Қазақ қоғамында Олжас Сүлейменов туралы пікір ешқашан біркелкі болған емес. Әсіресе қазақтілді орта оны көбіне екіұшты қабылдайды. Біреулер оны советтік жүйенің адамы ретінде көреді, енді біреулер қазақ руханиятын әлемге шығарған ірі интеллектуал деп бағалайды. Бірақ мәселе – Олжасты бағалауда емес. Мәселе – біз оның феноменін түсінбей келеміз. Өйткені Олжас Сүлейменов – қатардағы көп ақынның бірі емес. Ол – советтік дәуірде қарағайға қарсы біткен бұтақ, аз ұлттың ішкі кодын әлемдік өркениетпен байланыстыра оқыған күрделі құбылыс.
Қазақ оқырманы көбіне ақынды «біздікі» немесе «бізге қарсы» деген екі өлшеммен бағалайды. Ал Олжас ол өлшемге сыймайтын тұлға. Оның трагедиясы да сонда. Ол советтік империяның ішінде жүріп, сол империяның тілінде сөйлеп, бірақ сол империяның өзіне түркілік тарихи санамен қарсы тұрған адам. Мұны түсіну үшін оның шығармашылығына емес, алдымен мінезіне, адами болмысына үңілу керек.
Олжас – далалық психология мен урбанистік интеллект тоғысқан сирек тип. Қазақтың көшпелі интуициясы мен еуропалық рационализм бір адамның бойында қатар өмір сүрді. Қызық тенденция! Сондықтан ол бір мезетте әрі қазақ, әрі космополит көрінді. Қазақ аудиториясын шатастырған нәрсе де – осы. Өйткені біз ұлттық тұлғалардың деңгейін көбіне құрғақ эмоциямен өлшейміз. Ал Олжас өзін әрқашан эмоциямен емес, интеллектпен қорғады.
Оның феномені – күрделі поэзиясының өзегінде ғана емес, тарихи ойлау жүйесінде жатыр. Әйгілі «Аз и Я» кітабы кездейсоқ жазылмаған. Империяның социалистік көзқарасына сын көзімен қарап, ескі дүрбіні тастап, дұрыс деп қабылданған жылнаманы бұрыс деп айтып, қызыл қоғамды дүрсілкіндірген еңбек рухани «бомба» еді. Совет Одағы тұсында славян әлемінің түп-тамырын түркі өркениетімен байланыстырып сөйлеу – саяси тәуекел еді. Ол кезде түркі тарихын айту – әдеби мәселені қозғау емес, идеологиялық сұрапыл майдан болатын. Олжас сол майданға жалғыз кіріп, қалың ормандай орысқа, славян әлеміне айбат шекті. Бүгін ұлтшыл болып сөйлеу оңай болып кетті... Хайп қуып, популизммен айналысып жүргендер Парламентте де, көшеде де толып жүр. Ал жетпісінші жылдары Мәскеудің қақ ортасында отырып, түркі өркениетінің ықпалын дәлелдеуге тырысу – қауіпті деңгейдегі батылдық.
Қазақ қоғамы көбіне оның шығармаларын орыс тілінде жазғанына өкпелейді. Бірақ мәселе тілде емес, аудиторияда еді. Олжас қазақтың сөзін әлем еститін тілде айтуға тырысты. Оның таңдауы – рухани капитуляция әрі мәдени стратегия болатын. Иә, бұл даулы, екіұшты мәселе. Бірақ оның шығармашылық табиғатын түсіну үшін советтік кезеңнің шындығын ұмытпау керек. Ол уақытта Мәскеуге жетпеген дауыс әлемге жетпейтін еді ғой...
Олжастың тағы бір ерекшелігі – оның бойындағы ішкі еркіндік. Советтік жүйе көп ақынды тәрбиеледі, бірақ көбінің бойында сталинизмнен қалған үрейлі қорқыныш бар-тын. Ал Олжастың өн бойында интеллектуалдық тәкаппарлық болған. Ол ешкімге толық бағынған жоқ. Кейде дәл сол мінезі қазақ аудиториясына суық көрінеді. Өйткені қазақ қоғамы кішіпейіл тұлғаны жақсы көреді. Ал Олжас – мінберлік тұлға. Ол өзін дала жырауындай емес, өркениеттік пікірталастың адамы ретінде ұстады. Жаяу Мұсаның, Олжабай батырдың ұрпағы болу оңай ма? Бүкіл қасиет дарыған Олжас қалыпқа сыймайтын тұлға!
Оның тұла бойында дипломат та, ақын да, идеолог та қатар өмір сүрді. Сондықтан оны тек әдебиет стандартымен өлшеу қате. Ол – ХХ ғасырдағы қазақтың әлемге шыққан интеллектуалдық бренді. Иә, даулы. Иә, қайшылықты. Бірақ ірі тұлғалардың бәрі сондай. Ұсақ адам ғана біржақты болады.
Қазақ қоғамының Олжасты толық қабылдай алмауының тағы бір себебі – біздің ұлттық санамыздың әлі де бинарлы ойлаудан шыға алмауы. Біз адамды не батыр, не сатқын қылып көруге үйренгенбіз. Ал Олжас ол екі категорияның ортасында тұрған күрделі фигура. Ол советтік кеңістікте өсті, бірақ түпсанасында түркілік археологияны көтеріп жүрді. Ол орыс тілінде сөйледі, жазды, бірақ үнемі дала өркениетінің ізін іздеді. Ол Мәскеуге жақын болды, бірақ «Невада–Семей» қозғалысы арқылы империяның ядролық саясатына қарсы шықты. Міне, феномен деген – осы.
«Невада – Семей» қозғалысы – Олжастың тарихи миссиясының ең үлкен дәлелі. Қазақ даласындағы ядролық қасіретті әлемдік деңгейге шығарған да сол болды. Бұл жерде оның ақындығы ғана емес, азаматтық масштабы көрінді. Біз кейде оның бір сөзін, бір саяси пікірін талқылап кетеміз де, тұтас тарихи еңбегін ұмытып кетеміз.
Олжас Сүлейменовті түсіну үшін оны «ұнайды/ұнамайды» деген деңгейден шығару керек. Ол – өз дәуірінің өнімі. Советтік модернизациядан өткен қазақ интеллигенциясының ең биік әрі ең қайшылықты типі. Оның бойында кең дала да бар, қызыл алаңды Мәскеу де бар, ұлы түркілік сана да бар, империялық мәдениетті диалог та бар. Сондықтан Олжасты қабылдау – тек бір ақынды қабылдау емес, өз тарихымыздағы күрделі кезеңмен бетпе-бет келу.
Бәлкім, қазақ қоғамы уақыт өте келе Олжасты сезім, эмоциямен емес, тарихи масштабпен бағалай бастар... Өйткені кей тұлғаларды замандастары толық түсінбейді. Олар уақыт өткен соң ғана ұлттың интеллектуалдық биографиясындағы орнын табады. Өкінішті...
Бүгін, міне, Ер Олжас, ақын Олжас, интеллигент Олжас, энциклопедиялық танымы бар үлкен тұлға, азшылық топтың дауысын көпке естірткен Олжас аға Сүлейменов мерейлі 90 жасқа толды. Тоқсанның төріне көтерілген абыз ақынның жүрегіне, қаламына қуат берсін!
