Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Майра Фазыл. Әйел....

11.06.2015 2687

Майра Фазыл. Әйел.

Майра Фазыл. Әйел. - adebiportal.kz
ovod-roman.jpg

Маған Этель Лилиан Войничтің «Бөгелек» («Овод») романын сыйлады. Кітап сыйлау сән емес, маған сыйлаған екінші кітап. Біріншісі студент кезімде көршім Достоевскийдің «Нақұрысын» («Идиот») тастап кеткен, қайта сұрамаған соң сый ретінде қабылданды. Екі романның арасы бес-алты жыл, яғни оқылу уақыты да, айырмашылығы да әжептеуір, ұқсастығы да бар. Философиялық жағынан қозғамай-ақ қояйын, бір өте қарапайым сөзбен айтатын болсам, айырмашылығы - бірінің авторы еркек, бірінікі әйел. Ұқсастығы екі романның да бас кейіпкері еркек. Тағдырынан оңбай таяқ жеп, соңғы үзілген үмітіне дейін үздіккен еркектер. Ондай романды оқыған оқырманның көңіл сезімі көл-көсір, несін жасырамын, менде де солай болды. Бірақ кітап жинауға салақ менің жанымнан «Бөгелек» табыла беретін еді. Жол жүріп, не теледидары бұзылып, интернеттен ажыратылған немесе басқа себептермен кітап оқуға деген құштарлықтары оқыстан ашылып кететін таныстарға жан қалтаға сыйып кететін шағын ғана «Бөгелекті» ұстата қоятын едім. Бір-екі қызығушылық оятатын сөз, сонымен міндетімнен құтылып, миығымнан күліп отырамын. Бірақ кітаптың адал оқырманы ретінде қадағалап қоямын. Бастадың ба романды? Қай жеріне келдің? Әлі сол жеріндесің бе? Ең қызық жеріне әлі келмепсің ғой? Егер оқылмай жатса бәрібір тықақтап қоймаймын. Намысқа тиер жанама сөздерден кейін бәрібір дегеніме жеткендей боламын. Шын айтсам, бұл бір кездері өзіме ұнайтын қызық ойын секілді болып кетті. Кітап сұрап шөліркеп тұрған адамға «Нақұрысты» бермеймін ғой, ол менің олардың оны оқуға өресі жетпейді деп менсінбегендіктен немесе көп біліп қояды деп қызғанғандықтан емес. Онсызда жүйкесі жұқарған, ширыққан адамдарға «Нақұрысты» беріп өле алмай жүр дейсің бе? («Нақұрыссыз» да проблемалары жетеді олардың) Аяймын оларды. Егер біреу маған сол кітапты берші деп алдыма келе қалса, бермеудің нешетүрлі амалын қарастырып, бес сағат ол ойдан қайтаратын қорқынышты әңгімелер айтып, кітап ұсынып тұрған қолымды кідіртіп, екі-үш рет тартып алып берер ме едім, кім біледі?!


«Бөгелекке» қайта оралайын, мақтанғаным емес, романды оқыту ойынында бес алты рет жеңіске жеттім. Аралары көп ұзамай қолдан қолға өтіп жатты. Ондай кезде кітапты о баста сыйлаған адамға іштей бір алғысымды айтамын да, біткен кітапты қайтарып аламын. Содан келесісі. Сондай бір сәтті «маркетингтің» кезінде жарнамамды біреу құлағы шалып қалды. Біреу дегенім оң жақ миы сол жағына, сол жақ миы оң жағына айналып кеткен, қысқасы өте шығармашылық түр. Мен өз «құрбандықтарымды» білемін ғой, ол ондайға жатпайтын, оған «Бөгелек» емес, «Нақұрыс» өтетін еді. Сол кезде оны сайтан түртті ме, құлағы түріліп қалды. Мен де сыр бермедім. Айдаладағы Маркес пен Булгаковтан білетін бір әфсана, «Бөгелек» ішінде Құдай туралы бір цитата, сонымен торға түсті. Сол кезде менен асқан риза адам болмаған шығар дүние жүзінде. Сырттай бақылап жүрдім, бірнеше рет сұрап қойдым. Оқылып жатыр, мен күткен жылдамдықтан да тез оқылып жатыр. Ары қарай әркімнің өз қызығы өзінде. Менің қызығым - басқа оқырмандар бір төбе, мынау бір төбе, сұранған өзі, не айтар екен? Күткен күн де келді. Роман қалай екен? «Да, бл...н, әрең бітірдім ғой. бекер бастадым ба дедім? Бастаған соң тастауға қимадым". Несі ұнамай қалды? «Какая-то баба пишет про мужчину. Зачем это? Бәрібір әйелдерге мүмкіндік аз ғой». Дәл солай айтты! Ол кезде қандай сезімде болғанымды айтпай ақ қояйын, қазір өзімді одан басқа сөз күту мүмкін емес еді ғой деп жұбатамын. Жеңілгеніңді іштей болса да мойындау ерлік қой. Жеңілісте де бір шындық болатыны анық. Тіптен болмағанда, әйелдің романы дейтіндей, соғұрлым Флобердің «Мадам Бовариі» мен Толстойдың «Анна Каренинасын» да басымызға көтереміз ғой. «Бөгелек» содан кейін тартпада ұзақ, қимылсыз жатып қалды. (Әйелдің романы деген сөзге өкпеледі ау деймін) Есіме түскенде қарап қоямын, ойлап қоямын, сенің келесі сүйікті оқырманың кім екен? Бәрібір жақсы көремін «Бөгелекті». Ерекше адамның сыйға тартқанын есептемегенде, менің ішкі айқайымды басқаларға білдірте алған белгім ғой. Мен кітапты беріп тұрғанда, одан кейін олардың қанағаттанған бейнелерін көргенде былай деп тұрамын: «Ей, бұл да бір өмір ғой, біреудің өмірі ғой (адамдар өзгенің өміріне құмар келеді, менің ойым). Ең құрығанда, өздеріңнің қияли әлемдеріңнің бір ғана сәттік (сол сәтте ұмытылатын) бейнесі ғой. Бұл кітап соның параққа түскен түрі. Еңбекпен, көркемдікпен, ықшамдалған түрі. Оны оқып, енген сайын, ол сенің санаңа одай сайын сіңіп, шарықтата, жетелей түсетін, адреналиннің бір түрі». Бары сол ғана. Егер кітап оқытып, байитын заман болса жанымды сала кірісер едім, менен асқан бай адам болмас еді. Мына заманда адамның бәрі кітап оқымайды, көрсоқыр деген көлеңкедегі көзқарасымды сәл де болса жарыққа шығарып, үміт отын тұтатқан роман болған соң ба, ішім жылып тұрады. Какая разница, әйел жазсын, еркек жазсын, ең бастысы оқыса болды емес пе? Пәк оқырманның санасын әйел автор ашқанда тұрған не бар? Иә, басымда болды жағдай, еркектердің жазған кітаптарын сыйлағанмын. Төбесінде тұрып алып оқытқанмын, Шекспир, Камю, Хеменгуэй, Чехов т.б. еркектерді. (Жалпы еркектер табиғатында аяушылық көп емес қой) Не шықты? Не таптым? Көргенім, төмен түскен көңіл күй, терең ойға бату, баяу әрекет, түсініксіз әңгіме, қысқасы депрессияның ар жақ бер жағы. Бір сөзбен айтқанда, сүйкімімді жоғалттым. Керек па сондай бедел маған? Одан да бұрқ-сарқ етіп қайнап, күйіп жанып жататын әйелдердің романын оқысын. Өмірінде бір кітаптың бетін ашпай кетіпті деген сөзден жақсы ғой. Менің еркек авторларды кемсітейін деген ойым жоқ. Менің қателігім, жұрттың бәрін (еті өліп кеткен) өзімдей қабылдап қойғанмын ғой. Санамда таңба басып кеткен романдарды айтамын да аузыма келген соң. Әйтпесе сондай кезде детектив, фантастика, Джек Лондон, Гете романдары сияқты сюжетті, жеңіл жанрлы кітаптар еске түспей қалады ғой. Әйел автор деп жағамды жыртатындай жетіскен ештеңем жоқ, әлем әдебиетінің өзінде саусақпен санарлық. Мен білетін, яғни аты таныс апалы сіңілі Бронтелер, Джейн Остен, Жорж Санд, Маргарет Митчел, бірақ шығармашылығынан өзім мақұрым әйелдерді қалай оқы деп айтпақпын? Оның үстіне олардың көбісі классикалық дәуірдің беткеұстар фанат романтикалық ақсүйек ханым жазушылары. Кітап дүкендеріндегі семіз томдарына жүрексіне жақындап, салмағын өлшеп тұрғанда әрбір секундын бағалайтын есепшіл оқырманның көз алдына кинодан көріп тастаған зәулім сарай, қамалдар, балл, желпілдеген көйлектер, шапқылаған карета келе қалады да, ақырын ғана баюдың жолын немесе еркекті арбаудың неше жолын жазатын жазушылардың бөліміне ақырын ғана жылжи береді.


скачанные файлы (4).jpg


Менің көкейімді тескен нәрселер бұлар емес. Рас, маған Войнич пен сәтсіз оқырманым қозғау салды. «Әйелдердің мүмкіндігі аз». Егер осы сөзді он жыл бұрын айтса жыларман болып, қорланып қалушы едім. Қазір үнсіз қаламын. Өте сабырлымын бұл пікірге. Мүмкін бұл әйелдік мойындауым шығар. Оның үстіне бұндай сөзді бірінші рет естіп тұрған жоқпын. «Әйелдерден жазушы шықпайды» деп кезінде ағайға сілтеме жасайтын. Жауабым бар. Жазушы болу тек әйелдерге ғана емес, еркектерге де оңай шаруа емес. Сондықтан жазушылықты жынысқа бөліп, танауды көтеретіндей мүлде ретіміз жоқ-ау.


«Жарайды,»- дер бір қытымыр оқырман кекете: «Қане, қазақтан шыққан жазушы әйел?» Жоқ. Мүмкін шаң басқан архивте жатқан шығар. Шығарыңдар бар болса. Біліп жүрейік. Бері келе білетінім екі саусақ. Роза Мұқанова мен Айгүл Кемелбаева. Олардың бағасын оқырмандары мен сыншылар жақсы біледі, сосын ары қарай болашақ.


Менің де қояр сұрағым көп. Қазақ жермен тегістеліп, жоқ болып кетуден басқасының бәрін көрді. Соғысты да, аштықты да, қырғынды да, құзғұнды да. Сөйте жүріп қанша ғасырға азықтансын, көтерсін еңсесін, гүлдесін деп Абайды туды, аз да болса алаштықтарды берді, одан кейін Әуезов, Мүсірепов, Тәжібаев, Есенберлин, Бөкей, Мағауин, Кекілбаев, Таразиді тағы.. тағы... Бірақ... бірақ сол әйелдік логика ғой менікі. Сондай дана жазушыларды әйелдер туып тұрып, неге әйел жазушылар туылмады? Ең құрығанда, жоқтан бар жасап, идеологияны иіріп отыратын кеңес заманынан иіріліп неге бір қазақ әйел жазушы шықпады?


Әйел деген ұғымды әдебиетте ақылы қысқа деп есептемейтін бір пенде табиғи және материалды факторлардан қаша отырып: «Неге қазақ даласы ұлы әйел жазушыны тудырмады?», -деген сұраққа жауап таба алар ма екен? Мысқылсыз, кекесінсіз. Бір ауыз сөзбен. Кез келген версияны тыңдаймын.


P.S. Сұраққа нақты жауап табармын, таппаспын. Әдебиетті маңайлап жүргендердің барлығының ішінде ортақ жауап болуы мүмкін. Іші біледі бәрінің, сезеді. Тонды теріс айналдырып кию әдетімізде жоқ қой.



Тағы да P.S. Сұраққа нақты жауап табармын, таппаспын. Сонда да мен сабырлымын. Өйткені әйелдер прозасы жайлы ішімді өртеп бара жатқан ең маңызды нәрсені бүгіп қалдым. Ол әлі алда... 





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар