ҚАЙШЫ – ОЙЫНШЫҚ ЕМЕС
Айана анасына қолғабыс жасап үй ішін жинап жүрген. Аралары тете алты-жеті жастағы екі інісі Қайсар мен Хайдар өз бөлмелерінде күбірлесіп, арасында дауыстары шығыңқырап мәре-сәре ойнап отырған. Аз уақыт өтпей кенже Хайдар:
- Әпке, Қайсарға қой деңізші! Қағаз қиып отырған қайшымды тартып алды. Онымен де қоймай, қолымды қанатты, - деді жыламсырап.
Айана шаруасын қоя салып, көрші бөлмеге енсе Қайсар жүздері ашылған қайшыны інісіне қарата сілтеп жатқанын көрді.
-Қане қолыңдағы қайшыны маған бер! Сөйтіп те ойнауға бола ма екен? – деді қабағын шытып.
- Менің барлық ойыншықтарымды иемденіп алған өзінен көрсін, - деді Қайсар інісін бірден сөге жамандап.
- Аһа, көкем әкеліп берген мына автомат менікі. Сондықтан, онымен мен ғана ойнауым керек, - деді Хайдар да өз сөзін дәлелдегісі келіп.
- Өйтіп бөлінбеңдер! Осы үйдегі ойыншықтың бәрі де екеуіңе тиесілі. Менікі, сенікі деген сөз қызғаншақ, іші тар баланың ісі! Ондайды атамыз қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» деп айтқан. Түсіндіңдер ме?! Бұдан былай дау-жанжал шығармайсыңдар ма? Жауап беріңдер, қане?
Екі ұл бастарын изеді.
- Қайшы туралы мына бір әңгімені тыңдаңдар, - деді Айана сөзін әрі қарай сабақтап:
- Кішкентай кезінде бір қыздың қайшыны ұстап, олай-былай сілтеп отырғанын көрген анасы:
- Балам, қайшы ойыншық емес, ол – тігіншінің құралы, - деп қолынан алып қояды. Оған ерке-тотай қыз көне ме? Көз жасын көлдетіп, үйді басына көтеріп, бақырып-шақырып жылап отырып алады. Жылауын қоймаған соң қыздың анасы қайшыны тығып қойған жерінен алып береді.
Анасы үй жұмысымен айналысып, қызын назардан шығарып алады. Бір кезде шар ете түскен дауысқа жалт қараған анасы, қайшыны қатты сілтеп қалғандықтан қызының бір көзінің ағып түскенін көріп аһ ұрады. Сөйтіп қаршадай қыз өзінің шолжаң мінезінің, еркелігінің, анасының сөзіне мән-мағына беріп, тыңдамауы себепті бір көзі соқыр болып қалады. Кейін бойжетіп үлкейгенде:
- Шеше, кішкентай кезімде қайшыны неге бердің? Менің сөзімді тыңдамай, қайшыны бермегенде өзге құрбыларым сияқты менің де қос жанарым болар еді? – дейді кейіп.
- Қай кезде өз сөзіңді орындатып үйренген, ерке-шолжың мінезіңнің нәтижесі ғой... Қайшыны қолымнан алып қойдың деп, қоярда-қоймай бақырып-шақырып жыладың емес пе? Ол оқиға есіме түссе, менің де жүрегім ауырады, - дейді анасы мұңайып.
- Бекер тыңдағансыз мені?! Бір сағат жылармын, екі сағат жылармын, үш сағат жылармын, соңында шаршап қояр едім ғой! Ал қазір өмір бойы жылаумен, өкінумен келе жатырмын, - депті сонда қыз.
Жалпы қайшыны қолға ұстағанда абай болу керек! Қайсар жаңа сен қолыңдағы қайшыны Хайдарға қарай сілтеп жатырсың. Олай етуге болмайды! Байқаусызда бетін жарақаттап, болмаса көзіне тиіп кетсе қайтер едің?! Қайшыны ұстама демеймін, ұстаңдар, пайдаланыңдар. Бірақ болған соң, қабына кигізіп тиісті жерге қойыңдар! Қайшы – ойыншық емес! Ұқтыңдар ма?!
-Ұқтық.
Әпкелерінің ғибратты сөзін ұйып тыңдаған Қайсар мен Хайдар ойланып қалды.
ҚАРАҚШЫДАН ҚАШҚАН «БАТЫРЛАР»
Бес-алты күннен бері балаларда маза жоқ. Үлкенді кішілі ыдыстарын көтеріп, қозы көш жердегі дала жидегін теруге жүгіреді.
-Ырғын шыққан екен.
- Жарты сағат өтпей-ақ шелегіміз лық толды.
- Тосаптың астында қалатын болдық, - деген сөздер жиі естіледі.
Бүгін үш дос – Мақсат, Тұрап, Жанат түс қайта жидек теруге келген. Күн ыстық. Біресе еңкейіп, біресе тұрып тез қимылдаған олар терледі. Оның үстіне маса, бүрге қалың. Денелерінің ашық жерін шағып мазаларын алды.
- Бүйтіп терген жидегі бар болсын, - деді Тұрап былай шыға бере.
-Үйден ұят! Құр қол қайтамыз ба, сонда? - Жанат Тұраптың сөзіне құлақ аспай жидек жинауды жалғастыра берген.
- Менің басыма бір ой келді. - Кітапты көп оқитын, қиялшыл Мақсат белін жаза тіктеліп достарына қарады.
- Қандай ой? - деді ұзын бойлы, қысық көз Тұрапты әуестік билеп.
- Ауыл шетіндегі Қайыркен атаның бақшасына түсейік. Кеше апама еріп барған кезде көрдім. Не өспейді дейсің?! Бәрі бар! Қызыққаннан ауызым ашылды, көзім тұнды. Қайыркен атаның кемпірі сараңдау кісі екен. Соншама мол жеміс-жидектің бір талынан да дәм татырмады бізге.
-Ұрлық қой ол!.. Қайыркен ата далада ұйықтайды деп естігем.
- Олай етпес!.. Түн салқын. Үлкен кісі далада ұйықтайды дегенге сену қиын.
- Анығын білейік... Жалпы мен қарсы емеспін... Қап-қараңғы түн... Бас бағып бақшаға барамыз... Тойғанымызша дәмді шиеге, қарақат, қызылқатқа мелдектей тоямыз... Құдды кинодағыдай...
- Мақсат сен шынында қиялшыл екенсің! Әңгімең мені де елітті... Қызығып кеттім, - деді Тұрап досына қарап.
Үш дос түнгі жорыққа дайындалды...
Биік ағаш қоршаудан кезек-кезек секіріп түскен ұлдар демдерін іштерінен алып, бақша жаққа көз жіберген. Беті-жүздерін тұмшалап алыпты. Көздері ғана жылтырайды. Қолға түссе танымау үшін істеген амалдары. Өліара шақ. Жұлдыздар шашыраңқы, сирек. Балалар еңбектеп, межелі жерге мысық табандап ақырын жылжыды. Жемісі уылжыған мөп-мөлдір, күрең шие ағашына жеткен Мақсат бір-бірлеп үзіп жеп жатыр. Арттағы екеу де қарақат ағашына бас қойыпты.
- Ойбай! - деді сорайған Тұрап бір кезде баж ете түсіп. - Әне-е, келіп қалды!..
- Қайда?
Мақсат пен Жанат состиып-состиып тұрып қалыпты.
- Әне-е?!. Оң жақтарыңа қарасаңдаршы?!
Үрейі ұшқан ұлдар Тұрап айтқан жаққа көз тіккен. Ұзын бойлы біреу тұп-тура қарсы жүріп келеді. Сасқан екеуі алды арттарына қарамай зытып берді.
- Мен ше?! Мені қалдырмаңдар!..
Жайшылықта жайбасар Тұрапқа да жан керек екен. Қолындағы кішкентай темір шелекті қаңғырлағанына қарамай лақтырып жіберген. Сол жақ бүйірден тағы бір сұлба қараң етті. Екбетінен жата кетті. Аздан кейін басын көтерсе жаңағы қара сұлба қозғалмайды. Қаққан қазықтай сол қалпы тұр. Бұны байқамаса керек! Еңбектеп қоршау ағаш шарбаққа жетті де, ары қарай домалап, асып түсті.
***
Түнде үш дос көрген қара сұлбалар – Қайыркен атаның ұры-қарыны шошыту үшін бақшаның әр жеріне ағаштан жасап, киім кигізіп қойған адам пошымдас бейнелері болатын.
Балалар ертеңінде өздерінің ағаттық жасағандарын біліп опынды.
-Аңқаумыз, - деді Тұрап тек тұрмай. - Оны білгенде жеміс-жидекке армансыз тояр едім... Е-еһ, су жүректер!.. Сендер ғой алды-арттарыңа қарамай тұра қашқан.
- Бәрібір, біздің бұл ісіміз дұрыс емес, - деді Мақсат ойланып.
- Ұят, - деді Жанат қызарып. - Керек десеңдер – ұрлық!..
- Кінә менен!.. Кешіріңдер, - деді Мақсат өзінің теріс қылығын мойындап. - Бұдан былай мұндай арамдыққа аяқ баспайық.
Сендер, қалай ойлайсыңдар балалар?
Ұрлық жасаған дұрыс па?!.
ОРМАНДАҒЫ ОҚИҒА
Жанат пен Қанат көрші тұрады, екеуі бір сыныпта оқиды. Қашан көрсеңіз жұбы жазылмай жүргені. Екеуі де табиғатты жанындай сүйеді. Ауыл шетінде қалың орман бар. Самсаған қарағай мен ақ қайың. Мұнда келген достар жырғап қалады. Орман ішінің ауасы саф, таза. Құстар ән салады. Бұтақтан-бұтаққа секірген кішкентай сүйкімді тиіндер бастапқыда үркетін. Биік тал басына шығып кететін.
Екі бала қалталарына салып нан, шемішке алып келеді. Әкелгендерін жерге шашып, алыстан бақылайды. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған тиін бір басып, екі басып жердегі нан қоқымына жақындайды. Ешкімнің жоқтығына көзі жеткен соң, тинәмдәй аузымен жей бастайды. Нәпақасын жеп тауысқан соң, қарағай басына өрмелеп шығып кетеді.
-Өстіп-өстіп үйренеді, - деді ұзынтұра Қанат, тиін өрмелеп шығып кеткен қарағай басына көз тастап.
- Рас, - деді досының әңгімесін іліп әкеткен тапал бойлы Жанат. – Қанша айтқанмен, жабайының аты жабайы. Бірақ өзі адамға жақын. Тығылып қалғандықтан, бізді көрмесе де сезген шығар. Аң-құстарда сақтану түйсігі керемет дамыған ғой.
- Тиін немен қоректенеді? – деді Жанат досына қарап.
- Соны да білмейсің бе? – Танымдық кітаптарды көп оқитын Қанат Жанатқа таңдана қарады. – Мына ормандағының бәрі оған азық емес пе?
- Сонда қалай, ағаш кеміре ме?
- Емен жаңғағы, грек жаңғағы, орман жаңғағы, бадам, гүлдің қауызы, саңырауқұлақ, жаңа ағаш қабықтары, жәндік, ұлулар, осының бәрін жейді.
- Бұл жер қара, күн жылы кездегі қорек ғой. Қыста қайтеді?
- Азық қорын тиін жазда жияды.
- Ұясы қайда?
- Ұясын ағаш басына, кейде кеуегіне, не жартас жарығына немесе тоқылдақ тескен ойықтарға салады.
- Қызық екен! Не деген ақылды жануар! Неше метрге дейін секіреді?
- Артқы аяқтары ұзынырақ және мықты болғандықтан 10-12 метрге дейін секіреді. Мұншалықты жерге секіруге оның үлпілдек құйрығы көмектеседі.
- Қанша жыл өмір сүреді?
- Он жылға дейін.
Екі дос әңгімелескен күйі орман ішіне ене берді. Біраз жүрген соң тарс-тұрс дыбыс естілді. Олар қалт тұра қалып, тың тыңдады. Тарсыл ағашқа тиген балта дыбысына ұқсады.
- Біреулер ағаш шауып жатыр, - деді Қанат.
- Тападай-тал түсте ме?
- Ұрылар ғой?
- Қайдан білесің?
- Бұл орман алқабының мемлекет меншігінде екендігін, оны қоритын қорықшы барын естіген шығарсың.
- Естігем.
- Естісең сол, бұл ұрлық!
- Көзімізді жеткізейік әуелі. Екеуміздің айтып тұрғанымыз - әзірше жорамал.
- Оның да жөн.
- Жақынырақ барайық, сонда бәрі анықталады.
Балалар дыбыс шыққан тұсқа тақап барды. Қарағай балталап жатқан екеу тоқтай қалды. Біреу жүргенін біліп, кілт кідірді. Жан-жақтарына жалтақтай қарап тұрді да, балта, араларын көтеріп жылыстай берді. Арыраққа қойған үш аяқты мотоциклдеріне мініп, тез тайып тұрды.
- «Ұрының арты – қуыс» дейтін мақал есіме түсті.
- Тура айтасың. Бұлар – ұрылар! Әйтпесе қаша ма?
- Қолдарында рұқсат қағаздары болса, бүйтпес еді.
- Не істейміз?
- Қорықшы Күнес ағайға барып айтайық.
- Сөйтейік.
Екі дос күннің кешкіргеніне қарамастан ауылға жетті де, Күнес ағайларына барып, болған жайды баяндап берді.
- Рахмет сендерге! Өткенде де орманның ішкері жағында біраз ағаш кесіліп, қолды болып еді. Әбден дәндеген ғой! Бұл олардың кезекті ұрлығы. Аңдып жүріп, дәл үстерінен түсуім керек. Әйтпесе мойындамайды.
- Біздің қандай көмегіміз керек аға? – деді балалар жарыса.
- Уақыттарың болса, екі-үш күн қатарынан әлгі жерге барайық. Сабақтарың қай уақытта еді?
- Түске дейін оқимыз, түстен кейін боспыз, аға.
- Онда келістік, ертең түс ауа дайын болыңдар. Ауыл шетінде кешкі бесте жолығамыз.
Қорықшы мен екі дос екі күннен кейін ұрыларды ұстады. Көрші ауылдың адамдары екен. Заң бұзғаны үшін ұрылар недәуір көлемдегі айыппұл төледі.
КӨПЕННІҢ КӨПІРІ
- Е-е-й, балалар-р!.. Балалар деймінн-н-н!...
Ауыл шетінде алқа-қотан жиналып ләңгі теуіп жүрген ұлдар Шәріпханның айқайына алғашында назар аудармаған. Ойын қызығына берілген қара домалақтар байбаламшы Шәкеңнің үйреншікті дағдысы ғой деп елеп-ескермеген.
Жоқ, бұл жолғы айқайы айырықша.
- Еи-й, балалар!.. Бір мүйнет мойын бұрыңдар!.. Керемет жаңалық!.. Қазір естисіңдер!..
Ләңгі тепкен ұлдар ойындарын еріксіз тоқтатып, тапал Шәріпханға аңтарыла қараған.
Шәкең екі иығынан демалып тұр. Тамылжыған тамыздың ыстығынан пора-пора терлепті. Басындағы сұр қалпағы желкесіне қарай ысырылған. Оны елейтін Шәкең жоқ.
- Ана көпір бар емес пе?! Ауыл ортасындағы көпір...
- Иә.
-Құлады... Құлағанда былай…
- Не ертегі айтып тұрсың?
- Баяғыдан тұрған көпірге не болды?
- Бомбы түсті ме?
- Тозған шығар.
- Соны әңгіме қылып...
- Шәріпхан суайттың әңгімесі қашан да осылай...
- Дұрыстап айтып берейін, соңына дейін құлақ салыңдар, - деді Шәкең ентігін басып. Сұр қалпағын шешіп, маңдайын сүртті. - Көрші Ақшидегі Шалабай шалдың ерке-тотай немересі бар емес пе? Сол екі аяқты мотоциклімен өте бергенде көпір бір жағына қарай жантай-е-е-п барып, шатыр-шұтыр ете түсті!.. Уһ-һ, зәре-құтым ұшқаны-ай!.. Абырой болғанда, ана тентектің өзі де, мотоциклі де дін аман!..
- Шын айтасың ба?
- Шын емей... немене?
- Бұл - төтенше жағдай!
- Барып көрейік.
- Жүріңдер.
Тозығы жетіп шіруге жақындаған ескі көпірдің құлағаны рас екен. Ауыл ортасын қақ жара ағатын өзеннің екі жағындағы елдің ары-бері жүрісі тоқтады. Балаларға қызық керек. Күн ыстықта аяқтарын суға матырып, жырғап қалды. Тізеден азғана асатын таяз жерден балақтарын түріп, шалпылдатып өте шығады. Үлкен кісілерге қиын. Елдің бәрінде жеңіл көлік жоқ, әйтпесе үш-төрт шақырым жердегі машина көпірден өтпей ме?!
Көпір жөндеуге үлкендер жағы қозғала қоймады. Бәрі шөп шабу, қысқа отын дайындау сияқты шаруамен айналысып - қызыл танау. Бұрынғыдай бес-алты тақтай қағып, ілекерлей салуға келмейді. Кәдімгідей дұрыстап жөндеу керек.
Үшінші сыныпқа көшкен, көп істің ығытын білетін, пысық Көпен екі-үш жас үлкен ұлдарға айтып, көпір жөндеуге шұғыл кірісті. Олар да аса бәлсінбей бірден келісе кеткен. Рамазан, Досқан, Ернат, Керім, Естай, Нұржанның үйлерінен біраз жаңа тақтай табылды. Көпеннің өзі шеге, балға, балта, қол ара, тістеуік әкелді.
Балалардың көпір жөндеуге кіріскеніне бірнеше күн. Әуелі құлаған тұстағы жарамсыз, ескі тақтайларды босатып алды да, жаңа тақтай қақты. Таңертемен көпір басына келеді де, күн ысығанша жұмыс істейді. Одан соң кешкі салқынмен тағы қимылдайды.
- Бітуге жақын сияқты, - деді Ернат достарына қарап.
- Тексеріп шығайық және үлкен адамдар да көрсін.
- Бұның жөн, - деді Рамазан.
- Дұрыс айтасың.
Керім тыныш тұрмай сөз қосты:
- «Еріншек екі жұмыс жасайды» - деген.
- Сенің мақалың табан астында дайын тұрады екен.
- Қазақ – ақын, шешен халық. Сөздік қоры – өте бай... Мұндай тірлікті қазақ атам: «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер» - деп бірақ түйген.
- Пәлсапаңды соңыра тыңдармыз...
- «Жолдасы көптің қолдасы көп, досы көптің көңілінің хошы көп...»
- Ту-у!.. Дауа жоқ саған.
- Өйткені, «тіс тамақ үшін, тіл тілек үшін...»
Ұлдар рахаттана күліп алды.
- Бәсе-е!.. Осылай бір жадырап күлейік те!.. «Әкетай мен көкетайың болса, ісің бітеді...»
Балалар көпір үстімен қайта-қайта, ерсілі-қарсылы жүріп көрді. Мықты, солқылдамайтын секілді.
- Тағы он шақты тақтай керек, - деді көп сөзге үйірлігі жоқ Досқан. - Шегелерді де көбірек қағайық.
Балалар бұл жұмысты да іске асырды.
Көпеннің атасы немересінің тірлігін сырттан бақылап, ара-тұра ақыл-кеңес беріп жүретін. Ұлдардың атқарған шаруасын көріп, дән риза.
- Айналайын балалар! - деді Төлеген қарт толқып. - Үй тұрғыз, ұрпақ өсір, тал ек деген қазақ бабамыз. Адал ниетпен мешіт, медресе салу, құдық қазу, адам баласына пайда әкелер жұмыстың бәрі сауапқа жатады. Сендер, бұзылған көпірді қайыра қалпына келтіпдіңдер! Игілікті іс атқардыңдар! Және ешкім үгіттемей, өздерің кірістіңдер! Бұл – ауыз біршілік пен адамгершілік!
Содан былай бұл өткел – Көпеннің көпірі аталып кетті.
БӨРТЕ ҚОЗЫНЫҢ КӨМЕГІ
Қонысбектің әкесі базардан бес қозы сатып әкелді. Өздері сондай сүйкімді екен. Жүндері бұйра. Келген бетте берген сүтті ішіп, қунап қалды.
- Әке, бұлардың шешесі қайда? – деді Қонысбек.
- Есіңде болсын, «шеше» деп адамға айтады. «Малдың шешесі» демейді, «енесі» дейді...
- Түсіндім, әке. Иесі бұларды неге сатқан?
- Енесі жоқ екен. Малсақ алса, жақсылап қарайды десе керек.
- «Малсақ» деген не әке?
- Малжанды, малдың жайын білетін адамды айтады.
- Білдім. Бұл қозылар енді біздікі ме?
- Иә. Біздікі.
- Бұлар не жейді?
- Кішкентай болғандықтан, сүт береміз. Одан әрі аз-аздан жем жейді, шөпке жайылады.
- Әке, - деді Қонысбек іле. – Қозылар туралы айтып беріңізші?
- Айтайын. Жалпы қозылар егіз және жалқы боп туылады. Оларды туылған мерзіміне қарай мәйекті қозы, көбе (кепе), қауқа, күн тимес, көпелдеш, көпей, арамза, марқа, бағлан деп атайды.
Қозылар туған соң 10-15 минутта аяқтанып, енесін емеді. 10-15 күнде оттайды, 3-4 аптадан кейін жем жейді. Оларды 1,5 айлығында отармен бірге бағып, 3-4 айдан кейін еркек, ұрғашысына қарай бөледі.
- Оһо-о! Қозы жәйлі біраз мәлімет білдім... Рахмет, әке!
***
Қонысбек қозыларды баға бастады. Ептеп мінездеріне де қанықты. Біреуі қомағай, енді бірі қызғаншақ, біреуі жайбасар. Шыны құтымен берген сүтті таласа ішеді.
Бөрте қозы ерекше ширақ. Қонысбектің аулаға шыққанын көрсе, жүгіріп кеп, тұмсығымен аяғын түртеді. Бала оны көтеріп алады.
Күн ұясына батып барады. Мал өрістен қайтатын мезгіл. Қонысбек ауыл шетінде балалармен ойнап жүрген. Күнде қой-ешкілерді қарсы алып, үйге айдап әкелу міндеті болатын. Ойын бітіп, балалармен бірге тыныс алып отырған бір кез еді.
- Мә-ә! Мә-ә!..
Қараса, бөрте қозы екен!
- О, ақылдым! Мені іздеп келгенсің бе? - деп құшақтай алды.
- Мә-ә! – деді бөрте қозы тағы.
- Бірдеңе айтқың келе ме? Әлде, қарның ашты ма? – Бала орнынан тұрып, құлдыраңдай жүгірген қозының соңынан ілесті. Қозы ешқайда бұрылмай, батысқа қарай тартты. «Мұнысы несі!». Мөңіреген сиыр, маңыраған қойды көргенде ғана Қонысбек оның мұнда неге келгенін түсінді.
- Малдың алдынан шығайық деген екен ғой!..
Қара бала мен бөрте қозы малдарды айдап келе жатыр. Алдарынан шыққан Қонысбектің анасы дән риза.
- Ойын қызығына беріліп, ұмытқан шығар десем... Бөрте қозы есіңе салған екен ғой...
- Иә, апа, солай болды...
Бөрте қозы бұл кезде шапқылап, үйге жеткен болатын
ҚЫРЫҚ МЫҢ ТЕҢГЕ
Тілі қазақша шыққанымен, орыс балабақшасына барған Досымжан уақыт өте келе ана тілін ұмыта бастады. Өзі жақсы көретін немересінің тілінің шұбарлануына атасы Нұрғазы қатты кейіді.
-Болашағы қалай болар екен? – деп ренжіп жүрді. Қолына алайын десе, үлкен баласының үйі қаланың шетінде. Күнде көріп тұруға мүмкіндік жоқ. Жұмыс бабымен кейде бір-екі аптаға сапарға кетеді.
Баласы мен келінге кінә артпайды. Бұл қалада қазақ бала бақшасы саусақпен санарлық. Атасы анда-санда Досымжанмен қазақ тілінде сөйлескенімен, нәтиже қуанарлық емес. Немересі үйден шыға бере орысша сайрап жөнеледі. Ауладағы достары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, кешке дейін шүлдір-шүлдір. Қайтсе болады?!
Досымжан ер жетті. Атасының ұйғарымымен қазақ сыныбына барды. Әке-шешесі қуанды. Қазақша оқуға Досымжан да бірден келісті.
Арада жиырма күн өткен. Мектептен келген ұл көңілсіз, біреу ренжіткен сияқты.
- Не болды, балам? – деп анасы Айнұр жік-жаппар.
- Ертеңнен бастап қазақ сыныбына бармаймын, - деді Досымжан.
- Біреу тиісті ме??
- Ешкім тиіскен жоқ.
- Онда не болды?
- Мұғалім апайдың қазақша сөздерін жақсы түсінбеймін.
- Өкпең сол ғана ма?
- Иә.
- Қазақша оқығаның жөн! Үйде қазақша сөйлейік. Сабағыңды қарап болған соң, бір-екі сағат қазақша кітап оқы. Еңбексіз ештеңеге қол жеткізе алмайсың. Жиырма күн аз! Бір тоқсан шыда! Ана тілінде оқу, сенің қолыңнан келеді.
- Мақұл, - деді Досымжан.
Анасымен арадағы әңгіме атасына да жетті. Ести сала атасы мен әжесі кештетіп үйге келді.
- Досымжан, сабағың қалай? Үлгерімің жақсы ма? – деді атасы.
-Жақсы ата, - деп күмілжіді ұл. – Айтайын десем...
- Сен кішкентайыңнан шыншыл едің ғой, ештеңені жасырма?
- Ұялып отырмын...
- Оқу – инемен құдық қазғандай. Оңай емес! Білім негізі – бастауыш сыныпта қалыптасады.
- Мұғалімнің көп сөздерін жақсы түсінбеймін.
- Орыс сыныбына ауысам деген ойды ұмыт. Намыс қайда? Жігер қайда? Әлден қазақша оқымаймын деп тауың шағылса не болғаны?! Олай жасама! Мен саған сенем! Сен өз ана тіліңді әлі-ақ меңгересің! Жай ғана меңгермейсің! Үздік оқушы боласың!
- Шын ба, ата?!
- Бірінші сыныпты үздік бітірсең, қырық мың теңге сыйлық беремін.
Досымжан ойланды. Бақандай қырық мың теңге!
- Келістім, – деді қуанып. – Мен оған велосипед сатып аламын.
***
Төртінші тоқсан бітуге таяды. Досымжан үздік оқушылар қатарында. Қолы боста әдеби кітаптарды көп оқып, қазақша таза сөйлейтін деңгейге жетті. Сынып жетекшісі Ақайдар ағайы өзге оқушыларға Досымжанды үлгі ететін болды.
Немересінің жақсы бітіргенін естіген атасы қуанышты. Сынып жетекшісіне келіп жолықты.
-Досымжан табанды, білімге құштар. Сізге көп рахмет! Алдағы уақытта да осы алған бетінен қайтпас деп ойлаймын.
Атасы уәдесінде тұрып, немересіне қырық мың теңге берді.
