Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы ашылды...

08.09.2016 5303

Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы ашылды

Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы ашылды - adebiportal.kz


ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Алаштың айтулы ғалымы Тұрсынбек Кәкішевтің жеке кітапханасы «Ғалым залы» ашылды. Осы шараның аясында «Мағжан-Сәкен» атты кітаптың таныстырылымы өтті.


Презентация.JPG


Аталмыш шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мырзатай ЖолдасбековНұрлан Оразалин тағы да басқа зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ғалымның көзін көрген замандастары естелік айтты. Залда ине шаншар орын болмады. Бұл – қазақ руханиятының жоқтаушылары көп екенін аңғартады.


Нұрлан Оразалы.JPG


Тұсауы кесілген «Мағжан-Сәкен» атты зерттеу еңбегінің барлық данасы кітапханаға табысталды. Бұл еңбекте көзқарастары әр түрлі болғанымен, қазақ үшін жанын азаптап, барын берген Алаштың екі алыбы туралы зерттеу материалдар топтастырылған.


Тұсаукесер.JPG


Тағы бір айта кететіні, енді ҚР Ұлттық академиялық кітапхансының қоры Тұрсынбек Кәкішевтың 6000 дана кітабымен толықты.



Арыстанбек Мұхамедиұлы.jpg

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:


Тұрсынбек Кәкішев дегенде бәрімізге ұлағатты ұстаз, белгілі ғалым, еліміздің жанашыры елестейді. Сонау Кеңес Үкіметінің жайнап тұрған кезеңінде Сәкен Сейфуллинді кеңінен насихаттаған бірден-бір азамат осы Тұрсынбек ағамыз болатын. Шараға жиналып, ағамыздың 6000-ға жуық кітабын Ұлттық Академиялық кітапханаға беріп отырған Күләш апайға мың да бір алғысымызды айтамыз. Бұл кітаптардың ерекшелігі ағамыздың өз қолымен жазған түпнұсқа қолжазбаларының жиналуында, сонымен қатар өзі ізденіп тапқан керемет шығармалар да бар. Тұрсынбек ағамыздың “Мағжан-Сәкен” атты монографиясының тұсаукесері де құтты болсын. Ол біз сүйіп оқитын туындыға айналады деген сенімдемін. Осындай үрдіс жалпы елімізде кеңінен ұйымдастырылып жатыр. Мысалға, бұл сияқты Қадыр Мырзалиев атындағы өнер орталығы Орал қаласында ашылған еді. Жалпы, еліміздің кітапханаларына беріліп жатқан ғұламаларымыздың еңбектерін оқып, тану – біз үшін үлкен қуаныш. Айта кету керек, бір жыл бұрын Қазақстан және Ресей Жазушылар Одағы бірігіп, бірнеше келісімге қол қойылған еді. Атақты жазушылардың шығармалары Мәскеудегі Альманах журналына орыс тіліне аударылып, шығарылып жатыр.


Нұрлан Оразалы - копия.JPG

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:


Бүгін қуанышты күн, әрі өкініші бар күн. Қуанышты болатыны өмірден өткен, қазақтың өмір бойы жыртысын жыртып, намысын жоқтап, Алаш дейтін қасиетті, киелі ұғым үшін күрескен және сол жолда бүкіл ғұмырын сарп еткен қазақ елінің үлкен жүректі, алып перзенті Тұрсынбек Кәкішевті еске алып отырмыз. Өкінішті болатын себебі бүгін Тұрсынбек ағаның қайтқан күні. Дәл осы күні Алматы жұртшылығы ғана емес, қазақ білімі, қазақтың ғылым әлемі, әдебиеті, әрбірден кейін түгел XX ғасырды аман-сау аттап, XXI ғасырдың есігін қаққан қазақ қоғамы ғалымынан көз жазып қалды. Бұл күнді киелі, қасиетті күн десе де болады. «Орнында бар оңалар» дейді қазақ. Ғалымның артында қалған халқы, әріптестері, шәкірттері және отының басы мен балалары Тұрсекеңді естен шығарған емес. Ғалымды іздеумен болды. Үлкен шаралар мен жиындарға мұрындық болып жүрген Тұрсынбектің жары Күләш Ахметоваға алғысымызды білдіреміз. Бүгін міне ғалым кітабының тұсаукесері өткелі жатыр. Бұл кітапта ғалымның үлкен көзқарасы көрсетілген. Кеңестік қиын кезеңде өмір сүрген Алаштың арда туған Мағжан мен Сәкен сынды екі перзентін бір кітапқа сыйғызу үлкен ерлік. Екеуі екі көзқараста болған, бірақ екеуінің де аңсағаны қазақ халқы еді. Екеуі екі кеңістікте аңырағаны мен екеуінің де көксегені Алаштың мұраты еді. Екеуінің танымында қазақтың ұлы даласы деген бір-ақ ұғым болатын. Осы екі алыпты ғылымның өлшеміне салып, ғалым ретінде, әдебиетші ретінде, қоғамның біртуар қайраткері ретінде қазақ руханиятына қосты. Біз соны көзімізбен көрдік.


ERM_4213.JPG

Мырзатай Жолдасбеков, академик:


Қазақ әдебиетінің үлкен бір қайраткері, қажымайтын еңбекқор, бәріміздің ағамыз Тұрсекеңнің дүниеден өткеніне көзді ашып-жұмғанша бір жыл өтті. Мен ғалыммен бірге қызметтес болдым. «Қазақ әдебиеті» дейтін бір қасиетті кафедра болды. Ол кезде Қазақстанның маңдайында Қазақ ұлттық университеті деген жалғыз оқу орны болатын. Қазір ілім-білімі жоқ университеттер қаптап кетті ғой. Біз сол оқу-ошағын бітіргенде марқайып терең білім алып шыққанбыз. Оқудан кейін аға-апаларымның арқасында университетке жұмысқа қабылдандым. Мен аспирантураны бітірген жылы біздің кафедраға қызмет етуге Тұрсынбек аға келді. Өзі мінезі бар адам еді. Сол мінезінің кесірінен қоғамнан қағажу көрді. Сыңарезулеп шындықты бетке айтатын. Бірақ, адал еді. Жаратылысы сондай таза адам болатын. Біз кейде жанамалап, астарлап айтамыз, ол кісіде ондай болмайтын. Пулемет сияқты тіке кететін, миномет дегенді білмейді, оны асырып лақтырады ғой. Тұрсекең кафедраға келгенде «мына жерде ешкім тиіспейді екен ғой» деп қатты қуанды. Ол жерде ешкім тиіспейді, себебі Мұхтар Әуезов, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхамеджан Қаратаев, Зейнолла Қабдолов, Ханғали Сүйіншәлиев сынды алып ғалымдар қызмет етті. Соның ең жасы мен болатынмын. Кафедра осындай нар тұлғалы ағалардың арқасында қызық болатын еді. Шынын айтайын, Тұрсынбек сияқты ғалым қазақ әдебиетінде болған жоқ. Неге? Бұл кісі табанынан тозып үш ай демалыста жалғыз өзі дүние жүзін аралап ғылыми дерек жинау үшін экспедицияға кететін. Ғалым негізінен қазақ әдебиеті тарихының сынын зерттеді. Жалпы ғылыми-эссе деген жанр бізде көп дамымаған. Тұрсекең бүгінгі тұсауы кесілгелі отырған кітабы арқылы соған үлкен үлес қосып отыр.


апай.JPG

Күләш Ахмет, ғалымның жұбайы:


Тұрсекеңмен бірге жиырма жыл отасып, өмір сүрдік. Бұл адамды тану, оның қадір-қасиетін білу үшін аз уақыт емес. Ол кісі тек өз еңбегімен, маңдай терімен туындыларын елге арнап, жазып қалдырды. Сондықтан, аталған академиялық кітапханада Тұрсынбек Кәкішев атындағы залдың болуы заңды. Бұл залда тек сирек қордың кітаптары ғана келген жоқ, сондай-ақ, Қазақстанда жоқ Омбы, Мәскеу, Орынбор, Ленинград, Қазан, Уфа, Ташкенттен алынған өте құпия қазақтың тарихы, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты құнды құжаттар бар. Бұл жаңа ашылған залдың ерекшелігі де осында деп ойлаймын.




















Бағлан Оразалы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар