Мұхтар мен Әбіштің достығы

1959–1960 жылдар тоғысындағы күз бен қыс және көктем – шын кәмелетке жаңа толған жиырма жас – Әбіш екеуіміздің қаламгерлік болашақ ғұмырымыздағы таңбалы белес болды дедім. Және шын мәнісіндегі кемел, келісті дәурен.

121

Мұхтар мен Әбіштің достығы - adebiportal.kz

Университет дәрістері әдетінше, тағы да октябрь айының ортасынан аса басталды. Бұл жолы маған да жатақхана тиген. Трамбай жолды Пастерден төменірек, Чайковский көшесіндегі тапалтақ, ескі жатақханадан. Біздің факультет балаларының біразы сонда бөлініпті. Әбіш курстас алты-жеті баламен, еңсесі көтеріңкілеу, негізгі корпуста. Маған төмендегі, ұзына созылған, әрқайсына жиырма бала жататын, жапсарлас екі бөлменің бірі, күн жақ, орта тұстан орын тиді. Аса жайсыз. Тек түнде ұйықтап тұратын жатын есепті. Асты торлы темір төсек, жұқа әдиал, бір уыс, шүйке жастық, бас жағында биіктеу, кішкентай текше. Күнделікті, түс ауғанша созылатын, алты сағат, сегіз сағаттық дәрістерден соң бірден Орталық, Пушкин кітапханасына кетем. Орысшам жетіліп, оқу қалыпты арнаға түскен. Күніне кемі жүз бет (келесі және арғы жылдары - жүз елу, екі жүз беттен) классикалық проза оқуға тиіспін. Кешкілікте Әбіштердің бөлмесінде бас қосамыз. Жоғарыда кейбірі аталған, курстас Бақыт Сейітжанов, Тұрғанбай Ділдәбеков, Дидарбек Рамаданов, Оразбек Сәрсенбаев, Базарғали Қуатов, Марат Нұрғалиев дейтін жігіттер. 

Өзара өте татумыз. Әзіл-қалжыңда шек жоқ. Қайсымыз туралы болса да бір емес, әлденеше күлкілі анекдоттар бар. Және лақап ныспы. Мен - Бұзау. Тұрғанбай - Лақ. Әбіш - Ешкі. Базарғали - Даукес. Марат - Робеспьер. Дидар - Әтеш. Оразбек - Өгіз. Бақыт - Академик, толық нұсқасы - Қыртология ғылымдарының академигі. Әрбір жанама есімнің өзіндік негізі бар. Бақыт өте көп біледі және өзара отырыста тоқтамсыз көп сөйлейді, Академик - Тұрғанбай берген есім. Ал Тұрғанбайдың өзін Лақ атаған осы Бақыт болса керек, бұл досымыз бірінші курстағы балалардың ішіндегі ең нәзігі, әрі бойы кішкентай, шашын маңдайға түсіріп қоятын; екінші курстағы жазғы жұмыстан соң күрт өсіп, бойы ортадан жоғары, аса сымбатты жігіт болып шықты, бірақ Лақ атауы берік орныққан. Маған ат қойған – Нұрмахан, әлдебір туған күнге барғанда, бұл бала арақ ішпейді деп, сүт алғызған, содан бастап Бұзау болдық. Ешкі – Әбіштің алғашқы жылы ауыл шаруашылық жұмыстарына барғандағы епетейсіз қимылына орай берілген мәртебе, Бақыт қойыпты. Марат советтер тұсындағы ең көп тараған, революциялық есім, бізге Робеспьер артығырақ көрінсе керек. Әтеш - Дидарбектің шашы аса қайратты, әрі қалың, сүйем өскенде әтештің айдарындай, тікірейе ұйысып тұратын және бұл жігітіміз қашанда тіке, тура сөйлейді. Өгіз - Оразбектің сөзінің мысалы, күшті, қайратты мағнасында қолданатын, енді Бозбүйрек атанды - бүйрегі үнемі ауырып жүреді, өз бүйрегі өзіне бөтен екен. Даукестің жайы түсінікті. Бізге осы лақап аттардың бәрі де өте тауып, дәлме-дәл қойылғандай көрінетін. Үйреншігі сондай, өзара отырғанда айтыла қалса, «Әу», «Иә» деп жауап қайырған жағдайлар да ұшырасатын. Тек Бақыт қана Академик мәртебесін мойындамай жүрді, тұпа-тура аталса, арсалаңдап алыса кететін. Жас кезде, уайым-қайғы, қамсыз күндерде бәрі қызық. 

Ал өзара анекдотымыз болған оқиғалардың бұрмаланған нұсқасы, болмаған жағдаяттардың мінезге сай түрленіп қалыптанған өзгеше көрінісі. Көбіне ақымақ емес - аңқау, батыл емес - қорқақ шығатын, немесе аяқ астынан күлкілі кепке ұшырайтын, төтенше ахуал. Әбішке қатысты анекдоттар оның шаруаға қырсыздығы, қол жұмысына шорқақтығы, өлең жазып отырып, тамақ ішуді ұмытып кететіні, немесе, шыға бере қайта айналып, қатарынан екі рет асханаға баруы турасында. Мен туралы хикаялар әдетте қыз-қырқынға қатысты. Мәселен, көшеде, көлденеңнен көрген бойжеткеннің соңынан еріп кетем. Бірде осындай сұлумен таныса алмай, трамбайда Тастаққа дейін барыппын. Қай жағынан қарасам да, қыз шырай бермейді. Ақыры, соңғы, тұйық аялдамада түскен кезде: «Қарындас, мына қолыңыз ауырлау екен, көтерісіп жіберейін», — деп іліге кетем. Сөйлестік, таныстық. Тура үйінің ауласына жеткенде кішкентай екі бала «мамалап», алдан жүгіріп шығады, қызым тұрмыстағы келіншек екен. Мен аңырып, басым айналып тұрып қалам. Сол кезде әлгі «қыз» келіншек: «Қайным, үйге кір, енді ағаңмен таныс», - депті. Ха-ха-ха... Қанша рет айтылса, жігіттер соншама рет мәз болады.

Әрине, авторы да, дикторы да Әбіш. Және бұл – қыз төңірегіндегі жалғыз хикая емес. Өз кезегімде мен де қармалансам керек. Алайда, дәп әлгіндей өтімді шықпады. Осы және басқа да әрқилы сыпаттағы өзара қалжың, қисынды-қисынсыз анекдоттар біздің бүткіл өмірімізге созылды. Кейінгі бір нұсқалары баспасөзге де өтіп кетіпті, сірә, нақтылап, әуелгі қалпында таңбалап қою керек сияқты. Сондай-ақ, Әбіш екеуіміздің Оразбектің ауру бүйрегіне қатысты әңгімелеріміз тұтас цикл болып құралған. Кіші-гірім кітап.

***

Курстас балалармен бірге тұрғанның пайдасымен қатар, зияны да бар. Ең бастысы – оңашалық, еркіндік жоқ. Оның үстіне, жапырлаған жатақхана қай жағынан да қолайсыз шықты. Кезекті стипендияға үш-төрт күн қалғанда қарнымыз ашады. Ақшамыздың тапшылығынан емес, амалсыз таралып кетуінен. Әбіш екеуіміз де бай студенттер саналамыз. Мен оқуға түскен жылы көкем Шұбартау ауданының қиыр шалғайы – Жезқазғанмен шектес алыс отарлы отгонға мұғалімдікке сұранған, жоғары жалақының үстіне үлкен көтермесі бар. Орталықпен қатынас орайында, әрбір тоқсанда молынан жібереді. Бұл екі аралықта үлкен әкем пенсиясынан салып тұрады. Көкесі соғыста өлген Әбіштің жағдайы менен кем емес. Мұқыр деген, әлде әкенің інісі, әлде немере туыс, әб-ағасы бар, ай құрғатпайды, оның үстіне тұрмыстағы екі әпкесі ақша салып жатады. Екеуіміз де көтеріңкі стипендия аламыз. Соған қарамастан қарнымыз ашуы – ол кездегі студенттердің көбінің арттан көмегі жоқ, стипендияға жалғас оншақты күнде тәуір жүреді, содан соң тарықпаса да, өлшеулі мәзір, ал келесі стипендияға төрт-бес күн қалғанда көпшілігі тамаққа жарымайды, жағдайы бар балалардан қарыз сұрай бастайды, ескі ақшаның кезі, бес, он сом, асса жиырма сом. Әрине, Әбіш екеуімізден. Стипендия ала салысымен қайырмақ. Қалтаңда тұр, қалай тартынасың. Әйткенмен, дәп осы ретте керегірек ақша, қарызың қайтардан бірер, екі-үш күн бұрын сарқылмақ. Әбіш барын іркілмей береді, кейде тап-тақыр қалады. Менің де таусылатын кездерім бар. Оның үстіне, жатақханадағы орным тіпті жайсыз.

***

Ақыры, Әбіш екеуіміз жатақхананы тастап, пәтерге кетпек болдық. Үй іздеудің мен өткен жылы тәжірибе алған өзгеше тәсілі бар. Жалғыз қабатты, жекеменшік үйлер тізілген шеткері бір көшеге шығасың да, қатарласа есік қағып, жөн сұрайсың. Әбіш екеуіміз бірге қыдырып, әңгімелесе жүріп, үйден үй ақтадық. Істің сәті, бірер сағаттан соң табыла кеткені. 2-линия, 142-А. Қазірде нақты айта алмаймын, ол кезде 5-линия атанған Әуезов даңғылы мен Строительная атанған Мұратбаев көшесінің аралығы. Қатарлас он сегіз «линия» болатын. Біздің үйіміз – Киров, қазіргі Бөгенбай көшесінен сәл-пәл жоғарыда, сол жақ қаптал. Трамбай жүретін Комсомол, қазірде Төле би көшесіне тақау, қатынасқа қолайлы. Балалары жоқ, бәлкім бөлек тұратын кемпір-шал екен. Орыс. Ақсақал – ағаш шебері, ол заманда дүкендерге түсе бермейтін, әрқилы мүкәмал – шкаф, текше, орындық, стол жасайды. Сөзі жоқ, кемпірі де тыныш, біртоға кісілер. Шатырлы, шаршы бітімді үйі – ауызғы ұзыншақ дәліз және жинақы, кеңіс үш бөлме; біршама көлемді ауласында – алма бағы. Бізге түстік-батыс бұрыштағы тап-тұйнақтай, ауасы кең, таза бөлме тиді. Екі қабырғада екі төсек, ортада үш орындықты жадағай стол. Біз сол заманның есебінде аса көп ақша – екі жүз сом, бірер жылдан соң, ақша ауысқан есеп бойынша жиырма сом төлейтін болдық. Рақат өмір басталған. Рақаты – мазалы, байсал жағдай ғана емес. Осы оқу жылының аяғы және келесі курс – ең елеулі бір кезеңде тыныш, оңаша тұрған бір жарым жыл Әбіш екеуіміздің де қаламгер және азамат есебінде қалыптасу жолымыздағы өзгеше асу, таңбалы белес болып шықты.Енді университеттегі лекцияларға қатынауды мүлде дерлік доғардық. Онсыз да уақыт жетпейді. Жазу және оқу. Мен аэропорт жақта тұратын әб-ағамның үйіндегі кітаптарымның біразын алып келдім. Стендальдың он бес томдық толық жинағы, Гейненің он томдық әдемі басылымы, Хемингуэйдің өткен күзде ғана сатымға түскен айдынды екі томдығы, және «ХХ ғасырдағы шет ел романы» аталатын сериямен шыққан бірталай кітап, иә, Шиллердің қалың екі томға жинақталған толымды басылымы, тағы басқа да классика үлгілері. Әлбетте, бәрі де орыс тілінде. Оншақты күнде бір рет кітап дүкендерін аралап, ол кезде Карл Маркс – бүгінгі Қонаев пен Горький көшелерінің қиылысындағы букинистке соғып, жаңа, сирек кітаптар іздейміз. Мен Драйзердің қоңыр мұқабалы он екі томдығын түсірдім. Әбіш өлең кітаптарын алады. Пушкин, Лермонтовтан соң Роберт Бернс жинағы есімде. Және мен айрықша әспеттеген Мицкевич пен Пөтефи. С.Маршак аударған Бернстің кейбір өлең үлгісі Әбіштің кейінгі «Махамбет» поэмасының құрылымына елеулі әсер етті; Мицкевичтің азаттық жырлары екеуімізді де қатты толқытатын, ал Пөтефидің ең соңғы, қазалы ұрыс қарсаңындағы «Алапат заман» толғауын неше қайыра оқып, көзімізге жас алғанымыз бар. «Ел-жұртымыз апат алдында, бәлкім, Көктің жарлығы осылай шығар, жарым әлем үстімізден жаныштап, біржола құртқалы келе жатыр!..» – дейді ғой, қазіргі қазақтың жағдайы. Әлбетте, үйде тұрған барлық кітап екеуімізге ортақ пайдада. Әбіш көбіне-көп жазу үстінде, менің негізгі жұмысым – оқу, енді күніге жүз елу бет, әйтпесе екі жүз бет классикалық проза үлгілерін оқып шығып, жиырма жасыма дейін әлем әдебиетінің ең озық нұсқаларын түгелдей зерделеп бітіру – парыз сияқты. Комсомол – Төле би көшесінің Дзержинский – бүгінде Наурызбай көшесімен қиылысындағы әлдебір кітапханадан соң, Панфилов паркінің ішкері, шығыс қапталындағы, Чехов атындағы қалалық кітапханаға ден қойдым. Кісісі аз, әрі қажет әдебиетіңді қағаз толтырмай, тезінен сұрап аласың. Бірден-ақ Мопассанның он екі томдығына түскен едім. Келер жылы букинистен тауып алдым. Менің қаламгерлік жолымдағы ең сүйікті жазушыларымның бірі. Ал Орталық, Пушкин кітапханасынан жаңа бір қазыналардың бетін аштым. Геродот, Плутарх пен Светоний бастаған әлемдік шежіремен қоса, ресми танымнан тысқары қалған Ресей және Орталық Азия тарихы: Карамзин, Соловьев, Ключевский, ақыры Бартольд, Веселовский, Бахрушин. Және Батыс әдебиетінің советте тыйым салынған өзгеше үлгілері: кейде жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы басылымдар, көбіне-көп соғысқа дейінгі кезеңде жүйелі түрде жарияланған «Интернациональная литература» журналы арқылы – Джойс, Пруст, Андре Жид, Дос Пассос және басқалар. Қадарынша кеңінен қамтуға тырысам. Сонымен қатар, бұл кезде университеттегі арнайы пән нәтижесінде, араб жазуын танығам, осыған орай, қазақ тілді, ескілікті газет, журналдар мен жекелеген басылымдар. Әдетте, үйдегі Әбіштің де оқуы тиянақты. Драйзердің «Американ трагедиясынан» бастады. Содан соң «Дженни Герхардт», «Сіңілі Керри». Ол кезде бар жағынан жаңалықты Хэмингуэйге ден қойыстық. Кімнің не оқып жатқанын түгендемейміз және әдеби шығармаларды талқылап, пікірлесу де әдетімізде жоқ, онсыз да ойымыз бір жерден шығатын сияқты. Әйткенмен, Әбіштің негізгі уақыты жазуға кететін. Үшінші курс – 1959 жылдың ақырына қарай, ақын ретінде зор биікке жетті.

***

Айтқанымдай, пәтерге шыққан соң, екінші курстың соңына қарай, университеттегі лекцияларға сирек баратын болдық. Онда да бой көрсету үшін. Апта аралатып, айға тақау көрінбесек керек. Ақыры бір күні старостамыз, кейінде философия докторы, профессор Сонарбай Таңқаев арнайы іздеп келді. Білеміз, группа журналында бізді қашанда бар, қатынасты деп белгілеп жатқан. Бірақ шектен шығып кеттік, әбден запы болған сияқты. Қашанғы жалған көрсетем, келмеді, жоқ деп белгілеймін, стипендиядан қағыласыңдар, бәлкім, университеттің өзі қауіп деп, доңайбат жасай бастаған. Әрине, жорта, бізді қайткенде сабаққа келтіру. Расы, оған да оңай емес, үнемі жасырып отыру, өтірігі шығып, сөгіс естуі әбден ықтимал. Мен айттым: «Бәрі жөн, сөзіңнің қатесі жоқ, бірақ алдымен біздің жағдайымызды, дәлелді себебін, сабаққа қатысуға мүмкіндік жоғын анықтамайсың ба, міне, Әбіш қаншама классикалық өлең жазды, мен нешеме том кітап оқыдым, әуелі шай ішіп алайық, содан соң ақылдасамыз», – дедім. Екі кескен колбаса, жарты бөлке нанымыз бар, шай іштік, мен қоймаған соң Әбіш бірер өлеңін оқыды. Ақыры, Сонарбай досымыз кетерде айттым: «Қол тиген кезде баруға тырысамыз, бара алмаған күндері жоқ деп белгілей бер, стипендиядан алып тастаса, бірі ғажайып ақын, екіншісі ғаламат оқырман екі классиктің обалы сенің мойныңда», – деп. «Туу, сендерге дауа жоқ екен...» – деді ешқашан күлмейтін, сол кездің өзінде артықша салмақты Сонарбай мүлде түңіліп. «Енді барамыз», – деген Әбіш, жаймашуақтап. Осыдан кейін, досымыздың көңілін аулап бірер күн, жарым күн бой көрсеттік те, қайтадан өз әдетімізге көштік. Әлдеқалай жазғаным бар, үшінші курстың ақыры, философия пәнінен міндетті емтиханды тапсыруға барғанда, оқытушымыз мені мүлде танымады. Мен есіктен еркін кіргенде үдірейе қараған. Зачет кітапшасын алдына қойып, билет алғанда, қолындағы ведомостіге бір, сынақ кітапшасына бір, менің бетіме бір, қайта-қайта қарап, айран-асыр болып отырып еді. Мен бөгелместен, жауапқа әзірлігімді айттым. Алдындағы баладан кейін шақырды. Бірінші сұрақты жарым-жартылай тыңдады, екінші сұрақты кіріспесінен үзді, үшінші сұрақты бастар-бастамаста «бес» қойып беріп еді. Алмабай Сұрапбергенов деген ағай. Менің лекция атаулыға қатынаспағанымды аңдады, бірақ жауабыма мейлінше риза болған. Міне, сол заманда біздің университет мұғалімдері осындай кең, мейірбан, төтенше тілектес ағалар екен. Әбіш те әрбір емтиханда осыған жақын жағдаятты бастан өткерсе керек. Қазір ойлап отырсам, Батыс университеттеріндегі тек білім ғана сұрайтын оқудың біз өз бетімізше барған  төтенше үлгісі.

***

Осы үшінші курс – 1959–1960 жылдар тоғысындағы күз бен қыс және көктем – шын кәмелетке жаңа толған жиырма жас – Әбіш екеуіміздің қаламгерлік болашақ ғұмырымыздағы таңбалы белес болды дедім. Және шын мәнісіндегі кемел, келісті дәурен. Қалыптасқан сақа студент қана емес, факультет аясындағы ең көрнекті жігіттер саналсақ керек. Менің баспасөздегі жария көрінісім кемшін болғанымен, кеудем тым жоғары. Бүткіл әлем әдебиетін жете таныдым деп білем. Өз ұғымымда жазуым да  біршама дәрежеге жеткен. Екінші курстың ақырында сәулетті Самарқандқа, Орта Азия, шын мәнісінде жүмлә Еуразия университеттері студенттерінің ғылыми конференциясына барып, «Абай және Шығыс әдебиеті» деген тақырыпта баяндама жасап, мақтау естіп, атаулы грамота алып, марқайып қайтқам. Университеттің сегіз факультетінен ірікті сегіз бала барып едік. Бәріміз де абыройлы болдық. Оның ішінде менен екі-үш жас үлкен, экономфактың төртінші курсының студенті, болашақта Ғылым Академиясының президенті, доктор, профессор, академик Кенжеғали Сағадиев бар. Үшінші курста жазу қалыпты жүйеге түсті, жария жағдайым алға баспаса да, еңсем көтеріліп, бар жағынан байсал тауып едім. Ал Әбіш бар тараптан өтімді. Жазғандары тоқтаусыз шығып жатыр. Ең бастысы – 1959 жылдың ақыры, қысқа қарай шағын көлемді, түр-тұлғасы өзгеше, көркемдігі келісті «Махамбет» атты поэма жазып шыққан. Сол кездегі ұғым ғана емес, қазіргі сенімім бойынша да, бұл – қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс еді. Сұлтанмахмұт пен Мағжаннан – 1991 жылғы желтоқсан, тәуелсіздік күніне дейінгі кезеңде ұлттық сананы әйгілеген, ұлт азаттығы идеясын көтерген жалғыз жыр. (Мәжит бектің алыс шет елде қалыптанған шығармалары бізге кейінірек жетті.) Айналасы бір аптада тәмам қылып еді. Мен үшін үлкен қуаныш болды. Қашанда ең жақын, сырлас досымның бар табысына өзімнен әрмен мерейленер едім. Мынау – кемел шығарма, классика дедім. Қазақтың өр рухы көрініс тапқан, қарулы зорлық пен рухани қысас – «патшаның жирен қолы» жаныштаған отарлық жағдай әйгіленген, трагедиялық емес, қаһармандық әуездегі өзгеше серпін. Шағын көлемді, бірақ айрықша салмақты, кемел туынды.Әбіш университеттегі «Әдеби бірлестік» аталатын белсенді жас жазармандар үйірмесін басқарады. Мен факультет студенттерінің Ғылыми қоғамының төрағасымын. Сонымен қатар, Бірлестіктің «Шағала» аталатын қабырға газетінің редакторы. Өзімізше Жазушылар одағының жастар бөлімшесі деп білетін Бірлестік ай сайын дерлік қатарымыздағы талапкер ақындардың өлеңдерін талқылап, қызу жиын өткізеді. «Махамбетті» көп алдына тартпадық. Әбіш әуелгі кезеңнен өтіп кеткен, өз ортамызда үлкен ақын саналады. «Шағала» газетінің кезекті санына шығардық. Тиесілі мәтіндері түгелдей мәшіңкемен басылған, көлденеңі бірер метр, ұзындығы екі құлаштан астам әдеби газетіміз кең дәліз – деканатқа қарсы, қазақ әдебиеті кафедрасымен жапсарлас қабырғаға ілінетін, бел ортасы, ең көрнекті тұсында жарқырап «Махамбет» поэмасы тұрғаннан соң, бұрынғыдан да мәнді, айдынды көрінеді. Бүткіл қазақ бөлімі жапырлай оқып жатыр. Әбішті бұрыннан білетін, айрықша бағалайтын өзіміздің жігіттер түгел ғажап қалды. Басқа курс балалары да жаппай таңырқап, көбінің ақылына сыймай, бірақ мейлінше мойындап, жақсы пікірге тоқтаған сияқты. Әрине, әлемге танылуға жақын, үлкен қуаныш. Алайда бұл – біздің ғана ұғым екен. Арада екі апта өткенде, «Шағалаға» қарама-қарсы қабырғаға факультеттің ресми «Филолог» газеті ілініпті. Қақ ортасында, тақырыбы қара бояумен қолдан жазылған көлдей мақала бірден көзге шалынады. «Махамбет» поэмасы – ұлтшыл сандырақ» деп аталған екен. Бастан-аяқ әшкерелеу. Ешбір сөзі есте жоқ, бірақ нақтылап айтпасақ та белгілі болса керек. Әдебиеттегі идеясыздыққа, жадағай идеясыздық емес, буржуазиялық пасық ұлтшылдыққа қарсы күреске үндейді. Біздің советтік университетте осындай зиянды, қаскөй шығарма жазылуы – аса қатерлі құбылыс депті. Алып тұрған көлемі талданып отырған зиянды поэмадан әлдеқайда үлкен, зәрлі мақаланың соңына қырағы автордың есім-сойы нақты жазылыпты. Бір курс төмен оқығанымен, бізден екі-үш жас үлкен, алғашқы өлеңдері баспасөз бетінде көріне бастаған, арынды, бұзақылау жігіт, ілкіде ғана, Карл Маркс көшесіндегі букинистке бара жатқан жолым, заманында абыройлы, кейінде ішімдікке әуес, ашаң-жарғақ қарт ақынмен бірге арақ ішіп отырғанын көргем. Кейінде әжептәуір атағы шықты, содан соң,  отбасындағы азғындығы үшін жазаға кесіліп, төрт-бес жылғы қапастан кейін, әлдебір туысы – құзіретті партиялық қызметкердің күшімен бостандыққа шыққан және беті бүлк етпей, Жазушылар одағы мен баспаларда шалқақтап жүруші еді. Жиырмадағы балаң студент, жаңа бастаған талапкер кезінің өзінде әдебиеттегі «азғындыққа» қарсы күрескен кісінің ақиқат бейнесін таныта түсу үшін айтып отырмын.Біз жақсы білеміз, советтік қоғамда кез келген кісі саяси бақылау астында. Әсіресе жастар жағы. Университетте, әрбір оқу тобында бір, немесе екі-үш тыңшы бар. Әскерден өткен, немесе жұмыс істеп келген, ұстамды, сенімді, сақа жігіттер. Шамасы белгілі. Партиялық тұғыры берік, жекелеген оқытушылар тағы тұр. Және әрқайсы өз бетімен десек те, жоғарыда бәрін біріктіруші, бағыттаушы, басқарушы мекеме тұр. КГБ. Атаулы мақала арнайы тапсырмамен жазылды деп ойламаймын. Советтік жалақор қоғам қалыптастырған әлеуметтік құбылыс – шын азғынның өзінің ынта-жігері. Бәкім, жалпыға ортақ, үйреншікті тәсілдер арқылы, бойы озық тұрған Әбішті қазіргі және болашақтағы бақталасы санап, әу бастан сүріндіру, алдына талқы қою. Қайткенде де, «Шағаладағы», шын мәнісіндегі отаншыл поэма да, «Филологтағы» әшкере мақала да ескерусіз қалмаса керек. Кейінгі бір көлденең жазбаларда осыдан соң Әбішті анда-мында шақырыпты, дабыра Жазушылар одағына жетіпті дегендей сөздерге ұшырастым. Жаңсақ дерек. Тәрізі, поэманың кітапқа шығар тұсындағы талқы болар. Мен айтып отырған кезде төтенше әңгіме туған жоқ. Бірге тұрып, бірге жүрміз, менің естімей қалуым мүмкін емес. Әйткенмен, Әбішті саяси полицияның сезіктілер есебіне қосуы күмәнсіз. Бірінші курс, комсомол жиналысындағы ұлтшылдық дау-дамайдан соң, жалғыз Әбіш қана емес, сол хикметті бастаушы болған менің өзім де, дәлелді, байыпты сөйлеген Нұрмахан және тағы  бірнешеуіміз санатқа кірсек керек. Атаулы, қатаң шара қолданылмауы – заманның біршама тынышынан және үлкендердің жаба тоқуымен қатар, осының бәрі балалық, уақыт оза келе басылар желік саналуы дер едім. Сонымен, «Махамбеттің» дауы аяқсыз қалды. Қарымта жауап беруді қажет таппадық. Кеселді тақырыпқа назарды күшейту ғана емес, көпе-көрнеу ақымақшылық болар еді. Жалалы газетіміз де қысылып-қымтырылмай, біздің «Шағала»–«Махамбетіміз» де айылын жимай, келесі сандары шыққанша, екі ай бойы өз орны, сол қалпында тұра берді. Біз қанша дүрдисек те, Әбішті құдай қақты дер едім. Осы орайда айта кетейін, сол, әлде келесі жылы, орыс бөлімінің орысша «Филолог» газетінде Рапопорт дейтін студент қазіргі заман поэзиясы туралы мақала жазады, көркемдік үлгісі ретінде «белгілі совет ақынының» бір шумақ өлеңі мысалға келтірілген екен; бұл, есімі аталмаған ақын осы кезде бар тараптан айыпталып жатқан Пастернак болып шығыпты. Ал, кетті. Ию-қию дабыл, ойбай, аттан. Әлбетте, КГБ-ның тікелей қатысымен, университет партия ұйымы және деканат тарабынан қатаң айыпталып, Рапопорт оқудан қуылды; кейінде, орыс филологиясын бітірген жігіттерден естуімше, екі-үш жылдан соң кешірім алып, әйтіп-бүйтіп дипломын қорғаған екен, бұдан соңғы кезеңде Сібір, Байқал жақта облыстық газеттерде қызмет атқарыпты, әлбетте, қуғын-сүргін тоқталмаған, ақыры, мезгілінен бұрын дүниеден өткен сияқты. Міне, осындай заманда өмір сүрдік. Сақтықпен қатар сәтті тағдыр бұйыруға керек еді.Бұл кезде Әбіш біршама өлең жазып тастаған. Барын іріктеп, шағын жинақ әзірледі. Көркем әдебиет баспасына ұсынбақ. Баспа қабылдау үшін әуелі Жазушылар одағының мақұлы қажет екен. Талқылау және оңды пікір. Соған орай, осы алғашқы жинағы одақтың поэзия секциясына тапсырылды. Екі-үш апта өтті ме, бірер ай озды ма, талқылауға шақырыпты. Әбішпен бірге Сейтжанов Бақыт, Ділдәбеков Тұрғанбай және мен – төртеу болып бардық. Біздің үшінші курсымыз, 1960 жылдың алғашқы, қыс айлары.Поэзия секциясының бастығы – ақын Саттар Сейтхазин екен. Сонымен қатар Шәміл Мұхамеджанов және, есімде қалмапты, тәрізі, Одақ пен журнал, газет төңірегіндегі үш-төрт жігіт бар. Һәм жас пері Әкім Тарази. Саттар ағамыздың көңілі кең екен.  Осы жақында ғана Мәскеудегі Әдебиет институтын бітіріп келген. Сол замандағы және кейін де ерекше мәртебе – орталық, Мәскеу баспалардың бірінен «Беркуты» деген атпен аударма жинағы шыққан. Болашағы тым жарқын сияқты еді. Көтеріңкі отырды. Бірер ескертпемен қаншама мадақ сөз айтты. Қазақ әдебиетіне дарынды, жаңа бір жас ақын келді, деп түйіндеген. Осыдан соң әлгі, менің есімде қалмаған жігіттер, бастапқы лепесті қостағанымен, таптаурын, сүреңсіз сөйлеген. Бұдан кейін енді ғана көтеріліп келе жатқан және тәп-тәуір өлеңдер жазып жүрген Шәмілге кезек келді. Негізгі пікірі орынсыз сынға құрылған еді, алайда, жинақ жарамсыз деген сөзге бармады. Әбіш осы Шәмілдің лепесіне қатты кейіген екен, үйге келе салысымен, оншақты жол эпиграмма жазып еді, сондағы: қанаты жетпейтін биікті қалай танысын, тобылғыдан асып ұша алмайтын «Торғайдың үрпе-шүрпе балапаны» деген тіркес есімде қалыпты. Әуелгі шешендер тыншыған кезде Әкім Тарази сөзге кірді. Алғаш көруім. Кеудесін кере, байыппен, нық, әрі сенімді сөйлеген. Тұтастай алғанда жоғары бағалады. Алайда, соңғы орамдағы бір сөзі менің жүрегіме зырқ етіп тиген еді. «Осындағы біраз өлеңде айтылып жатқан Африка – шын мәнісіндегі Африка емес, автордың көңілінде басқа бір әуен бар...» – деп қайырып еді. Маған тұпа-тура арандату сияқты көрінді. Айтуға болмайтын әңгіме. Әрине, сөздің түп төркіні – неше ғасырлық құлдықтан соң, енді ғана азаттық алып жатқан Африка емес, отарлық кептен құтыла алмай отырған Қазақ елі. Арада бес-алты жыл өткенде жақын таныстым, көңілімде үнемі күдік тұратын еді, біле келе сейілді, тарқады, шындығында, бізден үлкенірек болса да, отызға жаңа келген, енді ғана жазуға шындап бет қойған Әкімнің лепесі – «Біз де ақымақ емеспіз, бәрін танып, аңдап отырмыз» деген ишара төңірегінде ғана болса керек. Кейін де, әлденендей алалығын, ұлт мәселесінде теріс көзқарасын, тіршілік кешуіндегі арзан құйтырқысын көрмедім, жақсы жазушы ғана емес, зайырлы азамат. Қайткенде де, Әкімнің сол сәттегі екі-ұшты сөзіне талқыға қатысып отырған сыншыларымыздың ешқайсы бойламаса керек. Біз – Әбіштің жауынгер командасы, әуелде пәтуаласып алғанбыз, таразы басы ауып, анық теріске айналса ғана сөзге кірісеміз, әйтпесе мейлінше бейбіт отырамыз деп. Бірер сағаттан асқан талқыдан соңғы қорытынды сөзінде Саттар ағамыз: «Келісті, жақсы жинақ. Сын пікірлер ескерілсін, бірақ осы қалпында барлық талапқа жауап беріп тұр. Жазушылар одағының поэзия секциясы атынан «Көркем әдебиет баспасына» ұсынамыз», – деп түйіндеді,Әбіш «сын пікірлердің» ешқайсын ескерген жоқ, тағы бірнеше өлеңмен толықтырып, мәшіңкеден қайыра өткізіп, баспаға тапсырған еді. Шамасы – 1960 жылдың наурыз-көкегі. Біздің ұғымда Жазушылар одағы мақұлдаған жинақ тез арада кітап болып шығуға тиіс. Олай емес екен. Баспаның өзіндік рәсім,  құқұғы бар. Әбіштің жинағы арада үш жыл өткенде, университеттен кейін ғана жарыққа жетті. Ілкіде, «Махамбет» қалай болды деп сұрағанымда, Әбіш мейлінше күйініп сөйлеген. «Бүлдірді,  көлеңкесі ғана қалды, – деп еді. – Ең ақырына «Шашағын қызыл тудың желбіретті» деген шумақ қостырды». «Неге келістің?» – деп едім аңтарылып. «Онда мүлде басылмай қалатын болды», – деді күйзеліп. Барын жоққа шығарғанша, баспай-ақ қойса қайтер еді деп айта алмадым. Сөз – тұтас жинақ емес, атаулы поэма турасында ғана болатын. Қаншама заманнан соң, алпысқа толған шағында Әбіш біздің қатарымызда алғашқы болып, бұрынғы-соңғы шығармаларының он екі кітаптық жинағын бастырды. «Махамбет» поэмасы Бірінші томға енсе керек. Әуелгі қалпында келтірді ме, жаңадан үстеме, айырымы бар ма – білмеймін. Бұл кезде ауылдарымыз алыстап кеткен. Маған арнайы сыйламады, өз бетіммен алуға – кітап дүкендеріне де түспеген. Келер жылы ғой деймін, мен он үш томдығымды шығардым. Зәуімен Алматыда бас қоса қалсақ, тарту қылар едім. Сөйтіп, Әбішті білмеймін, мен өзім он екі томдықтың нақты құрамы мен мазмұнынан бейхабар қалған едім. Егер «Махамбет» қалпына келсе, қазірде үңіле оқыған кейбір әдебиетші, сыншылар: «Бастапқысы бұлай емес еді, цензурасыз заманда түзетіп, тәуелсіздік ұранына сәйкес икемдепті», – деп, жазбаса да, ойлап қалуы мүмкін. Жоқ, Әбіштің бұл шағын поэмасы әуел бастан-ақ ұлт ұранды, өзгеше сарынды, ғажайып толғау болатын. Айтпақшы, өлең жинағын баспаға өткізгеннен соң Әбіш мәшіңкеге басылған қолжазбаның үшінші бір данасын маған сыйлап еді. Жазда ауылға ала кеттім. Үй іші, дастарқан басында «осындай дарынды досым бар» деп мақтанбаймын ба. Біраз өлеңдерін оқып бердім. Әжем басын шайқап, тамсанып отырды. Аға, яғни туған әкем (мен шалдың қолында өскем) бастауыш мектепте мұғалім, соғыстан бұрын ҚазПИ-дің әдебиет факультетіне түскен, қазіргі танымы да тәуір, бар мен жоқты қадағалап отырады, Әбіштің өлеңдеріне әбден риза болды. Содан соң сұраған: «Ал, досың осындай екен, сенің өзіңде ол мақтағандай не бар?» – деп. Тосылып қалдым. «Мен өлең жазбаймын, – дедім. – Сын мақала, зерттеулер. Қазір көркем прозаға ден қойдым. Бірер апта демалыстан соң қаптал отырам...» Арада тура жиырма екі жыл өтсін. 1982, қаңтар. Тәтем, яғни туған анам оқыста дүниеден өтті, әлі алпысқа да толмаған еді. Сонда ауылға барып, бар рәсімін атқарып, енді жалғыз қалған әкемізді көшіріп әкетерде, баяғы қолжазба кітап әжем марқұмның шай жинайтын, камзол, көйлектік тәуір маталар сақтайтын сандығының түбінен шығып еді. Ескілікті Құран кітабымен бірге. Жұқалтаң, қатырма, сарғыш папкаға салынған, әрқайсы жеке бетке басылған өлеңдер топтамасы. Әбіштің өз қолына әкеп бердім. Өкінішке қарай, бұл қолжазбалардың ішінде «Махамбет» жоқ болып шықты. Дағдарып барып есіме түсірдім. Ол заманда мәшіңкеге бастырудың өзі біршама машақат, дәл кетерімде қайыра сұрап алып еді, әлдебір қажетіне қарай. Енді ескі жәдігерге айналған сары папканы өзіне тапсырып тұрып: «Махамбет» әуелгі нұсқасында сақталды ма?» – деп сұрап едім. «Өзімде де қалмапты», – деді. Байқауымша, Әбіш авторлық архивіне тым ықтиятты болмаған сияқты. Қолжазбасы жоғалса, қаншалық дәрежеде қалпына келді, әлде әуелгі нұсқа сол беті құрдымға батты ма – тағы да анығын айта алмаймын. Қазір қонысым мүлде алыстап кетті, аталмыш он екі томдықты кітапханадан болса да тауып алып, нақтылауға мүмкіндік жоқ. Менің осы орайдағы бар сөзім – Әбіштің ұлттық мұратты әйгілеген, ең алғашқы классикалық шығармасы туралы риясыз куәлік беру ғана.

*** 

Бірде Әбіш “Бірлестік Мұхтар Әуезовпен кездесу өткізсе, соған орай, алдын-ала сұрақтар дайындап берсек” деген ұсыныс айтты. Сауалдарын өзі ойлап құрады. Мен бірер үстеме жасадым ғой деймін. Кейбірін нақтылауда Қабиболла Сыдықов кеңес қосқаны есімде.Дайын сұрақтарды Әбіш корпустағы журналистика бөліміндегі машбюроға әкеліп, түртіп отырып баяу басып, бір бет қағазға түсірді. Енді мұны Мұхаңа тапсыру  оңай емес. Ондай кісімен ауызба-ауыз тілдесіп, қағазды беру үшін үлкен жүрек пен батырлық керек еді. Ақыры тәуекелге бел байлап Әбіш Мұхаңа барып сөйлесті. Кафедраға соға қалған бір жолы. Сұрақтарды тапсырдым, жауабын да алдым деп келді. Біз ұстаз өз жауабын ойланып-толғанып асықпай айтады деп ойланғанбыз. Алайда, Мұхаң сұрақтарға жауабын сол арада, қолма-қол жазып қайтарыпты. Біздің Әуезовке сұрақ бергеніміз, ол кісінің жауап қайтарғаны астана басылым орындарында тез тарап кетіпті. “Лениншіл жас” газетінің қызметкері Әбіш екеуіміз тұратын 2-линиядағы пәтерімізге арнайы іздеп келіп, Әбіштің қолындағы Мұхаң толтырған қағазын сұрап әкетті. Арада екі-үш күн өтер-өтпестен Әуезовке Әбіштің дайындап берген сұрақтары, оған Мұхаңның қайтарған жауаптары газет бетінде жарияланды. Әрине, бұл – үлкен оқиға еді. Біз үшін ғана емес, әдебиет үшін. Аз-маз ренжігеніміз, “Лениншіл жастың” өте көп білетін қызметкері, бәлкім редакторы екі жерде Мұхаңа түзету жасапты. Бірі – “Лев Толстой мен Шекспир” деген сөзде Шекспирдің есімін айғақтаған: “Лев Толстой мен Вильям Шекспир...”  Сөйлемнің әуезі бұзылғаны өз алдына, Арыстан Толстоймен қатар аталуға тиіс ұлы Шекспир біреу-ақ қой; оның үстіне Мұхаң ешқашан да Вильям деп, орысша жайдақтап айтпайды, ғылыми әдебиетте және академиялық басылымдарда ағылшынша дыбысталуына сәйкес – Уильям. Екіншісі – стильдік бүлдіріс еді, қазір нақты есімде жоқ, Мұхаңның интервьюін қадағалап оқысам, табар едім. Газет қызыметкері қағазды қайтарып әкеп берді, қазір ұлы Мұхаңның бұл қолтаңбасы Әбіштің жеке архивінде сақталса керек.

***

Сонымен, университет жастарының өміріндегі тарихи күн – 26 декабрь де келіп жетті. Тарихи ғана емес, дәстүрлі күн дер едім. Өйткені, Мұхаң дүниеден көшкеннен соң, шамасы жиырма-жиырма бес жыл бойы сол күні Қазақ университетінде ұлы жазушының құрметіне арналған әдеби кеш өткізу салтқа айналып еді. Бәлкім, біздің бүгінгі, дәл сол күнге жиналған естелік кешіміз бағзыдағы ұлағатты істі қайта жаңғыртар.1960 жылғы атаулы кешке университеттің бүкіл ұстаздары мен студенттер, астанадағы ақын-жазушылар түгел жиналды. Ілкіде Үкімет үйі болған, қазір Өнер институты, Бас поштамт қасындағы Бас корпустың бұрын мемлекеттік мәжілістер өткізілген сәулетті, акт залы лықа толды. Дәрежесі жоғарылау деген қаламгерлеріміз Мұхаңды ортаға алып, алдыңғы қатарға орналасып жатты.  Дәрежесі төмендеулер олардың артын ала, жан-жағын қоршай орналасуда.Кешті ұйымдастырып жүрген біздер асып-сасып қатты әбігерге түстік. Мені көзімен іздеген Әбіш жан-жағына қарғыштап: “Мұхтар, Мұхтар!” – деп қайталап шақыра береді. Мұны өзі деп білмесе де, түйеден түскендей қылып атап тұрған соң, Мұхаң қатты қысылған көрінеді. Оны байқамаған Әбіш атымды қайталай айтып, мені іздеуін қоймайды. Бұл ыңғайсыздықты бірден аңғарған Қадыр: “Мұха, Әбіштің Мұхтар деп шақырып тұрғаны өзінің досы. Ол да студент. Бүгінгі кешті ұйымдастырып жүрген жігіттердің бірі,” – деп түсіндіріпті. Мұхаң да сасқанынан: “Фамилиясы кім?” – деп сұрапты жалма-жан. “Мұхтар Мағауин”. “Е, бәлі, аты да фамилиясы да жақсы екен”, – деп қалыпты Мұхаң өзінің қысылуын жуып-шайып. Бұл әңгімені біз кеш біткесін, Қадырдың өз аузынан естідік.Өзі ақын, өзі сыншы, таланты ерте танылған Әбіштің жақсы, мазмұнды баяндамасы тұсында, жалпы бүкіл кеш барысында Мұхаң өзінің ішкі ризалығын жасыра алмай, жан толқынысын, шәкірттеріне мейірімді ыстық сезімін айқын білдіріп отырды. Бар болғаны жиырма жастағы Әбіш Кекілбаев та Мұхаң назарына осы жолы ілініп еді. Кейін бірнеше жерде, түрлі басқосуларда: “Өткенде жақсы кеш өтті; сонда Бірлестік атынан баяндама жасаған бір студент – аса талантты жігіт екен”, “болайын деп тұрған бала екен” деп Әбішті қайта-қайта есіне алып мақтапты. Бізге әуелде ұзынқұлақтан жетіп еді, кейін ғылыми жетекшім, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың аузынан нақты естідім.

Мұхтар Мағауиннің «Әбіш екеуміз» атты естелік жазбасынан

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan