Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
/
Балалар әдебиетінде жаңа образ бар ма?...

Балалар әдебиетінде жаңа образ бар ма?

154

Балалар әдебиетінде  жаңа образ бар ма? - adebiportal.kz

Біздің «Әдебиет порталында» балалар күнінде болсын, балалар жазушыларымен сұхбатта болсын, «әдебиетке жаңа дәуірдің баласы осы деп көрсететін жаңа образ келді ме» деген бағытта сауалдар үнемі қойылады. Шынымен де біз әлі күнге дейін «Менің атым Қожадағы» Қожаны неге айта береміз? Себебі Қожа тірі образ, баяғыда советтік кезеңнің идеологиясымен жазылса да, мінезі табиғи. Ол бұзық, жалқау, арманшыл, қорқақ, бірақ, намысшыл, яғни шын бала еді. Өз дәуірінің шындығынан туған бейне. 

Ал бүгінгі кейіпкер қандай болуы керек? Соған жауап іздейміз.  Ия, қазіргі қазақ баласы екібастан баяғы біз емес.  Ол «TikTok» көретін, қазақша-орысша араластырып сөйлейтін, бірақ, іштей ұлттық тамырын іздеп жүрген,  виртуал әлемде батыр, өмірде тұйық, болмаса қазақ мектебінде оқып жүріп, өзін бөтен сезінетін бала болуы мүмкін. Орысша өскен кей баланың өз ұлтының айрықша қасиеттерін танымауы, кей жасөспірімнің басқа ортаға түсіп екі әлемнің арасында қалуы, т.б. жағы үлкен әдеби тақырыпқа айналмай келеді. Ал нағыз жаңа образ дәл сол жерден тууы керек. Әдебиет сол баланы әлі толық танымай отырғандықтан да бүгінгі бала өзін қазақ балалар прозасынан сирек көреді. Балалар кітап оқымайды дейміз, әлбетте адам өзін көрмеген жерде ұзақ тұрақтамайды ғой. 

Оқырман ретінде өзіміз байқаған тағы бір мәселені айтсақ, жазушылар өкпелеп жүре ме... біздің қазақ балалар әдебиеті көз алдына көбіне ауыл баласын ғана елестететін сияқты көрінетіні бар. Қаладағы қазақ баласының психологиясы өте аз жазылатындай. Ал бүгінгі қазақ баласының дені қалада өсіп жатыр. Әйтеуір, осы Астананың баласының тілі шұбар-ала, олардың көбінің отбасындағы қарым-қатынасы да күрделі, мысалы, әкесі шетелде болуы, анасы күні бойы жұмыста болуы, бала өзі телефонға ілінген күйі өмір сүріп жатқан болуы мүмкін.  Санасы TikTok-пен жетілді, сәби кезінен көретіні YouTube, ойнайтын ойындары Minecraft, қызықтайтыны Marvel анимелері, бір сөзбен айтқанда «мем» мәдениетімен өсіп жатқан балалар. Сенбесеңіз, үйде өсіп жатқан балақайды бақылап көріңізші, ол бір мезетте қазақша сөйлеп (сөйлесе онда да), орысша контент көріп, ағылшынша термин қолданады. Әсіресе, жасөспірімдердің дүниеге қатысты кейбір түсінігі бізден алыстау, өйткені, қазіргі баланың жалғыздығы да, қорқынышы да, арманы да басқа. Сондықтан, біздіңше мәселе тек қана жазушының талантында емес. Ең бірінші мәселе –  осы уақытты сезінуде.

Біздің жазушыларға рахмет, олар қол қуысырып отырған жоқ, еңбектеніп жатыр. Бірақ, жазылып жатқандардың дені баяғыша «тәрбиелік мәтін». Ондағы көп кейіпкер «жақсы бала осындай болады» дегеннің үлгісі сияқты. Біз балаларға әлі «кішкентай адам» деп қараймыз. Тәрбие деген жақсы ғой, бірақ, интернеттен соғысты да, буллингті де, жалғыздықты да, тіпті адамның қалай жан тапсыратынын да көріп ерте есейген балаларға кешке дейін «әдепті бол, тәрбиелі бол» дей беретін әдебиетті олар оқи ма? (Бұл жай пікір, келіспеуге болады).

Түсінеміз, балалар әдебиетінің ең қиын жері  – егер шығармада өмірдің иісі болмаса, қазіргі бала оны оқымай қояды (баланы алдай алмайсың, олар өтірікті бірден сезеді), сосын ол Гарри Поттерге кетеді, мангаға (иллюстрациялармен берілетін жапон комикстері) кетеді, орыс фэнтезиіне кетеді, жас «ересектер» прозасына (ағылшын young adult маркировкасы) кетеді. Өйткені ол жақта конфликт бар, тәуекел бар, эмоция бар, баланы былай да былай бұрып баурайтын дүние жетеді.

Жоқ, бізде жаңа образ мүлде жоқ  демейміз, кейінгі жылдары қазіргі баланың ішкі күйін түсінуге ұмтылыс бар. Мүмкін, қазақ әдебиетінің инфрақұрылымы әлсіз болғандықтан әлі кеңірек таралмай жатқан болуы мүмкін. 

Өткен айда «Әдебиет порталы» баспагерлерді шақырып сұхбат алды, сонда «Алматыкітап» баспасының қызметкері Гүлмарал Қабдолашева балаларға арналған әдебиетке деген сұраныс өте жоғары екенін айтты. Бізге балаларға арналған қуатты баспа индустриясы керек, маркетинг, экранизация да керек. Және түсінгеніміз, бір мықты кейіпкер туу үшін тек жазушы аздық етеді, оны орта көтеруі керек. Мысалы, Гарри Поттер тек кітаптың күшімен әлемдік феномен болған жоқ қой, оны кино, ойын, фанат мәдениеті, соңғы жылдары қарқын алған интернет бірге өсірді. Сөйтіп кейіпкерді оқырман санасында өмір сүретін деңгейге көтерген.

Балалар прозасында жаңа образ бар ма? Әлде кеңестік немесе дәстүрлі прозадағы басты кейіпкермен қалып қойдық па?

Сонымен балаларға жазып жүрген қаламгерлердің осы сауалға қатысты пікірін білгіміз келді. 

Пікір сұрауды кезінде «Жұмбақ іздер» атты шытырман оқиғалы повесі елең еткізіп, әлі күнге балалар әдебиетінің тарихында ерекше аталатын, одан бері де «Нағыз әже қайда?»  деген сияқты көптеген дүниелерімен балаларды қуантқан, былтыр «Қазақ балалар әдебиетінің тарихын» (1-2 томдар) жазып оқырманға ұсынған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Н.Ақыш ағамыздан бастадық.  Біздің сұрағымызға уақытын бөліп пікір білдірген қаламгерлерге алғыс білдіреміз. Балаларға арнап «Ақсақ киік», т.б. шығармалар жазған, республикалық әдебии\ байқаулардың жүлдегері Самал Зікірияқызы, халықаралық «Ер Төстік» әдеби сыйлығының лауреаты Гүлбақыт Қасен, «Шапшаң тасбақа» ертегілер жинағының авторы Айнұр Мұратқызы және  «Тәнсіз гүлдер», «Бесінші қабаттағы үй» проза кітаптарының авторы Нұрбек Нұржанұлының пікірлері кәдімгідей ойландырады. 

Сіз де оқып көріңіз, оқырман! 

 

 

Образдар айқын жасалағанымен, типтік бейнелерге көтеріле алмай жатыр

Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның құрметті жазушысы:

- Қазіргі таңда жас оқырмандарға арналған прозалық туындылардың ішінде заманауи балалардың бейнесін жасауға деген талпыныстардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Әрине, олардың барлығымен таныспын деп айта алмаймын. Менің қысқаша атап өтетінім – кейбір оқығандарым ғана.  Толымбек Əбдірайымның  «Дала әуені» повесінің кейіпкері 13 жасар бала Мейірбек – қағылез, еңбекқор, сергек және әсершіл. Ол кезінде жазғы каникулда үлкендермен бірге туған ауылынан үш жүз шақырым жердегі  қаладағы ет комбинатына аяғымен бір отар қойлы айдап баруға ат салысады. Үлкендермен бірге жол қиындығын бірдей көреді. Еңбектің, қойшылар қауымының бейнетті жұмысын басынан өткереді. Бір айға жуық үлкендердің қатарында далада, арба үстінде, жұлдыздары жусаған түнде қиялға беріліп, әсерленіп жатып ұйықтауына тура келеді.  Жолда тоқтап бірер күн еру болғанда бір отар қойғы иелік етіп жаяды.

Кезінде «Дала әуені» повесін оқыған белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы: «Толымбек, сенің мына повесің атақты Антон Чеховтың «Степь» повесі сияқты шебер жазылған екен» – деп бекер жақсы баға бермеген шығар деп ойлаймыз.

Заманауи  жас кейіпкерлердің ішінде реалистік тұрғыдан жасалған образдар мүлде жоқ емес, сирек те болса кездеседі. Қазіргі таңдағы балалар мен жеткіншектердің бейнесін жасаудағы талпыныстардың барлығын сәтті деп айта алмаспыз.  Дегенімен, көңіл бөлуге тұратындардың қатарында  Әлібек Байбол қаламынан туған жекелеген жас кейіпкерлерді атап өтуге болады.

Жазушының «Теміржол вокзалы» хикаятындағы Сәкен, «Жандос күткен көктемдегі» Жандос, «Бес» әңгімесіндегі Асхат,  «Қағаз кемедегі» Серік, «Екі достағы» Дәурен мен Қасым, «Бекзат чемпион» драмалық ертегісіндегі Бекзат, «Әріптер әлеміне саяхаттағы» пьесасындағы Бұзықбек, «Жеті ойыншықтың жеңісіндегі»  Жылқыхан, Қызғалдақ, Барысбай жекелеген мінез-құлықтарымен есте қалатын осындай кейіпкерлер. Автор солар арқылы балалар өміріндегі бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік, рухани мәселелерді көтере алған деп айтуға болады.  Уақыт келбетін көрсететін мұндай белсенді  кейіпкерлер Зияш Телеуованың, Қанат Әбілқайырдың, Елдос Тоқтарбайдың шығармаларында ұшырасады.

Қазіргі зерттеушілердің іздейтіні – Б. Соқпақбаевтың Қожасы сияқты кейіпкерлер. Қазіргі уақыт басқа, ол замандағыдай емес, жас оқырмандарға арналған шығармалар қатары да қалың.  Олардың арасынан жете сомдалған бейнелерді тауып алудың өзі еңбекті  қажет етеді.

Осы арада көркем шығарма әдебиеттің эстетикалық-көркемдік талаптарына жауап беруі тиіс.  Кейбір автордың ниеті дұрыс болғанымен., сол талаптарды түгел орындай алмай жататыны мәлім. Оны талдасақ, байсалды әңгіменің  тереңіне сүңги беруге  тура келмек.

Образдар айқын жасалағанымен, типтік бейнелерге көтеріле алмай жататыны сондықтан.

 

 

Өтірік дегендер мектепке келсін, баламен сұхбат құрып көрсін

Самал Зікірияқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жасөспірімдер әдебиетінің жазушысы, әдебиет пәнінің мұғалімі: 

- Бүгінгі балалар әдебиеті кешегі балалар әдебиетінен несімен ерекше? Кеше мен бүгіннің арасындағы әдебиеттің ахуалы қандай? Бүгінгі баланың әдебиетін дамыта алдық па? Әдебиет порталы жолдаған сауалдың төркінін осылай түсіндім. Судыратып жауап беретін емес, ойланатын, терең сұрақ. 

Біз екі дәуірдің нанын жеген, заңын көрген буынбыз. Кешегіден сіңген мінез бен әдет бар. Бала ондай емес. Бүгінгі бала – азат ойлы, еркін бала. Егер қандай да бір кінараты мен кемшілігі болса, кінә бізден. Оқитын оқулығы мен әдебиетін біз жаздық. Дұрыс жаза алдық па? Міне, сұрақтың ауаны осыған тіреледі. «Балалар әдебиеті бар ма?» – деген сұраққа «бар, әрине!» – деп жауап берер едім. Ауызды қу шөппен сүрткеннен сақтасын, бары, бар. Балалар жазушылары маужырап отырған жоқ. Бәрінің көксегені – баланың руханиятын байыту. Десе де, қателіктеріміз де жетерлік. Әсіресе, мектепте оқытылатын оқулықтар төңірегінде сөйлесек сөзден сүріне береміз. Үш мысал айтайын: Асқар Алтай мен үшін сүйікті жазушы екені өз алдына, классик қой Асқар аға. Дегенімен, 6-сыныптың оқушысына жазушының тілі ауыр, иірімі күшті. Тап осы сыныптың әдебиет оқулығына «Прописка» әңгімесі енген. Қазіргі балалар орысшаға (әлі де) жүйрік екені рас, бірақ, шығарманың тақырыбы неге аудармасыз берілгенін түйсіне алмайды. Жазушы советтік жүйе тізерлей құлар тұстағы алмағайып заман кілтипанын шығарманың басты кейіпкері Архат арқылы береді. Жұрт «желтоқсаншы» деп шошып қашар кезеңдегі психологизм мен трагедияны Архат арқылы ашады да, тіркеуі жоқ қазақтың қасіретін бейнелейді. 

Таңдаған тақырыбын қазақша тәржімалауға Асқар Алтайдың білімі жетпеді ме? Жетеді, әрине. Мәселе онда емес қой. Енді неде? Советтік жүйенің қысымы мен қатал тәртібін сол заманның тілімен дәл сол қалпында беруінде. Психологизмді осы тұстан іздейміз. Сол дәуірдің бұл дәуірден айырмашылығын іздеу керек. Ал бұл процесс 6-сыныптың баласына психологиялық тұрғыдан ауыр һәм түсініксіз. Тарих пәнінің бағдарламасындағы кезеңдік тақырыптар әдебиет пәнінің бағдарламасындағы кезеңдік тақырыптармен тұстаса ма? Осыны зерттеп көрдім. Тұстаспайды. Демек, «прописка» сөзінің аудармасы «тіркеу» екенін, тіркеу – әрбір мемлекет азаматының заңды мекенін көрсететін құжат екенін түсіндіргенде әңгіменің нәрі мен мәні жоғалып, сұйылып кетеді. Мен үшін осы ауыр. 

6-сыныпта оқитын балаға тіркеуі жоқ адамның қасіретін дерлік ұғындыру қайдан оңай болсын? Советтік заманда «пропискасы» жоқ адамның «адам» санатына жатпағанын сезіндіру де бұл жастағы балаға қиындау. Оның үстіне 6-сыныптың тарих оқулығында кеңестік өкімет, оның құлауы, тәуелсіздікке қол жеткізу тұсындағы тарихи кезеңдер әлі оқытылмайды. 6-сыныптағы тарих оқулығындағы тақырыптар басыбүтін қазақ хандығы ғасыры мен дәуірі жайлы тақырыптардан тұрады. Ал тәуелсіздік тарихы 9-сыныптың тарих оқулығында оқытыла бастайды'. Оқулық жазатын ғалымдар әдебиет пен тарихтың тамырласып жататынын ескерсе ғой, шіркін! 

Яғни, әңгіме құнды. Тек баланың жасы мен психологиялық ерекшелігі ескерілмеген. Орта буын баласына (6, 8-сыныптар) әрбір азаматтың заңды тіркеуі, тұрақты мекені болуы керек екенін түсіндіре алғанда, Архат кешкен күйдің қалқасындағы тәуелсіздікті аңсаған бүкіл қазақтың қасіретін, мұң-мұқтажын түйсіндіре алмайсың. Жазушының көксеген идеялық мақсатын қиратып тастаймыз. Әжелеріміз ертегі, аңыздарды жасымызға лайықтап айтушы еді ғой, сондай аласартуға ұрынамыз. Жазушы ретінде осыған қатты жаным ауырады. Асқар Алтайдың «Прописка» әңгімесі 10-сыныптың оқушыларына әлдеқайда түсінікті болар еді. Ауқымы, жүгі сондай. 

Енді 10 -сыныптың әдебиет оқулығына енген Ерболат Әбікеннің «Пәтер іздеп жүр едік» әңгімесі жайлы айтайын. 6 -сыныпта өтіп кеткен тақырыпты бала 10-сыныпқа дейін ұмытып қалады ғой. 4 жыл тұрмақ, 4 күн бұрынғыны жадына сақтай алмайтын балалар өсіп келе жатқанын кім білмейді? Әйтпесе, «Прописка» әңгімесін былтыр оқып, биыл «Пәтер іздеп жүр едім» әңгімесін оқыса, отыз жылда өзгермеген қоғамды, жеңілдемеген өмірді түсінер еді бала. Тәуелсіздікке дейінгі заман мен тәуелсіздіктен кейінгі заманды суреттейтін осы екі әңгімеден артық әңгіме жоқ шығар. Екі кезеңдегі тарихың да, тағдырың да осы екі әңгімемен әшкере болады. Жарайды, бұл – жазушылық эмоция. Оқулықтың мақсатына көшейін: «Пәтер іздеп жүр едім» – салмағы ауыр әңгіме. Бәлкім, жүгі ауыр десем дұрысырақ болар. Әңгіменің өзегі – жетімбұрыш. Жетімбұрыш – қаңғыған қазақтың соры. Пәтер іздеген бір ғана отбасының тағдырын емес, тұтас қоғамдағы әлеуметтік қасіретті — баспана мәселесін, кедейлікті, адам қадірінің арзандауын көрсетеді. Осы жайлы ЖИ не дейді екен деп іздеп көрдім. Бүйдейді: «Әңгіме оқырманға жай ғана пәтер іздеу оқиғасы емес, адамның намысы мен үмітінің сынға түсуін сездіреді.  Салмағы – әлеуметтік шындық.

Жас отбасының пәтер іздеп сабылуы — қазіргі қала өміріндегі көп қазақтың тағдыры. Делдалдардың алдауы, пәтер иелерінің қатыгездігі, ақшасы жоқ адамға «адам» деп қарамауы өте шынайы берілген. Кейіпкерлердің «иттен де төмен» күйге түсуі шығарманың ең ауыр тұсы. Әсіресе, «Лайкам жатады» деген жері — адамның құны иттен төмен болып қалған қоғамның символы. Бұл оқырманға қатты соққы береді. Психологиялық салмақ салады. Автор кейіпкердің ішкі күйзелісін өте табиғи береді: ұялу, намыстану, әйеліне жаны ашу, өзін дәрменсіз сезіну. Оқырман сол ауырлықты бірге өткендей болады. Тілі өткір.

Шығарма — тәуелсіз кезеңдегі қала қазақтарының тұрмыс трагедиясының әдеби көрінісі. Ал әңгіменің ең үлкен салмағы – оқырманды аяушылыққа емес, ойлануға мәжбүр етуінде. Оқып отырып, «үйсіздік — жай проблема емес, адамның рухын жаншитын құбылыс екенін сезінесіз»... (ЖИ пікірі тәмам.) Яғни, адамға «адам» деп баға бермейтін, бағаламайтын адамдардың ішінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – ақиқат. Қоғамның айнасы. Осының бәрін ескерсек, әңгімені 10-сыныптың оқулығына емес, 11-сыныптың оқулығына енгізсе әлдеқайда ұтымды болар еді. «Ой, бір жылда тұрған не бар?» – деуіңіз әбден мүмкін. Бір жылдың ішінде 365 күн бар. Өсу, есею, даму бар. Мұны мектепте, қалың баланың ішінде жүрген мұғалімдер жақсырақ біледі. Тақырыпты өтетін, түсіндіретін, талдайтын солар. Практика дегенді түсінерсіз. 10-сыныпта оқып жүрген баладан гөрі 11-сыныпта оқитын баланың өресі тереңдей түседі. Оларда үлкен өмірді барлау, зерттеу процессі дамиды. Міне-міне қанат қағып, аттанғалы отырған кеңістіктеріне сыни көзқараспен қарау тап осы жастағы баланың психологиялық көрсеткіші. Әйтпесе, 10 – сыныпта оқитын балаға да түсіндіріп, талдап тастауға болады. Тек, бір жылға есейген баланың талдауы мен түйсінуі тереңірек болар еді. Талай баланың алдында талай пәтер тұрған шығар дейміз, күрсініп...

Соңғы айтарым, жоғарыдағы сөзімнің қорытындысы болсын. Тарих пен әдебиет – тамырлас һәм бағыттас.  Бөліп-жаруға болмайды. Әдебиет сабағында жыраулар тақырыбы тарих сабағындағы жыраулар ғасырымен үндесіп жатса, пәнаралық байланыстың жетістігі орасан болар еді. Екі пәндегі тақырыптар мен ғасырларды, дәуірлерді салыстырып көргенде де алшақтыққа тап болдым. Мұның бәрі терең білімге, терең түсінікке, бастысы нәтижеге кереғар. Ал әдебиеттегі жыраулар ғасыры ретпен емес, ілгері-кейін шашыраңқы беріле салатыны тіпті үлкен қателік.

Мен жасөспірімдер әдебиетіне жазамын. Өйткені, осы жастағы балаларды оқытамын. Процесті бақылаушы емес, кешушімін. Содан да маған жасөспірімдердің психологиясы, дағдысы, қабылдау, түйсіну мүмкіндігі, мінез-құлқы әбден таныс. Әр тақырыпты жанымнан әрі мұғалім, әрі жазушы ретінде өткеремін. Айта берсең жіпке тізетін дүние көп. Десе де, осы үш мысалмен тоқтайтын. 

Балалар әдебиеті – өте нәзік әдебиет. Баланың оқиғасы мен тағдырын жаза салу балалар әдебиетіне аздық етеді. Алдымен баланың психологиясын білу шарт. Кешегі кеңес заманында зерттелген «бала психологиясы» бүгінгі тәуелсіз мемлекет баласының психологиясына мүлдем ұқсамайды.

 Қолынан смартфон түспейтін, шарайнаны алақанында шыр айналдырған баланы елең еткізу де, әдебиетке қызықтыру да оңай машақат емес. Миы қоқысқа толып, жады жарамсыз ақпаратқа кептеліп тұрған баланың алдымен қауашағын тазалап, құнды дүниеге орын босату керек. Қалай? Психологиясына, ойлау, қабылдау деңгейіне лайықтап жазу арқылы. Біз кеше «шедевр» деген шығармалар бүгінгі балаға түсініксіз. Қорыта алмайды. Сосын, кітап оқудан бас тартады. Әдеби кітап, шығарма оқымаған баланың ойлау кеңістігі тарылып, тіл байлығы кедейленеді. Өтірік дегендер, мектепке келсін, баламен сұхбат құрып көрсін. Түңілуге бола ма? Іске кірісу керек. Мысалы, 6-сынып бағдарламасындағы Оралхан Бөкейдің «Тортай мінген ақбоз ат» әңгімесінен гөрі Ділдар Мамырбаеваның «Робот ұстаз» әңгімесін тез әрі жеңіл, қызыға қабылдады десем, шабуылшылар шығатын шығар. Алайда, шындық осы. 

Бүгінгі баланы «альфа ұрпақ» деп жатамыз ғой, ал «альфалардың» өмірі мен түйсігі смартфонға кіріптар екенін ескерсек, талас тоқтайды. Жеңіл-желпі ойлану, рилстық ой деңгейіне дейін құлдырау, қысқа ақпаратқа тәуелді болу, визуалды контентке тәуелділік осындай күйге түсірді. Иә, бүгінгі бала – «азат ойлы» дегенмін сөз басында, бірақ, цифрлық тәуелділік зейіннің, жадының әлсіреуіне соқтырып тынды. Балалар жазушыларына да осы деңгейге түсіп жазу арқылы баланың ой-өресін дамытып, көтеру басты мақсат болған ләзім. «Мен балаларға арнап кітап жазып тастадым» деп тоқмейілсу жүрмейді қазір. Бала қызығатын, оқитын, түсінетін, «қорыта алатын» дүние жазайық. Бүгінгі бала кешегі бізден тіл байлығы, сөйлеу шеберлігі, ойлау қабілеті жағынан төмен болғанымен, цифрлық сауаты, заманауи қабілеті жағынан озық. Заман – болашақтікі.

 

 

Қазіргі балалар прозасындағы кейіпкерлердің табиғаты өзгере бастады

Гүлбақыт Қасен, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

- Балалар әдебиеті десе, елең ете қалатынымыз рас. Біз – ертегілер мен батырлар жырын басымызға жастанып өскен ұрпақпыз. Ал, қазіргі балалар ақпараттық қоғамда өмір сүріп, гаджет пен интернетке тәуелді ортада өсіп келеді. Түсінік, пайымы бөлек, еркін ойлайды. 

Кез-келген баланың әдебиетке деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталары сөзсіз. Қаншама буын «Ана тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерін оқу арқылы көркем шығармаға құмартты, кітапты рухани серік ретінде таныды, кейіпкерлер тағдырымен бірге қуанып, бірге мұңайды. Әдеби шығармалар баланың қиялын дамытып қана қоймай, оның дүниетанымын, өзіндік көзқарасын қалыптастыратыны белгілі. 

«Балалар прозасында жаңа образ бар ма?»  деген сұраққа бірден «иә» не «жоқ» деп жауап бере салуға болмайды.  Балалар әдебиетінде бірнеше кезеңнің кейіпкерлері қатар жүр. Көркем шығармалардан классикалық, тәрбиелік образдарды да, психологиялық тереңдігі бар жаңа кейіпкерлерді де кездестіреміз.

Менің негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, алайда қазіргі уақытта басқа салада қызмет жасап жүргендіктен, жалпы білім беретін мектептің әдебиет оқулығын мүмкіндігінше парақтап шықтым. 

Бастауыш сыныптарға арналған «Әдебиеттік оқу» кітабында  көбіне балалардың жас ерекшелігіне сай қысқа әңгімелер, естеліктер, танымдық мәтіндер берілген екен. Балаларға түсінікті, тәрбиелік және ұлттық мазмұндағы шығармалар да енген. 

Атап айтқанда, Ы.Алтынсариннің, Ж.Аймауытовтың, О.Бөкейдің, Б.Соқпақбаевтың әңгімелерінен үзінділер, М. Әуезовтің «Бала Абайы», Бауыржан Момышұлының балалық шақ туралы естеліктері әр сыныпта оқытылады. 

 Бұл шығармалардағы кейіпкерлердің көпшілігі – үлкенге құрметпен қарайтын, тәрбиелі, еңбек пен адамгершілікті жоғары қоятын образдар.

Сонымен қатар шетел әдебиетінен М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендерінен» үзінділер («Том мен Бекки», «Батылдық»), 

А. Беляевтің «Адам-балық» атты фантастикалық шығармасы, Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» шығармасынан үзінді («Дик Сэнд») беріліпті. Мұнда балалар қиял-ғажайып пен ғылыми фантастикаға жақын кейіпкерлермен танысады. 

Б.Соқпақбаевтың  «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» (2-сынып, 54-бет, 3-сынып, 21-бет, 4-сынып, 74-бет, 101-бет, 5-сынып, 73-бет) шығармалары – өлмейтін туындылар ғой. Бір ғана Қожа – бәріміз үшін ең жақын, сүйікті кейіпкеріміз. Тентек болса да, жүрегі таза бала. Ол балалықпен қателеседі, өтірік айтады, бұзықтық жасайды, бірақ ішкі әлемі шынайы. Сондықтан бұл кейіпкер әлі ескірген жоқ деп ойлаймын. 

Бастауыш сынып оқулығындағы әңгімелер әлі де дәстүрлі және кеңестік тәрбиелік модельге жақын сияқты. Әйтсе де, қазіргі цифрлық дәуірдегі күрделі психологиялық бала образын сомдайтын шығармалар да бар, бірақ аз.

Серік Нұғыманның «Арман» әңгімесінде «Менің бір роботым болса ғой. Үй тапсырмасын орындатып, өзім ойнайтын едім» деп армандайтын бала жайлы, Әбдібай Табылдының «Аман мен телефон» шығармасында «Көке, кедергі жасамаңыз!» деп ашуланған баласы мен «Телефонның кесірінен оқудағы үлгерімің бір жақсармай қойды» деп баласына реніш білдірген әке туралы жазылған. Ал, Эрнест Ильиннің «Кішкентай робот туралы ертегісі» – кішкентай оқырмандар үшін тың дүние. 

Кәдірбек Сегізбайұлының «Құмға салған сурет» (4-сынып/2-бөлім, 

28-бет) және Жүсіпбек Қорғасбектің «Арман арқалаған бала» (4-сынып/3-бөлім, 20-бет) әңгімелерін өзім де қызығып оқып шықтым. Суретші Әбілхан мен ғарышкер Тоқтардың бала бейнесінен арман, талап, табандылық пен төзімділікті көреміз. 

«Жеті қат аспан төрін сан рет шарлап ұшқан сынақшы сөйтіп ғарышқа да қадам басты...», «Құмға сурет салудан бастаған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды...» деп түйінделетін шағын әңгімелерден суретші болам, ғарышкер болам дейтін бала арманның ақиқатқа айналғанына куә боламыз. 

Ал, 5–11-сыныптарда «Қазақ әдебиеті» пәнінде оқушыларға қазақ әдебиетінің классикалық және заманауи үлгілері ұсынылған.  Бағдарламада ауыз әдебиеті үлгілері, поэзия, проза, драмалық шығармалар қамтылған. 

Оқулықтарда көркем шығармалардың басым бөлігі әлі де кеңестік немесе дәстүрлі прозадан алынған деуге болады.

Мысалы: «Абай жолы», «Бақытсыз Жамал», «Көксерек», «Жау тылындағы бала», «Тәмпіш қара», «Жусан иісі», «Қажымұқан», «Тортай мінер ақ боз ат», «Атау керек», «Күй аңызы», «Шұғаның белгісі», «Ұлпан», «Ақбілек», «Бесатар», «Жалған дүние» және т.б.  шығармалар.

Мектеп бағдарламасының мақсаты белгілі бір құндылықтарды сақтау болғандықтан, дәстүрлі кейіпкерлердің болуы да заңды құбылыс.

Сонымен бірге, оқулықтарда берілген Т.Нұрмағамбетовтың «Анасын сағынған бала» (5-сынып, 107-бет), Н.Ақыштың  «Нағыз әже қайда?» (5-сынып, 121-бет), Т.Әбдіковтің «Қонақтар» (7-сынып, 162-бет), Ж.Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ», «Дабыл», (8-сынып, 160-бет), Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» (8-сынып, 177-бет), Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» (11-сынып, 118-бет) әңгімелерінде жаңа қоғамға сай өзгеше психологиялық образдар бар деп айтуға болады. Бұл шығармаларда ауыл мен қала баласының айырмашылығы, технология әсері, ұлттық құндылық пен жаһандану мәселелері қатар суреттеледі.

Бұрынғы шығармаларда батыр, еңбекқор, үлгілі бала сияқты дәстүрлі кейіпкерлер көп болса, бүгінгі прозада заманға сай өзгерген жеке ойы, сезімі, таңдауы бар балалар бейнесі көрінеді. 

Қорыта айтқанда, қазіргі балалар прозасындағы кейіпкерлердің табиғаты өзгере бастады. Жаңа образдар пайда болып жатқанын аңғарамыз, бірақ ол толық қалыптасқан, тұрақты әдеби типке айналып үлгерді деп айта алмаймыз. 

 

 Қазіргі балаға жаңаша тілмен, оның өз деңгейінде сөйлейтін кітаптар ауадай қажет 

 Айнұр Мұратова, балалар жазушысы:

- Ия, біз әлі кеңестік дәуірдегі прозаның шалғайынан шыға қойған жоқпыз. Бұның енді бірнеше  себептері бар, бастысы – үлгі. Кеңес дәуіріндегі балалар үшін жаназық болған шығармалармен өскен жазушы, сол жолды таңдары да заңдылық. Ол дәуірде бүкіл әдебиетті құрсаулап ұстап тұрған «социалистік реализм» қалыбы еді. Одан балалар әдебиеті сытылып кете алған жоқ.  Әдетте баланың ойы еркін болады, қимылдары шалт болады, сол секілді ойлары да ұшқыр болса керек-ті. Бірақ әлгі «үлгілі, әйбат бала» формуласы тек тентек, шалдуар, бірақ жан түкпірінде адалдық пен мейірім жататын бала төңірегінде ғана шиырлауға мүмкіндік берді. 

Көптеген жазушылар әлі күнге дейін өздерінің балалық шағындағы (ауыл өмірі, ата-әженің тәрбиесі, бұзақы бірақ жүрегі таза ауыл баласы) бейнелерді қаузап кетуі содан деп ойлаймын.

Тағы бір айтар кілтипан: балаға ақыл айту парыз деген де ұғым болса керек. Кеңестік жүйеден қалған «баланы міндетті түрде тәрбиелеу керек, ақыл айту керек» деген позиция санамызға әлі шегелеулі тұр. Ал қазіргі бала ақыл айтқанды, «мынау жақсы, мынау жаман» деп дайын мораль бергенді ұнатпайды, оны да ескеруге міндеттіміз. Әдебиеттің міндеті – үйрету емес, еліктіру болса керек-ті.

Бірақ біз бұл қалыпта біржола «қалып қойдық» деп айту –  әділетсіздік. Қазір үлкен трансформация жүріп жатыр.

Жаңа образ бар ма? Бар болса, ол қандай?

«Жаңа дегеніміз – ол ұмытылған ескі» – деп қай ел айтатын еді? Жалпы тамаша образдар біздің ескі аңыз ертегілерімізде әуелде жасалып қойылған еді. Қиял-ғажайыпқа толы небір образдар жеткілікті-ақ. «Қаңбақ шалды» алыңыз, «Ұр тоқпақты» алыңыз, «Жалмауыз кемпірді» алыңыз, «Қара дәуді» алыңыз, көп қой… «Қаңбақ шал»  – жан-жақты қандай ғажайып кейіпкер!

Кинода «франшиза» деген ұғым бар. Қарапайым тілмен айтқанда, бір елді қызықтыра алған туындының төңірегінде, соған сүйене отырып, келесі шығарманы дүниеге әкелу. Болмаса, әдебиетте «назирашылдық» деген  бар емес пе? Белгі бір туындыны жаңаша, өз көзқарасыңды қоса отырып, жетілдіре жазу. Осы біздің балалар әдебиетіне керек-ақ. Өзіміздің ұлттық жадымызбен астасып жатқан ғажап кейіпкерлерімізді қазіргі балалар дүниесіне сәтті араластыра алсақ, ұлттық кодтан да адаспас едік деп ойлаймын, әрі түрленіп, әдебиетіміз әлгі кейіпкерлеріміздің мүмкіндіктеріне сай, жаңа, еркін құлаш алар еді.

Disney студиясының қазіргі балаларды үйіріп әкеткен  алтын қоры толығымен дерлік әлем халықтарының ертегілері мен классикалық әдебиетке негізделген:

«Ақша қар және гномдар» – ағайынды Гриммдердің ертегісі.

«Русалочка»  – Ханс Кристиан Андерсеннің ертегісі.

«Шрек»  – Уильям Стейгтің 1990 жылғы аттас балалар кітабы.

«Етікті мысық»  – француз жазушысы Шарль Пероның ертегісі

«Мулан»  – қытайдың орта ғасырлық «Мулан туралы жыр» атты поэмасы.

Осылай созып әкете беруге болады…

Ал негізінен жаңа образ заман райына қарай да пайда болады еріксіз. Ол жаңадан туып, қалыптасып жатыр. Қазіргі қазақ балалар әдебиетіне «интернет дәуірінің баласы», «урбанизацияланған (қалалық) кейіпкер» келді. Ол гаджеттерді жақсы көреді, блог жүргізеді, киберспортқа қызығады, бірақ олардың мұңы сол, өзіндік ішкі жалғыздығы мен психологиялық мәселелері бар.

Ауылға барып, сондағы өмірді мүлдем жаңа қырынан танитын, екі мәдениеттің ортасында алтын көпір іздеген қала баласының образы пайда болды.  Бұл образ қауіпті, меніңше ұлтқа тән емес, гибридтік образ. Ол жекелеген авторлардың (әсіресе соңғы толқын жас жазушылардың) шығармаларында ғана көрініс тауып жатыр.

Көбіміздің «жаңа образ жоқ» деп қынжылуымыздың бірнеше объективті себептері бар:

Тираж пен маркетингтің әлсіздігі. Жаңаша жазылған жақсы кітаптар аз тиражбен (бары-жоғы 1000–2000 дана) шығады да, мектептер мен үлкен аудиторияға жетпей жатады. Нарықта жарнамасы мықты шетелдік аудармалар (Гарри Поттер, Перси Джексон, «Тентек балақайдың күнделігі» т,б,) үстемдік құрып тұр. 

Тағы бір мәселе кәсіби сынның жоқтығы. Кез келген дүние сын арқылы дамиды, сын арқылы іріктеледі. Өкінішке қарай кімнің қандай кітап шығарғаны жөнінде әлеуметтік желіден ғана хабардар боламыз, оған кәсіби сыншы тарапынан баға берілмейді. Кімнің не жазып жатқаны, қандай жаңа кейіпкер келгені үлкен мінберлерде талқыланбайды.

Мен балалар жазушысы ретінде мынаны айтар едім, біз өтпелі кезеңде тұрмыз. Кеңестік және дәстүрлі қалыптан саналы түрде арылып, заманауи қазақ баласының шынайы болмысын іздеу үстіндеміз. Жаңа образ қағазға түсті, ендігі міндет – оны оқырманға таныту және сондай кейіпкерлердің қатарын көбейту. Қазіргі балаға жаңаша тілмен, оның өз деңгейінде сөйлейтін кітаптар ауадай қажет және баршамыз осы бағытта тізе қоса жұмыс істеуіміз керек. Себеп, бала –  отанымыздың ертеңі. Олардың жүрегіне іңкәрлік, жанына қуат беретін де осы – балалар әдебиеті.

 

Қамтылмаған образдар, жазылмаған тақырыптар,  идеялар ұшан-теңіз

Нұрбек Нұржанұлы «Мұң Ай» жыр жинағының, «Тәнсіз гүлдер», «Бесінші қабаттағы үй» проза кітаптарының авторы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия факультетінің докторанты. 

- Жаңа образдар көптеп жазылып жатыр, әрине. Оны жоққа шығаруға болмайды. Заманға сай, қоғамның талабына, сұранысына орай көптеген туындылар туып жатыр. Үлкен буыннан бастап жас буынға дейін тың образдарды тудырып жатыр десем, артық айтқандық емес. Десе де, өзгелер салған сүрлеумен жүрген оңай ма, әлде өзің жаңа соқпақ салып, өз жолыңды қалыптастырған оңай ма? Бүгінгі балалар әдебиеті де сол ескі сүрлеудің үстінде келе жатыр, бірақ соны образдармен толығуда. Алайда біз неге өз жолымызды, өз сүрлеуімізді салмаймыз? Мәселе де осында. Жаңа жол, соны эксперимент көбіне қабылданбаумен, шеттетілумен бетпе-бет келеді. Қоғам да, әдеби орта да оны бірден қабылдай қоймайды. «Бұл не өзі?» деп тосырқай қарайды. Бірақ өзгеріс те, өсу де дәл осындай жаңа ізденістерден басталмай ма? Әлде өзімізге дейін жазылған дүниелердің тонын теріс айналдырып жаза бергеннен бізге не пайда, оқырманға не қайыр?

Сондықтан менің ойымша, балалар әдебиетіне жаңа ізденіс, эксперимент, жаңа образдар ауадай қажет. Мәселен, қазіргі таңда аутизммен өмір сүретін, мүмкіндігі шектеулі, соқыр немесе түрлі дертке шалдыққан балалар өте көп. Бізге соларға арналған әдебиет керек. Бұл қоғам үшін де, гуманизм мен мәдениет үшін де маңызды. Бүгінде ерекше балаларды қоғамнан шеттету, мазақ ету, бөліп-жару, тіпті елемеу секілді көріністер жиі кездеседі. Бұл адамгершілікке жат нәрсе. Олар біздің жанымызда өзін қымсынбай, ыңғайсыз сезінбей өмір сүруі керек. Қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезініп, ешқандай кедергісіз күліп-ойнауға хақылы. Біздің ортамызда өзін сенімді, қорғалған, әділдікте өмір сүріп жатқандай сезінуі қажет. Ал біздегі кейбір адамдардың оларға менсінбей қарауының өзі әдепсіздік емес пе? Оның ар жағындағы мазақ пен келемежді айтпағанда. Тіпті оларға аяушылықпен қараудың өзі кейде әділетсіздік секілді көрінеді. Шындап келгенде, олар емес сондай көзқарастағы мына біз рухани дертке шалдықпадық па? 

Және мұндай өктемдік тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана жасалып жатқан жоқ. Қоғамның кез келген саласына көз салсаң, күштінің әлсізге көрсеткен әлімжеттігіне куә боласың: басыну, қорлау, мазақ ету, өктем сөйлеу. Мұндай жағдайлар балалар арасында да жиі кездеседі. Бір видеода балабақша тәрбиешісінің жылап отырғанын көріп қалдым. Себебі балалар әкесі жоқ қыздарды мазақтайды екен де, әкесі барларға тиіспейді екен. Ал қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың көріп жүрген қысымын айтпасақ та болады.

Керісінше, күшті адам әлсізді қорғауы керек екенін, әлсізге аманат деп қарау қажеттігін, көмектесу  парыз екенін өнер арқылы жеткізу – тәрбиенің ең төте жолы. Себебі өнерде жан бар, сезім бар. Мысалы, тәуелсіздік пен бейбітшіліктің қадірін бір сағат лекция оқып түсіндіруге болады. Бірақ сол ойды С.Мұратбековтің Жабайы алма повесі арқылы жеткізсең, оның әсері әлдеқайда терең. «Жабайы алманы» оқыған адамның әр күніне шүкір айтпай қоюы екіталай. Нағыз әдебиеттің күші де осында ¬– ол адам жанына тамыр жаяды, өмір бойы азық. Біз әдебиет арқылы мейірім, рақым, махаббат секілді асыл қасиеттерді насихаттай алсақ, қоғам да жұмсара түсер еді. Сол себепті балаларға арналған жаңа образдағы әдебиет қажет. Осы олқылықтың орнын болашақ қаламгерлер толтырады деген үміт бар.

Қазіргі сауда орындарына не саябақтарға балаңмен бара қалсаң, бесікарбаға арналған арнайы жолдар бар. Соқыр жандарға арналған сары жолақтар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген түрлі құралдар жасалған. Яғни қоғам әр адамның мұқтаждығына қарай жағдай жасауға тырысады. Әдебиет те дәл солай түрлі рухани мұқтаждықтарды өтейтін кеңістік болуы керек. Бізде әлі қамтылмаған образдар, жазылмаған тақырыптар, қозғала қоймаған идеялар ұшан-теңіз. Тас лақтырсаң, идеяға тиетін заман.

Оның үстіне қазіргі балаларды таңғалдыру қиын. Оларды қызықтыру үшін үлкен ізденіс керек. Дулат Исабеков айтқандай: «Жазушы адамның «білмеймін» дегені болмауы керек». Сондықтан бүгінгі қаламгер ізденіп, қоғамды терең танып, жаңа тақырыптарға батыл барғаны дұрыс болар.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan