Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.04.2020 6526

Тоқаш 12+

Тоқаш - adebiportal.kz

Тоқаштың дүниеден өткеніне 32 жылға жуықтапты. Оның көзі тірісінде шыққан соңғы кітабы осыдан 35 жыл бұрын «Шынар» деген атпен жарық көрген. Әрине, кейінде көптеген жинақтары қайталай басылғаны түсінікті. Дегенмен, менің замандастарымның жұпыны кітапханасынан Тоқаштың жыр кітаптарын кездестіре қоюыңыз екіталай. Еңселі кітапханалар мен шағын кітап дүкендерінен де Тоқаштың ескілі-жаңалы жинақтарын көріп қалуыңыз қиындау. Оған ақынның да, көрінбей, тасада жатқан кітаптың да еш кінәсі жоқ... Есесіне Тоқаш туралы аңыздың буы бұрқырап тұр. Аптығы әлі басыла қоймаған. Оларға Тоқаштың өлеңінің асаулығы емес, өзінің ожар, өткір, тентек мінезі қызық. Әсіресе «Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады»,- дейтін қыжыртпалары. Мұқағалидың «Кім не десе о десін, мына бізді, Ішіп жүріп күн көрдік сырамызды, Алматының аяулы ақ нөсері, Ағыл-тегіл жуады күнәмізді»,- деп келетін Тоқашқа арнаған ақжарма өлеңдері, Алматының шылымға тұншыққан ескі кабактарында әлі күнге жаңғырып қалаты рас. Әлі күнге деп аңдай айтып отырғанымызда содан, менің замандастарымды аңыз бен ертек әбден жалықтырғалы қашан?.. Сүйте тұра (уызына толық жарымағандікі ма екен?) әлі де бір иығымызды сол жаққа беріп тұратынымыз бар. Дүр етіп сол заманға кіріп барғымыз келеді. Есіп-есіп сөйлеп, күндей күркіреп, десі қайтқан есемізді қайырғымыз келеді. Ие, бұның бәрі шартты райлы сөйлемдер. Ал, оның өмірдегі шарты тіпті де орасан. Бірақ біз бәрі бір тоқаштарды оқымайтын сыңайлымыз. Дұрысы, бұрын да оқымағамыз-ау дейім... Өлеңдерінен гөрі бізге Есенғали мен Аманхан ағалардың көкелері туралы естелігін тыңдаған қызық. Сол ұнамды. Сол иланымды. Бізді қазір Хамитты, Қуандықты, Ғафуды, Сырбайды, Тоқашты, Шәмілді... осылай сонарлай беретін аға буын әдебиетін оқымайтын «күшті» тенденция буып-ақ тұр ғой. Оның басында әрине өзіміз тұрмыз. Және тұра да беретін сияқтымыз ба, қалай?.. Меніңше, оны талдап талқылап жату уақыт аларлық дүние ме? Соншалықты құпияландырмай «Енжарлық!» деп нүкте қойған жөн-ау осы жерден. Мүмкін, айналып соғармыз. Білмеймін... Көп нәрсе маған күңгірт һәм бұлыңғыр. Қалай айтсақ та біз жақсы көріп оқитын аз ғана ақынның бірәзі Тоқаштың тақиясынан шыққанын ағалардың өзі айтып жүр. Етек басты әңгімені осы жерден қайыра тұрып, ағымыздан ақтарылар болсақ, бүгінгі поэзияға Тоқаш сияқты тентек, қылыштай өткір қиқар «шалдың» жетпей тұрғаны анық... Қою мұрты едірейіп, тісін қытыр-қытыр шайнап, ашулы, адуынды күйде алдымыздан шыға кеп: «Әртістікті жідә жек көремін» десе. Хәліміз нешік?! Бәріміз маймөңкелеп кеттік қой. Бір түрлі салғырттанып, майдаланып кеттік. Жүзімізді де, қыбыламызды да тез құбылтамыз. Біздің тірліктің бұрысы да, дұрысы да шамалы. Судағы балықтай ұстатпаймыз. Сүйте тұра, тұтас әдебиеттің атынан сөйлейміз-ай кеп... Біздің аспанымыздан найзағай ойнап, жасын жарқылдамағалы қашан? Біздің аспанымыз сілкінбегелі, түлемегелі қашан?.. Біздің тамашалағанымыз да, тамсанғанымыз да қаланың жасанды жарқырауық салюттары, маздақсыз оттары ғой. «Өтірік! Бәрі өтірік, пәдәріне нәлет!». Сол Тоқаш. Ер Тоқаштың тәмсілі.

Егер Арқаның ақ түтек боранын да, сақылдаған сары аязында қолыңызға қапияда Тоқаш Бердияровтың жыр жинағы түсе қалса, Оңтүстіктің мамыражай шуағына, беймарал, бейғам, маңғаз әлеміне бірден шомыла кеттім деп ұғыңыз. Онда сіз бозторғайлардың майда қоңыр дауысы, күнді шың басына сүйреп бара жатқан такаппарлығына қайран қалар едіңіз. Шабындықтың айдарын жел тараған тымық түнде, су бетін тағалап жортып бара жатқан аппақ айдың сұлулығына куә болар едіңіз. Атырапқа арайын төгіп, баяу батып бара жатқан күннің құлар тұсынан, даланың мамасындай қос маяға тұмсығын сұғып мекіренген сирлардың тұяқ сыртылын естіп, жоңышқаның қою ніліне елітіп іңкәр күй кешер едіңіз. Дәл сол сәтте сіз Тоқаштың өз биігінде тұрып, өз демінде, өз дауысында, өз дауыс ырғағында: «Өмірім, саған ризамын!» деуіңіз сөзсіз еді. Тоқаш өлеңдерінің ұлылығы, өміршеңдігі осында. Шынайы суреткерлігінде. Толстой шалдың тілімен айтсақ «Ең қиыны – қарапайым жазуында». Қалай десек те, Тоқаш Бердияров поэзиясы қазақ әдеби сыны үшін әлі жұмбақ күйінде. Шын мәнінде қазақтың мықты ақындарының баршасы күрмеуі қиын күйдің әлдиінде дер едік. Өйткені, адам табиғаты әу бастан тылсым әлемге құрылған. Шын өлеңнің уақытқа ілесуінің, көбіне оза шабуының өзі де сол сырлы ағыснында болса керек. Бердияров бір жазбасында: «Поэзияға қулық-сұмдық, амал-айла жүрмейді»,- дейді. Өзінің ауыз-екі тілімен тәпсірлесек «Әртістікті жідә жек көремін» болып шығады. «Поэзия − қабілеттіліктің, тәсіл-әдістің, асқан шеберліктің, толастамас, сендіргіш, жүйелі ақылдың зыр жүгірген «қолбаласы». Бәрі де ақынның өз сөзі, өз пайымы. Біз сырттан ешнәрсе тықпалап отырғамыз жоқ.

Оңтүстіктің айлы түні-ай, ақ тамақ,

Сүт аңқиды адырдан да, ойдан да.

Жапырақтар әсте қыбыр етпейді,

Бөлеп оны қойған ба?

Төңкерілген Айым-ай,

Төкші,төкші ақ сүтіңді тағы да.

Қандай салқын, қандай салқын атырап,

Қалмапты ғой күндізгі аптап табы да.

Жымыңдайды, жымаыңдайды жұлдыздар,

Ұйықтамайды түнімен.

Төңірекке төгіледі хощ иіс

Жиде ағаштың гүлінен.

Қашанда, әдебиеттің жаңалықтарын уақытылы қабылдау, дер кезінде бағалай білу оңай болмаған. 50-ші жылдары қазақ поэзиясына өзгеше өрнек, жаңа үлгі әкелуге тырысқан Төлеужан Ысымайылов пен Тоқаш Бердияровтың соны соқпағын оқырмандар мен сыншылар бірден жылы қабылдады десек асырып айтқандық болар еді. Сондай «бүйректен сирақ шығарған» Тоқаштың «Мен өмір сүремін» деп аталатын алғашқы поэмасын ғалым Мәлік Ғабдуллин «академизмдік сарынға» салып қатты сынға алады. Ақынның оқыс теңеулерін, күрделі метафораларын сөзді дұрыс қолданбаған, көркемдік танымға жайдақ, әдебиет теориясының заңдылықтарына қайшы деп бағалайды. Ғалымның жөнсіз сынына айтар уәжі бар Тоқаш Мұхтар Әуезовке арнайы хат жазады. Мұқаң 1955 жылы «Әдебиет және искусство» журналына «Мәлік Ғабдулинге жауап хат» атты мақала жариялайды. Онда автор жаңа образ іздену де адамға батылдық, өткірлік керек екенін, ақын Тоқаш сол санаттағы жас талант екенін баса айта келе, Мәлік Ғабдуллинның Тоқаш Бер­дияровтың поэмасына жал­пылама берген бағасына толық келісе алмайтынын кесіп айтады. «Сіздің сыны­ңыз бұл жөнінде әділ емес,- дейді Мұқаң. Достоев­ский прозасының өзінде: «Кара­ма­зовтың арының маңдайы жез еді»,- дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр-тұсындағы ізденулерге соқ­қанда тегі біздің сыншылар, әсі­ресе, әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдану керек...»,- деп араша түседі. Ұлы Мұхаңның жас таланттың тасын өрге домалатар бұл мақаласы Тоқаштың поэзиясының жантамырын дүп басқанының көрінісі болса керек. Осыдан кейінгі ақынның шығармашылық жолын аңдасаңыз, бір белді бір белге бүктеп, бір шаңды бір шаңға қосқан тұлпардай өзімен өзі жарысып, өзімен өзі алысқан кең тынысын мойындамау мүмкін емес.

***

1925 жылы 19 қыркүйекте Сарыағаш ауданының Келес өңірінде туған Торқысбектің, әке мен шешеден не себепті жастай жетім қалғанын біз біле бермейміз. Білетініміз, бес жасынан Тәшкенттегі №6 балалар қабылдау үйінде, кейіннен №23 қазақ балалар тәрбиелеу үйінде өскенін өз жазғандарынан аңдаймыз. Азан шақырып қойған Торқысбек атының Тоқашқа айналып шыға келгені де осы кез болса керек. Сол жылдары Тоқаштың бала жүрегіне өшпестей із қалдырған мына бір оқиғаны айтпай кетсек болмас деймін. Бірде, жаңа жыл қарсаңында, өзіміздің шағын клубта жасыл шырша бой түзеді,- деп еске алады ақын. Қызылды-жасылды көгілдір шам. Көздің жауын алатын түрлі-түсті ойыншық. Жасыл шыршаның, омырауы толған бізге таңсық дүние!.. Әшім ағай менің көзімді орамалмен тас қып байлады да: «Ойыншықтардың. бірін ал» деп шыршаны мегзеді. Қолыма қарындаш іліккенде мұншама қуанбаспын ба!? Бірер күн өткен соң әлгі шыршаны қоқсық салатын жәшіктің қасынан көрдім. Қуарған, бұтақтары сынған, баяғы әсем шырша жоқ. Тұла бойым қалшылдап жылап жібердім. Жан дүнием күйзеліске ұшырап, дәм татудан қалдым... Бала жүрегін шоқтай қарып өткен осы шағын оқиға Тоқаш поэзиясының бастау бұлағындай боп көрінеді де тұрады. Осындай уыз сезімді көңіл түкпіріне ұзақ әлдилеген ақын кейін бәрін салмақтай келе «Қырық жылдан соң» деп өлең де жазды. Қоқыс алаңында қирап жатқан жап-жасыл шыршаға тұп-тұнық жанарын суарған баланы кейінгі тағдыр от пен суға алмакезек салды. Жетімханадан басталған бұралаң жолы, өзі бір өлеңінде айтқандай «ханалардың» құшағында өтті. Олар жетімхана, жатақхана, емхана, акопхана, оқхана боп жалғаса беретін еді. Тоқаштың тұтас шығармашылығын қарап отырғаныңыз да оның осыншама қиындық көргенін баса айтып, өзіне тағдыр жасауға талпынғанын ешбір өлең жолынан кезіктіре алмайсыз. Жетім едім, жоқшылық пен қағажу көріп өсіп едім, әлі де таңдайым аққа, маңдайым баққа бұйырмады деген жыларман сөзді ақын аузына да алмайды. Дейтұрғанмен, өскен ортасы, алған «тәрбиесі», алып империяның жалпы қоғамға салған «жұмсақ» күші, ақынның сергек көңілін айналып өтпесі де түсінікті кеп. Жалаң аяқ жүрген кезінде бауырына басқан «... ақ көйлек, ақ керует, ақ бөлке нанға» қолын жеткізген жетімхананың дәмін еш ұмытпайды. Сол күндер де жанымызға жақын сөздер — Отан, Ленин, Мектеп еді деп ілтипатпен жазады. Жұлдыз Мұқағалиұлының бала кезінде Тоқаш ақынды көрген естелігі осы ойымызды тіпті «тұздықтай» түсетіндей. Әкем Тоқашпен өмірінің соңына дейін берік достық қатынаста болды деп есеке алады Жұлдыз Мақатаев. Екі алып ақынның балталаса бөлінбес достығын өзара жазған арнау өлеңдерінен де, замандастарының естелігіненде толық көруге болады. Әкем ауылға келген сайын жанына шағын денелі, жүзі суық бір мұртты кісіні жиі ерте келуші еді дейді ақынның ұлы. Ол кісінің Тоқаш Бердияров екенін кейін білдім. Таңменен әкем мен Тоқаш аға үйдің алдындағы тастай суық тау бұлағына жалаңаштанып тастап жуынып жататын. Сонда Тоқаш ағаның кеуде тұсында салынған мұртты адамның, ал арқасында күн шығып келе жат­қан сәтті бейнелейтін суреттерді байқап қалғаным бар. Мұртты адам Сталиннің бейнесі екенін кейін білгендеймін. Тоқаш аға мені қорқытпақшы болып, иықтарын қиқаңдатқанда де­несін­дегі әлгі адам­ның мұрты жыбыр-жыбыр ете қалатын. Мен оған мәз болатынмын дейді. Жұлдыз Мұқағалиұлының осы шағын естелік әңгімесі бізге бірәз жайтты аңдататын сияқты. Ақынның саяси ұстанымы деп әспеттемесек те, сонмаша жаужүрек, батыл, бір беткей мінезіне қарамастан һәм соншама қорғансыздығына елітпестен ақынның советтік көсемдерге деген ілтипаты теріс болмағаны таңғаларлық дүние болмас дейміз. Оның ұшығын кейбір шынайы жазылған партиялық өлеңдерінен де көруге болады.

Айта берсек Тоқаш өмірінің тақтайдай түзу болған тұсы жоқ. Өмір жолы кілең күреске, жанкештілікке толы. Қашанда жаудың бетінде, желдің өтінде жүрген сарбаз дерсің. Он үш жасында мектепті бітірер-бітірместен ұжымшардың ауыр жұмысына араласады. Он жеті жасында өз еркімен сұранып майданға аттанып атқыштар полкінің жауынгері болады. Соғыс біткеннен кйін де әскерде қалып бес жыл Балтық әскери теңіз портында теңізші боп қызымет атқарған. Менің жаныма бәрінен Нұх пайғамбар жақын, олда өзім сияқты матрос деуі де осы бұрқасынды жылдардың куәсындай дөп айтылған сөзі еді. «Соғыс кезіндегі және жеңістен кейінгі жү­ріп өткен жауынгерлік жолдарымды қағаз бетіне түсіретін болсам, жарты Еуропаның топографиялық картасын сызып шыққан болар едім» деп жазады өзі кейін. Жан дүниесін теңіздей шайқалтқан он жылға жуық от пен оқ кешкен жылдар Тоқаштың болмысына, мінез-құлқына, адами қалыптасуына мейлінше әсер еткені анық. Өмірінің ең ыстық ұясы өлеңнен де алыстатып жібергені де түсінікті. Соған қарамастан ақын өз тұлғасын барынша адал, таза сақтағаны оның Алматыға келе сап көркемсурет училищесіне оқуға түскенінен көрінетіндей. Алайда кейін жанәлемінің өрнегін майлы бояумен ақ кенепке емес, қара сиямен ақ қағазға ақтармақ боп поэзия әлеміне біржола бет бұрады. Алғашқы жинағы «Шалқы теңіз» деген атпен 1952 жылы жарық көрген болатын. Содан қаламын қырық жылға жуық қолынан тастамаған ақын қазақтың қара өлеңінің өрісін кеңейтіп, өлеңмен бірге өзі де биіктей берді. Қанша жерден мінезі шатақ, қызу қанды болсада, ақын мұнтаздай киініп, ақ жағасына кір жұқтырмай жинақы жүретін еді дейді қаламдастары. Тіпті ішетін күндері арнай ескі, көнетоз киімдерін киіп шығатын болған. Оның осыншама құныттылығын айналасы, жасынан балалар үйінде өскені мен қатаң әскери тәртіптен жұққан ескі әдетке балайтын сыңайлы. Біздіңше ол ақынның аққа қара жақпаған туа бітті адалдығынан, сүйекке сіңді мінезінен болса керек. Өлеңіндегі кірпияздық пен бекзадалықтың, сұлулықтың тұрмыстағы ұшқыны деп пайымдаймыз. Ақынның тұрмысы туралы сөз болғанда ойымызға бірден «Менің тойым болған жоқ» деген жандүниеңді жаншып өтетін ауыр өлеңі еске түседі.

...Жүзе алмайды бүйірлеп,
Бір ескегі о баста жоқ қайығым.
Құрғыр есігім қағылар ма ед, қайтер ед,
Болса егер зайыбым.
Әйткенменен «балалы үй – базар ғой»...
Әне, содан жұрдаймын.
Немеремді жүрер ме едім жетектеп,
Болса егер жұбайым.

Замандас інісі Сейфолла Оспанның айтуынша бірде Тоқаш базардан екі сумка сәбидің киімін алып, таксимен үйге асығыс кіріп шығады да. «Бүгін менің қызым дүниеге келді, өзіме қатты ұқсайды екен» деп айрықша тебіреніп, көзіне жас алады. Ақынның ұзақ уақыт бойдақ жүрісінен кейін, өмірінің соңын ала жар сүйгенін естеліктерден оқыған едік. Әйтседе ақынның сол жары туралы біздің білетініміз аз. Дегенмен Тоқаш ақын біз ойлағандай емес ерте от басын құрған сыңайлы. Оған мына бір әңгіме куә болмақ.

Тоқаш Бердияров өмірден өткеннен кейін жиырма бес жылдан соң Жазушылар одағында ақынды еске алу кеші өтеді. Бұл өзі Тоқаңның өмір бойы тұрған қаласындағы алғашқы кеші болса керек. Көптеген қаламгерлер келеді. Небір естеліктер айтылады. Жоғарыда айтылған пікіріміздің бір мұншасын сонда айтылған әңгімелерден алып отырмыз. Сол кешке жиналған қауым алғаш рет ақынның соңында қалған жары Үміт Таласбаева апайымызды көреді. Үміт апай Тоқаш көкемізбен танысқанынан тартып, үйлі-баранды болғанына дейін ағынан жарылып бірәз әңгіме айтады. Қалтай Мұхаметжанов сында ағаларының да үйден дәм татқанын тілге тиек етеді. Бұл күнде Тоқаштың апайымыздан 1967 жылы туған Элмира Торқысбекқызы Бердиярова атты қызының бар екеін, Ескендір есімді немересі де өсіп келе жатқанын жұрт тұңғыш рет сол залда отырып естіген болса керек. Үміт апайдың айтуынша Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылындағы №127 Тоқаш Бер­дияров атындағы орта мектептің алдын­а орнатылған бюсты Тоқаңның өзі сыйлаған екен. Ақынның мүсін жасайтын өнері болғанында осы жерден аңғарамыз. Көркемсурет ущиличесіне бекерге оқуға түсіп жүрмегені де түсінікті сыңайлы.

«Біреуге елеспін, Біреуге белеспін. Портретім – өлеңде, Жұмбақ адам емеспін» деп ағынан ақтарылған ақынның сол «жұмбақ портретін» әлі күнге айнытпай сала алғанымыз шамалы. Жылдар жаңғырып, уақыттар алмасқан сайын әр ұрпақ, әр буын өз Тоқашымен қауышуда. Ақында ұрпақтарымен бірге әрі жасарып, әрі кемелдене түскендей. Ақын Ғафу Қайырбек өзінің «Тоқаш туралы сөз» атты жазбасында Тоқаш ақынның соншама ерекше, соншама қуатты нәрлі шығармашылығын дер кезінде талдап, артық-кемін тап басып талдап айта алмадық деп ашына жазады. Қаншама жылдар ішінде Бердияровтың шығармашылық әлеміне дұрыстап тоқтаған, күре тамырын дүп басып, не жақсылығын, не жамандығын айтқан салихалы сынды әлі күнге көргеміз жоқ. Ақынға, әсіресе Тоқаштай дегдар ақынға бұдан өткен қиянат болмаса керек деп ағынан ақтарыла айтады. Ғафу айтқан сол қиянат әлі де тиянағын таппағандай көрінеді бізге. «Көрсетеді жанымды, Жырларым – теледидарым» деп өз көңіл көкжиегін айқара ашқан Тоқаш ақынның жандидарына бір сәт ой жүгіртіп, мейір қандырып, жыр көшіңізді түзей жүріңіз дегіміз келеді жас қаламдасқа. Оның «Жұмбақ портретінің» жанарында сіз бен біздің өткеніміз бен келешегіміз үндесіп жатқан жоқ па!?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар