Жұлдыз адамдар
Атасы менен немересі
Түнгі аспанды бағып тұр.
– Жұлдыз деген немене осы,
Бізге жымың қағып тұр? –
Деді бала қарияға:
– Ата, бұлар қандай жарық?
Қаптап тұрған әне, қара,
Жарқырайды шамдай жанып.
– Биігінен санаң құздың,
Сендегі асқақ мол ұқтырды ой.
Таңғажайып ғалам біздің
Жұмбақ сырға толып тұр ғой.
Сенде, ботам, сауалыңмен
Ауыр салмақ маған салдың.
Осы таудай талабыңмен
Ғалымы бол ғаламшардың.
Таппай тыным сана тыныш,
Талпынады тануға адам.
Бізге жұмбақ жаратылыс
Бір Құдайға мәлім, балам.
Бұл ғажапқа толғанбасақ,
Түсінбейміз тіпті жайын.
Өз ойымша болжам жасап,
Бір ғылымды ұқтырайын.
Қызмет еткен ұлтына адал,
Алаш үшін алып туған.
Ұлылардың рухы олар,
Жұлдыз болып жанып тұрған.
Бәрі ғажап, сыңары айдың,
Зерделейік танып атын.
Жұлдызы анау ұлы Абайдың –
Ойшыл, ғалым, алып ақын.
Жүрген жолы – ұлы дастан,
Жұлдызды анау анық білдім.
Қазақ үшін ғылым ашқан
Ыбырай деп танып тұрмын.
Аспан бізге бай тылсым ұқ,
Бәрі де алып, бәрі көсем.
Анау жұлдыз – Байтұрсынов,
Өз алдына жарығы әсем.
Түнгі жалын, бұда мән бар,
Жер жүзін жай шарпымайды.
Барлық, барлық ұлы адамдар
Жұлдыз болып жарқырайды.
Тәуелсіздік туралы аңыз
Таңғы мезгіл автобуспен
Бара жатқан мектепке.
Бірі мініп, бірі түскен,
Ержан да ерген көп-көпке.
Әжесімен нән тұлпарды
Ерттеп мінген бұл-дағы.
Радиодан ән шырқалды
Тәуелсіздік туралы.

– Әже, қазір айтылды ғой
Біз тыңдаған өлеңде.
Менде сұрақ, ой туды ғой:
Тәуелсіздік деген не?
– Тәуелсіздік деген – сенің
Сайрап тұрған бал тілің.
Және жарқын келешегің,
Үні қазақ халқының.
Жарқыраған күнің таңнан,
Байтақ далаң, сары дән.
Тәуелсіздік – туың, таңбаң,
Біз тыңдаған әнұран.
Деді әжесі басын сипап,
Немереге сүйсінгендей.
Байқады одан асыл сипат,
Көкейіне күй сіңгендей.
Кім батыр? Кім қорқақ?
Аң патшасы арыстан
Жасады үлкен жиналыс.
Жақын менен алыстан
Келмей қалу – бұл намыс.
– Орман – ортақ үйіміз,
Міндеттер де ортақ бар.
Кім батыр – сол биіміз,
Қуаланады қорқақтар.
Аю, қасқыр, жолбарыс
Шықты ортаға белсенді.
– Орманға біз қорғаныс,
Ерлігімізге ел сенді.

Қолтырауын, әб жылан,
Шиебөрі мен түлкі де.
Батырланды барлық аң,
Тышқан менен кірпі де.
Бәрі батыр, данышпан,
Іздеп нағыз ноянды.
Аңғармапты арыстан
Үнсіз қалған қоянды.
Қоян жаққа бір қарап:
– Сен не дейсің, батырым? –
Деп арыстан тыңдамақ
Қоянның да ақылын.
– Батырлығым – ол менің
Құлағым мен аяғым.
Кеудемдегі мол демім
Қуып жетер қай аңың?
Күресетін жауменен
Сіздей әлім, тісім жоқ.
Тіресетін дәуменен
Жолбарыстай күшім жоқ.
Қорқақ дейді сондықтан,
Қорқақтық па жан бағу?
Қуған жауды болдыртам,
Бұл да әдіс – қорғану.
Менде күш жоқ себебі
Жыртқыш аңға татырлық.
Бар бойымда сол енді –
Өзіме тән батырлық.
Берді қоян жауабын
Арыстанға айбатты.
Келгені осы шаманың,
Қайдан алсын қайратты?
– Жарадың сен, қояным,
Бұл да нағыз батылдық.
Құлағың мен аяғың
Қорған болса – батырлық.
Сыртқы жаудан орманды
Қорғау үшін қорғанды.
Қорқақ емес бұл қоян,
Мүмкіндігі сол мәңгі.
Сондықтан да, балалар,
Қорғануда зор қару.
Кімде қандай шама бар –
Басты қару – қорғану.
Спортшы да төсі бай,
Медальдарын мол таққан.
Жеңістерге осылай
Қорғанумен жол тапқан.
