Саян Есжан. Құмдағы хикая

Ел тәуелсіздігін жариялаған жылы дүниеге келген ұрпақ бүгінде ер жетіп, ел сөзін сөйлейтін буынға айналды. Ал әдебиетке келген жас қаламгерлердің арасында өзіндік үні мен қолтаңбасы қалыптасқан талантты ақындар да біршама бар. Солардың бірі – Саян Есжан.

Саян 1991 жылы Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Түлкілі ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, QALAMDAS әдеби байқауының жеңімпазы. 2025 жылғы Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері. «Іңкәр», «Жайық жырлары» атты жыр жинақтарының авторы.

Бүгін Саянның “Құмдағы хикая”  атты микро-поэмасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

24

Саян Есжан. Құмдағы хикая - adebiportal.kz

(микро-поэма)

Әлденені күбірлеп,

Бала жатыр аңызақта дірілдеп.

Қошалақтың теріскейі.

Жалғыз там.

Айналада дүбір түгілі, уіл жоқ.

 

Күннің қызыл кірпігі де жабылды,

Қу жоталар... күрең түсті жамылғы.

Кеш бәрін де жамылғыға орады —

Он шақты үйді,

Кең алапты,

Қабірді.

 

Бұл жалғыз там ауыл жақтан шет қонған,

Ал әрірек тыныстайды топ қорған.

... Көне дәуір картинасы бұл ауыл,

Көне ғасыр кескіні нақ сақталған.

 

Айналасын қалың шағыл қоршаған,

Шағын ауыл өз-өзінен шаршаған.

Бұл мекенге оралмайды кеткендер,

Бұл мекеннен кете алмайды келсе адам.

 

Құмда мынау сақталған-ды сан аңыз,

Толқығанда шертеді оны жел-абыз.

Туған шақта сұлу көктем, көкөрім —

Тұнған шақта шық көзіне қара күз.

 

Тылсымы да, мың сыры да көп елдің,

Арасында алаң менен елеңнің.

Атар таңға, батар күнге дұға оқып,

«Сақта!» — дейді,

Бізді осы елде көбі ердің.

 

... Сақ-сақ күлер бір пәлекет бар құмда,

«Кеше көргем», 

«көргем мен де алдында...»

Мың хикая айтылады күн ұзын,

Сайтан сарай соққан сынды дәл мұнда.

 

«Қуаң дала,

Қу медиен,

Тұл дала,

Орпа ішіне құлап қапты бір бала.»

деп бөсті жұрт:

«Ол Аңсаған екен ғой,

Шалық басып, меңдеп апты бір қара.»

 

Түрлі-түрлі бояуға еніп еңіс, қыр,

Ел дұғасы оқылғандай теріс бір.

Дүйім жұртты сақтағанда бір дұға,

Аңсағанды сақтамаған не күш бұл?!

 

Кешқұрым шақ.

Аунар шақта еспе құм

Күнбатысқа әже жайды қос қолын,

«Аңсағаным аман болсын!» — деді де,

Күншығысқа бұрды кенет сесті өңін.

 

...«Күншығысқа сайтан кешке көшеді,

Құм құлазып, 

қалар бәрі – бос, өлі.»

... Дәл осылай жұбатты өзін кейуана,

Дәл осылай күнді еске алып кешегі.

 

Меңіреу қарағай қабағындай қаралы,

Терезеге осы сәт Түн тамады.

Жалғызына қарай-қарай көз талып,

Жұмылыпты әжесінің жанары.

 

... Әлденені күбірлеп,

Бала жатыр төсек тартып, дірілдеп.

Қарға-қанат көлеңкеге жұтылып,

Құлағына сыбырлайды бір Үн кеп...

 

ІІ

Құм ішінде шаһар салып, қоршаған,

Жыңғылды ат қып мініп ойнап, шаршаған.

Кесірткені азық қылып жыланға,

Қызық көріп, түрткілейді Аңсаған.

 

Жалғыз тамның үсті қамыс, сар сабан,

Ауладағы жақтау — жыңғыл, аршадан.

Осы тамның ең кішкентай тұрғыны,

Ерке бала, елік бала — Аңсаған.

 

Әжесінен тақпақ, қисса, қонса да ән,

Күнделікті тез зерігер ол содан.

Бар жұмысы — ауыл кезу, құм кешу,

Секіру мен жүгіру бар, арсалаң.

 

Күн ұзаққа құм аралап ойнайды,

Күн ұзаққа ойынға бір тоймайды.

Күн ұзатып, ойын тауып жаңаша,

Ал іңірде терең түске бойлайды.

 

Түс көреді:

Жүреді екен жолда алыс,

Бір қараса, көз алдында көл, қамыс...

Жолда өлген ата-анасы жанында —

Ал Аңсаған бәріне де қолғабыс.

 

Бір қараса — орта толы, көп қонақ,

Үй ішінде — айгөлектер ақтамақ.

Бір үңілсе, атасы отыр пеш жақта,

Қызыл шоқтан тұрғандайын жоқ қарап.

 

Бір қараса — жалғыз өзі жапанда,

Су да, у да жоқ ештеңе татарға.

... Түс дегенің ғайып елі ме екен, ә?

Көзін ашса, ештеңе де жоқ, Алла...

 

Күн осылай кезекпенен келеді,

Әрбірінің бөлек алаң-елеңі.

«Бақыт деген — осы шығар?» — дейді үнсіз,

Сағыныштың ортаймайтын көлемі.

 

... Бала Аңсаған ортадан тек саяқ-ты,

Жетім болғаны үшін жейтін таяқты.

Кілең «батыр» қосқысы жоқ ойынға —

«Батыр емес» бұл бейбақты жай атты.

 

Талай рет көңілі қалып, қорланған,

Көшкен құмдай екілене, долданған.

Содан бері бөлек жүрді Аңсаған,

Көшедегі түрлі дау мен жанжалдан.

 

Түссе-дағы ішіне оның өрт ала,

Аяқ баса алмады бұл ортаға.

Ара-тұра ұрын қарап жүрді тек,

Анау қоңыр шеткі үйдегі қалқаға.

 

Алай-дүлей күй ішкі ‒

Жойқын толқын кеп ұрғандай мүйісті.

Топ жыңғылдың арасында бір күні

Топ баламен жолы тағы түйісті.

 

Бір қулықтың сезгендей-ақ боларын,

Жерге қадап тұрды Аңсаған жанарын.

Шеткі үйдегі қалқадан да қысылып,

Қайта-қайта тарта берді танауын.

 

‒ Ортамызда жүру үшін әй, бейбақ,

Дара саған қойғанмын бір жайды ойлап,

Нағыз батыр екеніңді дәлелде,

Батыр батыр бола алмайды ‒ қонбай бақ!

 

Батырға ұқсап, найза ұстап, байлап шыт,

Қажет емес Махамбеттей қайрап сұқ...

Қорым жақта қара ешкі бар ‒ делқұлы

Мықты болсаң, сол ешкіні айдап шық.

 

Нығарлады сөзді осылай Атаман,

(«Атаман» деп ортасы оны атаған.)

«Бәсті жеңсең, бәріміз де берерміз, 

Саған бір-бір сақадан,

Қара ешкіні қайыра алсаң егер де,

Атанасың біздің жаңа Атаман.»

 

Қиқар бала сөзді осылай қайырды,

Жалаң қолмен ұстағандай жайынды,

Мәз боп тұрды, көкке жетіп танауы,

‒ Не болса да, түбі болсын қайырлы!

 

Ал келістік, деді Аңсаған үрейлі.

«Қайдан ғана құптап едім бұл ойды?

Не болса да тәуекел» деп ішінен,

Орынына қоймақ болды дүлейді.

 

... Ел шығарған қаңқу еді қара ешкі,

Мұндай сөзге зеріккендер әуес-ті.

Көрген жанды айырады ақылдан,

Зәре-құтты қашырады,

бар есті.

 

Дәл осылай деседі ел,

Неше бейіт көрген сынды, неше көр,

Әркім осы бөседі ғой өзінше,

Әй, есер десең ‒ есер ел.

 

... Бала Аңсаған бейіт жаққа беттеді,

«Барма!» деп те тоқтатқан жан жоқ-ты оны.

Қызық көрген бір топ қалды сыртында

Шеткері.

 

Қарауытып көз алды,

Бейбақ бала бір қызарып, бозарды.

Жүрек тулап, қазір ұшып кетердей ‒

Таңшымшықтай талдан ұшқан азанғы.

 

Сәлем, сәлем,

Өлілердің әлемі!

Үнсіздік пен тұнжыр күйдің әуені.

... Сансыз аруақ Аңсағанға қарап тұр,

Көрмейді ғой, ол оны.

 

ІІІ

... Кіл қарагер өткен сынды дүбірлеп,

Құлағында ұзақ тұрды дүбір көп.

Қошалақтың теріскейі.

Жалғыз там.

Бала жатыр төсек тартып, дірілдеп.

 

Құлынының күйін ойлап дерт шалған,

Кейуананың көңілін қара өрт шалған.

Жарық күннен үміт үзбеу үшін де,

Төрт жағына жарық қойды төрт шамнан.

 

Сандырақ пен тылсым күйге ұйып маң,

Аңсағанға қарап әлем бұйыққан.

... Ақ бұлттарын ширатады дәл қазір,

Ақ бозасын көк аспанға құйып таң.

 

Тыншып дүние дабыра мен дабырдан,

Тыншығандай бала ‒ түнде ауырған.

... Көзін жұмса баратады қорымға,

Көзін ашса, келеді үнсіз қорымнан.

 

ІV

Изен жапқан сұр соқпақ,

Жол көрсетер қалпын әлі тұр сақтап.

Өзгермейді, жалғыз аяқ бұл бедер,

Құйса-дағы жаңбыр тіпті, бұршақтап.

 

Белгісіздік, үрей қонып санаға

тұрғанымен маңызды емес балаға.

Маңыздысы ‒ батыр болу, бәс жеңу ‒

Шаруасы жоқ оның қалың молада.

 

Қысыр сөзге неге осы жұрт әуес-ті,

Ал қайда әлгі қара ешкі,

Айыратын ақылдан,

Шығаратын бар есті?

 

Бұл арада жоқ тіршілік, жоқ қыбыр,

Жоқ Періште,

Жоқ еш тылсым,

Жоқ Қыдыр.

...Әр бейіттің басын шалып, қарады,

Ал батыста нарттай жанды отты іңір.

 

«Қой, қайтам!» деп тұрғанда,

Бір қара ешкі бақылдады құм жалда.

Қорымда емес, қырда екен ғой сол ешкі,

Солай қарай жалма-жан ол зырлауда.

 

Кек кептеліп тамағына бұрынғы,

«Батыр болу үшін» бала жүгірді.

«Қош» демеді мылқау жатқан молалар,

Күміс айға құйып алған іңірді.

 

Күні бойы ауыл кезіп, шаршаған,

Қара ешкіге жақын қалды Аңсаған.

Бар есесі қайтатындай дәл содан,

Бар бақыты табылардай дәл содан.

 

Құйылғандай шәрбат кепкен аңқаға,

Жүрдек қиял қанат берді арқаға.

Тұяғына қолым жетсе, болғаны —

Қолым жетер қалқаға.

 

Бір мезетте шырмады оны небір ой,

Желіктірді түске де енбес желік ой.

Қара ешкіні қазір міне, алады,

Қара түнде жемтік ілген бөрідей.

 

... Кенет мұздай қол тигендей арқадан,

Қозғала алмай жатып қапты шалқадан.

Көз алдында шыр айналды дүние,

Елсіз ескі орпадан. 

 

V

Көкжиекте көлбеңдейді сары сағым,

Аспан ‒ ашық,

Дала ‒ сағым,

Жол ‒ сағым.

‒ Әлі қанша жалғасады аңызақ,

Аңызақтан кейін шіркін, жауса күн!..

 

Дәл осылай сыбырлайды Аңсаған,

Айналасын қалың елес қоршаған...

‒ Сәл, шыдашы, шыдай тұршы, жарығым,

Құлыным-ай, қалса аман

Қу жанымды берер едім мен саған! —

деп әжесі тілек тілеп Құдайдан,

Күні-түні уайым жұтып, мұңайған.

Салқын жүзін қайта-қайта өбеді —

Ақ жүрегін қара қанжар мұң ойған.

 

Діріл қағып, бала жатыр төсекте,

Ауа жетпей, алқынады қос өкпе.

Өңге қашан айналады бітпес түс,

Қарманады, малынғандай көшекке.

 

Қараңғылық жұтып нұрлы аңсарын,

Көз ұшында көлбеңдейді сары сағым.

Қанша мезгіл озғанын да білмейді,

Өң мен түске жұтылғанын қанша күн...

 

VI

Көкте қара бұлт ойнап,

Бұлт ішінде қара-жасыл жылт ойнап,

Мұнар жапты тұтас мылқау алапты,

Жел қоп-қоңыр әнін сол сәт шырқай қап...

 

Нажағай ойнап қанында,

Бұлт жайлатып құм төселген адырға.

Қарашықтан қара сұқты таныған,

Бақсы келді ауылға.

 

Балақайлар күллі ауылға жар салып,

Шықты алдынан қарсы алып.

Қызықтайды сиқыр жасап берердей,

Қара сумен қазір осы дем салып.

 

Аңсағанның үйіне үнсіз беттеді,

Ақ әжесі күткен еді көп тегі.

...Ғайып тілін ұғына алар осы жан,

Ғалам сырын түсіне алар көктегі.

 

Қаншама аңыз өрген құмда бұл жайлы,

Жұрт айтары ‒ тамыр ұстап, тыңдайды.

Аралайды алты айшылық жерлерді,

Қара көрсе жеңбей әсте тынбайды.

 

Көрген талай керге айналған кезеңді,

Дәуірлердің демін сезген ежелгі.

Дауылдарды тыншыта алар бір демде,

Бастауына кері ағызып өзенді.

 

Көше бойлап, бақсы тамға келді үнсіз,

Ал соңынан ерген шұбап ел де үнсіз.

...Қараңғылық табын сезді алдынан,

Тұла бойын тітірентіп жер нұрсыз.

 

... Там алдында от тұтатты, шоқ көсеп,

Жиырылды шоқ алдында көк көшет.

...Тұра қалды әлденені күбірлеп,

Тына қалды кеудедегі ет кесек.

 

Қара құждай қолы ұзын,

Ыңырантты бір сәт қоңыр қобызын.

Сүт пісірім шақта тамға жөнеді,

«Не істейді?» деп жиылғанның бәрі жым.

 

Үйір ойды кеп бұзғандай бір тарпаң,

Үйірілген ауладағы жұрт аң-таң.

...Бұрын-соңды естігені болмаса,

Бұрын-соңды көрмеген жан бұл қартаң.

 

Ел көрмеген жүзін көп

Бұлар үшін көрінді ол Қызыр боп.

... «Тәңір жар!» деп бақсы есіктен аттады,

Мойны қатпар, бұжыр бет.

 

Білу үшін жай-жапсардың әлібін,

Бақсы ұстады Аңсағанның тамырын.

«Қорықпа!» ‒ деп, маңдайынан сипады,

Басылғандай бір-ақ мезет шалық үн.

 

Аласынан ағы көп,

Көзі шапыраш бақсы сөзі дәрі боп,

Жүгіргендей тамырынан бір діріл,

Тарағандай жанға жалын, қарып от.

 

Қисаң қағып, айналғандай бүкірге,

Бақсы басты зікірге.

Сәлден кейін ыңырантты қобызын,

Бала жатыр келе алмастан түк үнге.

 

Зікірден соң шоқты әкелді бір күрек,

Суды әкелді,

Су кәусарын бүркімек.

... Кенет бақсы шырқап-шырқап жіберді,

Тұла бойын белгісіз күш сілкілеп.

 

Алды-артына қарамай,

Шырқағаны ‒ далдасы жоқ даладай.

Ал сәлден соң екілене қайырып,

Термеледі ‒

Қозғалғандай бала жай.

 

«Адыраспанның түбінде

Адырайған әулие,

Сүттігеннің түбінде

Сүмірейген әулие!

Аруақтармен таласпа,

Жын-шайтанды аласта!

Сүфит-сүфит, аласта!»

 

... Бақсы аузынан төгіліп тұр шымыр үн,

Салған сынды қаралыққа құрығын.

Томпайта ұрттап, суды бүркіп жіберді,

Шоққа түскен тамшы...

Бақсы...

Түрік үн.

 

Сипап қойып саусағымен салалы,

Үш қайтара ұшықтады баланы.

Жұлқынып кеп құя салды бар суды,

Шыжғырылды шоқ салынған қалағы.

 

Дуасы ауыр қаралықтан жымысқы

Құтылғандай сұрқай қою бу ұшты.

... Сол заматта көзін ашты Аңсаған,

Тарағандай қара термен у ішкі. 

 

...Күндер өтті, 

жылдар өтті нешеме,

Сыбыр да жоқ, сыбдыр да жоқ көшеде.

...Құйылып тұр көктен аппақ шұғыла,

Нұрланып тұр Тәңір жазған пешене.

 

 

VII

Желмен ойнап, 

ақ жалыннан от тарап,

Сәт сайын бір қараяды шоқта дақ.

...Елсіз жерде отты айналып бақсы жүр

Мезгілдердің арасынан жоқ қарап. 

 

Шоқты басып билейді,

аяқ – қара күс.

Шоқ шашады қолдарымен тарамыс.

...Зікіріне таңданғандай мына әлем

Зікірінен шыр айналып қара күш...

 

Ғайып тілі жетеді алыс құмдарға,

Долы күштің құдіреті бір қолда.

...Әмір айтып жұмсайды алыс шайтанды,

Жантаяды бұйрық беріп жындарға.

 

Елес кезген қаралықтың соңынан,

Бақсы жүрер шыққан жерде шалық ән.

Шоқ шашырап күс-күс қара қолынан,

Күшпен тартып белгісізді жалынан.

 

Тербетілген жандай алып қайықта,

Шайқалақтап барар Жемге, Жайыққа.

Үш-төрт қадам баса салып сіңеді

Ғайыпқа.

 

VIIІ

Талай тылсым сыр шертеді құмды алап,

Жүрегіңді шым еткізіп, мұңға орап.

... Мәңгілікке арбасатын күн мен түн

Кімге сор, ал кімге бақ?!

 

Уа, жолаушы,

Уақыт дейтін құмдағы!

Хикаялар таусылмайды қырдағы.

... Таусылмайды ақ пен қара күресі ‒

Адамдардың таусылғанша жылдары.

 

Сол бір күрес шымырлатар шын бойды,

Шарпиды үнсіз тауды, қырды, күнгейді.

... Сенесің бе, құмды кешкен қара ешкі,

Қазір мұнда жүр дейді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan