Сардар бітімді саңлақ тұлға (Есмағамбет Ысмайыловтың 115 жылдығына орай)
Əдебиет сыны мен ғылымындағы жарық жұлдыздардың, уақыт өткен сайын өр тұлғасы сомдала беретін дарындардың бірі – Есмағамбет Самұратұлы Ысмайылов. Өйткені оның бар өмірі мен өнерпаздығы қазақ əдебиет сыны мен əдебиеттану ғылымының өсіп-өркендеу, қалыптасу арнасында өтті. Сарабдал сынның сардары, ғұлама әдебиетші ғалым Е.Ысмайылов əдебиет пен өнер мəселелеріне түгелдей араласып, өзінің сүбелі ойы мен пікірлерін айтып отырды. Дəуір жүктеген талап-тілектерді абыроймен атқара жүріп Е.Ысмайылов қазақ ғылымына зор үлес қосты, əдебиеттанудың керегесін көтеріп, шаңырағын биіктетті. Өзінің орасан еңбекшілдігімен ел жүрегінен, тарих бетінен орын алды.
ҚазПИ-дің əдебиет факультетін 1934 жылы бітіргеннен кейін «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы, редакциялық алқаның мүшесі бола жүріп 1939 жылы КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалына ауысып, бірыңғай ғылыми зерттеумен шұғылдануға мүмкіндік алған. Аға ғылыми қызметкер, сектор бастығы, институт директоры, бөлім меңгерушісі болған Е.Ысмайылов қазақтың филология ғылымы мен оның арнаулы мекемелерін ұйымдастыруға көп үлес қосып, қазақ əдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тіпті бірегейі болды. Е.Ысмайылов əдебиетке өткен ғасырдың 30-жылдардың бас кезінде келді. «Он жылдағы олжа» мен «Алыптар» атты кітаптарға жазған рецензиялары «Еңбекші қазақ» газетінде, ал «Балалардың көркем əдебиеті – коммунистік тəрбиенің құралы» деген мақаласы «Пионер» журналында 1931 жылы жарияланып, қазақ əдебиеті сынына жаңа дарын именбей келе жатқанын аңғартты. 1934 жылы КСРО Журналистер одағы мүшелігіне қабылданған дарын «Тұлпар жыры», «Жігер жыры» мен «Жаз еркесі» атты үш өлеңдер жинағын шығарды. Бүкіл пионерлердің əніне айналған «Күн күлімдетіп, біз лагерьге барайық» өлеңінің авторы Е.Ысмайылов екенін қазір біреу біледі, біреу білмейді. Өз сөзімен айтсақ, «поэзиядағы азды-көпті шəкірттік тəжірибенің өзі сынға, əдебиеттануға келер жолдарды кеңейтіп жібергендей болған».
Есмағамбет Самұратұлы Ысмайыловтың таланты сан қырлы. Ол айтулы фольклортанушы, әдебиеттің теоретигі мен сыншысы, шын мағынасындағы, тарихшы-филолог әрі тәрбиеші-ұстаз еді. Ол әдебиеттің қасиетті табалдырығын аттағанда көкірегі күмбірлеп, қиял кілтін қолына алып, қияға самғап, ой мен сезім дүниесіне бойлап, халықтық сөз мұхитынан рухани нәр іздеп, жүзден аса жыр туындатыпты. Біржан сал туған топырақтан түлеп ұшқан оның ұшқыр қаламынан «Тұлпар жыры» (1933), «Жігер» (1934) және «Жаз еркесі» (1936) тәрізді жыр-жинақтары жарияланыпты. Үш жинағында 104 жыр-толғаулары енгізілген. Жас өнерпаздың өлең-толғаулары халықтық-поэзиялық дәстүр негізінде тоқылған. Мысалы:
«Темір тұлпар шар болатты
Тебіренгенде тау құлатты.
Тегеуіріні жел сілкінтіп,
Тербеп теңіз толқындатты!
Сол тұлпарға мініп алып,
«Шуу» деп алға ағындатты.
Қажымайтын қайсар алмас,
Тұяғымен тасты уатты.
Желдей есіп, гулеп тұлпар,
Желмаядай жортып қатты». («Темір тұлпар»).
Ал тақырып ауқымына келер болсақ, замана жайы, өндіріс ошақтары, тамылжыған табиғат, жастық дәурен сырлары, көңіл күйлері.
Е.Ысмайылов табиғатты суреттеуге бейім. Сұлу Көкше табиғаты кімнің де болса ой-қиялын қозғайтыны, сана-сезімін оятатыны ақиқат. Мысалы:
«Көрінсе Көкшетаудың сұлу көркі,
Көкала жасыл барқыт орман торғын.
Көлі айна, күміс бұлақ, жері жібек,
Аясын қоныстаған елі еркін». («Қара құдық»).
Қазақ даласында өндіріс ошақтарының пайда бола бастағанын былайша толғайды:
«Жансыз Арқа жүрегін,
Соқтырғандай қан беріп.
Тулатқандай тірлігін,
Көкірегіне жан беріп». («Қарағанды алыбы»).
Немесе:
«Бұлт пердесін сыпырып,
Күлмен қақты Күн-Ана.
Сағымдаған марғау,
Сапырылды сар дала». («Жалын»).
Өлең сөйлемдері поэзиялық сипатқа ие. Әсерлі, мәнерлі, жанды. Ақындық жүректен туғаны бесенеден белгілі. Әсершіл, қабылдағыш Есмағамбет Ысмайылов терең толғанып, кібіртіксіз төгіліп, ішкі сырларын ағытып, өлең-жырларына лирикалық сипат дарытады. Мәселен:
«Кейде өзіме сенбеймін,
Сірә, күшім шамалы-ау.
Кейде шалқып өрлеймін,
Сірә, жүрек жанады-ау.
Кейде құлаш сермеймін,
Сірә, қуат толады-ау.
Кейде жеңсік бермеймін,
Сірә, ойым саналы-ау». («Кейде»).
Я болмаса:
«Шындық сырды ақтарса,
Шешілер жүрек жұмбағы.
Толғындай күйді толғаса,
Төгілер жырдың шумағы». («Жұмбағым»).
Қанатты ақынның өрнекті, нақысты, ырғақты өлеңдеріне ән шығарылды. Мәселен, «Қарағанды пионерлеріне», «Тұлпарым», («Тайпалмалы» әнімен шырқалған), «Ауылымда-ай» («Гүлдарай» әнімен), «Жас жауынгер», «Біз пионер – жас батыр», «Жас шағым», «Егіске» («Шіркін-ай» әні бойынша) және «Заманның сайраған бұлбұлы». Әсершіл, қабылдағыш, суретті сөйлеуге бейім. Оның «Жас шағым», «Кейде», «Жүрек жұмбағы», «Жаз құшағында», «Досымның дәптеріне» секілді жырларының көркемдік кестесінде, поэзиялық құрылысында еленерлік ерекшеліктер бар. Солай десек те, өз мәртебесін биіктетпейтін, өз бойынан алабөтен қасиет іздемейтін сыншыл санаткер өзінің жинақтары хақында былайша ой түйіндейді: «Бірі – іздену, творчестволық барлау жасау, екінші – көркем әдебиетті эстетикалық тұрғыдан түсінуге база жасау».
Е.Ысмайылов әдебиеттану ғылымымен студент шағында-ақ шұғылдана бастаған. 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналының № 11–12 сандарында «Абайдың поэтикасы» (Зейін Шашкинмен бірігіп жазған) деген зерттеуі, сондай-ақ 1935 жылы қазақ ауыз әдебиетінің өркендеуіне Фирдоусидің тигізген әсері жөнінде, Шора батыр туралы және А.С.Пушкиннің «Евгений Онегинін» халық ақындарының қалайша жырлағаны турасында мақалалар жариялады. Сол кезде атақты тілші ғалым Құдайберген Жұбанов ҚазПИ-ді бітірушілер жайында жазған «13 жас күш» деген мақаласында Е.Ысмайылов бастаған бір топ қабілетті жастар қауымына ыстық лебізін арнап, осыларды «Біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған. Бұлардың әдебиет сыны жөніндегі мақалалары, өлеңдері, әңгімелері бар, баспадан шықты», – деп бағалапты. Ұстаздың көреген көзі көрнекті ғалымның болашағын қалайша дәл болжаған...
Қазақ кеңес əдебиетін жасаушылардың екінші буынымен үзеңгі қағыса келген Е.Ысмайылов көркем шығарманың ішкі сырына терең бойлап, жетістігіне қуана, кемшілігіне қатты нали пікір айтудан тартынған емес. Əдебиетті өрге өрлетуді көздеген өрелі мақсат тек шындықты айтқызып отырды. Шығарма шындығы мен шеберлік мəселелері сыншыны талай авторлармен алакөз де етті. Бұдан сыншының өз басынан гөрі əдебиетке түскен олжа əлдеқайда мол. Сондықтан да оның принципті сын еңбектері əлеумет назарын өзіне аударып, мезгілінде əділ бағасын алып отырды. Дəуір талабын жыға түсініп, оның шын сырын ашу сыншы парызы екенін түсінген Е.Ысмайыловтың отызыншы жылдардың ортасында «Əдебиеттегі формализм мен натурализмге қарсы», «Əдебиеттегі натурализм» атты мақалалар жазған кезде шығармашылық беті əбден айқындалды. Шынында да, жас сыншы Бұл мақалаларында формализм мен натурализмнің туу себептерін аша келіп, оның қазақ əдебиетіндегі көріністерін атап-атап көрсетті. Сəкен Сейфуллин, Тайыр Жароков, Əбділда Тәжібаев өлеңдеріндегі формализмнің, Бейімбет Майлин, Сəбит Мұқанов, т.б. прозалық шығармаларындағы натурализмнің көріністерін дəл тауып, сендіре сынады. Əдебиетіміздің өркендеуіне үлес қосып отырған дарындарды жалған жасандылықтан сақтандырып, көркемдік шеберліктің арналарын меңзеді, өмірді шын мəнінде бейнелеудің айқын жолын, айла-амалын эстетикалық сауаттылықпен нақтылай көрсетті.
Қазақ əдебиетінің 30-жылдардағы ірі табыстарының бірі – роман жанрының қалыптасып игерілуінде, халық өмірін кең түрде бейнелеудегі стильдік ізденулерде С.Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романы ұнамды үлгі көрсетіп, көркемдік шеберлікті игерудегі ірі жеңістердің бірі ретінде кезеңдік (этапты) шығармаға айналғаны бəрімізге белгілі. Осы түбегейлі тұжырымды алғаш айтқан жəне «романда тарихи өмір бейнесі кең, көп салалы өрісте көрінгенін», барынша көркем, асқан шеберлікпен жазылғанын баяндаған Е.Ысмайылов болды.
1944 жылы жазушылар мен ғалымдардың жиналысында Е.Ысмайылов «Абай» жəне роман туралы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Бұл ұлы шығарманың қадір-қасиетін анықтауға бағытталған алғашқы қадам еді. Сыншы алдымен жалпы романның қазақ əдебиетіндегі орнын анықтап, тарихи романдардың жазылу ерекшелігіне, алғышарттарына тоқталып, реализм принпиптеріне негізделген шығарманың қадір-қасиетін атап көрсетті. М.Əуезовтің жазушылық диапазонының, қамтыған объектісінің кеңдігін, оны оқушыға жеткізу үшін талай шеберлік амалдарын іздегенін ашып берді. Абай мен Құнанбай образын əңгімелегенде олардың арасындағы тартыстың үлкен əлеуметтік мəні бар екенін дəлелдеді.
Жазушының əке мен бала қарым-қатынасын диалектикалық тұрғыдан шешуі – бұрын-соңды қазақ əдебиетінде болмаған құбылыс екенін атап көрсетті. Романның қазақ əдебиетіне əкеле жатқан ұлы абыройының алғашқы нышандарын сыншы дұрыс аңғарып, оны жетілдіре түсуге қажетті деген сыни ойларын айтудан да тартынбады.
Жеке рецензиялармен қатар проблемалы мақалаларды көп жазған Е.Ысмайылов əрқашанда бүгінгі əдебиетіміздің даму бағытына, əрбір дарынның шығармашылық кемелдену шағына, өнерпаздық ерекшеліктердің əдебиетімізге əкелген сонылығына қарай ой толғап отырған.
Сыншының негізгі бағытын, эстетикалық қалыптасқан көзқарасын айқындайтын мақалаларды, қазақ əдебиетінің табиғатын жыға танытатын нəрлі еңбектерді əр кезеңде өндірте жазып отырғаны мəлім. «Еңбек адамдарын бейнелеу мəселесі», «Көркемөнердің терең тамыры», «Қазіргі əдебиеттану мəселелері», «Қазақ əдебиетінің халық поэзиясымен байланысы», «Халық өмірінің энциклопедиясы» сияқты сүбелі де қомақты еңбектерінде қазақ сыны мен əдебиеттану ғылымын өркендетуге қажетті шарттарды анық көрсетіп, даму жөн-жобасының жүйелі арнасын дөп меңзеді.
Е.Ысмайыловтың сыншылық қаламының бір ерекшелігі – əдеби даму процесін жалпылай əңгімелегенде əрбір ақын-жазушының шығармашылық тұлғасын көппен бірге араластырып алмай, ол əкелген жаңалықты, өнікті тəжірибені таңбалай, айшықтап көрсетсе, ал жеке ақын-жазушының шығармашылығына талдау жасағанда оның өзіне тəн қасиеттерінің жалпы əдеби дамуға қалай жанасып, толықтырып жатқандығын аңғартып отыруы дер ем. Сондықтан жалпының жалқыдан, жалқының жалпыдан даралана көрінуіне айрықша зер сала білген сыншы пікіріне қаламгерлер əрқашан құлақ қойып отырды. Мұның өзі сыншылық ойдың базары болуына жағдай жасап, жауынгер жанрды дамыта түсуге əрқашан мұрындық болды.
Қазақ ақындарының шығармашылығы туралы Е.Ысмайыловтың арнайы мақала жазбағаны аз. Оның ішінде жаңа əдебиетіміздің негізін қалаған Сəкен, қазақ поэзиясының шоқтығын бір көтеріп тастаған Ілиястан бастап кейінгі толқын Еркеш Ибраһимге дейін Есмағамбет қаламының жанға жайлы жылы лебізін де, сонымен қатар кем-кетікті оттай тіліп өтетін жалынды сындарын да естіген, оқыған болатын. Көркемдік шеберлік мəселесі əрқашан ағынан жарыла, қара қылды қақ жара айтуды тілейді. Шындықты ардақтаған Е.Ысмайыловтың ащы да жанашыр ой-пікірінің қадір-құрметі сын майданында айрықша нәтижелі болды. Мұны ақын Əбділда Тəжібаев «Үлкен досы өлең-жырдың» деген естелігінде ағынан жарылып: «Біз Есмағамбет Ысмайыловтың тіршіліктегі жолын ұғатындай, оған іштей сүйсініп қадірлейтінбіз. Бірақ оны көзіне айта бермейтінбіз. Ардагер азамат, талмайтын ғалым, тарихымыздан өзіндік үлкен орын алған, жұртын сүйген үлкен жүректердің бірі екенін айта алған емеспіз. Жылдар өтсе де бізден алыстамайтын, жаңа мезгіл жас қауымнан қашықтамайтын ғажайып жанның жарқын бейнесін, жанды тұлғасын еңбектерінен көреміз. Соған қуанамыз» – деген болатын.
Сыншы еңбегінің қадірі жарияланған сағатта, сол тұста бірден қуанышпен қабылдана қоймайды, өйткені сыналған дарынның да, сынды оқыған қауымның да сол сəттегі субъективтік қабылдаулары əрқилы болатын сылтаулары көп. Есмағамбет Ысмайыловтың көбірек қалам сілтеген өлкесі – қазіргі қазақ поэзиясының жай-күйі, ақындардың шығармашылық ерекшелігін тану, дарын сырын аңғару саласы болған-ды. Қазақ поэзиясына ойлы да толғамды лирикалар əкелген Ə.Тəжібаевтың, асқақты жырдың ақыны Т.Жароковтың, шешендікке ден қойған орақ тілді А.Тоқмағамбетовтың, күйлі толғаулар толғаған Ғ.Ормановтың, өзінің жан сырын жыр өрнегіне əсем ораған Ж.Саиннің, өлең-жырдың аспанында ақиық сұңқарша жарқылдап өткен Қасым Аманжоловтың қолтаңбаларын айқындап, əдебиетке əкелген жаңалықтарын қастерлеген сыншының халық ауыз əдебиетінің талантты да дарынды өкілдерінің шығармаларын ардақтауы елден ерек болғаны белгілі.
Проза саласында замандасымыздың, еңбек адамдарының жанды бейнесін жасау жолында толассыз пікір айтып отырғаны сияқты, қазақ поэзиясының шыққан биігін көтере түсу үшін асқақты жырды, яғни қазақ поэзиясын өршіл романтикамен қанаттандыру мəселесін əрдайым домбыраның əсем құлақ күйіндей жиі қайталап отырды, қатаң талаптар қанатты жайдырмағанымен, оны үлкен өнерпаздық проблемаға айналдырды. Бұл өңірге басқа сыншылар аяқ баспады десе де болғандай. Осындай күрделі мəселелер мен нақты сындарында Есмағамбет ЬІсмайылов қаламына тəн шеберлік бой көрсетіп отырады. Өзінің таңдаулы сын мақалаларында шығарманың көркемдік сипаттарын, өзіне тəн ерекшеліктерін жіті байқай отырып, оның жалпы əдеби даму процесіне қосылу жайын ойластырады, қадағалайды. Мұның өзі дайын қисындарға лайық ой топшылатпай, қайта көркемдік тəжірибеден туған шындықты теориялық тезден өткізуге бастап отырғанын көреміз де, сыншының даралық сипатын, өз тұлғасын танимыз.
Е.Ысмайылов – қазақ əдебиетінің даму-өркендеу жолдарын тінте тексеріп зерттеуге бар қуатын сарқа жұмсаған парасатты оқымысты, кешегі одақтың, қала берді əлемнің зиялыларына аты мəшһүр үлкен ғалым.
Қазақ əдебиеттану ғылымының іргесін қалау барысында Е.Ысмайыловтың қалам тартпаған саласы кемде-кем. Əдебиеттің тарихы мен теориясының өзекті мəселелері де, ауыз əдебиеті мен жазба əдебиетінің арналары мен байланыстары да, жеке ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы да оның ғалымдық назарынан тыс қалып көрген емес. Ірілі-уақты жаңсақ пікірлер кездескенімен, оның зерттеушілік еңбектері ылғи соны материалға, тың ойларға құрылып, негізді қорытындыларға толы болды.
Е.Ысмайыловтың «ХX ғасыр басындағы қазақ əдебиеті» (1940), «Қазақ кеңес əдебиеті» (1942), «Əдебиет теориясының мəселелері» (1941) мен əдебиет хрестоматиялары қазақ əдебиеттану ғылымын өркендетуге септігін тигізген елеулі еңбектер. Революцияға дейінгі əдебиеттің жəне кеңес əдебиетінің тарихын дəуірлеу, Абай, Сұлтанмахмұт, Нармамбет, С.Дөнентаев, С.Көбеев, М.Сералин, Жамбыл, Сəкен, Сəбит, Мұхтар, Қасым, Асқарлардың еңбектеріне ғылыми сипаттама беру мəселесімен алғаш шұғылданған ғалымның бірі Е.Ысмайылов екені де жұртқа мəлім.
Оқу орындарын оқулықтармен қамтамасыз ету – практикалық қажеттілікке негізделген жанды мəселе. Сондықтан ол əрқашан тəжірибеде сыналып, көпшіліктің ой-пікірін туғызып отырады. Оқыған шəкірт, оқытқан ұстаз, олардың сыртында қалың көпшіліктің көз қиығы жататынын ескерер болсақ, онда оқулық жасау міндетінің қиын да абыройлы екенін жете аңғарар ек. Осы тұрғыдан келгенде Е.Ысмайыловтың 30–40-жылдардағы ғылыми-зерттеу, əсіресе орта мектептер оқулығын, оқу құралын жасаудағы ізденістеріне кідіріп кеткеніміз орынды болмақ.
1939 жылы Қазақ КСР Оқу халық комиссариаты «Орта мектептің 8–10 сыныптарындағы əдебиет сабағы 5–7 сыныптардағыдай əдебиеттік оқу болмай, тарихи əдебиеттік курс болып оқытылуға тиіс» екендігін тұжырымдады да, оқу құралдарының жаңа жүйесін жасау қажеттігін ескертті.
1939 жылы 9 сыныпқа арнап Е.Ысмайылов пен Т.Ақшолақов жасаған хрестоматия 1940 жылы түбегейлі өзгеріске ұшырады да, Е.Ысмайыловтың авторлығымен шықты. Осы хрестоматия негізінде оқулық жасау міндеті де авторға жүктеліп, 1941 жылы «ХX ғасырдағы қазақ əдебиеті» атты оқулық жарық көрді.
Онда коммунистік идеология қыспағына көп ұшыраған XX ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің даму процесі біршама тарихи-əдеби шындыққа жақын баяндалып, соны принцип негізінде ғылыми концепцияға айналды. Е.Ысмайылов революция қарсаңындағы қазақ əдебиетінің «картасын» мүмкіндігінше жіктей-жүйелей баяндауға барынша зер салған да, қазақтың жазба əдебиетінің даму ерекшелігін, əсіресе төңкерістер дəуірінде атойлап көрінген алаш қайраткерлерінің өнерпаздық ізденістерін аттарын атамағанмен, жалпы процесс ретінде іштей сездіріп, шама-шарқынша еске алып отырған. Сонымен қатар халық шығармашылығының өркен жаюын жəне кітаби ақындардың шығармашылық ерекшеліктерін түгелдей болмағанымен, мəнді үлгілері бойынша танып-білуге жəне ғылыми-эстетикалық талдау жасауға айрықша назар аударған болатын. Бұрынғыға қарағанда əдеби процестің ішіне кіріп, ажырата жіктеу принципінің бой көрсетуі қазақ əдебиеттану ғылымының өрелі биікке қол созғанын аңғартады. Осы ғылыми тенденция жетекші бағыт болып, кейінгі кезде дамытыла жетілдіре қолданылып келеді. Əрине, 40–60-жылдардағы еңбектерде атау-терминдер əрқилы жəне ақын-жазушыларды белгілі бір ағымның өкілі санау əралуан болғанымен, жалпы ой аңғарының арғы бастауын тану қиын емес.
Бұл арада қазақ тарихында 30-жылдардың басында жарыққа шығып, кеңес өкіметі құлағанша басқалар түгіл өзі қайтадан баяндауға дəті бармаған Сəбит Мұқановтың «ХX ғасырдағы қазақ əдебиеті» (ұлтшылдық, байшылдық дəуірі) деген 1932 жылғы монографиясының идеялық та, тарихи деректік те рухы, əсер-ықпалы 1937 жылғы қызыл қырғыннан кейін едəуір əлсірегеніне қарамастан, КОКП-ның 1946–1948 жылдардағы қияс қаулыларына дейін біршама еркіндеу айтылып келгенін жоққа шығармаған абзал. Оның шетпұшпағы Е.Ысмайылов еңбектерінде əр жерден қылаң беріп жатады.
Е.Ысмайыловтың «ХX ғасырдағы қазақ əдебиеті» оқулығының осындай ғылыми жүйесін айта отырып, əдеби процесті іштей жіктеп талдауында бірқыдыру ұтымдылық та, білімдарлық та, сондай-ақ кемшілік те барын тасада қалдыра алмаймыз.
Оқулық үлкен кіріспемен ашылып, XX ғасыр басындағы қазақ əдебиетінің жай-күйі біршама жүйелене баяндалады, соны деректер мен тарихи мағлұматтарды мол келтіріп отырады. Ой өрбіту, пікір түйіндеу жөнінен мектеп оқулығы болғанына қарамастан ғылыми еңбектің сүрлеуін танытады. Алайда қазақтың жазба əдебиетінің өкілдерін ағымдық бағытқа бөлуі сақтана қарауды қажетсінеді. Ең алдымен «сыншыл реализм əдебиеті», «демократияшыл əдебиет» деп екі үлкен топқа жіктеуінің өзі барынша шартты екені аңғарылады. Сонымен қатар қазақтың буржуазияшыл-ұлтшыл деп аталып келген əдебиетінің ішкі дамуы атаусыз қалғанымен, оның əсер-ықпалынан безінбейтінін аңғартып отырады. Соның салдарынан жалпы əдеби өркендеу жан-жақтылықтан гөрі, қысыла баяндауға, тартына ой айтуға душар болған. Бұл сыңайдан қаншама өрекпісек те қазақ əдебиеттану ғылымы əлі арылып болды деу қиын.
Шығармашылық ізденіспен жазылған Бұл оқулық С.Мұқановтың 1932 жылғы күрделі еңбегінен кейінгі мəнді зерттеу болғанын, əсіресе XX ғасырдың бас кезіндегі көркемдік дамудың жай-күйін, дарынды ақын-жазушылардың шығармаларын танып-білуге жəне оларды ғылыми тұрғыда зерттеуге мұрындық болғанын аңғармау əділетсіздік болар еді.
Сонымен қатар кеңес əдебиетінің тарихын жасау жөніндегі ізденістің алғы легінде Е.Ысмайылов болды. 1942 жылы Қ.Бекхожин С.Айтмұқанов, С.Сейітов қатысқан «Қазақ кеңес əдебиеті» оқулығының ең негізгі де сүбелі тарауларын жазу, оны кейіннен түбегейлі өзгертіп, жаңаша жүйелеп 1946 жылы шығаруда Е.Ысмайыловтың еңбегі орасан зор.
Қазақ кеңес əдебиетінің ғылыми тарихын жасау жолындағы осындай ізденістер 1958 жылы «Қазақ кеңес əдебиеті тарихының очеркі» атты ұжымдық еңбекке ұласты. «Очеркті» жасауда, «Қазақ əдебиеті тарихының» көптомдық ғылыми тарихын жазуда Е.Ысмайыловтың сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр.
Қазақ əдебиеттану ғылымының бар саласында қалам жебеген өнімді де жемісті дарынның кеңестік фольклортану ғылымына үлкен олжа салған, 1956, 1957 жылдары қазақ, орыс тілдерінде жарияланған «Ақындар» атты тамаша монографиялық еңбегін ерекше атап өту керек. Ауыз əдебиетінің ең өзекті проблемаларын шешіп, ақын, жыршы, жыраулардың өнерпаздық ерекшеліктерін ажыратып, шығармаларын мол қамтыған, Жамбыл өнерпаздығының сырын ашқан, жазба əдебиет пен ауыз əдебиетінің арасындағы шығармашылық байланыстар мен ықпалдарға ерекше назар аударған, соны, тың материалдарға мейлінше бай бұл еңбекті В.М.Жирмунский, В.И.Сидельников, М.Богданова, М.Əуезов, С.Аманжолов сынды ғалымдар өте жоғары бағалап, кеңес əдебиеттану ғылымын, əсіресе фольклористиканы өркендетуге қосылған зор үлес, ғылыми кұнды шығарма деп тапқан-ды.
Ауыз əдебиетінің үлкен жанашыры Е.Ысмайылов оны бірбеткей зерттеу ісімен ғана шұғылданбай, халық мұрасының ең озық үлгілерін жариялаумен айрықша көп шұғылданды. Оның тікелей басшылығы жəне қатысуымен қазақ ертектері мен эпостары, айтыстар мен халық жырлары, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арналған шығармалар жеке-жеке кітап болып шықты.
Осы саладағы ұлан-ғайыр еңбектің түпкі себебін, негізгі мақсатын Е.Ысмайылов былай түсіндірген: «Мен өзім бұрынғы əдеби мұралардың қай-қайсысына болсын аса ұқыпты жəне ықыласты пейілмен қараушы адамның бірімін. Бірақ өткен əдеби мұраның қандайын ескерсек те қазіргі əдебиет пен мəдениеттің игіліктеріне байланысты алуды басты шарт деп білемін», – дегені фольклоршы ғалымның эстетикалық кредосын айқындай түседі.
Е.Ысмайылов ұлттық фольклортану ғылымына, әсіресе, ақын-жыраулар мұрасын зерттеу ісіне сүбелі үлес қосты. Бұл орайда 1956 жылы басылған «Ақындар» атты күрделі еңбегінде қазақ халқының рухани мәдени тарихында көрнекті орын алатын ақын-жыраулардың болмысы, өнерпаздық табиғаты, синкреттік өнер иесі екендігі, сегіз қырлы, бір сырлы жаратылысы бір басында бірнеше өнердің тұтасып түйіскендігі яғни әншілік, орындаушылық, композиторлық, айтқыштық, жонглерлік-клоундық, ойыншылық сияқты қасиеттердің бірлестік тапқандығы шебер баяндалады. Халықтың поэзиялық-музыкалық мәдениетінің байырғы сақтаушылары мен таратушыларын бірнеше түрге жіктеп, олардың бір-бірінен айырмашылығы мен ортақ сипаттарын біліктілікпен әңгімелейді. Мәселен, ақын, импровизатор, жырау, жыршы, әнші ақындар және өлеңшілер деген ұғым-түсініктердің табиғатын, шығу төркінін, мән-мағынасын терең ашып талдайды. Кейбір әдеби ұғымдардың, терминдік атаулардың негізіне үңілгенде, түркі-моңғол халықтарының фольклоры мен тілінен жарқын айғақтар келтіреді. Мысалы, «ақын» ұғымының аясына әңгімеші, жыршы, импровизатор дегенді сыйғызады. Ал әнші-ақындарға, негізінен, сал-серілер жатады. Бұларды халық өнерінің өкілдері деп есептейді.
Е.Ысмайыловтың топшылауынша, «сері» сөзі араб халқының «сейір» немесе «серуен», «сайран салу» дегенінен өрбіді десе, ал «сал» ұғымын «салдырту», «салтанат» сөздерінен іздейді. Әлбетте, ақындық, музыкалық, өнерпаздық дәстүр жағынан сал мен серінің арасында соншалықты айырма болмағанымен, сыртқы қимыл-әрекетінде, киім киісінде, сыпайылық әдетінде, мінез-құлқында өзгешелік барын әділ көрсетеді. Ғалым ақындық мектеп пен дәстүрге, ақындық қасиет-қабілеттің қону, даму, өрістеу, кемелдену жолдарына, шығармашылық құпиясына тоқталады. Бұл ретте Кемпірбайдың, Шашубайдың, Нартайдың, Жамбылдың, Мұрын жыраудың, Сүйінбайдың, Кененнің, Ағашаяқтың, Жаңқа сал өмірінен мол мағлұматтар мен деректерді тізіп келтіреді. Сонымен бірге Жамбылдың ақындық даналығына, айтыстағы үздік өнеріне, оның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандарының тарихи тамырларына, суреттегіш-бейнелегіш құралдар жүйесіне ой жарығын түсіреді.
Осынау еңбекте Нұрпейіс жыраудың шығармашылығына (жыраулық, жыршылдық, ақындық өнеріне) айрықша мән берілген. Қазақ фольклорында эпикалық жырлау дәстүрінің дамуына қосқан қомақты үлесін айқындаған.
Сонымен қатар өнер дүлдүлі Иса Байзақов шығармаларының көркемдік-эстетикалық жүйесіне, жыршылық шеберлігіне талдау жасайды.
Е.Ысмайылов қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің, атап айтқанда, жыршы ақындардың, әнші композиторлардың, сал-серілердің жуан ортасында жүрген, шығармашылық байланыста болып сан рет сұхбаттасқан.
Ұлттық фольклорды жан-тәнімен сүйіп, зерттеуге іңкәр көңілмен өскен ортасы, жастайынан көріп, естіген аузы дуалы ақындардың, қара тілге жүйрік шешен-билердің толқынды сөздері қанаттандырған болу керек.
– Мен өзім Көкшетау еліндегі халықтық поэзияның, ақындық, әншілік өнердің дәстүрі күшті ортада өстім де жастайымнан өлең-жырларды, бұрынғы дастандарды қызыға, құмарта жаттап айтатын едім. Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Тезекбай, Орынбай ақындардың сөздерін, Шерниязды жырлаған Әліш жырауды, атақты әншілер Бекахмет пен оның қызы Марияны, Бәкеннің Хамитын, Телжанның Хажыахметін, Ерке Сарының Мұқанын, Уақит ақынды неше рет көріп, олардың өлең-әндерін қызыға тыңдадым, – деп сыр толғайды.
Е.Ысмайылов Біржан сал жөнінде ой толғағанда, ақиық ақынмен замандас бірнеше шешендер мен билердің атын атап отырады. Екшеп, сүзіп алғанда олар мыналар: Шағырай, Бабай, Тоқсанбай, Оразалы, Қосдәулет, Кеженбай, Байман, Бабаназар, Күшен, Өтетілеу, Мүсет, Сексен, Шонай, Үкі. Ал Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың өмірі мен өнерпаздық қырларын сөз еткенде алуан түрлі оқиғаларға, құнды деректерге, өнегелі істерге кезігеміз.
Үкілі Ыбырай туралы соны деректер келтіреді. Ол Құранның мақамымен жырлаған. Сөйтіп тыңдаушыларын желідегі байлаулы құлындай ұстаған. Үкілінің дауыс екпіні айдардың лебіндей, жын буған бақсыдай, перідей, ой-пікірге мейлінше тапқыр, сөзі семсердей өткір еді деп сипаттайды. 1965 жылы Қостанай мен Қызылжар арасында қоныстанған елдерді аралаған сапарында Үкілі Ыбырайдың мына бір шумағын жазып алыпты:
«Әр жерде тиіп еді, пайдаң Керей,
Салып едім ортаңда, сайран Керей.
Астыма ат, үстіме киім берген,
Атыңнан айналайын, қайран Керей!».
Есіл-Көкше өңірінен шыққан атақты ақын-композиторлар Игібай Әлібаев пен Молдахмет Тырбиев Үкілі Ыбырайдың шәкірттері. Мәселен, Молдахмет Тырбиев Үкілінің «Гәккуін» қалай, құбылта шебер шырқайтынын әрі бұл туындының шығу тарихын әдемі әңгімелейтінін Есмағамбет Ысмайылов егжей-тегжейлі баяндаған. Ақын-жыраулар мұрасын терең тексерген ғұлама ғалым Есмағамбет Ысмайылов «Қазақ әдебиетінің халық поэзиясымен өзара байланысы» деген зерттеуінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланысы, өзара әсері, халық поэзиясындағы сөз саптау, сөз талдау ерекшеліктері, ақындық дәстүр мен шеберлік сияқты ғылыми теориялық мәселелерді ыждаһатты қарастырды. Әсіресе, халық поэзиясы мен жазба әдебиеттің ара қатынасы хақында: «Осы бір күрделі мәселенің екі-ұшты екендігін естен шығармау керек. Бірі – совет дәуіріндегі халық поэзиясының дамып, жазба әдебиетке біте қайнасып араласу процестері, екіншісі – советтік ақын-жазушылардың көркем шығармаларындағы фольклорлық мотивтерді анықтау», – деп, мәселенің ара жігін ашып көрсетеді. «Жазылып немесе басылып таралған шығармалар мен ақын-жыршылардың ауызша айтылған өлең-шығармалары бірін-бірі ығыстырып жоғалтқан емес. Қайта, біріне-бірі әсер етіп, бірін-бірі толықтырып отырды», – деп ойын әрі сабақтап ширата түседі. Мәселен, халық поэзиясының майталмандары Жамбыл мен Исаның көркемдік машығында суырыпсалмалық пен жазба поэзия дәстүрлері ұштасып, ұласып кеткендігін нақты дәлелдейді. Халық ақындарының лирикалық және эпикалық шығармалары «бірыңғай ертегі-әңгімені, батырлық және қырғын соғыс тәрізді оқиғаларды сырттай суреттеумен шектелмей, кейіпкерлердің рухани дүниесін» терең әрі толық сипаттауға мүмкіншілігі артты. Әрине, бұл жазба әдебиет ғибраты екендігін шегелеп айтады.
Е.Ысмайылов «Қазақ әдебиеті» деген оқу құралында (1941) Нармамбет Орманбетұлы, Ғұмар Қараш, Нұржан Наушабайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сияқты ақын-жыраулар мұрасын қарастырады. Қазақ әдебиетіндегі зар заман дәуірінің ең соңғы ақыны Нармамбеттің өмірі мен өнернамасына барлау жасайды. Елдің шерін шебер шерткен шерменде ақын зар заман болмысын барша шындығымен суреттеген. Сахараға сырттан келіп, арам шөптей қаулап өскен неше түрлі жаманшылықтардан жаны түршігіп шошынады. Отаршылардың билеп-төстеу әрекеттерін өлтіре әшкерелейді. Өлең өрнегіне өзгерістер енгізеді. Ұшқыр ойлы өткір тілді лебізі бал жырлар тудырады. Ғалым Нарманбет поэзиясының осынау әлеуметтік сипатын, көркемдік қасиеттерін байыптылықпен баяндайды.
Зерттеуші Ғұмар Қарашев шығармашылығы туралы пікір айтқанда, оның поэзиясы қазақ шындығының айнасы екендігіне назар аударады. «ХХ ғасырда қазақ даласында отаршылық қысымының ең асқан, ең ашық талаумен іске асырылған әрекетінің бірі – қазақтың жақсы жер, қонысынан біржола қуылуы еді. Жер жөніндегі қысым бұл дәуірде ХІХ ғасырдан әлдеқайда асып кеткен болатын». Ел өмірінің үлкен қайғы-зарының бірі – күн сайын жоқшылық, қайыршылыққа айналып бара жатуының басты бір себебі – осы жер, судан айырылуы еді. Ғұмар ел басындағы сондай ұлы қайғыны айтып толғанады, күңіренеді», – деп жазады. Иә, бүгінгі таңда жер, су, отаршылық бұғау жөнінде айтқандарымыз жаңалық ретінде қабылданып жүр ғой. Ал оның түп-тамыры, негізінен, арғыда екендігі ап-анық. Мәселенің мәселесі төңірегінде ақын-жыраулар осылайша толғаған. Зерттеуші осылайша түйіндеген.
Ол дәстүрлі ауыз әдебиеті саласында батырлық жырлар мен тарихи жырларға ой сәулесін түсірген, батырлар жырының тарихи негіздеріне, шыққан дәуіріне орай жіктейді. Біріншіден, қаңлы-қыпшақ кезеңіндегі батырлық жырлар: Көрұғлы, Бозоғлан, Ер Төстік, Алпамыс, Құламерген, т.б.
Екінші, ноғайлы заманында туған ерлік жырлары: Орақ-Мамай, Ер Көкше, Ер Сайын, Ер Тарғын, Едіге, Қамбар, т.с.с.
Үшінші, ХVII–XVIII ғасырда қазақ-қалмақ шапқыншылығында тарихи тұлғаға байланысты шыққан қаһармандық жырлар: Бөгенбай, Қабанбай, Олжабай, Арқалық, Алатай, Қаратай, т.б.
Төртінші, ХІХ ғасырда қазақ халқының ұлт-азаттық күресіне байланысты шыққан жырлар: Сырым, Исатай, Махамбет, Ағыбай, Сұраншы, Өтеген, Жанқожа, Бекет, Кенесары, Наурызбай т.с.с.
Бір айта кететін нәрсе, 1947 жылдың 21 қаңтарында шыққан Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Республика Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты қызметіндегі орасан саяси қателіктер туралы қаулысы жарияланса да, Е.Ысмайыловтың Кенесары мен Наурызбай, Ақжолтай, Ағыбай батыр жөніндегі тараулары «Қазақ әдебиеті тарихында» (1948) жарық көрді. Ғалым Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жайында шығарылған тарихи жырларға, аңыз-әңгімелерге жүгіне отырып, тың деректер мен мәліметтерді жайып салады. Соның бірі мынадай. Қасым балаларының жүректілігін жеткіншек кезінде Бурабай көлінің жағасындағы құмға алып барып, көздерінше қанжарды құмға сұғып, үстіне құм үйіп, сонсоң балаларын қозы көш жерге жіберіп, қанжар тұрған жерден секіртеді екен. Бірақ, олар кеткен соң, қанжарды алып қоятын көрінеді. Батылы ешқандай жасқанбай, тайсалмай қарғып кетсе, жасқаншағы я кідіріп, я бұрылып кетеді. Ал Наурызбай болса, суық қару көмілген жердің үстінде жата қалып аунайды. Наурызбай 15 жасында аюды қарусыз жеңіпті-міс.
Е.Ысмайылов, Қалижан Бекхожинмен бірігіп 1941 жылы Кенесары, Наурызбай және олардың батырлары жайындағы жыр-дастандар мен аңыз-әңгімелер жинағын баспаға әзірлеген. Алғы сөзі мен түсініктемесін жазған. Көлемі 30 баспа табақ (ҚКСР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қоры, № 1328 бума).
Оқымысты қазақ ертегілерін жинау, жүйелеу, жариялау және зерттеу істеріне белсене араласқан.
Сонымен Е.Ысмайылов ұлттық фольклортану саласында ғылыми-танымдық дәрежесі жоғары сапалы еңбектер қалдырған.
Республиканың мəдени өмірінде үлкен оқиғаға айналған кесек те күрделі еңбектерді – «Қазақ КСР-ының тарихын», «Қазақ əдебиеті тарихының» алты томдығын, «Қазақ поэзиясының антологиясын» жасауға белсене қатысқандардың бірі де Е.Ысмайылов. Оның басқаруы жəне қатысуымен Абайдың, Жамбылдың, Нұрпейістің, Сəбит Дөнентаевтың, Қасымның, Сəкеннің шығармалар жинағының талай рет басылып шығуы да талмай-қажымай еткен еңбектің куəсі.
Есмағамбет Ысмайылов қазақ кеңес əдебиетінің тарихымен, халық шығармашылығының мəселелерімен тікелей шұғылданды. 1958 жылы қазақ, орыс тілінде, 1960 жылы Москвада шыққан, бүкілодақтық оқымыстылар қауымынан жоғары баға алған «Қазақ кеңес əдебиеті тарихының очеркі» атты ұжымдық еңбектің жетекшісі жəне негізгі авторларының бірі Е.Ысмайылов болды.
Қазақ əдебиеттану ғылымының соңғы жылдары қарқынды өрлеуіне Е.Ысмайылов сүбелі үлес қосты. Қазақ кеңес əдебиетінің негізін қалаушы ақиық ақын Сəкен Сейфуллиннің өнерпаздық өнері «Ақын жəне революция» (1964) атты монографиялық еңбегінде терең де білгірлікпен зерттеліп, сəкентану ілімінің қалыптаса беруіне септігін тигізді. Сəкеннің жаңашылдығы жеке-дара сөз болмай, əуелі қазақ əдебиетінің құнарлы дəстүрлері, ағайындас əдебиеттерден, əсіресе орыс поэзиясынан үлгі-өнеге алуы, олармен үзеңгілесе өркендеп, көркем туынды беруі, өнерпаздық байланыстың күшеюі, революцияның сөз өнеріне қосқан жаңалығы сияқты түбегейлі проблемаларды сабақтастыра қамтып, ғылыми тұжырымдар жасады. Сонымен қатар қазақ өлеңіне жасаған зорлығын да атап көрсетті. Сəкен өзінің тұңғыштығымен ғана емес, əдебиетке əкелген үлкен жаңалықтарымен қадірлі екендігін басқаларымыздан гөрі Е.Ысмайылов айрықша дəлелдеп, ұлы ақындығын қадірлеуге үндеді. Дауыл тұрғанда көтеріліп жатқан бүгінгі пікірсымақтардың көбі сап тыйыларына, сиырқұйымшақтанып келе жатқанына уақыт куə. Ал ғұламалықпен айтылған ой, эстетикалық білімдарлықпен жазылған еңбектер замана тезіне шыдап бермек.
Қазақ əдебиет тарихын жасауға белсене араласқан Е.Ысмайылов қазақ ауыз əдебиетінің өткен-кеткеніне жіті назар аударып отырды. Қазақтың кең дариядай ауыз əдебиетінің өсіп-өркендеу, даму жолдарын қысқаша баяндауды көздеген бір топ еңбекті орыс тілінде шығаруға тікелей араласып, бірнеше тарауын жазды. Қазақтың халық ақындарының, əнші-композиторларының өнерпаздық өрістерін зерттеу, географиялық ортасын айқындау, халық эпостарының шығу тегін зерттеу, ауыз жəне жазба поэзияның бір-біріне жасаған ықпалын бағдарлау сияқты түбегейлі проблемаларға айрықша назар аударды.
Е.Ысмайыловтың кез келген еңбегі бойынша ұзақ баяндап, толымды талдау жасауға болатындығын ескере отырып, бүкіл қазақ əдебиеттану ғылымының одан əрі өркендеуіне бағдарлама жасаған бір баяндамасына кеңірек тоқталған жөн. 1959 жыл қазақ əдебиеттану ғылымының дамудың даңғыл жолына түсуінің басы болды. Өйткені «Культ» тұсындағы қисынсыз қыспақтар, саяси зорлықтар мен асып-атулар, соғыс ылаңы, одан кейінгі 1946–1948 жылғы қияс қаулылардан бастау алып, Қазақстанда ұлтшылдықпен күресу науқаны «бірыңғай ағым» теориясы негізінде жүргізіліп, сын мен ғылымды сүйреп келе жатқан ғалымдарды айыптау арқылы халық ауыз əдебиетіне шабуыл жасалды. 300-ге тарта батырлар жырынан жалғыз кедейден шыққан «Қарақасқа атты Қамбардың» ғана қалуы, ғашықтық жырлар, айтыстар, тіпті жұмбақтардың өзі халыққа жат деп саналған тұста əдебиет ғылымына жанасудың өзі қатерлі, қауіпті еді. Оны Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Қайым Мұхаметханов сынды əдебиетшілер мен Ермұқан Бекмаханов, Бекежан Сүлейменов сынды тарихшылардың бірнеше жыл абақты азабын тартуы, Қаныш Сəтбаев пен Мұхтар Əуезовтен бастап жұмыстан, қызметтен ғана емес, елден қуылып, жер аударуларының өзі-ақ дəлелдейді.
Ерте ұсталып, кеш ақталған Е.Ысмайыловтың абақтыда отырып К.Ворошилов пен А.Фадеевке жазған хаттарын оқығанда Есағаңның ғылым үшін туғандығын, бұдан басқаның бəрі жат, өткінші, күнкөріс қамы ғана екенін анық аңғарамыз.
Осындай жағдайда 1959 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Президиумы, оның Тіл жəне əдебиет институты «Қазақ əдебиетінің негізгі проблемалары» жайында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізуі – XX съезден кейінгі болар-болмас жылымықтың арқасы еді. Осы сəтті қазақ əдебиетшілері оңтайлы пайдалана білді. Соны əсіресе Есмағамбет Ысмайыловтың баяндамасы дəлелдейді.
«Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Есағаң баяндама жасарда кеңесшіл ақынсымақтардың тəсілін қолданды. Өлеңдер жинағын шығару үшін кейбір жытқыр ақынсымақтар əуелі партияға, Ленин мен Сталинге, тағы басқа көсемдерге жəне өндіріс пен ауыл шаруашылығына арналған өлеңдерін алғашқы беттерде беріп, өлеңге іш тартатындарын кейінгі жағына орналастырып, қампайған кітаптың əр жолынан тиын сауып алатын амалды осы негізгі жəне мəнді баяндамасында өте тиімді пайдалана біліпті.
Академияның вице-президенті Сақтаған Бəйішевтің кіріспе сөзінен кейін бірінші, яғни институт директоры, бөлім басшылары, талай лауазым иелерінен бұрын шын мəніндегі күрделі де ғылыми баяндаманы Е.Ысмайылов бір жарым сағат («Əдеби мұра жəне оны зерттеу» деген стенограмманың 13–44-беттерінде) оқыды. Есағаңның дауысы келісіп тұрмаса да баяндама масаның ызыңы естілердей тыныштықпен тыңдалды.
Е.Ысмайылов баяндамасының атын айғайлатып қойды. «КОКП XXI съезі қарарларына байланысты қазақ əдебиеттану ғылымының негізгі міндеттері» деп атап, бүгінгіден кешегіге, осы кезеңнен сонау көз жетпес ескі замандарға қарай біртіндей жылжып, əр дəуірдің өзекті проблемаларын кесек-кесек түйіндеді. Сонда болашақта жазылар қазақ əдебиетінің ғылыми тарихының əр дəуірлері мен кезеңдері өзінен-өзі жоталана көрініп, жүйелі арнаға түсті.
Кіріспеде қалыптасқан дəстүр бойынша партия мен жетекшіге шексіз рахметін айтып алып, «Күрес жолында дамыған əдебиеттің», яғни кеңес дəуіріндегі сөз өнерінің шындығына шолу жасап, ел-жұртқа ой саларлық «Дүниетану мен көркем шығармашылықтың арақатынасын түсіну жайына» тоқталды. «Реалистік дəстүрдің қалыптасу мəселелеріне» айрықша назар аударғанда «Халықтар əдебиетінің өзара байланысы мен бір-біріне ықпал етуі «жайын» əңгімелегенде орыс əдебиетінсіз сөз айтуға болмайтынын ескерген көрінеді. Соның өзінде Қазақ хандығы тұсында жасаған жырауларды Пушкин, Крыловтармен араластыра, кейде салыстыра көрсете келіп, өзінің негізгі мəселелеріне оралады. «Қазақ əдебиетінің ғылымдық тарихын жасау жолындағы кемшіліктер мен міндеттерді» арғы-бергі ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектеріне, тарихи дерек көзі ретінде ақын-жыраулардың толғаулары мен шығармаларын жіпке тізіп, қолы жеткен жаңалықтарын дөп басып таныған соң, ендігі жүрер жолды, ғылыми бағдарламаны дұрыс меңзейді. Осындай игі істі жүзеге асыруға кедергі болып келе жатқан кемшіліктерді түптеп қарады.
«Бірінші кемшілік – бірін-бірі қайталау. Жаңа, тың проблемаларды көтерудің орнына, бұрын əдебиеттану ғылымына мəлім емес жаңа документ, фактілерді тауып қосудың орнына баяғы 30–40-жылдары жазылған еңбектердегі пікірлерді біраз өзгертіп, жаңартып, толықтырып қайта айтушылық байқалады» («Əдеби мұра жəне оны зерттеу». 1961. 40-б.), – деп мүйізі қарағайдай Қ.Жұмалиев пен М.Ғабдуллиннің эпос туралы ойларын, Б.Кенжебаев пен М.С.Сильченко, Ə.Дербісалиндердің егіз қозыдай ұқсас пікірлерін мысалға келтіреді. Мұндай жолдан жас зерттеушілерді сақтандырады.
«Екінші бір елеулі кемшілік – əдебиеттану еңбектерінде ғылыми ақпараттың жеткіліксіздігі мен ғылыми адалдықтың кемдігі» (Сонда, 41-б.), – деген ескертпесі күні бүгінге дейін қазақ əдебиеттану ғылымында сақталып, адымын аштырмай тұсаулауда.
Ғалымның негізгі ойын түйіндер болсақ, ғылымдағы «жаңалық əдебиет пен архивтегі, қолжазбалардағы нақты фактілер мен құжаттарды ұқыпты зерттегенде ғана туады. Белгілі ақын, жазушы туралы, əдебиеттің белгілі дəуірі туралы айтылған долбарға, ауызша таралған лақаптарға сүйеніп, үстірт жеңіл-желпі пікірлер айту мезгілі өтті, енді əдебиетіміздің шын ғылыми тарихын жасауға кірісейік!» деген тұжырымы кейінгі жылдары белгілі деңгейде жүзеге асқаны «Қазақ əдебиеті тарихының» 1961–1967 жылдар арасында 6 кітап болып шыққаны, оның əрбір томына жəне «Қазақ КСР тарихы» басылымдарына Есмағамбет Ысмайыловтың белсене араласқаны көрсетеді.
Профессор Е.Ысмайылов академик И.И.Мешаниновпен бірігіп «Итоги изучения казахского языка и казахской литературы за 25 лет и перспективы их дальнейшего развития» деген көлемді еңбек жазады. Мұнда әдебиет тарихын жасау, қазақ фольклорының асыл нұсқаларын жинау, ғылыми мамандар әзірлеу және әдебиет туралы мәселелерді қозғайды. Сонымен қатар, Шортанбай, Нарманбет, Мұрат, Ақмолла секілді ақындардың мұрасын тексеру қажет екендігін шегелеп айтады.
Қазақ әдебиеттану ғылымының майталман зерттеушісі Е.Ысмайылов небір сұмдықтарды бастан кешірді. Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің 1947 жылы 7 қазанындағы қаулысына сәйкес ҚКСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысында және өзінің ғылыми әдеби еңбектерінде буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологияны табанды түрде насихаттағаны үшін институтқа саяси сенімсіз қызметкерлерді ретсіз көбейтіп жібергені үшін институттың бұрынғы директоры Е.С.Ысмайылов ВКП (б) қатарынан шығарылды, содан соң 1951 жылдың 6 қарашасында қазақ зиялылардың алды болып тұтқындалды. Айдаудан 1954 жылдың 27 шілдесінде оралды.
Е.Ысмайыловтың ғылым жолында, әдебиет әлемінде қалдырған қордалы ойлары мен ғибратты істері әрқашанда жарқырап, сайрап жататыны хақ.
Саңлақ суреткер Мұхтар Әуезов: «Мен сені қазақ әдебиеті ғылымының айнымас, қажымас, жылдар жүрсе арымас жегіндісі – Еңбек торысы деймін. Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын», – деп сүйініпті. Бұл қалың қауымның көңіліндегі ой-пікірдің сыртқа шыққан саф түйіні. Еңбек өлмейді, соны өзінің өмір өзегіне айналдырған, талай асу-белестерден іркілмей өтіп, əр қырқа мен жотаға өзінің қолтаңбасын айнытпай соққан Есмағамбет Ысмайыловтың қазақ əдебиеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі болып рухани жасай беретіні хақ.
Аян ҚАЖЫБАЙ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің қауымдастырылған профессоры,
Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты
