(Рақымжан Отарбаевтың әлі де жарық көруге асықпай жүрген тосын шығармаларының біріне кенет ұшырастық.)
«Бас» - романының басты мәселелерін саралау үшін сапалылау жаратылған бас керек секілді. Романның өн бойындағы сарындар, құрылымдық соны тәсілдер нақты әрі кесек. Басты кейіпкер Ноэльдің қолымен мүсінделген Махамбеттің мәлике басына қатысты сауалдар мен тұжырымдар сөз экспрессиясы оқырманды өзіне қарай сіңіре береді.
Шығарманың бояуы, жалпы әрі, үні, іздену тәсілі өте кіді. Мәскеуде білім алған антропологтың арманымен әбден тозығы жеткен күрек ізінің мұқалған жетесінен өрбитін ұлы күш қағаз бетіне тізіліп түсіп тұр. Суреттеудегі шеберлік, нақтылық пен көркемдік өз алдына. Тозаңын төккен Ай мен білтесі өлімсіреген өлі жұлдыздар сұлбасы сәтті сызылған. Романның бағытының әр алуандылығы, өте сирек кездесетін нәзік тапқырлықтар текті оқырмандарды бірден баурап алуы сөзсіз. Бейнетқор кейіпкер Ноэль көркем бейне емес, басқа бір психологиялық арнадағы кейіпкер. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін ішкі ағым. Әбден титықтаған ғалымның көне мен ежелгі ескінің ара жігіндегі өтпелі ғұмыры өрімделіп жатыр. Мұндағы ішкі мағына мен мазмұндар иірімі ежелден келе жатқан таптауырын, жаттанды қалыптан әлдеқашан құтылып кеткен. Кейіпкердің өмірінде кездескен түрлі қайшылықтар роман желісінде ырғақпен сюжет, бейнелі кейіппен көрінеді. Емен есіктің тасасындағы отырған ақүрпек академиктің самайы мен желбезегінен көңілі қалған ғалымның көр басындағы әрекеті ой шақырады. Шағын тіл қатысулар... Шағын «қойылым». Ноэльдің қасындағы тершең Вова мен көмбіс Мәліктің өн бойынан психологиялық қозғалыстың көріністерін табуға болады. Сәтті шегенделген классификациядан байырғы еске сіңісті болмаған күрделі жайларды сезінесіз. Көне ғұрып, ежелгі дәстүр бойынша қамшысын үйіріп тебітіп жеткен қаңқа шалдың қабір басындағы жанайқайы қаңқудан гөрі тәуелсіз қайранға жуық құрылған. Біртүрлі еттаныс қылық.
Ноэльдің төлқұжатын қолына алған қазақ абызының қалтыраған қолы, жүйкесін жұлқылап оятқан «Жұмабай Шаяхметов»-тің ескі есімі – шығарманың бағытын нақты айқындап беретіндей. Күдірден жым тартып, қиядан қиыстыра жол салған ауқымы кең ой жүйесіне қарай оқырманның ынтығы ауатыны белгілі. Осы заманауи шығармалардың ағымына сәйкес стильдік өзгешеліктің бір шеті «Бас» романы кейіпкерлерінің портретін анық әрі сенімді сызады. Байыппен саралап кейбір ала кіді жайларды шегіністер арқылы егжей-тегжейлі әрі қырынан көрсету – батыстық үлгі бойынша кербездік ағымына жақын. Шығармадағы «Бас» оқиғасы азды-көпті есті оқырманның жүрегіне майдай жағуы мүмкін. Айталық, шамалы шығармалардан біліне бермейтін оқшаулық немесе шығарманың архитектоникасы әсте әлсіремейді. Біз жоғарыда айтқан қаңқа қарттың монологы психологиялық біртүрлі қылығы автордың шебер интонациальдық түрлендіру,құлпырту арқылы құбылып жетіп жатыр.
Телефон шылдырынан кейінгі Венераның айқайы біртүрлі реалды, риясыз беріледі. Алайда, социалистік үлгінің реалистік қажеттілігінен тыс образ мазмұннан түрге қарай ұштаса түседі. Қалып пен монтаж жоқ, әр алуандылықтың қиысқан қисындары бармақтың табындай стиль көрінеді. Бір қызықтысы Герасимов атты жанашыр ғалымның қосалқы мазмұнмен ендірілген ерекшелігі қазақ шапанның қабуына қаюымен келіп қабысып тұр. Түске енген Махамбеттің бейнесі тарихи шегініс Елек пен Қобда, Еділ мен Жайық, Астрахань мен Теке оқиғаларынан аян береді. Пугачев көтерілісі тағысын тағы сол тақылеттес иірімдер аналитикалық, синтетикалық тәсілдерді қолдана зер салуды сұранып тұрғандай. Махамбеттің тұлпарының ізіндей нақты қолтаңба (почерк) тіл мен үн және түр тұтастығы жазушының дүниетанымының кеңдігімен астасып жататындығын көреміз.
Өмірді – Артур Шопенгауэр (1788-1860) өз қиял патшалығы бойынша әлемдік қозғалыс, әлдебір күштің ықпалы немесе ұлы ирроциональды (irrationalis) құбылыстан іздейді. Біз де соған қарай емексиміз. Ендеше Рақымжан Отарбайдың «Бас» романының ерекше бір «ойын тәсілі» сәл ертерек қырағы қарастырылған шығарма секілді. Осызаманғы романдардың ішкі, тысқы сыр-сипатын ашатын өзіндік «кілті» (коды) алдымен ойластырылады. Айталық, метафизикалық уақыт өлшеміндегі оқиғалар мен метафизикалық кеңістіктегі күрмеулі айқындамаларды осынау «Бас»-тан іздеу тура. Логикалық тіптен логиканы онша қажет етпейтін қым-қуыт ізденістер мен шым-шытырық оқиғалар желісінде ішкі иірімдер мен ілкі түйіндер ақайылданып жалғасын тауып жатады. Шарлай бересің, шарлай бересің. Тарих ақиқат тануға апаратын бір бағыт екенін сезінесің. Герменевтикалық (һегmeneutikos) үш таған қисын аясында бірдеңені сезіне алатын қуатымыз болса - Дәуреннің қолындағы аманат етілген Махамбеттің басынан уақыт пен кеңістіктің дәмін сезінетініміз қақ. Дүниеде «Бас»-тың сырын ашқан яки бас туралы жазылған хикаяттар аз емес. Шығарманың ақыиесінің талғамы мен мәтіндегі қилы тылсымды игеру үшін оқырманның қырағы болуы аздық етеді. Оған қоса шартты түрде зейін, түйсік азаматтық ірі ұғым мен білім қажет. Егер біздің санамызда Зигмунд Фрейдтің психоанализмінің (phsykhоanalise) титімдей ғана болса да іздері санамызға түскен болса тарихи жағдаяттардың анық-қанығын түптеп қопарып біле салуымыз боқтан оңай.
«Моңғолдың құпия шежіресінің» (ары қарай «МҚШ» дейміз Р.С) 189-шы бабында бір керемет трагедиялық оқиғаны көрсетеді. «МҚШ» роман емес шежіре. Шежіре емес роман секілді басталуы, аяқталуы, тууы, өлуі, қайта тууы бар тірі ағза. Мінеки, сонда Найман тайпасының Таян қағанның ұлы анасы Гүрбэсү хатын (Көрбеші ханым) былай дейді: «...Уаң қағанның бас сүйегін әкеліп ақ кигізге әспеттеп қондырып «бағзы ханның басы еді, көпшілігі тәу етсін» деп мал айтып сойып, тасаттық рәсімін жасап, мадақ жырларын оқытады...». Көрбеші ханымның осынау әмірі мен әрекеті біртекті трагедиялық жағдаятты еске салады. Бір жағы – ұлықтау, ұмытпау болса, екінші жағы – ежелгі ханға деген өшпенділіктің ізі жатыр. Рәсімият соңырасында Уаң ханның бас сүйегі «күле бастайды». Қатты сасқан Таян хан бас сүйекті тепкілеп қиратып тастайды. Оны көрген Көкіші Саурық батыр: «..Мүрденің бас сүйегін кесіп әкеліп, мүлдемгі былайша масқаралауға болмас еді...» деп іс-әрекеттің соңын жаман ырымға жориды. «МҚШ»-ден Найман тайпасы дәуірінің бағы қайтып құлдырап, ыдырауы осынау анайы оқиғадан кейін жалғасын тапты деген жорамалдарды оқисыз.
«Нахудың көк шыңынан аяғы тайып, көшкін түскен жыныс орманның ағаштарындай бір-бірінің үстінен құлап, қирап қалды.» деп Найман тайпасының басынан ұшқан бағын бейнелейді. Мұндай оқиғаны шежіредегі таңбалар бойынша романның өн бойындағы сюжеттердей қабылдауға болатындай. Уаң қағанның басын кесіп әкеліп ұлықтау ма, масқаралау ма әйтеуір осы бір шектен шыққан әсіре астамшылыққа, күпірлікке саятын оқиға желісі қорқынышты. Рәсім - зімістан қыс айларында өткен. Әбден тоң боп қатып қалған Уаң ханның бас сүйегі отқа қыздырылып жібіген тұста ыржалаңдап «күле бастады» дейді.
Мінеки, осы жағдайды Көкіші Саурық батыр жаман ырымға жорыған сыңайлы. Әсіресе Гүрбэсү (Көрбеші) ханымның: «Жемтіктің арам иісі, жиіркенішті кебіні...» деп ханның басын тәлкек етуін шежіреде анық сипаттайды.
«Бас» романындағы Мақатайдың бір өлең жолында:
«Дүниеге іңкәр болған жүзімді,
Топырақпен қалай көмдің мола ғып...» деген пайым кездеседі. Ал, одан кейінгі Айым мен Дәуреннің үрейін ұшырған Махамбет пен Жәңгірдің диалогы мүлдем бір басқа хикметтің бояуын қалыңдата түседі. Әсіресе Махамбеттің «Еділ мен Жайықтың ортасында ешкімге есе бермеспін...» деген сөзі мен Жәңгірдің «Қалмақтың Үбіші ханы жоңғарға кері көшкен соң бос қалған екі өзен аралығын ақ патшадан қалап, сұрап алған кім?...» деген сауалы келтіріледі. Мұндағы екі ірі тұлғаның қиюластырылған ойлары аламан! Қазақтың жоғалтқаны, жаңғыртқаны, сайраны, болашағы мен болмағы осы екі сөзге түгелдей сыйған. Автор неліктен «Үбіші» туралы мәселені көтеріп отыр?
Сары діндегі Үбіші (Уваши) ұғымы асқан сәуегей, діни данышпан деген ұғымды білдіреді. Үбіші ханның қасындағы дін кеңесшісі немесе ханның миын жуатын, оған «ой қондыратын» сұмырай қисынгер. Мұнда Еділ мен Жайықтың сағасындағы тағдыр небәрі екі сөзбен ғана кестеленеді. Кесім, ашыныс, аяни ғұмырияты секілді, шырмауықтың желісі. Қазақтың қалжырағандағы «қабырғасымен тілдесуі». Беу, мұның қажеті қанша еді, деп сұрап қала жаздайсың? Шығарманың өн бойындағы түрлі ишараттар, ізденістер, ілкі іркілістер. Бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын оқиғалардың арасынан өзіңді іздейсің. Ұлы Абайдың айтқан «...Көзіме жас бер жылайын...»- хикметі секілді қым-қуыт тағдырлар түрені аяныш боп кеудеңе енеді. Қазақтың бары баршаға аян еді. Иә, Әл-Фарабиі әмбеге, Бейбарысының ізі Шам мен Самараға, Жалаңтөс баһадүрі өз түземінде, Шәкәрімнің басы құдықтың түбінде, Мұстафа Шоқайы жат топырақта, Сырым Датұлы сырғымалы өңірінде...
Иә, осылай іштей жылап, қиналып тұрған қазақтың үшбу бейнесі - Махамбеттің басын құшқан қалпында елестейді. Керзі етікті патшалық Ресей тірі Махамбеттің басына тіккен он мың күміс ақшаның бүгінгі құны айналып Ноэльдің қолымен, Герасимовтың ішкі тынысымен көркем шығарманың «көкірегінде» жанып тұр.
Махамбеттің ғазиз басы мен мамонттың қаңқасы қалған қайран дала көз алдыңа елестейді. Дала сөйлейді, жылайды т.с.с.
Шығарманы бастан-аяқ сүзіп шыққан сәтте еңбектің құндылығынан да тыс мазмұнының өте қуатты сомдалғанын сезінуге болады. Автор аса шабытпен еркін ойлау екпінімен қалам тербегенге ұқсайды. Шағын сюжеттерден ауқымы кең оқиғалар жүлге жүйесін зерлейді. Шәкене оқиғалардан ірі кескіндер жасайды. Құбылыстарды жан-жақты саралау арқылы көзге онша іліне бермейтін нәзік жағдайларға басқа бір жағынан қарай алатындығымен ерекшеленеді. Тосын жаңалық, тапқырлық, ерекше пішіліп, кесілген қисындар тағы да сондай өрімдер мен қиыннан қиыстырылған суреттер көз алдыңда мен мұндалайды. Шығарма егесінің көп жылғы тәжірибесі - романды сомдауға үлкен тағантас болса керек.
Ноэльдің бейнесі мен бедерлі іздері нақты әрі салмақты сом. Ғылым жолындағы бейбақтың таза күресі, тағылымды тәсілі, сәттіліктер мен қайшылықтар көркем беріледі. Сөз саптауы мен таңдауы, тілдік қолданыс, диалектикалық тұжырымды талғамдар өз алдына бір төбе. Образдардың қимылы, характері, болмысы оймышты, бояулы. «Бас» романындағы уақыт, кеңістік, көркемдік ой жүйесі, көркем өрнектелген шешімдер жөнінде біршама ой қозғауға болатындай. Ең бастысы – жүйелі еңбек, қажырлылық, бейнетқор ізденіс нәтижесінде жатыр. Образдардың ішкі өңі, мән-мағынасы, құпиялары жөнінде де кең көлемде сараптар жазылуы керек-ті.
Кеңестік тәртіптегі керітартпа қылықтар. Мемлекетсіздік, мәңгүрттік, құлдық психология, төремінезділік, азғындық тақсыреттері романның өн бойынан көрінеді. Оқып отырып тіксінесің, ащы «тұщынасың», өткен өміріңе, қоғамға өшпенділікпен қарайсың. Басы жоқ дене мәселесі әр тарихта, әр кезеңде өзгешелігімен сөз болады. Мысалы, Моңғолия қазақтарының басындағы зобалаңның бірі – 1912-1914, 1922 жылдар аралығында болған Дамбийжанцанның қуғыны болса керек. Ол қазақтың белгілі зәңгілерінің бірі Ақынбек Тоқылұлының терісін тірідей сыпырған жендет.
Жа Ламаның өлімі туралы И.Ломакинаның «Жа Ламаның басы» (2005) кітабының 196-бетінде жазулы тұр. Сондай-ақ, Ресей барлаушысы Василий Сергеевич Кузнецовтің (1878-1929) Улаан Үдэде басылған «Жа Ламаның басы» (1993) атты еңбегінде де толығымен баяндалады. Сонымен Жа Ламаның (1862-1922) денесі жоқ басы 1925 жылы В.А.Казакевичтің (1923-24 ж.ж Моңғолияға келіп жұмыс атқарған өренжі) қанжығасына байланып Санкт-Петербургтегі Петр патшаның Кунскамерасына жеткізілген-ді. Қазірде Жа Ламаның басы туралы аңыздар қаймана халықтың жадысында сақтаулы. «Бас десе - құлақ» дейтін қазақтың басынан өткендері Рақымжан Отарбайдың романында аса күрделі түрде баяндалады. Япырай-ә, неткен ұқсастық десеңізші!
Романдағы елес пен кей сарындар бірігіп жымдасып, белгілі бір бейнені сомдайтындай. Сарайшық қаласының құм жұтқан, су кемірген төбешіктері, сағым мен мұнар араласқан жұмбақ өңір. Бір жағы иен мекиен, екінші жағы күмістей аунаған Ақ Жайық. Табиғаттың таңғажайып жазиралы ұжымақи ұйығы. Бейтыныштық. Тыныштықты жарып шыққан ақбоз атты кербез елес. Ақбоз сәйгүліктің төрт аяғы жерге тимей ұшып келеді. Күміс зерлі қалмақ ердің үстінде бассыз Махамбет! Ұшып келе жатқан ақбоз сәйгүліктің тізгіні шорт кесілген. Тізгіннің қиылуын автор - «кесілген» деген сөзбен ойнатады. Тәңірден әлдене тілегендей көкке созылған қол, ақбоздың сауырына ақынның мойынынан жылап аққан қан тамшылары... Бір қарағанда көзге оғаштау көрінетін образдардан шуақты бейнелер туындап жатады. Солай...
О, құдірет мұндай тосын суретті сәтті кескіндеген әлемдік сүгіретшілер ғана болар. Қасаң жүйедегі езілген қазақтың ежелгі бейнесін бұдан артық қалай сомдауға болады? Автордың күллі абыройы мен әбүйірі осы арада өрілген. Меніңше өрімнің түрі соны, түрінен мазмұны айырықша, мазмұнынан пәлсафасы есе артық. Бояулар үндестігі санқилы. Ат әбзелдеріндегі ең сәнді, құнды жәдігер – ер тоқым болса, автордың меңзеп отырған «қалмақ ері» тағы бір жаңалықтың басын қылтитып ашады. Бұл әрине, аса қуатты этнограф ғалымдардың көмегімен шыт жаңа тектелуі дұрыс кәрі ұстынның кебі.
Курт Воннегут (Kurt Vonnegut) есімді американдық әлеуетті жазушы бар. Оның «Бесінші қасапхана немесе жас жеткіншектердің крест жорығы» (Slaughterhouse five or the children`s Crusade) атты романы (1969) жарық көрген. Роман өте қызықты, көптүрдегі композицияға құрылған. Алайда оның өн бойындағы оқиғалардың бәрі дерекке сүйенгендігімен өзгеше. Бастабында бұл романға күмән келтіргендер де табылған. Роман ба әлде басқа жанрдағы бірдеңе ме десе керек-ті. Роман «Бұның бәрі дәл осылай төл қалпында болған еді» деп басталады да шиқ-шиқ етіп бір сауал қойғаны сияқты құс тілінде роман аяқталады. Роман оқиғаларының бел ортасында дәйім автордың көзқарасы позициясы дәлме-дәл анық көрініс беріп отырады.
Айталық, «Бас»-та Эрмитаждағы Кенесары ханның басы, бұдан кейінгі Жохар Дудаевтің тағдыры, тіптен Көкбазардағы сатылатын адамның қарақұсынан жасалған күл салғышқа дейінгі аса ауыр әрі бұлтартпас тағылымдар сабақтастығындай.
Романның бір көрнекті кейіпкері Килгор Трауттің психологиялық әрекеттеріне ұқсас болмаса да оған таяу типтік кейіпкер «Бас» романындағы Ноэль Шаяхметов.
«Бас» романы өз тынысымен батыстық экзистенциализммен үндес. Францияның төтенше талантты жазушысы Жан-Поль Сартр (Jean-Paul Sartre) (1905-1980) «Сөз» романында: «Пенденің жер қарабет арамдығын әсірелеу, әсіресе оның ең жаман, тіптен жаның сескенетін әрекеттерін көрсетуге талпынумен, адамның шуақты жақтарын жазудан бұрын одан бұлтаруға беттеп барамыз...» дейді де оны «таңдау» яки «қалау» деп атайды. Ал қандай бір әрекетті «таңдамаудың» өзі таңдау екенін айтады.
Осыған қарағанда Р.Отарбай әу бастан осы «Бас»-ты таңдаса керек. Ол, мұндай ауыр оқиғалар шытырманын таңдамауға да болар еді. Бірақ, «қарағым, пенде деген осы...» дейтін қарапайым қазақы сауалдың салмағын таңдаусыз қалдыра салғысы келмесе керек.
Латын Американдық жазушы Хорхе Луис Борхес (Borges Jorge Luis) (1899-1986): «...Мен барынша «өзгелер» болып көріндім, енді өлер алдында «өзім» болып қалуым керек...» дейді. Бұл әрине Борхестің қалауы. Ал, Р. Отарбайда бұдан да өзгешелеу «Мен» бар. Өмірде бір немесе бірдің жартысын ғана бере алатын шығармашы болса ол – өмірдегі «өзін» тапса һәм қаласа артық болмас еді.
Сұраған Рахметұлы – ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты
Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
2015 жылы 25 тамыз
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.