Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
«Қазақ руханияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көрке...

07.03.2024 649

«Қазақ руханияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көркем әлемі» 6+

«Қазақ руханияты және Жүсіпбек Аймауытұлының көркем әлемі» - adebiportal.kz

Биылғы даталы жыл Жүсіпбек Аймауытовтың өмірге келгенің 135 жылы толуына байланысты алғашқы конференция ҚР ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды. Конференцияға белгілі ғалымдар мен  студент жастар қатысты. Біз төменде сол конференцияда сөйлеген ғалымдардың пікірін сөзбе-сөз беруге тырыстық.

Әуелгі сөзді  ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы алды.

- Құрметті азаматтар, ғалымдар, мамандар, студенттер, жастар бүгін еліміздің төріндегі елордамыздың қасиетті шаңырағы академиялық кітапханада мәдени, рухани шара өткелі отыр. Бұл шара қазақ әдебиетінің классигі, белгілі драматург, Алаш тұлғасы Жүсіпбек Аймауытовтың 135  жылдығына арналып отыр. 

Жүсіпбек Аймауытов  шығармашылығы неге бүгін көкейкесті, Жүсіпбек Аймауытов мұрасы неге біз үшін маңызды деген ой туралы пікірді айтып кетсек. Бірінші, Аймауытов мұрасына маңызды болатын себебі: тарихымызға, руханиятымызға қайта қарап, түгендеп жатырмыз. Қазақ руханияты мұхит болса, сол мұхиттың үлкен арнасы - Жүсіпбек Аймауытов. Жүсекеңнің шығармашылығында ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен ізденіс іздері жатыр.  2020 жылы елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия құрылды. Былтыр желтоқсанда соның жұмысын қорытындыланды. Көптеген жұмыс атқарылды, қаншама құжаттар қаралған, қаншама құжаттар құпиясыздандырлыған болатын. Сол құжаттың бірінен Жүсіпбек Аймауытовтың «Тез өлмеңдер» деген мұрасы шықты.  Ол мұраның мәні: «Тез өлмен» яғни өлмеймін, мен өлмеймін, халқым өлмейді, ұлтым өлмейді", - деген ұғым. Салыстыра келгенде бұл туындының стилі ол кісінің поэзиялық мұрасымен, ойымен сәйкес келеді, сол дәуірдің үнімен үндеседі. Сөйтіп жаңа шығарма істі болған тұлғалардың қағаздарының арасынан шығып отыр. 

Екіншіден,  біз Жүсіпбек Аймауытовтың  романдарын, повестерін, қаншама әңгімелерін оқыдық. Бес томдығы шықты. Мұнда ол кісі репрессияға дейін неге атылып кетті деген сұрақ туады. Неге 37 жылы емес, 31 жылы атылды? Бұл туралы сол кездегі қарсы болған замандастары былай деп айтады: «Мына Аймауытұлын ешқандай ұстай алмайсың, айтып отырған нәрсесі соншалықты астарлы, ұстап отырсаң, екінші нәрсесімен құтылып кетеді. Мұншама қу адам бола ма?» - дейді. “Әңгімесінің бәрі астарлы”, - дейді. Бұл - Аймауытов шығармашылығының да ерекшелігі болып табылады. Жалпы көркем шығарма астарлы болуы керек. Көркем шығарманың үлкен функциясы -  терең ойды шыңырауға жасыру керек.  Келер ұрпақ құпиясын өзі табатын ойлар болады. 

Тұрсын Жұртбай, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, Алаштанушы.

- Қадірлі ағайындар, бүлдіршін балаларым! Қазақтың сөз өнеріндегі бірден-бір шұғылалы, ұшқынды адам болса, алаштың ішіндегі сөздің көркем сұлулығын алғаш дәм ретінде татырған адам болса ол - Жүсіпбек Аймауытов. Бір “Күнікейдің жазығының” өзін салқын суды ішкендей сылдыратып оқып шығасың. Айналайындар, үлкендер біледі, мен сендерге өзім қатысқан үш-төрт мәселені айтып берейін деп отырмын. Тақырыпқа байланысты қазақ руханиятындағы  Аймауытов жайлы сөйлейік. Бірінші: Репрессиядан кейінгі ең сорлы, ең тебінді тағдырды көрген - осы Жүсіпбек Аймауытовтың балалары. Ең соңғы рет 1930 жылы әскерлер вокзалды қоршап, вагонға 32 адамды салып әкетіп бара жатқанда, екі бала жүгіріп пойыздың артынан қалмай қояды. Олар - Жүсіпбектің Жанақ пен Бектұр деген балалары еді. Әсіресе, Жанақ пойызға жабысып тұрған. Сонда ар жағынан Міржақып көріп тұрған екен, кейін ол кісінің айтуы бойынша: тордың ішіндегі Аймауытов жылап-еңіреп, балаларына үзіле қарап  кете барған. Содан кейінгі Жанақ пен Бектұрдың тағдырларын айтып отырсаң, адамның төбе құйқасы шымырлайды. Жендеттер әсіресе, Жанақты қатты ұрып, соққыдан өткізген екен. Өзі отты жігіт болған, соның салдарынан көзіне зақым келген.

Екінші: Аймауытовтың азаматтық қасиеті қай кезде көрінді? Бұл - 1921-1922 жылы қазақты басына төнген ашаршылық кезде айқындалған. Мына батыс облыстар: Орал, Қостанай, Торғай, Ақтөбе, Атыраудың шеті түгелдей ашаршылыққа ұшыраған. Меңдешовтың елінде тігерге тұяқ қалмаған. Сонда Әуезов орталық комитетте мәселе көтереді. Нәтижесінде қазақ қызметкерлерінің жеке жиналысында қаулы қабылдайды.  “Байтұрсыновты ел тыңдайды, мына солтүстік, шығыс облыстардан жылу жинайық”, - деп келіседі. Сонда Меңдешов: “Алашордашылар жылу жиып, өздеріне қаражат жиып жатыр”, - дейді. Аймауытов сол кезде Семейден екі рет мал жинап, он мың-он мыңнан жиырма мың ірі қара айдап апарған. Сонда ол кісі жирен атқа мінген екен. Сол кезде С. Сейфуллин, С.Шәріпов, Ә.Жангелдиндер арыз жазып, «Аймауытов өзінің Алашордашыларына және олардың туысқандарына мал жеткізу үшін Торғайға айдап әкетті. Кедейлерге таратқан жоқ», - деп сотқа тартқызады. Міне сол 21-22 жылдары 1 миллион 200 мың адам аштан өлген. Бұл - Өлкелік партия комитетінің Сталинге жазған 155 беттік есебі. Мен оны архивтен алып, көшіріп жарияладым, соның ішінде тұр. Ал, Жүсіпбектің үстінен арыз жазған себебі:  “Бұл жорға ат мінді”, - деген айып тағылып, екі жыл тергеудің астына алған. Аймауытов өзін-өзі қорғап шыққан. «Сонда мен жиырма мың малды кімге бөліп бердім, бір адам танымасам. Бір бала теңселіп отырып екпетінен түсті, жүгіріп барып соған сорпа бердім. Соған бір мал сойғызып бердім, менің рұқсатсыз сойғаным - сол. Қалғанын қағазбен өткізіп бердім. Ал, қағазбен бір-бірлеп беруге менің шамам жетпеді. Өйткені аш жұрт айдап барған малды табан астында пышаққа іліп, бөліп әкетті. Ал, жирен ат туралы: енді мен жиырма мың сиырды күшті ат болмаса қалай айдап жүремін?» - деп жауап берген екен. “Иә, бір жирен атты алған шығарсың, ол туралы ән шығарыпсың ғой?” - деп сұрайды қаралаушылар. Сол сұраққа негіз болған, осы саапарда туған ән - атақты «Екі жирен»  еді.

Үшінші: «Алқа» деген үйірме ашып, «Табалдырық» деген бағдарлама жазған. “Үлкен-үлкен мәдениеттің арғы тегі - көркем әдебиет”, - дейді екен. Осы талдауды біздің әдебиетімізге әкелген - Жүсіпбек Аймауытов болды. «Алқада" былай деп көрсетеді: «Әдебиет, көркем шығарма - өзі көркем болу керек. Көркем идеясы ұлттық тілде жазылуы керек. Біз қазақпыз. Шығармада адам тағдыры бірінші тұруы ләзім. Ал, тап дейсіңдер, ұлт бір ғана таптан тұрмайды, идеализм дейсіңдер. ол бір ғана шындықтан тұрмайды. Ал, социалистік құрылысқа біз әлі кірген жоқпыз, сонда қайдағы социалистік реализм болады? Шығармаға бірінші талап - ол көркем болуы керек. Ол бір шындықты емес, көп шындықты білдіреді. Социализмге табалдырық басқанымыз жоқ, қайдағы социалистік реализмді аламыз?» - деген екен. Міне, Жүсіпбек сол үшін алғашқы бес адамның бірі болып, тектен-текке өзінің шәкірттерінің арандатуымен атылып кетті. 

Мен «Күнікейдің жазығын» 1969 жылы оқыдым. Егерде «Күнікейдің жазығы» қатарлы шығармалары қазақ әдебиетінде ашық оқылып, жазушылар сол бетінде іргелесіп кеткенде біздің қазақ әдебиетінің ішкі көркемдік дамуы кем дегенде 30 жыл ілгері кететін еді. Біз Жүсіпбекті қаншама тұншықтырдық, соншама  уақыт қазақ әдебиеті кейіндеп қалды. Мысалы, психологизм, қос жарылу деген нәрсе біздің прозаға сексенінші жылдары кіре бастады, оған дейін жоқ болатын. 

Айгүл Ісмақова, филология ғылымдарының докторы, профессор 

- Жүсіпбек Аймауытов екі роман жазған: «Ақбілек» 1925, «Қартқожа» 1927 жыл. Екі романның да бас кейіпкері - қазақтың баласы. Қартқожа - ауылдың баласы. Аты айтып тұрғандай, қара қазақ. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы кішкентай қазақ баласы отбасында қалай тәрбие алғанын жазады. «Қартқожа - Жүсіпбектің өзі", - дейді Ғабит Мүсірепов. Әуелі сауатын ауыл молдасынан ашады. Мектепті төрт-ақ жыл оқыған Жүсіпбекті қараңыздаршы: өмірге екі классикалық роман мен қаншама әңгімені, повестерді береді. Жүсіпбек Шымкентте ұстаз болып жүргенде «Ақбілекті» жазған кезін Мәшһүр Жүсіпке хатында былай айтады: «Мен екі ай болды ,таңертең тұрамын, педтехникумде сабақ беріп келемін. Сағат үште  жұмыстан келгеннен кейін тамақ ішіп алып, төрт-бесте екі сағат мызғып аламын. Содан кейін кешкі бестен таңғы беске дейін роман жазамын." Ол романның сюжетінде: “Қазақтың жерін көмірдей басып ақтар өтті”, - деп бейнелейді. Мұндағы “көмірдей басып” дегені - қызылдан қашқан ақ әскерлерінің жерді өртеп, елді тонап, зорлық пен зомбылық жасағанын жазып жатырмын деген еді.

 Конференция соңында еліміздегі белгілі жүсіпбектанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек өзінің ғылыми диссертация қорғаған тақырыбына байланысты, Жүсіпбек Аймауытовтың өмірі мен шығармашылығы және кейінгі ұрпақтары туралы айтып өтті. Жазушының өмірі мен жазған дүниелерінің қалай ақталғанына байланысты өте құнды, мол мәліметтерді айта кетті. Конференцияға қатысушы студент жастарға тың ақпарат, жаңа мағлұматтар берді. Бұл деректер арқылы Жүсіпбек Аймауытовтың сан қилы тағдыры туралы мол деректер алғаны сөзсіз. Конференция Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3 курс студенттерінің Жүсіпбек әлеміне  тұңғыш бойлаған лебізді мақалаларымен тәмамдалды. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар