«Өзгеше Мақта қыз» – қазақ мифологиясы негізінде құрылған комикс
Гаджеттерді ана тіліндей түсінетін альфа ұрпақтың дәуірінде, заманауи комикс жазып жүрген танымал автор Әлібек Қожагелдімен сұхбат.
Балаларға арналған қазақша комикстерді қарап отырғанымда, «Өзгеше Мақта қыз» атты заманауи комикс топтамалары көзіме бірден түсті. Бала кезімнен әкем айтатын «Мақта қыз» ертегісін жақсы көретін мен үшін комикстің атауы өзіне жылы тартты. «Өзгеше Мақта қыз» деген кім екен? Несімен өзгеше? Осындай ойдың жетегінде ерекше атауымен менмұндалаған бұл туындының авторын іздей бастадым. Ғаламторды ақтара келе, комикс авторы Әлібек Қожагелдімен танысып, бұл оның хоббиі екенін білдім. Сонымен, автор тек комикс қана жазбайды, көркем фильмдерге, музыкалық бейнебаяндар мен жарнамаларға арналған storyboard суретшісі екен. Автордың дәл осы комикс топтамасы биыл IX Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде «Үздік комикс» номинациясы бойынша жүлделі орынды иеленген. Әлеуметтік желіге әуес, телефонға телмірген буын өсіріп отырған біздер үшін балаларды баяғы өзіміз оқыған дәстүрлі ертегілермен елітіп, қызықтыру қиын іс. Балаларға арналған комикстер – ертегінің заман ағымына сай жаңарып, жаңғырған түрі дер едім. Осы күні қазақша комикстер өз оқырманын тауып, айрықша қарқын алып келе жатқаны қуантады. Ендеше «үздік комикс» жүлдесін алған туынды авторымен сұхбаттасқан едік.
- Әлібек мырза, туындыңыз «үздік комикс» номинациясы бойынша жоғары бағаланып, жүлделі орын алыпты. Құтты болсын! Еңбегіңіз жана берсін! Жалпы балалар комиксіне қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ.
- Шын айтсам, мен комикске келген жоқпын. Комикс әрдайым менің өмірімнің бір бөлшегі болды. Ол – менің ойлау жүйеме, қызығушылықтарыма, өмір салтыма өте жақын өнер түрі. Сурет салуды бес жасымнан бастадым. Оның үстіне жай ғана сурет емес, дәл оқиғалар мен комикстер салатынмын. Ол кезде тіпті жаза алмайтынмын, бірақ түрлі қызық оқиғаларды ойлап тауып, оларды қарапайым дәптерлерге сурет арқылы баяндауға тырысатынмын. Осы әдетім мектеп бітіргенге дейін жалғасты. Кейін университетте оқып жүргенде бір ой келді. Енді тек өзім үшін немесе достарыма, бауырларыма көрсететін дүниелер емес, көпшілік оқырманға арналған толыққанды шығарма жасау керек деп шештім. Сол кезден бастап комикс өнерін тереңірек зерттей бастадым. Кітаптар оқыдым, шетелдік авторлардың жұмыстарымен таныстым, басқа суретшілермен тәжірибе алмастым. Менің бейнелеу өнері немесе комикс саласы бойынша арнайы кәсіби білімім жоқ. Барлығы үлкен қызығушылықтан басталып, уақыт өте келе өмірлік кәсібіме айналды.
Алғашқы комиксім 2018 жылы жарық көрді. Оған бес жарым жыл уақытым кетті. Бұл – мектеп оқушыларының кездейсоқ ерекше қабілетке ие болуы туралы 120 беттік қара-ақ комикс. Бұл кітаптағы ең ерекше тұстарының бірі – оқиғаның «сенімсіз баяндаушы» (unreliable narrator) тәсілі арқылы берілуі. Алғашқы бөлім бір кейіпкердің көзімен баяндалса, кейін дәл сол оқиғалар екінші, үшінші кейіпкерлердің көзқарасы арқылы қайта көрсетіледі. Әрқайсысы бір оқиғаны әртүрлі қабылдайды, сондықтан оқырман оқиғаның толық бейнесін біртіндеп құрастырады. Осы идея маған өте қызық көрінді. Бірінші кітаптан кейін бірнеше жылдан соң екінші комиксімді жазуға кірістім. Ол – «Өзгеше Мақта қыз».

- Енді осы қанжығаңызды майлаған «Өзгеше Мақта қыз» жайлы сөз қозғасақ. Туынды несімен өзгеше? Дәстүрлі ертегімен байланысы қандай? «Өзгеше Мақта қыз» деп аталуының себебі неде? Осы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
- Бұл шығарманың атауы бекерден-бекер «Өзгеше Мақта қыз» емес. Себебі мұнда расымен де бәрі өзгеше. Түпнұсқадағы ертегімен байланысы тек негізгі сюжеттік қаңқада ғана сақталған. Дәстүрлі ертегіде Мақта қыз өзіне зиян келтірген мысықтан жоғалтқан дүниесін қайтаруды талап етеді. Сол идея менің шығармамда да бар. Кейіпкер келтірген зиянның өтеуін талап етеді. Бірақ осыдан кейінгі оқиға толықтай жаңа бағытқа ауысады.
Менің комиксімде басты кейіпкер – Қаһар есімді бала. Ол көршісі Мақта қыздың үйіндегі хрусталь мүсінді абайсызда сындырып алады. Сонда Мақта қыз оған: «Егер үш күн ішінде осыны қалпына келтірмесең, біртіндеп тасқа айналасың», – деп қарғыс айтады. Осылайша Қаһар мен оның әпкесі үш күн ішінде қиын сапарға аттанады. Дәстүрлі ертегідегідей жолда кездестіретін кейіпкерлер бірінен кейін бірі белгілі бір шарт қояды. Біреуге көмектесу үшін алдымен басқа бір тапсырманы орындау керек болады. Бұл – түпнұсқадан сақталған негізгі құрылым. Алайда мен бұл әлемді толықтай қазақ мифологиясы негізінде қайта құрдым. Мұнда балалар жол бойы мифологиялық кейіпкерлермен кездеседі, қазақ аңыздарындағы түрлі жаратылыстармен танысады. Ал ертегідегі мысық та бар, бірақ ол ешқандай сиқырлы кейіпкер емес. Ол – жай ғана жалқау, томпақ мысық. Шығарманың тағы бір ерекшелігі – оның өзгеше әлемі. Оқиғалар шамамен 2000-шы жылдардағы Қазақстанды еске түсіретін ортада өтеді. Бірақ бұл – кәдімгі емес, этно-фэнтези әлемі. Мұнда адамдар мен мифологиялық кейіпкерлер бір қоғамда өмір сүреді. Ауылдарда, қалаларда, көшелерде қатар жүреді. Осындай ерекше орта арқылы қазақ мифологиясын қазіргі заман оқырманына жақындатқым келді.

- Визуал контентке үйренген бүгінгі ұрпаққа комикс шығару қиын ба?
- Шынымды айтсам, мен ешқашан «балаларды қалай қызықтырамын?» деген мақсатпен шығарма жазған емеспін. Иә, қазіргі таңда балалар ғана емес, ересектер де әлеуметтік желілер мен қысқа видеолардан келетін үздіксіз ақпарат ағынымен өмір сүріп жатыр. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ құбылыс. Бірақ шығармашылықты «осындай бәсекеде қалай жеңемін?» деген оймен бастау дұрыс емес деп есептеймін. Керісінше, ең алдымен, өзің оқығың келетін, өзіңді қызықтыратын, толғандыратын оқиғаны жасау маңызды. Мен барлық комикстерімді дәл осы ұстаныммен жазамын. Менің ең қатал оқырманым да, ең қатал сыншым да – өзім. Егер шығарма алдымен өзіме қызық болмаса, оны ешқашан жарияламаймын. Меніңше, автор өзіне шын қызық дүниені жасағанда ғана шығармада шынайылық пайда болады. Онда автордың өмірлік тәжірибесі, ойы, сезімі көрінеді. Осындай дүниелер ғана оқырман жүрегіне жетеді.
«Өзгеше Мақта қыз» жарық көргелі бері көптеген ата-аналардан жылы пікір алып жүрмін. Көбі әуелі кітапты балаларына арнап алып бергенімен, кейін өздері де комикс оқырманына айналғандарын айтып жатады. Өйткені шығармада кейіпкер арқылы берілетін негізгі ой алдымен, ересектерге жақынырақ сезіледі. Соның арқасында олар бұл әңгімені балаларымен бірге талқылап, шығарманың мазмұнын бірге ашады. Әрине, комикс балаларға да ұнайды. Бірақ мен үшін ең құндысы – бұл кітаптың әр буынға әртүрлі деңгейде әсер ете алуы.

- Комикс оқитын негізгі аудитория кімдер? Оларды кітап оқуға тағы қалай тартуға болады?
- Комикс оқырмандарының негізгі бөлігі – балалар, жасөспірімдер және young adult аудиториясы. Ал менің шығармаларымды оқитын адамдардың жасы шамамен 8 бен 48 жас аралығын қамтиды. Олардың барлығын біріктіретін ортақ дүние – комикске және қазақстандық заманауи авторлардың шығармашылығына деген қызығушылық деп айта аламын. Бір байқағаным – отандық авторлардың комиксін алғаш рет оқып көрген оқырмандардың көбі кейін қайта оралады. Әдетте әлеуметтік желілерде комикс авторын іздеп, жазылып, жаңа кітаптардың шығуын күтіп жүреді. Осы арқылы бізде де мұндай шығармаларға деген сұраныстың бар екенін анық байқауға болады. Ал балаларды кітап оқуға қалай қызықтырамыз деген сұраққа келсек, менің жауабым өте қарапайым: жақсы кітап көбірек жазу керек.
Жақсы кітап дегенімнің артында, әртүрлі жанрдағы, батыл идеялары бар, тосын шешімдер ұсынатын шығармалар тұр. Дәл осындай шытырман оқиғаға өрбіген туындылар қажет. Барлық шығарма бір қалыпқа құйылғандай, бір ғана тақырыпты қозғай бермеуі керек деп ойлаймын. Кейде жастар кітап оқымайды деген пікірлерді естіп жатамыз. Мен онымен келіспеймін. Қазіргі жастар оқиды. Бірақ көбіне шетелдік шығармаларды таңдайтыны рас. Мысалы, жапон мангасын, америкалық комикстерді, француз графикалық романдарын оқитын жас буындарды білем. Себеп: әр оқырман өзіне ұнайтын жанр мен авторды сол жақтан тауып жүр. Біздің мақсатымыз – дәл сондай алуан түрлі, қызықты әрі заманауи отандық шығармаларды көбейту. Оқырман өзіне ұнайтын авторды міндетті түрде Қазақстаннан да таба алатындай деңгейге жетуіміз керек.
- Қазір қоржыныңызда комикстік бағыттағы қанша туындыңыз бар? Бәрі қазақша ма?
- Қазіргі таңда толыққанды екі комиксім жарық көрді. Ал үшінші комикс кітабым жақында шығады. Алғашқы комиксім – «Біз жай ғана баламыз», ал екіншісі – «Өзгеше Мақта қыз». Қазір осы шығарманың жалғасы – «Өзгеше Мақта қыз 2» комиксін жазу үстіндемін. Мен үшін ең маңыздысы – кітапты мүмкіндігінше сапалы дайындау. Барлық комикстерім қазақ және орыс тілдерінде қатар жарық көреді.

- «Шығармаларымды қазақ және орыс тілдерінде қатар шығарамын», - деп қалдыңыз. Қазақ тіліндегі комикстерге қазіргі сұраныс қандай?
- Иә, барлық кітаптарымды қазақ және орыс тілдерінде қатар шығарамын. Бұл – шығармашылығымдағы басты ұстанымдарымның бірі.Соңғы бірнеше жылда автор ретінде қуантарлық өзгерісті байқап жүрмін. Қазақ тіліндегі комикстерге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Алғашқы комиксім 2018–2019 жылдары шыққанда жағдай мүлде басқаша еді. Ол кезде қазақша нұсқасы әлдеқайда баяу сатылатын. Кейбір адамдар мұндай өнімнің болашағына күмәнмен қарайтын. Бірақ кейін жағдай өзгерді.
Соңғы жылдары қазақ тіліндегі кітаптарға деген қызығушылық айқын өсті. Қазір көптеген оқырмандарым қазақ тіліндегі комикстерімді іздеп келеді. Тіпті екі тілдегі нұсқасын қатар сатып алатын адамдар да кездеседі. Мысалы, қазақ тілін үйреніп жүрген оқырмандар кітаптың қазақша және орысша басылымдарын қатар алып, мәтіндерді салыстырып оқиды. Мұндай пікірлерді естігенде ерекше қуанамын. Менің ойымша, бұл – қазақ тіліндегі сапалы заманауи әдебиетке деген сұраныстың артып келе жатқанының жақсы белгісі.

- Ерте, ерте, ертеде... деп басталатын дәстүрлі ертегіден заманауи балалар комикстерінің негізгі бес ерекшелігін атап бере аласыз ба?
- Менің ойымша, дәстүрлі ертегі мен заманауи комикстің арасында бірнеше маңызды айырмашылық бар.
Біріншіден, ертегінің басты мақсаты – тәрбиелеу, балаларға өмірдің заңдылықтарын түсіндіру. Мысалы ертегі арқылы жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты ажыратуды балаға үйрете аламыз. Қауіптен сақтану, еңбектің, мейірімділіктің маңызын жеткізуге болады. Сондықтан ертегілерде ең алдымен, тәрбиелік идея алдыңғы орынға шығады. Ал комикс – визуалды өнер.
Егер ертегі ауызша айтылып, кейін ғана қағазға түскен болса, комиксте сурет пен мәтін бір-бірінен ажырамайды. Кейіпкердің эмоциясы, кадр композициясы, жарық, үнсіздік – мұның бәрі комикстегі оқиғаны баяндаудың маңызды бөлігі. Бұл екінші ерекшелігі.
Үшіншісі, халық ауыз ертегілерінің ондаған нұсқасы болуы мүмкін. Бір оқиға әр өңірде, әр халықта әртүрлі баяндалады. Ал комиксте автор жасаған әлемнің өз каноны болады. Кейіпкерлердің тарихы, әлемнің ережелері, оқиғалардың реті нақты бекітіледі.
Төртіншіден, комикстің ауқымы кең. Тек балаларға ғана арналмауы мүмкін. Одан бөлек жасөспірімдерге, ересектерге де арналған түрлері көп. Романтика, ғылыми фантастика, детектив, тарихи шығарма, сатира, саяси немесе әлеуметтік тақырыптар – комикске арқау бола алады. Ол кез келген жанрда өмір сүре алады.
Бесіншіден, комикс – қазіргі заманғы әмбебап медиа. Театр, кино немесе анимация сияқты ол да түрлі идеяны жеткізе алатын өнер түрі. Автор өз мақсатына қарай кез келген тақырыпты қозғай алады. Классикалық ертегіні жаңа қырынан қайта түсіндіре алады, тіпті мүлде жаңа әлем ойлап табуға болады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді де комикс арқылы шебер жеткізіп жатады. Сондықтан бүгінгі комикс жанрының мүмкіндігі мол, өрісі кең.

- Комикс оқырмандары көбінесе қандай жанрларды сұрайды?
- Бұл сұраққа бір ғана сөзбен жауап беру қиын. Өйткені комикс оқырмандарының талғамы әртүрлі. Мысалы, Жапонияда манга бүкіл қоғамға арналған. Балаларға да, жасөспірімдерге де, ересектерге де, әйелдерге де, ерлерге де. Тіпті мыңдаған сериясы бар. Оқырман қандай жанрды ұнатса да, өзі қалаған шығарманы комикстен міндетті түрде таба алады. Бұрын белгілі бір кезеңде, экшн мен шытырман оқиғаға негізделген шёнэн жанры әлем бойынша ерекше танымал болды. «Naruto», «Bleach», «One Piece» сияқты шығармалар жаһанға тез тарады. Бірақ қазір оқырман талғамы өзгергендей. Бүгінде біреу романтиканы ұнатады, біреу детектив оқиды, енді бірі фэнтези немесе психологиялық драманы таңдайды. Бұл – қалыпты құбылыс. Сондықтан бір ғана жанр бәріне бірдей ұнайды деп айту мүмкін емес. Ең маңыздысы, оқырман таңдай алатындай сапалы шығармалардың көбейгені жақсы деп ойлаймын.
- Алдағы уақытта жарық көретін қызықты туындыларыңыз бар ма? «Өзгеше Мақта қыз» топтамасы әрі қарай жалғасын таба ма?
- Иә, «Өзгеше Мақта қыз 2» жаңа комиксін дайындау үстіндемін. Алдағы «Comic Con Astana» фестиваліне осы кітаптың арнайы шектеулі тиражын шығаруды жоспарлап отырмын. Бұл оқырмандарға арналған эксклюзивті алдын ала таныстыру нұсқасы болады. Ал толыққанды басылым барлық редакциялық жұмыстар аяқталғаннан кейін күзге қарай жарық көреді деп ойлаймын. Кітап шамамен 130 беттен тұрады және алғашқы бөлім сияқты қара-ақ форматта шығады. Алғашында «Өзгеше Мақта қыз» бірнеше шағын бөлім ретінде жарық көрген болатын. Кейін олардың барлығы толықтырылып, бір кітап болып қайта басылып шықты. Қазіргі таңда дүкендерде сатылып жүрген нұсқа – осы толық әрі аяқталған басылым. Енді қазір мен сол шығарманың тікелей жалғасы – «Өзгеше Мақта қыз 2» комиксін әзірлеп жатырмын. Сондықтан оқырмандарды алда жаңа кейіпкерлер, жаңа оқиғалар және алғашқы Мақта қыз әлемінің керемет жалғасы күтіп тұр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Фотосуреттер Әлібек Қожагелдінің жеке мұрағатынан алынды
