Назар Эшонқул. Ескерткіш
Үш бірдей алып ескерткіштің жүзінен оған бір ғана басшы қарап тұрды...
Назар Эшонқул - 1962 жылы Қашқадария облысында туған, Ташкент мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген қазіргі өзбек әдебиетінің көрнекті прозашысы әрі аудармашысы. Әдебиет әлеміне 1988 жылы «Соғыс адамдары» туындысымен қадам басқан ол кейіннен «Ялұз ән», «Маймыл жетелеген адам», «Желді ауыздықтай алмайсың» сияқты интеллектуалдық ізденіске толы жинақтарымен танылды. Сонымен бірге ол И. К. Аниттидің прозасын, Альбер Камюдің эсселерін және Антон Чеховтың «Мезонині бар үй» әңгімесін өзбек тіліне тәржімалап, көркем аударма саласына да айтарлықтай үлес қосты.
(әңгіме)
Мақалаларда аты аталатын адамдардың өздеріне үлестірсең де жетпейтін аз ғана тиражбен шығатын газет-журналдардың бетінде өзі сынды көлеңкесі кішірейген замандастарының бейне бір көмескі түстей алыста қалған берекелі дәуірін көксеп айтқан мұңды сұхбатында еске алынбаса немесе бүгінгі алай-дүлей заманның ағынында жол жиегінде отырған тілемсек құрлы қадірі қалмаған, өзіндей қауқары кетіп, қаусап қалған, әлдеқашан ақыл-ойдың майданынан ысырылса да жеңілгенін мойындағысы келмейтін өңмеңдеген ескі өнертанушылардың заманға деген ренішіне суарылып жазылған сыни шолуларында аты-жөні қылаң бермесе, соңғы он-он бес жылдан бері есігінен ешкім сығаламаған, өзінің жұлдызды шағын күте-күте қажыған, зәре-құты қашып, өртенген көңілінің қыртыстарында үмітсіздік билеп, не өнерден, не ортадан, не заманнан таппаған өмірінің мәнін соңғы жылдары тау-тасты кезіп өткізетін мүсінші Н.-ның бағы кенеттен жанып шыға келеді. Оның шеберханасына бірден үш бірдей ел-жұрттың мақтанышы мен айбынына айналатын зәулім ескерткіштерді жасауға тапсырыс түсті. Осыдан талай жыл бұрын ырысы ортайып, дүркіреген даңқының дуалы құлай бастаған, өз әкелерін сатып, мансабын өсіріп, енді есесіне ар-ұждан азабынан құтылу үшін үйлерінің бұрышына асқар таудай әкелерінің бюстін орнатып қоятын дүниеқоңыз мырзасымақтар мен шенеуніктердің садақасымен күн көріп жүрген жұпыны жанға мұндай маңызды тапсырыстың бұйыруының өзі бақ.
Мекемеде бір аптаға созылған әртүрлі деңгейдегі келіссөздерден кейін оған істің ауқымы мен маңызы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Бұл әңгімелер барысында тапсырыстың үлкен басшының тікелей бақылауында екені, негізінен бұл мүсіндерді тұрғызу идеясы да сол басшының өзінен шыққаны, сондықтан іске үлкен жауапкершілікпен қарау, белгіленген мерзімнен кешікпеу, мүсіндегі тұлғалардың тырнағы мен қас-кірпігіне, тіпті әрбір иіріміндегі шаңдай қалтарысына дейін басшының жеке мақұлдауынан өтуі шарт екені қайта-қайта шегеленіп айтылды. Н. қолына тиген алғашқы үш жобаны – мамандар бекітіп берген тарихи ұлттық сардардың, жасапмаз ғалымның және де елінің ұлы шайырының дәлме-дәл өлшемдері сызылған нобайларын алғанда, ішкі толқынысын баса алмай, қатты тебіренді. Бақ шапты деген осы шығар, ол бұл бейнелерді бұрын да бірнеше рет жасағысы келген. Бірақ оның арманы сор тартқан далаға сіңген көктемгі шықтай өмір көкжиегінен біртіндеп өшіп, келмеске кеткен. Осыған дейін ұлы тарихқа жазылған тұлғаларды жасау үшін өмірінің жартысын сарп етсе, ал қалған жартысында да бұл арманын жүзеге асыру сағымға айналған. Ол қиялындағы мүсіндерді сомдау үшін не қаражат, не қолдау таба алмаған. Тарих бетерінде халқына қызмет еткен ұлттық сардарлардың ескерткіштері өзге жұрттың үлкенді-кішілі қалаларында шарықтап бой көтеріп тұрғанын көрген кезде «Неге бізде де осындай ескерткіш жоқ, мұндай ескерткішті жасау маған бұйырады ма екен?!» деген ой қара шыбындай мазасын қашыратын. Жастық шағында қайраты шиыршық атып, бұл сөзді тіпті өзінің өте лауазымды әрі беделді ұстазына да айтқан болатын. Сонда ұстазы оған: «Қарным тоқ жүрсін десең, бұл ойды миыңнан шығар, одан да, әне, мақтаның қауашағы алақанын тілім-тілім етіп тастаған мақташының мүсінін тұрғыз, нағыз ұлттық қаһармандар солар!» – деп зекіп тастаған-ды. Ол бәріне қол сілтеп, әкесі секілді тас қашау үшін тау-тасты кезіп жүргенде, Жаратқан зарын естіді де, міне мың рет ұйықтаса да түсіне кірмейтін жағдай орнады. Бұл тек өзінің ғана емес, дәу басшының арманы әрі тапсырмасы, мемлекеттік маңызы бар тапсырыс! Н. шынымен де заманның өзгергенін және баяғы – ұстазымен сөйлескен кезеңдерден әлдеқайда ілгерілеп, тіпті олар елестете де алмайтын емін-еркін, кең мүмкіндіктер дәуіріне жеткендерін сезінді. Одан бөлек бүкіл дүние бір-бірін алдап, өз құлқыны мен тұрмыс тауқыметінің соңында жүргенде, тұтас бір халықтың мақтанышы болған үш ұлы тұлғаның мүсініне тапсырыс түсуі – бұл өте күрделі оқиға, тарихи құбылыс деп бағалауға татитын дүние. Айтпақшы, Н.-мен мекемеде сөйлескен бір шенеуніксымақ бұл тапсырысты «тарихи оқиға» деп те сипаттаған. Шенеуніксымақ Н.-ға мүсіннің өзінен қарағанда тапсырыстың қаншалықты маңызды әрі үлкен міндет екенін тұп-тура жарты сағат бойы езіп түсіндірді. «Басшының өзі бұл үш тұлғаның ескерткішін қаламызға орнату арқылы, бір кездері әлем қызыққан ұлттық рухымыз бен мақтанышымызды өзімізге қайтарып бермекші. Бұл мүсіндерді көрген әрбір азамат пен қаламызға келген қонақ біздің қандай халық екенімізді сезінуі шарт. Әрбір мүсін ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміздің белгісі болып, ғасырлар бойы біздің ұлылығымыз бен құдіретімізді паш етіп тұруы керек. Сіз жасайтын мүсіндерде міне осы қырларды міндетті түрде қамту керек! Бұл еңбекті көрген әрбір адамның көңілінде бұл мүсіндер арқылы қаламызға және өзіміздің болмысымызға деген шексіз құрмет оянуы маңызды! Сіз мүсін арқылы ұлылықтың және мәңгілік ұлттың бейнесін жасаңыз! Басшы осындай нұсқау берді. «Ұлылықтың ұлттық бейнесін жасасын», – деді! Түсініп тұрсыз ба?! Ұлылықтың және ұлттық кодтың!» – деді ол, басшының сөздеріне баса назар аударып, ерекше екпін беріп. Дәрежесі төмендеу шенеунік түрі мен бойына жараспайтын сөзге келгенде шешен болып шықты. Ол Н.-ға басшының нұсқауы мен мүсін жасау идеясының мән-мағынасы туралы тағы да ұзақ түсіндірмек еді, бірақ осы сәтте бөлмеге жонылған тақтайдай арық жігіт кіріп, сірә, титімдейден де жоғарырақ лауазымдағы шенеунік Н.-ды өз бөлмесіне шақырғанынан кейін ғана сөзін тоқтатты. Әлгі сәл жоғары шенеуніксымақ Н.-ды бөлмесіне алып кірді. Бұл билік шонжары да бейне бір титімдей секілді мүсін туралы емес, көбірек мүсін арқылы бейнеленуі тиіс қасиеттер туралы сөйледі. «Сіз тек мүсін емес, бұл үш тұлға арқылы біздің танымымыздың, шығармашылық әлеуетіміз бен қаһармандығымыздың бейнесін жасап беруіңіз керек. Бұл бейнелер тарихтың бейнесіне айналуы тиіс! Басшының тапсырысы екенін ұмытпаңыз! Тапсырманың мақсаты солай!» Мекемедегі барлық сұхбаттарда дерлік бір сарын қайталанды: бұлар жай ғана мүсіндер емес, халқымыздың бет-бейнесі, өзіміздің болмысымыз, ұлттық келбетіміз. Мүсін қандай болса, біздің асқан ұлылығымыздың бейнесі де сондай болады. Бізді білмейтіндер мүсінге қарап біз туралы түсінік қалыптастырсын, мүсінді көріп құдіретімізге бас исін. Бұл жеке басшының нұсқауы және тағысын тағылар... Н. тапсырыстың маңызын өзі білсе де және аса жоғары жауапкершілікпен жұмыс істеу талап етіліп жатқанын түсініп тұрса да, бір апта бойы әртүрлі шеңбердегі шенеуніктердің бірсарынды «уағыздарына» шыдауына тура келді. Оның: «Бұл айтқандарыңызды өзім де білемін, дәл осы мүсіндерді сіздер айтқандай етіп сомдау – өмірімдегі ең басты арманым еді», – деп ақтарылып-ақ салғысы келді. Бірақ соңғы он жылдан бері есігінен ешкім сығаламағандықтан ба, бұрынғы өзі білетін шенеуніктерге мүлдем ұқсамайтын мына бір мүлде бөлек, жаңа, көпсөзді, сақ әрі өте кеудемсоқ, атаққұмар, көз қарастары мен жанарлары өткір пышақтың жүзіндей «Осып түсемін!» деп сұстанып тұрған жаңа тұқым шөнжіктердің қытығына тигісі келмеді.
Түптеп келгенде, ұлы ғалым мен ұлы шайырдың, ұлы сардардың мүсінін жасауды қай шығармашылық адамы армандамайды дейсіз?! Бақтың жанғаны соншалық бір тапсырмада үш ұлының бейнесін жасау оған үлкен сеніммен тапсырылып отыр. Әйтпесе, мүсінші аз ба? Н. ілгеріде де, жасырын болса да, ұлы шайыр, ұлы сардар, данышпан ғалым өмір сүрген дәуірді, олардың бейнелерінің нобайын, өзіне тән белгілерін сол дәуірдің миниатюралары мен тарихи кітаптарынан көз алдына елестетіп, олардың кішкентай бюсттерін жасап, қаншама дос-жаранына сыйға тартпап па еді. Сол себепті де олардың бейнелеріне қолы үйреніп, көзі қанық болып қалған. Н. өз-өзіне сыймай қуанып жүрді. Міне, енді өзінің кім екенін, данышпандық талантын көрсететін сәт туды.
Бұл хабар тек Н.-ға ғана емес, бүкіл өнер қауымы үшін үлкен қуаныш болды. Басшының тапсырысын оған ресми түрде жүктеген күні, талай жылдан бері тұңғиық әлеміне еніп, бейне бір оқшауланғандай хабарсыз кеткен, бір кездері оның рұқсатынсыз әдебиет ауылына шыбын да ұшып кіре алмайтын қарт ақын телефон соқты. Ақсақал соңғы жылдардағы өзгерістерге, әсіресе, өзіне деген жас буынның тік мінезіне наразылығын осы жолмен білдіру үшін де ешкіммен сөйлеспей және ешкімді қабылдамай қойған-ды. Бәріне қол сілтеп, шығармашылықтан да, ескі таныстардан да, баспасөз бен тілшілерден де қол үзіп, шеттеп кеткен ақынның Н.-ға берілген тапсырыс жайлы сыбыс тарап, бәрі құлақты болғанына ол өзі таңқалды. Қарт ақын өзін оқшау ұстаста да, өнер әлемінде болып жатқан әрбір хабар мен оқиғаны таса қылмай, қырағылықпен бақылап отырғанын аңғарды. Ақсақал оған жауапты міндеттің жүктелуімен құттықтады. Оның дауысы біршама қарлығып, тұра бір табыттан шығып жатқандай үзік-үзік бәсең.
Естіп, қуанып қалдым, – деді ақын. – Бұл мәдени өміріміздегі үлкен оқиға. Көптен бері ұлт тарихына мұншалықты көңіл бөлінбеген еді.
Н. ризашылығын білдірді, кейін бірден ақынның мұрағаттың түбінде шаң баса бастаған тарихи шығармалары есіне түсіп:
Айтпақшы, маған сіздің көмегіңіз керек. Мен бұл үш бейне туралы нақты бір тоқтамға келуім үшін, сіздің осы тақырыпта жазылған қолжазбаларыңызды бір шолып өтсем бе деп едім. – деді Н. ақынның келісуіне сенімсіз болса да, тәуекелге бел байлап. – Бір жолығып сөйлессек қалай болады? Маған сіздің кеңесіңіз қажет.
Қарт ақын күтпеген жерден келісе кетті. Ол талай жылдан бері тіпті ең жақын шәкірттерімен де тек телефонмен ғана сөйлесетін.
Келістік. Ары күні кешке қарай үй жаққа келіңіз. Оған дейін тарихи шығармалардан үзінділер жазылған қолжазбаларымды дайындап қоямын.
Н. қуанып кетті. Сол күні де, ертеңіне де оны ғалымдар, ақындар, шығармашылық иелері, әріптестері, суретшілер бұл абыройлы міндет және үлкен сеніммен құттықтап жатты. Бейне бір бүкіл мемлекетте ескерткіш жасаудан асқан маңызды шаруа қалмағандай, барлық зиялы қауым ауызындағы тақырып осы. Н.-ның алдына университетте сабақ беретін тарихшылары да келіп кетті. Олар Н.-ға әртүрлі ұсыныстар мен, әрине, бұл ұлы тұлғалардың тарихи бейнелері туралы өз білгендерін айтып, әрқилы кеңестер берді. Олар өздері оқыған тарихи қолжазбалар мен еңбектерге сүйеніп, әртүрлі көзқарастарды ұсынғанымен, бұл ұлы тұлғалардың келбеті туралы пікірлері бір-біріне жақын. Өйткені тарихи шығармаларда олардың кескіндері біршама кеңірек сипатталған, сол себепті мүсіндердің келбетін тарихи бейнелеріне жақын етіп жасауда қиындық аз болатыны анық. Оңай көрінсе де, Н. олардың шынайы болмысы туралы кеңінен мәлімет алғысы келетін, бұл орайда кез келген кеңеске ықыласпен құлақ түруге әзір-ді.
Н. қарт ақынның үйіне барғанда, онда қарт ақыннан бөлек академик қана емес, Н.-мен ақыл тоқтатқалы бері бәсекелесіп жүретін мүсінші Т. да отыр екен. Ақын Н.-ды жарқын жүзбен қарсы алды. Академик те оның алақанын дірілдеген, жерге жетердей болған ұзын қолдарымен қысып, күш-қуат тіледі.
Бұл өміріміздегі үлкен оқиға, – деді ол. – Сізге ақын мен ғалымның мүсінін тапсырудың өзі – алда болатын үлкен өзгерістердің хабаршысы. Мен оған қуаныштымын.
Мен де содан үміттеніп отырмын. Ұлттық сардарды былай қоя тұрайық, ол бәрібір жасалуы керек еді. Бірақ басшы шайыр мен ғалымның мүсінін қаланың ортасына орнатуды бұйырды ма, демек, осы уақытқа дейінгі елеусіздік пен енжарлық осымен аяқталып, бізді елеп-ескеретін заманға жақын қалды. Басшы ақыры өз қателігін түсінген болар, шығармашылық адамдарсыз, ғалымдарсыз даму болмайды, – деді қарт ақын жасқа толған көздерін кір орамалымен сүрте отырып.
Т. мұндай үлкен жауапты істің дәл Н.-ға тапсырылғанына іштарлығын жасыра алмады.
Сондықтан да сіздерге барлық әңгіме мүсіннің қалай шығатынына байланысты деп отырмын ғой. Егер, Құдай көрсетпесін, іс оңбай қалса, сіздің кесіріңізден шығармашылық адамдарына деген көзқарас тағы әлсіреп кете ме деп қорқамын...
Н. өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп те, түсініп те отыр. Бұл азаматқа сенімім мол. Айтпақшы, көмекші ретінде кімдерді шақырдыңыз? – деп сұрады ақын.
Н. өзі құрған және мүсінді жасауға тартылған топ мүшелерін санамалап айтып берді. Ақын басын изеді.
Жақсы. Талантты адамдарды тартыпсыз.
Т. бірден наразылық танытты:
Н.-ды топқа алмау керек еді. Ол талантты болғанымен, жауапкершілік деңгейі әлсіздеу. Істі бүлдіреді. Оның сау жүрген күнің аздығын былай қойғанда, уақытпен де санаспайтыны бар.
Н.-ға үлкен міндет жүктелмейді. Ол эскиздер мен мүсіннің сәйкестігіне жауапты. Ол басқалар байқамаған тұстарды тез аңғаратын болғандықтан да топқа шақырдым, – деді Н.
Енді бар үмітіміз сізде, – деді академик. – Егер тапсырыс көңілдегідей орындалса, зиялылардың да бағы жанады. Бәлкім, басшы мәдениет пен ғылымдағы реформаларды дәл осы мүсіндерді тұрғызудан бастағысы келген болар.
Мен де соған үміт артамын, – деді ақын. – Ғалым мен ақынның мүсіні өнер мен ғылымның қадірін тағы бір есеге асқақтатады.
Дұрыс, – деді академик. – Мен көптен бері балаларымызға көрсететін ұлттық сардарларымыздың нақты бейнесі жоқтығынан алаңдап жүруші едім. Қазіргі заманның балалары өзіміздің сардарларымызды көз алдарына елестете де алмайды.
Олар қайдан білсін? Түптеп келгенде сардарларымыз туралы не фильм, не сурет, не мүсін жоқ қой! Тіпті оқысаң жаның сүйсінетін кітап та жоқ. – деген Т. осы сөзімен олқы кеткенін сезіп қалды. Ақынның ұлттық сардар, оның ұрпақтары туралы бірнеше тарихи шығармалары бар екені есіне түсті ме, бірден әңгімені басқа арнаға бұрды. – Барын да басып шығармайды. Балаларға өз сардарларымызды жасап беруіміз керек.
Т.-ның сөзінен көңілі толмады ма, әлде оның «Басып шығармай жатыр» деген сөзінен кейін есіне түсті ме, ақын асықпай орнынан тұрып, әлсіреген аяқтарын зорға сүйреп, сөреден қалың ескі дәптерді алып келіп, Н.-ға ұсынды.
Міне, сізге берем деген дәптерім осы. Бұл жерде жиырмаға жуық тарихи еңбектерден дәл сіз жасамақшы болған тарихи тұлғалардың келбеті туралы мәліметтер жинақталған. Сізге көмегі тиеді деп ойлаймын.
Н. дәптерге қолын соза бергенде, қаламгердің оны бір сәт жібергісі келмей, ұстап қалғанын сезді. Оның дәптерге телмірген жанарында мұң, ал парақтарды қысқан қолдарында діріл бар. Ол осынау дәптердегі деректерді арқау етіп, әрқайсысы кезінде әдебиетте үлкен серпіліс тудырған оннан астам шығарма жазғанын, ал бүгін сол туындыларының ұмытылу алдында тұрғанына іштей егіліп, өртенген көңілін қалай жасырарын білмей, телмірген күйі қатып қалған-ды.
Оқып болған соң, қайтарарсыз, – деді ақын ақыры өзін қолға алып. Кейін орнына барып отырды. Көздерін тағы да әлгі орамалмен сүртті.
Н. ақынның неліктен дәл осы кір орамалмен көзін сүртіп отырғанын түсінбеді. Жаңасын алмаған күннің өзінде жудыртып алуына болатын еді ғой. Ақынның дәл осы салтақ орамалмен отыруында бір гәп бардай көрінді. Бұл әрекетінде «Міне, мені не күйге түсірді, күнім осындай болды!» деген өкпе-наз да бардай.
Айтпақшы, бұл үш ескерткішті қай алаңдарға қояды екен? – деп сұрады академик. – Шаһарымызда үш үлкен саябақ бар. Бәлкім, солардың аумағына орнатуды жоспарлап отырған шығар?
Айтуынша, үш ескерткіш те бір жерге, қаламыздың бас алаңына орнатылады, – деді Н. – Үшеуін біртұтас туынды ретінде, бейне бір өзара шүйіркелесіп тұрғандай етіп сомдау тапсырылды. Қаладағы ең зәулім, ең еңселі ескерткіш болсын, алыстан көз жауһарын тартып тұрсын, шаһарға табан тіреген жанның ең алдымен көзіне осы ескерткіштер шалынсын десіп жатыр.
Оһо-о, – деді Т. қызыға да қызғана басын шайқап.
Онда жақсы екен, – деді академик. Кейін ақынға бұрылды. – Дұрыс жолды таңдаған екен. Үшеуі бір жерде тұрса, айбыны да соған сай асқақтай түседі. Ұлттың үш діңгегі бір жерде қатар тұрады. Бұл дегеніміз нағыз кемеңгерлік көкжиегіндегі бастама екен.
Кенет қарт ақын мысқылмен мырс-мырс күліп, артынан ащы келемежбен қарқылдап қоя берді. Күлкі қысқан сайын кір-кір орамалымен көзінен аққан жасты сүрте берді, сүрте берді.
Міне... ақыры осы тоқтамға келіпті ғой.
Отырғандардың ешқайсысы келемеж бен ызалы күлкінің астарын түсіне қоймады.
Керемет болған екен... – деді ақын кенет ширығып, байсалды қалыпқа көшіп. – Ақыл, шығармашылық пен қуат бір жерге тоғысыпты. Ақыры соны түсінген екен-ау. Негізінде, кез келген өркениеттің діңгегі – осылар. Мен мұны оларға талай мәрте айттым. Тіпті басшының өзіне жеке хабарлама жазып: «Күшімізді, ақылымызды, шығармашылық қайратымызды бір арнаға тоғыстырып, бірге жұмыс жасайық» деп ұсыныс білдірдім. Бірақ сол хаттарымның басшының қолына тигеніне сене қоймаймын. – деді де, қайтадан кеңкілдей күлді. – Міне, енді бастарына бірдеңе барғандай түсініпті. Дұрыс, бұл үшеуін бір жерге қатар қою керек: күш, ақыл және өнер – бұл біздің айбынымыз бен құдіретіміздің шынайы нышаны.
Т. бұл әңгімеден соң мазасы қашып, жүйкесі жұқарғанынан сыр ашып саусақтарын шытырлатып отырды. Қарт ақын Н.-ға шай құйып ұсынды:
Мені тыңдаймын десеңіз, мүмкіндігінше сіз ақынның бейнесін көбірек «Тауарих-и ахлақ» еңбегіне сүйеніп сомдаңыз. Онда нақтырақ жазылған.
Жақсы, – деді Н. – «Тауарих-и ахлаққа» кітапханадан тапсырыс беріп қойдым. Содан көшіріп алармын. Бұдан бөлек, мен оның қолындағы әулиелік асатаяғы туралы да мәлімет жинауым керек.
Асатаяқ?! – деп таңғалды ақын. Академик те, Т. де селк ете қалды. – Қандай асатаяқ?!
Шайырдың кәдімгі пірлік, әулиелік асатаяғы, – деген Н. тапсырыс туралы әңгіме қозғалғалы бері қиялында пісіріп жүрген ойларын асыға жеткізе бастады. – Мен оны қолына асатаяқ ұстап тұрған сәтін көз алдыма келтіремін. Асатаяқтың басы жұмыр келеді. Бейне бір глобус секілді. Күмбездің үстінде жарты ай бейнеленеді. Асатаяқтың өзі болса ақ пен сары түстің қосындысынан құйылады. Шайыр бейне бір нұрды, сәулені уыстап тұрғандай, ал сол нұрдың үстінде жер беті мен ғарыш тоғысқандай бір ғаламат көрініс пайда болады. Ал сардардың қолында қалқан болады.
Тек қалқан ба? – деп шұғыл сұрады Т. Ол Н.-ның әр сөзінен мін іздеп отырғандай және сол мінді кенеттен тауып алғандай уытты мысқылмен тіл қатты. – Ол өмір бойы қылышынан қан тамған, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен өткен айтулы тұлға емес пе?!
Білемін, – деді Н. бәсекелесінің сөзінің астарына мән бермей. – Қылышының сабы көрініп тұрады. Қалқан: «Біз ел-жұртты қорғаймыз, кім оған қол сұқса, қылышымыз да дайын» деген мағынаны білдіріп, бір қолы қылыш сабында тұрады.
Ақын Н.-ға қараған күйі үнсіз қалды. Ол Н.-ның ескерткіштер арқылы ашпақ болған ішкі мәнін ұққысы келгендей аузын сәл ашып, сосын басын изеді.
Жақсы ойлапсыз, – деді. – Егер ақыл-кеңес керек болса, қымсынбай келе беріңіз, жан-тәніммен көмектесуге дайынмын.
Әлбетте, – деді академик те сөзге араласып. – Бұл енді тек сіздің ғана шаруаңыз емес. Бұл – бүкіл зиялы қауымның ісі. Бұл ескерткіштердің сәтті шығуы – зиялылардың да бағы жанып, төбесі көкке жеткенін білдіреді. Бұл іске бәріміз жауаптымыз. Ғалымдар да сізге көмек қолын созуға әзір.
Н. ертеңіне кітапханаға барды. Ол жерден «Тауарих-и ахлақпен» бірге кезінде оқыған кітаптарды алып, үш тарихи тұлғаның келбеті туралы мәліметтерді көшіріп алды. Содан соң ескерткіштерге айбын мен асқақтық дарыту үшін бірнеше күн бойы әлемнің ең әйгілі мүсіндерінің суреттерін, олардың соғылу тарихын, сондай ғаламат туындыларды өмірге әкелген шеберлердің шығармашылық күнделіктері мен шеберхана құпияларын жіті зерттеді. Көмекшілер тобының тізімін қайта қарап, оған өз ісінің хас шебері болып табылатын ең дарынды мүсіншілерді тартты. Енді мына құраммен белгіленген мерзімде ескерткіштерді бітіріп үлгеретініне еш шүбәланбайды.
Бірақ ғалымдардың кеңесі мен кітаптардың дерегіне сүйеніп, сұлбасы салынған үш ескерткіш жобасының мақұлдануы неге екені белгісіз, тым созылып кетті. Ол мүсіндердің нобайын басшының алдына неше мәрте алып барса, соншама рет беті қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш сызылған күйі кері қайтатын. Бұл шимайлар кейіпкерлердің бейнесі басшының көңілінен шықпағанын білдірді. Н. өз тобын бұдан да ауқымды мәлімет жинауға жұмылдырды. Ұлттық намыс, парасат пен әлеует оянған сонау алтын ғасырға қатысты бүкіл шежірелер, хаттар мен естеліктер, сонымен бірге сол дәуірдің киім киісі, сақал қою үрдістеріне дейін түгел зерттеуден өтті. Осылардың негізінде жаңа жоба дайындалды. Бұл жолы оның көңілі тыныш тапқандай. Бар мүмкіндікті жетік пайдаланып, деректерді ең ұсақ түйініне дейін қазбалап зерттегендіктен, үш тарихи тұлға-болмысын толық дерлік жіктеп шыққан-ды. Н. бұл жобаларды әуелі тарихшы ғалымдарға, сосын тарихи тақырыпта еңбек етіп жүрген суретшілерге көрсетіп: солардың ақыл-кеңесімен кейбір тұстарын түзеді. Содан кейін әрі батасын алу, әрі тағы бір мәрте ақылдасу үшін қарт ақынға алып барды. Арада өткен екі айдың ішінде ақынның денсаулығы әжептәуір сыр беріп, әбден қажып қалған екен. Ол ескерткіш жобаларындағы бейнелерге бір құлағы сынып қалған көзілдірігін жөндеп киіп, ұзақ үңілді.
Міне тамаша, – деді ол ақыры эскиздерге телміруден де қажып қалғанын жасыра алмай аптыға сөйлеп. – Маған ұнады. Бәрі ескерілген. Олардың келбеті дәл осындай болғанына сенімдімін. Сізді таңдауда қателеспепті. Бейнелер әрі ұлттық кодты, әрі ұлылықты толыққанды беріп тұр. Мақтауға тұрарлық.
Н.-ға мақтау ұнаса да, өзін қарапайым ұстады.
Үш рет қайтарды, - деді ол налыған дауыспен. – Ешбір келбет басшыға ұнамапты. Не қалайтынын ашық айтпайды, қызыл шимай қылады. Ол «Түрі дұрыс емес» дегені екен...
Ақын оған демеу бергендей болды:
Енді басшыны да түсіну керек. Бастысы ол ұлттық қаһармандардың бейнесі жасалуын қалап отыр ғой. Бұл оңай емес. Бұл бейнелерге басқа ұлттардың да қызығуы керек. Сондықтан қайтарған шығар. Ол әрекеті мүсіндердің әр қырынан қарағанда да жоғары деңгейде болуын қалағаны. Көркі де, айбыны да, көз қарасы мен киімі де орнында. Бәрі дұрыс. Бұл жолы қайтпайды.
Айтқаныңыз келсін! – деді Н. бейне бір эскизі мақұлдаудан баяғыда өтіп кеткендей.
Эскиздерді мекемеге Н.-ның өзі апарып берді. Өз ісіне көңілі толып, сол күні тапсырыс алғалы бері бірінші рет еркіндікке бой алдырды: балшықтан әртүрлі бейнелер жасап, қиялына келген іспен айналысты. Отбасымен бақ аралады, оларды тапсырыс есебінен алған ақшасына қаланы қыдыртты, ең таңдаулы дәмханаларға алып кірді. Оның көңіл-күйі көтеріңкі, құстай жеңіл, жобаны өз мерзімінде орындауға күш-қуаты жеткілікті еді. Арада екі күн өткен соң оған телефон соғып, мәдениет бөліміне алдыртты. Телефондағы дауыс суық әрі біршама наразы сарында естілді. Мекемеде Н.-ды тағы да әлгі титімдей шенеуніксымақ күтіп тұр. Н. тапсырыс алар кезде үйреніп алған бөлмеге кіргенде, титімдей шенеунік үстелінің айналасында өзін қоярға орын таппай жүр. Н.-ды көріп, бір сәт наразы кейіппен қарады. Көздерінде «Не бүлдіріп қойғаныңызды білесіз бе?» деген ишара бар. Н. оның көз қарасынан бұл жолы да эскизінің өтпегенін сезді. Бірден тауы шағылды. «Өзі бұлар не қалайды? Мүсін бе әлде бір періштенің бейнесін бе?!» Ол соңғы эскиздің ешқандай қарсылықсыз қабылданатынына сенген еді. Сондықтан шенеунік ишара жасамаса да, келіп, орындыққа отырды да: «Қане, сөйлеші, не керемет көрсетесің?» – дегендей тыңдауға дайын екенін білдіріп басын төмен салды. Шенеунік ашумен өзін орындыққа тастады. Үстелге эскиздерді «тарс» еткізіп қойды. Эскиздер қызыл түспен жуан етіп сызылып, кейін леп белгісі қойылған екен.
Міне... – деді шенеуніксымақ бейне бір қорлығы келгеннен дауысы дірілдеп. – Алыңыз мына шимайларыңызды...
Бұл жолы Н. өзін ұстай алмады. Ол екі ай бойы басшылардың қас-қабағына қарап, олардың көңілін табамын деп тырысып, жүйкесі жұқарып біткен-ді.
Бұл шимай емес... Өнер туындысының эскиздерді.
Шенеунік оның ашуына мән бермеді. Оның Н.-мен сөйлеспес бұрын оның мінез-құлқын жақсылап зерттеп алғаны көрініп тұрды. Ол Н.-ның кез келген қарсылығына, тіпті айқай-шуына да дайын.
Біз сізге үлкен сенім артып едік, – деді ол Н.-ның өзін айыпты етуге дайындалған тергеушідей сынай сөйлеп. – Бірақ сіз оны ақтай алмадыңыз. Эскизіңіз мақұлданбады. Басшының тіпті ашуына тиді. «Немене, бұны да мен сызып беруім керек пе?! Осы ұсқынсыз беттерді әлемге үлгі етіп көрсетеміз бе?! Он рет қайтардым бұл эскиздерді. Бірақ әлі күнге дейін мақсат пен мәнді түсінбеді бұл мүсіншілерің. Оларға сенуге бола ма?!» – деді. Наразылығын білдіріп.
Мен бұл бейнелерді тарихи естеліктер мен шығармалар негізінде жасадым, – деді Н. өзіне тағылған айыпқа шыдай алмай. – Бұл нобайларды тарихшы ғалымдар, суретшілер де мақұлдаған. Эскиз соңында олардың қорытындылары қоса берілген.
Көрдік... Олар да мәселенің қаншалықты маңыздылығын, әрі халықаралық ауқымда, әрі ұлттық ауқымда көз алдарына елестете алмаған, – деді шенеунік тілінің ұшындағысын жайып салғысы келсе де, тісін-тісіне қойып. – Басшы болса қандай да бір күмәнді естеліктерге емес, мәселенің осы тұстарына назар аударады.
Естеліктер күмәнді емес... – деді Н. өзінің наразылығын білдірмек болып астыңғы ерні жыбырлап. Бірақ бұл сөздердің бос әурешілік екенін түсінді. Шенеунік оның қарсылығын естісе де дәл бір кірпідей жиырылып алды. Басшы «күмәнді» деді ме, демек, кез келген тарихи шығарма, тіпті сол тарихтың өзі де күмәнді екеніне шүбә қалмайды. Оның бұл қарсылығы шенеунікті қырағы тартқызды. Осы уақытқа дейін екіұдай болып, қиналып тұрған ішіндегі сөзін айтудың сәті келгенін, осы арқылы егер оны қабырғадағы құлақ арқылы тыңдап тұрған болса, басшыға деген құрметсіздікке дер кезінде кесімді жауап бергенін көрсеткісі келді. Енді созбалап отырмады. Тікелей мақсатқа көшті:
Сондықтан біз сізді топтан шеттеттік. Басшының сенімін ақтай алмадыңыз. Басшы сіз туралы естуді де қаламайды. Сол себепті жобадан шығарылдыңыз...
Н.-ның тұла бойы мұздап, жүрегі сыздап кетті. Бірақ есін тез жиып алды. Ол жігерлі, табанды адам. Тапсырыссыз-ақ, мынадай ауқымды жобаларсыз-ақ өмірдің де, өнердің де тоқтап қалмайтынын жақсы түсінетін. Езуіне мысқыл үйіріліп, саусақтарымен ұзын шашын кейін қайырды. Неге екені белгісіз, ол іштей: «Бұл жоба маған қателесіп берілді, мұнда бір шикілік бар, мемлекеттік деңгейдегі мұндай аса маңызды істі маған сеніп тапсыра қоймас, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні шикілігі ашылады», – деп өзін-өзі алдын ала жұбатып, дайындалып жүргені айна қатесіз алдынан шықты. Ол мына суық хабарды естігенде мүлдем селт етпеген күйі шенеуніктің өзін аң-таң қалдырды. Негізінде, осы бөлмеге кіріп, үстел үстінде қызыл қарындашпен шимайланған жобаларын көрген сәтте-ақ бұл шаруадан іргесін аулақ салғысы келіп тұрған еді. Бәрі де майдан қылшық суырғандай оп-оңай, тап-таза шешілді де қалды.
Жақсы, – деді Н. – Онда мен бос шығармын.
Басқа бір жоба шықса, әрине, сізді шақырамыз, – деп шенеунік те одан құтылғанына шүкір еткендей және енді артын жуып шайғысы келгендей жанашырлық танытқан болды.
Мұндай жобаларың өздеріне бұйырсын! – деді Н. әрқашан өзін танымал еткен қырсық та дөрекі мінезіне қайта оралып. Ол осы жоба үшін өз болмысына жат түрде жұғымы жоқ қаншама шенеуніктер мен мүсіншілер, жазушылар мен суретшілердің алдында тілін тістеп, сыпайы сөйлесіп жүрген еді. Енді оған бұл бетпердесін шешіп лақтырып жіберуге ешкім де ешнәрсе де бөгет болмайды. Көптен бері еркіндік көрмей қышыған тілі жарыққа шығып: – Басқа тапсырманы білмеймін. Бірақ, өздерінің қабір басына қойылатын бюстке тапсырыс бергісі келсе, қуана-қуана жасап берем...
Шенеуніктің жүзі қуарып кетті. Н. шенеуніктің үстелдің бір шетінде тұрған күлсауытты өзіне қарай тартқанын есікке бұрыла бергенде көрді. Есікпен бетпе-бет күйде бір сәт тұрып қалды. Ол күлсауыт қай тараптан ұшып келеді, оң немесе сол жағынан ба, қай тарапқа қарай жалтарып үлгереді – бәрін секунд ішінде есептеп, атылған заттың ысқырған дыбысын сезуге өзін дайындады. Бірақ ол күткен ысқырған дауыстың орнына сіріңкенің «шырт» еткен дыбысы шықты да, бөлмеге темекі иісі жайылды. Шенеунік күлсауытты атқанда Н. оны, бәлкім, сыйлаушы ма еді. Қазір болса бар құрметі де жоғалды. Ол: «Ата алмады, атса, шенеунік болмас еді», – деп ойлады да есікті бүкіл ғимаратты сілкіндіріп, артынан тарс етіп жапты. Н. қабылдау бөлмесінен шығып бара жатқанда, есік алдында қолтығына бір орам қағаз қысқан, сәнді киінген Т.-мен бетпе-бет келді. Бір секунд екеуі бір-біріне дәл екі аш арыстандай шүйлігіп қарап тұрып қалды. Н. бәрін түсінді де, үнсіз өтіп кетті.
Н. баяғы әдетімен бәріне біржола қол сілтеп, тауға тартып кетті. Иығына құрал-сайманы салынған қоржынын асынып, бейне бір тас қашаушы әкесі құсап, мәңгілік ұйқыға кеткен үлкен тастардың арасын кезді. Солардың ішінен ұнағанын таңдап алып, апталап қашады, қырнады, пішін берді; жан дүниесінің сол сәттегі аласапыран күйі мен суреттерін күн көзіне шыжғырылып жатқан жартастардың бауырына ойып тұрып жазды. Бұл пішіндерге қарап тұрып, арасынан шіренген, тік тұрған адам бейнесін табу қиын еді: мұндағы тас-мүсіндердің бәрі – сүрінген, құлаған, ауыр әрі шексіз қасіреттен еңсесі езілген, бейне бір өз кінәсінен ұялғандай басын тізесінің арасына тыққан, тізерлеп отырған күйі көкке телмірген, ауыр күнәларына кешірім іздеп сәждеге бас ұрған, қолдарын тәңірге созған бейбақтарды елестететін. Егер түн тыныштығында құлақ түрсең, бұл тастардан ыңырсыған дыбыстар мен зарыққан уіл естілер еді: олардың бәрі мұңлық әрі мәжбүр көңілдің, беймаза қиялдың жемісіне – қиял-ғажайыптың ұшы-қиыры жоқ, кескін-келбетін ұстатпас бұлдыр көріністеріне ұқсайтын.
Н. ғұмырының алты айын осы шатқалға арнады, осы жерде ішкі аптығын басып, сабасына түсті. Оның алты айлық өмірі, ішкі толқыныстары мен сезімдері тасқа көшіп, мәңгілік жазуларға айналды. Не де болса, бұл жерде ол еркін тыныстап, өз білгенін, қиялында пісіп, санасында бекіген дүниелерді өмірге әкелді. Ол баяғы ресми жобаларындағы бейнелердің ішкі сырын осынау тастардың болмысына сіңіріп жіберді. Егер бұл дүниеге аспан көзімен қарау мүмкін болса, оның мына тастарға өмір, қоғам және адамзат туралы бүкіл мейірімін, шеберлігі мен білімін сарқып жасаған жобаларын – өз жүзін, өз өмірін, өз иманы мен сенімін тілгілегендей қызыл қарындашпен сызып тастаған замана туралы не жазғанын, не айтқанын ұғуға болар еді. Бірақ бұл ақиқат та таулармен бірге мәңгілікке мөрленіп қалды.
Шатқалдан шығып бара жатып, артына – өзінің алты айлық қиялдарының мазарына айналған тастарға соңғы рет көз тастады. «Бәлкім, бұл жартастар дәл мен құсаған, қашан бір заманда өмір сүрген жалғыз мүсіншінің туындылары шығар, ал мен оның табиғи қалпын тағы да бұзып алған жоқпын ба?» деген мазасыз ой шарпып өтті санасын. Қашан бір уақытта мәңгіліктің арғы бетінен дәл өзі сияқты тағы бір мүсінші шығып, қайта өңдегенге дейін бұл жартастар мәңгіліктің елшісі болып осы жерде сұлап жата береді. Бұл мәңгілік тастарға қашалған тағдыр мен хикметті ешкім оқи алмайды, ал оны оқи алатын жан келгенде – мына жалғанда мүсіншінің сүйегі әлдеқашан шіріп бітеді.
Н. қалаға күздің ортасында оралды. Көлігінде келе жатып, ұзақ қашықтықтан қаладан да бұрын көрініп тұрған үш биік таудай алып көлеңкеге көзі түсті. Көлеңкелер біртіндеп пішін алып, қалаға жақындаған сайын алып адамдардың сұлбасына енді. Н. қалаға кіргенде бұл сұлбалардың мүсін екенін ұқты. «Ақыры орнатыпты ғой», – деп ойлады ол аянышпен. Бұл мүсіндердің келбетінен өзіне жеңілісі мен сәтсіздігі қарап тұрғандай сезінді. Оларға қарамауға тырысты. Бірақ сәлден соң ол ішіндегі өрлік пен намысын жеңуге күш, қайрат тапты. Терең тыныс алды. Не болғанда да, ол өмір бойы туған қаласында орнатылуын армандаған ұлы отандастарының мүсіні қойылған. Осының өзі ұлы құбылыс. Ол өзін қолға алды. Қаланың бір шетінен мүсіндерді тамашалай бастады. «Кім жасаса да, бәрібір орнатып жақсы қылған екен» деген ризашылық сәулесі оның алты айлық күңгірт көңілін жарықтандырды. Мүсіндер шынымен де бүкіл қалаға көрік пен айбын беріп тұр. Осы тұстан үйіне қарай кеткісі келсе де, бірақ қызығушылығы үстем шықты. Аяғы еріксіз орталық көшеге қарай тартып бара жатқанын сезген соң, өзі де сол тарапқа жол тартты. Оны «бұл тапсырыстан мені шеттететіндей қойылған мүсіндерде мен білмеген және ұқпаған не нәрсе бар еді десеңші?» деген ойдың жетегінде бара жатты. Не бар еді сонда, ол нені көре алмады және жарата алмады? Не еді ол?! Өмір бойы өзін барлық замандас мүсіншілерден әрі шеберлік, әрі талант, әрі талғам мәселесінде жоғары санап жүруші еді. Бірақ сол талғам мен өре қай жерде оны сүріндірді? Қазір бәрі белгілі болады, өзінің және өмірінің жаңа қорытындысымен бетпе-бет келеді. Бәлкім, оның бүкіл өмірі осындай нәтижесіз жеңілістен тұрған шығар және ол бұны әлі күнге дейін мойындамай келе жатқан болар. Түптеп келгенде, ол мүсінші емес, тау мен шатқалдарда қаңғыруды жақсы көретін қарапайым шопан болуы керек еді де, өмірінің арнасы жаңылысып, мүсіншілік тарапқа бұрылып кетіп, содан бері бұл ордан шыға алмай, тырмысып-талпынып, адасып жүрген шығар... Н. дәл осы сәтте жеңілісін де, өмірінің босқа өткенін де, өзінің түкке тұрғысыз мүсінші екенін де мойындауға әзір еді.
Ол келе жатқан көше ескерткіштердің ту сыртынан шықты. Жақындаған сайын зәулім мүсіндер асқақтай түсіп, таудай заңғарланды. Көк тіреген шыңдай қасқайып тұрған ескерткіштердің бас жағына қараймын деп шалқасынан құлап кете жаздады. Ескерткіштер расында да тылсым әрі айбынды кейіпте екен. Олар иығына қырқа шекпен, үстіне сауыт пен ұзын шапан киген күйде бейнеленіпті. Ақыр, бұл оның өз идеясы еді ғой... Мына киімдер, жиектегі өрнектер – бәрі-бәрі оның жобасында қалай сызылса, дәл солай бейнеленген. Шапан мен шекпеннің етек жағын жел сәл көтеріп, желбіретіп тұрғандай. Бір-біріне иық тірескен тұрысы, бүкіл ұлтты пәле-жаладан, апаттан қорғап тұрғандай әсер беретін қалқан мен қылышқа созылған қол... Тіпті асатаяқ та... Н.-ның көкірегінде «өзі жоқта жобасын мақұлдап, дәл соның негізінде ескерткіш тұрғызған екен» деген ой қылаң беріп, жүрегі қобалжудан атқақтап кетті.
Н. асыға алдыңғы жағына айналып өтті. Ол қателеспепті. Бұл ескерткіштер Н.-ның алты ай бұрын ең ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай сызған жобасы негізінде жасалған. Бұған еш күмән жоқ еді. Ғалымның қиян шетке, көк жүзіне телмірген жанары мен аспанға созылған қолы, шайырдың асатаяғының басындағы глобус тектес, жарты ай қондырылған жұмыр күмбез... Бүгінде ұмытылып кеткен, бірақ Н.-ға баяғы ескі киім шебері айтып берген шұға тон мен ғұламалар шекпенінің тік жағасы... Сардарды майдан даласында жолықтырып, үстіндегі сауыттың әрі нәзік, әрі беріктігіне қайран қалған, кейін өзінің елінде мұндай жеңіл де ыңғайлы әскери киім әлі жасалмағаны жайлы көлемді трактат жазып қалдырған елшінің естелігі арқылы қайта тігілген майда шынжырлы сауыт... Иә, сауыттың жеңіл әрі берік металдан соғылғанын, өте майда шығыршықтардан тұратынын Н. әлгі елшінің әлі аударылмаған естеліктерінен өз ана тіліне әдейі аудартып алып білген еді. Бұны Н.-нан басқа тірі жанның білуі мүмкін емес-ті. Асқақтық пен айбын дарыту үшін сардардың иығын әдейі тіктеп, әсерлеп көрсеткен болатын. Бұл көріністердің бәрі оның жобасында қалай болса, дәлме-дәл және үш ескерткіш те жобадағыдай орналасқан: яғни ұлы қуатты ақыл мен шығармашылық қоршап тұр, ұлы ғалым мен ұлы шайыр екі шетте, ұлы сардар ортада – өзара жымдасқан, мүдделері ортақ.
Т. оның жобасын ұрлап алған ба? Бірақ бұл жобалардың оныкі екенін басшы да, басқа мүсіншілер де, шенеуніктер де жақсы білетін еді ғой. Демек, өзі жоқта жобасы мақұлданып, соның негізінде ескерткіштер соғылған болып тұр ғой. Н. бейне жоғалтқанын тапқандай айналасындағыларды таңғалдырып, ескерткіштің әр қарысын жіті тексеріп, ол жерден өз қолтаңбасын, өзін іздеп жатты. Күмән жоқ, бұл – оның жобасымен жасалған дүние! Ендеше, неге жұмыс істеуге өзіне рұқсат бермеді? Неге тапсырысты одан тартып алды? Н. бейне бір сұрағына жауап табатындай ескерткіштердің жүзі мен көзіне үңілді. Үңілді де... тас мүсіндей қатып қалды.
Зәулім бет-әлпет пен қабақтардағы тіпті таспышақтың ізіне, қырылған жерлеріне дейін оған тайға таңба басқандай анық көрініп тұрды. Бетті неге екені белгісіз, тым теп-тегіс, жылтыр ету үшін әбден өңдепті. Бояған, кейін үстінен алтын жалатқан. Бейне бір алтындай құбылып, жасаған шикіліктері мен көзбояушылықтары білінбеуі үшін... Бірақ қыру мен жону жұмыстарындағы өрескелдікті Н. бірден таныды. Бұл – Т.-ға тән қолтаңба еді. Ол өзінің шалағайлығы мен көзбояушылығын әрқашан бояумен әрлеп, алтын жалатып жасыруға тырысатын. Н.-ды бұл көзбояушылық таңғалдырған жоқ. Оны үш тұлғаның кескін-келбеті таңғалдырды. Үш бейне де бір-біріне тым ұқсас еді: ұлттық сардардың да, ұлы шайыр мен ғалымның да жүзі бір қалыптан шыққандай болатын. Үстіндегі киімдері мен сыртқы детальдарын есепке алмаса, бейне бір егіздердей, бір ғана бет-әлпет суреттелген.
Н. ештеңеге түсінбей жүздерге қайта-қайта қарады, ұзақтап барып үңілді, жақындап барып телмірді, «қателесіп тұрған жоқпын ба» дегендей көзін ашып-жұмды. Жоқ. Ол қателескен жоқ. Үш ескерткіш те бір ғана бейнеден соғылыпты. Н. осы жерде де жұрттың бәрін ақымақ қылғаны үшін іштей Т.-ны жер-жебіріне жете балағаттады. Сонда бұны басқалардың байқамағаны ма?! Бұл соқыр адамға да көрініп тұр ғой.
Ол қырымен тұрып бейнелерге қарағанда, кенет денесі түршігіп, дір ете қалды. Осы тұрысында жүздерге ұзақ қадалып тұрды. Үңіле отырып, беймәлім бір шындықтың көз жеткізгендей болды. Көңілі бір сұмдықты сезді. Көздерін тағы да ашып-жұмды да, күдігін сейілту үшін жолдың арғы бетіндегі зәулім ғимараттың маңдайшасына ілінген, нақ екі қабатты алып жатқан, жұртқа «Әлі тірісіңдер ме?!» дегендей көздерін бақырайтып қарап тұрған басшының үлкен суретіне көз тастады... Кейін қайтадан ескерткіштерге – ұлы тұлғаларға үңілді. Сосын тағы да суретке қарады. Қарады да бәрін ұқты: ескерткіштердің неге бір ғана кейіпте соғылғанын, өзінің сол жобаларды бекіте алмай неліктен табанынан таусылып, мекеме-мекемені шарлап сандалғанын, басшының не себепті риза болмай, жобаларды бірнеше рет негізсіз кері қайтарғанының сырын енді ұқты. Ескерткіштердің жүзі бәрін де айтып тұр. Бәрі де түсінікті болды. Ескерткіштегі үш тұлғадан да басшының кескіні, қасы мен көзі, тіпті әр көргенде, суретіне қарағанда Н.-ды тұла бойын түршіктіретін екі түрлі мұрын тесігіне дейін айнымай түскен екен. Үш бірдей алып ескерткіштің жүзінен оған бір ғана басшы қарап тұрды...
Өзбек тілінен аударған Жақсыбек Шанышқылы
