Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ұларбек Дәлейұлы. Сайтаншоқыға түнеген екі аңшының...

27.10.2022 3623

Ұларбек Дәлейұлы. Сайтаншоқыға түнеген екі аңшының хикаясы 14+

Ұларбек Дәлейұлы. Сайтаншоқыға түнеген екі аңшының хикаясы - adebiportal.kz

Әлхисса, сол жылдары есейіп қалған біздердің, яғни ауыл балаларының бір қызықты ермегі жазғы демалыста сиыр жаю еді. Тамыз айының ортасына қарай шөлді жазыққа егілген бұршақ атаулы түгелдей орылып, әр үйдің қырманына мая болып жиналатын да, тау бөктеріндегі шет-шегі алыс атыз иен қалатын. Оған қоса біздің де күткен күніміз туатын. Ересек тартқан, жас шамамыз қарайлас бір топ бала сауынға алып қалған сиырларымзды қосып жайып, күн ұзаққа ойын қызығына бататынбыз. 

Жігербай асуынан бері асқан көне арба жол «Сайтан асу» аталатын «Күректі» белін басып, одан ары кететін. Сол шаңды жолдың бойынан күніне жоқ дегенде аттылы, арбалы 7-8 жолаушы өтеді. Біздің бір ермегіміз солар жүріп өткен ізді аңду. Асығыс шапқан аттыдан, кедір-бұдырдан селкілдеген арбадан жолаушылардың қалтасынан бауы үзілген сағат немесе түйіншекке салынған кәмпит-тәтті сәлемдемелер анда-санда бір түсіп қалатын. Ол біздер үшін үлке олжа септті еді.

Одан қалды атыз басында шашылған бұршақ дәндерін тереміз. Ақтарылған ақ бұршақтарды қалтамызды толтыра теріп алып, үйге барғасын табаға қуырып жейтінбіз. Асқанын ертеңгі ас үшін торсыққа құйып алған шайымызбен қоса арқалап жүретін едік. Қуаңшылық жайлаған сол жылдары ауыл адамдарының, әсіресе балалардың өмірі тым жүдеу еді. Қалтамызға симайтын болған соң, үйден үлкенірек дорба ала келетінбіз де, күні бойы терген бұршақ дәндерін өрістен қайтар жолда, ауылдағы жалғыз дүкенге апарып сатамыз. Ішімізде пысықтары оны күзгі оқу маусымына қажетті оқулық пен дәптер сатып алу үшін қораның дөдегесіне, үйдің елеусіз қуыстарына тығатын. 

Алысып-жұлысып, қуаласып жүріп борпылдақ топырақтан қашқан тышқандарды ұстап алатынбыз. Сұлы масағынан ұзын түтік жасап, ішіне жел үрлеп, тарс етіп жарылғанын тамашаймыз. Түс ауа шаршай бастаған соң, қоралана отырамыз да естіген, көрген-білген әңгімеміздің көрігін қыздырамыз. Мұндайда, жолдастарым менің ауызыма телміретін. Үлкендерден естіген сайтандар аңызы мен соғыс туралы әңгіменің майын тамызатынмын.

Ұшы-ұиырынан көз талатын, «Шөл» деп аталтын шаңы бұрқыраған бұршақ атызында бір сарынды ойындардан жалығып та кетеміз. Бір күні әңгіме айтудан гөрі тыңдауға құмар «түбіт мұрттар» маған мынадай ұсыныс тастады: «әр үш күн сайын басымынан кешкен немесе ауыл қарияларынан естіген қорқынышты яки, күлкіге қарық қылатын қызықты бір әңгім айтып отырсаң. Әр бесінші күні сиырыңды біз қосып жаямыз да, саған бір күн демалыс береміз».

Оған қуана келісе кеттім.

*   *   *

«Көктерекке көкөніс сатып келген қытайды Данай мен Салтанаттар сабайтын жылы», – деп бастадым келесі әңгімемді. Өзге балалар қостап, шулай жөнелді. Әрине, ауыл қазақтарын басынып, есіре бастаған келімсек қытайларды біздің жігіттердің шаңға аунатып сабаған оқиғасы барлық баланың есінде.

Сол жылы қыс басында немерелес ағатайым мені ертіп аңға шықты.

Қыстағымыздағы бізге жамағайын туыс, аңшы Халел қарт бүйрек сырқатымен ауырып, төсек тартып жатқалы жылдан асып кеткен. 

Үлкен ұлы Қосанбектің көктемде апаннан қазып алған жалқы бөлтірігі бізді қатты қызықтыратын. Балалары топтасып, аңшы шалдың есігі алдында, білеу темірден жасалған қоршауда аласұрып тұрған бөлтірікті көруге жиі баратынбыз. Қария есік алдындағы қарағай орындықта күншуақтап отыратын.

Қызықпен жүріп жазды да өткіздік. Жартасқа жармасып тасжарған жеген, тікеніне қолымызды тілдіріп, тошала терген күндер де өтіп, қыстаққа көшіп келдік. 

Қара қазан төңкеріліп, қараша айы туды. Қоян қақпан сұрап тағы бір барғанымда Қосанбек ағам жақпарға қысылып арам өлкен семіз қойды жәукемдеп, бөлтірікке жем дайындап отыр екен. Тордағы бөлтірік өсіп, көкшулан тартып қалыпты.

Біздің ауыл салтында көпшілік бала әкелерін «аға» деп атайды. «Әке» деп айтатын тек осы Халал мен Дәлей әулеті еді.

– Әкемнің бүйрек ауруына бұғының қуық-шыбығы табылмайтын ем екен. Сен шешеңе айтып, көндіріп көр, жіберсе менімен бірге аңға шық. Қазір тау бұғыларының ақ майы ақтарылып тұрған шақ. Ұранхайлар қыстауына барып, қуырдаққа бір тоямыз,  – деді ағам мені еліктіріп.

Түнімен қыңқылдап, күнімен қырсығып жүріп, әке-шешемді ақыры көндірдім.

Желді айының алғашқы он күні торғайбас қармен басталып, азынаған желмен аяқтады. Тура осы сәтті тосқан Қосанбек ағам екеуіміз, Сөртінің басына бұғы аулауға аттандық. Қарлы ормандағы қатерлі сапарға апта бойы қам қылдық. Құнан қойдың терісінен иленген, аяқтан кеудеге дейін тұтас тігілетін жарғақ шалбарға түбіт шекпеннің етегін бүріп салып, белдік тарттық. Оқшантайды жеңіл сеңсең ішік сыртынан айқастыра байлап, жол қоржынды атқа арттық та, шаңғыны қос тақымға  басып жолға шықтық. Ағайым төрт пұшпағына дейін бүтін иленген, төрдей үлкен аю терісінен жасалған жамылшыны иғына ілгенде ат құйрығын тұтас жауып кетті. Жолшыбай тастан жиылған, үлкен бір бөлмелі жапырық дүкенге соғып төрт құмыра отты суды қоржынға басты. Оны неге алғанын қазірге түсінбей келемін. 

Сөрті басындағы орманшының үйіне мінген атымызды қалдырып, таң қылаң бере ары қарай иен қарлы таулар арасына шаңғымен тартып кеттік. Жолшыбай қарнымыз ашып, жүрегіміз төмен тарта бастаса, сүйегінен сылып алып құйрық май қоса пісіріп, қатырып алған білеу-білеу сұрпы етті қармен қоса қарпып-қарпып аламыз. Табанына жылқының жон терісін жымын білдірмей қаптаған қар шаңғымыз өрге жүруге ыңғайлы-ақ. Қара қыс бастала сойылған, жайлаудың сонысына әбден семірген жылқы жарықтықтың қайратты түгі өрге қарай жүрген шаңғы табанын сүрі қарға желімдей шегелеп, артқа қарай сырғытпайды.

Таң азаннан бергі тынымсыз жүрістен әжептәуір жерді өндіріп алдық. Бір шеті Серілік тауына, бір шеті Шәкір дарасына қарай кететін алып таудың арғы бетінде мал баққан ұранхайлар тұрады. Жазда ат құлағында, қыста шаңғының тізгінінде ойнайтын, тау-таудың алыс қуыс-қойнауларын мекендейтін бұл моңғол руларының малдан басқа асып-тасып жатқан қарбалас тірлігі жоқ. Мезгілі жеткенде аң аулайды. Қысы-жазы тау ішін мекендейді. Тек, көктем мен күзде ғана етекке түсіп, азық-түлік, арақ-шараптарын ондаған түйеге теңдеп, қамдап алады да, өз тірлігі өзінде, бейқам өмір сүре береді. Ұранхай тілінен әжептәуір хабары бар Қосанбек ағайым олармен үйір-айқас, жақын дос. Осынау ұзыннан сұлаған орманды таудың күнгей-теріскей беті мыңғырған қоңыр аң. Бар да керегіңді жыға бер.

Сай-саланы бес саусағындай білетін ағайымның айтуынша, межелі жерге, ұранхайлар қыстағына да жақындап қалыппыз. Бірақ, біз күтпеген іс туды. Кенет тау басына ала шаңдаққа ұқсас бұлт түйірілді де жел көтеріле бастады.

– Тездетіп анау тік иықшаны айналып үлгірейік, – деді ағайым. – Тауда боран жиі соқпайды. Бір соқса әлем тапырығын шағарады. Алдамыздағы биік шоқытасты көрдің ғой. Соның арғы жақ түбіне барып, қарды үңгіп, пана жасап алайық.

Межелі жерге ентіге жетіп, зәулім жартас түбіндегі беті қатқан қалың қарды шаңғымен үңгіп, қазіп алдық. Топыраққа жеткенде кісі бойындай тереңдіктегі панасын да дайын болды. Таулы орманда аңшы әкесіне еріп көп жортқан, тау сырын, орман құпиясын жақсы білетін ағайым кеңесін де айтып жатыр.

– Ауызын тар, түбін кең етіп қазсақ, желге пана болады. Суыққа да тоңбаймыз. Боран бүгін басылмаса, осында ұйықтап шығамыз. Аюлар әлдеқашан ұйқыға кеткен. Қасқыр атаулы қазір етекте, малды ауылды торуылдап жүр. Демек, жыртқыштан қауіп жоқ...

«Жыртқыштан қауіп жоқ» дегесін менің де көңілдегі белгісіз үрейім сейіле қалды. Қоралы қойды қақ ортасынан жарып, бір өте шыққанда жиырма шақтысын жусатып кететін тау қасқырынан қорқамын.

Таудың күні қысқа, түні тым ұзақ болады. Ала бұлт әкелген боз боранмен қоса, қараңғылық та үйірілді. Жол қоржынымызды алып, ас қамын жасадық. Ұядай ғана қар үңгірінің іші жып-жылы. Ағайым жамылып жүрген текметтей үлкен аю терісін астымызға жазып, асқанын тіземізге қымтандық. Үстіміздегі қабаттап киген тері киімдерімізден де суық өтер емес. 

Шамасы, түн ұйыған шақ. Күні бойғы жүрістен қалжырап, оның үстіне аш қарынға түскен майлы кесек еттің әсерінен қатып ұйықтап кетіппін. Бір уақытта ағайым түртіп оятты. Боран әлдеқашан басылған. Айнала тып-тымық түн. Қар үңгіредн аспанға қарап едім, жұлдыз сирей бастапты. Шығыс кеңістікте жарқыраған шолпан жарығы көзге оттай басылады.

– Тыңда, қорықпа, бірақ!, – деді ағайым сыбырлап. Арнайы тігілген тұлыпта бөлшектеулі жатқан екі мылтықты құрап, оқтап қойыпты. – Үстіміздегі биік жартас үстінде бір кемпір отыр. Кейпі адам шошырлық. Дауысы да жаман. Көзімді қараңғылық байлап тұрғаны-ай. Дегенмен, бұл жақта өлмелі кемпір жүруі мүмкін емес. Сонда да күмәнім басым... Анда-санда бақырған дауысынан оянып кеттім. Саған айтапап едім, бұл тауда сайтандар мекендейді. Ертеде көп соғыс болған... Мен бесатармен басынан көздеймін. Сен бердеңкені ал да, жүрек тұсынан сығала. Үшке дейін санаймын, «үш» дегенде қатар атамыз.

Ағаймның сөзі аяқтамай жатып жоғарыдан ба-а-а-аж етіп барқырыған сүйкімсіз, жарықшақ дауыс тау ішін жаңғыртты. Қар үңгірден басымды шығарып қарап едім, таң алдындағы алакеуімде, жартас үстінде шоқиып отырған әппақ киімді кемпірдің сұлбасын көрдім.

Мылтығымызды қатар шығарып, қатарласа нысанаға алдық. Жартас басында жарбиған сайтан кемпір тура астыңғы жағында өзіне қарай кезелген суық қаруды сезген жоқ.

Бір, екі, үш!

Қос мылтық қатар атылды. Тарс еткен қаһарлы дауыс тау ішін солқ еткізді. Екі арқан бойынан да биік тас үстінен оққа ұшқан кемпір біздің тура тұсымызға зымырап келіп, қалың қарға күмп етті.

Ағайым да, мен де қимылсыз, үнсіз қалдық. Екеуіміздің ойымызда да «атып түсіргеніміз сайтан ба, адам ба?» деген ой. Не болса да, жерге жарық түсуін тосамыз енді. 

Дегбірсіздене күткен сәт те туды. Алакеуім таң шапағы сейіліп, шығыс қырқадағы биік самырсындар арасынан шашырған қып-қызыл күннің асыл нұры  тұтас дүниені жарқырата бастады. Біз түнеген шоқының арғы беткейінен үрген иттің әлсіз дауысы жетті. Қар үңігірден басымызды шығарып едік, бағана кемпір отырған жартас үстінде екі адам тұр екен.

– Атып түсіргеніміз сайтан емес сияқты... – деді сасқалақтаған ағайым. Менің де жүрегім ұшып кеткен. – Ұранхайлар қыстауының жанына келіп қоныппыз. Мұнда адам мекендемейтін еді. Бұлар биыл қоныс жаңалаған болды. Ұйқышы, маубас төбеттердің де түнімен мыңқ етіп үн шығармағанын-ай. Тез жиналайық, мылтығыңа ие бол! Анау келген шал осы өңірдегі атақты аңшы, Мөңкебайыр деген ұранхай. Оның шамына тиюге болмайды. 

Қоржын-қосқалаңымызды иығымызға іліп, үңгірден шығар беріп едік, күртік қарды сықырлата басқан екеу жақындап келіп болыпты. Бірі мен қатарлы бала, екіншісі ұзынтұра, арық шал. 

– Хөе, хулгайч хасаг минь! Чамайг энд дайсан туугаад ирэв үү, эсвэл төөрөөд ирэв үү? Хотны минь хойморт ирээд ямааг минь яагаад буудчихаа вэ?, – деп айқай салды. Не айтқанын түсінбеген едім, артынан Қосанбек ағайым аударып берді. (Әй, қарақшы қазақ! Мұнда жау айдап келді ме, адасып жүрсіңдер ме? Қорамның іргесіне келіп тұрып, ешкімді неге атасыңдар?)

Қосанбек ағам иіліп амандасып, шалдан кешірім өтінді. 

– Ақысын төлеп берейік, ақсақал! Кеше күн бұзылып, шаңытты боран соққан соң осы жартас түбін паналап едік. Мені де албасты басып... сайтан екен деп... малыңызды абайламай атып салдық...

Ағайым қоржындағы шөлмектің шетін жылт еткізіп еді, шалдың ашуы лезде тарқады. Қасындағы балаға оққа ұшқан ешкіні үйіне апарып сойып алуды бұйырды да бізге бұрылды.

– Хөе, хулгайчлар! Әкең Халелдің бетін сыйлайын. Бүйтіп аңшы болғандарың құрысын. Түнде боранда қойдан бөлініп, қораға кірмей қалыпты. Кәрі ешкінің ажалы ақыры қасқырдан емес, сайтаннан қорқатын қазақтардан болды. Жүріңдер, өздерің атқан «сайтан кемпірдің» етін жеп, сорпасын ішіңдер енді! 

Табиғаты ақкөңіл,  қыршаңқы шал құзар тауды жаңғырта қарқылдай күлді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар