«Қарағаш» (Мамания) мектебі – жәдидтік бағытты ұстанған Жетісу өңіріндегі тұңғыш қазақ медресесі.
Автор
Жырда Адай Есенқұлұлының «Қазақтың нобелі» кітабы негізгі дерек ретінде қолданылды.
Cөз басы. Әулиесөз
1867 жыл. Арасан болысымен Қапалдың мұсылмандық парызын өтеуге Меккеге Ыбырайым, көпес Қыдырбай және Маман баратын болған. 72 жастағы Қалқабай баласына батасын бермейді. Өйткені шау тартып, шаруашылыққа байланысты күрделі істерді Маманға жүктеп қойған еді. Әке рұқсатынсыз кетіп бара жатқан Маманға ауыл жұрты ұлардай шулап кетеді.
Ауыл ақсақалдарының айтқаны:
Ей, Маман, алыс сапар – барған жерің,
Әкеден бата алмайтын жаннан ба едің?
Күйені ішіңдегі өшірмессің,
Киелі Мекке аулына қонғанда елің.
Маман-ау, лажы болса, тоқта ендігі,
Белгілі жастайыңнан көпке ерлігің.
Асықсаң, көрінбейді, төгілмейді,
Жылт еткен өмір деген сәт кеңдігі.
Құлынның жаратуы – батаменен,
Жөңкіген бұл ісіңді қата дер ем.
Жүйріксің, шабатұғын сен алысқа,
Жігітке жүру болмас қапаменен.
Ей, Маман әкең де асыл, өзің де асыл,
Осынау тілектерді сезін, басыл!
Жаныңның дегеніне құрақ ұш та,
Тәніңнің айтып тұрған сөзін жасыр.
Маман айыбын түсініп, әкесінен бата сұрайды. Демін ішіне тартып, қобалжып тұрған қараша жұрт бір сәтке босап, Маман ісіне риза болады. Осы сәтті тосып отырған әкесі Қалқабай да мейірленіп, көктемде еріген Самарқанның көк тасындай сайрап кетеді:
Уа, балам, Маман ұлым, ұлықты ұлым,
Өзісің бір қарасы біліктінің.
Баламның дер едім мен: «жанары ғой»,
Теңіздің көрсең егер тұнықтығын.
Ұлдарың жетсін деймін Ұрымға алыс,
Қыздарың жетсін деймін Қырымға алыс.
Ордаңа көк тігілсін, шайқалмайтын,
Ұққанға ғұмыр – майдан, ғұмыр – жарыс.
Көмек бер, қолыңды соз қиналғанға,
Сен үшін салқар жұртың жиналғанда.
Ыдысын сындырма тек, бағып ұста,
Ырысын үйіп-төгіп құйғанда Алла.
Маманым, сапар жырақ, жолың ұзақ,
Алдыңнан күтеді рас толы тұзақ.
Қажы боп келген соң да қасқыр-ғұмыр,
Салуы мүмкін жанға тағы сызат.
Бәріне дайын болшы, балам, ұлым,
Мына әкең қадамыңа алаң бүгін.
Мың адам мың түрлі сөз айтса-дағы,
Бір Аллам төксін деймін саған нұрын!
Басында бұл сөздің мәнісіне жетпеген жұрт бір-біріне қарасып, таңданып жатты. Десе де, байырғының салтымен «әумин» десіп, жақсы тілекке жаны елжіреді. Қайран қалдырғаны – «Рұм», «Қырым» деген таңсық лепес. Кейіннен әулиесөз шынымен де орындалып, Маман ұрпақтары қабырғасын көтерген «Қарағаш» мектебі – күллі қазаққа танымал болып, ордадан түлеген шәкірттер елге бейтаныс Еуропаға дейін білім ізденуге аттанған болатын.
2-тәмсіл. Құс түлету
Қажылықтан келгеннен кейін ел-жұрт Маманның атақ-дәрежесін құрметтеп, «Байқажы» деп ат берген. Қапал-Арасан аймағына қарайтын тоғыз болысқа төбе би қылып сайлаған.
Иманы берік – қашан да,
Иран бақ жаны, тәні де.
Таңертең көзін ашарда,
Үңілген өмір мәніне.
Жүректен ұшқан жылылық,
Құс болып қанат қағады.
Сол жерде екен ұлылық,
Сол жерде бәрі бағалы.
Жатырда жатып аш болған,
Жаманды несін айтасыз?
Құдыққа тәні тасталған,
Наданды несін айтасыз?
Өзекте ғана өзгеше ой,
Өзінен бұрын елді ойлар.
Асылдық деген көзде ғой,
Кемістікті емес, кеңді ойлар.
Жұтыпты ындын көп байды,
Алдамшы мынау жалғанда.
Мамандай шегіп көп қайғы,
Түсетін кім бар майданға?
Бір ынсап – жанның дауасы,
Жаралған жақсы көрмекке...
Барады әне қарашы,
Құс ізі көкті өрнектеп.
Сөз құдіретін танып, ойдың орамын, тәмсілдің тағылымын білген, ел басқаруда дуанбасы қызметін атқарған Маман қажының Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл атты елеулі үш ұрпағы ен даланың ерке бұланы болды. Ақсу, Қапал, Лепсі, Сарқан аймағының беткеұстар, беттүзер қаймақтары еді.
3-тәмсіл. Жақанбай болыстың асы
Бір жылдары Мұқаншы-Садыр елінде төрт болыс ел көсемі, ақыл, парасат иесі Жақанбай болыстың асын өткізіп, оған Қаракерей, Садыр, Матай, іргелес отырған Жалайыр, Үйсін, Арғын, Қырғыз туыстарын шақырады. Жетісу өңіріндегі атақты тұлғаларға арналған ас беру, салтанатты тойлар осы аймақтың атақты биі Маман қажысыз өтпеген деседі.
Аста Маман байдың сөйлеген сөзі:
Уа, дүйім жұрт, дүйім жұрт,
Құбылам – қазақ, Құраным – дәстүр болсын десеңіз,
Қазығым – уәде, мінезім – қасқыр болсын десеңіз,
Түтінің түзу, тілеуің қабыл болсын десеңіз,
Тұрағың құтты, тамырың сабыр болсын десеңіз,
Ұмытпа өткен күніңді.
Уа, дүйім жұрт, дүйім жұрт,
Жер дауы – құлып, ашылар кілтін тапса бір күні,
Мал дауы – бүлік, кетеді құлқын батса бір күні.
Жесірге, жарлы, жетімге,
Бар байлықты аяма,
Өтетін ызғар өтінде,
Әр таңыңды аяла.
Уа, дүйім жұрт, дүйім жұрт,
Қиын не бар жанжалдан,
ағайындар суыған?
Алдамшыға малданған,
Кетпей көптің шуынан.
Жанжал шықса әп-сәтте,
Жауап берер руы оның.
Он жігіті солардың,
Тезге салсын қуларын!
Бұқара жұрт Маман қажының осы пәтуасына тоқталып, ас тыныш өтіпті. Дау-жанжалсыз тарқасқан халайық ризалық көңілдегі түрлі пікір айтқан еді.
Біреуі:
Пәуескемен жүрген Маман, бай-ауқатты,
Көпшіліктің көңілін қайта аулатты.
Оң жағына қараса, оң жақ сыйлап,
Сол жағына қараса, сол жақ сыйлап,
Тостағандай ырысы шайқалмапты.
Біреуі:
Жан-жүрегі жомарт-ақ, жақсы екен-ау,
Мұндай адам өңірде тапшы екен-ау.
Жолбарыстай түйіліп сараң көрсе,
Жомарт атын көтерген бақшы екен-ау.
Біреуі:
Көзі де өткір, мінезі тастай қорған,
Маман байға есік жоқ ашпай қалған.
Қарасы көп жиында, алшаң басты,
Қаракерей атындай бас бәйгені алған.
Көкпар-тағдыр бағлан-бақты қанша тартқыласа да, бабы келіскен, жауы иілген, дос сүйінген, жақсылар өбіскен жомарт-жүрек Маман бай – жасынан мығым, құлынтайдан қайсарлы еді. Сүйекке біткен сал мінезі сарабдал көпке ұнаса керек, арлы жан осылайша абыройлы болып қайтты астан.
4-тәмсіл. Маманның қоштасуы
Байқажы сеңгіркөк сексен бір жасқа келіп, көк майса жайлау төсіндегі ауылда хал үстінде жатады. Көңілін сұрап көп келеді. Сонда әлсіреген Маман басын көтеріп:
Е, жұртым, бәрің жиналып,
Амандық сұрап келіпсің.
Жатырмын, міне, қиналып,
Қалғандай ажал жетіп сұм.
Өмір не? Өмір – жалғыз-ақ,
Мөлт етіп түскен мөлдір шық.
Өткердім мен де жолды ұзақ,
Ерленіп, бірде еркінсіп.
Жолатқың келмей өлімді,
Жатсаң да, халқым, көнемін.
Осынау жұмақ өңірді,
О жақта, бәлкім, көремін.
Таусылды дәмім бірақта,
Тайбурыл атың сүрінді.
Айналып кетем құраққа,
Самалмен естіп сыбырды.
Уа, кешір, асыл алашым,
Уылжып тұрған балғын жан.
Қазақтың байтақ даласын,
Өзіңе мәңгі қалдырғам.
Уа, кешір, таулар әжімді,
Алатау, кешір, ақ шыңды.
Асқынған дертім қазіргі,
Айтқызбай жатыр көп сырды.
Кем тұсым болса білдірмес,
Ешкімге сені теңгермен.
Қош, халқым, енді, жұртым, қош,
Құс ұшты менің кеудемнен.
Жақсылығын көп көрген жұрт: «Қасиетіңізді білмеген, қадіріңізне жетпеген ағаттығымыз болса, сіз де бізді кешіріңіз» деп ұлардай шулады. Жаз - жаз емес, әп сәтте күреңіткен қоңыр күзге айналып, дала дел-сал күйде не дерін білмей, ұзақ тыныштықта тербелді.
5-тәмсіл. Тас жарып өскен гүл
Маман қажы дүние салғаннан кейін оның өнегелі ісін жалғасырған ұлдарының бірі әрі бірегейі Есенқұл болды. Бұл уақта Есенқұл небәрі жиырма бір жаста еді.
Ескіні жаңа басады,
Естіні солай таңдар қыр.
Түңдігін көздің ашады,
Жанартау жүрек жандар-дүр.
Ескіге көңіл – қараша,
Жаңаға жасыл жаз әлгі.
Түспейді ешкім араша,
Түсінеді өмір-базарды.
Келдің де, кеттің, кімде із бар,
Сол тұрар көкте жарқырап.
Жауратпас бірақ түнгі ызғар,
Жас тұрса жанып, арқырап.
Тектіден туған Есенқұл,
Тегіне қарай тартады.
Ептіден туған Есенқұл,
Еліне қарай тартады.
Жақсыдан туған Есенқұл,
Жалғанның ойын оқыған.
Бел бекем буған Есенқұл,
Сөйлеген ардың атынан.
Бақ сұрап Жалғыз Иеден,
Қып-қызыл шоқтай маздады ол.
Қылышы қанды жүйеден,
Қыршын да кете жаздады ол.
Білімқұмар, оқуға құштар өрендерге лайықты шаңырақ керек болды. Жетісу өлкесін түгел қамтитын тағылымды орда «Қарағаш» медресесі пайда болды сөйтіп.. Оның іргетасын Тұрысбек бекіткенмен, негізгі салмақ Сейітбаттал мен Есенқұлға түсті. Ел-жұрт Маман ақсақалдың жақсылығын көп көргеннен кейін «Қарағашты» Мамания деп атап кеткен деседі.
Алқызыл гүл шығарып тақыр жерден,
Терек пен тал өсіріп ақыр белден,
Есенқұл есі кетті, ел үшін деп,
Ілімдей Күнге бастап батыл керуен.
Уфалық «Ғалиядай» болсын деді,
Ең мықты сәулетшілер салсын деді.
Керекті жарақтарды, хат жіберіп,
Семей мен Керекуден алсын деді.
Тотыдай түрленді алқап, түрленді жер,
Бұл жайды сол мекенде жүрген білер.
Жүзігі секілденген Сүлейменнің,
Жүз жылып, келген адам бірден күлер.
...Ақылмен жанса жанар, бағы алаштың,
Оң болса, мойын бұрып қарамас кім?
Жайқалған жеті түрлі тал-қайыңы,
Мамания – иран бағы Қарағаштың.
Барлығы да Есенқұл мен Сейітбаттал ойлағандай оңай болған жоқ. Медресенің жайын естіген кертартпа кейбіреулер: «Орысша оқып, балаларымыз кәпір болып кетеді» десті. Енді бірі: «Көзін ашқаннан қозы соңында жүрген малшы-жалшы баласының басына оқу-білім кірмейді. Жыртық шапан, салпы етектің баласы мен біздің балалар бір партада қалай отырады? Сондықтан оларды мектепке алмау керек» деп мәселені төтесінен қойды. Ру басшылар да қарап қалмай, қара тастай зілді сөздерін қайта-қайта сілтеп, қытымыр мінезінен тайынған жоқ.
Сонда Есенқұлдың сөйлеген сөзі:
Дәтің берік, Қарағаш,
Дауам сенсің өмірде.
Мендей ешкім қарамас,
Сендегі алтын көңілге.
Арың биік, Қарағаш,
Салдым сені сағымнан.
Қар мен жаңбыр аралас,
Күзде жауған жауыннан.
Құның кетпес, Қарағаш,
Керек қылдым, мен салдым.
Жан қозғауды қаламас,
Жұртымды ұқпай дел-салмын.
Жарлы демей, бай демей,
Бәрі оқиды бұл жерде.
Құштар болса қай кедей,
Сол асықсын, білгенге.
Малшы демей, қас демей,
Түгел көрсін тәлімді.
Асыл демей, хас демей,
Түгел көрсін тәлімді.
Жағрафия, есепті,
Үйренсе екен бүлдіршін.
Сөзі болып кесек-ті,
Тілін де бай қылдырсын.
Пайғамбардың ғұмырын,
Жатқа білсе, жарады.
Дін ісләм тұнығын,
Сезсін жанмен саналы.
Қандай ғажап, сөз бастап,
(Дем беріп туған даласы),
Алыстарға көз тастап,
Жүрсе қазақ баласы.
Ілім деген егісте,
Бала таңын атырса.
Табанына періште,
Қанат тосып отырса!..
Сол бір табанды қарсыластан кейін ел арасындағы сөз басылып, ашынған қауым сабасына түсті. Жәдидтік, яғни жаңашыл бағыттағы медресенің ақ-қарасын танып, ақырында игілігіне сене бастады.
6-тәмсіл. Жер тербеген әуен
«Қарағаш» медресесінде мешіттің молдалары Хасен мен Қожахмет шәкірттеріне дін, шариғат, Құран сүрелерін жаттатумен қатар, сыбызғы үніндей сызылған дауыс сыңғырын да үйретті. Ақшам әлетінде бейіштей мекен байыз тауып, ырысты тыныштыққа ұйып отырғанда биіктеу мұнарадан бір ыстық әуен құйыла түсті. Сүтті іңірдің тарам-тарам бұлттарын көкжиектен асырып жіберердей үзік-үзік діріл... Ет пен сүйектен жаралған есті пенде бір сәтке демін ішке тартып, азанның аяулы дауысын естуші еді сонда.
Жаратқан раббыма мадақ,
Мадақ саған ұлы ием.
Жаратқан раббыма мадақ,
Өзіңе ғана иілем.
Аллаһу акбар, Аллаһу акбар,
Лә иләһә илла Алла...
Әлемге патша бір Өзің,
Құлыңмын сенің жердегі.
Жарығын шашқан Күн өзің,
Жарылқап біздей пендені.
Аллаһу акбар, Аллаһу акбар,
Лә иләһә илла Алла...
Мұхамед сенің елшің рас,
Болатын бізге шапағат.
Мұхамед сенің елшің рас,
Жазылсын ішкі жарақат.
Аллаһу акбар, Аллаһу акбар,
Лә иләһә илла Алла...
Оң жақтағы, халық, кел,
Иманға ұйып тұп-тұнық.
Сол жақтағы, халық, кел,
Күтемін сені тік тұрып.
Аллаһу акбар, Аллаһу акбар,
Лә иләһә илла Алла...
Әуен құдіретіне әлем ұйығандай, азан дауысына азан-қазан тіршілік тоқтағандай әсер берді. Шәкірттер жүректен шыққан әрбір дыбысқа шын иланды да, білімге деген құштарлығы одан сайын ашыла түсті. Иман дәмін сезіп, ізгілік пен ізеттілік жанына ұялап, аз уақытта басқа адам болып шыға келді.
7-тәмсіл. Самсаған жұлдыздар
Діни ілімнен бөлек, медресе маңы ән мен күй, ұлттық ойындарға толы еді. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген ұстаздар бұған еш қарсылық қылмай, керісінше қолдап жатты.
Ілияс жыры,
Біләлдің әзілдері,
Ұшқын атқан әркімнің сезімдері,
Баурап жатты, көңілді аулап жатты,
Бөлтірік-мұң ашпаған көзін де әлі..
Уәлиқызы Майраның тамаша әні,
Қошемет қып, тәнті еткен қарашаны.
Сыбызғы үні,
Сыңғырлап қыз дауысы,
Сайрап тұрса, кім оған таласады?
Мейірман да үн қатты
Жарқын өңді,
Шығаруға шыңдарға талпынды елді.
Жақсыларды үйіріп маңайына,
Жүргендігін Қарағаш халқы көрді.
Бау-бақшада біреуі асыр салып,
Жатты әрбірі мәңгілік досын тауып.
Асылдармен бір жүрсе, жай адам да,
Ақырында кетеді асылданып.
Көңілінде күдік жоқ,
Жоқ алаң да,
Шәкірттері сенеді пәк ғаламға.
Тіршілікте не жетсін, жерде тұрып,
Тыныштығын жүректің сақтағанға?..
Қыздың мәнін, түсірмей ердің құнын,
Және ешкімнің бұзбаған еркіндігін,
Мамания – қасиетті Қызыр сынды,
Мекендеген Жетісу жер кіндігін.
8-тәмсіл. Роман бәйгесі
Қазақ мәдениеті мен әдебиетіне бей-жай қарай алмаған Есенқұл 1913 «Қазақ» газетіне қазақ романына бәйге жариялағанын жазады. 1914 жылы да «Айқап» журналында Маманұлы Есенқұлдың «Романға бәйге тігемін» деген ашық хаты беріледі. Сонда Есенқұл былай дейді:
Қазақ қазір түнекте,
Қазақ қазір жаралы.
Жарық жақсақ жүрекке,
Сол болады бағалы.
Алаш ұрқы жиылшы,
Атқаруға ұлы істі.
Арам сөзден тиылшы,
Адал болсаң, дұрыс-ты.
Ақыл болса қажетің,
Ғылым болса құмарың,
Бір күндері сеземін,
Жағылады шырағың.
Ұмытып үлде, бүлдені,
Жас қаламгер ойлансын.
Әңгіменің үлкені,
Роман жазып бәйге алсын.
Сөйтіп шығып сөз төрге,
Көлемді еңбек көрінсін.
Үлгі болып өзге елге,
Ұрпаққа дән егілсін.
Қайдасыңдар, жастарым,
Қалам нұрын ұстаған?
Қайдасыңдар, достарым,
Парасатын ұштаған?
Әлихан мен Ахметім,
Қазы болса, жарасты.
Жанның ашып ақ бетін,
Разы болса, жарасты.
Міржақып пен Шәкәрім,
Төрелігін білдірсін.
Мен беремін өтеуін,
Аман болып Күн тұрсын.
Сонымен, Есенқұл жариялаған роман бәйнесіне елдің түкпір-түкпірінен көптеген шығармалар жіберілді. 1914 жылы Семей облысына қарасты Қоянды жәрмеңкесінде «Кім жазықты?» өлеңмен жазылған романмен Сұлтанмахмұт Торайғыров жеңімпаз атанды. Бұл – роман жанрына жарияланған тұңғыш байқау еді.
9-тәмсіл. 48 сағат
Патша өкіметі дүниежүзілік соғысқа қатысып, әбден қалжырап, қоластындағы «бұратана» халыққа қосымша «соғыс салығын» салады. Осы бұйрықты іске асыру үшін Қапал уезінің начальнигі болыс-старшындарды жинап, төтенше съез өткізеді. Сонда начальниктің сөйлеген сөзі:
Тірлігің мынау,
Көп түскен қылау,
Соғыс қысты өкпеден.
Көз ашпай жылап,
Мың талып, құлап,
Жатсаң дағы, өткерем.
Шөл болды көлің,
Түнек боп көгің,
Бұйрық шықты, орында.
Тістенбей елің,
Кектенбей ерің,
Бұйрық шықты, қабылда.
Тізеңді бүгіп,
Патша әлін ұғып,
Барыңды сал майданға.
Жасырма, жатпа,
Түспе өзің отқа,
Жүрмес мұнда айлаң да.
Жазығың болса,
Азуың болса,
Қағып алам ойланбай.
Екі етпе сөзді,
Кекті етпе көзді,
Қалың қазақ, сор маңдай.
«Міне, деп мүлкім»,
Алдымда тұрғын,
Болады сонда жан аман.
Салықты таудай,
Бір сөзден танбай,
Мен емес, патша қалаған.
Көп сөйлеп қайтем,
Көп сайрап қайтем,
Сандықтан шығар «алтынды».
Жеткіздім саған,
Қысқасы, маған,
Осындай бұйрық артылды.
Съезге жиналған бай-манаптардың еңсесі түсіп, үгіліп, барлығы сөзге келмей, «мақұл» деседі. Сонда әліптің артын бағып, манадан бері үндемей отырған Есенқұл сөйлейді:
Береке таппас бетеге,
Берсе егер нәрін өзге өрге.
Қылады біреу келеке,
Кемшіндеу тұсын сезгенде.
Уланса сана, амал жоқ,
Салқындап кетер сау жүрек.
Күп-күрең күзден соғар леп,
Бұрышта қалған жан жүдеп.
Айтпаймын ақыл ездерге,
Жанса да көкте жұлдыз жүз.
Түйсінсек егер, сөзбен де,
Адамды мерт қып жүрміз біз.
Құрт болып кірді бұл майдан,
Қайран-ай, сол бір санаға.
Соғыстан басқа ыңғайлы ән,
Шырқалмай қалды далада.
Орыста ықпал болғанмен,
Дұшпаны оның, бізге дос.
Еменді кесіп алғанмен,
Тамыры қалар түзде рас.
Түрікпіз - біздер, ол – Түрік,
Бауырды бауыр шаппайды.
Тәңірі төккен мол қылып,
Ырысын төгіп жатпайды.
Дүние – кезек, ертең-ақ,
Жиылар Түркі ұрпағы.
Әкелер әлі елге бақ,
Тұранның бегі, Сұлтаны.
Беделі мен атақ-абыройы осы атырапқа белгілі Есенқұлдың сөзінен кейін әр жерден келген ауыл адамдары съезді аяқтатпай, тарап кетті. Есенқұлдың қарсылығын Қапал уезінің бастығы Верныйға хабарлайды. Хат ауаны:
Бүлікшіл Есенқұл,
Бүлігін жасырмай.
Халықтың алдында,
Сөйледі хас ұлдай.
Менсінбей патшаны,
Білген жоқ аярды.
Атуға тап соны,
Мылтығым даяр-ды.
Рұқсат бер, атамын,
Атамын наданды.
Шырқаған жат әнін,
Аламын қамалды.
Екі күн бер маған,
Кегімді қайтарам.
Кеңестің, Есенқұл,
Кесесін шайқаған.
Игізем дүр басын,
Бүктірем тізесін.
Тәлкек қып, талдырып,
Жидырам жүз есін.
Рұқсат бер, атамын,
Атамын жасымай.
Ессіздер қатарын,
Азайтам осылай.
«Есенқұл 48 сағат ішінде атылсын» деген суыт хабар суық жүзді сұр жыландай бүкіл өңірге лезде тарап кетті. Сондағы Есенқұлдың тас қараңғы, тар қапастағы күйініші:
Қазағым, қазағым...
Еңіреп жасқа толды көкірегім,
Сен қайда, көгершінім, кетіп едің?
Жұртым-ай, жұртым-ай...
Сандалған мен ғана емес өзіңді ойлап,
Өлсем де, сүйем сені көзім жайнап.
Топырағым, топырағым...
Қуанам жалғыз бүршік атса таңда,
Сезбейді қадіріңді патшалар да.
Ошағым, ошағым...
Түспесін ортасынан шаңырағым,
Қарағаш, жығылма сен, жалынамын.
Елім-ай, елім-ай,
Білемін, бұлт артынан Күн шығады,
Бітеді Тәңірінің мың сынағы.
Шыда,
Шыда,
Шыда...
Елдің игі жақсылары, зиялы адамдары ақылдасып, куә атанғандарға: «Өшпенділікпен жазып едік, сондықтан арыздың күші жойылсын» деп жазғызып, Верныйға Қапал уезінің атынан хат жібереді. Қапалдан салт атпен шыққан шапқыншы жігіт, атты әр бекет сайын ауыстырып отырып, уақытынан кешікпей оралып: «Есенқұлға кешірім жасалсын, абақтыдан босатылсын» деген хабарды жеткізді. Соңында начальниктің сұм ісі жүзеге аспай, Есенқұл босап шықты.
10-тәмсіл. Өрт
1917 жылы қазан төңкерілісі болды. Жыл өткен соң Жетісуда ақ пен қызыл әскерінің арасында азамат соғысы басталды. Көп жылдар бойы көпшілікті кемел білімге, келелі кеңеске шақырған Қарағаш қыстағы, мешіті, медресесі өртенді. Шәкірттердің көңілі құлазып, дүние дидарының өзгергеніне сене алмады.
Өрт шалды сол бір мекенді,
Өртенді мектеп, өңір бұл.
Болғандай бәрі бекер-ді,
Қалды ғой босап, көңіл тұл.
Жалмады жалын асығып,
Жас ағаш, қайың, бақшаны.
Теңіздей жатты тасынып,
Ұшқындар атып ақ-сары.
Биледі жалын пері боп,
Не деген сұсты от-ғалам?.
Жұмақтың қалды көрі тек,
Жауыздар білмей таптаған.
Асықты бәрін жұтуға,
Майдан да біткен, жоқ ешкім.
Қалған жоқ жердің құты да,
Бейнесі қалды елестің.
Құшағына алып кетті ана,
Шақалақ мұңын уатып..
Асықты бәрі, тек қана,
Асықпай күтті уақыт.
11-тәмсіл. Самала сенім
Жылдар жылжып, айлар алыстады. Күллі қазақияға аты шыққан Қарағаш мектебі келмеске кетті. Ұрпақтар ауысты, таным да өзгерді. Бұл күнде Мамания медресесінен жалғыз белгі-тас қана қалған.
Көп алысқан іштегі жарасымен,
Алаңымен, шерімен, наласымен,
Қарашығын суалтып, мөлдіретіп,
Қарағашқа келді әке баласымен.
Қара дақпен айғыздап жүректерді,
Қайырымсыз кеткен сол түнек те өлді.
Қара шашын иіскеп әке ұлының,
Қарағашта қалады түнеткенді.
Қара уайым бірер сәт сейілгендей,
Қара дауыл басылып, шегінгендей,
«Құлыным-ай, қарашы, анау жерге,
Қарағаштың ақ дәні себілген бе-ей?».
Қара аспанға қарады сосын жерден,
Құс жолымен айналды ғасыр-керуен.
Жанарынан самсаған жұлдыздардың,
Ұстаз бенен шәкірттің қосын көрген.
Қосын көрген, берілмей о жақта да,
Қаймықпастан түсердей қазаққа ара.
Мамания – із тастап аққан жұлдыз,
Құны мәңгі, ғұмыры аз-ақ қана.
...Көп алысқан іштегі жарасымен,
Алаңымен, шерімен, наласымен,
Қарашығы жадырап, үміт бітіп,
Қарағаштан қайтты әке баласымен.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.