Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Мі...

20.11.2015 6764

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов) - 4

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов) - 4 - adebiportal.kz

(Жалғасы. Басы мұнда)

6. Кәрім Жәленов


Ал әзірше Ташкентте суретке түскен топты адамның тағы біреуін, сонау Гурьев қаласында тұратын Кәрім Жәленовті қамаққа алды. К.Жәленовтің жауабынан суретке түсудің тарихы, Д.Әділев пен Д.Битілеуов «астыртын ұйым» деп көрсеткен Ташкенттегі бас қосудың мәнісі, Бірімжановтың Бұқараға бару себептері толық ашылады.


Жәленов Кәрім Жәленұлы - 40 жаста, ең соңғы тұрған жері – Гурьев. Орал губерниясы Жымпиты уезі Байғожа болысының № 4 ауылында туған. Білімі орта. Ауыл шаруашылығы институтының курсын бітірген. Әйелі ...(аты танылмады – Т.Ж.) Сергеевна Жәленова, 33 жаста, мұғалім. Гурьев қаласында тұрады. 1916 жылға дейін шәкірт. 1917 жылдың І/ІІІ дейін тылдағы қара жұмыста болған. 23/24 жылдары ауыл шаруашылық курсында оқыған. 1924 жылдан бастап Қазақ ағарту институтының жоспарлау саласында жұмыс істеген. 1929 жылы 8 қаңтар күні ОГПУ-дің Гурьев округтік бөлімі тұтқынға алған (ордер № 49).


Сұрақ ақпан айында алынған. Ресми айып тағылмаған. Істе суреті бар.


«Жәленов Кәрімнің жауабының хаттамасы. 6 ақпан. 1929 жыл.


...1916 жылы майданда болдым. Ол арадан мені Орал қаласындағы Қазақ ұйымдастыру комитеті шақырып алды. Бұл Уақытша үкіметтің тұсы еді.


Ол кезде жалғыз мен емес, бүкіл қазақ зиялылары өтіп жатқан оқиғаның аласапыранын түсінбеді, бәріміздің жалғыз мақсатымыз – автономия алуға қол жеткізу болды. Белгілі бір саяси бағыт-бағдарлама, партия жоқ еді, тек 1917 жылы Семей қаласында “Алаш” партиясы құрылды, алайда олардың бағдарламасы бізге жеткен жоқ, ол туралы біз ештеңе де білмедік. Бұл партияны ұйымдастырғандар, менің ойымша, Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов болуы керек. Біз «Алашорданың» құрылтай жиналысы арқылы автономия жарияланатын шығар деп ойладық. Қазан Төңкерісінен кейін Орынбор қаласында бүкілқазақ құрылтай өтті, бұл анығында нағыз құрылтай емес еді, тек шақырылған адамдар ғана қатысты. Егер қателеспесем, бұл құрылтайдың ұйымдастырушылары – Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов болды. Бізге кейінірек жеткен хабар бойынша, осы құрылтайда автономия құру туралы қаулы қабылданыпты.


Орталықтағы екі дүниенің аласапыраны туралы біз ештеңе де білгеміз жоқ, ол туралы түсінігіміз де жоқ болатын. Ол кезде: “Қазақ халқын казактардың қарақшылығынан қорғайық!”, – деген ұран тасталған болатын, сол ұранның ықпалымен халықтық жасақ (милиция) ұйымдастырылды. Алайда іс барысында халқының мүддесі мен оны қорғау және аман-есен сақтау үшін казактармен, Орал облысында ұйымдастырылып жатқан Казак әскери үкіметімен байланыс жасалды, оны жүзеге асырған Жаһанша Досмұхамедов басқарған “Алашорданың” батыс бөлімі еді. Мен ол кезде облыстық Земство басқармасының мүшесі едім. Біз қазақтарды казактардың бейбастақтығынан құтқаруды мақсат еттік. Казактармен арадағы келісіміміздің басты тегершігі мынау болды: олар бізге ерікті түрде жасалған қамқорлық ретінде қару-жарақ беретін болды, ал біз оларға ат бермек болдық және т.с.с. Ол кезде Земство “Алашорданың” меншікті органы тәрізді еді. Сол кезде халық жасағы (милиция) құрылды. Біз Орал казактарымен келісім жасадық. Келісім барысында екі жақ та: “Қызыл әскермен күресеміз!”, – деген ұран тасталды, алайда айтып өткенімдей, казактармен келісім жүргізе отырып оған қоса қазақ халқын тонау мен зорлық-зомбылықтан қорғау үшін жасақ жасақтадық. Мұның барлығы 1918 жылы жүргізілді.


1919 жылдың басында Орал қаласы қызыл әскердің қолына көшті, содан кейін 1919 жылы Түркфронттың өкілі Лежава Мюрат пен оны білетін Жаһанша Досмұхамедовтің арасындағы келісім рәсімі басталды. Досмұхамедов халық жасағын ертіп облыстың солтүстік бөлігін аралап шықты, бірақ қандай мақсатпен шолып шықты, ол жағын білмеймін. Ол кезде терістік жақта қызылдар жоқ болатын. Әскерлердің арасында қақтығыс болды ма, білмеймін, алайда аралап шыққаны анық. Лежева Мюрат казактарға қарсы аттаныңдар деп ұсыныс жасады. Біз ол жөнінде ештеңе естігеміз жоқ, тек Ойылды 3-ші татар полкі басып алғаннан кейін ғана хабарландық. Осы армиямен келісімге келгенен кейін ғана халықтық жасақ Қызылқоға ауданына бекінген казактардың полкі мен дивизиясына қарсы соғысуға аттанды. Полктің штабы басып алынды, отряд қарусыздандырылды, тек үшінші күні ғана татар полкі келіп жетті. Содан кейін ғана Түркфронттың өкілі, аты-жөнін ұмыттым, және Қазақ Ревкомының өкілі Бегімбетов келді.


Бұл 1920 жылдың қаңтар айы еді. Біз татар полкімен 1919 жылдың аяғында қосылдық. Дәл сол кезден бастап бұл арада кеңес өкіметі орнады. 1920 жылдың қысында көптеген қызметкерлер Орынборға аттанып, Кирревкомның қарауына алынды. Орынборға келісімен бес адамды: қос Досмұхамедовтерді, Әбішевті, мені және Қашқынбаевты ВЦИК-тің қарамағына жіберді. Маусым айының басында бізді қайыра Кирревкомның қарауына жіберді, мен онда хатшы болып істедім. Бұл Орынбор қаласында болды.


Мен онда қазан айының ортасына дейін істедім. Содан кейін ТурЦИК-тің өкілінің Киринпросқа шақыруы бойынша Ташкентке жүріп кеттім. Менімен бірге онда Есполов барды және Семейден бірнеше мұғалім келді. Ташкентте мен Киринпросқа сабақ бердім. Қос Досмұхамедовтер мен Қашқынбаев ол кезде Ташкентте еді, кейін оларға Дулатов, “Ақжол” газетінде істеген Бірімжанов кеп қосылды. 1921 жылы жазда жікшілдік (жер межелеу) мәселесі бойынша Байтұрсынов пен Мырзағалиев келді. Болғанбаевпен Киринпроста істейтін Әділев Дінмұхамед те сонда болды. Әділев Орынбордан келген еді. Оның келу мақсатын мен білмеймін. Болғанбаевпен сирек ұшырастым, ал Әділевпен жиі кездесіп тұрдым, өйткені екеуімізде Киринпроста бірге істейтін едік.


Бір жолы аштарға көмек көрсету мәселесі жөнінде мәжіліс өтті. Сол жолы Досмұхамедовтермен қоса Дулатов, Қашқынбаев, Есполов, Диваеев, оның қайда істегенін білмеймін, Жер жөніндегі халық комиссариатында істейтін ұлты қазақ ...(танылмады – Т.Ж.) болды. Біз суретке Дулатовты шығарып салуға байланысты түстік-ау деймін. Оны ұйымдастырушылар не Болғанбаев, не Бірімжанов болды. Бірімжановпен жиі кездесіп тұрдым. Қысқасын айтқанда, жоғарыдағы аты аталғандармен жиі жүздесіп тұрдым. Аштыққа ұшырағандарға байланысты мәжіліс институтта өтті. Бұл өте үлкен жиналыс еді. Ал Домұхамедов Халелдің үйіне жай ғана қонақ ретінде жиылдық.


Мен Валидовті 1920 жылы алғаш танысқан кезімде көрдім. Оның 1922 жылы Ташкентке жасырынып келгенін, бірақ та партияның ОК-нен кешірім сұрау үшін келгенін білемін. Мен онымен сол жолы кездестім, оны маған Бірімжанов алып келді де тағы да таныстырды, өйткені мен оны бір рет көрсем де ұмытып қалыппын. Валидов маған: партияның Орталық Комитетіне өтініш бергенін, өзінің (кеңес өкіметіне) берілетіні туралы мәмілеге келісу үшін келгенін айтты. Бірімжанов оны маған институтқа алып келді, онда менен басқа ешкім жоқ болатын. Мен оның Самарқан облысында жасырынып жүргенін, алайда өкіметке берілмегенін білетінмін, бірақ та оның (жасырынып жүргенінің – Т.Ж.) себебін анық білмеймін. Кейін тағы да бір рет институтта жалғыз отырғанымда көрдім. Ол маған: жауапты қызметкерлермен тіл табыса алмадым, енді Персияға кетемін, – деді. Кіммен келісім жүргізетінін ол маған айтпады. Содан кейін ол Бірімжановта болды.


1921 жылы Бірімжанов Бұқараға аштарға көмек-жылу жию үшін барды ғой деймін, оның басқа ойы болса оны білмеймін. Ол уақытта жұрттың біразы кеңес өкіметінің бағытын қостай қоймайтын. Мен ол кезде социализмнің орнайтынына сенбедім, белсеніп қарсы шықпасам да, 85 проценті қайыршыланған шаруалардан тұратын елде социализм орнату мүмкін емес сияқты көрінді. Ешқандай саяси ұйымның мүшелігіне кіргемін жоқ. Социализмнің орнауына деген сенімсіздіктен мен 1923 жылға дейін, қашан Ташкенттен кеткенімше арыла алмадым.


Алайда кеңеске қарсы қандай да бір астыртын ұйымның бар екендігін мен білгемін жоқ. Валидов туралы әңгімелерді де естігемін жоқ. Менің білетінім, Бірімжановтың Бұқараға аштарға көмек жиып қайту үшін барғаны ғана.


Торғай ісі қаралып жатқанда мен Оралда болатынмын. Ол соттың барысы жөнінде ештеңе естімедім, тек Байтұрсыновтың ісі жөнінде мағлұмат болды. Байтұрсынов пен Дулатовқа қарсы: аштарға жиған дүниелерді өздері сіңіріп алды – деген желеумен іс қозғаған болатын. Ташкентте жүргенде Досмұхамедовтың үйінде және институтта Есполовтың қатысуымен өзара әңгімелескеніміз бар, бірақ ол жекеше сөз ғана болатын. Онда Досмұхамедов: жерге орналастыруды жеделдету керек, содан кейін өзбектердің Шымкент облысын отарлауын тоқтату керек, қазақтардың арасындағы оқу жүйесін кеңейту керек, – деген пікір білдірді. Бұл – 1922 жылы еді.


Оның өмірлік жалғасы табылмады, өйткені Есполов Жер жөніндегі халық комиссариатының алқа мүшесі, ал Табынбаев (?) Оқу ағарту халық комиссары болатын. Мен Оралда тұрған кезде ондай мәжілістер өткен жоқ.


Қолы қойылған. Жәленов. Жауап алған Шығыс бөлімінің бастығы – Петров. 6 ақпан. 1929 жыл».


Кәрім Жәленовтің ашық және турасын айтқан жауабынан: а) 1921-1922 жылдары Қазақстанның солтүстік батыс облыстарындағы 1,5 миллион адамды қамтыған, 500 мыңнан аса адам аштықтан қырылғаны (Орталық комитеттің құпия анықтамасының мәліметі бойынша), ә) Орынбордан жолданған үндеуге орай ашаршылықтан зардап шеккен қазақ еліне көмектесу туралы Ташкенттегі зиялылардың бас қосқаны, б) аштарға жылу жию үшін Бұқараға өкілдер жіберілгені анықталды. Алайда бұл шындық тергеушілердің қаперіне де кірмеді. Соның өзін қылмыс көріп, К.Жәленовке ресми түрде қамақ санкциясын шығарды:


«Қаулы.


1929 жыл, ақпанның 10 күні, Қызылорда қаласы.


Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі, ҚССР бойынша өкілі – Саенко, бүгінгі күні № 6 іс бойынша тергеуде жүрген Жәленов Кәрімді Қылмысты Істер Кодексінің 58-7, 58-11, 59-3 баптарына сәйкес айыпқа тартылғандықтан былай деп тауып:


Кәрім Жәленов – кеңес өкіметін құлату үшін құрылған астыртын конт-революциялық ұйымның мүшесі және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына көмек көрсеткені үшін Қылмысты Істер Кодексінің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай шешім қабылдадым:


Жоғарыда жазылған айыптардың негізінде Жәленов Кәрім айыпкер ретінде тергеуге тартылсын. Қылмыстың алдын-алу мақсатымен ол – ПП ОГПУ-дің ҚССР дегі түрмесіне қамалсын.


Шешімнің көшірмесі орындалу үшін ҚССР бойынша ППОГПУ-дің РСО-на жіберілсін.


Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары – Саенко.


“Келістім” Шығыс бөлімінің бастығы – Петров.


“Бекітемін” ОГПУ-дің ҚССР бойынша төтенше өкілі – Волленберг.


Бұл айып маған таныстырылды. Өзімді айыптымын деп есептемеймін. “Не” деген сөз ерекшелену үшін сиямен жазылған. Айыпкер – Жәленов».


Тура сол күні дәл осындай айыппен:


Ахметсафа Юсупов, Міржақып Дулатов, Хайретдин Болғанбаев, ал ақпанның 11 күні Есполов Мырзағазы, Битілеуов Дамолла, Бірімжанов Ғазымбек туралы шешім шығарып, оларды тұтқындалуына байланысты қызметтерінен босату туралы қатынас жолданған. Бәріне ортақ жалпы үлгісі мынадай:


“Азамат Міржақып Дулатұлы 3 қаңтардан бастап, яғни тергеу ісіне тартылған күннен бастап “Еңбекші қазақ” газеті редакциясындағы әдеби қызметкер міндетінен босатылсын, бұл жағдай Дулатовтың қызмет орны – “Еңбекші қазақ” газетіне хабарлансын”.


Соңына жоғарыдағы үшеуінің қолы қойылған. Бұған қарағанда тұтқынға алынған барлық адамдарға айыптау санкциясы кейіннен қойылған.


«Жәленов Кәрім мен Әділов Дінмұхамедтің беттесуіндегі сұрақ – жауаптың хаттамасы.


27 мамыр (май) 1929 жыл.


Жәленовке сұрақ: Әділов Дінмұхамедпен қай уақыттан бері таныссыз?


Жауап: 1921 жылдың жазында Әділов Ташкент қаласында тұрды ма, жоқ па, мен білмеймін. Тек, 1921 жылдың күзінде, не қысында мен осы Ташкент қаласындағы Қазақ институтында көргенім есімде. Ол институтқа алба-жұлба боп келді, келді де киюге киім сұрады. Оған кім костюм алып берді, қазір есімде жоқ, алайда Д.Әділев оқушылармен бірге тұрды-ау деймін. Келесі күні Әділев: өзінің Ферғанадан келгенін, Жанұзақовтың басмашыларының арасында болғанын айтты. Бір қышлақта бандылардың үстінен қызыл әскерлер түсіп қалыпты да, Әділев ол жерден қашып құтылып, осында әзер жетіпті. Оның өзінің айтуы бойынша ол Жанұзақовқа жолығуға барыпты, бірақ не үшін барғанын айтса да қазір ұмытып қалыппын.


Осыдан кейін мен Қожановқа бардым да, Әділевтің маған айтып бергенінің бәрін оған мағлұмдадым: Қожанов: «Әділев өте қабілеттті қызметкер, бірақ та ол жас, сондықтан да бір нәрсеге ұрынып қалуы мүмкін. Оны институтқа оқытушы ғып орналастырып қойып, бақылап жүру керек”, – деді.

Жәленовке сұрақ: 1921 /?/ жылы көктем айында Әділев Ташкент қаласына келгенде оның Бұқараға бара жатып жолай аялдағанын білдіңіз бе, жоқ па?

Жауап: Әділов өзінің Бұқараға барғанын елдің бәріне айтып жүрді.

Жәленовке сұрақ: Мүмкін сіз Әділевтің басмашыларға қалай тап болғанын есіңізге түсірерсіз?

Жауап: Ондай әңгіме есімде жоқ.

Тағы да соған сұрақ: Ташкенттегі қазақ қызметкерлерінің бір тобы қатысып, Валидовтің кеңес өкіметіне деген көзқарасына байланысты мәселені талқылаған және астыртын ұйым құру жөнінде ұсыныс жасалған мәжіліс өтті ме, жоқ па?

Жауап: Менің қатысуыммен ондай мәжіліс болған жоқ. Ал мен жоқ жерде ондай жиналыс өтті ме – одан да хабарым жоқ».

Жалпы осы екінші томның соңына дейінгі көрсетінділер мен бетпе-бет жауаптасу кезіндегі айғақтарды салыстырсақ, Д.Әділевтің Бұқараға барғаны расталады. Мәселе: астыртын ұйымның қандай тапсырмасымен барды немесе битілеуовшілеп «жер көргісі келіп» тағы да «партизаншылап» кетті ме, нақты шындық осында. Тергеудегі айғақтамаларға жүгінсек, Д.Әділевке ешкімде ондай өкілдік бермеген.

Құлмұратов Тәжібай – 38 жаста. Қызылорда округінің Тереңөзек ауданының № 1 ауылының қазағы. Үйленген. Партияда жоқ. Кешірімге байланысты түрмеден босатылған. Бұл – Д.Әділевтің көрсетіндісі бойынша оның түрмеде жатқан ағасы Байсейіт Әділевтің қашып шығуына көмектесті делінген адам. Оның айтуынша: Байсейітке түрмеден қашу туралы ақыл қоспаған. Жазығы – оның қашуына қол ұшын бергендігі екен. Ол үшін бір құлынды бие алыпты. Көрсетіндісінің соңын:

Т.Қалмұратов: “Кәрібаев Нұрлан Қызылорда қаласында кіммен кездесті, ол жағын білмеймін. Мен Дулатовтың үйінде Нұрлан Кәрібаевпен бір-ақ рет, 1927 жылы Байсейіт беріп жіберген құлынды биені әкеп берген жолы ғана бірге болдым. Біз бірге бардық, Нұрлан: Байсейіттің тапсырмасы бар еді, – деді, қандай тапсырма екенін ол маған айтқан жоқ. Біз келген кезде Дулатовтың үйінде қонақтар бар екен, мен ауыз үйде қалдым да Нұрлан ішкі үйге кіріп кетті, іле кері шықты да маған: Дулатов ертең таңертең кел деп айтты, – деді. Есполовты тіпті көргемін де жоқ. Бұдан басқа ештеңе де айта алмаймын, хаттама маған оқылды...”, – деп аяқтаған.

Әй, қазақ-ай! Жылқы десе – басын да бәйгеге тігіп жібереді- ау! Тәжібайда одан үлкен «саяси мақсат та» жоқ шығар. Міржақып Дулатовқа Нұрлан Кәрібаевтің жолыққанын айту арқылы «контрреволюциялық астыртын құпия ұйымның Голощекинді қастандықпен өлтіру және қырда көтеріліс ұйымдастыру туралы жоспарын талқылап, Д.Әділевке тиісті нұсқау бергенін» растағаны Т.Қалмұратовтың қаперіне де кірмеген.

Бұдан кейін тергеу ісінің осы томында Д.Әділовтің бір көрсетіндісі екінші көрсетіндісіне қарсы келетін, бір жолы: «Осы айтқаным шындық», деп, келесі жолы ол көрсетіндісінен бас тартып, ішінара: «Мен ешқандай күш көрсетуден қорықпаймын», деп толтырған ұзақ сонар жазбалары кездеседі. Ол жауаптар екінші, үшінші, төртінші, алтыншы томдарға да ұласады. Онда Ахметсафа Юсуфов пен Жүсіпбек Аймауытовтың, оған қоса Сұмағұл Сәдуақасовтың „өзі білетін өмірлеріне қайраткер” ретінде шолу жасайды. Мұнда айтылған жайларға тергеу істерін талдау барысында нақты тоқталатын болғандықтан да бұл арада мазмұндап жатуды артық көрдік. Онда 1922-ші жылы ашаршылықа ұшыраған Торғай еліне Семей өңірінен мал айдап барған Жүсіпбек Аймауытов пен Ахметсафа Юсуповтың жалған жаламен сотқа тартылғаны баяндалады. М.Есполовтың өміріне шолу жасап „саяси баға береді”. Қалған жайларды Есполовтан естідім деп. „тарихи шолу жасайды”. Сөзінің соңын:

„Голощекинге қастандық жасау туралы ойымды Дулатовқа айттым. Ал Бөкейханов болса, Москвадағы, Орынбордағы террористердің батыл қимылдайтынын, қазақ қызметкерлерінің ондай әрекеттен қорқатынын бізге айтты. Маған Голощекинге қастандық жасау туралы ой сол кезде түсті”, – деп „ағынан жарыла” аяқтайды.

7. Ғазымбек Бірімжанов

Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті архивіндегі № 124 істің 2 томы «Елдес Омаровты және т.б. айыптау ісі» – деп аталады. 1929 жылы қаңтар айында басталған жалпы 7 томнан тұратын істің бұл томына негізінен Дінмұхамед Әділевті тұтқындағаннан 3 ай бұрын, 1927 жылы 13 қазанда жауапқа тартылып, қайта босатылған Елдес Омаров пен 15 қазанда ұсталған Халел Ғаббасовтың тергеу ісіндегі жауаптары тіркелген. Бір-біріне ешқандай қатысы жоқ жайларды (мысалы, Бетпақдаладағы, Торғайдағы, Шыңғыстаудағы оқиғаларды) өзара байланыстырған:

«Алашордашылар» көтеріліс ұйымдастыру үшін қырға астыртын өз адамдарын жіберген, сондай-ақ ағылшын империясымен және сол кезде Парижде, Германияда тұратын Валидовпен, Шоқаевпен байланыс жасау үшін шет елге оқуға (Бірімжановты, Битілеуовті, Мұңайтпасовты) жіберген – деген айып тағып, «Алашорда» қайраткерлерін жаппай тұтқынға алып, түрмеге қамаған.

«Қылмысты iске» «жаңа куәгерлер» тартып, оларға бөлек iс қағазын толтырды. «Қосымша қосылған» бұл адамдар кiм едi және Байтұрсыновтың соңынан шырақ алып түсiп, қалайда айыпкер, экстремист, контрреволюционер етiп көрсетуге тырысулары қалай? Осы жетпіс екі адамның басын бiрiктiретiндей ортақ мүдделерi болды ма? Соны айғақтайтындай дәлелдi себеп бар ма?

Бар. Ол – бұл адамдардың «Алашордаға» қатысты ортақ өмiрбаяны едi.

ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы сол тұс болатын. Өйткенi «ұлтшыл», «пантюркист», «контреволюционер» деген ұғымды саяси – идеологиялық сахнада «ойнату» үшiн әуелi оны «тiрiлту» қажет-тiн.

Алдын-ала ескерте кетеріміз: сот барысындағы отарлау тарихы, ел, жер, конфискация, ашаршылық, әдебиет пен мәдени руханият туралы алаш қайраткерлерінің тергеу кезіндегі пікірлері мен сұрақ-жауаптары арнайы бөлімдерде тақырып бойынша жеке-жеке кең ауқымда талданатын болғандықтан да, бұл бөлімде тек әр азаматтың түрмеге жабылуына себепкер болған іліктес жайларды ғана, яғни, таза тергеу тарихын ғана қамтимыз. Сонымен қатар Заки Валидов пен «Қараноғай ісіне» қатысты сұрақ-жауаптарды да ыңғайластыра желіге тарттық.


Бірімжанов Ғазымбек – 1896 жылы Қостанай округінің Торғай ауданында туған. Жоғары білімді мал дәрігері. Мемлекеттік сауда басқармасында істеген. Заңгер Ахмет Бірімжановтың інісі. Кәрім Жәленовтен кейін тұтқындалған.


Ғ.Бірімжанов: «24 қаңтар 1929 жыл. Мен 1896 жылы тудым, 1914 жылы реальдық училищеде оқыдым, одан кейін майдандағы қара жұмысқа тартылғандарға көмектесу үшін Киевке бардым. Қазақтардың көпшілігі орысша білмейтін, сондықтан да майданға баруды қоғамдық парызым деп есептедім. Жоғары оқу орнына түсудің реті келмеді. 1917-1918 жылдары Орынборда болдым. Менің қалыптасқан тұрақты көзқарасым болған емес. Бар ойым – оқу болғандықтан да, қазір де саяси іске шорқақпын. 1918 жылы Торғайға бардым. Сол кезде Тұнғашин мен Жангелдин ұсыныс жасады. Уезд комиссары Аравин болатын. Онда тұрақты өкімет те, өзара бөлінушілік те жоқ еді. 1918 жылы мен Орынбордағы „Алашордашыларға” қосылдым. Басшылары Бөкейханов, Байтұрсынов, Қаратілеуов еді. Оған дейін «Алашордашылардың» ешқайсысын білмейтінмін. Нақты бір қызмет атқарғамын жоқ.


«Қызыл әскерміз» – деп келгендер қазақтарды тонап, аттарын тартып алып жатты. «Алашорданың» жасағы бар болатын. Жангелдинмен келісім жүргізіп, Байтұрсыновты Мәскеуге жіберді. Сол кезде казак полкі сау ете қалды. Баратын жер қалмады. Біз казактардың билігін мойындауға мәжбүр болдық. Мені Колчакқа жұмсап жіберді. Неге ондай тапсырма бергенін білмеймін. „Алашорданың” тапсырмасын орындауға тырыстым. Бұл 1919 жылдың көктемі болатын. 1919 жылдың басында Валидовке жіберді. Валидовтің „Алашорда” үкіметін қолдауын өтініш етті. Орынборда „Алашорданың” әскери кеңесі өтіп жатқанда Валидов те сонда болды. Ол ешқандай көмек көрсеткісі келмеді, қазақтармен арадағы байланысы да нашарлады».


Башқұрт ұлттық әскері – Ақтөбе, Орал және Оңтүстік Урал бағытындағы қызыл әскерге қарсы іс-әрекетке көшеді. Соның ішінде З.Валидовтің естелігінде «Алашорда» әскерінің жасағына қатысты өте бір қызықты дерек бар:


З.Валидов:«Самара өкіметімен, оралдық казактармен, қазақстандық жасақпен жүргізген барлау жұмысымыз өте сәтті болды. Орал (Теке) – Ханордасы – Астрахань губерниясы – Гурьев (Үйшік), Омбы-Батыс тобы құрылды. Башқұрттың ұлттық ақыны Сеитгерей Мағаз, Шайхзада Бабич, өзбек ақыны Әбілхамид Сүлеймен (Шолпан), қазақтың жас журналисі Бірімжанов және тағы бір оқыған айтыскер ақын қазақ қызы қалаларда жасырын ұйым құрып, Орынбордағы орталықты құнды деректермен қамтамасыз етіп отырды. Қазақтың ақын қызы мен ақын Шайхзада Бабичтің басынан кешкен оқиғаларының қиын да, қызықты екені сондай, ол туралы роман жазуға болар еді. Мысалы: Қазақстанда кеңес өкіметін орнату тапсырылған Жангелдиннің ол қызға сенгені сондай, Москвадағы істің барысын толық баяндап отырды. ...Соның нәтижесінде Ашхабадтағы 11 шілде күнгі әскерлердің көтерілісі, ағылшын әскерінің Түркіменстан мен Бакуге басып кіруі, тіпті, ағылшын барлау топтарының Александров портына келуін, түрік армиясының Әзірбайжанға басып кіруін, Бөкей ордасындағы, Орал мен Гурьевтегі, Хиуа мен Бұқарадағы оқиғаларды қазақтың зерек қызы арқылы біліп отырдық», – дейді башқұрттың әскери министрі.


Бұлөте қызықты әрі тағдырлы оқиға. «Айтыскер, ержүрек қыз кім, оның тағдыры қалай қалыптасты. Мысалы, алаш қозғалысы тұсында жауынгерлік тапсырмалар орындаған, өмірден ерте өткен Аққағыт (Аққағаз-? – Т.Ж.) Доспанова кім еді? Ұлтымыздың тәуелсіздігі жолында күрескен «Алаштың» батыр арулары да ұмытылмауы тиіс. Тарихи шындық сонда ғана қалпына келеді. Өкінішке орай батыр қыздар туралы деректер мәңгілікке із-түссіз сіңіп кетті ме деген қауіп бар. Мүмкін Ә.Жангелдиннің «қызыл керуеніне» қатысты құжаттарда аты аталып қалуы ғажап емес.


Сонымен, «төрт құбыладан» қадалған дұшпан қысымынан құтылудың жолдары талқыланған әскери кеңесте (оған «Алашорданың» атыннан Сеидазым Қадырбаев қатысқан) мынадай халықаралық саяси оқиғалар анықталады: Бакудегі түрік әскері Ашхабадқа бет алды, ал ондағы ағылшын әскері Ауғанстанға шегінбек; Ауғандықтар ағылшындармен соғысу үшін кеңес өкіметінен қару-жарақ алмақ. Егер оқиға осылай дамыса: онда кеңес өкіметіне қарсы соғысу – Түркиямен, Ауғанстанмен, Үндістанмен соғысу, Ресейдің жауы ағылшындармен одақтасудеген сөз. Ал ол Ресей жағдайында мүмкін емес. Сондықтан да еріксіз кеңес өкіметін мойындаудан басқа амал қалмайды. Екінші себеп: Сібірдегі Колчак өкіметі де, Самарадағы Құрылтай кеңесі үкіметі де: Башқұртстан мен «Алашорда» әскерін күшпен таратып, олардың жетекшілерін ату жазасына кесу, сөйтіп олардың Түркістанға қосылып, Түркия мен Германияның әскери көмегіне қол артуына мүмкіндік жасамау туралы бұйрық шығаруы еді. Үшінші себеп «Қатирада»:


З.Валидов: «Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары. Олардың қатарында Ғазымбек Бірімжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов болды. Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты. Кейіннен Ғазымбек Германияға келіп, сонда білім алды, ал отанына қайтып оралғаннан кейін зауалға ұшырады, – деп деп көрсетілген.


Мұхтар Әуезовтің «Алашорданың» атынан кеңес үкіметі жағына шығу туралы өкілдікке баруы Заки Валидовтың «Қатираларынан» басқа құжаттарда расталмайды. Бұл дерек М.Әуезовтің ісіне қатысты тұста қосымша талданады.


Ғ.Бірімжанов (жалғасы): «Содан кейін кеңес өкіметі жағына шығу ресми түрде шешілді. Торғайдағы әскери кеңес қарусыздандырылды. Кеңес жетекшілері Дулатов, Сейдалин, Қадырбаев Семейге кетті. Туған ағам сонда – Семейде тұрғандықтан да мен де Семейге келдім. Семейде Бөкейхановты, Қозыбағаровты кездестірдім. 1921 жылдың басында губревкомға орналастым.


Қайтадан Орынборға, одан Ташкентке келдім. Бұл 1921 жылдың күзі болатын. Дулатовпен бұрыннан таныс едім. Ол мені газетке орналастырды. Мен Дулатовпен бірге тұрдым. 1922 жылы мен шет елге оқуға кеттім. Онда Валидовпен бірнеше рет ескі таныстар есебінде кездестім. Оған ешкімнен ешқандай хат-хабар тапсырғамын жоқ. Шет елдегі өзбектердің ұйымы туралы ештеңе білмеймін. Мәдениет жөнінде бір бірлестік болатын. Олар кілең бұқаралықтар еді, ал мен жалғыз қазақ болғандықтан да, олармен байланыс жасаудың еш қажеттігі болмады. Германияда татар және өзбек комиссиясы бар, ал тәуелсіз Түркістан мекемесі деген ұйымды естігемін жоқ. Елге қайтқанда Валидовтен ешкімге ешқандай да хат әкелген емеспін. Қызылордаға келген профессорды білесің бе, жоқ па, деген сұраққа жауабым: оның аты – Клайн, оның осында келгенін және Оқу-ағарту комиссариатының қазақ мәдениеті қоғамы арқылы мені іздестіріп жүргенін естіп, кездестім. Ол Қазақстанды араламақшы екен, маған еріп жүруді өтінді, мен бас тарттым”.


Бұл күнгі тергеу осымен аяқталған сияқты. Бұдан кейінгі жауаптарында Ғ.Бірімжанов өзімен бірге суретке түскен, іске тартылған барлық айыпталушыларға қойылған ортақ сұрақтарға бір сыдырғы жауап береді. Өзінің Германияда оқыған кезінде Берлинде саяси баспана іздеп жүрген Заки Валидовпен кездескенін, оның СССР-дегі «Алашорда» мүшелеріне ешқандай жасырын хат табыс етпегенін айтады.


«Азамат Бірімжанов Ғазымбектің қосымша жауабы. 27 наурыз, 1929 жыл.

...Мен (шет елде жүргенде – Т.Ж.) шет елдерде шығатын газеттердің ешқайсысымен де жұмыс істескем жоқ, оның ішінде “Татарстан кизелімен” де байланыс жасамадым. “Ени Түркістан” журналын жаздырып алғам жоқ, оның кейбір сандарын ғана көрдім, оқуға талаптанып едім, маған түсініксіз болды, өйткені мен түрік тілін білмейтін едім. Сондықтан да “Ени Түркістан” журналының 10 данасын жаздырып алды дегенді жоққа шығарамын. Ол журнал туралы Валидовпен сөйлескеміз жоқ».


Бұл мәселеге тергеушілер де үнемі қайта айналып келіп отырған. Ғазымбек Бірімжановтың 1929 жылғы 26 маусым күнгі қосымша тергеуде берген жауабы:


«Шет елде жүрген кезімде “Ақжол” газетіне екі-ақ рет мақала жаздым. Біріншісін Берлинге келісімен-ақ жаздым, онда өзімнің жол-жөнекей көргендерімді, алған әсерімді баяндадым. Екінші: шет елде оқып жүрген өзбек студенттерінің үндеуі еді, соны қазақ тіліне аударып, “Ақжол” газетіне жолдадым. Ол газетте жарияланды ма, жоқ па, білмедім.


Өзбек студенттерінің көмек сұрап үндеу тастауының себебі, біз шет елге оқуға кеткен кезде қаражатты бір жылға лайықтап алған едік, алайда, СССР-дағы және Германиядағы ақшаның құнсыздануының өсуінен біздің қалтамыз қағылып шыға келді. Міне, сондықтан да өзбек студенттері ашық хат арқылы үндеу жариялауға шешім қабылдап еді .


Ол (Валидов – Т.Ж.) маған университетте оқып жүрген кезімде келіп жолықты. Ол бірден менің пәтеріме келді. Менің мекен-жайымды қалай білгенін білмеймін, ол кісімен хат жазыспағаным анық есімде. Менің адресімді ол Париждегі Мұстафа Шоқаевтан біліп келуі мүмкін, өйткені біз онда барғаннан соң біраздан кейін ол (Шоқаев – Т.Ж.) Берлинге соғып, бізге Түркістандықтарға жолыққан болатын, алайда мен ол адаммен таныс емеспін, мүмкін, Мұңайтпасовты танитын шығар, себебі екеуі де бір жерден болатын. Біз Шоқаевпен бірнеше рет кездестік және оның пәтерінде де болдық. Ол өзінің қаражатының жоқтығына шағынып жүрді...


Кеңес өкілдігінің жағынан оған шет елден Отанына қайтып келу туралы, оның бостандығына толық кепілдік беретіні жөнінде ұсыныстар жасалды, бірақ одан Шоқаев бас тартты.


Оның жалған деректерге сүйеніп жазған мақалаларына байланысты мен оған: неге бұлай еттіңіз?, – деп сұрақ қойдым. Ол жадағайлап қана нақты көкейкесті мәселелер жөнінде әзірше жаза алмайтынын білдірді. Мен оның себебін былай деп түсіндім: ол ақтардың шығарып тұрған шет елдегі газеттерімен байланыс жасағандықтан да, оларға қарсы діттеген, көкейін тескен және даулы мәселелерді жазуға дәті жетпей жүр екен ғой, – деп түсіндім. Өзінің СССР-ға қарсы тікелей ұйымдастырып жүрген әрекеттері туралы маған ештеңе де айтпады. Берлинде бір аптадай тұрды да қайтадан Парижге кетіп қалды.


Валидов әуеліде менің пәтерімде тұрды, мен сол күні-ақ оған лайықты пәтер тауып бердім, сол үйде қашан өзі Константинопльге кеткенше тұрды. Мен Валидовтің, Валидов менің пәтеріме барып келіп жүрдік. Ол кеңеске қарсы әрекет жүргізді ме, жоқ па, онысын маған айтқан жоқ. Әр әңгіме сайын еркін Түркістан туралы үзбей айтумен болды, бірақ оны қалай жүзеге асырмақшы, бұл жағынан мағлұмдар етпеді. Ол Шоқаевтың ақ орыс эмигранттарымен істес болғанын ұнатпайтын. Битілеуов Дамолланың Берлиннен СССР-ге жүрер кезінде Валидов те Берлинде болатын, Битілеуовтің қайтар кезінде ол менің пәтерімде болуы да мүмкін. Ал соңғысы (Битілеуов – Т.Ж.) қайтар алдында менің пәтерімде тұрды, мен оны вокзалға жалғыз өзім шығарып салдым. Битілеуов арқылы Валидов Дулатовқа және басқа адамдарға хат беріп жіберді ме, жоқ па, ол анық есімде қалмапты. Егерде Битілеуов солай деп көрсетіп отырса, онда хат бергені ғой. Ал шифрланған хат жазуға менің қатысым болды деп Битілеуовтің көрсетуі негізсіз, өйткені, мен шифрдің тілін білмеймін. Маған көрсетілген шифрланған хаттағы жазу – Битілеуовтің жазуы. Әріптердің түсіне қарап, кейбір сөздерді Валидовтің жазуы мүмкін деп есептеймін. Мүмкін, шифрлау үшін жазу үлгісі мен сөздің мағынасы онша қажет те емес шығар.

Қолы – Ғазымбек Бірімжанов. Сұраған – Саенко».


Заки Валидов өзінің естеліктерінде Ғазымбек Бірімжановтың Германияға оқуға келгенде онымен кездескенін жазады. Алайда онда Әлихан Бөкейхановқа, не Ахмет Байтұрсыновқа, не Міржақып Дулатовқа шифрмен хат жолдағаны туралы ештеңе де айтылмайды. Бұл тергеудегі басты мақсат – «Алашорда» қайраткерлерін эмиграцияда жүрген Заки Валиди мен Мұстафа Шоқайдың іс-әрекетімен қалайда байланыстыру.


Бұдан кейін тергеушілер Ғ.Бірімжанов пен З.Валидовтің 1922 жылы Ташкентте кездескенін көргені туралы К.Жәленовтің ақпарын растату үшін екеуін өзара беттестірген.

«Ғ.Бірімжанов пен Жәленов Кәрімнің беттескеніндегі сұрақ жауаптың хаттамасы, 29 наурыз 1929 жыл.

Сұрақ: (Жәленовке) – Ташкентте жасырын жүрген Валидиді Сіздің пәтеріңізге Бірімжановтың алып келгені рас па, ондай жағдай болды ма?

Жауап: – 1922 жылдың жазында күндіз Бірімжанов Ғазымбек институтқа Валидимен бірге келді де маған: міне, Валидов деген кісі осы, бұл адам партияның Орталық комитетіне кіру үшін келді, ол туралы өтінішін де тапсырып қойды, – деді. Мұны Валидов те растады, содан соң: жауап алғанша бір-екі күн жасырынып жүру керек боп тұр, сондықтан да институттың саяжайында паналай тұруға мүмкіндік бер, – деп өтінді. Мен оған келісімімді бердім».

Сұрақ: (Бірімжановқа) Ондай жағдай болды ма?

Жауап: Ондай жағдай болған жоқ.

Сұрақ: Сіз бен Жәленовтің арасында бас араздықтарыңыз жоқ па?

Жауап: Жоқ, араздығымыз жоқ. Мен өзім үшін жауап беремін.

Сұраған – Саенко».

Сонда қайсының жауабы дұрыс?


К.Жәленов алдыңғы көрсетіндісінде З.Валидовты саяжайдағы үйіне паналатқаны жөнінде ешқандай мағлұмат берген жоқ болатын. Тергеуде қасарыса жауаптасқан адамның бірі де осы Кәрім Жәленов. Бұл мәселенің байыбы кейінгі жауаптарда нақтылана түседі. Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында» құпия пәтер жалдаудың ешқандай қиынға соқпағаны туралы оның жауабының осыдан бес жыл бұрын шешіліп қойғанына мынадай уәж келтіреді.


З.Валидов: «Менің досым Убайдолла Хожаев заңгер ретінде: «Құрылтай жиналысына мүше болу үшін үміткердің қандай да бір жылжымайтын дүние-мүлкі бар екенін көрсететін бап бар. Бір нәрсе сатып алып қойыңыз», – деп кеңес берді. Оның ақылын тыңдап, Ташкенттің жанындағы Ахангарен өзенінің жағасындағы Аблық деген жерден бақшасы бар үй сатып алдым. Үйдің тұрған жері керемет еді, одан Шатқалдың қарлы шыңдары көрініп тұратын. 1917 жылы сатып алған мүкаммалыма көз қырын салудың реті түспеді, оның есесіне 1922 жылы басмашылар қозғалысына қосылғаннан кейін Башқұртстаннан келген біздің жігіттер осы үйде айлап тұрды. Сол кезде мен де көрсең көз сүйсіндіретін бақшасы бар, суы мол, жемісі төгіліп тұрған осы үйде бірер күн тұрдым», – дейді.


Бұқарада астыртын ұйымда жүрген З.Валидов Ташкентке өтетін құрылтайға қатысу үшін «Қызылқұм арқылы салт атпен жасырын келеді». «Түркістан ұлттық бірлігі» астыртын қозғалысы төрағасының Ташкентке жасырын келуі, құрылтай өткізуі, Ғ.Бірімжановпен, М.Тынышбаевпен, Т.Рысқұловпен кездесуі тергеу ісінде дәлелденбей қалды.


«Алашорда» ісіне негіз боп тартылған Заки Валидовтің 1922 жылы Ташкентке жасырын келгенде оның қайда тұрақтағаны туралы сұраққа ешкім де жауап бере алмаған. Бұл кәдімгідей бас қатырған мәселе болған. Тергеушілер қанша шұқшия тексеріп, шындығын аша алмаған бұл сапарды З.Валидовтің өзі былай еске алады:


З.Валидов: «Ақпан айында түрікмендерден Қақажан Бердиев, Қазақстаннан «Алаш Орданың» өкілдері Хайретдин Болғанбаев пен Мұхтар Әуезов (жаңылыс кетсе керек, негізі Ғазымбек Бірімжанов болуы мүмкін – Т.Ж.) пен Дінше және әлі көзі тірі екі кісі келді. «...Екінді намазы кезінде Ташкентке кірдік. Біздің мұндағы орталық кеңсеміз белгілі еді. Ол – қаланың қақ ортасындағы Қазақстан педагогикалық институтының ғимараты болатын. Бұл ғимарат патша кезінде гимназия еді. Саябақтың ортасында. Салт атпен институтың бақшасына кірдік. Мұғалім Ғазымбек Бірімжан бізді қарсы алды. (Онымен бірнеше жылдардан кейін Берлинде тағы да кездестім). Іздегеніміз де сол адам еді. Сол күні кеште Түркістан республикасының бұрынғы төрағасы, яғни бұрынғы Қоқан автономиясы ұлттық үкіметінің төрағасы Мұхамеджан аға Тынышбаевты көрдім. «Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора -жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, жиындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік», – деп жазды.

Демек, К.Жәленов саябақ пен саяжай тек кездесу орыны ретінде белгіленгенін айтқысы келген.


8. Ахмед-Сафа Юсупов


Топты суретте бейнеленген адамның бірі Юсупов Ахметсафа1894 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. «Еңбекші қазақ» газетінің әдеби қызметкері.


Тергелушілер де, сыпаттама берушілер де, естелік айтушылар да жақсы баға берген бұл адамның тарихы жұмбақ. А. ЮсуповМ.Дулатовтың бажасы.


А.Юсупов: «1929 жыл. Қаңтар. Қызылорда. Қостанай округінің Батпаққара ауданында туған. Қазақ. Аталары мал шаруашылығымен айналысқан. Ауыл мектептерінде мұғалім болған, Торғайдағы қалалық училищені бітірген. Шартты түрде сотталған (Ж.Аймауытовпен бірге 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға үлестіруге мал айдап барғаны үшін «жергілікті жерден жазылған қызыл қыпшақтардың арызы» негізінде жалған жала жабылған. Оның барысы Ж.Аймауытовтың жауабында толық көрсетіледі). Бұрын „Алашордада” қызмет еткен.


„Мен Ташкент қаласына 1921 жылы ақпан айында Қазақ ревкомының атынан Жангелдиннің тапсыруымен Шығыс халықтарының арасына үгіт жүргізу үшін жіберілген „Қызыл поездың” құрамында келдім. Онда Дулатовпен, Бірімжановпен бір пәтерде тұрдым. Бірімжанов Бұқараға барып кеді. Не үшін барды, ол жағын білмеймін. Ол онда „Ақ жол” газетінде істейтін әрі оқитын. Редакцияда тұрақты істеді. Мен де „Ақ жолда” жауапты хатшы міндетін атқардым.


Әділевпен мен 1921 жылы Ташкентте құқық жөніндегі лектор болып жүргенде таныстым. Болғанбаев содан кейін келді. Әділевтің қайда тұрғанын білмеймін. Ол Қожановқа барып жүретін. Содан кейін мен он 1926 жылы қазақ театрында директор болып тұрғанда бір-ақ көрдім. Қайтып жүздескен емеспін. Ауылда жүр деп естігемін. Қай ауылда жүрді, ол жағынан мағлұмсызбын.


Ташкентте түскен суретке келетін болсақ, Дулатовтың Семейге жүруіне, Бірімжановтың Бұқарадан келуіне орай түстік. Суретке түскендер Халел, Жаһанша Долсмұхамедовтер, Омаров, Болғанбаев Хайретдин, Жәленов Кәрім, Бірімжанов, Дулатов және мен, бұдан басқа Тынышбаев пен Құралшин болды-ау деймін».


Тергеу барысында ол ешбір куәгердің көрсетіндісін мақұлдамаған, жаңа айғақ та бермеген. Кейіннен жер мәслесі туралы қосымша сұрақ берген:


«Азамат Юсупов Ахмет-сафаның берген қосымша жауабы. І көкек. 1929 жыл.1925 жылы Әлихан Бөкейханов профессор Швецовты ертіп Қызылорда қаласына келгенде мен Қызылордада болатынмын, Әлиханмен жүздестім. Ол бұрыннан жақсы таныс менің әйеліме сәлем беру үшін біздің пәтерге келді. Оның келуінің басты себебі – Қазақстандағы жер бөлісіне қатысты кесімді жер мөлшерінің көлемін анықтау еді. Кімнен естігенім есімде жоқ, әйтеуір сол кезде: ҚССР-дің жер жөніндегі халық комиссариаты қазақ қызметкерлерінің кеңейтілген мәжілісін шақырыпты, – деп естідім. Бұл кеңеске кім қатысты және онда қандай мәселе көтерілді, онысын білмеймін және ол туралы естігемін де жоқ. Ол жөнінде Бөкейханов маған ештеңе айтпады... Біреулерден: өзге де қазақ қызметкерлерімен бірге Бөкейханов Байтұрсыновтың үйінде қонақта болды, – деп естідім, бірақта нақты кімдердің болғанын айта алмаймын, себебі, ол қонақта мен болғамын жоқ”.


Тергеудің үкімі бойынша:


«төтенше комиссияның алашордащылардың ішіне енгізілген тыңшылық қызметін атқармағаны, дер кезінде хабарламағаны үшін» айыпталып, ең жоғары жазаға кесілген.


Бұл мәліметті қалай түсінуге болады?


«Сексоттықтан» бас тартып, сыр сақтағаны үшін алғау керек пе, жоқ, алашқа тыңшы болуға келіскені үшін қарғау керек пе? Бұған анық жіп таға алмадық. Саяси астыртын ұйым жұмысы неше түрлі әдіс-тәсілге, амал-айлаға құрылады. Соның ішінде: «Алашорда» мүшелерінің соңынан қойылған аңду мен тыңшылық әрекеттерін біліп отыруы үшін оның «төтенше мекеменің сеніміне» әдейі кіргізілуі де мүмкін.


Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова апай бұл мәліметті алғаш естігенде қатты мазасызданып, Ахметсафаның ақ жарқын мінезін, балажандылығын айтып, «Алашордаға» тыңшылық жасауға әйелі Гүлшаһра да, бажасы Міржақыптың да мүмкіндік бермейтініне сендірген еді. Кейін тергеу ісімен тереңдей таныса келіп, сұрақ-жауаптарының астарын айтып, жоғарыдай пікірімізді білдіргенде: «Алаштың мүддесі үшін ондай тәуекелге баруы әбден мүмкін», – екендігіне келісті.


Г.Дулатова: «Жоғалып табылған сурет 5.V.1921 жылы Тәшкентте түсірілген. Онда шайханада дастархан басында, өзбекше киініп мәслихат құрып отырған үш кісі бейнеленген. Ортадағы М.Дулатовқа қорқор тұтатып беріп жатқан Ғазымбек Бірімжанұлы, ал оң жақтағы ақ шәйнектен шай құйып беруші – Ахмедсафа Юсупов. Суреттің төменгі жиегінде әкемнің "Осартившиеся киргизы в чайхане», – деген ескертпесі бар. Бұл сурет Торғай топырағынан шыққан үш азаматтың бір-біріне деген жақындығының, достығының белгісі», – деп еске алады.


Қаралау үшін де, алғау үшін де емес, тек тергеу ісіндегі деректі жеткізу үшін ғана жоғарыдағы үкімді жанай құлаққағыс жасай кетуді жөн көрдік.


9. Хайретдин Болғанбаев


1988 жылғы Қазақ ССР жоғарғы сотының анықтамасынан: «Қылмыстық iстердiң материалдарында Әдiлев пен Болғанбаевтің 1921 жылы Ташкентте бiрге болғаны туралы, содан кейiн олардың Валидовпен жолығуы үшiн Бұхараға барғаны туралы деректер бар. Ал ол кезде (Валидовтің – Т.Ж.) қасында бұл екеуi емес, Ташкенттен барған Бiрiмжанов пен Битiлеуов болған. Олардың (Әдiлев пен Болғанбаевтің) берген жауабына қарағанда, Валидовтың көмегiмен шет елге кетудi көздеген, сол үшiн онымен (Валидовпен) келiсiм жүргiзу мақсатымен қызмет орнының командировкасын пайдаланған. Кейiннен бұлардың екеуi, Бiрiмжанов пен Битiлеуов шет елге оқуға кетуге мұрсат алды».


Соңғы соттың бұл анықтамасы бойынша, Әдiлев пен Болғанбаевтың Валидовке баруында саяси-контрреволюциялық iс-әрекет жоқ, жүзеге аспаған тiлек бар делінеді.


Жоғарыда көрсеткеніміздей, Д.Әділевтің Бұқараға барудағы мақсаты мүлдем басқа болып шықты. “Партизан”, бунтарь” Д.Әділев З.Валидовтің демеуімен шет елге өтіп кетуді көздеген. Алайда Бұқарадағы аумалы-төкпелі жағдай, өзінің шалдықпалы дертке ұшырауы ол ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген.


З.Валидовтің кейін 1967 жылы Стамбулда шыққан “Естеліктерінде” бұл екі азаматтың Бұқараға келуі барынша тиянақты айтылған.


Ал ендi осы Болғанбаев кiм?


Болғанбаев Хайретдин – 1893 жылы Ақмола округiнiң Нұра ауданында туған. Петропавлдағы совет-партия мектебiнiң оқытушысы. Қазақ тұрмысы, оның саяси құрылымы, отаршылдық езгiнiң зардаптары, жазалау саясатының құрбандары, түркістандықтардың қасіретті тағдыры туралы мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа», “Бірлік туы” газеттерiнде жарияланған. «Алашорданың» Ақмола комитетiнiң мүшесi. Бiлiмi арнайы орта, 1920-1921 жылдары Орынбордағы партия кеңес қызметкерлерiн дайындайтын мектепте сабақ бердi. «Голощекиннiң «Кiшi Октябрін» сынап мақала жазған, лекцияларында оған қарсылығын ашықтан ашық айтқан. Байсалды, iскер, ұйымдастырушылық қасиетi басым, ВЦИК-тiң кешiрiмiне iлiнген адамның бiрi.


Тергеу барысының хаттамасы ауызша жазылған болуы керек, сөз, пікір қайталаулары, аяқталмаған ойлар, жанама түсініктер, өзара байланыссыз мәтіндер орын алыпты. Алашордашыларға тағылған негізгі айыптың бастысы болғандықтан да, ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығы Петров жүргізген сұрақ-жауаптың жалпы желісін сақтай отырып, мазмұндап беруді жөн көрдік.


„1922 жылдың көктемінде Оқу ағарту комиссариатының баспасөз бөлімінің атынан Орынбордан Ташкентке іссапарға аттандым. Сонымен қатар Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәрсеновтің атынан Бұхара халық республикасындағы Валидовпен келісім жүргізу туралы тапсырма алдым, олар хат жазып берді. Мұны Орынборда Әлібек(ов – ?) пен Омаров қана білді. Ташкентке келген соң Дулатовқа хабарластым. Бұқараға келісімен Оқу-ағарту комиссары Ариповтің бөлмесіне жиналды. Ол Валидов тұратын бір өзбектің үйін көрсетті. Валидов ұлт саясаты жөнінде айтты, қазақ ұлтшылдары үшін бұл ешқандай жаңалық емес еді: башқұрттардың қазақтармен байланыс жасауы халықтардың ынтымақтастығын сақтау үшін керек, – деді. Сонымен қатар өзінің Каспий теңізіне дейін түйемен жеткенін әңгімеледі, келесі күні Бұқараға барып бізді өзіне шақыратынын айтты. Бізбен кімдердің болғанын білмеймін. Ертеңінде біз оның пәтеріне келдік. Мен онда 1,5-2 сағаттай болдым. Алғашқы кездесуден кейін ол менің назарымды онша аудара қойған жоқ. Содан кейін онымен кездескемін жоқ. Бір апта ауруханада жатып, Ташкентке қайттым. Әділов сонда қалып қойды. Ташкентте кімдерді көргенім есімде қалмапты, Халел Досмұхамедовпен, Бірімжановпен кездестім. Дулатов Ташкентте жоқ болатын. Құрылтайдан кейін Ташкентте бір-ақ рет болдым».


Жауаптың соңына «1929 жыл, 29 қаңтар» деп көрсетіліп, қолын қойған. Тергеу ісіндегі жауаптардың жазбалары ретке келтірілмеген. Әр түрлі қолтаңбамен жазылған.


Мысалы, жоғарыдағы жауап 26 қаңтар күні қағазға түскен сияқты, ал екінші кісінің қолымен жазылған айғақта «29» деп. көрсетілген. Арасына қиылып, желімделіп қосылған. Тергеу барысында әр оқиғаны нақтылайтын сұрақтар қойылғандықтан да келесі жауаптар алдыңғы айтылғандарды толықтырып, нақтылай түседі:


„1922 жылдың наурыз-сәуір айында Бөкейхановқа, Байтұрсыновқа Валидовтен хат кеді деп естідім. Нақты қайсысына тиісті екені есімде жоқ. Менің Байтұрсыновпен таныстығым жақсы болатын және ол жеке пәтерде тұрды. Өте сирек баратынмын. Оған барсаң не ұйықтап жатады, әйелі: «Түнде кеш жатты», – деп оятпайды, не жазу жазып отырады. Негізінен ол өзі сөзге сараң адам. Оған сұрақ беріп сөйлетпесең, өзі сөз бастамайды. Ал Бөкейхановпен сөйлесу әлдеқайда жеңіл. Бөкейханов өзінің Валидовтен хат алғанын, онда оның арнайы адам жіберуді өтінгенін айтты. Бір жолы мені Сәрсенов өз бөлмесіне шақырды. Кіріп барсам Бөкейханов пен Әділев отыр екен. Олар хаттағы өтінішіне орай мені Валидовке жіберуге ұйғарып отырғандарын хабарлады. Мен өз орныма Сәрсеневті ұсындым. Олар маған: «Ол Оқу-ағарту комиссариатында жауапты қызметте, оның Бұқараға барғаны өзге адамдардың күдігін тудырады, сондықтан да болмайды», – десті. Ақыры мен келістім, Әділев те өзін менімен қоса жіберуді өтінді. Бөкейханов: Валидовтің қандай ойы бар екен, жоспары қандай, соны білуді және ешқандай уәде бермеуді, естіп-білгенімді Бөкейхановтың өзіне ғана мәлімдеуімді тапсырды. Әділев Ташкентке барып, Валидовті Бұқараның қай жерінен табуына болады, оған қалай жолығу керек, соны біліп, мағлұматтарды алдын-ала дайындап қою үшін Ташкентке жүріп кетті.


Бірнеше күннен кейін Байтұрсыновтың, Бөкейхановтың, Сәрсеновтің Валидовке жазған хатын алып мен де Ташкентке келдім. Ташкентте Дулатовпен, Халел Досмұхамедовпен жүздестім. Солар арқылы бізден бұрын Бірімжановтың Валидовпен кездесіп келгенін білдім. Ташкентте астыртын ұйымның бар екенінен хабарым мүлде жоқ еді, кімнің үйінде екені есімде жоқ, тек бір рет кездескенде: Валидов Бірімжановқа ашылып ештеңе айтпауы мүмкін, арнайы хат апаратын әрі одан көрі тәжірибелі маған ойын ашық айтуы мүмкін, – деген пікір айтылды, сөйтіп менің Бұқараға баруым керек деп шештік. Онда Әділев, Досмұхамедов, Есполов, Бірімжанов болды”.


Хайретдин Болғанбаевтің өзге жауаптарының негізгі өзегі осы. Бөкейханов, Байтұрсынов мойындамаған не «мән бермегенсіп қараған» бұл оқиғаның шындыққа жанасымы қандай? Тергеу жауаптарының өзге адамның қолымен жазылуына қарап, Д.Әділевтің өзін-өзі қайраткер ретінде көрсетуге тырысқан қисынсыз да жүйесіз жауаптарымен сәйкес келсе де, бұл мәселеге орай: Х.Болғанбаевқа қоқан-лоққы көрсетіп, мәжбүрлеп айтқызды ма, деген күдік ұялаған еді. Сондықтан да жиырма жылдан астам уақыт бұл айғақтарды жария етпей келіп ек. Тергеу ісімен үстірт танысқандар, не өзге мәліметтерге сүйеніп пікір қорытушылар бұл жағдайды әр қисында түсіндіріп жүр. Біз төрелік айтпаймыз. Тек тергеушіге берілген жауаптарды іріктеп, тарихшылардың назарына ұсынамыз.


З.Валидов желтоқсанда Бұқарада өтуге тиісті құрылтайға қатысу үшін Қарақұмды кесіп өтіп, Шарсу арқылы Бұқараға келеді. Негізгі мақсатты – Бұқара, Хиуа, Түркістан, Түрікменстан, Қазақстанның өкілдері бас қосқан осы құрылтайда «Түркістан ұлттық бірлігі» партиясын құру еді.


Міне, «Алашорданың тергеу ісіндегі» басты мәселенің бірі де сол құрылтайға кімдердің қатысқанын анықтау еді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Ғазымбек Бірімжанов, Хайретдин Болғанбаев сияқты алаш арыстары тергеу барысында өздерінің Заки Валидовпен астытын байланысы барлығын жоққа шығарады. Әр түрлі қисында жауап қайырады. Тек Х.Болғанбаев қана оқу-ағарту комиссариатының тапсырмасымен оқулық бағдарламасын түзу мақсатында барғанын, Ғазымбек Бірімжанов «Аштарға көмек» комиссиясының тапсырмасымен қаржы жинау мақсатында іссапарға шыққанын айтады.


Ал Дінше Әділев Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтың жеке тапсырмасын орындағанын баса көрсетеді. Бірақ қандай тапсырма екенін нақтылап айта алмайды. Бұқараға барғандардың ішінде Ғ.Бірімжанов пен Х.Болғанбаев «Алашорданың» өкілетті құзырына ие болған және құпия хатты жеткізген сол екеуі деп сеніммен айтуға болады. Х.Болғанбаевтің куәлігіне «Алашорданың» мөрі басылғанын, өзінде ондай құқық болмағанын Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде атап айтады.


Сонымен, «Алашорда» қайраткерлері мен Түркістан, Бұқара, Хиуа республикаларының арасында ынтымақты саяси байланыс болған. Өзінің жасырын өкілдерін жіберу арқылы «Түркістан ұлттық бірлігі» қозғалысының заңды мүшесі ретінде тіркелген деп есептеуге толық негіз бар.

З.Валидов құрылтайға: «Қазақтардан «Алашорда» мүшелері мен түрікмен оқығандарын шақырдық. Олардың өкілі келгенше Бұқараның солтүстігіндегі Харгос деген ауылда (Бұқара) әмірі жасақтарының бірі, бір байдың үйінде тұрдық. Бұл үйді үкімет тартып алған екен. Башқұртстан әскерінің полковнигі Хейбетуллах Сүйіндіковтің ұйымдастыруымен Еухади Ишмурзин, менің көмекшім Ибрахим Ысқақов және бірнеше офицер Бұқара армиясының жауапты қызметтеріне орналасты. Қаршы, Шахрисабз, Нұр, Гузар, Кермине әскери жасақтары сллардың қолында болды. Бұлардың бәрін Ариф тағайындады. Біздің мақсатымыз – орыстар ұлттық әскердің құрылуына қарсы шыққан жағдайда, не құрыла бастаған армияны таратқан жағдайда басмашылармен бірігіп, соғыс ашу болатын. Алайда ұлттық мүддені басмашыларға түсіндіру керек еді. Бұл мәселені ташкенттік, ферғаналық достарымыз жақсы қолға алды. Бұқаралықтармен, өзбектермен жұмыс жасау оңай емес еді. Себебі бұқаралықтар мен ташкенттіктер өзара келісе алмайтын, әрі өзбектер арасында орыс мектебінен тәлім алған қазақтарға «миссионер» ретінде қарайтын басым топ бар болатын. Біз – бұқаралықтармен, өзбектермен, түрікмендермен және қазақ өкілдерімен Харгоста және Әмірдің «Ситаре Мах Хасса» сарайында қалай астыртын жиналатынымызды, ұйымдастыру жұмыстарын қалай өткізетінімізді және Ұлттық Орталықтың бағдарламасын талқыладық. Нәтижесінде, Өзбекстандағы діни бағыттағы «Жадитшілдер» мен социалистік «Ерік», қазақтардың «Алаш» партияларымен бірігіп мен ұсынған жеті тармақтан тұратын Ортақ бағдарлама қабылдадық: 1. Тәуелсіздікке жету; 2. Демократиялық мемлекет орнату; 3. Ұлттық армия құру; 4. Экономикалық басқару құрылымын орталықтандыру: темір жолдар мен қазба арналарды (каналдар) Түркістанның ұлттық меншігі деп жариялау; 5. Оқу-ағартуды жүйесін жаңарту және орыстардың ықпалынсыз батыс мәдениетімен тікелей байланыс жасау. 6. Ұлт мәселесі жөнінде: мектептерді және мемлекеттің табиғи байлығын мемлекеттегі ұлттардың үлес салмағына сәйкестендіре бөлу; 7. Толық діни еркіндік, дін істерін мемлекет ісімен араластырмау.Қазақтар Діншені өкіл етіп қалдырып, елдеріне қайтқан соң, соңынан келген «Жадитшілдер» мен «Ерік» партияларының жеке-жеке бағдарламалары қабылданды. Бұл – Бұқарада бас қосуымыздың негізгі нәтижесі еді...», – деп еске алады.


Тергеудің жалғасында алдыңғы жауаптардан туындаған сұрақтар қойылып, нақтылана түскен. Назар аударарлығы бұл жауаптарда алдыңғы көрсетінділерді жоққа шығаруға ұмтылыс байқалады. Мысалы, кейінгі көрсетінділерге сүйенсек, Байтұрсыновтың Валидовқа жазылған хатқа мүлдем қатысы жоқ боп шығады, тіпті, ол хаттың жазылғанжазылмағаны да анықталмайды. Тек Болғанбаевтың қызметiне қайтып оралмауы ғана iлiкке – себеп болуы мүмкiн, оның өзi де соттың үкiмiне емес, әкiмшiлiк шараға лайық деген уәж білдіреді. Іссапардың қаржысын (егер пайдаланған болса) мекеме өндiрiп алуы тиiс.Тергеушілер осыдан кейін хат иесін Бөкейханов пен Дулатов етіп көрсеткісі келген сыңай танытады.


«Азамат Болғанбаевтың тергеудегі қосымша жауабы. 23/YI.29 жыл.

Сұрақ: Ташкентке барар жатқаныңызда сіз Бөкейхановтың Дулатовқа не басқа адамға жазған хатын апардыңыз ба, жоқ па?

Жауап: Ташкентке бара жатқанымда Бөкейханов Дулатовқа хат беріп жіберді ме, жоқ па, ол жағы есімде қалмапты. Бөкейхановтың Дулатовқа хат бергені тіпті ойымда жоқ”.


Ал Ә.Бөкейханов: «Уфадағы кеңестен кейін Валидовпен қандай да бір байланыс орнатты дегенді үзілді-кесілді жоққа шығарамын: оған Болғанбаев арқылы сәлемдеме жібергенімді де, немесе басқа бір жолмен одан-Валидовтен хат алғанымды да жоққа шығарамын», деп мәлімдеді.


Қосымша жауабында Х.Болғанбаев: « 1. Бұқараға баратын мандатты кім жазды, оны білмеймін. Бөкейханов, Байтұрсынов, Биахмет Сәрсенов берген мандатта ешқандай жасырын тапсырма жоқ, менің „Алашорда” атынан барғанымды сендіру үшін ғана жазылған. Тапсырма: Валидовтің қандай жоспары бар, соны біліп келу ғана болатын. Ескі таныстарының атынан келгендіктен де Валидов маған сенді. Бір башқұртпен бірлесе жұмыс істеу туралы айтты. Ол адамның кім екенін де білмеймін, атын да ұмыттым. Валидов кейін қайда кетті, басмашыларға кетті ме, жоқ Мәскеуге кетті ме, ол жағын да білмеймін. 2. Партия мектебінің оқытушысы Жұмабаевпен жалпыға ортақ мәселе жөнінде сөйлесіп жүрдім. Астыртын әдеби үйірме жөнінде ешқандайда әңгіме естіген емеспін. 3. Әділевке 1926 жылы қазақ театрының директоры болып тұрғанда бір қысқа хат жаздым. Одан қысқа ғана жауап алдым», – дейді.


1988 жылғы Қазақ ССР жоғарғы сотының анықтамасынан: «Омаров, өзiнiң 1921 жылы Орынбордағы совпартшколдың оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болғанын, сол кезде Болғанбаевтың сонда оқытушы боп iстегенiн айтты. Сол жылдың көктемiнде Болғанбаев одан Ташкентке командировкаға баруға рұқсат сұрайды, бұл келiсiм бередi. Бiрақ та оның ұзақ уақытқа дейiн қызметке қайтып оралмауына байланысты, ол (Омаров) бұл жөнiнде саяси ағарту басқармасының меңгерушiсi Кенжинге ескертедi. Соңғысы (Кенжин) өзiнiң қарамағындағы қызметкерi Хохловскийге мұның (Омаровтың) көзiнше:Ташкентке кеткен Болғанбаевты тұтқындау және оны күзетпен алып келу туралы телеграмма салу туралы тапсырма бердi. Бұл тапсырманың орындалғаны – орындалмағанын ол (Омаров) бiлмедi, алайда соңғысын (Болғанбаевты) қайтып Орынбордан көрмеген. Алайда, тергеушiлер Омарвтың бұл куәлiгiн растайтын немесе оны жоққа шығаратын дәлелдердi, сондай-ақ қызмет орнына қайтпағаны туралы деректердi iздестiрмеген. Бұл туралы Омарвпен бетпе-бет болған куәлесуде Болғанбаев: өзiнiң Орынбордан жолданған телеграмма туралы ештеңе бiлмегенiн айтты, бiрақ та онда қайтып оралмағанын жоққа шығарған жоқ. Оған қоса, Валидовтың хатын Бөкейханов (әуелде Байтұрсынов болатын – Т.Ж.) оқыған кезде, бұрын мұлдем қарам-қарсы пiкiр бiлдiргенiне қарамастан, Омаровтың онда жоқ болғандығын куәландырады. Омаров, бұдан кейiн Әдiлевтың Орынборға 1921 жылдың басында келгенiн, Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрғанын, өзiне жұмыс iздеп жүргенiн, ал көктемде Ташкентке кеткенiн айтқан».


Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев марқұм үш ай отырып қорытқан бұл айқындамасы барынша тиянақты әрі заңдық салмағы бар сөздермен баяндалған. Ондағы астарлы мәтінге жүгінсек: Хайретдин Болғанбаев З.Валидовпен жолығу үшін Бұқараға барған. Алайда өзінің сапарының басты мақсатын: Бұқара өңіріндегі қазақ шәкірттерін оқулықпен қамтамасыз етілу жағдайын шешу туралы Оқу ағарту комиссариатының тапсырмасын орындау, – деп түсіндірген.


Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев марқұмның да айқындаманы ақтауға қарай бейімдеп жазғаны анық аңғарылады. Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қиын кезеңді басынан кешіріп жүріп, мұндай тәуекелге барғанының өзі батылдық. Анығы, Х.Болғанбаев: “ З.Валидов байыпты саясаткер емес екен” деп баға береді тергеушілерге. Ал Д.Әділев те Х.Болғанбаевтің қайраткерлігіне көңілі толмайды. Біздің ойымызша, мұның барлығы тергеудің екпінін басу үшін қолданылған тәсіл. Ал З.Валидов пен “Алашорда” көсемдерінің арасында тығыз байланыс болғаны шындық. Сондықтан да Х.Болғанбаевті Бұқараға “Алашорданың” ресми өкілі ретінде құпия барғаны тарихи дәлелі бар саяси оқиға деп бағалаймыз.


10. Асқар Дулатов және Басқалар...


Қазақстанның сот, прокуратура, тергеу орындары 1929 жылды асқан тегеуірінді қарқынмен қарсы алды. Қылмысты істер қауырт әрі жаппай жүргізіліп, тек қана қаралау бағытын ұстанды. Егерде сол жылдардағы тергеу істерін саралай қараса, ауылды жерде жүргізілген ауқымды әрі атышулы «халық жауларының» дені «Алаш орда» қайраткерлері мен қазақ зиялыларының туған жеріндегі болыстар мен ауылнайлар, олардың туыстары болып шығады. Демек, сталиндік-голощекиндік жазалау тек саяси тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар игі жақсылардың тұқым-тұяғын құртуға, яғни, үрімін үзуге (геноцидтік саясатқа) бағытталғаны анық байқалады.


Қазақ даласына «коммунистік-колонизаторлық» басыбайлы, мәңгүрт мемлекет орнатуды мақсат еткен «ұлы октябрьдің ұлы көсемі» мен «кіші октябрьдің кіші көсемі» мұны жоспарлы түрде жүргізді.


Бұл, дәлірек түйіндесек, Қазақстандағы «кіші октябрь» ең үлкен қырғынның, отыз екінші жылғы ашаршылықтың, ең үлкен жазалаудың отыз жеті-отыз сегізінші жылдың алдындағы дайындық еді. Сол «үлкен қасаптың тиірменіне жем болып қазақтың оқығандары мен оның туыстары ілікті. Қаймағынан айырылған халықтың мәйегі сұйыла бастады. Ең ақырында өзінің ұлтын қорлап, оның өткенінен бас тартып, жалпылама мақұлық еді деп баяндама жасайтын және дәл сол араға келгенде ауызын толтырып, дауысын нығарлап шығаратын мемлекет қайраткерсымақтар шықты.


Сонымен, «Кіші октябрьдің» лаңды дауылы ауылға бет алды. Ең бірінші боп, алаш азаматтарының туған жерін құйындатты. Оның ішінде, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Ахмет Байтұрсыновтың ауылдары ілінді. Соның бірі – Асқар Дулатов. Зады, өзге-өзге, дәл осы ауылда тергеу мен тәргілеудің дүмпуі ерекше болған сияқты. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың ағайындарын тепкілеп өлтірген де сол өзінің туған туыс, көрші-қолаңдары, жекжат-жұраттары еді. Ол туралы Ақаңның қызы Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова ашына жазды. ОГПУ тергеушілері үшін бұл пәлендей өрескелдік саналмаған.

“Алашордашылардың” ісін тергеп жатқан Саенконың көзіне Қостанай округінен жолданған Асқар Дулатов бастаған 13 адамның ісі түседі. Істің, яғни, Ү томның сыртына:

«Қылмысты істер Ережесінің 58-10, 58-7 баптары бойынша және басқа да қылмыстары үшін айыпталған Қостанай округінің Наурызым ауданының №10 және №18 ауылының байлары Дулатовтың және басқалардың тергеу ісі. 4/Ү-29 жылы басталған», деп жазылған.

Алайда алғашқы хаттама одан үш ай бұрын, 21 қаңтар күні қағазға түсіп, жоғарыдағы айыптар тағылып та қойыпты. Мұны көре салып ол тосын ұйғарымға келеді де, тиісті мекемелерге:

“Мен, ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің ҚССР бойынша бастығының көмекшісі Саенко, 1929 жылы 12 мамыр күні ОГПУ-дің Қостанай округтік бөлімі жүргізген Наурызым ауданының Дулатов Асқар бастатқан байларының қылмысын тергеген істі қарап шығып, мынадай ұйғарымға келдім.

ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің өндірісінде (иә, кәдімгі өнім шығаратын өндіріс – Т.Ж.) Әділев Дінмұхамед пен Міржақып Дулатовты және басқаларды айыпқа тартқан №6 қылмыстық іс бар. Алдын-ала жүргізілген тергеу ісінің қорытындысына қарағанда №3 және №6 қылмысты оқиғалардың бір екендігі байқалады. Сондақтан да, Қылмыс ережесінің 117 бабына сәйкес:

ОГПУ-дің Қостанайдағы округтік бөлімі жүргізген Дулатов Асқарды және басқа да жиыны 13 адамды жауапқа тартқан тергеу ісі №6 іске тіркелсін деп ұйғарым жасадым.

Осы қатынастың көшірмесі ОГПУ-дің ҚССР-дегі республикалық тергеу бөліміне және ОГПУ мекемесін бақылайтын прокурорға жіберілсін.

ПП ОГПУ-дің ҚССР-дегі Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісі – Саенко”, – деп пәрмен жолдаған.


Сөйтіп, “Алаштың” ісіне тағы бір қылмысты топ бүйірден кеп қосылды. “Кіші октябрь ісі” осылай тікенек торын жая берді. Ал Голощекин болса, әрбір жолы мінбеге шыққан сайын тағы да бір қылмыстық топтың ашылғаны туралы шабыттана хабарлап жатты.


Асқар Дулатовтың тергеу ісі, яғни, даудың басы қазақтың дәстүрлі күрес тәсілі – бақталастықтан өршіген. Мұны ілікке себеп іздеген тергеу орындары өте сәтті пайдаланған және қашан кемеріне келіп, асып-төгілгенше, бірінің ішегіндегі қырындыны екіншісі қырып, су жіберіп тазартқанша бақылап отырған. Иі қанған соң барып, таспа тілген. Саяси астар алған бұл оқиға былай өршіген...


Тәргілеудің қарсаңында кеңестік мекемелер ауылнайлардың сайлауын өткізеді. Міне, ежелден келе жатқан қазақы текетірес сол кезде сұр жыландай басын көтеріп шыға келеді. Жерімізді алғанда оянбайтын, намысымызды таптағанда шыдаудай-ақ шыдап бағатын ел-жұртымыздың жуастығы – сайлау дегенде басын көтеріп алып, тік шапшитын әдетіне басқан. Голощекинді бар тауқыметті кейін ысырып қойып, үйренген майданға кірісіп кетеді. Сайлау жөніндегі уәкіл Хамза Жүнісов те жоғарыға тиісті мәліметті дайындай қояды.


Сайлау барысында екі рулы ел егер болады. Ақырында мадьяр руынан шыққан Сәтбаев сайланады, ақсақалдар өзара келеге түсіп, келесі жолы өтей руынан Оспанбаев сайлансын деп шешеді. Олар: облигация сатып алмауға еріктіміз. Бізді зорламаңдар, – деп өкілдің айтқанына көнбейді.


Міне, осы жайды хабарлаған Хамза Жүнісовтің мәліметі тергеуге арқау болған. Ол кеңсесіне келе салысымен құжат толтырып, айыпкерлерді анықтауға кіріскен. Хамза Жүнісов – 31 жаста, 1916-жылы ұлт азаттық көтеріліске, 1918-1919 жылдардың арасында азамат соғысына қатысқан, ысылған, өлім мен өмірдің мағынасын айырып қалған көзі қарақты азамат болса керек.


Әрине, Аманкелді мен Әлібидің сарбазы “Алаштың” туы тігілген ауылға барғанда, оған іштартпағаны анық. Ол мынадай мәлімет жасаған:


“Мен Хамза Жүнісов, ауылдық жердегі кеңес сайлауын өткізу үшін, №10 ауылға жіберілдім. №10 ауылға келгенде жікшіл топтардың бар екенін көрдім, оларды басқаратын мыналар:


1. Бұл топты Оспан Бөлтіріков басқарады, оның әкесі бұрын 30 жыл болыс болған, патшаға адал қызмет еткені үшін шен-шекпен алыпты.


2. Нақып Тілеуов – бұрынғы бекетші, 6 жыл болыс болған, оларды қостаушылар өзінің жақын туыстары – М.Сырғабаев, Н.Түлкібаев, Х.Нақыпов, Дарқан Кеншімбаев. Бұл адамдар байларды тәргілеу науқанында тұрғындардың арасында үгіт жүргізіп, кеңес өкіметі 28-29 жылдарға дейін ғана өмір сүреді, содан кейін оның көзі құриды деп өсек таратқан. Мұны №10 ауылдың азаматы Мақатбай Оспанов пен батырақ А.Мұқаметжанов растайды, ол туралы олардың қолқаты бар, ол осы құжатқа қоса тіркеліп отыр.


З. Асқар Дулатов, “Алашорданың” бұрынғы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатовтың інісі. Асқар да ұсақ рудың басын қосып, жікшіл топ құруға тырысты және соларды үгіттеді, ол жөнінде А. Буманов пен батырақ, “Қосшы” одағының мүшесі Сейтқазы Алпысбаев жолдастар куәлік бере алады”, – дейді.


Тергеу ісі 1928-жылдың аяғында басталған. Куәлардың айғақтарының барлығын теріп беру мүмкін емес, тек кейбіреулеріне ғана тоқталамыз.


«29/ХІІ – 28 жыл. Наурызым ауданының №8 ауылының азаматы А. Бекжановтың 29/ХІІ – 28 жылғы көрсетіндісіне қосымша айғақтар.


Менің бұдан бұрын А.Дулатов туралы берген көрсетіндіме қосарым мынау: А.Дулатов “Алашорданың” тұсындағы ең белсенді қанішерлердің және кедейлерді атқызғандардың бірі әрі ұйымдастырушысы. Барлығымызға белгілі оның ағасы кеңес өкіметінің нағыз жауы болды, А.Дулатов та кеңес өкіметінің дұшпаны. М.Дулатов “Алашорданың” көсемі ретінде 18-жылы жендеттік көрсетіп, кедейлерді дарға асты және атты. Мысалы, Асқар мен Міржақып Дулатовтар және олардың сыбайластары, № 8-10 ауылдардың ақсақалдары мен байлары Бірмағамбет Бөлекбаев, Сеит Сүйменбаев т.б Мырзағазы Испулов арқылы Қызылордадан келген Таранның отрядындағы қызылдарды алдап, олардың барлығын Бірмағамбет Бөлекбаевтің үйінде атып тастады. Олардың соңынан қызылдарды іздеп Жангелдиннің жасағы келді, олар тек қызылдарды дарға асқан жерді (шұңқырды) ғана тапты, ал сүйектерін таба алмады, сөйтсе “алашордашылар” әлгілерді дарға асқан соң денесін көлге тастап жібергені кейін белгілі болды” , дейді.


Алаштың аяулы азаматы турасында мұндай қатыгез де жан түршігерлік теңеуді А.Бекжановтың өзі тауып қолданды ма, жоқ па, оны анықтау мүмкін болмас. Бірақ та бір күнде екі рет көрсетінді жазған адамның соңғы сөзі тергеушінің ауыз-екі көмегімен қағазға түскен сияқты. Айғақтар араб қарпімен жазылған. Бұл көрсетінді араб қарпімен жазылған. Сондықтанда оның түпнұсқа екендігіне сенуге болады. Тергеудің ырқына қарағанда Хамза Жүнісов ескі сарбаз ретінде Міржақыпты айыптайтын дерек алып келу үшін соның ауылына әдейі жіберілген болуы керек. Ол өзінің мақсатына жетіп тынды.


Жоғарыдағы көрсетіндіні жазып отырған Бекжанов Абайділда да Хамзаны бұрыннан танитыны байқалады. Ол – 47 жаста, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан, 18-19 жылдары ақтарға қарсы соғысқан. Үйінде бағып отырған 7 жаны (адам) бар. Бұдан кейін куәлік берушілер өздерін “кедей”, “құл” деп таныстырған.


Бір ауылда соншама күң мен құлдың қайдан жүргені белгісіз, мүмкін, “жалшы” десе әлдеқайда сенімдірек шығар еді.


Бір-біріне арыз айтудан басталған куәліктер бірте-бірте “Алашқа” ауыз салды. Зады тергеушілер (Ү том, 135-бет) арыздың тым қазақы әрі ауыл арасындағы басараздыққа ойысып бара жатқанына онша разылық танытпаған сияқты. Сондықтан да, “Қазақ”, “Ауыл” газеттеріндегі қиындыларды да осы іске тіркепті. “Жаңа торғайлық” деген “сөз шеберінің” 1929 жылы 11 көкек күнгі мақаласында «Аманкелдіні өлтірген – “Алашорда”, – деп жазып, осы тергеудің айғағы ретінде пайдаланған.


Демек, жергілікті қылмысты тергеу орындары мен ГПУ қызметкерлері және партия басшылары мұны үлкен облыстық дәрежедегі науқан дәрежесінде өткізген. Тергеу барысында Иманғали Қарпықов деген азамат та жауапқа тартылған. Ол “Алашорданың” бұрынғы атты жасағының сарбазы екен. Жасы 36-да, арғын руынан. Реті келгенде айта кететін жай, тергеуде жауап берген адамдардың руы ерекше мәнге ие болған сияқты. Өйткені жаңағыдай өзара жауласқан рулардың адамдарының бірінің үстінен бірі арыз беру, жала жабу онша қиынға соқпаған. Оны тергеушілер өте ұтымды пайдаланған. Иманғали Қарпықовтың жауабының мазмұны қысқаша баяндағанда мынадай:


«1918 жылы наурыз айында “Алашордашылар” тобы Майқара ауданына келді. Бұл жерде – мадияр, шымболат, өтей рулары тұратын. Келгендердің ішінде Есполов Мырзағазы, Байтұрысынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Қадырбаев Сейтазым, Кенжин Аспандияр, Мұзафар Қасымов (офицер), Қаратілеуов, молла Әбідрахман Мұртазин, Теміров Абдолла, Сейдалин Қырымкерей тағы басқалар бар. Қастарында 200 жасағы бар. Елден әскер жиды. Елді үгіттеген – Міржақып Дулатов. Олар: біз – ақты да, қызылды да жақтамаймыз, тек қазақтың мүддесін қорғаймыз деді. Содан кейін де соларға қосылдым. Таран әскерінің қалдығын Есполов Мырзағазы атқызды. А. Қасымов көмгізді», дейді ол.


Тергеушілердің ойынан шыққан куәліктің бірі де, бірегейі де осы жазба. Бұл айтылған мәселелер жөнінде аталған адамдардың әрқайсысының өз жауабы бар. Асқар Дулатовты және басқа да ауылдың қарапайым байларын “Алашорданың” ісіне қосу әрі таңдандырады, әрі таңдандырмайды да. Өйткені, оларға бүкілқазақтық қылмыскер керек болды және олардың қатарын осындай қосымша істер арқылы толтырып отырды.


Айыптау қорытындысында: «№ 3 тергеу ісі бойынша айыпқа тартылған “Алашорда” қозғалысына қатынасқан, Міржақып Дулатовқа көмектескен, тәргілеуге қарсы науқан жүргізген, Наурызым ауданынының азаматтары: 1. Дулатов Асқардың 2. Тұйғымбеков Дүзеннің 3. Бөлтіріков Оспанның 4. Тілеулиев Нақыптың 5. Оразбеков Абдолланың 6. Кеншінбаев Дарханның 7. Жұрқанов Құлахметтің 8. Балыбаев Жанахметтің 9. Исмағамбетов Теміржанның 10. Есполов Дүйсенбайдың 11. Т.Мұратовтың және 12. Сәтбаев Ибрагимнің тергеу ісін қарап, айыптау қорытындысы істің қылмыстық мазмұнына сай деп есептеймін.


Айыптау қорытындысымен толық келісе отырып, қазақ ауылының артта қалуының және рулық сарқыншақтарының жойылмауының салдарынан айыпкерлер қазан төңкерісінің жүзеге асқанына он екі жыл өткеніне қарамастан жылма-жыл өздерінің іс-әрекеттері арқылы ауылдық жерлердегі кеңестік қоғамның дамуына кедергі жасап келгендігін, қазақ кедейлерін байлардың басыбайлылығынан құтылуына тосқауыл қойғандығын ескеріп, бұл істі ОГПУ-дің коллегиясының қарауына жіберіп, соттан тыс негізде үкім шығару керек деп ұйғарым жасаймын.


Қостанай округтік прокуроры – А Безденко”, – деп шешім шығарды.


“Соттан тыс негізде үкім шығару” дегеннің мәні – әйгілі үштік арқылы бірден жазаға тартуды білдіреді. Онда тек саяси қылмыскерлердің ғана істері қаралуға тиісті. Олардың шешімі ең соңғы және қайта қарауға жатпайтын үкім болып есептеледі.


Міне, сондай кергіге қостанайлық қыр қазақтары да тап келді. Тергеу ісін оқып отырып та олардың нақты қандай да бір айыбы бар екендігіне жіп таға алмадық.


11. Тілшелер


Міржақыптың біраз хаттары мен өзара жазысқан тілшелері де (записка) тергеу ісіне тіркеліпті. Барлық жазбаларды көшіріп алуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен де тағдырдың таңбасы түскен, «үкімсіз, үнсіз сотталған» қолхаттардың біразын назарға ұсынамыз. Тәргіленген құжаттардан құрастырылған 7-томның 9-бетінде Міржақып Дулатовтың алақандай ғана қағазға жазылған тілшесі сақталған. Онда:


«24/ ҮІ – 21 ж. Ғ-ман! Мынау Ахмет жолдасты қудалап жүргендер бар көрінеді. Жұмысының мәнін өзі түсіндіріп айтар. Саяси сенімді адам екендігіне қолына қағаз берсең, бұзақылар орынсыз қоқаңдауын қояр еді. Осыны саған әдейі тапсырамын. М-дияр», – депті.


Мұндағы Ахмет деген кім? Хат кімге арналған? «Ғ–ман» – деген Әбдірахман Әйтиев пе, Әбдірахман Байділдин бе, нақты анықтаудың орайы келмеді. Құжаттары тәргіленген адам түрмеде жатуы тиіс. Ә.Әйтиев ондай зауалды басынан кешкен жоқ. Демек, Ә.Байділдиннің болуы әбден мүмкін.


Сол томының 117-бетінде «Қожа Мырзағазы» деген адамның хатының соңы сақталған. Әңгіме Әубәкір Диваев туралы. Мырзағазы қожа дегеніміз – Мырзағазы Есполов па, жоқ, басқа адам ба? Оған жіп таға алмадық. Қазақтың ақсақалдарының бірі Ә.Диваев туралы сөз қозғалып отырғандықтан да келтіре кетуді жөн көрдік:


«...тәрбиелеуге болмайды. Балалары Рысқұловқа арыз жазып берді. Арызын Рысқұлов сонда алып кетті. Барған соң партия арқылы өткізіп көрейін, жолдастардың күшімен деп. Осыны бірдеме қыларсың. Шалдың халі нашар.


Өздері 4 жан. Жалғыз ақша алатын шал. Оның алғанымен барлығы күн көре алатын емес. Балалары қызметте жоқ. Оның үстіне жақын арада жалдаған малай қыз дымын қалдырмай ұрлап кетіпті. Өте жүдеу, өлмешілік күні бар. Мұнда Ораз Жандосовтар сарттың жігіттеріне айтып көріп еді, болмады, әсіресе, Ирмаков.


Шал өзінің жайына байланысты жазбаған шығар сыпайылықпен, бірақ, тағы да айтамын, халдары нашар. Қош. Мырзағазы. 15/Х - ”.


Жазылған айы мен күні белгілі, ал жылы қойылмаған. Әубәкір Диваевтің күтімсіз қалғаны, Ташкентте аса кедей өмір кешкені жөніндегі дерек бұл. Кейін қазақ зиялылары қауырт атсалысып, қаулы шығарып, кітабын бастырып, қаржылай көмек берген. Бұл сол игілікті істің мұрындығы сияқты.


Алматыдағы тергеу ісі біткен соң сегіз адамды Мәскеудің Бутырка түрмесіне ауыстырған. Ол туралы ҮІІ томның 373-бетінде:


«17/VІІ – 29 ж. № 1675 Бутырка түрмесінің бастығына. Төмендегі 8 тұтқын айдауылмен жіберіліп отыр. 1. Ташекенов Қаби Кентаевич 2. Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынович 3. Дулатов Міржақып Дулатович 4. Аймауытов Жүсіпбек Аймауытович 5. Исполов Мырзағазы Исполович 6. Бірімжанов Ғазымбек Қорғанбекович 7. Болғанбаев Хайретдин Әбдірахманович 8. Ғаббасов Халел Ахметжанович.


Бұлар айдауылмен апарылсын және бір-бірінен оңаша ұсталсын. ОГПУ-дің әскери бөлімі», – деген жөнелтпе хат бар.


Араға көп уақыт өткізбей Қазақстанда қалған тұтқындар да Мәскеуге жеткізілді. Ол туралы ОГПУ – дің әскери бөлімі:


«Бутырка түрмесінде Міржақып Дулатовпен бір камерада жатқан төмендегі тұтқындарды: Байтұрсынов Ахметті, Аймауытов Жүсіпбекті, Исполов Мырзағазыны, Болғанбаев Хайретдинді, Бірімжанов Ғазымбекті, Жұмабаев Мағжанды, Юсупов Ахметсапаны, Байтасов Абдулланы, Омаров Елдесті, Жәлелов Кәрімді Міржақып Дулатов № 14 үйге ауыстырылғаннан кейін, оларды Ғаббасов Халелге және № 54 камерада жатқан Қазақстаннан келген 33 адамға (Әділов және басқалар) жолықпайтындай етіп әр камераға бөліп-бөліп орыналастыруды өтінемін. ОГПУдің әскери бөлімі – (қолы)» ,– деп нұсқау берген.


Сөйтіп, алғашқы 41 адам Мәскеуде бас қосты. Осыдан кейін олардың бір-бірін аман-есен көрісуіне тағдыр жазбап еді.


Тергеу ісінің 86-87 беттерінде өте тосын және түрме психологиясынан толық мағлұмдар ететін, жұқа қағазға арабша жазылған құпия тілшелер сақталған. Жапырақтай ғана жыртындылардың түйіршіктеліп оратылғаны бірден байқалады. Бұл – түрмеде отырғандардың бір-біріне жолдаған хаттары. Кім қандай жауап берді, енді қалай жауап бермек, бұларды енді не күтіп тұр? – деген сияқты мәселелерді қамтиды. Мазмұнына қарағанда Мәскеу түрмесіне ауыстырылғаннан кейін, оларда әлдеқандай бір үміт пайда болған сияқты. Араб қарпіндегі мәтін орысша мәтінмен салыстырылып отырып көшірілді. 85-бетте көк сия қарындашпен:


«Заключенный Испулов М.И., ком №70 подал записку заключенному Булату М.Я.(Дулатов), 62 комн. через окно во время прогулки с 62 комн. Прогул 2-й корпус. Исеева 29/ҮІІІ-29 г.» – деп жазылған.


Демек, Мырзағазы Есполов түрме ішіндегі серуен кезінде М.Дулатовтың терезесінен тілшені ішке лақтырмақ болған сәтінде қарауыл Исеева байқап қалып, қолға түсірген. Тілшенің сөзі қысқа. Емеуіріні көп. Түсінікті деген жерлеріне көп нүкте қойылған. «Ө» деген белгі сөз арасындғы қосымшаны білдірсе керек.


Тілшені жазуға екі, не үш адам қатысқан. Жоғарыдағы айдауылдың көрсетіндісіне орай, олардың екеуі – Міржақып Дулатов пен Мырзағазы Есполов деп толық сеніммен айтуға болады. Ал үшінші адам кім? Ахметсафа Юсупов па, Халел Ғаббасов па, әлде Ғазымбек Бірімжанов па? Сондай-ақ, мұндағы адамдардың аттарының барлығы да лақап есімімен аталған. Ал олардың кім екенін нақты ажырату мүмкін болмады. Қолжазбаны толық оқыған адам іштей жорамалдап біле алады деп ойлаймыз. Сонымен, 86-беттен басталатын түрме тілшелерінің мәтіні мынадай:


««Жауап басталды. Бірте-бірте бәрімізге де келеді ғой, сондықтан, мүмкін болғанынша соларды бір ізге салған жөн. Бұрынғы айтылғандар, әлбетте, өзгерілмейді, қалады ғой. Менің айтқаным – жаңа мәселелер қозғалуы тұсында. (Осы араға «Ө» белгісі қойылған – Т.Ж.) Мұндай болатыны мына жауапқа барғандарды сұрағандарынан көрініп тұр ғой. «Көпірде түйенің үлкені таяқ жейдінің» кебі келсе, әлбетте, салмақ төртеумізге түседі. Бұл анық. Ғазыға: айтқаныңнан қайт, тәубә қыл, Қужақты тәуір көресің бе, оның жүргізіп жатқан саясаты дұрыс па, жікке «бөлген», айтқаны ұлтшылдық... (дедім). ...Міне осындай, бұлардан басқа да осы секілді мәселелерді көтерулері мүмкін деп ойлаймын. Міне, осыларға қай тұрғыдан жауап береміз. Соған ақылдасуымыз тиіс».


Тілшенің М.Дулатовқа арналғаны, М.Есполовтың қолынан алынғаны анық. Сонда бұл сөзді кім бастауы мүмкін? Мұндағы «Қужақ» деп отырғандары – Голщекин. Ал «Ғазы» деп Мырзағазы Есполовты айтып отыр ма, жоқ, Ғазымбек Бірімжановты айтып отыр ма, оны тек қисынмен қиыстырып барып түсінуге болады. Ғазымбектің көрсетінділерінде әшкере мазмұн байқалмаған. Демек, «салмақ түсетін төртеудің» қатарына жатпайды.


Ол төртеу, біздің ойымызша, «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшелері – А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Есполов. Тынышбаев пен Досмұхамедов қамаққа енді алынған. Олар Алматыда. Мұндағы мәселе, Торғай оқиғасын қамтиды. Ал жазу мәнері әр қилы. Келесі жазу басқа адамдыкі, алдыңғыға жауап болуы мүмкін және бұл – М.Дулатовтың сөзі деп сеніммен айтуға болады.


Бірінші адам:«Мен бұлай ойлаймын: біз Кеңес жағындамыз. Қазақ үшін пайдалы (іс) жасауымыз керек (Осы араға тағы да «Ө» белгісі қойылған. Біздің жорамалдауымызша жоғарыда қойылған осындай белгінің орнына қойылып оқылатын мәтін осыдан кейінгі жолдар болуы тиіс). Өзіңе мәлім, біз бәріміз де кеңеске адал қызмет қылып келдік. Жасырын ісіміз еш болмаған. Бірақ бұл сөзде қазақтың бар мақсұты орындалды дей алмаймыз. Толып жатқан мақсұттар бар жүзеге шығаратын. Оның бер жағында Қужақ барғаннан бастап отыршылдық саясат басталып, (қарқынды) жүріп жатқанын айту керек.

Қазақтың жерге орналасуының өзгермегенін; үстіндегі (алдағы – Т.Ж) 5 жылда 320 мың іштен түкті ауыздарды көшірмекші болып отырағанын; қазаққа берілген жақсы жерге кеңес шаруаларын салып жатқандарын; шаруа жүзінде қазақ малына тиісті қам қылмауларын; малдың (тәргілеу науқанын) орындату, не еш фабрика-заводтың жоқтығын (айту керек):


Сауда-саттық жайында: Казторг, Упсырзаг, госплан, складтардағы қазақстандықтарды жойып, мұнда байлағаны. Мәдениет майданын да шала етіп (жүргізіп жатқандығы), жастардың елге аттанысы, елді кеңестен бездіретін талау болып жатқан жұмыстар жайында. Басқару жөнінде: қазақтың қолынан жұмыс келетіні аз. Азаматтарының бірі – ұлтшыл, бірі – пәлен деп, партиядан айдап, ылғи оңбағандарды жинап алып, қазақ атынан жұмыс жүргізіп жатқаны, мекемені қазақтандыру жөнінде орысты ақша шығарып оқытып жатқандығын... Тап күресі деп қазақтың қалтылдаған шаруасын күйзелтіп жатқанын – қысқасы отаршылдық саясаттың барлап жатқанын түгел айту.


Міне біз бұған қарсымыз, риза емеспіз. Бұл ұлтшыл болғандықтан емес, лениннің ұлт саясатын дұрыс жүргізбегендіктен, «Декларация прав народовта» орын берілген құқықтарды жүзеге асырмағандықтан. Бізді ұлтшыл деген – жапқан жала себепті, ұлтшылдықтың мағынасы: екінші ұлтты жұту, ойран қылу. Бұл бізде жоқ, болуы да мүмкін емес. Біз қазақ – шаруа, мәдениет майданында басқа ұлттармен тең болуы керек дейміз. Ол ұлтшылдыққа жатпайды, мұны «Декларация правта» кеңес өкіметі өзі беріп отыр. «Өлгеніңді жасырарсың – көмгеніңді қайтерсің» дегендей, бізге бұғуға болмайды.


Бұл ірі орын – білсін, біз айтпағанда, кім айтады. «Жығылсаң жардан, ажалың әлдеқайдан». Бұл жерге келген соң – тәуекел. Санасуға тиісті, осы күні өзінің қалы торға түскен торғайдай, біздің жайымызды түрік газеттері жазыпты. «Әке!» – дегенмен жан қалмайды. Қорғанудың жөні жоқ. Көп болса қазақ үшін құрбан болармыз – онда тарихи борышымызды өтеген боламыз...(Өз ойыңды) не, жаныңдағылармен сөйлесіп жазып бер. Алдымен шығып терезеден бер, байқап бер, сақ бол. 15... маған: жазғаныңды оқыдым, депсің. Ол, сөйлескенің мен кездескенің кім, (оқығаның) менің жауабым ба, сені кім, неге оқытты? Пәлен-түгенді айттыңдар ма? «Таран отрядын ұстап бердіңдер», – дегенге не деп жауап бердің. Мен «А.О-ның» істегендеріне жауап беремін», дедім. Мен басқа сұрағанға жауап бермедім, сен не дедің?».


Басқа қағаздағы жауаптасулар мынадай.


Екінші адам: «13-күні мені «Сейсенбектермен» кездестірді. Жауаптасуда Сұрша мен уақытша орынбасар болып жүрген ұзын орыс болды. Сұраушы ұзын. Оқысаң, менің берген жауабымды көрген шығарсың: ол заманда істелген істерге жауапкермін, ойлаймын жолдастарым да бас тартпайды... – дедім. Осыдан басқа тоқсан түрлі сұрағына жауап бермедім. Ұзынның бір жауабына: мұндай ақымақ сұрауға берер жауабым жоқ, – дегенге ашуланып, мені қорқытпақшы болып сөз сөйлеп еді: мен қорықпаймын, мені қорқыта алмайсың, – деген соң қойды. Сонан кейін жанымдағы кісіні алып, бұл жаққа жүргенше (Мәскеуге – Т.Ж.) жалғыз болдым».


Үшінші адам: «Үйілдің 3 күнгі жауапты тағы да орынбасар сұрады. Арасында Сейсектің айтқаны өтірік деп едім, ол (қағаз алып): «(Міне), Қалмақ бет қазақтың (А.Байтұрсынов –Т.Ж.) берген жауабы, сен оны қорғаштайсың, ал ол сендерді аяған жоқ. Міржақыппен екеуің пәленді, түгенді атты деп отыр», – деді. Қағаздан екеуіміздің атымызды көрдім. Ол сенен: «Ордада Иманның баласын, түгенді аттыңдар ма (деп сұрады ма), Атбасарға кеткен түкті ауыздар туралы сұрады ма, сұраса сен не дедің. Сейсек солар туралы сұрады ма, не дедің? Сейсекпен кездесуді Селеу екеуміз: бір жағынан – қоқан-лоқы, екінші жағынан – Кесірқараны ұйымнан айдау үшін істеген шығар деп жорыдық, бұл қалай? Нақ осы күні бізді Орда жұмысына айыптар ма? Мені Шашпен кездестірмейді. Мұнысына түсінбеймін. Біздің ісіміз бір... Оларды қалай ол жақта (Алматыда) қалдырды. Бізді мұнда (Мәскеуге) әкелді, бұл қалай? Артынан Елдеспен, Шашпен кездестім. Білдірмей кездестім».


Төртінші адам: «Мұнда келгенде менің алынған нәрсеме және ақшама екі квитанция берген еді. Соны бүгін алып, нәрселерімді, квитанцияны берді. Ақша жоқ. Ақшамды да береді деп үміттенгенмін... Өйткені мұнда келген соң екі рет арыз жазып едім. «Өткіз, ақша керек» деп. Арыз бойынша мұнда салған шығар деп ойлап отырмын. Маған: Жазба, бермейді, – дейді мұндағы «білгіштер». Мына бергеніне қарағанда бізге жалпақ жұрттан басқашарақ қарағандай ма. Хош десеміз. С.М.М-ды».


Жұқа, жыртық қағаздағы бұл тілшенің мазмұны түсінікті. Мәтіндегі «Қалмақ бет қазақ» – Ахмет Байтұрсынов, Елдес – Елдес Омаров, ал «Кесірқара» мен «Шашты», «Сейсектерді» тек жорамалдауға ғана болады. «Екі рет арыз жазып едім», – дегенге қарағанда, бұл Х.Ғаббасовтың,не Ж,Аймауытовтың жазуы. Өйткені осы екеуінің түрме бастығына қаратқан өтініштері тіркелген.


Сол томда Міржақып Дулатовтың 1929 жылы қарашаның 18 күні жазған тосын қолхаты бар. Онда:


«Мені өзге тұтқындармен бір камерада отырғызуыңызды өтінемін. Сонда өзара ақылдаса келіп, мүмкін қылмыстарымызды мойындармыз», – деген мағынада өтініш білдірген.


Мұны қалай түсінуге болады? Тергеу ісінде: енді бәрін де мойындап жазуға бекініп отырғандығы, соған мүмкіндік жасауы жөнінде арнайы мәлімдемесі бар.


Алаш азаматтарының барлығы да бұл құрсаудан жазасыз шықпайтынын білген. Дегенмен де Москваға ауыстырылған соң ондағы тергеушілердің Қазақстандағыларға қарағанда «дәрежесі биік» екеніне сенген. Кейбір айғақтары дәлелсіз істерді кейін қайтарып жіберуілері соған дәлел. Тұтқындағылар Бутыркаға ауысқан соң, өздерінің жауап беру тәсілдерін өзгерткен. Шындықтарын айтып, қалайда тергеушілердің назарын аударуға ұмтылған. Екіншіден, тергеу астында, бірақ бостандықтағы «мырзақамақта» жүрген Әлихан Бөкейханов:


«Тиісті адамдармен ақылдаса келіп, бұларды ерегестіре бермей, барынша үкімді жұмсарту тәсіліне көшуге», – кеңес берген.


Осы бағытты ұстана отырып М.Дулатов Бутырка түрмесінде көлемді көрсетінді жазған. Онда: тым болмаса нақты оқиға көрсетінді ретінде қағаз бетіне жазылып қалсын – деген мақсатты алдына қойған. Міржақып Дулатовтың жоғарыдағы өтініші қанағаттандырылған екен. Ол туралы:


«ОГПУ-дің шығыс бөлімінің бастығы Дьяков «21/ХІ-29 жылы ОГПУ-дің комендантына қызмет бабындағы жөнелтпе жолдап:


№ 14-ші үйдегі түрмеде жатқан Міржақып Дулатовты Бутырка түрмесіндегі Байтұрсынов, Аймауытов, Болғанбаев, Испулов, Бірімжанов, Жұмабаев, Юсупов, Байтасов, Омаров, Жәлелов жатқан камераға ауыстыруды өтінеміз. Дулатовты Бутырка түрмесіне ауыстыру бүгін жүргізілсін», – деп пәрмен берді.


Мұның алдында ғана Міржақып Дулатов өзін Қазақстаннан келген тұтқындардың қасына ауыстыруды өтінген. Бұл ажал алдында тұрғанын сезіп аяулы азаматтармен соңғы рет бақұлдасып қалуды ойластырған амалы болса керек. Ал тергеушілердің мақсаты: оларды бір бөлмеге жиып, арасына тыңшы қосып, айтқан сөздерін хатқа түсіріп алу. Бұған тұтқындардың арасына «Қалам», «Дальше»... сияқты салпаңқұлақтарды жіберу туралы өзара жазысқан қатынастары дәлел. Сол томның 301-бетінде:


«ОГПУ-дің прокурорына ОГПУ-дің СЛАК лагерінің тұтқыны Дулатов Міржақып Дулатұлынан алдын-ала тергеу кезіндегі мерзімді есептеу туралы өтініш» тіркелген.


Онда: «ОГПУ коллегиясының (Үштіктің) қаулысы бойынша мен ҚК-нің 58-ші бабының 2,4,10,11 тармақтары бойынша 10 жылға концлагерьге жіберілген едім. Кесім уақыты 16/VІІ – 29 жылдан бастап есептелді. Осыған байланысты өтінішім мынау: мен бұл іс бойынша 29/ ХІІ – 28 ж. тұтқынға алындым. Сол уақыттан бастап Алматы мен Бутырканың түрмесінде тергеу астында болдым. Сондықтан да ҚІК кодексінің 29-шы бабына және ҚІК-нің 343-ші бабына сәйкес маған алдын-ала жүргізілген тергеудің уақытын яғни менің жаза өтеу мерзімімді 29/ ХІІ – 28 жылдан бастап есептеуіңізді өтінемін. М. Дулатов. 29 сәуір, 1931 жыл.», – деп жазылған.


Міржақып Дулатовтың бұл өтінішін: «СССР Халық коммисарлар кеңесінің жанындағы біріккен мемлекеттік саяси басқармасына қарасты Соловецк және Карел-Мурманск еңбек түзету лагерінің тұтқындарды бөлу бөлімі 1931 жылы 15 маусым күні – ОЦР ОППУ-дің Москва СЛАК-тің бірінші бөліміне (Көшірмесін Міржақып Дулатовқа тапсыру үшін)» мынадай:


«Міржақып Дулатовтың кесімді уақытын: сотқа дейінгі алдын-ала тергеу кезіндегі 29/ ХІІ – 28 – ден бастап 15/VІІ – 29 дейінгі аралықты есептеу туралы өтінішін жолдап отырмыз. КОГПУ-дің 13/І – 1931 жылғы қаулысымен КК-нің 58 бабының 2,4,10,11 тармақтыры бойынша 10 жылға (ату жазасының орынына ауыстырылған) сотталған. Басқарама бастығының орынбасары - қолы», – қатынас жолдапты.


Демек, құжатқа жүгінсек, 1885 жылы туған Міржақып Дулатов 46 жасында, 1931 жылы 13 қаңтар күні ату жазасына бұйырылған. Оның жоғарыдағы өтінішіне: «ОГПУ-дің орталық тіркеу бөлімі мынадай Анықтама беріпті:


«Дулатов Міржақып Дулатұлы 1885 жылы Қазақ АССР-нің Қостанай округінің Наурызым ауданында туған. Сот коллегияссының 4/ІV – 30 г. Қаулысы бойынша 58-ші баптың 2,4,10,11 тармақтары бойынша айып тағылып, жоғары жазаға (атуға-Т.Ж.) кесілген. Дүние-мүлкі тәркіленуге жатқызылды. Еңбек ақысы № 26 параграф бойынша есептеледі. Коллегияның 8/V – 31 жылғы қаулысымен коллегияның бұрынғы 4/ІV – 30 ж. Қаулысы 26/І күні жоққа шығарылды. 13/І-31 күнгі соттың шешімі бойынша ату жазасы тұтқындалған күннен бастап есептелетін 10 жылдық концлагермен ауыстырылды. Дүние-мүлкі тәркіленген, үй-іші жіберілген жоқ...».


Ату жазасына кесілгендердің барлығына да дәл осындай анықтама берілген. Тек аты-жөндері мен кесілген үкімдері ғана өзге.


Түрмеге қамалып, жер аударылған алаш азаматтарының барлығы бір-бірінің мекен жайын, аман-саулығын Мәскеуде тұрақты тұратын Әлихан Бөкейханов арқылы біліп, өзара жөн сұрасып хат жазған. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың қолында сақталып қалған мына хаттар соның бір ұшқыны ғана. М.Г.Дулатованың мағлұматы бойынша,: төмендегі хаттың иесі Мұхтар Бабақайұлы Мұрзин (1895-1937). Қостанайдың Кеңарал деген жерінде туған. Троицкідегі гимназияны бітірген соң, қызы дәрігер Әрикенің айтуынша, Томскінің технология институтында оқыған. Инженер-экономист. Мұхтар Мұрзин – Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтының алғашқы директоры, Міржақыппен бірге сол институтта сабақ берген. Аудармашы, публицист. Үй-ішімен Воронежде айдауда бес жыл тұрған. 1936 жылы Шымкентке келіп, ауылшаруашылық банкісінде қаржы-жоспарлау бөлімін басқарған. 1937 жылы ұсталып, қайтып қатарға қосылмаған.


«ст. Медвежья гора Мурманской ж. д., 1 ОЛИ центральные курсы при Лекпомов при санотделе Дулатову Мирякубу

Воронеж 12, Томская 10. От Мурзина Мухтара


Ардақты Жақа!

Мәскеу арқылы (Ә.Бөкейханов арқылы – Т.Ж.) тұрақты жөніңізді біліп, Сізге осы сәлемді жолдап отырмын. Воронеждің өзінде тұратындар: Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Сейдазым, Әшім, Хамит, Ақбай (мұның Жақыбын босатқан). Ауданға жіберілгендер: инженер Мұхамеджан, Мұстафа Бұралқы, Жұмағали Тілеулі, Жұмахан Күдері, Қошке, Нәшір Қожамқұлов. Алдаберген де бар еді, қашып кетіпті деседі. Анығы мәлімсіз. Бізден бір ұсталып жатып шыққандар: Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Иса Қашқынбаев. Тұрмыс алмалы-салмалы, бірде қызметке алады, бірде алмайды. Нақ осы күні қызметтен шығарылып отырмын.

Мұхтар. Воронеж. 1934 жыл, апрельдің бірі».


Екінші хатты дәрігер Ж.Тілеулин (1889-1937) жазған. Марқұмның туған қарындасы (...) арманда кеткен ағасының атын алаш азаматтарының қатарынан қалдырмай, ескере жүруді өмірден өтерінде аманаттап айтып еді. Онсыз да ескерілетін хат болса да, өсиет сөзін осы арада еске ала кеткеннің айыбы болмас дедік.


«Ст. Медвежья гора Мурманск. ж.д. 1 ОЛК. Центральные курсы Лекпомов при сан.отделе. Дулатову М.

г. Павловск цчо ул. К. Маркса, дом 6, Ж. Тлеулин. 30/V.


Адрестеріңді жуырда аламын. Тұрмыс, саулықтарың қалай? Тұрағым Павел қаласы, қаратопырағы бетінде (қаратопырақты жер дегені – Т.Ж.), саулық сақтау жұмысындамын. Менен басқа мұнда біздің жақтан кісі жоқ. Жалғызбын. Тұруға қиындау болғандықтан үй-іші мұнда келген жоқ. Екі жылдан бері Ташкентте тұрып жатыр. Онда Райханның інісі қызмет қылушы еді, соңғы кезде қатын-балаларын, шешесін, іні-қарындасын жәрдемсіз тастап, бір-екі балалы сұлуды алып, ғайып болған көрінеді. Содан кейін ауыр салмақ Абдолла, Райханның мойнында қалып отырған жай бар. Мұнда қызмет болғанымен, табыс аз. Үй-іші келе алмай отырғаны да содан. Өздерің қандай халде тұрасыңдар? Абдолла (Байтасов – Т.Ж.) Воронежде тұрады, көптен хат келмей тұр. Гаядан (Ғайнижамал Дулатова – Т.Ж.), балалардан хабар бар ма, аман ба екен, қайда тұрады?

30. V. Ж-али. 1934».


Медицина ғылымының докторы Серік Жұмағалиұлы Тілеулиннің айтуынша, әкесі Омбыдағы фельдшерлік училищені бітірген, Қызылжарда педтехникумның директоры болған.


Ақ теңіздің жағалауындағы әйгілі Сосновец концлагерінде жатқан Міржақып Дулатовты зайыбы Ғайнижамал баласы Әлібекті алып іздеп барған. Бір ай жұбайының қасында болады. Оларды барарда қарсы алып, қайтарда Алматыға шығарып салған Әлихан Бөкейханов Міржақыпқа мынадай жеделхат жолдайды:

«Сосновец Мурманской ж. д. , 5 Тунгутское отд. Центральный Лазарет. Дулатову Мирь-якубу.

Москва, 9. Б. Кисловский 4/15. 26/ІХ 34 ж.

Шырақ Мадиярым!

Гая, Әлтай екі қонып, бүгін жүріп кетті. Шығарып салып жазып отырмын.

М-ның күйеуі Алматыда.

Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда. Осы мақал қаламға орала кетті.

Иіскедім Әли».


Өкінішке орай, бұл Міржақып Дулатовтың өмірдегі соңғы жұбанышы болды. Ұзамай ұлы Әлібек те, өзі де дүниеден қайтты. Ұлының қазасын Әлихан дегдар біле тұрып, естіртпепті. Өзегі өртеніп өмір сүрмесін дегені шығар, кім білсін.

Тергеу ісінің ҮІІ томының соңына үкім тіркелген:

«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.

Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты – ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша,

Есполов Мырзағазыны – ҚЕ 58/2,58/10 баптары бойынша,

Ғаббасов Халильді – ҚЕ 58/2 бабы бойынша,

Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбекті – ҚЕ 58/2,58/8,58/11 және 58/10 баптары бойынша,

Бірімжанов Ғазымбекті – ҚЕ 58/4,58/11 және 58/10 баптары бойынша,

Юсупов Ахметсафаны – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша,

Болғанбаев Хайретдинді, Жұмабаев Мағжанды, Байтасов Абдолланы,

Омаров Елдесті, Жәленов Кәрімді – ҚЕ 58/11 және 58/10 баптары бойынша,

Битілеуов Дамолланы – ҚЕ 58/4 бабы бойынша, Дулатов Асқарды...”,деп жиыны 42 адамды айыптан шыққан.


Біз өзіміздің мақсатты мүддемізге орай тікелей қатысы бар “Алаш” қайраткерлерінің ғана тізімін келтірдік. Өкініштісі сол, айыптау баптарының қойылуы барысында «Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбектің» бір тізімге қосақталғаны. Тергеу ісінің ең түйткілді “тұлғасы” Дінше Әділев болғандықтан да, бұл қосақтан жазасыз құтылу мүмкін емес еді. Егерде, басқа тізімге іліккенде Жүсіпбек Аймауытовтың тым құрымағанда тағы да алты-жеті жылдай жарық дүниенің дәмін тату мүмкіндігі бар еді.


Алла тағалам оған мұндай мүмкіндікті жазбапты.


«Ұраным – Алаш!..» кітабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар