Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Қазыбек Иса. Ғасырда бір туылар ғажап ақын...

27.06.2023 1698

Қазыбек Иса. Ғасырда бір туылар ғажап ақын 14+

Қазыбек Иса. Ғасырда бір туылар ғажап ақын - adebiportal.kz

МАҒЖАН ЖЫРЛАРЫН ЖАТҚА ОҚИТЫН ТҮРІК АРУЫ

Кеше 2023 жылы 24 маусымда қазақтың ұлы ақыны, Алаштың ақиығы Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық тойы Солтүстік Қазақстан облысында дүрілдеп өтті. 

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы  Ерлан Қошанов бастаған  бір топ депутат Қызылжарға ақын тойына барып қайттық.

Мағжан еліндегі сапар Мағжанның туған жеріндегі Мағжан Жұмабай ауданы Сарытомар ауылындағы Мағжан аллеясына барып, құрбан шалудан басталды. 

"Ұлт мақтанышы" атты концертке ел көп жиналыпты. 

Алдымен С.Мұқанов атындағы облыстық драма театры әртістері Мағжан өміріне арналған қойылым қойды.

Салтанатты тойды  ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы  Ерлан Қошанов ашты.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берген Ерлан Жақанұлы еліміз тарихындағы Мағжан ақынның маңызды тұлғасына тоқталып, тереңнен толғады.

Осында келген кезде-ақ Ерлан Қошановты ел көргеннен қаумалап, ақ жаулықты аналар маңдайынан сүйіп, ерекше құрмет көрсетіп жатты.

Сөйтсек , Ерекең Мағжан еліне, осы ауылға жиен екен.

Нағашы аталары Мағжанның әкесі Бекенмен аталас болып шықты. Бұны жақсы білетін айтыс ақындары кейін жыр шумақтарына да сәтті қосып жатты. Көсіліп, шешіліп, шешен сөйлеген, Мағжан ақынның тұлғасын кестелі тілмен кескіндеп берген  Ерекеңе қарап: “Ер нағашысына тартады”-деген осы екен ғой дедік.

Алаштың ақиығының тойына айрықша дайындалып, жоғары деңгейде өткізіп жатқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Айдарбек Сапаров ақынның 130 жылдығына арналған кешенді шаралардың мәнін ашып көрсетті.

Түркиядан осы тойға арнайы келген Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы,  Алаш арыстарын зерттеуші, мағжантанушы Хулия Касапоглу Ченгел ақын өлеңдерін қазақша да, түрікше де жатқа айтты. Мағжан тойына осымен екінші рет келіп отырған түрік аруы  Алаш рухы, Тұран бірлігі тұрғысынан сөйлеп, қазақ тілінің қуатын жоғары бағалап, ел рухын көтеріп жіберді.

 

АЙТАРЫ МОЛ АЙТЫС

Тойдың құрметті  қонақтары ішінде қазақтың көрнекті қаламгерлері Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлкен, Құлбек Ергөбек, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегмановтарды көріп, хал-жағдай сұрасып қалдық. 

Айтыскерлерді аймаңдай ақын Жүрсін Ерманның өзі бастап келіпті. Денсаулығына да қарамай Мағжан ақынның әруағын тербетіп келген Айтыстың атасына ел риза болып жатыр. Біз де сәлем беріп, Алладан шипа тіледік.

Әділқазылар алқасын Жүрсіннің өзі басқарып отыр екен. Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай мен Ринат Зайытов та айтыстың басы-қасында  жүрді. 

Екі күндік айтыстың ақтық сынына 12 ақын шығыпты. Алғашқы жұп Шұғайып Сезімхан мен Рүстем Қайыртай әдемі айтыс үлгісін көрсетті.

Шұғайыптың: “Мемлекет сыйлығы ұлы Абайдың атында. Ал “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына “Мен жастарға сенемін!”-деп өткен, Абайдан кейінгі ақынымыз Мағжанның атын неге  бермеске?”- деп орынды ұсыныс айтты.

Ал Рүстем Қайыртай болса, “Мағжаннан бастап Алаш арыстарының әрқайсысына ескерткіш қою керек!”-деді. “Ақ жол” партиясы бұл маңызды мәселені парламентте 16 жылдан бері көтеріп келе жатқандықтан, екі жыл бұрын ғана “Алаш арыстарын ұмыту - саяси әділетсіздік!”-деп депутаттық сауал жасағандықтан біз ақынның айтқанын қуана қолдадық.

 

ДЕПУТАТТАР ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЙТЫС

Екінші жұп елге белгілі Еркебұлан Қайназар мен Мақсат Ақан бірден “құда болу” тақырыбын қозғап кетіп, содан  шиырлап шыға алмай қалды…

Әрине, ұзаққа шабатын, тереңнен толғайтын, кестелі тілді ерен жүйрік Еркебұлан мен тапқырлығы жететін,  әзілдің майын ішкен майталман Мақсаттың тар тақырыпқа қамалып, “құйрық-жамбастан” аса алмай, бауырларын жаза алмай қалғаны өкінішті болды.

Жоспарлы уақытымыз тығыз болғасын, бізге екі жұп ақынның айтысын тыңдаған соң қайтып кетуге тура келді. Жолда көлікте келе жатып, парламенттегі екі ақын, Жанарбек Әшімжан екеуміздің де  әңгімеміз  осы айтыстағы “құдалық” тақырыбы болды.

-Қос ақын құдалық тақырыбының құрсауынан шыға алмай қалғаны қиын болды. Екеуі де жүйрік ақындар еді. “Құдалықты қояйық, елдің жағдайын жырлайық” деп ол тақырыптан оңай шығып кетуі керек еді,-дедім мен өкінішімді жасыра алмай.

-Иә, дұрыс айтасыз, солай ету керек еді.  Өзіде құдалықтан көрген жоқпыз ба көресіні!?.-деп қостай кетті Жанарбек.

Содан соң көп кідірмей, сөзін өлеңге айналдырып жіберді.

Алдында  екі жолын айтты да, кейін тағы екі жолды қосып, бір шумақ өлеңді айта жөнелді:

- Мағжандай ұмытылмас ер есімі,

Жырламайды ақындар неге осыны?

"Құда, құда…" деп тіпті қоймады ғой,

Құдалардан көрдік қой көресіні… -

деп, бір қайырып тастап, жалғасын күткендей маған қарады.

Мен де аузыма келіп қалған жыр жолдарын осы ұйқаспен жалғастыра жөнелдім:

- Айтылмады биліктің неге шыны?

Сабақ ету керек қой ел осыны.

Құдай көрді көз жасын қазағымның,

“Құдасыз” ғып берді ғой келесіні! -

деп түйіп жібердім.

Жанарбек қатты риза болып, күліп жіберіп, қолымды алды.

- Жаңа сахнаға домбыра ала салып екеуміз шығуымыз керек еді, Қазаға!-деп, марқайып қалдық. 

Айта кетейік, дүбірлі аламан айтыстың бас бәйгесін Шұғайып Сезімхан жеңіп алды. Оған темір тұлпардың кілтін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы Мереке Құлкен тапсырды.

 

“АҚ ЖОЛ” МАҒЖАНҒА АРНАЛҒАН МҮШӘЙРА ӨТКІЗЕДІ

Қызылжар өңірінің табиғаты керемет! Сыңсыған қалың орман мен көгарай шалғынға оранған көркем өлкенің көркіне көз тоймайды. Астанадан бірге келген Солтүстіктік депутат Дмитрий Колода жол бойы елді мекендермен таныстырып келді.

Бізден бір күн бұрын келіп алған Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Еркебұлан Мәмбетовтер тойдың ортасында ел ішінде жүр екен. 

Дастархан үстіндегі сөзімде мен:

- Жаңа кіл жүйріктер сайысқа түскен айтысқа “Аманат” партиясы қолдау жасап жатыр екен. “Ақ жол” партиясының Алаш тақырыбын парламентте жүйелі көтеріп келе жатқанын жақсы білесіздер. Алашқа арналып, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлылардан бастап, бірнеше рет мүшәйра өткізгенбіз. Енді міне, алда Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған республикалық мүшәйра өткізетінімізді мәлімдейміз. “Мағжан ақынның тойына бара жатырсыз, елге Алаштың ақиық ақынына арналған республикалық аламан жыр бәйгесін өткізетінімізді хабарлаңыз”-деген “Ақ жол” партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың сәлемін жеткіземін, - дедім.

- Дұрыс болыпты. Бұл қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжанға деген зор құрмет болар еді, - деді Ерлан Жақанұлы.

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров:

- Егер сіздер Мағжанға арналған мүшәйра өткізсеңіздер, онда Мағжанның туған елі біздің облыстың атынан  бір жүлдесін біз тігеміз!-деді.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи де қарап қалмады:

-Мағжанның біздің Шығыс Қазақстан облысына да қатысы бар. Түрмеден бір босағанда біздің Зайсан ауданына келіп, ауылда мектепте мұғалім болған. Сонда сол ауылдың атын “Қуаныш” деп Мағжанның өзі қойған екен. Біздің Зайсан ауданы әкімдігіне де айтамыз, мүшәйраға үлес қосып, бір жүлдесін көтереміз-деді.

Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Искандеров те бірден қолдайтынын айтып, тілектестік білдірді.

Мүшәйраны жарияламай жатып, бір облыс әкімдігі мен бір аудан әкімдігі жүлдесіне ие болған біздің көңіліміз де көтеріліп шыға келді.

 

МАҒЖАНҒА ОТЫЗ ЖЫЛ БҰРЫН ЖАЗЫЛҒАН ЖЫР

Мағжан тойында есіме түсіп отыр, 1993 жылы Мағжан Жұмабайдың 100 жылдығына арналып, республикалық мүшәйра болды. 

Бұл Алаш арыстарымен бірге Мағжан Жұмабайдың ақталғаннан кейінгі алғашқы дүбірлі шара еді.

Сол кезде бүкіл ақындар ат қосқан мүшәйраға мен де бір арнау жыр, екі еркін тақырыптағы өлеңмен қатысқан едім. Жазушылар одағының Әдебиетшілер залында өткен мүшәйраның әділқазылар алқасының төрағасы арқалы ақын Ғафу Қайырбеков болды.

Біз де Арнаулы жүлделерінің біріне ие болдық. Бірақ мен үшін ең үлкен жүлде Ғафу Қайырбековтың менің өлеңдеріме берген бағасы болды.

-Қазақ поэзиясындағы дүлдүл лирик ақын Мағжанның ізбасарларын көріп қуанып отырмыз.  Мағжан махаббаттың жыршысы. Жаңа жыр оқыған  талантты жас ақындардың ішінде Қазыбек Исаның мөлдіреген махаббат лирикасын көріп, бүгінгі Мағжанның ізбасарларын көргендей болып отырмыз,-деп, “Аурухана маңында” атты өлеңімнің бір шумағын мысалға келтірді. Тарлан ақынның талғамы мен таңдауына іліну менің поэзияма берілген үлкен баға болған еді.

Бүгін енді, 30 жылдан соң, Алаштың ажары асқан жерұйық жерінде, Абылайдың ақ ордасы тігілген Қызыр аралаған Қызылжарда, Солтүстікті жылытып өтіп жатқан ұлттың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайдың 130 жылдығына арналған тойда сол кезде жазылған арнау жырымды қайта жариялаудың сәулелі сәті келіп тұр.

 

МАҒЖАНҒА 

Ақтаңдақтар шындығын ашқан әрең, 

Кезде ғана сені оқи бастаған ем... 

Көз алдымда көрініп көркем дүние, 

Ашылды бір аспани асқақ әлем. 

 

Күміс шекті күй тартып домбырамен, 

Күллі әлемді көңілге қондырар ең. 

Батырады тұнықтық тереңіне, 

Шақырады алысқа мөлдір әлем. 

 

Бойлағанда жүректің сырына шын, 

Махабаттың не екенін ұғынасың. 

Тұла бойды отқа орап бара жатыр, 

Тұма жырлар ойы мен мұңы басым. 

 

Келсе дағы берілмей бағаң бірақ, 

Бүгін, міне, барасың ғаламға ұнап. 

Дүркіреткен дүниені дүбірімен, 

Түркі біткен түреді саған құлақ. 

 

Зар мұңыңды заманың түсінсе еді, 

Болмайды ма құрсау мен қысым шегі?.. 

Қиянатқа байлады қимас елің, 

Қияға ынтық болғаның үшін сені... 

 

Көтерілер биікте қыран ғана, 

Көріндің де, айналдың жыр арнаға... 

Ғасырда бір туылар ғажап ақын, 

Ғасырыңды тойлауда Тұран-дала. 

1993 жыл.

 

Қазақ Елінің Тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болған Алаштың ақиық ақыны  Мағжан Жұмабай қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.

Қазыбек ИСА

24 маусым 2023 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар