағынып жеткен жаз еді» повестерін оқығандай әсерге бөлендім.

Кім ұтты, кім ұтылып,

Айтып бар ма керегі.

Бүгінгінің үкімін,

Ертеңгілер береді, – дейді Шынтемір ақын бір өлеңінде.

Біз айтпағанды кейінгілер айтар, бүгінгіміз жыр бұлағыннан көңіл шөлін басу ғана.

О, Жасаған,

Жыпырлаған пенденің

Арасынан

Сенер досқа кендемін...

Сия жасап

Көңілімнің күлінен,

Ақ қағазға үңілем, – депті ақын.

Сіздің көп пенденің ішінен табылмаған сенер досыңыз келешек ішінде жүр, аға. Есіміңіз де, өлеңіңіз де өмір сүре бермек.

«Ақ қағазға үңіліп отырып» осы ойға тоқтадық.

 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі,

«Тұран» сыйлығының иегері

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan