Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Гүлбақыт Қасен. Цифрландыру дәуіріндегі ертегілер...

Гүлбақыт Қасен. Цифрландыру дәуіріндегі ертегілер

88

Гүлбақыт Қасен. Цифрландыру дәуіріндегі ертегілер - adebiportal.kz

 (Ертегі)

Жомарт аға ұлына «Цифрландыру дәуіріндегі ертегілер» атты кітап сатып алды. Сабақтан келген баласын қуанту үшін: 

- Балам, саған Кітап күніне сый ретінде «Цифрландыру дәуіріндегі ертегіні» арнайы сатып алдым. Бірақ, қазіргі заманның балалары неге екенін ертегі оқымайсыңдар. Шіркін, ертегі деген – әдеби қазына, әңгіменің төресі ғой, – деп сыйлығын берді. 

Ас бөлмесіндегі шешесі сөзге араласты:  

- Қолдарынан телефон түспейді. Ертегі оқи ма, бұлар? 

- Оған ренжіме, анасы. Қазіргідей заманауи платформалар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану үрдіске айналған уақытта балаларға ертегі оқу шынымен де қызық емес шығар.

Әкесі баласын ақтағаны белгісіз, жақтағаны белгісіз, әйтеуір кітапқа деген қызығушылығын жойып алмау үшін әр мерекеде балаларына кітап сыйлауды өз міндетім деп санайды. 

Ілияс кітапты қуана алды. Ертегілерді кішкентай кезінде тыңдағаны болмаса, оқуға қызықпайтынын мойындағандай жымиып:

- «Ерте, ерте, ертеде... Ешкі жүні бөртеде...  Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты»... Бұл сондай ертегілер ме, әке? – деді.

- Жоқ, балам. Бұл қазіргі заманға сай жазылған ертегілер сияқты. Өзің оқып шық. Сосын маған айтып бересің, жарай ма? 

- Жарайды, әке. 

Сенбі күні Ілияс ұйқысын әбден қандырды, арасында үй шаруасына болысты. Түске қарай әкесі берген кітапты оқуға кірісті.   

Кітаптың мұқабасына қызықты. «Цифрландыру дәуіріндегі ертегі» деген жазу түрлі-түсті бояумен ерекше жазылыпты. 

Кітапты дауыстап оқи бастап еді, қарындасы Фариза қызығып қасына келіп отырды. 

- Бұл кітап саған да қызық болатын шығар. Екеуміз бірге оқиық, - деп қайтадан басынан бастады. 

Кішкентай қыз қолын шапалақтап, басын изеп қояды. 

Бірінші ертегі. Таңғажайып әлем.

« ... Ерте, ерте, ертеде»,

Кеш пе? Әлде ерте ме?

Бұл қызықты ертегі,

Әлем сырын шертеді.

 

Көзді ашып-жұмасың, 

Басқа әлемде тұрасың. 

- Ертегі ме? 

- Шынайы.

- Жасанды ма? 

- Сұрайын...

 

Таңғажайып бұл әлем,

Жарық шашқан гүл әлем. 

Цифрлану кезеңі, 

Бәрі оны сезеді. 

 

Экрандар құбылған, 

Көздері бар жұмылған. 

Бір батырма басылар,

Түрлі есік ашылар. 

 

Жарық жанып өшеді, 

Санмен бірге көшеді. 

Сөздері бар сиқырлы,

Шайдай ашар ұйқыңды. 

 

Жауабы бар сұраққа,

Құйып алсаң құлаққа. 

Жол көрсетер адассаң,

Бағыт берер санассаң. 

 

Жанашырың қасыңда

Жөн сілтейді расында.

Сөзіңді еш бөлмейді,

Тіл қатады, сөйлейді:

 

 «Білімділер заманы,

Қабылдайтын жаңаны. 

Ақыл қосар ақылға,

Кітап оқы, мақұл ма?

 

Ата-ананың тілін ал,

Ұстазыңнан білім ал.

Қатарыңнан қалыспа,

Бәйгелі бол жарыста» 

 

Міне осы, жаңа әлем,

Ойланбастан таңдар ем. 

Білім – мәңгі досымыз, 

Қатарына қосыңыз. 

 

Басқа әлемге енеміз,

Жаңалыққа ереміз.

Ертегі өмір бітпейді,

Уақыт бізді күтпейді...

 

Сиқырлы әлем – бұл әлем,

Цифрланған нұр әлем. 

Көздің ақ пен қарасы, 

Шын мен жалған арасы. 

 

... Ерте, ерте, ертеде,

Кеш пе? Әлде ерте ме?

Бұл қызықты ертегі,

Әлем сырын шертеді.

Екінші ертегі. Ақылды ойыншық. 

Жаңа жыл мерекесі – Мерей үшін ерекше мереке. Биыл да бұл мерекені асыға күтіп жүр. Себебі, жасыл шырша түбінде сиқырлы қобдиша пайда болады. Сыйлыққа толы қобдишаны кім әкеліп қоятыны белгісіз. Ол – құпия. 

Міне, қанша уақыт сағына күткен сәт те жетті. Жасыл шыршаның ойыншықтары көзді арбап, шамдары жарқ-жұрқ етеді. Ертегілер әлемінен жеткен сиқырлы қобдиша көздің жауын алады. Сиқырлы қобдишадан бөлек түрлі қорапшалар үйіліп тұр. Бірақ, Мерей оларға қызықпайды. Ең күшті сыйлық – сиқырлы қобдишада. 

Шырша жанына ата-анасы үлкен алтын домбыра қойып қойған. Қасына жақындасаң болды, күй ойнайды. Мерей оны қызық көріп күніне бірнеше мәрте барып, күй тыңдайды. Бүгін де алтын домбырадан төгілген әдемі күй мерекенің салтанатын арттырғандай. 

Мерей ақырын келіп, қобдишадан өзіне арналған сыйлықты алды. Сыйлықты ұстағаны сол еді, үй іші жап-жарық нұрға тұнды. «Не деген керемет сыйлық?»... Таңданысын жасыра алмады.

Дөңгелек ойыншық қолынан сырғып жерге домалап кетті. 

«Не деген керемет сыйлық?»...

Ойыншықтың дауысы анық естілді. «Не деген керемет сыйлық?»... Мерейдің сөзін тағы қайталады. 

Кішкентай Мерей сенер-сенбесін білмей, абдырап тұрып қалды. 

Иә, бұл – сөйлейтін ойыншық. Ол қарапайым ойыншық емес, ішінде Жасанды интеллект бар ақылды құрылғы болып шықты. 

Мерей ойыншықтан: 

- Сен шынымен сөйлейсің бе? - деп сұрады.

- Иә, сөйлеймін. Менің атым – Ми. Сенің атың кім?

- Менің атым – Мерей. 

- Танысқаныма қуаныштымын, Мерей. Мен – сенің ең сенімді досың боламын. 

- Мен де қуаныштымын, Ми. Сен не істей аласың?

- Мен ән саламын, өлең оқимын, мақал айтамын, жұмбақ шешемін, сурет саламын, есеп шығарамын, шығарма жазамын, фотоға түсіремін, фотоны өңдей аламын... 

- Тоқта, тоқта... Сен сонда бәрін өзің жасай аласың ба?

- Әрине, өзім жасаймын. Менде ми көп қой. 

- Тағы не істей аласың? 

- Бәрін...  Мысалы, саған қандай ақпарат керек, соған жауап беремін. 

- Ммм.. онда ең биік тау қандай тау? 

- Жер шарындағы ең биік тау – Эверест. 

- Ал, ең үлкен мұхит? 

- Жер шарындағы ең үлкен мұхит – Тынық мұхиты.

- Рақмет саған, Ми. Шынымен, сен бәрін біледі екенсің ғой. 

- Досым, кейде мен білмейтін дүниелер болады. Білмегенімді өзің сияқты ақылды балалармен ойнап жүріп, миыма тоқимын. 

Мерей дөңгелек ойыншықты ары айналдырып, бері айналдырып, «осыншама нәрсені миында қалай сақтайды?- деп таңырқады.  

- Мені айналдыра берме, миым шайқалып кетеді,- деген досы қолынан сытылып, жерге түсті. 

Мерей күліп жіберді. Оған Ми да қосылып күлді. 

Екеуінің жұбы жазылмай, бірге ойнап, сабақты бірге оқиды.  

Бір күні ойыншық досы: «Адам ең алдымен, өз миына, өз ақылына сену керек. Көп ізденіп, көп кітап оқуға талпынған жөн. Кейде менің де миым жетпей қалады. Мен саған жанашыр дос болғым келеді», - деп ағынан жарылды.

Мерей сиқырлы қобдишаның осындай дос сыйлағанына риза. 

Үшінші ертегі. Төлегеннің сағаты 

Күн де, ай да, жыл да, ғасырлар да көз ілеспес жылдамдықпен жылжып жатыпты.

Технология күн сайын жаңарып, адамдар телефон, планшет, гаджет, компьютер, ноутбук деп аталатын әртүрлі құралдарға тәуелді бола бастапты. Бұл дәуір – Цифрландыру дәуірі деп аталыпты. 

Енді адамдар тек жер бетінде, далада, үйде, тауда, суда, аспанда  ғана емес, басқа тылсым әлемде – көзге көрінбейтін цифрлық әлемде де өмір сүре бастайды. 

Сол цифрлық әлемде Төлеген деген бала болыпты. Ол он жасқа толғанда әжесінің сандығынан сағат тауып алады. 

Сағаттың сандары да, тілі де бөлек, ерекше жасалыпты. Сағаттың ортасына жасыл тас орнатылыпты. Ол тас құбылып тұрады екен. Тасқа үңіліп қараса, ішінде бұлақ, өзен, тау, орман, жол, көпір, машиналар, ұшақтар, адамдар жүр. Оның арғы жағында қалықтап жүрген көп нәрселерге көзі жетпеді.

Ақырын ғана сағаттың тілін қозғап көрді. Бір кезде бір нәрсе тарс ете қалды. Бала қорыққанынан көзін жұмды. Көзін жұмған қалпында сағат тілін тағы бір рет қозғайды. Дыбыс одан да қатты шығады. Қорыққаны сонша «мүмкін дыбыс азаятын шығар» деп тағы да екі-үш рет алға жылжытады. 

Төлеген қорқа-қорқа ақырын көзін ашады. Дүние өзгеріп кеткен бе?! Өз көзіне өзі сенбейді. Қол-аяғы ұзарып, үстіндегі киімдері жыртылып қалыпты. Орнынан атып тұрды. Шашы жалбырап кеткен екен, шошып кетті. 

«Алыптар сағат сайын өсіпті» деген сөз расқа айналғандай. Көзді ашып жұмғанша, бала Төлеген он бес жасар батырға айналып шыға келеді.  Сағаттың ортасындағы жасыл тастан өзін анық көрді. 

Ақылы толысқаннан ба, бағанағы қорқынышы сейілген. 

Тасты батылданып сипап көріп еді, үстіндегі киімі лезде жаңарды. Көрікті бозбала өз-өзіне таңырқай қарады. Көзі, қасы, мұрны, аузы өзгермепті. 

Сағатты қолына алып қарағанда байқады, бұл сағат арқылы бүкіл әлеммен байланыса алады екен. Есіне Түркияда оқитын әпкесі  түсті. Әпкесін көрмегелі екі жыл өтті, қатты сағынып жүрген. Тасқа қарап:

- Менің Анкара қаласында оқып жүрген Жібек деген әпкемді көрсете аласың ба? – деп тіл қатты. 

Тас айналып-айналып, бірден түрлі-түске боялды, ең алдымен,  Түркияның туын желбіретіп, Анкара қаласын шарлап өтіп, әпкесі оқитын университетті көрсетті. 

Төлеген аузын ашып аңқайып қалыпты. Жасыл тас ақ түске айналып, кітапханада отырған әпкесі оған қолын бұлғады. 

Жүрегі дүрсілдеп, қуаныштан жарыла жаздады. 

Бір күні Төлеген сағаттың ортасындағы жасыл тастың ішінен бұрын-соңды көрмеген құпия есікті байқап қалады... Осы жерден оның таңғажайып оқиғалары басталады. 

Әлгі есікті ашуға ұмтылады. «Тасты қаттырақ бассам ашылады» деп ойлағанмен, есік ашылмайды. Қаптаған әріптер мен сандар қалқып тұрып алады. Бір кішкентай жұлдызшаның ішінен құпия сөз шығады. Ол тез-тез ойланып, жылдам табады. Есік айқара ашылады. 

Кенет есіктің арғы жағынан үлкен қақпа шығады. Қақпада неше түрлі суреттер ілінген екен. Сол суреттерді орын-орнына қойғанда ғана қақпа ашылады. Бұл тапсырманы да сәтті орындап шығады. 

Қақпа да оңай ашылады. Жап-жарық әлем оны жетелеп әкетеді. 

Бірнеше баспалдақпен жоғары көтеріліп келеді. 

Төлегеннің басы айнала бастайды. «Есікті бекер аштым» деп өкінеді. Артқа шегінуге жол жоқ! 

Ол бар күш-жігерін жұмсап, алға ұмтылады. 

Алдында тақтаға ұқсас үлкен терезе тұр. 

Терезедегі жазуларға көзі түседі. Әріптері маржандай тізілген. Таныс жазу сияқты. Жазуды оқу үшін «Тапсырма» деген түймені басу керек екен. Түймені басты. «Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңінен үзінді оқы» деген тапсырма шықты. Қуанып кетті. Зуылдатып оқи жөнелді:   

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Ғұмырына етер мәңгі астана,

Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,

ТУҒАН ТІЛI - мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ -тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және ТУҒАН ТАРИХЫ.

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да...

 

Бір кезде терезе сарт етіп ашылды да, Төлеген ойламаған жерден өзі оқитын сыныпқа топ ете түсті. 

Барлық оқушылар қол соқты. Ол ақырын ғана білдірмей сағаттың ортасындағы жасыл тасты басып қойды. 

Төлеген бес минуттың ішінде бүкіл әлемді шарлап келген болды. 

- Жарайсың, Төлеген! Бүгінгі сабаққа ерекше дайындықпен келіпсің, - деді Бекежан ағайы. 

Төлеген күлімдеп, қолына қарады. Сағат енді басқаша сезілді. 

 

***

Кітапты оқып болған соң Ілияс қарындасынан: 

- Фариза,  саған ертегілер ұнады ма? - деп сұрады. 

- Иә, аға, ұнады. 

- Көрдің бе, біз қазір цифрландыру дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қайда барсаң да алдыңнан қызылды-жасылды түймелер шығады. Сол түймелерді дұрыс бассаң, мақсатыңа жетесің, дұрыс баса алмасаң, адасасың. 

- Ол үшін ақылды болу керек шығар...

- Әрине.

- Мен бұл ертегілерді достарыма айтып беремін. 

- Алдымен, бізге осындай кітап сыйлаған әкемізге рақмет айтайық. Жүре ғой…

Тікелей эфир

(Ертегі)

Бұл оқиға он тоғызыншы ғасырдағы ержүрек батыр Исатай мен Махамбетті жиырма бірінші ғасырға алып келеді. 

«Қазақстан», «Хабар», «Абай» телеарналарынан  «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» хабары күн сайын беріледі. Бұл хабарды тікелей эфирде дүние жүзі көреді.   

Өткен ғасырлардың тарихи тұлғалары осы бағдарламаға қатысуы – үлкен жаңалық еді. 

Микрофон алдында – екі жүргізуші-робот. 

Кітап ұстаған жүргізуші-робот «Apple» ноутбугіне бір көз жүгіртіп алды да, сөз бастады: 

- Құрметті көрермендер! «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі» атты телекөпірімізді бастаймыз. Бүгінгі хабарды тікелей эфирде еліміздің барлық телеарналарынан назарларыңызға ұсынамыз. 

Кіреуке киген екінші жүргізуші сөзін жалғастырып әкетті: 

- Тікелей эфирге XIX ғасырдан байланысқа шығатын қонақтарымызды таныстыруға рұқсат етіңіздер. Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған азаттық көтерілістің басшысы, халық батыры Исатай Тайманұлы және күрескер ақын, қолбасшы, ержүрек батыр Махамбет Өтемісұлы. 

- Иә, иә... Исатай мен Махамбет! 

Көрермендердің ду қол шапалақтаулары дауыл тұрғандай әсер етті. 

Мектеп директоры Әмірхан Абайұлы кабинетіне кіріп, алдында үйіліп тұрған құжаттармен танысты. Арасында таңнан бері қосылып тұрған «Абай» телеарнасындағы бағдарламаларға назар аударып қояды. «Ұмытпаймыз», «Үркер» хабарларын үзбей көреді. 

Директор құлағын түріп, теледидардың дауысын қаттырақ шығарды. 

Үлкен экраннан қазақтың өр рухты ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлының өмірі мен Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісін баяндайтын «Махамбет» фильмінің үзінділері беріліп жатты.   

Жүргізушілер тікелей эфирге қатысып отырған қос батырдың отты жанарларынан қаймыққандай, айтатын сөздерін ұмыта бастады. 

- Бүгінгі хабарымыздың ең жас қонақтары – Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының дарынды оқушыларын ортаға шақырамыз. 

«Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясы» дегенде мектеп директоры селк ете қалды. Бұл – өзі басқаратын білім ордасы еді. 

Экранға қайта үңілді. 

Жан-жақтан ұзын тұмсықты үлкен-үлкен камералар қойылған. Төбеден, екі бүйірден түскен жарық шамдар көз қарықтырады. 

Махамбеттің «Жұмыр-Қылыш» күйі ойнап тұр. 

 

«Өтемістен туған он едік -

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік!

Біз ер едік, ер едік,

Ен Нарында жүргенде

Талма талтүс шағында

Тай жеген тарлан бөрі едік...

Біздің жайды сұрасаң,

Ерте көшіп, кеш қонған

Санаулы сәнді орданың бірі едік!». 

«Мен - мен едім, мен едім!

Мен Нарында жүргенде

Еңіреген ер едім.

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім.

Қай қазақтан кем едім?

Бір қазақпен тең едім».

Батыр киімін киген қос құлыншақ жырларын оқып болғанда, көрермендер орындарынан тұрып, құрмет көрсеті. Мұндай қошаметті көрмеген егіз балапандар ұялғаннан, өздері де бірге қол соғып, мәз болды. 

Бір мезетте жүргізушілер тікелей эфирге күрескер батырлар Исатай мен Махамбетті қосты. Олардың тау бейнелері экранға сыймай кетті. Риза болғандары сонша, қолына ұстаған найзаларын қайта-қайта жоғары көтеріп, белгі берді. Қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол салып, жебелерінің ұшына отты жырларды байлап, тікелей эфирге аттандырып жатқандай болды.

Ғасырлар қойнауынан қос батырдың дауысы анық естілді: 

«Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар

Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар.

Хан ұлымен қас болып,

Қара ұлымен дос болып,

Хан үстіне барғанда,

Шабайық ханды дегенде,

Шапқандай ханды амал бар...»  деген дауыс гүр ете қалды. 

 

Исатай батыр да Махамбеттің сөзін қостап үн қатты: 

«Арғымақтың баласы

Арығанын білдірмес,

Арқамнан қосым қалар деп»…

Он тоғызыншы ғасырдан сөйлеп тұрған батырлардың күркіреген сөздері хабарға қатысып отырған көрермендерді таңқалдырды. Тарих парақтары ақтарылып, екі ғасырдың арасындағы алтын көпір – жалынды жыр тоқтамады. 

Жүргізушілер «жыр телекөпірін жиырма бірінші ғасыр жалғайды» деп айтып болған жоқ, кішкентай Исатай мен Махамбет жырды үзбей, іліп әкетті:

«Беркініп садақ асынбай,

Біртіндеп жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Ерлердің ісі біте ме?».

 

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Қоңыр салқын төске алмай.

Ерлердің ісі біте ме?».

Телеарнаға алғаш шыққан екі ботақан бәрінің үмітін ақтады. 

Тікелей эфирде тұрғандай емес, өздерін еркін ұстады. Батыр аталары дем берген сайын жігерленіп, арқаланып кеткендей. 

Экраннан Махамбет батыр көрінді. 

Дауысы жер жарады:

Боз ағаштан биік мен едім,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан.

Ел құтқарар ер едім, -

Жандаспай ақыры бір тынбан.

Томағалы сұңқар мен едім, -

Толғамалы найзамен,

Толықсып жауға шапқанда…

Бір кезде жарық сөнді. Зал қап-қараңғы.  Көрермендер жер тепкілеп, ысқырып, қол соғып, шулап кетті. 

Он тоғызыншы ғасырдың лебі ме, әлде батырлардың қайраты  ма, найзағайдай жарқ еткен жырлары ма, белгісіз бір күш бүкіл электр желілерін үзіп, камераларды күйдіріп жіберді. 

Көрермендер де, жүргізуші-роботтар да телефон жарықтарын қосып, студияның ішін аспанға айналдырып жіберді. Көктен тамған жұлдыздар жарқ-жұрқ етіп, бір жанып, бір өшіп тұрды. 

Әлдекімдер таныстарына қоңырау шалып жатты. 

Жарық әлі жанбады. 

Бәрі тікелей эфирде болған Исатай мен Махамбеттің соңғы сөздерін тыңдай алмағандарына өкініш білдірді. 

 ...Осы сәтте білім ордасында да төртінші сабақ аяқталып, оқушылар үзіліске шыққан еді... Күмбірлеген күй төгілді. 

Мектеп директоры да сенер-сенбесін білмей, үзіліп қалған тікелей эфирдің қайта қосылуын ұзақ күтті. 

Қоңырау үні толастар емес. 

Тіпті үдеп барады...

Кешкілік жұмыстан келген соң, Қабдеш Жұмаділдің «Тағдыр» романын оқып жатып көзі ілініп кеткен екен. Бас жағына қойған телефоны безілдеп қоймайды. Оянып кетті. 

...Қарама-қарсы бөлмеде балалары «Махамбет оқулары» байқауына дайындылып жатыр екен. 

Әкесі кішкентай балапандарың есімін Исатай мен Махамбет деп қойғанда, бәрі қуанды. Сүп-сүйкімді балақайлардың тілі тәтті. Әсіресе, Махамбеттің арасында «Менің атым – Махамбет», «Исатай – басшы, мен – қосшы» деп еркелеп, ешкімге бағынбай қоятыны бар. 

... Ақырын аяңдап барып, балаларының дайындығын тамашалады.

Егіз ұлы қолына қамшы мен қылыш ұстап алып, Махамбет Өтемісұлының жырын бұрқыратып айтып жатыр. 

Рухты жырларды  жаттау да – өнер. 

Теледидардан тікелей эфирде жаңалықтар берілуде…

«Ойын патшалығындағы күрес

(Ертегі)

Өткен заманда бір патша өмір сүріпті. Ол патшаның аты Ойын екен. Жасы сегізде болса да, «Ойын патшалығын» құрып, ең мықтыларды маңайына жинапты. 

Бір қызығы – патшалықтың негізгі тұрғындары кішкентай балалар. Ал, патшалықта дәрежесі жоғары, патшаның ең сенімді серігі, мықтылардың мықтысы деп танылған – Кітап екен. Қандай жағдай болса да өзінің ақылымен, көрегенділігімен озық тұрыпты. 

 Бүлдіршіндер «Ойын патшалығында» ойынның түр-түрін ойнап, күннің, айдың, жылдың қалай өтіп жатқанын сезбейді. Балалар үшін дұл мұндай ешқашан ренжімейтін, жыламайтын жер әлемде болмаған шығар. Бірақ бұл пашалықта тұру уақыты шектеулі. Ойын балалары жетіге толған кезде «Білім патшалығына» қоныс аударады. 

Ойын патшасы өте мейірімді, кеңпейіл екен. Балалар ол патшадан қорықпайды, оның қол ашық, мәрттігі үшін жақсы көреді. Бұл патшалықта барлық тәттілер, балмұздақтар, сусындар тегін. Патшалықтың ішіндегі кішкентай балалардың болашағына алаңдайтын ең жақын, жанашыр досы – Кітап. 

«Ойын патшалығында» ең биік шың бар екен. Ол шың «ақыл» шыңы деп аталады. Кейде үлкен күрестер осы шыңда өтеді. Ол жерде өтетін күрестер балалардың білімі мен парасаттылығы үшін жүріп жататын... Осындай күрестерде балалардың қасынан ең алдымен, Кітап табылады. Оны кішкентай балаларсыз елестету мүмкін емес.  Балалар үшін жанын беруге дайын Кітапты Ойын патшасы да жақсы көреді. 

Ойын патшасының жүрегі жұмсақ, барлық балаларды қорғап, аялап, аяп тұратындықтан, кейбір күрестерге Кітапты шығаратын. 

Патшаның әмірі екі етілмейді.

 Адам үшін жанын беретін ең жақын күрескер кім десең, 
ол – Кітап. Қаншама алыптардың, мықтылардың арасындағы күрестерде бүлдіршіндердің жеңісі мен мерейі үшін Кітап қана қасқайып тұра алады. 

Сондай кезекті күрестердің бірінде Кітаптың достығы сыналып,  балалар үшін ортаға шықты. 

Кітаптың қарсыласы – Сега («Sega») деген жалпақ бет болды. Көзі қап-қара, дөңгеленген біртүрлі бала. Кітап үшін ол әлі бала еді. Көрші елден келіпті, әкесі – жапон, анасы – орыс. Өзі орыс тілінде сөйлейді екен. Бар күшін миы мен қолына жиып алғандай өз-өзіне сенімді. Жылдам қозғалады. 

«Ойын патшалығының» үлкен алаңында екеуі күресе кетті. Тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін алты жасар Алпамыстай сезінген Кітап бастапқыда берілмеуге тырысты. Өзінің сан ғасырдан бергі жиған тәжірибесіне сүйеніп, «осы жолы қайтсем де жеңіп шығамын» деп бар күшін салды. Күрес қыза бастады. Кітап бір кезде төрт тағандап жатып алды. Берілмеді. Бүлдіршіндер жан-жақтан шулап дем беріп тұрды.

Бірақ, жапон баласы Сега да мықты екен. Өз тарапынан Кітаптың білмейтін тәсілдерін қолдана бастады. Бір кезде «Super Driver - Monster Truck»,- деп айғай салды да, күшті монстр жүк көлігіндей жылдамдығын арттырып, бар екпінімен алып ұрды. 

Алғашқы күресте Кітап жеңіліп қалды. Қатты намыстанды. Ғасырлар бойы ешкімнен жеңіліп көрмеген Кітап тез есін жиды. Бір кезде Ойын патшасы: «Орныңнан тұр! Сен мықтысың!» деп әмір етті.  

Намысқа тырысып, бар күшін жиып, тура ұмтылды. Бұл жолғы шабуылда есесін жібермеді. 

Ақылы мен күші келіскен Кітап жапонның домалағын қалпақтай ұшырды. Есеп: 1/1. Балалар өздері жеңгендей секіріп, мәз болды.  Бірін-бірі құшақтап, аспанға шар ұшырып, патшалықты басына көтерді. 

Ойын патшасы дабыл соғып, еркелеп жүрген балаларды тыныштыққа шақырды. Күрес қайта қызды. 

Бұл күрес бір жағынан Кітаптың мықтылығы мен төзімділігін тексеру үшін де әдейі ұйымдастырылған сияқты. Тоқтатуға ешкімнің жүрегі дауаламады. 

Бір кезде Сега Кітаптан шындап қорқайын деді. Әлсіреп барады. Бірден айлаға көшті:   

- Менімен бірге саяхатқа шығасың ба? Әлемде жылына бір рет пайда болатын алтын жұлдыздарды жинаймыз,- деп қызықтырды. 

Балаларға не керек, қызық керек, «алтын жұлдыздарды жинайық» деп тағы да шулап, ортаға шығып кетті. 

Бір кезде Ойын патшасы ашулана бастады. Ол қатты ашуланса жарықты өшіріп тастайтын. Мейірімді патшаның ашуынан ешкім қорқа қоймады. Патшаның аты патша ғой, бүлдіршіндерге «алаңнан шығыңдар» деп бұйырды. 

Күрес қайта жалғасты. Кітап ақылына сенеді. Бірден:

- Жоқ. Сен мені алдап тұрсың,- деп қатайып тұрып алды.

Осылай қарсыласып тұрғанда Сега өз тілінде: «Mortal Kombat»,- деп жауынгерлік шабуылға көшті. Кітап та тайсалмай Алпамыс, Қобыланды батырлардай бірден үстемдік танытты. 

Талай қарсыласын шаңында қалдырған жапонның жүйрігі арасында жарыс ережелерін бұзып, қайтадан монстр жүк көлігіндей жылдамдығын арттырып, қайта шабуылдап, үлкен көліктерді сындырардай Кітапқа лап қойды. 

«Ойын патшалығын» бір сәт тыныштық жайлағандай болды. Бәрі демін ішіне тартып тұр.

Кітап та ептілігі мен күштілігін көрсетті. Түлкіге ұмтылған қиядағы қырандай тұтқиылдан соққы берді. Жапондық Сеганың тас-талқанын шығарды. Жеңіске жеткен Кітаптың даңқы аспандады. 

«Ойын патшалығында» сол күні той болды. Кітаптың құрметіне бүлдішіндер ән айтып, би биледі. 

Сега мен Кітап арасындағы күрес тарихта осылай қалды. 

«Ойын патшалығында» өмір сүрген балалар кейін мықты болып шығады екен. Уақыт өте келе, жеті жасар балалар «Білім патшалығына» өтеді. Ал, Кітап өзінің адал достығын сақтап, балалармен барлық өткелдерде бірге болады. 

Ал, балалар болса балалық шақтың қызықтарын, Ойын патшасын қимай қоштасады. 

«Ойын патшалығынан» шыққанда оларға Кітап «Түбінде Білім мен Әділдік жеңеді» деп  жол көрсетіп отырады екен. 

«Ойын патшалығы» кейін үлкен патшалыққа айналып, «Балалық патшалығын» құрыпты. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan