Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Қыз Жібек жыры (алғаш қағазға түскен нұсқалары)...

05.03.2018 293215

Қыз Жібек жыры (алғаш қағазға түскен нұсқалары)

Қыз Жібек жыры (алғаш қағазға түскен нұсқалары) - adebiportal.kz

«Қыз Жібек» – қазақ халқының әйгілі лиро-эпостық жыры. Жыр – махаббат машақаты жолында туындаған оқиғаға құрылдған. Шамамен XVIІ ғасырда қазақ даласының батыс өңірінде, яғни Кіші жүз қазақтары арасында дүниеге келген жырдың нұсқалары арасында айырмашылық аз, яғни болса, кейбір сюжеттік қосындылар мен суреттеу, баяндаулардағы қысқа немесе кеңінен толғаушылық болса керек. Аталған жырды алғаш рет Е:А. Александров 1880 жылы Мұсабай ақыннан жазып алып, ұзын-ырғасын қара сөзбен орысшаға аударған болса, татар мұғалімі Фалиолла Тухватуллин Зайсан өңірінен жазып алып, 1894 жылы Қазан қаласында кітап етіп бастырған. Біз төменде аталған нұсқамен қоса Жүсіпбекқожа Шайхисламов жинақтап, Қазанда бірнеше рет бастырған толық нұсқасын да жариялап отырмыз.

(1894 жылы Қазан қаласында жарияланған нұсқа)

Әлқисса, төменгі Мекке жолында жеті тылсым дариялар бар еді, осы дариялардың һәммасы Черный море дегенге құяды екен. Осы теңіз жағасында Жүз жағалбайлы деген ел бер екен. Сол елде Базарбай деген бір бай бар екен. Базарбайдың байлығын ешкім есеп етіп болмас екен, үш қатыннан тоғыз ұлы бар екен. Сол елге бір қалың дерт – оба келіп, сонда Базарбайдың тоғыз ұлының бәрі өліпті, содан кейін және алты қатын алыпты, еш перзенті болмады. Базарбай сексенге келгенде, оның кіші қатыны қырық төртке келгенде бір ұл тауыпты, басқа қатындарда еш бала жоқ, оның атын Төлеген қойды, осы Төлеген періште сипатты, хор құлықты боп туды, оның артынан тоғызыншы жылда бір ұл туды, оның атын Сансызбай қойды. Екеуіне де Базарбай қалың бермеді, тірі болса өздері бір қыз алар, патшаның қызын алса да мал жетеді деп. Сол уақытта Төлеген 12 жасқа келді, ешкімнің қызын жақтырмады, 16 жасқа келді, сонда бұл елге бір сәудегер кеп сұрады: бұл Базарбай екі ұлына неге қалыңдық бермеген деп, соның жайын әркімнен сұрап біліп, бір күні Төлегенге айтады.

— Қыз жақтырмай жүрген болсаң, мен саған қызы жағатын елді айтайын. Алты арыс Шекті деген ел бар. Ақжайық деген өзеннің бойында болады. Сіз соған барыңыз. Шектіден бір қыз тауып қайтасыз, - деді. Төлеген айтты:

— Қанша күнде барамын?- деп. Сәудегер айтты:

— Жүз күнде барасың деді және жетпіс бес күндік бір жолы бар, оның қырық күншілік шөлі бар онымен жүре алмайсың, -деді.

Онда Төлеген тұлпардан туған бір көк жорға атты алдырып, алтын-күміс тұрман жасатып, гауһардан тастар орнаттырып қасына сексен жігіт жолдас алып, қырық нарға азық арттырып, тоғыз түйеге ділдә, жамбы артып Наурыз айы туғанда жүрді дейді.

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Сексен жігіт қосшы алып,

Он бес жігіт басшы алып,

Ақжайыққа жөнеген.

Айдың өткен шешесі,

Ай қараңғы кешесі,

Падишадан кем емес,

Ер Төлеген мүшесі.

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Артынан қуып келіпті,

Өлгенде көрген шешесі.

Шешесі келіп сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді:

«Мінгене аттың аласын,

Менен туған баласың.

Қал дегенде қаласың,

Айтқан тілді аласың!

Қал дегенде қалмасаң,

Айтқан тілдді алмасаң,

Құрттың анаң шарасын!

Өлгенде көрген қарағым,

Ата-анаңды зарлатып,

Қай жаққа кетіп барасың?

Анаң келді зарланып,

Әкең отыр сандалып.

Көре алмаған көп дұшпан

Сыртыңнан келер қамданып,

Сен кеткен соң, қарағым,

Кім ойлайды кемпір-шалыңды?

Сансызбай болса жас еді,

Жүреміз кімге алданып?»

Төлеген сонда сөйлейді:

«Қой, шеше-еке-ау, жылама,

Жылағаның бола ма?

Бекер босқа шеше-еке-ау,

Көзіңнің жасын бұлама!

Жиырмаға келгенше,

Маған қалың бермеген,

Тең құрбымдай көрмеген,

Құм құйылсын көзіңе,

Осы екен саған сыбаға!»

Шешесі сонда сөйлейді,

Сөйлегене не дейді;

« Кейін, балам, қайт-сана,

Анаңа сырың айт-сана.

Патша қызын алсаң да,

Өз еліңде жат сана.

Біреудің тілі тимей ме?

Қартайған атаң Базарбай,

Сенің үшін күймей ме?

Ел ішінде тентек көп,

Дүние кезіп жүргенде,

Тентіреген демей ме?!

Ата-анасын зарлатып,

Бір қыз үшін кетті деп,

Дос-дұшпаның күлмей ме?»

Төлеген сонда сөйлейді:

«Айналайын шешееке-ау,

Құмар иттей қаңғырып,

Бұралқы болар қораға,

Бір жорытпай шеше-еке-ау.

Сірә, көңілім тынар ма?

Талап қылға ісінен –

Ат басын ерлер бұра ма?

Жаман, жақсы болса да,

Алланың болар әмірі,

Өз айтқаның болар ма?

Тілімді алмай кетті деп,

Қапа болып жылама.

Мен Жайықтан қайтқанша,

Жүзіңді есен көргенше,

Ата-анамды, мал-жанды,

Тапсырым алла, құдаға».

Анасы сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Өлкенің көркі тал болар,

Өзеннің көркі жар болар,

Жігіттің көркі мал болар,

Малың болса, қарағым,

Қара басың хан болар.

Алуа асап, іштің бал,

Жая шайнап, жедің жал,

Кетер болсаң, қарағым,

Жылқыдан таңдап қырық жорға,

Өзіңменен айдап ал.

Сансызбай болса, жас еді,

Сен кеткен соң қарағым,

Сүйеніп кімге күн елтер –

Артыңда қалған кемпір, шал?»

Төлеген сондай сөйлейді:

 

«Мінгене атым ала-ды,

Сенен туған баламын.

Көңіліме түсіп бір хиял,

Сапар шегіп барамын.

Алла нәсіп айдаса –

Бір сұлу қызды аламын.

Алла нәсіп етпесе,

Ендігі сөздің қысқасы,

Мекке таман барамын».

 

Әлқисса, сонда анасы бұл балам қайтпайын деп талап қылған екен, енді бұған ризалық батамды беріп жіберейін деп ойлайды:

 

Анасы ғаріп жылайды,

Жылайды да толғайды,

Қой десе де баласы

Оған да сірә болмайды.

Шешесі сонда сөйлейді:

 

«Аһа дедім құдая –

Дарғаһыңа бас ұрдым!

Сөзді сөзге ап келіп,

Күйгенімнен жапсырдым.

Кетер болсаң мен сені,

Аллаға әуел қарағым,

Екінші пірге тапсырдым!

Көл иесі Қамбар-ау,

Жол иесі Қамбар-ау,

Қарағыма көз сал-ау,

Рахым қылсаң құдай-ау,

Сенен өзге кім бар-ау!

Ғашықтардың пірі едің,

Ләйлі Мәжнүн саруар-ау!

Ғашықтардың саруары –

Зұлиха Юсуф пайғамбар,

Әйелдің пірі Бибі Фатима,

Баламды сізге тапсырым!

Аасса жолға салып жүр,

Сүрінсе қолдан алып жүр,

Хазіреті ер Сұлтан –

Рақым қылып тұрыңыз.

Баба түкті шашты әзиз.

Баламды сізге тапсырдым».

 

Әлқисса, бұл сөзді айтып шешесі қайтып кетті.

 

Енді Төлеген жігіттерге айтты:

 

— Маған шешем жылқыдан жорға ал деп айтты. Мен я кірекеш, я жортуылшы емеспін, маған байлық, ырзалықты елге көрсетіп жүру керек, — деді. Жылқыдан жорға аламын деп қайтып келіп, екі жүз елу жорға таңдап алып айдап, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келді. Сонда елге хабар салды, әркімнің жақсы қызы бар болса, маған алып көрсетсе, қызын қаласам да, қаламасам да бір жорғадан беремін деп жар шақырды. Әркімдер өздерінде бар қыздарын әкеп көрсетті, ешбірі жақпады, бірнеше күнде екі жүз он қызды көрді, екі жүз он жорға берді. Сонда қасындағы сексен жолдастары өздері ақылдасып, мынау Төлеген бекер малын шашты, оны біздер не қылайық, бірақ жорға ада болған соң біздің атымызға көз салар. Енді өзіміз келісіп, мынау қалай деп соны көрсетейік. Болмаса, Төлегеніңді білмейміз десек, бізде не хақы бар деп уағада қылып қояды.

 

Осы Шекті деген ел алты тайпа боладды екен, һәммасының ханы Сырлыбай деген болады екен, ол Сырлыбайдың алты ұлы бар екен, ең кенжесі жалғыз қызы Жібек сұлу деген екен және Сырлыбайдың Қаршыға хабаршы деген ақын уәзірі бар екен. Қаршығаның ақылы зерек, өзі адал екен, ханның тоғыз мың жылқысы бар екен, (Қаршығаны) сол жылқының басына қойып, отарға жіберген екен. Отарда жатып Қаршыға Төлегеннің хабарын есітіп, мен Төлегенді көрейін деп ойлаы. Егерде Төлеген маған ұнаса, оны Жібек жақтырар, Төлеген маған ұнамаса, өзі не қылса да мейлі деп жылқыдан бір бееу атты алдырып мініп, Төлегенге жүреді.

 

Отарда жатқан Қаршыға,

Бір бедеуге мінеді,

Алладан пәрмен тіледі,

Ойпаң жердден орғытып,

Тегіс жерден сырғытып,

Аяңдамай желеді.

Сексен жігіт елшіге

Сәлем беріп келеді,

Келіп сөйлей береді:

 

«Асуда-асу бел деді,

Аса бір соққан жел деді.

Сексен жігіт ішінде,

Базарбайдың баласы

Төлеген мырза кім деді?»

Басыр-басыр басырды,

Аққа құлпы жасылды

Сексен жігіт арасында

Төлегені жасырды.

«Мінген атың дөненді,

Көкке тойған көбеңді

Біз білмейміз Қаршыға-ау,

Төлеген мырза дегенді».

 

Онда Қаршыға жол болсын сұрайды:

 

— Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер,

Сайланған бәрің бірдей бек жігіттер,

Сайланып шыға қапсыз тобыңызбен,

Сөйлей тұр, сөзің болса, ей жігіттер.

 

— Келеміз елімізден біз жолаушы,

Бет алып шыққан жерім Көкбояушы.

Үйірін қысырақтың жауға алдырып,

Келеміз сұрақ салып біз сұрақшы.

 

-Әр жере асып туған тегім деп ем,

Төлеген жұрттан асқан бегім деп ем

Сұрасам жолаушыдан сіздер деді,

Жасырдың Төлегенді менен деді.

Осынша ол Төлеген жасырынып,

Өзі ол кімнің ұрлап хақын жеді?

 

Әлқисса, сонда Төлеген шатырдда жатыр екен. Қаршығаның бұл сөзін есітіп, мені бұлар неге жасырып тұр деп, шатырдың есігіндегі жігіттерге былай тұр деп айтпады, іргеден Қаршығаны көріп далаға шығады, өзін танытып былай дейді:

 

Ассалаумағалейкүм, Қаршыға-еке,

Мен едім Базарбайдың Төлегені,

Қозының ерте туған көбегені,

Қаршы-екем араз ба еді бұрын маған,

Қасыма танып тұрып келмегені.

 

Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы,

Алланың шыныменен сүйген құлы,

Қаршы-екм сәлем берсем қарамайды,

Бар еді Төлегеннің неден міні?»

 

Осы келген Қаршыға,

Топтан асқан ер еді.

Төлегенге келедді –

Келіп сөйлей береді:

 

«Ауыл алды бел дейді

Белден көшкен ел деді.

Сексен жігіт ішінде

Базарбайдың баласы,

Төлеген мырза сен деді.

Нәсіліңе қарасам,

Қас паддишамен тең деді.

Мен жайымды айтайын,

Алты Шекті елінде,

Сырлыбай датқа уәзірі –

Қаршыға жыршы мен деді.

Төлеген болсаң сен деді

Кел соңымнан ер деді.

Жұртқа берген олжаңнан

Білдірмей маған бер деді.

Мен бір сұлу табайын

Падишамыздың жалғызы,

Аты Жібек сұрасаң,

Кереметім көр деді».

Базарбайдың Төлеген,

Қаршығадай ақынның

Бұл сөзін мақұл көреді.

Алдырып атын мінеді.

Сексен жігіт елшіден

Бес жігітті бөледі.

Өзгесін елге қайтарып,

Қаршығамен ілесіп,

Ақжайыққа жөнеді.

 

…Дәл сегіз күн жол жүріп,

Аз ғана емес, мол жүріп,

Сонда жеткен секілді,

Ақжайықтың шетіне.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты,

Арада неше қоныпты.

Сәске мезгіл болғанда,

Қыз іздеген Төлеген,

Көшкен бір елге жолықты.

 

Әлқисса, ені Қаршыға айтты: — Біздің ел жайлауға қарай бұзыла көшкен екен, мен енді Жібекті Төлегенге көш жөнекей көрсетейін, — деп, қасынағы бес жолдасын сол жерге тастап, жай келерсіздер деп, екеуі қалың көшті аралап жүрді.

 

Базарбайдың Төлеген

Талай көштен өтеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады;

Шытырма көйлек етінде,

Нұр сәулесі бетінде,

Бұралып кетіп барады,

Перінің қызы секілді.

Осы екен деп Қыз Жібек,

Жетіп келді қасына –

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға,

Жібек емес деген соң,

Онан өтіп жөнеген.

Енді онан өтеді,

Және бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады;

Таң мезгілі болғанда,

Шолпанның туған жұлдызы,

Кигені алтын, құндызы,

Бейіштен шығып келмесе,

Бұл жалғанда хор қызы.

Осы екен деп Қыз Жібек,

Жетіп келді қасына –

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға,

Жібек емес деген соң,

Онан өтіп жөнеген.

Қаршығамен ілесіп,

Төлеген көңілі түзелді.

Асығып жүрді тез енді.

Бір көрмекке Жібекті

Төлеген мырза кезенді.

Қаршыға менен Төлеген

Жағалай салды өзенді.

Сол уақытта алдынан

Бір көш шықты түбектен.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады,

Отыз түйе жетелеп,

Сары мая үлектен.

Мұрындағы сары жез,

Бұйдасын ескен жібектен.

Толған айдай толықсып,

Ақ сазандай бұлықсып,

Бұралып кетіп барады,

Неше алуан қылықсып.

Мұны көріп Төлеген,

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады.

Осы ма деп Қыз Жібек

Қаршығадан сұрады.

Қаршыға жетіп келеді,

Әзіл айтып күледі,

Бұл емес, Жібек деген соң.

Онан дда өтіп жөнелді.

Онан өтіп Төлеген

Атқа қамшы басады,

Тұлпардан туған көк жорға ат,

Аузынан көбік шашады.

Жер тарпынып жануар

Ауыздықты басады.

Алдындағы белестен –

Орғытып келіп асады.

Белестен түсіп желеді,

Ойға түсіп келеді,

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса

Бір қыз кетіп барады,

Төлеген мырза көреді.

Жанасалай сұлудың

Қасына жетіп келеді.

Көш алдындағы сұлуддың

Он қыз нөкер қасында.

Өзі он бес жасында.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қырық нарға жүк арттырған.

Қамқа зерлі кілемді,

Жүк үстіне жаптырған

Казинелі қырық нарға

Жібектен арқан тарттырған.

Дүрия бешпент белсеніп,

Бұл дүниені кең салып,

Алтынды қамшы қолға алып,

Абжыландай толғанып,

Бұралып кетіп барады.

Осы екен деп Қыз Жібек,

Жетіп келді қасына –

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға,

Жібек емес деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Тау басында қарағай,

Төлегеннің мінезі –

Болып кетті баладай.

Осындай болып әр жерден,

Он бір қыз өтті сәндікпен,

Бәрі де қалды жарамай.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады,

Орта бойлы дембілше,

Алтынды камзол жегдеше,

Шын сипатын қараса,

Бұрынғы қызан өңгеше.

Алтын шышы кеседей –

Екі көздің шарасы.

Бейіште жанған шамшырақ,

Көзінің гауһар қарасы.

Туған айдай иілген,

Екі қастың арасы.

Сымға тартқан күмістей,

Он саусақтың саласы.

Сондай-ақ болып туар да,

Адамзаттың баласы!

Осы екен деп Қыз Жібек,

Жетіп келді қасына –

Базарбайдың Төлеген.

Артынан келіп Қаршыға,

Жібек емес деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Ені онан өтеді –

Және бір көшке жетеді.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Қара жорға мінгені,

Қара торқа кигені,

Екі көзі сүрмелі,

Бұл сияқты перизат

Қыз іздеген Төлеген,

Жоқ еді сірә, көргені.

Сексен түйе қомға алған,

Сексені де болмаған.

Сексен түйе үстінде

Алтында жағдан орнаған.

Асфаһани кілемдер –

Жібектен гүлін торлаған.

Қыз сипаиын қарасаң,

Ақ тәнінде кіршік жоқ,

Айдын көлдің қуындай.

Екі көзі жалтылдайд –

Патшаның алтын тонындай.

Сөйлеген сөзі сыңғырлап,

Әпзәмзәмнің суындай.

Аузынан шыққан сөздері,

Сары алтынның буындай.

Осы екен деп Қыз Жібек,

Жетіп келді қасына –

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға,

Жібек емес деген соң,

Онан өтіп жөнеген.

Онан да өтіп Төлеген,

Атқа қамшы салады.

Тұлпардан туған көк жорға ат,

Көзі оттай жанады.

Сымға тартқан күмістей,

Сүмбідей болып жарады.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса,

Бір бәйбіше нұр жүзді

Көшті тартып барады.

Көш алдында бәйбіше

Сары алтынның жабдығы,

Бір жүз түйе қазына

Қызыл алтын сандығы

Көрұғлы – сұлтан қатыны,

Аға Жүніс перідей,

Көркі раушандай –

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері –

Әлгі қыздан салдығы.

Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы көшесі,

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері –

Ілкі қызан мүшесі.

Асылдай болып есіліп,

Нұрдай болып шешіліп,

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жалтырап,

Алтынды кебіс сартылдап,

Көшті тартып барады,

Жібекті тапқан шешесі.

Берсе тәңірі жігітке –

Ертесі мен кеші не?

Ертеңгі күн бесінде,

Зорға жеткен секілді,

Қыз Жібектің көшіне.

Көш сәулетін қараса,

Асфаһанның жұпары,

Стамболдың гауһары,

Тамаша қылған адамның,

Тояды көздің баһары.

Есебі жоқ дүниені –

Есептейік несіне?

Келсе Жібек жоқ екен,

Сол секілді көшінде.

Мұны көріп Қаршыға,

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады.

 

— Жібекжан қайда кеткен деп,

Әккі болған Қаршыға,

Шешесінен сол жерде,

Сылтауратып сұрады.

 

— Жібекжан ерте кеткен деп,

Болжалды жерге жеткен деп,

Көшпен бірге жүргенде,

Бетіме тозаң тиер деп,

Көк пәуеске күймесін

Азаннан тұрып жеккен деп.

Шешесінің сол жерде

Бұларға берген жауабы.

 

Әлқисса, Төлеген менен Қаршыға Жібектің ізін кесіп алып қараса, көш басшылары мен Жібектің күймесінің ізінен басқа із жоқ екен. Соны көріп, екеуі аттарына қамшы ұрып жөнеді.

 

Найзасы аумай қолынан,

Желі тұрып оңынан,

Ай мүйізді қошқардың

Бөрі тартар қоңынан.

Төлеген сонда жөнелді,

Кеткен Жібек соңынан.

Базарбайдың Төлеген,

Енді біліп түйінді,

Асыл киім киінді,

Бағымдды алла ашқын деп,

Пірлеріне сиынды.

Атқа салды сәндікке,

Төгілдіріп кілемді.

Енді ойланып Төлеген,

Келгеніне өкінді.

Тұлпардан туған көк жорға ат,

Ор қояндай секірді.

Қаршығаменен ілесіп,

Атқа қылды өкімді.

Ертеңгі күн бесінде,

Жібек қызың ізімен

Келе жатқан секілді.

Алмас қылыш сартылдап,

Алтын жүген жарқылдап,

Көк жорға тұлпар кәрленді,

Екі көзі жалтылдап.

Өмілірік сом алтын,

Омырауда алқылдап.

Жеті қырдан асқанда –

Күлдірлеген қоңырауды

Есітті сонда құлағы.

Шапса балта өтер ме,

Шыңғырлаудың тасына.

Нелер келіп, не кетпес,

Ер жігіттің басына!

Қоңырау дауысы келгенде,

Көк жорға атты қамшылап,

Жетіп бір келді-ау қасына.

 

Әлқисса, Төлеген қасына келіп, алдына бір шықты, соңына бір шықты, Жібекті көре алмады, қараса Қаршыға алыста қалыпты. Сабыр етіп тұра алмады және көшірінде отырған кісі жоқ, Жібектің ешнәрсемен ісі жоқ. Сонда Төлеген үш рет дауыстап шақырды.

 

— Бұл күймеде неғылған жан бар, сен еркекпісің, ұрғашымысың, тірі адам бармысың?-деп. Бұған Қыз Жібек еш жауап бермеді. Сонда Төлеген қапы болып тұрды.

 

— Ай, дүние-ай, мынаның мені кемсінгені бөтен жұрттығы ғой. Өз жұртымда маған да еш кісі тең келе алмаушы еді,-деп тұрғанда Қаршыға да жетіп келді. Сонда Төлеген айтты:

 

— Мынау маған жауап бермейді, әлде жаман кісі ме?-деді. Қаршыға айтты:

 

— Олай емес, мұна мекерлік бар, мен сөйлесейін,-деп Жібекке келіп айтты:

 

— Жібекжан, шырағым, ояумысыз, міне бір жақсы кісі қасыңа келіп тұр сөйлесемін деп, бетіңді ашып сөйлесші,-дейді. Онда Жібек айтты:

 

— Сен Қаршығамысың?-дейді.

 

— Иә, шырағым, мен Қаршыға көкең,-деді.

 

— Сен Қаршыға көке болмай жерге кіргін, менің басым екі тайлық па еді, екі тайға менің басымды сатып, не бетіңмен ұялмай келіп тұрсың, онандағы кебініңді сәлде ғып тақсаң болмай ма?-деп жауап берді.

Сонда Қаршыға айтты:

 

— Шырағым, менің екі жорға алғаным рас, мен оны сізді көрсетуге алғаным жоқ, Төлегеннің жолдастарына тамыр болып алдым, сізді көрсетпекке дүниенің малын алмаспын, сіз үшін өзім басымды бәйгеге тігіп келдім, енігісін өзің біл, - деді. Сонда Қыз Жібек айтты:

 

— Ендеше, лебізің бекерге қалмасын бір көрінейін, әбден көрініп тұрсам келіспес, бұған былай қылайын деп ойлады: қасында үш қызы бар екен, пәуескенің түймелерін ағыттырды да, жарқ еткізіп бір көрінді дағы қайта жауып, жатып қалды. Сол бір көрінгендегі Қыз Жібектің сипаты бұл секілді көрінді:

 

Қыз Жібектің құрметі,

Жиһаннан асқан сәулеті,

Ләйлі, Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай.

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қыз Жібектің шаштары

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң

Сегіз бейіш ішінде

Хорлардың жаққан шырағы.

Дүрі – гауһар сырғасын –

Көтере алмай тұр құлағы.

Қыз Жібектің ақтығы –

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы –

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары –

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы –

Ай балтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар –

Нар бураның санындай.

Оймақ ауыз, құмар көз,

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң,

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Бір ауыз сөз сөйлескен,

Мұрадына жеткендей.

Тірісі түгіл, Жібектің,

Өлігіне адам қайырылып,

Бетінен келіп өпкендей.

Қыз Жібекті Төлеген,

Ақылымен танып тұр,

Көз мейірі қанып тұр,

Бейіштен жанған шамшырақ,

Көзі ойнап жанып тұр.

Белі нәзік талып тұр.

Тартқан сымнан жіңішке,

Үзіліп кетпей, нағып тұр.

 

 

Әлқисса, Төлеген ойлады, жиһанда бұл сипатты ұрғашы пенде көргенім жоқ еді, ені мұны алайын. Оған жай бір ауыз жауап айтып кетейін, бекер кеткенім жарамас деп ойлайды. Жамандауға бой сипатынан, байлығынан еш мін таба алмай, енді кесірлі екенсің деп, Төлеген мырза бір сөз айтады:

 

«Басыр, басыр, басыр-ау,

Аққа құлпы жасыл-ау.

Басыңды көтер, ей, Жібек,

Төлеген келді қасыңа-ау!

Қыз басыңмен алшаңдап,

Бүйте берме, ей, Жібек,

Жұртқа тиер кесірі-ау!

Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін,

Бүйте берме, ей Жібек,

Кесірің жұртқа тимесін!»

Қыз Жібек сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

«Олай болса, Төлеген,

Мен жайымды айтайын.

Ағыным судай ағады,

Халқым малдай бағады,

Жұртым қойдай қағады,

Менің қылған кесірім,

Саған кесір болса да

Өзіме майдай жағады.

Жалғыз атты жолаушы,

Жақындамай арман жүр,

Үстімдегі кесірлер –

Саған таман барады!

Ат байлаған ақыр тас,

Арқама біткен қолаң шаш.

Қайдан келіп кез болдың,

Қаңғырып өскен бір қубас!

Жалғыз атты жолаушы,

Кесірім ұрып кетпесін,

Қасыма келмей, аулақ қаш!»

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегене бүйдейді:

«Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін.

Қайдан білдің, Жібек-ау,

Іздеп келген Төлеген

Мал беріп сені алмасын?!

Аш қойныңа енбесін,

Ақ төсіңе мінбесін?»

Сонда Жібек сөйлейді:

 

«Жақсы айтасың, Төлеген,

Сіздей-сіздей әр жерден,

Неше жігіт келмеген.

Бәрі де айтқан «Жібек ау,

Сені алмасам» демеген» …

 

…Әлқисса, Төлеген үш ай қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болып, аттарын байлап қойып, таңнан жүреміз деп отырған күні, Жібек түс көреді. Түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып бір сөз деді:

 

«Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Төлегенге барып кел,

Тілімді алса жүрмесін.

Ата-анасы бар ма екен,

Жал-құйрығы сай ма екен,

Я болмаса, құдай-ай,

Қаңғырып өскен қу ма екен?

 

Атасының аты кім болар,

Апасының аты кім болар,

Сұрап келгін, жеңеше-ау,

Қандай заман күн болар.

Мен бүгін бір түс көрдім,

Түсімдде жаман іс көрдім.

Төлеген мінген көк жорға ат

Ер тоқымсыз бос көрдім.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық.

Алдында жанған шырағым,

Біреу үрлеп өшіріп,

Көзімнен болы сол ғайып.

Қолымдағы тұйғынның –

Зулап келіп аспаннан,

Желкесінен қиды бидайық.

Бендем десең, құдай-ай,

Бұл түс емес еді ғой –

Көруге маған ылайық.

Айналайын, жеңеше-ау,

Төлегеннің мен білдім,

Бір кеткен соң келмесін.

Жарық дүние опасыз,

Білдім көзге ілмесін».

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған кебеген,

Жеңгесі келсе алқынып,

Нағып жүрсің демеген.

«Айналайын, Төлеген,

Бикешжан бүгін түс көрді,

Тілімді алсам жүрмегін!

Анаңның аты кім болар,

Атаңның аты кім болар,

Айтып кеткін, шырағым,

Қандай заман, күн болар?

Бикешжан бүгін түс көрді,

Астыңдағы көк жорға ат

Ер тоқымсыз бос көрді»

Төлеген сонда сөйлейді:

«Ау жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Түс түлкінің б…еді,

Әр неме деп келмеші -ау!

Жаратқан мені бір құдай,

Өлім десе, көңілім жай.

Атамның атын айтайын –

Халықтан асқан Базарбай.

Қой, ішінде, марқа-ды –

Омырауа ділдә алқа-ды,

Шешемнің атын айтайын,

Алпыс жасар Қамқа-ды.

Өліп кетсем артымда,

Сансызбай атты інім бар,

Жібегім неден қорқады?

 

…Сәлем де Жібек қорықпасын,

Өліп кетсем, Жібекті,

Еш жаманға қор қылмас,

Сансызбай атты інім бар.

Шын тілесе бендеге,

Тәңірім тілек береді.

Көктеме мұнда келіп ем,

Енді қыс боп келеді.

Елімнің ақын, көсемі,

Батыр Шеге дер еді,

Ақылға арқан кен еді,

Олай-бұлай боп кетсем,

Сансызбайға басшы боп,

Еліңізге жетіп келеді.

Тірі тұрса жанымыз,

Есен болса тәніміз,

Көктем шағы болғанда,

Қазбен бірге келем деп

Не салса да Құдайым,

Жібек үшін көрем деп,

Жібекке ұғай сәлем» деп,

Енді атына мінеді.

 

Әлқисса, Төлеген неше милләт жол жүріп еліне келеді. Сау-сәлеметтікпен ата-анасымен қосылыпа той жасады, тойдың үстінде Базарбай баласынан жауап сұрады:

 

— Қандай адамға құда болдың? - деді. Төлеген барлығын баян етеді. Сонда Базарбай айтты:

 

— -Шырағым, қайныңа ені қашан барасың? - деді. Төлеген айтты:

 

— Жазғытұрым барамын, - деді.

 

Атасы айтты:

 

— Шырағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе, бермейсің бе? Ендігі жылы осы уақытқа шейін бармағын, онан кейін өзім қасыңа көп әскер қосып жіберейін, және тілегімді бердің бе?-деді. Онда Төлеген айтты:

 

— Ата ел елден артық болмайды екен, ешкімнің қызын көргенім жоқ, жақтырғаным да жоқ, немді берейін, — деп шығып кетті. Сонда Базарбай кеп жұртына айтты:

 

— Бұл балам тілімді алмады, тілегімді бермеді, Төлеген қайнына барамын десе, маған – көргенің ұстап, байлап алып келіп беріңдер, егер хошамет етіп біреуің жолдас болсаң, қолымды теріс жайып бата беремін, - деді. Қарияның бұл сөзінен қорқып жұрт ұстап бермекші болды.

 

Асып туған Төлеген

Жағалбайлы халқынан

Жабдықтап атын мінеді,

Гауһар, лағыл, алтыннан.

Жолдас ермей елінен

Жалғыз өзі жөнеді,

Бір ғашықтың зарпынан.

Қазың даусын есітіп

Сабыр етіп тұрмады,

Дүниеге мойын бұрмады.

Кетіп бара жатқанда –

Сансызбай жылап жүгірді,

Төлегеннің артынан.

Рахымы түсті басына,

Көзден аққан жасына,

Қу бауыры қия алмай,

Қайрылып келдді қасына.

Сансызбайдың Төлеген

Пәруана болды басына.

Бала келді жүгіріп,

Аш күзендей бүгіліп.

Төлеген тұры кете алмай,

Көзінен ағып қандды жас,

Қандай қиын бауылас,

Бордай болып үгіліп.

Қабырғасы сөгіліп.

Артынан жылап келген соң,

Көтеріп алды артына

Көзен жасы төгіліп.

 

Әлқисса, сол халде Төлеген айтты:

 

— Неге жылайсың, шырағым, жылама жеңешеңді алып келемін, - деді.

Сансызбай сонда сөйледі,

Сөйлегене бүй деді:

 

«Жыламаймын мен-дағы

Өзіңнің де көкежан,

Көзіңнің жасын тый деді.

Жылап отыр ата-анаң

Сапарыңды қи деді.

Көп жолдаспен барсаңшы,

Ел-жұртыңды жи деді.

… Сіз кеткен соң, көкежан,

Кемпір, шалдың қасында

Өзім жалғыз, өзім жас,

Боламын кімге сиынды?»

Төлеген сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

 

«Айналайын, қарағым,

Жауға барсам, жарағым,

Қабырғамда қанатым,

Артымдағы құйрығым,

Жетегіе жан атым!

Айналайн, жылама,

Жібек сынды жеңгеңді,

Алып келуге барамын…

Айналайын, Сансызбай,

Қолқанатым, құйрығым,

Судан шыққан сүйрігім,

Суырылып озған жүйрігім,

Көрмей бенде қоймайды,

Жаратқан ие алланың –

Тағдырда жазған бұйрығын!

Тірі болсам, қарағым,

Жеті айда келемін.

Ажал келсе алладан,

Үйде болсам да өлемін.

«Тілімді алмай кеттің»-деп,

Бермеді әкем батасын.

…Мен кеткен соң, қарағым,

Кемпір-шалға ие бол.

Ғинаят тіле құдайдан

Мәдет тіле пірлерден

Ақылменен іс қылғын,

Көзіңді кімге сатасың?

Олай-бұлай боп кетсем,

Сенен өзге кімім бар,

Алды артыңа қарағын

Мұрадыңа жеткізсін,

Шырағым сені бір құдай.

Көк бурылдай тұлпар бар,

Биыл құнан, былтыр тай.

Қас қылмаса құдайым,

Мінетұған бас атың,

Шырағым, саған саймасай,

Ат болғанда мінгейсің!

Алтын балдақ ақ семсер,

Саған арнап соқтырып,

Салып қойдым қынапқа,

Аш беліңе ілгейсің.

Талап қылып әр іске,

Теңіңмен ойнап күлгейсің.

Бұл сөзімді тыңағын,

Жеткіншегім, Сансызбай,

Жақсылармен жанасып,

Жұрт қаірін білгейсің.

Бадана көзді кіреуке,

Шар айнасы бес қабат,

Тоғыз қабат көк сауыт

Саған арнап соқтырып,

Будырып кеттім кілемге,

Оны үстіңе кигейсің.

Олай-бұлай боп кетсем,

Асыл туған Жібекті,

Еш жаманға қор қылмай,

Өзің бір алып сүйгейсің»

Бұл сөзді айтып Төлеген,

Сансызбайдың бетінен

Үш қайтара сүйеді,

Жерге алып қойып інісін

Қолұстасып, хоштасып,

Хош, алла деп жөнеді.

Базарбайдың Төлеген,

Жайыққа қарап жол тартып,

Алладан пәрмен тілеген.

Жайық пен теңіз арасы,

Он үш айлық жол екен.

Үш жарым айлық жолдың атырабы –

Қырық бес күндік шөл екен.

Шөл-жазира ішінде –

Қособа деген көл екен.

Ұры, кезеп, қарақшы

Мекен қылған жер екен.

Төлеген сынды мырзаның

Шалдығып келген уақытта,

Соғып бір кетер кезі екен.

Атаңа лағнат Бекежан,

Қыз Жібектің сыртынан,

Көп ғашықтың бірі екен.

Баяғы алпыс жігіт қасында

Төлеген ені келер деп,

Қособаның көлінде –

Жолын тосып жүр екен.

Төлеген тап сол күні келмесе,

Азықтары таусылып,

Қайтып бір кетер күні екен.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты,

Арада неше қоныпты.

Тұлпардан туған көк жорға,

Жүз күншілік жолынан

Он жеті күн су ішпей,

Шөлдеуменен зорықты.

Шөлдеген соң Төлеген,

Атынан көңілі торықты.

Жақындап суға келгенде,

Бесін мезгіл болғанда,

Базарбайдың Төлеген –

Бір шұбалған шаңға жолықты.

Шаңға таман салады,

Қасына жетіп барады.

Алдынан шығып алпыс жау,

Төлегенді қамады.

Базарбайдың Төлеген,

Алды-артына қарады.

Бесінде жаумен атысып,

Намаздыгер болғанша,

Алдырмай кетіп барады.

Еркімен аты жеткен соң,

Жау ортаға алады.

Сол уақыттар болғанда,

Жамандатқыр көк жорға ат,

Шөлеуменен зорығып,

Басын жерге салады!

Жау қамалап жеткен соң,

Атынан қару кеткен соң,

Базарбайдың Төлеген,

Тәңірге қылды наланы.

«Құдіреті күшті құдай-ай,

Батар күнмен батайын,

Бекежанды өлтіріп,

Тым болмаса құай-ай,

Жастығымды ала жатайын!

Мұсылман болса бұл жаулар,

Жақындап жауап қатайын».

Бұл сөзді айтып Төлеген,

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Қарсы қарап тұра қап,

Садақты қолға алады,

Толғай тартып қалады.

Кірістен әрі кетеді,

Топ арғынға жетеді.

Селдіреген шетінен –

Жетеуінен озып өтеді.

Енді оғын алғанша,

Қорамсаққа қолын салғанша,

Атаңа лағнат Бекежан,

Арғыннан шыққан қу екен,

Әккі болған сұм екен.

Төлегеннің артында –

Алпыс қадам жақындап,

Бір қурайды паналап,

Жеткен екен жағалап.

Төлегенді атқалы –

Жақынап келіп тұр екен.

Мылтыққа білте басады,

Аруағы асады.

Төлеген сыны мырзаның

Қанын судай шашады.

Қой құмалақ қорғасын,

Ажал болып жабысты.

Атаңа лағнат Бекежан,

Жібермеді намысты.

Базарбайдың Төлеген

Толықсып аттан тұрғанда,

Қолтығынан сүйейтін –

Таба алмаы танысты.

Бекежан атқан жалғыз оқ,

Маңдайдан келіп ұрады.

Алтын сүйек Төлеген,

Алланың салған қорлығы-ай,

Иттердің қылған зорлығы-ай,

Толықсып аттан құлады!

Жалғыздық түсіп басына,

Қамығып сонда жылады

Атаңа лағнат, алпыс ит,

Жанын өзі берсін деп,

Қорлықпенен өлсін деп,

Анталап келіп тұрады.

 

Әлқисса, сол халден Төлеген есін жиып алып, көзін ашып қараса, шалқасынан жатыр екен, барлық киімдерін алып қойыпты, сонда ьым болмаса бетімді жауып кетсеңші деп Бекежанға бір сөз деді:

 

-Пұл жібердім қалаға,

Бисағат күн, құдай-ай,

Мен шығыппын далаға,

Шығып едім, жолықтым,

Бұл секілді пәлеге.

Қарға-құзғын жемесін,

Жасыра кеткін жүзімді

Замандас едің, жан аға!

Пұл жібердім бақшаға,

Қызыл тіл енді қақсама.

Қарға-құзғын жемесін,

Жасыра кеткін жүзімді

Замандас едің, жақсы аға!

Төлегеннің тілдері,

Осы сөзге келеді.

Екінші сөзге келмеді.

Атаңа лағнат, алпыс ит,

Не айттың сірә демеді.

Бір баланың олжасын

Алпыс адам бөледі.

Мал опасыз деген сол,

Төлеген мінгег көк жорға ат,

Су ішіп әбден қанған соң,

Бір қарақшы астында

Ойнай басып жөнеді.

 

Әлқисса, Төлегенменен жерінен бірге шыққан алты қаз бар екен, суа келіп қонайын деп еді, жаулар атқылап қондырмады, айналып ұшып жүргене Төлеген көріп «аһ, дариға» деп қимылдауға халі келмей жатқан жерінде, сол қаздарға қарап бір сөз деді:

 

-Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етің шекер, сорпаң баз!

Атайын десем оғым аз

Қонар болсаң жануар,

Міне майдан, міне саз.

Өлмеген құлға құдай-ай,

Болып қалды енді жаз.

Атамды айтып қайтейін,

Шешемді айтып қайтейін

Мен кеткен соң, дариға-ай,

Көкешім деп Сансызбай,

Еркелеп кімге қылар наз.

Әуелеп ұшқан алтауың –

Жерге түсіп көлбейсің.

Сендер тірі, мен өлі,

Жатырсың неғып демейсің!

Қасірет, қайғы халімді

Неге келіп білмейсің?

Тілсіз мақұлық, жануар,

Бірге келген жолдасым,

Қасыма менің келмейсің?

Мұнан былай кеткенде,

Теңізге таман жеткенде,

Төбеге шықса, белім деп,

Ойға түссе, тыным деп,

Қартайған әкем Базарбай,

Алдыңнан шығып, жануар,

«Қарағым менің Төлеген,

Көрдің бе?» десе, не дейсің?

Онан арман өткенде,

Үйге таман жеткенде,

Жая десе, жал берген

Майға салып нан берген,

Әр алуан ас берген,

Алақандап өсірген,

Еркелік қылсам, кешірген,

Алпыс жасар сорлы анам,

Алддыңнан шығып, жануар,

«Құлыным менің Төлеген,

Көрдің бе?»десе, не дейсің?

Онан арман өткенде

Малға таман жеткенде,

Қарға жүнді қаттасым,

Үйрек жүнді оттасым,

Таласып емшек еміскен,

Бір төсекте жатысқан,

Көп қызыққа батысқан,

Тай құлындай тебіскен,

Асық ойнап алысқан,

Өлген ағасын көре алмай,

Бақылдаспай, қоштаспай,

Ажалым жетті алыста-ай,

Жалғыз інім, бауырым –

Қанатымда қияғым,

Табанымда тұяғым,

Жылжымас жерден ауырым,

Алдыңнан шығып Сансызбай,

«Көкешім менің Төлеген,

Көрдің бе?» десе, не дейсің?

Сауытының көзі сетіліп,

Сынбай кетті дегейсің!

Баратұғын жеріне,

Жетпей кетті дегейсің!

Алтынды сауыт, шөже көз,

Түймеден кетті дегейсің!

Өлі екенін білмейміз,

Тірі екенін білмейміз,

Қособаның жонына,

Қоса кетті дегейсің!

Маңдайынан аққан қан,

Жоса кетті дегейсің!

Алтыны жабдық, көкжорға ат,

Бір қарақшы қолында,

Босқа кетті дегейсің!

Қособаның жонындда,

Құс қонбас, құла жапанда

Жылай-жылай бір жалғыз,

Дүниеден өтті дегейсің!

Төлегеннің тілдері,

Осы сөзге келеді,

Ендігі сөзге келмеді.

Батқан күнмен қарайып,

Уа, дариға, құдай деп,

Өз иманын өзі айтып,

Жалғыз шыққан Төлеген,

Ақырет сапар жөнеді.

Маңдайдан атқан жалғыз оқ,

Желкеден ағып өтіпті.

Алланың жазған пәрмені,

Ажалы бүгін жетіпті.

Айтып-айтпай немене

Сол секілді асылдар –

Кебіні жоқ, көрі жоқ,

Ит пен құсқа жем болып,

Мұрадына жете алмай,

Арманда болып кетіпті.

 

 

 

"ҚЫЗ ЖІБЕК ЖЫРЫ"

 

Бұл – жырдың «Қисса «Қыз Жібек хикаясы» деген атпен Жүсіпбек Шайхисламовтың бастыруымен 1900 жылы Қазан қаласында жарық көрген нұсқасы. «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жарық көрген кітаптан алынды.

 

Мен сөйлейін, жарандар,

Тыңдап құлақ салыңыз.

Аз әңгіме қозғайын

Келгенінше халіміз.

Зекетсіз болса пайда жоқ

Қасықтап жиған малыңыз.

Қыз Жібекті тыңдаңыз,

Замандас еркек, ұрғашы,

Ақсақалды шалыңыз.

Жүсіпбек қожа жырласа

Қыз Жібектің сөзіне

Енді әбден қаныңыз.

 

Басында менен жайылды,

Қисса болып бұл Жібек.

Басы-соңына қарасам,

Бәрі шала сөзінің,

Еңіреп жылап жүр жүдеп.

Басында менен шыққанда

Тыңдаған адам жылаған,

Сүйейін мұны бір демеп.

Қиссасын қайта түзейін,

Әруақтарың жар болса,

Сіздер де мені жүр жебеп.

 

Осыны бұрын баспаға,

Кім жазғанын білмеймін.

Қисынсыз болған сөздері

Жыламақ түгіл күлмеймін.

Мыңнан озған жорғамын,

Ұлы дауға салғанда.

Қамшыласаң желмеймін.

Қисайғанда түзеткен,

Басында Тәңірім жаратты,

Әр нәрсеге бір себеп,

Қисса қылып жазып ем

Әуел бұрын басында.

Ғасылықтан жазып ем,

Үйсінге алғаш келгенде,

Жиырма үш жасымда.

Сол кездердің уақытында

Бар еді қайғы басымда.

 

Бір күндерде қарасам,

Баспа бопты бұл Жібек

Қисынсыз кетіп сөздері.

Баспаға жазған адамның

Әр сөзіне қарасам,

Ноғайлы екен өздері.

Қазақшаға төселмей,

Далаға көбін жіберген,

Әйтеуір бар іздері.

Әгар қазақ жазғанда

Жоқ па екен деп айтар ем,

Басындағы көздері.

 

Ал тыңдаңыз, жарандар,

Өзге сөзді қоялық.

Қыз Жібектен сөз қозғап,

Қызығына тоялық.

Сыры түскен жерлерін

Жаңғыртып қайта боялық.

Сөз дүкенін құрған соң,

Тамақ керек әркімге,

Бір тоқтыны соялық.

 

Кешегі өткен заманда,

Дін мұсылман аманда,

Кіші жүздің ішінде,

Жағалбайлы елі бар.

Жағалбайлының мекені

Ақ теңіз деген көлі бар.

Жаз жайлауын сұрасаң

Қара теңіз жағасы

Ұлан, Шәмбіл белі бар.

Жағалбайлы елінде

Базарбай атты байы бар.

Байлығын оның сұрасаң

Өлшеу қылып айтуға

Хисап жетпес жайы бар.

 

Байлығында өлшеу жоқ,

Жеті жүз түйе жүгі екен

Тілләсі менен жамбысы

Мың түйе жүк тағы да

Қант пенен шайы бар.

Аяқты малда хисап жоқ

Айдалып бағып жайылар.

 

Сол байда үш қатын бар, тоғыз ұл-ды,

Хисапсыз Тәңірі берген сонша пұлды.

Еліне оба келген бір кеселден

Бірі қалмай тоғыз ұл бәрі де өлді.

 

Тоғыз ұл ажал жетіп бәрі де өлді,

Ашумен алты қатын тағы да алды.

Базарбай сексен жасқа келген шақта

Тауыпты кіші қатын бір ұлды.

 

Оны тапқан қатыны қырық төрт жаста,

Бала жоқ өзгесінде мұнан басқа.

Періште сипат бір ұл берді Құдай

Жүргенде көзі толып қанды жасқа.

 

Төлеген деп қойыпты ұлының атын,

Құдай артық жаратқан оның затын.

Баланы сипат қылып айтып болмас

Көрген жан ақылынан бір талатын.

 

Базарбай баласына көңілі тойды,

Қайғыны ішіндегі бәрін жойды.

Тоғыз жылда артынан бір ұл туып,

Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды.

 

Жүріпті екеуіне қалың бермей,

Дұшпанның әрне деген тіліне ермей.

«Тірі жүрсе өздері алар бір қыз,

Өліп қалса, күйігін тағы көрмей.

 

Алса да патша қызын малым жетер,

Менікін жаратпаса сәнім кетер.

Күйікті қатты тартып жүрген басым

Жазым болса күйермін онан бетер».

 

Төлеген сонда он екі жасқа келді,

Қыз іздеп аралады тамам елді.

Он алты жасқа шейін қыз жаратпай,

Ат жетер жерді арылтып тамам қылды.

 

Еліне бір саудагер келді дейді,

Бұлардың әбден жайын білді дейді.

«Дүниеқор Базарбайды көрмедім» деп,

Саудагер мазақ қылып күлді дейді.

 

– Бұл малды бекер жиып керегі не,

Бермепті ұлының қалың біреуіне.

Көзінің ағы менен қарасындай

Артында жанға мирас, малға ие тіреуі не?

 

Сонда біреу айтады оның жайын:

– Бақ, дәулет берген артық бар Құдайым,

Ел-жұрттан қыз жаратпай жүр Төлеген,

Малын аяп жүрген жоқ Базарбайдың.

 

Мұны естіп сөйлейді қарт саудагер,

Ал сонда Төлегенді шақырып алар.

Төлегенге айтады: – Сүйінші бер,

Мен таптым жақсы қызды саған жарар.

 

Қыз жақпай өз еліңнен жүрсе саған,

Төлеген, сүйінші бер енді маған.

Елі бар Ақжайықта алты шекті

Аласың жақсы қызды барсаң соған.

 

Жайықта қызы сұлу артық ел бар,

Ерінбей қыз іздесең сен соған

Ерінбей қыз іздесең сен соған бар.

Шетінен-ақ аласыз бір сұлуды

Болмағын мұнда тұрып қаперің тар.

 

Әлқисса, сонда Төлеген мұны іздеуге көңілі кетті,

– Жолы бар неше күндік оның?– депті.

Саудагер айтты: – Жолы жүз күндік,– деп,

Төлеген іздемекке талап етті.

 

Төлеген он жетіге келген шағы,

Аз емес бір Тәңірінің берген бағы.

– Шөлі бар,– дейді саудагер,– қырық күншілік,

Төте жол жетпіс күндік болса-дағы.

 

Онымен жүре алмайсың барғанменен,

Өлесің жолда шөлдеп арманменен.

Жүр,– деді, – алыссынбай су жағалап,

Әрқашан бардың ісі пәрменменен.

 

Төлеген Ақжайыққа жүрмек болды,

Тәңірінің жазған ісін көрмек болды.

Басшы болып сол елді тапқан жанға

Жүз жамбы сүйіншіге бермек болды.

 

Жаратты бір қара көк тұлпар атты,

Өзі жорға жануар құс қанатты.

Тұрманының һәммасын алтындатып

Күміспенен төрт аяғын тағалатты.

 

Шамшырақ тас орнатты жүген, ерге,

Басшы, қосшы жүз жігіт алды бірге.

Тоғыз нарға алтын мен күміс артып,

Бес жігіт тағы да алды қызметкерге.

 

Ерлерге жәрдем берсін бір Құдай-а,

Қырық түйе болды азық қант пен шайы.

Азық-түлік һәммасын даярлап ап

Жөнелді туғаннан соң наурыз айы.

 

Әлқисса, ендігісін үшбу хикаяны жырлап сөйлейін.

Хикая Төлеген.

 

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Сексен жігіт қосшы алып,

Он бес жігіт басшы алып,

Ақжайыққа жөнеген.

Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы кешесі.

Падишадан кем емес

Ер Төлеген мүшесі.

Әулиеге ат айтып,

Қорасанға қой айтып,

Шыбын жанға жан айтып,

Артынан қуып келіпті,

Өлгенде көрген шешесі.

 

Шешесі келіп сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

– Мінген де атың аласың,

Менен туған баласың.

Халал бала тастай ма,

Атасы менен анасын.

Қал дегенде қаласың,

Айтқан тілді аласың.

Қал дегенде қалмасаң

Айтқан тілді алмасаң,

Құрттың анаң шарасын.

Өлгенде көрген қарағым,

Ата-анаңды зарлатып,

Қай жаққа кетіп барасың?

 

Анаң келді зарланып,

Әкең отыр сандалып,

Көре алмаған көп дұшпан

Сыртыңнан келер қамданып.

Сен кеткен соң, қарағым,

Өледі кемпір-шалыңыз,

Сансызбай болса жас еді

Жүреміз кімге алданып?

 

Төлеген сонда сөйлейді:

 

– Қой, шешеке, жылама,

Жылағаның бола ма?

Бекер босқа, шешеке-ау,

Көзіңнің жасын бұлама.

Жиырмаға келгенше,

Маған қалың бермеген,

Тең құрбымдай көрмеген,

Құм құйылсын көзіңе,

Осы екен сізге сыбаға.

 

Шешесі сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Келгін, балам, қайт-сәна,

Әкеңе сырың айт-сәна.

Патша қызын алсаң да

Өз еліңде жат-сәна.

Біреудің тілі тимей ме,

Қартайған әкең Базарбай

Сенің үшін күймей ме?

Ел ішінде тентек көп,

Жаһан кезіп жүргенде,

Тентіреген демей ме?

Ата-анасын зарлатып,

Бір қыз үшін кетті деп,

Дос-дұшпаның күлмей ме?

 

Төлеген сонда сөйлейді:

 

– Айналайын, шешеке-ау,

Тай, құнан, қой қаңғырып

Бұралқы болар қораға.

Бір сұлу алмай, шешеке-ау,

Сірә да, көңілім тына ма?

Талап қылған ісінен

Ат басын ерлер бұра ма?

Жаман-жақсы болса да

Алланың болар әмірі,

Өз айтқаның бола ма?

Тілімді алмай кеттің деп

Ғамкүн болып жылама.

Мен Жайықтан келгенше,

Жүзіңді аман көргенше,

Тапсырдым ата-анамды,

Жаратқан Қыдыр Құдаға.

 

Анасы сонда сөйлейді:

 

– «Өлкенің көркі тал болар,

Өзеннің көркі жар болар,

Жігіттің көркі мал болар».

Малың болса, қарағым,

Қара басың хан болар.

Алуа асап, іштің бал,

Жая шайнап, жедің жал,

Кетер болсаң, қарағым,

Жылқыдан таңдап қырық жорға ал.

Сансызбай болса жас еді,

Сен кеткен соң, қарағым,

Сүйеніп кімге күнелтер,

Артыңда қалған кемпір-шал?

 

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Мінген атым аламын,

Сенен туған баламын.

Көңіліме түсіп бір қиял

Сапар шегіп барамын.

Алла нәсіп әйласа,

Бір сұлуды аламын.

Алла нәсіп қылмаса,

Ендігі сөздің қысқасы

Меккеге таман барамын.

 

Әлқисса, онда анасы ойлады «менің балам бұ сапардан қайтпайын деп талап қылған екен. Бұған ризалық батамды беріп жіберейін» деп, Аллаға Тағала, екінші әнбие-әулиелерге тапсырып мінәжат қылғаны.

 

Анасы ғаріп жылайды,

Жылайды да толғайды.

Қой десе де баласы

Оған, сірә, болмайды.

Бір сұлу қыз алмай Төлеген

Дүниеге көңілі толмайды.

Шешесі сонда сөйлейді:

 

– Аһ дедім, Құдай-а,

Дәргаһыңа бас ұрдым.

Сөзді сөзге ап келіп

Күйгенімнен жапсырдым.

Кетер болсаң, қарағым,

Әуелі Құдай мен сені,

Кәміл пірге тапсырдым.

Көл егесі Қамбар-ау,

Шөл егесі, Қамбар-ау,

Қарағыма көз сал-ау.

Рақым қылсаң, Құдай-а,

Сенен өзге кім бар-ау?

Ғашықтардың пірі едің

Ләйлі-Мәжнүн сіз бар-ау,

Ғашықтардың сәруары,

Зылиха-Жүсіп пайғамбар,

Әйелдің пірі Бибі Бәтима,

Баламды сізге тапсырдым.

Адасса жолға салып жүр,

Сүрінсе қолдап алып жүр,

Пәлекет кетсе қағып жүр,

Қосақтап қойдай бағып жүр.

Бір ғашықтың дертінен

Қарағым, менің нағып жүр.

Хазірет ер сұлтан

Рақым қылып сіз тұрсаң,

Баба түкті шашты Әзіз,

Баламды сізге тапсырдым.

 

Әлқисса, бұ сөзді айтып анасы қайтып кетті. Онда Төлеген қасындағы жігіттерге айтты:

 

– Анамның маған не айтқанын білдіңіздер ме?– деді. Жігіттер айтты:

 

– Ешнәрсе білмедік – деп. Төлеген айтты:

 

– Мен кірекеш емеспін, болмаса көп жігіттер ертіп баратұғын. Жортуылшы болмасам, мұным жарамайды екен. «Жылқыдан жорға ал» деді ғой, – деп, ол жерге тоқтап, қайтып келіп жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салды.

 

– Әркім жақсы қызы болса әкеліп көрсетсін. Өзі ап келіп көрсеткен адамға қызын алсам да беремін бір жорға, алмасам да беремін бір жорға, – деп. Жұрт есітіп қыздарын жиып келіп көрсетті. Бір жорғадан келген қыздар алып қайта берді. Ешбірін жаратпады. Бірнеше күнде екі жүз он қыз көрді, екі жүз он жорға берді. Сонда қасындағы сексен жігіттер ойлап кеңесті:

 

– Бұ Төлеген малды бекер ысырап қылды. Ендігі келген қыздарды өзіміз көрелік. Жаһаннан асқан сұлу қыз болса Төлегенге көрсетелік, болмаса «Төлегенді білмейміз» деп, жасырып көрсетпелік. Болмаса Төлеген қалған қырық жорға біткен соң біздердің астымыздағы атымызды да берер. Онан соң жаяу қалып, елден жүген алып, ат іздегеніміз жарамас, – деп келген қыздарды даладан қайтарды.

 

Онда Төлеген: – Бұ елдің қыздары сұлу деген саудагер шал бекер айтқан екен, – деді.

 

Сол уақытта алты шекті елінің ханы Сырлыбай деген бар еді. Ол ханның алты ұлы бар еді. Және ханның ең кенжесі Жібек сұлу деген жалғыз қызы бар еді. Және ханның Қаршыға жыршы деген ақын уәзірі бар еді. Ол Қаршыға сенімді болған соң ханның тоғыз мың жылқысы бар еді, жылқыны отарға шығарып, Қаршығаны жылқышылардың басы қылып қойған еді. Ол Қаршыға Төлегенді естіп бармақ болды. Қаршыға ойлады «мен Төлегенді көрейін. Төлеген маған жақса, Қыз Жібек те жақтырар» дейді. Мұны ойлап, бір бедеу атты алдырып мініп, Төлегенді іздеп келеді.

 

Отарда жатқан Қаршыға

Бір бедеуге мінеді,

Алладан пәрмен тіледі.

Ойпаң жерден орғытып,

Жарлау жерден ырғытып,

Тегіс жерден сырғытып,

Аяңдамай желеді.

Сексен жігіт елшіге

Салып жетіп келеді,

Келіп сөйлей береді:

 

– Асу да асу бел, – дейді,

Аса бір соққан жел, – дейді.

Сексен жігіт ішінде,

Базарбайдың баласы

Төлеген мырза кім? – дейді.

Басыр, басыр, басыр-ды,

Аққа құлпы жасыл-ды.

Сексен жігіт ал сонда

Төлегенді жасырды.

 

– Мінгенде атың дөнен-ді,

Көкке тойған көбен-ді.

Біз білмейміз, Қаршеке-ау,

Төлеген мырза дегенді.

 

Сонда Қаршыға бұлардан жол болсын сұрап айтқаны:

 

– Ассалаумағалейкүм, көп жігіттер,

Сайланған бәрің бірдей бек жігіттер.

Сайланып шыға қапсыз табыңыздан

Сөйлей тұр сөзің болса, ей, жігіттер.

 

– Келеміз елімізден біз жолаушы,

Бет алып шыққан жерім Көкбояушы.

Үйірін қысырақтың жауға алдырып,

Келеміз сұрау салып біз сұраушы.

 

– Күн көріп жүруші едім өнерменен,

Төтелеп келдім сізге кемерменен.

Көрдім де қараларың жанай шаптым,

Баласы Базарбайдың дегенменен.

 

– Келіпсіз біздің көріп қарамызға,

Жауапқа жауап таппай қаламыз ба?

Сыртынан Базарбайды естуші едік,

Төлеген біздің жоқ-ты арамызда.

 

– Әр жерден асып туған тегім деп ем,

Төлеген жұрттан асқан бегім деп ем.

Сұрасам жолаушыдан сіздер дейді

Жасырдың Төлегеннің несін менен?

Осынша осы Төлеген жасырынып

Ол өзі кімнің ұрлап ақын жеген?

 

Әлқисса, онда Төлеген шатырда жатыр екен. Қаршығаның сөзін естіп «бұлар мені неге жасырып тұр» деп сығалап қараса, Қаршығаның түрі жақсы адам екен. Шатырдың есігінде тұрған көп жігіттерге бұлай тұр демей, шатырдың іргесін көтеріп шығып, Қаршығаға өзін танытып, бір сөз деді:

 

– Ассалаумағалейкүм, Қаршеке,

Мен едім Базарбайдың Төлегені,

Қозының ерте туған көбегені.

Қаршекем араз ба еді, бұрын маған

Қасыма танып тұрып келмегені?

Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы,

Алланың шыныменен сүйген құлы.

Қаршекем сәлем берсем қарамайды

Бар еді Төлегеннің неден міні?

 

Осы келген Қаршыға

Табынан асқан ер еді.

Шетте тұрған Қаршыға

Төлегенге келеді,

Келіп сөйлей береді:

 

– Ауыл алды бел,– дейді,

Белден көшкен ел,– дейді,

Сексен жігіт ішінде,

Базарбайдың баласы,

Төлеген мырза, сен,– дейді.

Нәсіліңе қарасам

Қас патшамен тең,– дейді.

Мен жайымды айтайын,

Алты шекті елінде

Сырлыбай ханның уәзірі,

Қаршыға жыршы мен,– дейді.

Төлеген болсаң сен,– дейді,

Кел, соңымнан ер,– дейді.

Жұртқа берген олжаңнан

Бүлдірмей маған бер,– дейді.

Мен бір сұлу табайын,

Патшамыздың жалғызы

Аты Жібек сұрасаң,

Кереметім көр,– дейді.

 

Базарбайдың Төлеген,

Қаршығадай ақынның

Бұ сөзін мақұл көреді.

Айдап жүрген жорғадан

Екі жорға береді.

Сексен жігіт елшіден

Бес жігітті бөледі.

Өзгесін елге қайтарып,

Қаршығамен ілесіп,

Ақжайыққа жөнеді.

 

Неше дүркін бел болып,

Ойпаңды жер қыр болып,

Төлегеннің сөздері

Соңғыларға жыр болып.

Ойынға бала шығады,

Айдын көлдің шетіне,

Адам қарап болмайды,

Ер Төлеген бетіне.

Қамшы басып кіш-кіш деп,

Көкжорға аттың көтіне.

Дәл сегіз күн жол жүріп,

Аз ғана емес мол жүріп,

Сонда жеткен секілді

Ақжайықтың шетіне.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты.

Арада неше қоныпты,

Жетемін деп зорықты.

Сәске махал болғанда,

Қыз іздеген Төлеген,

Көшкен бір елге жолықты.

 

Әлқисса, онда Қаршыға айтты: – Біздің ел жайлауға қарай бұзыла көшкен екен. Мен енді Жібекті Төлегенге көш жөнекей көрсетейін, – дейді. Қасындағы бес жігітті сол жерге тастап кетті: – Сіздер асықпай түстеніп, артымыздан жай келіңіздер, – деп. Екеуі қалың көшті аралап, аттарына қамшы басып «шүу» деді.

 

Базарбайдың Төлеген

Талай көштен өтеді,

Сонда бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Шытырма көйлек етінде,

Нұр сәулеті бетінде,

Бұралып кетіп барады

Перінің қызы секілді.

Өзі он төрт жасында,

Жарқыратып маңдайын

Айырып қойған кекілді.

«Осы екен, – деп,– Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына,

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға,

«Жібек емес» деген соң,

Онан бір өтіп жөнеген.

Енді онан өтеді,

Және бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Таң мезгілі болғанда,

Шолпанның туған жұлдызы,

Кигені Алтай қырмызы.

Бейіштен шығып келмесе,

Бұ жалғанда хор қызы.

Сондай-ақ болып туар да

Адамзаттың бір қызы.

«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға,

«Жібек емес» деген соң

Онан да өтіп жөнеген.

Қаршығамен ілесіп,

Төлеген көңілі түзелді.

Асығып жүрді тез енді,

Бір көрмекке Жібекті

Төлеген мырза кезенді.

Қаршыға мен Төлеген

Жағалай салды өзенді.

Сол уақытта алдынан

Бір көш шықты түбектен.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Отыз түйе жетелеп

Сары мая үлектен.

Мұрындығы сары жез,

Бұйдасын ескен жібектен.

Толған айдай толықсып,

Ақ сазандай бұлықсып,

Бұралып кетіп барады

Неше алуан қылықсып.

Мұны көріп Төлеген

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады.

«Осы ма,– деп,– Қыз Жібек»

Қаршығадан сұрады.

 

Қаршыға жетіп келеді,

Әзіл айтып күледі,

«Бұл емес, – деп,– Қыз Жібек»,

Онан да өтіп жөнеді.

Онан өтіп Төлеген

Атына қамшы басады.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Аузынан көбік шашады.

Жер тарпынып жануар

Ауыздықты басады.

Алдындағы белестен

Орғытып келіп асады.

Белестен түсіп желеді,

Ойға түсіп келеді,

Тағы айқасты бір көшке.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Жанасалай сұлудың

Қасына жетіп келеді,

Төлеген мырза көреді.

Көш алдында сұлудың

Он қыз нөкер қасында,

Өзі он бес жасында,

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында.

Қырық нарға жүк арттырған,

Қымқап зерлі кілемді

Жүк үстіне жаптырған.

Қазинелі қырық нарға

Жібектен арқан тарттырған.

Әсемдіктің бәрін де

Бұ жаһаннан арттырған.

Дүрия бешпент белсеніп,

Бұ дүниені кең салып,

Алтындай қамшы қолға алып,

Әб жыландай толғанып,

Бұралып кетіп барады,

Жын соққандай теңселіп.

«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Тау басында қарағай,

Төлегеннің мінезі

Болып кетті баладай.

Осындай болып әр жерден,

Он бір қыз өтті сәулетпен

Бәрі де қалды жарамай.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Орта бойлы дембелше,

Алтынды камзол жейдеше,

Сипатына қараса

Бұрынғы қыздан өзгеше.

Алтын шыны кеседей,

Екі көзінің шарасы.

Бейіштен жанған шамшырақ

Көзінің гауһар қарасы.

Туған айдай иілген

Екі қастың арасы.

Сымға тартқан күмістей

Он саусақтың саласы.

Сондай-ақ болып туар да

Адамзаттың баласы.

«Осы екен, — деп, — Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Енді онан өтеді,

Және бір көшке жетеді.

Көш алдына қараса,

Бір қыз кетіп барады.

Қара жорға мінгені,

Қара торқа кигені,

Екі көзі сүрмелі.

Бұ сияқты перизат,

Қыз іздеген Төлеген

Жоқ еді, сірә, көргені.

Сексен түйе қомдаған,

Сексені де болмаған.

Сексен түйе үстінде

Алтынды жағдан орнаған.

Асфаһани кілем бар,

Жібектен гүлін торлаған.

Қыз сипатына қараса,

Ақ бетінде кіршік жоқ

Айдын көлдің қуындай.

Екі көзі жалтылдап

Патшаның алтын тонындай.

Сөйлеген сөзі мазалы,

Әб зәмзам суындай.

Аузынан шыққан лебізі

Сары алтынның буындай.

«Осы екен,– деп,– Қыз Жібек»,

Жетіп келді қасына

Базарбайдың Төлеген.

 

Артынан келіп Қаршыға

«Жібек емес» деген соң,

Онан да өтіп жөнеген.

Онан өтіп Төлеген

Атқа қамшы салады.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Көзі оттай жанады.

Сымға тартқан күмістей

Сүмбілдей болып жарады.

Тағы айқасты бір көшке,

Көш алдына қараса

Бір бәйбіше нұрлы жүзді

Көшті тартып барады.

Көш алдында бәйбіше

Сары алтыннан жабдығы.

Екі жүз түйе қазине

Қызыл алтын сандығы.

Ағажүніс перідей

Көркі раушандығы.

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері

Әлгі қыздан салдығы.

Айдың өткен нешесі,

Ай қараңғы кешесі.

Жазығы қатын демесең,

Қартайса да ілгері

Әлгі қыздан мүшесі.

Асылдай болып есіліп,

Нұрдай болып шешіліп,

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жалтылдап,

Алтынды кебіс сартылдап,

Көшті тартып барады,

Жібекті тапқан шешесі.

Жібекті тапқан шешесі.

Берсе Тәңірі жігітке

Ертесі мен кеші не?

Ертеңгі күн бесінде,

Зорға жеткен секілді,

Қыз Жібектің көшіне.

Көш сәулетін қараса,

Асфаһанның жауһары,

Стамболдың гауһары.

Тамаша қылған адамның

Тояды көзінің баһары.

Хисабы жоқ дүниені

Есептелік несіне.

Келсе Жібек жоқ екен

Сол секілді көшінде.

 

Мұны көріп Қаршыға

Атының басын бұрады,

Әңгіме дүкен құрады:

 

– Жібекжан қайда кеткен? – деп,

Әккі болған Қаршыға,

Шешесінен сол жерде

Сылтауратып сұрады.

 

– Жібекжан ерте кеткен,– деп,

Болжалды жерге жеткен,– деп,

«Көшпенен бірге жүргенде

Бетіме тозаң тиер» деп,

Көк пәуеске күймемен

Азаннан тұрып кеткен,– деп,

Шешесінің сол жерде

Бұларға берген жауабы.

 

Әлқисса, енді Төлеген менен Қаршыға Жібектің [шешесінен] бұ сөзді [естіп], көштің алдына шықты. Жібектің сонда арбасының ізіменен көш басшыларының ізінен басқа ешкімнің ізі жоқ екен. Оны көріп аттарына қамшы басып, «шүу» деді.

 

Найзасы аумай қолынан,

Желі тұрып оңынан.

Ай мүйізді қошқардың

Бөрі тартар қоңынан.

Төлеген сонда жөнелді

Кеткен Жібек соңынан.

Базарбайдың Төлеген

Енді белін түйінді,

Асыл киім киінді.

«Бағымды, Алла, ашқыл» деп,

Пірлеріне сыйынды.

Атқа салды сәндікке,

Төгілдіріп кілемді.

Енді ойланып Төлеген

Келгеніне өкінді.

Тұлпардан туған көк жорға ат

Ор қояндай секірді.

Қаршығаменен ілесіп,

Атқа қылды өкімді.

Ертеңгі күн бесінде,

Қыз Жібектің ізімен

Келе жатқан секілді.

 

Алмас қылыш сартылдап,

Алтынды жүген жарқылдап,

Көк жорға тұлпар қырланды

Екі көзі жалтылдап.

Өмілдірік сом алтын

Омырауда алқылдап.

Солқылдайды қара жер

Көк жорға ат басса былқылдап.

Ұршықтай саны бұлтылдап,

Құйындай шаңы бұрқылдап.

Алмас қылыш белінде

Қолында найза қылтылдап.

Төрт тұяқтан шыққан от

Шақпақ тастай жылтылдап.

Құлақ салсаң дабысы

Тау суындай сыңқылдап.

Қолтығынан аққан тер

Төгіледі шылқылдап.

Шамның жанған шырағы,

Жақынның болмас жырағы.

Жеті қырдан асқанда,

Күлдірлеген қоңырауды

Есітті сонда құлағы.

 

Шапса балта өтер ме,

Шағырлаудың тасына.

Нелер келіп, не кетпес,

Ер жігіттің басына.

Қоңырау дауысы келген соң,

Көк жорға атты ағызып

Жетіп бір келді қасына.

 

Әлқисса, Төлеген қасына келіп алдына бір шықты, артына бір шықты, Жібекті көре алмады. Пәуескенің қақпағы жабулы. Үш қара жорға атты тройкеге жегіп бара жатыр екен. Қайтерін білмей, артына қараса Қаршыға көзінің ұшында қалған екен. Тағат қылып тұра алмады. Және көшірінде отырған кісі жоқ, Жібектің ешнәрсеменен ісі жоқ. Сонда Төлеген қызды шақырып айтқаны.

 

«Кім бар деп бұл күймеде» дауыстады,

Ақылын ашуланып тауыспады.

Төлеген үш қайтара шақырса да,

Қыз Жібек сөйлесуге намыстанды.

 

Төлеген сонда тұрып қапа болды,

Өзінің елін ойлап іші толды.

– Қыз түгіл өз елімде еркек қорыққан

Қайран басым, бұл жерде бекер болды.

 

Өз елімде тең едім хан затымен,

Алдыма келмеуші еді жан атымен.

Мынау қыз жауап бермей қапа қылды,

Жүргенсіп өз елінде сәулетімен.

 

Төлеген қапа болып, қалды тұрып,

Атының кейін қарай басын бұрып.

Сол уақта Қаршыға да жетіп келді,

Сөйлеспей Жібек кетті Құдай ұрып.

 

Қаршыға Төлегенге келді жетіп,

Атына қамшы басып екпіндетіп.

Төлеген Қаршығаға сөз сөйлейді:

– Кетті, – деп,– жауап бермей, қапа етіп.

 

Әлқисса, онда Төлеген айтты: – Бұл Жібек маған шақырсам жауап бермейді, ақымақ адамдарға ұқсап, бұ қалай? – дейді. Сонда Қаршыға айтты: – Мұның бектігі бар, ешкім бұған ондай дауыстап сөйлескен емес. Енді мен сөйлесейін, – деп Қаршығаның Жібекке келіп айтқаны:

 

– Ұядан ұшқан балапан

Қанаттарын тарайды.

Асыл туған анадан

Әрбір іске жарайды.

Сенің үшін құрметіңе, қарағым,

Тігемін алтын сарайды.

Данышпан адам дүниенің

Парасатын қарайды.

Ақы алып қызмет қылғанды

Оны да іске санайды.

Көтергін, Жібек, басыңды,

Ертіп келдім бір жігіт

Тап өзіңе лайық,

Жақтырмап едің талайды.

 

Басыңды көтер, Жібекжан,

Құлағың салып сөзіме.

Қасымда тұр бір жігіт

Тап лайық өзіңе.

Нұр жігіттей жүзі бар,

Бал шекердей сөзі бар.

Талай бекзат көріп ем,

Мыңын жисаң осының,

Жетпейді басқан ізіне.

Қаршыға сынды көкеңді

Қапа қылмай, қарағым,

Бір қарашы жүзіне.

 

Сонда Жібек сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Көке болмай жерге кір,

Салмаймын құлақ сөзіңе.

Бай тауып маған апкел деп

Қашан айттым өзіңе?

Жөндеп баққын малыңды,

Бет алдыңа сандалмай,

Жолама менің ізіме.

 

Екі тайға ұялмай

Мені сатып сыртымнан,

Не бетіңмен сөйлейсің,

Көрінбей жөнел көзіме!

 

Қаршыға сонда сөйлейді:

 

– Рас менің, Жібекжан,

Екі жорға алғаным.

Неге айтайын сөзімнің

Расын айтпай жалғанын.

Мақұл ма екен, Жібекжан,

Сөздің жөнін байқамай,

Өтірік жанжал салғаның?

Екі жорға мен алдым,

Төлегенге дос болып.

Нан, қарағым, сөзіме,

Көңілің маған хош болып.

Жолыңа сенің басымды

Бәйгіге тігіп мен келдім.

Сегіз күн ұдай жол жүріп,

Ерте көшіп, кеш қонып,

Басыңды көтер, Жібекжан,

Қайтпасын еңбегім еш болып.

 

Әлқисса, сонда Жібек ойлады «бұ Қаршыға адамсынып келген екен. Бұған көрінбесем ұят болар және әбден бетімді ашып отырсам тағы жарамас» деп, бетін бір ашып жарқ етіп көрініп амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды.

 

Қасында үш қыз бар екен. Сол уақытта Жібектің сипаты Төлегенге бұ сықылды көрінді.

 

Әлқисса, сондағы Жібектің порымын баян қылалық.

 

Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулеті.

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай,

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында-ай.

Қыз Жібектің дидары

Қоғалы көлдің құрағы.

Көз сипатын қарасаң

Нұр қызының шырағы.

Дүр жауһар сырғасын

Көтере алмай тұр құлағы.

Бой нұсқасын қарасаң,

Бектер мінген пырағы.

Қыз Жібектің ақтығы

Наурыздың ақша қарындай.

Ақ бетінің қызылы

Ақ тауықтың қанындай.

Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы

Ай балтаның сабындай.

Төсінде бар қос анар

Нар бураның санындай.

Оймақ ауыз, құмар көз

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Екі ауыз сөз сөйлескен

Мұратына жеткендей.

Тірісі түгіл Жібектің

Өлігіне адам қайрылып,

Бетінен келіп өпкендей.

Қыз Жібекті Төлеген

Ақылменен танып тұр,

Көз мейірі қанып тұр.

Бейіштен жанған шамшырақ

Көзі жайнап жанып тұр,

Белі нәзік талып тұр.

Тартқан сымнан жіңішке

Үзіліп кетпей нағып тұр.

 

Әлқисса, енді Төлеген ойлады «жаһанда бұ сипатты ұрғашы көргенім жоқ еді. Енді мұны алайын» дейді. «Оған шейін бір-екі ауыз сөз сөйлесіп кетейін, бекер кеткенім жарамас» деп жамандауға тал бойынан тарыдай мін таба алмай, енді байлығынан һәм кемдік таба алмай, «кесірлі екенсің» деп айтайын деп Төлегеннің айтқан жауабы-дүр:

 

– Басыр, басыр, басыр-ау,

Аққа құлпы жасыл-ау.

Басыңды көтер, әй, Жібек,

Төлеген келді қасыңа-ау.

Қыз басыңмен алшақтап

Бүйте берме, әй, Жібек,

Жұртыңа тиер кесірі-ау.

Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін,

Қыз басыңмен алшақтап,

Бүйте берме, әй, Жібек,

Кесірің жұртқа тимесін.

Жібек сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Олай болса, Төлеген,

Мен жайымды айтайын.

Ағыным судай ағады,

Халқым малдай бағады,

Жұртым қойдай қағады.

Менің қылған кесірім,

Саған кесір болса да,

Өзіме майдай жағады.

Жалғыз атты жолаушы,

Жақындамай әрмен тұр.

Үстімдегі кесірлер

Саған таман барады.

Ат байлаған шағыр тас,

Арқама біткен қолаң шаш.

Қайдан келіп кез болдың,

Қаңғырып өскен бір қубас?

Жалғыз атты жолаушы,

Кесірім ұрып кетпесін,

Қасыма келмей аулақ қаш.

 

Төлеген сонда сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Қыз Жібек мінген күймесін,

Күймеге тағып түймесін.

Қайдан білдің, Жібек-ау,

Іздеп келген Төлеген

Мал беріп сені алмасын,

Ал қойныңа енбесін,

Ақ төсіңе мінбесін?

 

Сонда Жібек сөйлейді:

 

– Жақсы айтасың, Төлеген,

Сіздей-сіздей әр жерден,

Неше жігіт келмеген.

Бәрі де айтқан, «Жібек-ау,

Сені алмасам» демеген.

Көбісі келмей шеніме

Бейдәркаһ болып жөнеген.

Келсең кел, шындап қасыма,

Шай мамығым басыңа,

Ап жатпас па едім қасыма.

Алуа, шекер беремін

Ішетұғын асыңа.

Келсең келгін, Төлеген,

Құрметім мұндай, мінеки,

Келмесең әрмен кете бер,

Бар дамбалым басыңа.

 

Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Олай десең мен саған жеңген жерде сөйлесейін, – деп, атының басын бұрып алып, қайтып келіп, Қаршығаны басшы қылып жүріп, екі жүз елу ат сатып алды. «Осының бәрін бата аяққа берсем де құда болармын» деп, екі жүз елу жылқыны алдына салып айдап, Сырлыбай ханның артынан қуалап келе жатыр еді, алдынан он шақты жасауыл шыға келді. Сәлем берісіп, жол сұрасты. Онда жасауылдар айттылар: – Біздің ханымыз ашу қылып жатыр. «Қаршығаның қылып жүргені немене? – деп, – Менің сыртымнан билеп, Жібегімді бір қаңғырған жалғыз атты жолаушыға көрсетіп жүр, – деді, – Басын базарға салып, бұ қалай, ұялмай масқара қылып. Ол Қаршығаны жігітіменен алып кел. Екеуін де жазасын берейін деп біздерді жіберді, – дейді.

 

Сонда Қаршыға айтты: – Олай болса жүріңдер, өзіміз де келе жатырмыз, – деп. Заулап ауылға жақын келген соң қараса, хан бектеріменен төбенің басына шығып отыр екен. Оны көріп Қаршыға айтты: – Біздер жасырынып тасада тұралық. Жолдастарыңменен өзің бар. Төлеген екеніңді біліп ашуланғанша өзі де жөнделіп қалар, – деп жіберді. «Бізді көрген соң ашуланып отырғанда жарамас» деп. Онда Төлеген жылқыны ауылының үстіне жая салып, төбенің басында отырған хан мен бектерге келіп, сәлем беріп, Төлегеннің айтқан жауабы:

 

– Болғанда айдай әлем, күндей күлем,

Аузымды ашсам денемнен қайнайды өлең.

Отырған мәслихат қып ақсақалдар

Сіздерге Төлеген кеп берді сәлем.

 

Сонда олардың Төлегенге берген жауабы:

 

– Уағалейкүмассалам, жаным балам,

Жүріпсіз ат жаратып бәрің тамам.

Келіпсіз ат сабылтып алыс жерден

Сөйлей тұр сөзің болса, шыраққанам.

 

Онда Төлеген сөйлейді:

 

– Ойлаймын келе жатып ақыл, айла,

Ойлаған ақыл, айла жанға пайда.

Ат сабылтып келеміз алыс жерден

Жібек сұлу дегеннің ауылы қайда?

 

Хан сөйлейді:

 

– Бәріңнің бір-бір бедеу мінісіңіз,

Ойын, күлкі сәулетпен жүрісіңіз.

Жібек сұлу дегеннің ауылы жақын

Бар еді, балам, қандай жұмысыңыз?

 

Төлеген сөйлейді:

 

– Көріп ем Қыз Жібектің бұрын түсін,

Бітпеген еш пендеге ондай пішін.

Қыз Жібек Төлегенге тимек болған,

Қаршекем арасында жүрмек болған,

Келемін ат шаршатып соның үшін.

 

Онда хан сөйлейді:

 

– Тіккені саудагердің қосы ма еді,

Ғайып ерен қырық шілтен досы ма еді?

Кешегі Төлегенді жамандаған

Көп дұшпан көре алмаған қасым ба еді?

Жібегім тисе тисін, өз теңі екен,

Кешегі айтқан Төлеген осы ма еді?

 

Жібегім Төлегенді көрген екен,

Жібекжан енді өлмесін білген екен.

Ризамын Қаршығама не қылса да

Кемітпей тең-құрбыдан жүрген екен.

 

Әлқисса, енді Төлеген айтты: – Хан, мен көп сөзді білмеймін, бата аяққа не аласыз? – дейді. Онда хан айтты: – Бата аяққа осы айдап [жүрген] жылқыңның бәрін аламын, – деді. Төлеген айтты: – Енді осындай жылқы қос деп айтады екен деп едім, бұған разы болсаңыз үйіңе бар, тойыңды қыл,– деді. Хан той қылмақ болып үйіне барды. Төлеген жігіттеріменен бір төбенің арғы жағына барып түсіп, шатырын тігіп, қанша өнерлі жігіттерді жиып алып ойын-күлкі қызықпенен жата берді.

 

 

Кешіне қырық қатын жиылып «Жібекті Төлегенге алып барамыз» деп жеңгелік сұрады. Төлеген қатын басына бір жамбыдан берді. Бұ іске қатындардың ақылдары шығып, Жібекті үш күн аңдып қолдарына түсіре алмады. Алпыс қатындар Жібекті аңдып жата берсін.

Ол ел алты арыс шекті деген ел еді. Алты арыс шектіден алпыс жігіт кеңес қылып айттылар: – Әй, жігіттер, Жібекті шыныменен жіберіп бекер қалғанымыз ба? – дейді. Енді біреуі айтады: – Жібек бізге тимейді, Төлеген тірі тұрғанда, – дейділер. Онда алпыс жігіт айтты: – Олай болса Төлегенді өлтірелік, – дейді, – онда қайтіп өлтіреміз, күндіз-түні қасынан думан тарамайды,– дейді,– онда Жібектің қасына алып барғанын аңдып тұралық. Сол уақытта қызбенен екеуі оңаша болады ғой, сонда өлтірелік, – деп уәде қылысты.

 

Онда олардың бұ мәслихатын бір мүсәпір естіп келіп, Төлегенге баян қылды. Төлеген мұны естіп, дереу Қаршығаны шақыртты. Қаршыға келіп айтты: – Мені бір жұмысқа шақырдыңыз ба? – деп, онда Төлеген мұңайып төмен қарады. Сонда Қаршыға сөйлейді:

 

– Көлге біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым.

Ақ орда болды кіргенің,

Қызық дәурен сүргенің.

Ешбір пенде көрген жоқ

Бұ күнде сенің көргенің.

Неге қапа боласың,

Біреудің тілі тиді ме,

Естісін айтшы құлағым.

Ертелі-кеш әр уақытта

Жад етемін пірімді.

Қорқып қалдым, Төлеген,

Көрген соң сенің түріңді.

Тірі болсам табайын

Көңіліңдегі кіріңді.

Неге маған мұңайдың,

Айтсаңшы, жаным, сырыңды?

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Әй, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Мен сырымды айтайын.

Құдай басқа салған соң

Сізге айтпай қайтейін?

Жібекке ғашық көп екен,

Едіреңдеген неме екен.

Еліңде қанша жігіт бар,

Іші толған кір екен.

Төлеген сендей мырзаны

Өлтіремін дер екен.

Жалғыз жатқан жерімде

Жазым боп кетсем қайтемін?

Қаршыға сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді.

Төлеген болсаң сен,– дейді,

Кел соңымнан ер,– дейді.

Өлтіретұғын кім,– екен,

Кереметім көр,– дейді.

Базарбайдың Төлеген

Қаршығадай ақынның

Бұл сөзін мақұл көреді,

Алдырып атын мінеді.

Қаршығамен ілесіп,

Шаңқай түсте ауылға

Шатырдан шыға жөнеді.

Алты шекті елінде

Қаршығаға сенеді.

Иілмей тіпті бүгілмей

Ауылға жетіп келеді.

Сырлыбайдың алты ұлы

Алтауы бірдей бөрі еді.

Ең кенжесі Жиренбай,

Сол жылы түскен отауы,

Сонда келіп енеді.

Басшы болған Қаршыға

Кереметін көргізді.

Төлегенді атымен

Шаңқай түсте ауылға

Іркілместен жүргізді.

Жиренбай мырза үйіне,

Жаңа түскен отауға

Ертіп келіп кіргізді.

 

Әлқисса, бұларды шеттегі отауға кіргізіп, төсекті жайлап салып беріп: – Енді мен сіздерге қызмет қылайын, – деп шығып бара жатыр еді, Төлеген Қаршығаның етегінен ұстай тұра келіп айтқаны:

 

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді.

Анықтап бүгін көрейін

Жібекті ертіп кел,– дейді.

Кеше бердім қос жорға,

Берейін бүгін үш жорға,

Бесеу қылып мін,– дейді.

Осы шаңқай тал түсте

Ертіп келгін Жібекті,

Айналайын, Қаршеке-ау,

Жігіт болсаң шын,– дейді.

Келген осы Қаршыға

Епті туған ер еді.

Жібекке жетіп келеді.

Келіп сөйлей береді:

 

– Айналайын, Жібегім,

Шыныдан аппақ сүйегің.

Осы емес пе еді Құдайдан,

Қарағым, сенің тілегің?

Басыр, басыр басыр-ды,

Аққа құлпы жасылды.

Қаршыға көкең келгенде

Көтергін, шырақ, басыңды.

Ат байлаған ақыр-ды,

Көк түскен жер тақыр-ды.

Шеттегі отау ішінде,

Жаңа түскен жеңешең,

Қарағым, сені шақырды.

 

Сонда Жібек сөйлейді:

–Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Өзің шешен батырсың,

Шешендікпенен айтасың.

Кеше алдың қос жорға,

Бүгін алдың үш жорға,

Бәрі болды бес жорға.

Сыйғыза алмай Құдайға

Жазып бір келген кәпірсің.

Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,

Мінгенде атың қарагер,

Барайын өзім, бара бер.

Шақырғанда бармасам,

Қаршекем тілін алмасам,

Ақыр бір күн болармын,

Сол жігітке қызметкер.

Қаршыға сөзін есітіп

Жібек енді түйінді,

Асыл киім киінді.

«Шақырғанда бармасам,

Қаршекем тілін алмасам,

Ақыр бір күн болармын

Сол жігітке сүйінді.

Абиыр алсын Қаршекем

Бармай қалсам қиын-ды».

Қаршығадан өзгеге

Жібектен жауап алмағы

Қиын қыстау іс еді.

Жібектің жайын сұрасаң,

Асып туған анадан

Шаһизада кісі еді.

Кісі бойы кіреует

Алтын тақтың үстінен

Қояндай қарғып түседі.

Ақ маңдайы жарқылдап,

Танадай көзі жалтылдап,

Алтынды кебіс шыртылдап,

Жүйрік аттай ойқастап,

Құнан қойдай бой тастап,

Қалмайын деп ұялып,

Жан-жағын қарап байқастап,

Кер маралдай керіліп,

Сары майдай еріліп,

Тәңірі берген екі аяқ,

Бір басарға ерініп.

Үйден шықты Қыз Жібек

Көрінген көзге дүниенің

Баршасынан жиреніп.

Ауыл алды бел еді,

Белден көшкен ел еді.

Атқан оқтай жылысып,

Ор қояндай ырғысып,

Қылаң етіп, қылт етіп,

Сылаң етіп, сырт етіп,

Мықындары былқылдап,

Тау суындай құлтылдап,

Сүмбіледей жылтылдап,

Буындары бұлтылдап,

Айдынды туған Қыз Жібек

Отауға қарап жөнеді.

Ғашық жарын көрмекке,

Қызмет қылып бермекке,

Шаһизада Қыз Жібек

Жалт-жұлт етіп келеді.

Сол уақытта қарасаң,

Қыз Жібектің дидары

Нұр ішінде піскендей.

Қыз Жібектің екпіні

Бейіштен самал ескендей.

Қыз Жібекті бір көрген

Шыбын жаннан кешкендей.

Сылдырлап Жібек жөнелді,

Неше түрлі сәулетпен

Іңірде шайтан көшкендей.

Құланнан атты құдықты,

Көлден тартты борықты.

Бір көрмекке ынтық боп

Төлеген мырза шондықты.

Талма түстің шағында,

Ақ отаудың ішінде,

Айдынды туған Қыз Жібек

Төлегенге жолықты.

Моллалар басы қосылса,

Мәселе кітап оқыр-ды.

Насихатты жақсылар

Ақылменен тоқыр-ды.

Айдынды туған Қыз Жібек,

Төлегеннің мойнына

Асыла барып отырды.

Төлеген сонда сөйлейді,

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Келдің, Жібек, қасыма,

Отыра кеттің асыла,

Кешегі сәлдең қай жақта

Той болады салсаң басыма.

 

Жібек сонда сөйлейді:

– Қынама бешпет қынадым,

Әзілмен сізді сынадым.

Сынамаққа бір сөзді,

Әзіл қылып айтып ем,

Әлі ұмытпай жүр ме едің

Төлеген мырза, шырағым?

Екі ғашық қосылып

Әңгіме-дүкен құрады.

Екеуінің суреті

Ләйлі-Мәжнүндей болады.

Екі бекзат қосылып

Күндей балқып толады.

Екеуінің нұрына

Көрген жанның бәрі де

Тамаша қайран қалады.

Ойын-күлкі сәулетпен

Жездеңіздің қасында,

Кеш батқанша отырды.

Кеш батқан соң апаңыз

Күйеуге төсек салады.

Төсекті жайлап салған соң,

Жатар мезгіл болған соң,

Жездеңіздің мойнына

Асыла барып құлады.

Ендігі сөздің қысқасы,

Айтушы ердің ұстасы,

Біз де соны айтамыз

Бұрынғылардың нұсқасы.

Сығалап атқан ақ берен

Қалаған жерден ұрады.

Қаршыға ілген үйректей

Жұмарлап мойнын бұрады.

Төбетейін сындырды

Жібек сынды апаңыз

Жас құлындай шыңғырды.

Саулы інгендей ыңқылдап,

Ұршығы қолда сылқылдап,

Екі ғашық қосылып

Көңілдері тынады.

Жібек байғұс орнынан,

Ақсай басып аяғын,

Жорғалап зорға тұрады.

 

Әлқисса, Төлеген үш ай жатып қалыңдық ойнап, бір күні еліне қайтпақ болды. Аттарын байлап қойып, сол күні түннен жүреміз деп жатқанда Жібек ұйықтап кетіп, түс көріп, түсінен шошып оянып, кіші жеңгесін шақырып алып: – Төлегенге барып айтқыл, жүрмесін, тілімді алса, – деп, бір сөз дейді.

 

Шақырып алды Қыз Жібек

Өзінің жақын жеңгесін,

Омырауда алтын теңгесін.

Сырласатұғын жерінде,

Келтірмейді екен өңгесін.

 

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Мінезің еді өңгеше-ау.

Төлегенге барып кел,

Тілімді алса жүрмесін.

Ата-анасы бар ма екен,

Жал-құйрығы сай ма екен.

Иә, болмаса, Құдай-ай,

Бір қаңғырып өскен қу ма екен?

Атасының аты кім болар,

Анасының аты кім болар.

Сұрап келгін, жеңеше-ау,

Қандай заман, күн болар.

Мен бір бүгін түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім.

Төлеген мінген көк жорға ат

Ер-тоқымсыз бос көрдім.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық.

Алдымда жанған шырағым,

Біреу үрлеп өшіріп

Көзімнен болды сол ғайып.

Қолымдағы тұйғынның

Заулап келіп аспаннан,

Желкесін қиды бидайық.

Пендем десең, Құдай-а,

Бұ түс емес еді ғой

Көруге маған лайық.

Айналайын, жеңеше-ау,

Төлегеннің мен білдім

Бір кеткен соң келмесін.

Жарық дүние опасын

Білдім көзге ілмесін.

Мұнан кетсе Төлеген,

Білгізді Құдай мен қуға

Бұ жерді қайтып көрмесін.

Мұндай қорлық, жеңеше-ау,

Тірлігінде Құдайым,

Еш пендеге бермесін.

Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Жеңгесі келсе алқынып

Нағып жүрсің демеген.

 

Жеңгесі сонда сөйлейді:

 

– Айналайын, Төлеген

Бикешжан бүгін түс көрді,

Тілімді алсаң жүрмегін.

Атаңның аты кім болар,

Анаңның аты кім болар.

Айтып кеткін, шырағым,

Қандай заман, күн болар.

Бикешжан бүгін түс көрді,

Түсінде жаман іс көрді.

Астыңдағы көк жорға ат

Ер-тоқымсыз бос көрді.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық.

Алдында жанған шырағын

Біреу үрлеп өшіріп,

Көзінен болды сол ғайып.

Тілімді алсаң жүрмегін,

Айналайын, күйеужан,

Құдайға біз де жылайық.

 

Төлеген сонда сөйлейді:

 

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

«Түс – түлкінің боғы» еді,

Әрнеме деп күймеші-ау.

Жаратқан мені бір Құдай,

Өлім десе көңілім жай.

Атамның атын айтайын

Халқынан асқан Базарбай.

Қой ішінде марқадай

Омырауда тіллә алқадай.

Шешем атын айтайын

Алпыс жасар Қамқадай.

Өліп кетсем артымда

Сансызбай атты інім бар

Жібегім неге қорқады-ай?

Жаман-жақсы болса да

Алланың болар әмірі.

Жалғыз ағаш кесілсе

Қуарып қалар тамыры.

Олай-бұлай боп кетсем

Тоғыз жасар артымда

Жеткіншегім бар еді.

Қараша болып жауды қар,

Дұшпандардың пейілі тар.

Сәлем де, Жібек қорықпасын,

Өліп кетсем артымда Жібекті

Еш жаманға қор қылмас,

Сансызбай атты інім бар.

Шын тілесе пендеге

Тәңірім тілек береді.

Тәңірім тілек береді.

Көктемде мұнда келіп ем

Енді қыс боп келеді.

Елімнің ақын көсемі

Батыр Шеге дер еді,

Ақылға диқан кен еді.

Олай-бұлай боп кетсем,

Сансызбайға басшы боп

Еліңізге келеді.

Тірі тұрса жанымыз,

Есен болса тәніміз,

Көктем шағы болғанда

Қазбенен бірге келем,– деп,

Не салса да Құдайым,

Жібек үшін көрем,– деп,

Жібекке дұғай сәлем,– деп,

Енді атына мінеді.

Жеңгесі менен Төлеген

Қол ұстасып қоштасып

– Қош, Алла!– деп жөнеді.

 

Әлқисса, енді Төлеген неше мүдәт жолдар жүріп, аман-есен еліне келді. Атасы менен анасы қуанып той қылды. Тойдың үстінде жұрт жиылып отырғанда Базарбай баласынан жауап сұрады. Төлеген бәрін баян қылды. Базарбай айтты:

 

– Шырағым, қайныңа қашан барасың?– дейді. Төлеген айтты:

 

– Жазғытұрым барам,– деді. Атасы айтты:

 

– Шырағым мен бір тілек тілейін, бересің бе?– дейді. Төлеген байқамай: – Берейін,– дейді. Онда Базарбай айтты: – Берсең, қарағым, жолыңда жаным құрбан,– дейді,– ендігі жылы осы уақытқа шейін ол жаққа бармағын. Жыл өткізіп бар, тілегім осы еді. Берсең уәде қыл, – дейді. Онда Төлеген айтты: – Әй, ата, сізден қорқып айтып едім. Ешкімнің қызын көргенім жоқ. Ел елден артық болмайды екен,қыз жаратпай келдім,– дейді,– барма десеңіз ешқайда бармай-ақ қояйын. Қайным жоқ баратұғын,– деп үйден шығып кетті.

 

Онда Базарбай көп жұртына арыз қылып айтты: – Әй, жарандар, менің мынау балам тілегімді бермей кетті. Әгар қайнына баратынын білгенің маған ұстап бер,– дейді,– Әгар да біреуің қошемет қылып ерсең, мен тұзыма салып, теріс батамды беремін,– деді.

 

Жұрт қарияның бұл сөзінен қорқып, ешкім Төлегенге ермейтұғын болды. Һәм көрсе ұстап бермекші болды. Онда Төлеген ер-тоқымын далаға сақтап, көк жорға атты далада бағып жүрді. Күндерде бір күн Төлеген қолына тұйғын алып, құсқа салып жүр еді. Аспаннан қаңқылдап екі қаз өте берді. Қараса жаз болып қалған екен. Көк жорға атты ерттеп, далада сақтап жүрген жүз мың тіллә, сегіз пұт күмісі бар екен, оны қоржынға салып алып, жалғыз інісі қасынан қалмай бірге жүр екен, оны елге хабар қылады деп атынан жерге алып тастап, өзі көк жорға атты мініп алып, Жайыққа қарап жөнелді.

 

Назым

Асып туған Төлеген

Жағалбайлы халқынан

Жабдықтап атын мінеді,

Гауһар, лағыл, алтыннан.

Жолдас ермей елінен,

Жалғыз өзі жөнелді,

Бір ғашықтың зарпынан.

Қаздың даусын есітіп,

Сабыр қылып тұрмады,

Дүниеге мойын бұрмады.

Кетіп бара жатқанда,

Сансызбай жылап жүгірді

Төлегеннің артынан.

Рақымы түсті басына,

Көзден аққан жасына.

Қу бауырды қия алмай,

Қайрылып келді қасына.

Сансызбайдың Төлеген

Пәруана болды басына.

Бала келді жүгіріп,

Аш күзендей бүгіліп.

Төлеген тұрды кете алмай

Көзінен жасы төгіліп.

Көзінен ағып қанды жас,

Қандай қиын бауырлас.

Төлегеннің сүйегі

Бордай болып үгіліп,

Алдына жылап келген соң,

Ат үстінен Төлеген

Көтеріп алды алдына

Қабырғасы сөгіліп.

 

Әлқисса, сол халде Төлеген айтты, Сансызбайды бауырына қысып тұрып: – Қарағым, неге жылайсың, жылама. Жеңешеңді әкеліп беремін,– деді.

 

Сансызбай сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

– Жыламаймын, көкежан,

Өзің де енді жыламай

Көзіңнің жасын тый,– деді.

Жылап отыр ата-анаң

Сапарыңды қи,– деді.

Көп жолдаспен барсаңшы,

Ел-жұртыңды жи,– деді.

Жалғыздың ісі қиын-ды,

Жалғыз қайтіп барасың?

Менің жайым мінеки,

Танымаймын ешкімді.

Сіз кеткен соң, көкежан,

Кемпір-шалдың қасында

Өзім жалғыз, өзім жас

Боламын кімге сый,– деді.

Бұ барғаннан келмесең,

Қайғыменен қан жұтып,

Қобыз алып қолыма

Тартамын сонда күй,– деді.

Төлеген сонда сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

– Айналайын, қарағым,

Жауға барсам жарағым,

Қабырғамда қанатым,

Артымдағы құйрығым,

Жетегімде жан атым.

Айналайын, жылама,

Жібек сынды жеңгеңді

Ап келмекке барамын.

Пендесін Құдай қарғаса

Қабыл болмас тобасы.

Басыма менің түсіп тұр

Ғашықтықтың саудасы.

Айтып кеткен Жібекке

Жақындап қалды уағдасы.

Үйде, түзде болса да,

Неден қашып құтылар,

Басы жұмыр пендесі.

Құдіретіне Алланың

Пенденің жоқ-дүр көнбесі.

Қай іске талап қылмайды

Жер бесікке кіргенше

Адамзаттың жамбасы.

Айналайын, Сансызбай,

Қолғанатым, құйрығым,

Судан шыққан сүйрігім,

Суырылып озған жүйрігім.

Көрмей пенде қоймайды,

Жаратқан Қадыр Алланың

Тағдырда жазған бұйрығын.

Тірі болсам, қарағым,

Жеті айда келемін.

Ажал келсе Алладан

Үйде болсам да өлемін.

Амандық бер деп жолына

Құдайдан сен де тілегін.

Кешіргей Алла пенденің

Ғасылық еткен қатасын,

«Тілімді алмай кеттің» деп

Бермеді әкем батасын.

Басыма Құдай салған соң,

Тоқтата алмадым ішіме

Ғашықтықтың қапасын.

Қыз Жібектің дертінен

Көрейін деп барамын

Мехнатты жолдың жапасын.

Мен кеткен соң, қарағым,

Кемпір-шалға ие боп,

Ғинаят тіле Құдайдан,

Медет тіле пірлерден.

Ақылмен ойлап іс қылғыл,

Көзіңді кімге сатасың?

«Тілімді алмай кеттің» деп,

Ризалық әкем бермеді.

Әкемнен қорқып елімнен

Жалғыз жолдас ермеді.

Сөзімді тыңда, қарағым,

Өзіңді Құдай жеткізсе,

Алып қойдым бәрін де

Ат-тұрман, сауыт, жарағың.

Олай-бұлай боп кетсем

Сенен өзге кімім бар

Алды-артыңа қарағын.

Мұратыңа жеткізсін,

Қарағым, сізді бір Құдай.

Көк бұйдалы тұлпар бар

Биыл құнан, былтыр тай.

Қас қылмаса Құдайым,

Мінетұғын бас атың,

Шырағым, саған сайма-сай.

Ат болғанда мінгейсің,

Алтын балдақ, ақ семсер

Саған арнап соқтырып,

Салдырып қойдым қынапқа,

Аш беліңе ілгейсің.

Талап қылып әр іске

Теңіңмен ойнап күлгейсің.

Бұ сөзімді тыңдағын,

Жеткіншегім Сансызбай,

Жақсыменен жанасып,

Жұрт қадірін білгейсің.

Бадана көзді кіреуке,

Тоғыз қабат көк сауыт,

Саған арнап соқтырып

Будырып кеттім кілемге,

Оны үстіңе кигейсің.

Олай-бұлай боп кетсем,

Асыл туған Жібекті

Еш жаманға қор қылмай,

Өзің бір алып сүйгейсің.

Шағыңа Құдай жеткізсе

Үстіңе баса киіп ал,

Алтынды сауыт көбені.

Жау дегенде жайнатып,

Толғамалап қолыңа ал

Қозыжауырын жебені.

Сапар шегіп жол жүрсең,

Жолдасын жауға алдырмас,

Басшы қылғыл Шегені.

Айтқаны болмас адамның

Алланың болар дегені.

Бұ сөзді айтып Төлеген

Сансызбайдың бетінен

Үш қайтара сүйеді.

Жерге алып қойып інісін

Қол ұстасып, қоштасып,

– Қош, Алла!– деп жөнеді.

 

Бектер мінер сұр қасқа,

Шаба алмаса ұр басқа.

Батырлық, байлық кімде жоқ,

Ғашықтық жөні бір басқа.

Інісіменен қоштасып,

Базарбайдың Төлеген

Белін буды тұрмасқа.

Базарбайдың Төлеген,

Жайыққа қарап жол тартып,

Алладан пәрмен тілеген.

Жайық пенен Теңіз арасы

Үш айшылық жол екен.

Үш айшылық жерлердің,

Қырық бес күндік ортасы,

Атырабы шөл екен.

Шөл жазира ішінде

Қособа деген көл екен.

Ұры, кәззап, қарақшы

Мекен қылған жер екен.

Төлеген сынды мырзаның,

Шалығып келген уақытында

Соғып бір кетер кезі екен.

Атаңа лағынет Бекежан

Қыз Жібектің сыртынан

Көп ғашықтың бірі екен.

Баяғы алпыс жігіт қасында,

Төлеген енді келер деп,

Қособаның көлінде

Жолын тосып жүр екен.

Төлеген тап сол күні келмесе,

Азықтары таусылып,

Қайтып бір кетер күні екен.

 

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты.

Арада неше қоныпты,

Тұлпардан туған көк жорға ат

Жүз күндік алыс жолынан,

Қырық бес күндік шөлінен,

Он жеті күн-түн су ішпей

Шөлдеуменен зорықты.

Шөлдеген соң Төлеген

Атынан көңілі торықты.

Жақындап суға келгенде,

Бесін махал болғанда,

Базарбайдың Төлеген

Бір шұбалған шаңға жолықты.

Шаңға таман салады,

Қасына жетіп барады.

Алдынан шығып алпыс жау

Төлегенді қамады.

Базарбайдың Төлеген

Алды-артына қарады.

Бесінде жаумен атыс

Бесінде жаумен атысып,

Намаздігер болғанша,

Алдырмай кетіп барады.

Еркімен аты жеткен соң

Жау ортаға алады.

Сол уақыттар болғанда,

Жамандатқыр көк жорға ат,

Шөлдеуменен зорығып,

Басын жерге салады.

Жау қамалап жеткен соң,

Атынан қайрат кеткен соң,

Базарбайдың Төлеген

Тәңірге қылды наланы.

 

– Құдіреті күшті Құдай-а,

Батар күнмен батайын,

Өзінен бұрын атайын.

Тым болмаса Құдай-а,

Бекежанды өлтіріп,

Жастығымды ала жатайын.

Мұсылман болса бұ жаулар

Жақындап жауап қатайын.

Атым шаршап бұ жерде

Қайратым менің жасыды.

От болып жанған көңілім,

Су сепкендей басылды.

Жүгірмек өлім қылмаққа,

Он сегіз жаста алмаққа

Жазып па едің Тәңірі жасымды?

Құдіреті күшті Құдай-а,

Алыстан жарға ғашық қып,

Әуреге салдың басымды.

Бұ сөзді айтып Төлеген

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды,

Садақты қолға алады,

Толғап тартып қалады.

Кірістен оғы кетеді,

Топ арғынға жетеді.

Селдірлеген шетінен

Жетеуінен өтеді.

Енді оғын алғанша,

Қорамға қолын салғанша,

Атаңа лағынет Бекежан,

Арғыннан шыққан қу екен,

Әккі болған сұм екен.

Төлегеннің артында

Алпыс қадам жақындап,

Бір қурайды паналап,

Жеткен екен жағалап.

Төлегенді атқалы

Жақындап келіп тұр екен.

 

Мылтыққа білте басады,

Әруағы оның асады.

Төлеген сынды мырзаның

Қанын судай шашады.

Қой боғындай қорғасын

Ажал болып жабысты.

Атаңа лағынет Бекежан,

Жібермеді намысты.

Базарбайдың Төлеген,

Талықсып атта тұрғанда,

Қолтығынан сүйейтін

Таба алмады танысты.

Бекежан атқан жалғыз оқ

Маңдайдан келіп ұрады.

Алтынды сүйек Төлеген,

Алланың салған қорлығы-ай,

Иттердің қылған зорлығы-ай,

Талықсып аттан құлады.

Жалғыздық түсіп басына

Қамығып сонда жылады.

Атаңа лағынет алпыс ит

Жанын өзі берсін деп,

Қорлықпенен өлсін деп,

Анталап келіп тұрады.

 

Әлқисса, сол халде Төлеген есін жиып алып, көзін ашып қарады. Көрді, өзі шалқасынан жатыр екен. Барша киімдерін тонап алып қойыпты. Сонда «тым болмасса көміп кетсеңші» деп Бекежанға қарап, «замандас емеспісің» деп бір сөз дейді.

Назым Төлеген

 

– Пұл жібердім қалаға,

Бейсағат күн, Құдай-а,

Мен шығып па ем далаға?

Шығып едім жолықтым

Бұ сықылды бәлеге.

Қарға, құзғын жемесін

Жасыра кеткін жүзімді,

Замандас едім, жан аға.

Пұл жібердім бақшаға,

Қызыл тіл енді қақсама.

Қарға, құзғын жемесін

Жасыра кеткін жүзімді,

Замандас едім, жақсы аға.

Төлегеннің тілдері

Осы сөзге келеді,

Екінші сөзге келмеді.

Атаңа лағынет, алпыс ит

Не айттың, сірә, демеді.

Бір баланың олжасын

Алпыс адам бөледі.

«Мал опасыз» деген сол

Төлеген мінген көк жорға ат

Су ішіп әбден қанған соң,

Бір қарақшы астында

Ойнақтай басып жөнеді.

 

Әлқисса, сол халде Төлегенменен жерінен бірге шыққан алты қаз бар екен. Сол суға Төлеген қазбенен бірге келген екен. Қаздар суға қонайын десе, қарақшылар мылтық алып атайын деп қондырмады. Айналып ұшып жүргенде, Төлеген көріп, елінен бірге келген жолдасы хайуан да болса, «аһ, дариға» деп қоштасып, қаздарға қарап бір сөз деді:

 

– Әуелеп ұшқан алты қаз,

Етің шекер, сорпаң баз,

Атайын десем оғым аз.

Қонар болсаң жануар,

Міне майдан, міне саз.

Өлмеген құлға Құдай-а,

Болып қапты енді жаз.

Әкемді айтып қайтейін,

Шешемді айтып қайтейін,

Мен кеткен соң, дариға,

Көкешім деп Сансызбай

Еркелеп кімге қылар наз?

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Жерге түсіп қонбайсың.

Сіздер тірі, мен өлі

«Жатырсың нағып» демейсің.

Қасірет, қайғы халімді

Неге келіп білмейсің?

Тілсіз мақұлық жануар,

Бірге келген жолдасым

Қасыма неге келмейсің?

Мұнан былай кеткенде,

Теңізге таман жеткенде,

Төбеге шықса белім деп,

Ойға түссе тізем деп,

Қартайған әкем Базарбай

Алдыңнан шығып жануар

«Қарағым менің Төлеген

Көрдің бе» десе не дейсің?

Онан әрмен өткенде,

Үйге таман жеткенде,

Жая десе жал берген,

Шекер десе бал берген,

Майға салып нан берген,

Әр алуан дәм берген,

Алақандап өсірген,

Еркелік қылсам кешірген,

Алпыс жасар сорлы шешем

Алдыңнан шығып жануар,

«Құлыным менің Төлеген

Көрдің бе» десе не дейсің?

Онан әрмен өткенде,

Малға таман жеткенде,

Қарға жүнді қаттасым,

Үйрек жүнді оттасым.

Таласып емшек еміскен,

Тай-құнандай тебіскен.

Бір төсекте жатысқан,

Көп қызыққа батысқан,

Асық ойнап алысқан.

Өлгенін аға көре алмай,

Қолынан сусын бере алмай,

Арыздаспай, қоштаспай

Ажалым жетті алыстан.

Жалғыз інім, бауырым,

Қанатымда қияғым,

Табанымда тұяғым,

Жылжымас жерден ауырым,

Алдыңнан шығып Сансызбай

«Көкешім менің Төлеген

Көрдің бе» десе не дейсің?

Сауытының көзі сетіліп

Сетіней кетті дегейсің.

Баратұғын жеріне

Жетпей кетті дегейсің.

Алтынды сауыт, шөже көз

Түймеден кетті дегейсің.

Өлі екенін білмейміз,

Тірі екенін білмейміз,

Қособаның жонында

Қоса кетті дегейсің.

Маңдайынан аққан қан

Жоса кетті дегейсің.

Алтынды жабдық көк жорға ат

Бір қарақшы қолында

Босқа кетті дегейсің.

Қособаның жонында,

Құс қонбас құла жапанда,

Жылай-жылай бір жалғыз

Дүниеден өтті дегейсің.

 

Төлегеннің тілдері

Осы сөзге келеді.

Ендігі сөзге келмеді,

Батқан күнмен қарайып

«Уа, дариға, Құдай» деп,

Лә иләһа илла Алла кәлима айтып,

Жұлдыз шыға Төлеген

Ақырет сапар жөнеді.

Маңдайдан тиген жалғыз оқ

Желкеден ағып өтіпті,

Алланың жазған пәрмені

Ажалы бүгін жетіпті.

Айтып-айтпай немене

Сол секілді асылдар,

Кебіні жоқ, көрі жоқ,

Ит пенен құсқа жем болып,

Мұратына жете алмай,

Арманда болып кетіпті.

 

Әлқисса, бұлар Төлегенді өлтіріп, атын, тонын алып, елдеріне келіп, еш адамға сездірмей жата береді. Сегізінші жыл болғанда бір күн Бекежан ойлады «Жібекті енді өзім алайын» деп. «Әуелі Жібекке Төлегенді өлтіргенімді естіртейін. Онан соң Жібек маған тимей кімге тиеді» деп ойлады.

 

– Өлгенін естімесе маған тимес,

Күдер үзсе өзгені, сірә, сүймес.

Білген соң анық менің ерлігімді

Өзі де Төлегенге қатты күймес.

 

Бұған мен бекер жерде естірпейін,

Жай жерде айтып шошытып кештірмейін.

Бір тойда айтысумен естіп қалсын,

Адамға оған шейін сездірмейін.

 

Мұны ойлап Бекежан той қылады,

1660. Жібекті алайын деп ой қылады.

Көк жорға атты сыдыртып жетіп келіп,

Тұсына кеп Жібектен сөз сұрады.

 

Көк жорға ат ерттеулі тұр алтын жабдық,

Көп жігіт жеңілген соң кетті қаңғып.

Бекежан түн болғанда айтыспаққа

Тұсына Қыз Жібектің келді аңдып.

 

Әлқисса, Бекежанның Жібекке айтқан өлеңі:

 

– Айтамын айт дегеннен ар ма, Жібек,

Ботасы өлген түйедей зарла, Жібек.

Кеткелі жаман жарың көп жыл болды,

Хабары сол жездемнің бар ма, Жібек?

 

[Жіб е к:]

– Арасы екі ауылдың бүрген шығар,

Етегін түнде жүрген түрген шығар.

Артымда жеткіншегім жас деуші еді,

Айналып сұм дүниеге жүрген шығар.

 

[Бекежан:]

– Қыз Жібек, тарылтармын заманыңды,

Білмей жүрсің айырылып қалғаныңды.

Ат ізін сегіз жылдай бір салмаған

Мырза деп мақтай берме жаманыңды.

 

[Жібек:]

– Алаштың несін алып не бермеймін,

Дүниеде тірі жүрсем не көрмеймін.

Арғында алты шекті алпыс мырза

Ізіне басып кеткен теңгермеймін.

 

[Б е к еж ан:]

– Айтамын айт дегенде әуелім жар,

Қыз Жібек әлі-ақ болар пиғылың тар.

Өліп қалған немеңді сонша мақтап,

Көк жорға ат астымдағы қылған бауыр.

 

[Жібе к:]

– Жоқ екен, әй, Бекежан, ақыл айлаң,

Қанеки, құрбы болып тиген пайдаң?

Атаңа алты лағынет, ит қарақшы,

Көк жорға астыңдағы алдың қайдан?

 

[Б е к ежан:]

– Жол тосып Қособада жатып алдым,

Біреуді мергендікпен атып алдым.

Өзім батыр болған соң кімді аяйын,

Өлтіріп Төлегенді тартып алдым.

 

Қыз Жібектің жылағаны

Бекежанның бұ сөзі,

Мұңды болған Жібектің

Өкпесінен ұрады,

Өксіп-өксіп жылады.

Ғашық болсаң сондай бол.

«Уа, дариға, Құдай» деп,

Керегені құшақтап

Етбетінен құлады.

Қыз Жібектің беттерін

Кереге көзі жырады.

Лажын таппай Қыз Жібек

Ішінен судай тынады.

Біреудің қуаныш тойы еді

Адыра талқан қылады.

Бекежанға сөйлейді:

 

– Атаңа лағынет, Бекежан,

Көрсетпе маған түсіңді,

Бітіріпсің ісіңді.

Қайтіп көзің қиды екен,

Сол сықылды мүсінді?

Алдыңа Құдай келтірсін,

Маған қылған осыңды.

Атаңа лағынет, қарақшы,

Құдайым сені қарғасын.

Тәңірі мені жаратса

Қатын, балаң зарласын.

Басыңа қиын іс түссе

Қасыңа досың бармасын.

Қыз Жібектің айласын

Бекежанның мен көрдім,

Осы жерде пайдасын.

Туыспай кеткір, алты аға,

Бармысың тойда, қайдасың?

Сырлыбайдың алты ұлы

Алтауы бірдей бөрі еді.

Отырған жылап Жібектің

Тұсына жетіп келеді.

Қыз Жібектің тұсында

Бекежанды көреді.

Көк жорға атты таниды,

Бір сұмдықтың болғанын

Сонда бұлар біледі.

Бекежандай батырды

Енді ортаға алады,

Мойнына арқан салады.

Сүйретіп барып алтауы

Төлегеннің жолына

Құрбандық қылып шалады.

 

Әлқисса, бұлар мұнда тұрсын. Ендігі сөзді Сансызбайдан есітіңіз. Сол халде Сансызбай он жеті жасқа келді. Төлегенді сағынып, бір күндері қару-жарағын киіп, Төлегенді іздемекші болып ойлайды «атамнан бата алып кетейін» деп атасына келіп арыз қылып айтқаны.

 

Он жасқа келген соң,

Сансызбай атқа мінеді.

Батасын алып кеткелі

Атасына келеді,

Келіп сөйлей береді:

 

– Айналайын, жан ата,

Ботаңның айтқан сөзіне

Құлағыңды сал, ата.

Арызға келді балаңыз

Рұқсат бата бер, ата.

Айналайын, жан ата,

Көтергін бермен басыңды.

Төлегенді сағынып,

Қайғыменен қан жұтып,

Іше алмадым асымды.

Төлегенді іздейін

Жеткізді Құдай жасымды.

Мен Төлегенді іздейін,

Жер шаршысын кезейін.

Жоқтаусыз кеткен лайық па,

Туған соң іні біздейін.

Разылық берсең, жан ата,

Ешкімге көзім сүзбейін.

Батаңды бергін, жан ата,

Тірі-өлісін білгенше

Күдерімді үзбейін.

 

Әлқисса, сонда атасы басын көтеріп: – Балам, ағаңды іздейін деп пе едің?– дейді.

 

– Құп іздейін, рұқсат бер,– дейді. Сол күнде атасының көзі көр болып, көңілі жер болып, Төлегеннің қасіретінен сәнаменен сарғайып, қайғыменен қарайып жатады екен. Сонда Сансызбайға: – Қолыңды жай, батамды берейін,– дейді. Әуелі Алла Тағала, екінші әнбие-әулиелерге аманат деп тапсырып, зар-зар жылап бір сөз деді.

 

Баласына қол жайып

Батасын берді Базарбай.

Тұра келіп қол жайды

Әумин деп Сансызбай.

 

– Бақытын ашқын баламның,

Жаратқан Алла бір Құдай,

Патшасысың Құдай-а,

Он сегіз мың ғаламның.

Ғаршы менен Күрсінің,

Лаух пенен Қаламның.

Жаратқан Алла жар болып,

Бақытын ашқыл баламның.

Балама менің рақым қыл

Қадір Алла Құдайым,

Құрметі үшін Кәламның.

Қызыр Ілияс қырық шілтен

Балама менің назар сал.

Адасса жолдан жаңылып

Тура бастап жолға сал.

Жазатайым сүрінсе,

Ғауыс, Ғияс әулие

Баһауаддин қолыңа ал.

Жарандар, медет қыла көр

Сіздерсіз мен де жоқ-дүр хал.

Бір өзіңе аманат,

Тапсырдым мынау баламды,

Жаратқан Тәңірі Зұлжалал.

Разылық бермей жіберіп,

Төлегеннен айрылдым.

Қалыңға соққан қырандай

Қанатымнан қайрылдым.

Тасқа тиіп тұяғым

Табанымнан тайрылдым.

Жол жүруге қимаған,

Бір сағаттай көрмесем

Дидарына тоймаған,

Төлеген сынды баламды

Ақырында Құдай-а,

Бір көруге зар қылдың.

Жұмла ғайып ерендер

Медеткер болғыл балама.

Үйде, түзде болса да

Бұйрықтан адам қала ма?

Жолың болсын бар, балам,

Тапсырдым сені Аллаға.

Іздеп келгіл ағаңды

Екінші және тапсырдым,

Шарапатты өткен бабама.

 

Бұлайша деп ұлына

Батасын берді Базарбай.

Атасы рұқсат берген соң

Батасын алып Сансызбай,

Рақым қыл деп бір Құдай,

Төлеген айтқан көк бурыл

Ат болған екен он жасар.

Піранменен белдіктеп,

Шұғаменен желдіктеп,

Мақпалменен терліктеп,

Айылын жұптап салады.

Жел тимейтін бауырға

Орай тартып қалады.

Ер Шегені басшы қып,

Екеу ара үш тұлпар

Қос атқа бірін алады.

Амандасып айрылып,

Қоштасып жұрты қалады.

Төлегенді іздеп Сансызбай

Сапарға басын салады.

Жол көрмеген жас бала

Тәуекел Алла Құдай деп,

Әркімге Тәңірі пана деп,

Жайыққа кетіп барады.

 

Әлқисса, бұлар бірнеше күн жол жүріп Жайыққа келеділер. Ханның ауылын сұрап келе жатып, бір белге шықса, ханның ауылының үстінде жүрген атты адамның көптігіне есеп етіп бола алмастай. Енді мұны көріп мәнісін білейік деп бір қойшыға келіп: – Бұ жиылған атты қалай?– деп сұрадылар. Қойшы айтты:

 

– Ханымыз Сырлыбайдың Жібек деген қызы бар еді. Өзі жаһаннан асқан сұлу еді. Соның атағын естіп, қалмақтан Қорен деген хан шығып іздеп келді. Тоғыз мың әскерменен келіп «Жібекті маған беріңдер» деді. «Бермесең еліңді шабамын» деді. Соған ханымыздың халі келместей болған соң, қызын бермек болды. Енді Жібек атасына арыз қылды: «мені шыныменен кәпірге бермек болсаңыз, тым болмаса қырық күн той қылып отыз күн ойын қылып, ұзатыңыз» деді. Енді үшбу күнде той бітіп, ойын басталғалы үш күн болды,– дейді. Онда бұлар айтты:

 

– Ол Жібекті күйеуге берген бе еді?– дейді. Қойшы айтты:

 

– Төлеген деген жаһаннан асқан күйеуі бар еді. «Қособаның көлі деген жерде Бекежан қарақшы деген атып өлтіріпті» дейді.

 

Мұны естіп Сансызбай көз жасы атының жалына тізіліп, жылап жүріп кетті. Шеге артынан келсе Сансызбай жер бауырлап жылап жатыр екен. Сонда айтқаны.

 

Сансызбай сонда жылады,

Көзінің жасын бұлады.

«Бауырың өлді» деген соң,

Неше мықты болса да

Қайтіп шыдап тұрады.

– Екеуміз бірдей жыласақ,

Жұбататұғын кім бар,– деп,

Шеге ақын сабыр қылады.

Бір жерлерге келгенде

Сансызбай аттан құлады.

Құбылаға қарай бас қойып,

Мінәжәт айтып Аллаға,

Сәждеге басын салады.

Сонда жатып жылайды,

Жылайды да толғайды.

 

– Падиша туған көкешім,

Бұ дүниеден өтіпсің,

Шын дүниеге жетіпсің.

Мен мүсәпір ініңді

Қасіретке тастап кетіпсің.

Жолбарыс қашар қалыңмен

Айқайлаған дабыстан.

Басыңа Құдай салған соң,

Көкешімнің ішіне,

Ғашықтық оты жабысқан.

Жаһан кезіп жүргенде,

Қыз Жібекті тауыпсыз

Осынша қиын алыстан.

Тапқаныңмен не көрдің,

Кебінің жоқ, көрің жоқ

Жапанда жатып жан бердің.

Қайран да менің көкешім,

Ит пенен құсқа жем болдың.

Өлгенде жаудан өлмедің,

Ту байласып шабысқан.

Батырлар жауға шабады,

Қолына жасыл ту алып.

Төлегенді табам деп

Мініп ем атқа қуанып.

Бұ жерлерге келгенде,

Дария шалқар көліміз,

Жер болып қалған суалып.

Қайран да менің көкешім,

Кебінің жоқ, көрің жоқ,

Ит пенен құсқа жем болып,

Жапанда қапсыз қуарып.

Айналайын көкешім,

Жүреріңде қимадым,

Тоқтатып алып қалам деп,

Шыбын жанды қинадым.

Алтынды сүйек көкешім,

Атам менен анамның

Маңдайына сыймадың.

Өлгеніңді есітіп

Көзімнің жасын тыймадым.

Асылық қылмай сөйлейін,

Рахман атты Құдай-а,

Төлеген сынды пендеңнің

Жолдас қылғыл иманын.

 

Әлқисса, сол кезде Шеге келіп, атынан Сансызбайдың қасына түсіп, басын сүйеп тұрғызып алып «өткенге өкініш қылма» деп насихат қылып айтқаны.

Назым Шеге

 

– Айналайын, Сансызбай,

Көлге біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым.

Жасын тыйғын көзіңнің

Жыламағын, шырағым.

Рас болса өлгені,

Төлеген сынды ағаңның

Ұжмақтан жазсын тұрағын.

«Ноқталы басқа бір өлім»

Өкініш қылма өлімге,

Өз тілегің сұрағын.

 

Бәрі де өлген ойласаң

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар.

Бұрынғы жаннан біреу жоқ,

Өлмей тірі кім қалар?

Қазаға разы болмаған,

Тәңірі алдына барғанда

Рахметтен нәумез құр қалар.

Өлімге қатты налиды,

Ғапылдықпен пенделер.

Шайтанға, сірә, өлім жоқ,

Жақсылық тағы көру жоқ.

Өлмесек шайтан боламыз,

Рахметтен құры қаламыз.

Қарғысы тиген Алланың

Онан пенде не табар?

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ.

Алладан үкім келген соң

Өткінші өмір сұрау жоқ.

Құдай ісі болған соң

Қанша айтсақ та бұру жоқ.

Айы біткен айында,

Күні біткен күнінде,

Дәм таусылса жүру жоқ.

Айналайын Сансызбай,

Құлақ салғыл сөзіме.

Тәңірі өзі айдады,

Ата-ана менен інісін

Көрсетпеді көзіне.

Жиылған қалың дүниенің

Төрт түлік малдың бірісін.

Айдап барып Құдайым

Бұйырған жері топырақ,

Келтіріпті кезіне.

Құдай ісі амал жоқ

Зар болып қалдық мінеки,

Кешегі жүрген Төлеген

Басып бір кеткен ізіне.

Өкініш қылма өткенге,

Мүсәпір жолда жүргенде,

Қуат берсін өзіңе.

 

Әлқисса, Шеге бұ сөзді айтып, Сансызбайды атқа мінгізіп, Шеге айтты: – Енді, шырағым, елге қайталық, көп елдің халі келмеген кәпір қалмаққа біздің де халіміз келмес. Төлегеннің өлгенін естідік, енді Жібекті ала алмаспыз, неміз бар?– деді. Онда Сансызбай айтты: – Шәке, ол не дегенің? Құдай Тағала нәсіп қылса Жібекті алып кетелік, болмаса жүзін көріп кетелік,– деді,– барыңыз, Жібекті тауып қандай жайда, қандай күйде отыр екен көріңіз. Онан мені шақырыңыз, мен де көрейін,– деді.

 

Мұны айтып келе жатып өзі ойлады «бұ Шеге мені аяп жүрген шығар, не де болса әуелі кәпір, мұсылман араласқан тойы қандай екен. Мен өзім барып көріп келейін» дейді. Атын Шегеге беріп, өзі жүгіріп тойға келді. Келсе қалмақ, қазақ араласып ойын, тамаша қылып жатыр. Әр жерлерге келіп қарап тұрса, бір үлкен үйден зарлаған дауыс шығады. Ол адамның дауысын тыңдаса, Жібектің дауысы екен. Сол уақытта Жібектің айтып отырған зары ұшбу-дүр:

 

– Жайықтың суы лай-ай,

Көр болды көзім жылай-ай.

Төлеген сынды мырзадан

Айырдың өзің Құдай-ай.

Көргеннен-ақ қорқып ем

Көрінбегір түсімді.

Төлегеннен айырып

Оңдамаған екенсің,

Қадір Алла Құдай-а,

Басынан-ақ ісімді.

Құдіреті күшті жан Алла,

Жаратсаң мені пенде қып,

Осы қалмақ алып-ақ

Құрта ма менің мысымды?

Жайықтан көшкен көп шекті

Қонады барып Тарбаққа.

Не пиғылмен Құдай-ай,

Іліндім мұндай қармаққа.

Жаратқан Ием Жаппар-ай,

Пендең емес пе едім мен?

Шыныңмен нәсіп қылдың ба,

Нәсілі жаман қалмаққа-ай?

 

Әлқисса, бұ сөзді естіп, Сансызбайдың тап-тақаты қалмады. Қайтадан жүгіріп, Шегеге келіп «Жібектен бір жауап алып келгіл» деп айтқан сөзі:

 

– Айналайын, Шеге аға,

Артық туған ер аға,

Жібек сынды жеңгеме

Жұмсадым сізді мен, аға,

Дереу барып кел, аға.

Жалғыз-ақ арыз сөзім бар,

Қыз Жібектей жеңгемнен

Бір жауап ап кеп бер, аға.

Жау жағадан алғанда,

Кіріптар қылып бәлеге

Кетпейін тастап сені, аға.

Жалғыз-ақ арыз сөзім сол

Шерменде болып Құдайға

Өтірік айтып келме, аға.

Батыр туған Шеге ақын

О да бір асқан ер еді.

Қолындағы тұлпарды

Сансызбайға береді.

Жаяу басып Шеге ақын

Елге таман жөнеді.

Өлең айтқан ақ үйдің,

Тұсына таман келеді.

Тойдың ішін аралап,

Қалмақтың қалың әскерін

Тамаша етіп көреді.

 

Әлқисса, Шегенің келген уақытында Жібектің айтып отырған сөзі бұл екен. Шеге тыңдап тұра қалды.

 

– Әуелі бас қосқаным жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға алмайды.

Өлгені Төлегеннің рас болса,

Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?

Тағы да бас қосқаным жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға алмайды.

Сол елде сері жігіт жоқ па Тәңірі-ай,

Жесірін іздеп келіп неге алмайды?

Тағы да бас қосқаным жағалбайлы,

Жылқысын көптігінен баға алмайды.

Сол елді өзім іздеп кетер едім

Жіңішке әйел жолы таба алмайды.

 

Мұны естіп ал сонда

Жібекті Шеге біледі,

Алладан пәрмен тіледі.

Ұмтыла басып Шеге ақын

Жібекке таман жүреді.

Қалың қолды қақ жарып,

Арық қойдай тырысып,

Бәзбіреумен ұрысып,

Бәзбіреумен жұлысып,

Өлдім-талдым дегенде,

Қыз Жібектің тұсына

Шеге де жетіп келеді.

 

Әлқисса, сонда Шеге Жібектің тұсына келіп өлең айтады, қыздың тұсына өлең айтқан жігіттердей болып. Жібекке ешкім өлең айтпайды екен. Айтайын десе де батпайды екен, өзі қайғылы болып отырған соң. Енді Шегенің айтқаны:

 

– Жібекжан, ешкімнен туа бермес сіздей перзент,

Бітіпті хор қызындай саған келбет.

Тәуір сыйлап өлең жарқын айтқыл маған,

Адамға о да болса бір ғанимат.

 

Жібек:

– Басы екен өлеңімнің айым-қайым,

Бітеді қия тауға тал мен қайың.

Қашан өлең адыра қалған менен

Білмейтін қандай жансыз менің жайым?

 

Шеге ақын:

– Көрдім де шырай жүзің көңілім толды,

Бейіштегі көреді сарай жолды.

Естіп ем осы тойды сіздікі деп,

Жарқыным, не себептен болдың мұңлы?

 

Жібек:

– Көргендей жол бейнетін жүзің сарық,

Тұсыма қалың топты келдің жарып.

Торға түскен тұйғындай пенде болып,

Айрылған ел-жұртынан мен бір ғаріп.

Әй, Шәке, мен көрмеген жан екенсіз,

Отырмын порымыңа қайран қалып.

Нәсілің алыс жердің адамысыз,

Қай жақтан келіп тұрсыз арып-талып?

 

Шегенің сөзі:

– Бітіпті хор қызындай саған көрік,

Сүйегім әр сөзіңе барады еріп.

Жарқыным, қалайша боп түстің торға

Мәнісін айтыңызшы есітелік?

 

Жібектің сөзі:

– Алланың үкіміне жүрмін көніп,

Зар болдым жаққан шырақ отым сөніп.

Құдайым айырған соң қосағымнан,

Отырмын жау қалмаққа пенде болып.

 

Сауал Шеге:

– Сары ағаш қиған сайын құм болады,

Замана жылдан-жылға сұм болады.

Қайын ата, қайын анаң қай ұрудан,

Аттары күйеуіңнің кім болады?

 

Жауап Жібек:

– Жақсының бал тамады тіл-жағынан,

Өлімнің кім құтылар қармағынан?

Алдында жүріп қызмет қылғаным жоқ

Қорқамын ат атауға ата-анам әруағынан.

 

Сауал Шеге:

– Жақсыға жаман адам, сірә, жетпес,

Жамандар жақсыларды басып өтпес.

Сұрадым зәруратпен білмек үшін

Бір жолға атай қалсаң ештеме етпес.

 

Жауап Жібек:

– Қыз-бозбала жиылып,

Ертеңді-кеш тамаша

Әңгіме дүкен құруы.

Білгенімді мен айтсам

Сөзімнің болмас бұруы.

Қайын атам аты Базарбай

Жағалбайлы ұруы.

Төлеген оның баласы,

Ілгері еді патшадан,

Ақылының данасы.

Қайран да, Тәңірім, қайтейін,

Болмады аз күн жүруі.

Төлегеннен айрылып,

Құрыды Құдай қылған соң,

Екі де жұрттың шарасы.

Ат ізін бір де салмады,

Жоқ па екен деп ойлаймын,

Сансызбай ердің санасы.

Қой ішінде марқадай,

Омырауда тіллә алқадай.

Қайын енем атын айтайын

Алпыс жасар Қамқадай.

Қуантар ма екен Құдайым

Біздей ғаріп пендесін,

Қабағым неге тартады-ай?

Тірі болса Сансызбай

Жетер уақыты боп еді,

Біздей ғаріп міскінді

Неге бір іздеп келмейді-ай?

Кешегі өткен Төлеген

Ақылға диқан кен ед

Елімнің ақын көсемі

Батыр Шеге деп еді.

Қайтейін, қайтейін,

Қайсыбірін айтайын,

Кешегі өткен Төлеген

Айтқан бір сөзі көп еді.

 

Сонда Шеге сөйлейді

Сөйлегенде бүй дейді:

 

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді.

Мойныңды созып, Жібекжан,

Бері таман кел,– дейді.

Мен бір жауап айтайын,

Бұ сөзімді біл, – дейді.

Сансызбайға басшы боп

Іздеп келген өзіңді

Ақын Шегең мен,– дейді.

Әлгі болған Қыз Жібек

Алдап жүрген біреу деп,

Бұ сөзіне сенбейді,

Шеге тағы сөйлейді:

 

– Шын айтқан сөзге нанбасаң,

Жарқыным, саған не дейін.

Бекер деп білсең шын сөзді

Қасыңа қайтып келмейін.

Дұшпан деп білсең досыңды

Қапалықпен өлейін.

Мұсылманды қас көріп,

Жау қалмақты дос көрсең,

Расыңды айтшы, Жібекжан,

Ізімше қайтып жөнейін.

Сонда Жібек сөйлейді:

 

– Шын айтқан болсаң, әй, Шәке,

Соңыңда жүріп өлейін.

Ақылым танған уақытымда,

Кім екенін білейін.

Сансызбай қайда көрсетші,

Айналайын, Шәкежан,

Сөзіңе сонда сенейін.

Ат байлаған ақыр-ды,

Көк түскен жер тақыр-ды.

Көп дұшпанның ішінде

Атын айтсам білер деп,

«Ат қосшым кел» деп шақырды.

 

Сансызбайдың тұрғаны,

Бір шақырым жер еді.

Ер Шегенің дауысын

Естіп, танып біледі.

Асығып тұрған ер сабаз

Алла деп атқа мінеді.

Екі тұлпар жетелеп,

Ер Шегенің қасына

Іркілмей жетіп келеді.

«Жалғыз қайның келді» деп,

Батыр туған Шеге ақын,

Жібекке хабар береді.

Жарық алып Қыз Жібек

Сансызбайды көреді,

Көріп сонда сөйлейді.

 

– Алтыннан соққан қияғым,

Күмістен соққан тұяғым.

Құдай қайдан ұқсатқан

Көкесіне сияғын.

Жаратқан Алла жар болып,

Жанды ғой өшкен шырағым.

Ашылсаңшы қабағым,

Өлгенім тіріліп келіп тұр,

Жарылсаңшы жүрегім.

Жаратқан Ием жар болып,

Бергей де менің тілегім.

Сансызбайды көрген соң

Жібектің көңілі тояды.

Басындағы істерін ұмытып,

Қайғысын іштен жояды.

Көп дұшпанның ішінде,

Көрісуге жер қиын

Амандасып қояды.

Бір-біріне екеуі

Көңілі әбден тояды.

 

Әлқисса, бұлар сонда амандасты,

Көңілі ғаріптердің судай тасты.

Сансызбайды Шегемен құрмет етіп,

Алдырып бір табақпен қойды асты.

 

– Ас жеген соң аттарыңа мінгіл,– дейді,

Ізіңмен кейін қайта жүргіл,– дейді.

Мені алғалы кеп жатқан жау қалмақтың

Екі тұлпар аты бар білгіл,– дейді.

Қарағаш кезеңінен жол асады,

Сол жолда мені тосып тұрғыл,– дейді.

Құдай оңдап тұлпардың мінсем бірін,

Ертең түсте сол жерде көргіл,– дейді.

 

Біздің ел ертең тұра көшер деймін,

Түннен-ақ үйдің бауын шешер деймін.

Құдай біздің тілекті берсе әгар

Шырағы жау қалмақтың өшер деймін.

 

Екеуін жөнелтеді уағда қылып,

Көшеді ханның елі түннен тұрып.

– Бүгін көшке мінейін бір тұлпарын,

Жүрейін деп қыздармен ойнап-күліп.

Жұмсады жеңешесін алып кел деп,

Қоренге бізден хабар салып кел деп,

Көңілімді көтерейін тұлпарменен,

Жеңгесін жібереді барып кел деп.

 

Әлқисса, жеңгесі келіп Қорен қалмаққа: – Бикеш сәлем дейді. Тұлпарының бірі берсін, көшке мінемін дейді, – деп еді, қалмақ: – Бикеш маған тимеймін деп айтады, – дейді,– атымды бермеймін,– дейді. Онда жеңгесі қалмақты алдап айтқан жауабы:

 

– Ау, күйеужан, күйеужан,

Еркелікпен қылады,

Бикештің сырын білесің.

Біле тұрып дұшпанның

Тіліне неге ересің?

Бүгін көшке мінеді

Сандалкөкті бересің.

Бүгін күннің батысы,

Ақ отауға кіресің.

Ойын-күлкі, тамаша

Көп қызықты көресің.

Нұр сипатты бикештің

Кеудесіне мінесің.

Шытырасы алтын көйлегін

Басына таман түресің.

 

Сонда Қорен сөйлейді:

 

– Ау, жеңеше-ау, жеңеше-ау,

Мінгенде атың құла ма,

Алтынан жүзік бұрама.

Біреу жарлы, біреу бай

Бәрін де Құдай қыла ма?

Тимесе Жібек тимесін,

Сандалкөкті сұрама.

Тимесе Жібек тимесін,

Сандалды сұрап күймесін.

Ерлер мінер тұлпарды

Әйелдер мінер бола ма?

 

Әлқисса, қалмақ атын бермеген соң, жеңгесі ыза болып, Жібекке жылап келді. Сонда Жібек ойлады «енді өзім барайын. Өзім барсам тұлпарды алып мінермін» деп, қасына он бес қызды ертіп алып, Қорен қалмаққа жүгіріп келді. Келе жатып өзі ойлады «Құдай Тағала тілегімді берер, қалмақтың кеудесін бастырар» деп ырым қылды және қыздарға айтты:

 

– Сіздер жездеңменен ойнасаңдаршы, – дейді. Сол халде Жібек Қоренге жетіп келді. Қорен Жібекті көріп, есі шығып балқып кетті, мас болды. Сонда Жібек айтты: – Атыңды мен сұрағанда неге бермедің?

 

Қорен айтты: – Мен сенен ат аяйын ба? Мен мұнда келгелі екі ай жарым болды. Сонан бері маған бір көрінбегеніңе өкпелеп бермеп едім. Енді қайсысын аласың? – деді. Жібек айтты: – Сандалкөкті мінемін, – деді.

 

Қалмақтың екі тұлпарының екі ер-тоқымы бар екен. «Өз ер-тоқымы болмаса өзге ер-тоқым тұлпарға тұрмайды» деп өз ерін ерттеп берді. Қалмақ тұлпарды ерттеп жатқанда Қореннің төсегінің жанында тығулы он бес құлаш ақ семсері бар екен, Жібек ішінен беліне байлап алды. Атты қалмақ ерттеп болғанда, жылдам атқа мініп алып, тізгін, шылбырын қолына алғанда, көңілі тасып кетіп, қалмаққа қарап айтқаны:

 

– Атаңа лағынет, хан Қорен,

Хандығың сенің қайда бар,

Алдауменен бердің атты әрең.

Тәңірі берсе қолыма

Жерге бір сені таптар ем.

Сандал сынды тұлпарың,

Қынабы алтын қырқарың,

Иә, сенікі, иә менікі,

Тұзымды Құдай көтерсе

Мұнда жоқ сенің тең парың.

Атаңа лағынет, хан Қорен,

Ұғып тұрғыл сөзімді.

Ұлық біліп сен тұрсың

Осы күнде өзіңді.

Ердің бағын Тәңірі ашса

Қарға, құзғын, шыбынға

Шұқытармын көзіңді.

Атаңа лағынет, қу қалмақ,

Тұрмайын сенің қасыңда.

Аламын деп келіп ең

Адырайып басында.

Тәубе еттім Құдай-а,

Күнәһаршылық асыға.

Әуелінде амалсыз

Үкіміңе көнген ем.

Тілеуді Құдай бергені

Сандалкөкті мінгенім.

Ит қалмақ көзің ағарды

Ақымақтықпен білмейсің,

Ажалыңның келгенін.

 

Әлқисса, Жібек мұны айтқаннан кейін көңіліне түсіп, «асылық сөйлеп, жібердім бе?» деп тәубе қылып, бір сөз деді:

 

– Тәубе қылдым Құдай-а,

Қаталық сөзім кешіргіл.

Жүзіне лағынет кәпірдің

Шырақ отын өшіргіл.

Тәубе қылдым жан Алла,

Тәуекел қылдым өзіңе,

Не қылсаң да өзің біл.

 

Әлқисса, Жібек бұ сөзді айтып, Алла Тағалаға сыйынып, атының басын бұрып жүріп кетті. Тұлпарының етін қыздырып алайын деп, олай-бұлай орғытып шапты. Сонда Қорен қалмақ Жібекті көріп, «тұлпарының еті қызған соң алып қашып, жығып кетер ме екен» деп, қазмойынды қара тұлпарды ерттеп мініп, Жібекке келе жатыр. Һәм семсерін алайын деп келе жатып, Қорен қалмақтың айтқаны:

 

– Япырым-ау, япырым,

Байқадың ба бозбала,

Қыз Жібектің ғапылын?

Көксандалды жүгіртер

Қыз Жібек менің қатыным.

Басы қатты сандалкөк

Тастап кетіп жүрмесін.

Айналайын, Жібек-ау,

Ақырын шапшы, ақырын.

 

Әлқисса, сонда Жібек келе жатқан қалмақты көріп ойлады «бұл қалмақтың маған қылайын деп келе жатқан ісі болса, оны ұмыттырып жіберейін» деп, алдынан шығып Қоренге қарсы келіп айтты:

 

– Әй, тақсыр, сіз неше атаңыздан бері хансыз. Хан болған өз басыңыз ба, атаңнан бері хансыз ба?– дейді. Онда Қорен айтты:

 

– Мен жеті атамнан бері ханмын,– дейді. Онда Жібек айтты:

 

– Сен хан болмай, жерге кір,– дейді,– хан кісі сіздей бола ма? Бойында биттей билік жоқ, шын дегдар хан болсаң, мен сіздің қатын болсам, көш жөнекей құл-қойшыға ұқсап неге менің қасыма келесіз,– дейді,– Бұ жерде тұрмаңыз. Ілгері барып шатырыңызды тіккізіп жатыңыз, біз көшпенен барамыз,– дейді. Онда Қорен айтты:

 

– Мен сенің қасыңда жүрмеймін. Әншейін мына тұлпардың еті қызса алып қашып кетеді. Соны айтайын деп келдім. Семсерімді өзіме бер,– дейді. Онда Жібек айтты: – Міне, сенің ақымақтығыңмен мына елдің көңілін сескендірейін деп қылып жүрмін. Бізді кешіктірмей жөнелтсін деп. Түнеугіден бері өз ақылыңмен жүрдің ғой, енді жүре бер,– дейді. Онда қалмақ иланып: – Ендеше мен ілгері барайын. Намаздігерден кейін қалдырмай атымды өзіме бер,– деп жүріп кетті.

Жібек атының басын бұрып, артына қараса, Жібектің сәукелесін кіші жеңгесі киіп бара жатқанын көріп, «қыздың көзі қызылда» деген, дүниелік қандай, сәукелесін ала кетейін деп жеңгесіне келіп, Жібек сәукелесін сұрады.

 

– Асу да асу бел,– деді,

Аса бір соққан жел,– деді.

Айналайын, жеңеше-ау,

Бері таман кел,– деді.

Мен бір жауап айтайын

Бұ сөзімді біл,– деді.

Басыңдағы сәукеле

Алып маған бер,– деді.

Ақыр ертең киемін,

Бүгін көшке киейін.

Жарасар ма екен, жеңеше-ау,

Өз көзіңмен көр,– деді.

Қыз Жібектің бұл сөзін

Жеңгесі мақұл көреді.

Басындағы сәукеле

Жібекке алып береді.

Қолына Жібек алады,

Асыл гауһар тастарын

Бытырлатып үзіп ап,

Жанқалтаға салады.

Атының басын бұрады,

Қашығырақ тұрады.

Айтуға бармай ауызы

Сонда бір Жібек жылады,

Жылап тұрып сөйлейді.

 

– Айналайын, жеңеше-ау,

Мінезің еді өзгеше еді-ау.

Сапар тартым алысқа

Барасың қайда демеші-ау.

 

Жаратқан бәрімізді Алла Тағалам,

Қолында молдалардың дәуіт қалам.

Піруәрдігер жар болса,

Алыс жолға барамын

Айтыңыз ата-анама дұғай сәлем.

 

Тұзымды Құдай көтерсе,

Ниет қылдым алыс жол.

Мұндай істі қылмас ем

Қорен қалмақ алғалы,

Қамап жатыр қалың қол.

Көп кешікпей кетейін,

Ел-жұртқа дұғай сәлем де,

Жеңеше-ау, өзің аман бол.

Барасың қайда, шырағым?

Жібек сонда сөйлейді:

 

. – Тұлпар мініп астыма,

Асындым алмас беліме.

Тұлпардың қалған тұяғы

Сансызбай іздеп келіпті.

Тілекті берсе Құдайым,

Қосылайын деп мен тұрмын,

Басында қосқан теңіме.

Барайын деп мен тұрмын,

Жеңеше-ау, қайтіп көнемін

Қу кәпірдің кеміне?

Жеткізсе Құдай мұратқа,

Қалмақтың көзі ағарсын,

Нан пісіп тұрған деміне.

Талап қылдым, жеңеше-ау,

Осылай қиял қылмаққа.

Тұлпар мініп жол тарттым,

Басымды жолға салмаққа.

Тәуекел қылдым Аллаға,

Қайтіп қатын болармын,

Құдайымның дұшпаны,

Нәсілі жаман қалмаққа?

Дінсіз жауды кез қылып,

Басыма салды ғаламат.

Басында Жібек атанып,

Кәпірге қатын болғаным

Есіткен жұртқа мәләмат.

Ақ сүтін кешсін анамыз,

Разы болсын атамыз,

Ел-жұртқа дұғай сәлем де,

Жеңеше, болғыл сәламат.

 

Мұнан кейін Қыз Жібек

Басқа сөздер демеді.

Атының басын бұрады,

Уағда қылған Қарағаш

Бет қоя соған жөнеді.

Кетерін анық білген соң,

Атының басын бұрған соң,

«Сансызбайға сәлем деп,

Қош-аман бол, бикеш» деп,

Жеңгесі тұрып жылады.

Жөнеді Жібек жөнеді,

Шеге менен Сансызбай,

Ағашқа шығып екеуі,

Қарауылдап тұр еді.

Келетін Жібек қарасын

Сансызбай, Шеге көреді.

Табан жолмен тартысып,

Ауыздықпен алысып,

Ұшқан құспен жарысып,

Маядай мойнын созады.

Тарта-тарта Жібектің

Алақаны тозады.

Томарша жерден сырғытып,

Ойпаң жерден ырғытып,

Жарлау жерден орғытып,

Әне-міне дегенше,

Ашып көзді жұмғанша,

Сансызбай мен Шегеге

Ұйтқып бір заулап келеді.

Жомарттықпен бас кескен,

Бір Алланың досы деп,

Бұрынғы жолы осы деп,

Аттан түсіп Қыз Жібек

Шегеге сәлем қылады.

– Ашылсын, балам, бағың, – деп,

Тәңірі болсын панаң, — деп,

Ер Шеге бата береді.

Жетелеп атын жаяулап,

Майпаңдап қаздай баяулап,

Қасына Жібек келеді.

Бірін-бірі көрген соң,

Шүкір қылып Аллаға,

Енді атына мінеді.

Екеу еді үшеу боп

Алла деп елге жөнеді.

Елге қарап «шүу» деді,

Өңкей тұлпар мінгені,

Соққан желдей гуледі.

Шапқанда Жібек озады,

Сансызбайға «жүр» деді.

«Жете алмаса өз атың,

Сандалкөкті мін» деді.

Ар көріп бала бойына

Жібектің атын мінбеді.

 

– Жүре бер, Жібек, жүре бер,

Мінетін жерге Құдайым,

Жеткізсе біздей ғаріпті,

Мінермін сонда мен,– деді.

Әлқисса, бұлар бара тұрсын. Ендігі сөзді Қорен қалмақтан естіңіз. Намазшам болған соң: – Атымды беріп жіберсін,– деп кісі жіберді. Бұлар айтты: – Атыңды білмейміз, қайда?– дейді. Қалмақ айтты: – Жібек мінген,– деп. Бұлар қараса, аты түгіл Жібек һәм жоқ. Енді бұлар ойлады. «Жібекті атыменен еліне жіберген екен, енді бізден несіне сұрайды» дейді. «Шынын айтса да біз не қыламыз» дейді. Бұ сөзге қалмақ ашуланып, әскерін шақырып, елін шаппақ болып, ханның ордасына келді.

Кеш болған соң хан Қорен

Қайда деп атын сұрады.

Бұлар солай деген соң,

– Атымды шапшаң тапқын,– деп,

Тауып берсең атымды

Тыныш ұйықтап жатқын,– деп,

Атым менен Жібекті

Қазір тауып бермесең,

Қайратыма баққын,– деп,

Жиып алып әскерін

Қаһарланып қу қалмақ

Айғай салып ақырып,

Қораға келіп тұрады.

Заһарынан қорқып қалмақтың

Қатын менен баласы,

Ел-жұрты шулап жылады.

 

Әлқисса, Сырлыбай хан сонда өзі барып айтуға ар қылып, Қаршығаға айтты: – Сіз барып қалмаққа жөнін айтыңыз,– деп.

 

Осы жүрген Қаршыға

Жауапқа шешен ер еді.

Ерлігінің белгісі

Қаһарланған қалмаққа

Іркілмей жетіп келеді.

Жан батпаған кәпірге

Сүрінбей жауап береді.

 

– Мен айтайын бір жауап

Сөзімді, тақсыр, тыңдаңыз.

Әйтеуір әлім келед деп,

Қисынсыз қаһар қылмаңыз.

Жасырған болсақ Жібекті

Сонан соң, тақсыр, шындаңыз.

Ашуыңды басыңыз,

Қосыңа барып түсіңіз.

Алып-қашып кеткен-ді,

Тұлпар ізі жоғалмас

Даладан ізін кесіңіз.

Жасыратұғын Жібекті

Бар ма еді әлде қасыңыз?

Мың кісіге барабар,

Бір өзіңнің басыңыз.

Хандығыңда мінің жоқ,

Өзіңіз, тақсыр, ойлашы,

Дұрыс па қылған осыңыз?

Хан болсаң да, тақсыр, айтайын,

Әйелге тұлпар мінгізген,

Өзіңіз иттің насыңыз.

Жібектің аты ұрғашы

Тұлпардың сырын білесің.

Біле тұрып әйелге

Тұлпарды неге бересің?

Өзің беріп атыңды

Елден неге көресің?

Қатты айтуға батпаймыз,

Ел билеген төресің.

Өз мініңді ойламай

Тентектік қылып, күйеужан,

Алмағыл елдің зәресін.

 

Әлқисса, сонда қалмақ айтты: – Маған бағана неге осылай деп айтпайсыздар. «Жібекті еліне өзі жөнелтіп жіберген екен, бізден неге сұрайды» дегеніне ашуланып едім. Рас, қайда барса да менім сандалкөгім шапса ізі жер ошақтай болып, жер қазылып қалады. Өзім ізін танимын, – деп, қосына қайтып барып жатты.

 

Таң атқанша шыдай алмай жатып, таң сарғая атына мініп, қалмақтар із қарады. Жұртқа барғанда ізін тауып алып, Мойынасуға барғанда тұлпардың ізі төртеу болды. Онда қалмақ Қорен әскерді бөлді. Екі мың жеті жүз кісіменен қуа береді. Өзгесін «біз келгенше осында тосып жатыңыздар» деп қойып кетеді. Қаршығаны басшы қылып, жиырма кісі қазақтан басшы алды. Алты күн қуып, жете алмаған соң Қорен өзі жалғыз қуды.

 

– Мен барып жауды түсіріп, өлтіре тұрайын, – деді, – мен барып жауды өлтірген соң, алдыңнан қайтып шығармын. Еліне барғанша жеткізбесе сіздер келгенше мен тосып жатайын. Елін «бұрқым бақшы» болса да шауып қайтармыз, – деп, «шүу» деді.

 

Жөнеді қалмақ жөнеді,

Шылбыр ұрып келеді.

Көк қабандай арсылдап,

Тебінгісі тарсылдап,

Құйысқаны сартылдап,

Аузынан аққан ақ көбік

Омырауда балшылдап,

Қазмойын қара тұлпарды

Сауырға сипай қамшылап,

Сауырыннан аққан тер,

Көктен құйған тамшыдай,

Борбайынан тамшылап.

«Шүу» десе қалмақ дауысы

Тастүлек құстай шаңқылдап.

Кәпір қалмақ жөнеді,

Қаһарланып келеді.

Дәл он бір күн болғанда,

Сансызбайдың қарасын

Қорен қалмақ көреді.

Келетін кәпір қалмақтың,

Күндік жерден қарасын,

Жібек бір болжап біледі.

Кәпір қалмақ жетті деп,

Басымнан дәурен өтті деп,

Сансызбай мен Шегеге

Жібек бір хабар береді.

Толғана мойнын бұрады,

Алладан дәрмен сұрады.

Жібек пенен Шегені

Ілгері қарай жөнелтіп,

Келетін кәпір қалмақтың

Жолын тосып Сансызбай,

Көлденең тартып тұрады.

Өзі ілгері барған соң,

Жау бетінде жас бала

Жалғыз тұрып қалған соң,

Мұңлы болған Қыз Жібек

Бір төбеге барады,

Құбыла жаққа қарады.

Көксандалдың шылбырын

Мойнына орап салады.

Бір Құдайға зар айтып,

Мінәжат қылып сол жерде

Қыз Жібек қылды наланы.

 

– Құдіреті күшті Құдай-а,

Басымнан кетті сәулетім,

Жүзімнен кетті әуретім.

Сақтаған Құдай көп екен

Маған деген дәулетін.

Ажалым жақын таянып,

Жетті ме енді нәубетім.

Бір сайқалдың жолында,

Құртамысың Құдай-а,

Бір бейшара жанның әулетін.

Әуелі қолдан Құдай-а,

Рахметіңнен құтылдым.

Ақырында Құдай-а,

Не пиғылменен тұтылдым.

Қайтадан қолға тұс болсам,

Не болар менім сықылым.

Бір сайқалдың жолында,

Құртамысың Құдай-а,

Бір бейшара жанның тұқымын.

 

Бұлайша деп Қыз Жібек

Зарланып қатты жылады,

Көзінің жасын бұлады.

Мұңлы болған Жібектің

Тәубесін қабыл қылады.

Қылғаны қабыл емес пе,

Аз кідірсең қызығы

Арт жағында болады.

Сол уақыттар болғанда

Әне-міне дегенше,

Айтып ауыз жиғанша,

Сансызбайдың қасына

Қорен жетіп келеді.

Келіп сөйлей береді:

 

– Қарсы алдыңнан қарасам,

Жасың кіші баласың,

Оттай қаулап жанасың.

Менің атым хан Қорен

Неден үміт қыласың?

Мен жайымды сөйлесем,

Ақылыңды танасың.

Жібек менің қатыным

Қай жаққа алып барасың?

Жібекті ілгері жіберіп,

Мойныңды маған бұрасың.

Соғысатұғын кісідей

Көлденең тартып тұрасың.

Меніңменен соғыссаң,

Құдайыңа барасың.

Соғысар болсаң жөніңді айт,

Нағылып жүрген баласың?

Сансызбай сонда сөйлейді:

 

– Қорен қалмақ сен болсаң,

Сансызбай бала мен едім,

Мен де өзіңдей кен едім.

Жібек сынды жеңгемді

Елімнен іздеп кеп едім.

Жеңгемді тауып алған соң,

Медет тілеп Алладан

Еліме алып жөнедім.

Артымнан келе жатқан соң,

Нағылып жүрген адам деп,

Білейін сені деп едім.

Мұсылман болсаң саған мен

Болайын жолдас деп едім.

Нәсілің кәпір жау болсаң,

Алла тізгінді оңдаса,

Жаһаннамдағы орныңа

Жіберейін деп едім.

Сонда қалмақ сөйлейді:

 

– Асу да асу бел,– дейді,

Аса бір соққан жел,– дейді,

Әуелгі кезек менікі,

Соңғы кезек сенікі,

Бұ сөзімді біл,– дейді.

Қарсы алдыңнан қарасам

Жасың кіші жас ұлсың

Кезегімді бер,– дейді.

 

Сансызбай атты жас берен

Толғана мойнын бұрады,

Алладан пәрмен сұрады.

Қашатұғын қатын ба,

Кезегін беріп қалмақтың

Қасқайып қарап тұрады.

Атаңа лағынет қу қалмақ

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған баланы

Толғап тартып қалады.

Кірістен оғы кетеді,

Сансызбайға жетеді.

Тоғыз қабат сауыттың

Сегізінен өтеді.

Жыртыла жазды сауыттың

Қатарланған жығасы.

Сансызбайдың жасынан

Қабыл еді тобасы.

Өтер еді мұнан да,

Жібермеді бұ оқты

Ғауыс, Ғияс қырық шілтен

Болған екен панасы.

Бұрын жауды көрмеген

Сансызбай сонда жылайды:

 

– Қор қылма,– деп,– кәпірге,

Алладан пәрмен сұрайды.

Рақым қылса бір Құдай

Пенденің несі құриды.

– Құдіреті күшті Құдайым,

Бір өзіңе жылайын.

Рақым қылғыл Құдай-а,

Көргенім жауды осы еді

Қайратымды сынайын.

Құдіреті күшті Құдай-а,

Батар күнмен батайын,

Қалмақты мен де атайын.

Рақым етсең, иә, Алла,

Қу қалмақты өлтіріп

Қызығына батайын.

Мен құлыңның кешіргіл,

Пазылың бірлән иә, Алла,

Ғасылық еткен қатасын.

Бұлайша толғап Сансызбай

Қорамсаққа қол салды,

Бір салғанда мол салды.

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған кәпірді

Толғап тартып қалады.

Зырқырай оғы кетеді,

Қалмаққа таман жетеді.

Көкірек қысқан көбеден,

Қармаулы қабыл жебеден,

Зырлауменен өтеді.

Мұнан да өтіп кетеді,

Бір төбеге жетеді,

Үй орнындай бір жерді

Төңкере тастап кетеді.

Оқ тоқтаған кезінде

Қорен аттан құлады,

Туы қолдан құлады.

«Ла-лай-лама- лоқы» деп,

Бәлем қалмақ сұлады.

Жығылған соң қалмақтың

Қасына жетіп барады.

Ат үстінен қылышпен

Денесінен жұда қып,

Басын кесіп салады.

Қазмойын қара тұлпарды

Жетегіне алады.

 

– Тоқтағын, Жібек, тоқта,– деп,

Менде көңілің жоқ па?– деп,

Айғай салып Сансызбай

Жібекке атой береді.

Атой беріп жүргенде,

Шеге мен Жібек көреді.

Қуаныш қылып тұрғанда

Сансызбай жетіп келеді.

Шүкір қылып Аллаға,

Кәпір жаудан құтылып,

Бірнеше күн жол жүріп,

Еліне аман келеді.

Ата-анасын қуантып,

Қырық күн ұдай той қылып,

Сансызбай Жібекті алады.

Сипатын көріп Жібектің

Ел-жұрты қайран қалады.

 

Бір Құдай әр пендеңді өзің оңда,

Айналды жұлдыздары енді оңға.

Түс көрді Жібек түнде ұйықтап жатып,

Айтады Сансызбайға тұрып сонда.

 

– Түсімде бір топ қарға көрдім,– дейді,

Соңынан бір тұйғынның ердім,– дейді.

Тұйғын қырып сап қылды көп қарғаны

Қызығын тамаша қып тұрдым,– дейді.

 

Сонда Сансызбай түсін жорыды:

 

– Қалмақтың көп әскері келеді екен,

Құдай біздің тілекті береді екен.

Қарға қырған тұйғының мен екенмін,

Келген қалмақ бәрі де өледі екен.

 

Мұны айтып Сансызбай жұртын жиды,

Ғазатқа Құдай үшін жанын қиды.

Сансызбай жұртын жиып алған шақта

Көп әскер келді деген хабар тиді.

 

Сансызбай сол қалмақтың бәрін қырып,

Өлігін жота-жота қылып үйді.

Мұсылманнан бар екен жиырма адам

Оларға инғам ихсан қылды сыйды.

 

Қаршыға екен басшысы мұсылманның,

Панасы Патша Құдай қысылғанның.

Қыдыр дарып, бақ қонды Сансызбайға

Ешбірін жібермеді ұсынғанның.

 

Әскерден Қаршыға озып жүрген екен,

Қореннің сонда өлгенін көрген екен.

– Өзімізді өлтіріп кете ме?– деп,

Көрсетпей қалмақтарды бұрған екен.

 

«Ханымыз қуып кетіп барады» деп

Қаршыға қалмақты алдап ұрған екен.

Еліне Базарбайдың алып барып,

Ақылмен осылай қып қырған екен.

 

Әлқисса, Сансызбай Қаршығаны бірнеше күн сыйлап, және Сансызбай екі мың әскер алып, Қаршығаны алдына салып, еліндегі қамап жатқан көп қалмақты хабарсыз жатқанда, түнде барып тиіп, көбін атына мінгізбей, таң атқанша қырып, таң атқан соң ұрыстың амалын қылатұғын ханы жоқ, қалған қалмақ еліне қашып, жүріп береді.

 

Сансызбай артынан қуып берді,

Қолға тиген қалмақты қырып берді.

Қалмақтың бес мың қолын бәрін қырып,

Қызыл қанға бояды қара жерді.

Мұсылманды дұшпаннан айырып алған

Жігіттер, тамаша қыл мұндай ерді.

 

Бақ берді жас балаға Патша Құдай,

Мұсылманның болып тұр көңілі жай.

Қалмақты әбден қырып бітірген соң

Қайнына келді қайтып ер Сансызбай.

Басшысы Сырлыбай хан өзі болып,

Алдынан шықты елі бәрі шулай.

Оңаша бір отауды салып беріп,

Қызмет қып сыйлап тұрды екі айдай.

 

Еліне екі ай жатып жүрді дейді,

Қызметін қайын жұрттың көрді дейді.

Сексен нарды толтырып жасау артып,

Бес жеті алтын отау берді дейді.

Тоғыз жорға ат жабдықтап Жібек үшін

Қайын енесі қасына ерді дейді.

Жібекті жаңа ұзатып бергендей боп,

Еліне үш ай жүріп келді дейді.

Еліне аман-есен келгеннен соң,

Қайтадан қырық күн той қылды дейді.

 

Мұныменен Қыз Жібек тамам болды.

Көп қисса тәсниф қылдым мұнан бұрын,

Пенденің Алла білер іште сырын.

Сауап, күнә екенін біле алмаймын

Кешіргіл күнә болса, Жаппар Кәрім.

 

Көп қисса тәсниф болып шықты бізден,

Назым қылып шығардым насыр сөзден.

Молдалар оқысаңыз әр кітабым,

Әрқашан мақрұм қылма дұғаңыздан.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар