Құлақтағы кітап: Аудиоформат дәстүрлі оқуды алмастыра ала ма?

Тұрақты түрде кітап оқу сыни тұрғыда ойлау қабілетін ұштайтынын білесіз бе? Мұны «National Endowment for the Arts» ұйымы өз зерттеулерінде жазған екен. Қазіргі қоғамда сыни ойлай алу – жоғары бағаланатын қажетті қасиеттердің бірі. Айта кетейік, бұл ұйым – АҚШ федералдық үкіметі жанындағы тәуелсіз агенттік. 1965 жылы Конгресс құрған бұл қор Америкадағы өнер мен өнер саласындағы білім беруді қаржыландыратын ең ірі ұйым болып табылады. Ұлттық мұраны қорғау, фольклорлық өнерді қолдау және әртүрлі этникалық топтардың мәдени дәстүрлерін насихаттауға әлемдік деңгейде атсалысады. 

Құлақтағы кітап: Аудиоформат дәстүрлі оқуды алмастыра ала ма? - adebiportal.kz

Кітапты тұрақты оқитын адамдарда мәтін мазмұнын терең түсіну қабілеті әлдеқайда жоғары, сөздік қоры мол болатыны белгілі. Әлемдік деңгейдегі түрлі зерттеулерімен танымал University of Sussex ғалымдары келтірген ақпарат бойынша, күніне небәрі 6 минут кітап оқу – адамдағы күйзеліс деңгейін шамамен 60-68 пайызға дейін төмендету ықтималдығы жоғары екендігін алға тартады. Өзіңе ұнайтын жанрдағы кітапты тұрақты оқу – миға тыныштық сыйлап, жүйкедегі қысымды біршама сейілтетінін де жазған. Осыдан соң адамдық интеллектіге, оның болмысы мен психологиясына игі әсерін беретін кітап оқудың пайдасы жайында қалайша айтпасқа?! 

Әлеуметтік желілерде жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жайлы түрлі зерттеулер жүргізіліп, статистикалар келтіріліп жүр. Соңғы жылдары оқырмандар арасында, кітапты қолына ұстап, парақтап оқығаннан гөрі құлаққаппен «оқу» әдеті басымырақ екендігі анықталған. Жалпы кітап оқыған дұрыс па, әлде аудио кітап тыңдаған жөн бе? Екі түрлі тәсіл арасындағы артықшылық пен кемшін тұстары қандай? Осы сынды сұрақтардың жауабын іздеген едік. 

Заман талабына сай ақпараттар ағыны артып, әр адам жұмысбасты болған уақытта, кітапты қолға алып ап, асықпай оқып отыруға уақыт тапшы болатыны рас. Осындай сәтте аудионұсқадағы шығармаларды тыңдау – ең тиімді шешім. Электронды кітаптар мен аудиокітаптардың кең таралуы жастардың кітапқа деген қолжетімділігін де арттыра түскені белгілі. Әдетте кітап оқудың мұндай дыбыстық түрін отырып оқуға қолы тимейтін, бос уақыты аз адамдар таңдайды. Біржақсысы, аудиокітапты екінші бір іспен айналыса отырып, сабақтастыра тыңдай бересіз. Қаланың қалың кептелісінде тұрып, үйдің тірлігін атқара жүріп, көшеде серуендеп бара жатып та аудиокітапты тыңдау ыңғайлы. Сондай-ақ, кітапты оқуға қарағанда тыңдау әдісі арнайы уақыт бөлуді қажет етпейтін, көзге салмақ түсірмей-ақ, кез келген жерде «оқи алатын» ұтымды әдіс. Статистика бойынша, аудиокітаптарды 18-45 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар жиі тыңдайды екен. Осы тұста психологтар ақпаратты қабылдау жүйесі мен ойлау ерекшеліктеріне қарай азаматтарды мынадай үш негізгі түрге бөлген. Әуелгілері – визуалдар. Визуалдар дегеніміз – ақпаратты көру арқылы жақсырақ қабылдайтын, оқу, көру, қарау маңызды болған жандар. Олар суреттерге, графиктерге, түстер мен мәтіндерге аса мән береді. Кез келген дүниенің сыртқы келбетіне қарап, өмірді көзбен қабылдайтындар. Екіншілері – аудиалдар. Ақпаратты есту арқылы қабылдайтын жандар. Олар әңгімелесушінің даусына, интонацияға, дыбыстарға ерекше назар аударады. Психолог мамандардың сөзіне сүйенсек, аудиалдар ырғақты дыбыс әлемінде өмір сүретін сезімтал, жаны нәзік жараланғыш келеді-мыс. Қоршаған ортадағы акпаратты дауыс, дыбыс арқылы жеңілірек сезіне алатын адамдар. Ал үшіншілері – әлемді сезім, тактильді байланыс және қозғалыс арқылы қабылдайтын кинсететиктер. Ондай жандар үшін қолмен ұстап көру, эмоция, физикалық жайлылық маңыздырақ болады. Осыған сәйкес әр адам өзіне ыңғайлы кітап оқудың түрлерін жеке бас типіне қарай таңдайды екен. Егер сіз аудиалға жататын болсаңыз, кітапты парақтап оқығаннан гөрі, дыбысты түрде тыңдағанды ұнататыныңыз анық, есте сақтау қабілетіңіз тыңдау арқылы жақсырақ дамыған. Ал егер ақпаратты визуал арқылы қабылдайтын болсаңыз, онда кітапты оқи отырып, ондағы кейіпкерлерді елестету арқылы мәтін түрінде оқығанды құп көретін болуыңыз керек. Ал үшінші топқа жататын тактильді жандар үшін кітапты қолға ұстап, әр парағының иісін сезініп оқыған маңыздырақ әрі дұрыс шешім. Тіпті ондай адамдар әңгіме барысында қасындағы жанды сипап, тактильді байланыс орнатқанды ұнататыны да бар.

Кітапты дәстүрлі түрде парақтап оқудан аудионұсқа арқылы тыңдау – уақыт қымбат заманда оны үнемдейтін, оқырман үшін орын, жағдай талғамайтын заманауи тренд. Бұл формат әсіресе, назары тұрақсыз жас буын үшін өте ыңғайлы дер едім. Алайда аудиокітап тыңдау кітапты парақтап оқығанға қарағанда, 40 пайыз көбірек уақытты алатынын да ұмытпаған абзал. Себебі, шығарма дыбысталғанда кейіпкерлердің әр әрекеті, оның ішкі сезімі оқырманға тек дауыс арқылы жетеді. Сол үшін де оқырман кітапты өз темпінде емес, дыбыстаушының интонациясымен баяу, ырғақты екпінінде ғана қабылдайды. Отандық статистика бойынша бизнес пен психология, қазақ әдебиетінің классиктері және әлемдік көркем әдебиет бағытындағы кітаптар ең көп тыңдалынатыны анықталған.

 Аудиокітапты тыңдау арқылы «оқу» – бір  мезетте бірнеше істі қатар орындауға мүмкіндік беретін, көзді шаршатып алмай, тек құлақпен тыңдауға болатын жаңа дәстүр, тың идея. Десек те, қалаған кітапты қолыңа ұстап, салмағы мен әр парағының иісін сезіне отырып, зейін қойып, тереңнен үңілген сайын әр кейіпкері жайлы қиялыңа шексіз ерік беріп оқығанға не жетсін?! Әр шығармада кітаптың соңғы бетін оқып, аяқтаған соң, әр оқиғадан рухани ләззат алу да – зор қуаныш.

Сіз үшін қайсысы жаныңызға жақын? Кітапты қай нұсқада оқығанды құп көресіз, оқырман?

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan