Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ұларбек Дәлейұлы. Жазғы түс...

29.12.2022 3492

Ұларбек Дәлейұлы. Жазғы түс 14+

Ұларбек Дәлейұлы. Жазғы түс - adebiportal.kz

(Әңгіме)

– Ол заманның рулық заңдары тым қатал болған екен ғой, – деді әкем өгіз арбаның делбесін қағып қойып. – Талай ерлер азуы өткір, қармауы күшті мықтылардың жеке бас пайдасы үшін құрбандық тоқтыдай, өлім құшып кете барған...

Тау арасындағы ескі қоныс – Сөрті басынан, орманшының рұқсатымен кесіп, аршып алған бес метрлік дәу сырғауылды өгіз арбаға шоқайта тиеп, сүйретіп келе жатқан бетіміз.

Жолшыбай елі жайлауға көшіп кеткен, мұжық там үйлері құлазыған Сөрті қыстағына соқтық. Егін суарып, қора-қопсы жөндеуге таудан түскен әкемнің досының үйінен шай ішіп алдық. Қалжыңбас құрдасы ер көңілді, мақтаншақтау адам еді. Тақтай бетін тегістейтін темір сүргінің таңдайынан ақтарыла төгіліп, қурап тұрған бір құшақ ақ жоңқаны ошаққа тастап, шырпы тартқанда гу ете түскен-тұғын. «Отты жаққанға жаққыз, малды баққанға баққыз» деп бір қоразданып алған. Бұл мақалды тұңғыш рет сол кісіден естуім.

Қақа төбеде шақырайған күннен көз ұялады. Қолдан соғылған мұжық дауалдарды айнала өтіп, қыстақтан жан-жаққа тарайтын шаңды сүрлеуге түстік.

Жақпар тасты тұмсықты айнала бергенде әкем әлгі сөзді тағы қайталады. 

– Шәкір деген атаң өткен екен. Сол кісіні рулық кеңестің шешімімен сырттай өлімге үкім етіп, тура осы тұмсық түбінде атып өлтіріпті. Бала күнімде қозы жайып жүргенде әкем жарықтық көп айтатын. Өлген орнын да көрсетіп еді... – дегенді қосып қойды.

Дегенмен, қан төгілген жер ғой, бала жүрегім «су» ете қалған.

Тұмсықтан өте «сайтан асуы» аталып кеткен Күректіге қарай жүрер жол барған сайын өрге айналып, күдірлене түседі. Ашық күнде, сәске тұсындағы ыстықта тіпті құтырынып кететін таудың көкбас сонасынан ығыр болып, оқырасы арқасын жыбырлатқан қара өгіз жол шетіне ығыса береді. Сәл өрлеген соң әкем маған өгізге мініп алуды бұйырда да, өзі көнетоз сырмақты екі бүктеп астына төсеп, сырғауылға жамбастай отырды. 

Күн тіпті шыжып кетті. Кішкентай қарындасымның қақпағына мысық басы бейнеленген пласмас торсығына құйып алған суым жүрек айнытардай жылып, борсып кетіпті. Әкемнің де аңқасы кеуіп, қаталап отырғанын сезіп келем.

– Пай, мына жарықтықтың шыжғыруын-ай! Ебіннің үйінен темір шелекке ауызын мықтап жауып, су толтырып алмаппыз-ау. Андағы қарасан келгір де аздан соң шөлден қаталап, жүрмей қояр ма екен?, – деп бір кіжініп алды. Күдір қара жолды  шабан өгіздің мандымай-ақ қалған жүрісімен бірге ілбіп келеміз.

Жол бойында, ертеректе осы аңғарда өткен әскери жаттығуда жарылмай қалған снарядты шұқылап, атымен қоса тас-талқан болып өлген кісінің оқиғасы есімізде еді. Сол тұсқа дөңгелектей тізіп қойылған белгі тастарға қарауға жүрегім дуаламай, теріс қарап өттім.

Түс ауа «Сайтан мекені» аталатын тасқорадан да өтіп, әупірімдеп асудың ортан беліне жеттік. Таңнан бергі соншама еңбекпен, азаппен келе жатқан алып сырғауылдың құлама жар жақ бетіне шығып алған әкем айдаһар құйрығындай оңға-солға бұлғаң қаққан дәу ағашты бар күшімен демеп келеді. Өгіз тура жүрмей, бір жерден мүлт кетіп, ағаш құйрығы бір соқса әкем құлама құзға қарай бір-ақ домалайды. Бірақ, оның жанкештілігі мен табандылығы маған ес білгеннен бері мәлім. 

Жанкешті, батыл әкелер үшін мың тағзым жасайсың, мұндайда!

Тұла бойын қара тер басқан өгізді тыныстатып, өзіміз күйіп кеткен қос өкпемізді ұстап, демалып отыр едік, жоғарғы жақын тұстағы айналмадан салаң етіп, салт атты адам шыға келді. Бізге қарай еңістеп келе жатқандықтан атының артқы тұяқтары шағыл таспен «шақыр-шұқыр» етеді. Қасымызға келе әкемді танып аттан түсті. Екеуі құшақтаса амандасып, қауқылдай жөнелді.

Бейтаныс кісінің аты-жөні, кім екені есімде қалмапты.

Екеуінің амандық сұрасуы ұзаққа созылды. Қарғаның миы қайнайтын аптапта, аңқасы кепкен әкелі-балалы екі жолаушыға кезіккен бұл адамның тоқ қоржыны еріксіз назарымызды аударды.

– Әйелім ауырып, Көктоғайдағы дохтырханада жатқалы айдан асты. Қиыншылық тартып жатқан жайым бар. Өзім он бес күндей егін суына қарап, әйелімнің жағдайын, қазіргі күйін білуге асығып келе жатқан бетім осы. Оған баяғыда өзің қаншетпеден, өлім ауызынан алып қалған кіші қызым қарап қалған. Иен тауда, киіз үйде шетіп, лақ терісіне орап, жанын сақтап қалып едің ғой. Биыл он бірге толды, – деп маған бір қарап қойды. Шөлден қаталап, түтіккен түрімізге қарап алды да, қоржынын шешті.

Қоржынын шешкенде көзіміз жарқ ете қалды. Үлкен қара шәугімдей көк қарбызды қос қолдап, абайлай ұстап алдымызға әкелді. Жалпақ тастың үстіне қойып, пышағын алып, ортасынан қақ бөліп, жапырақтап турай бастады. Қатты шөл қысқан әкем екеуіміз екі жақтан бас қойдық. Ағына, шапағына дейін жеткізіп соғып жатырмыз.

– Сен кездесіп мұншама көрім болар ма? Шөлден кеуіп өлгелі келе жатыр едік, – деді әкем тас үстінде қалған үш жапырақ қарбызды менің алдыма қарай ысырып – өткен жылы Сөрті басындағы орманшының егде әйелін аман-есен босандырып едім. Соның бодауына қалаған сайыңнан, қалаған ағашыңды кесіп ал деген еді. Тірі жанға тіршілік керек. Балаларым да өсіп қалды. Алдағы жылы үлкенірек етіп үй салсам деген оймен керекті ағаштарды жинап жүрмін. Мына жаман ұл да биыл он бірге толды. Сырғауыл басын қозғауға шамасы келмесе де, өгізге мініп, арба айдауға жарады.

Жүзі жабырқау тартқан, күректей алақанын мүйізгек басқан әлгі кісі бір күрсініп қойды.

– Е-е-е. Шәкір атылған тұмсықтан айналып келеді екенсіңдер ғой, – жөткірініп алды да – ол байқұстың да шыбын жаны сырты түк, іші боқ бір қылқұйрық үшін қиылған дейді ғой, білетіндер. Мынау таулар не көрмеді? Қазақтың да, қытайдың да қаны суша ағыпты. Сенің мерген әкең бастаған қазақ жігіттері бес жүзге жуық қытай шерігін анау шатқалда қамап, шашау шыққанын атып, қалғанын аштан қырып тастаған екен деп отырушы еді, үлкендер. Әне, соған тай шаптырым жерде Шәкірдің де қаны төгіліпті. Өткен күннің байламын кім білген дерсің, Дәке, – деді.

Күректі асуының сай-саласын күн аптабы қуырып тұр. «Үп» еткен желдің өзі денеңді жалындай шарпиды.

Иен асуда кездескен екі дос бір-біріне амандық тілеп, қиыспай қоштасты.

– Түнге қалмай қалаға жетіп ал. Жолда арақ ішіп, құтырған жастар көп. Көктоғай дохтырханасынан жазылмаса маған әкел. Өзім дауалап (емдеп дегені) жазып беремін. Егіннің үшінші суына дейін мен де таудан қыстаққа көшіп келемін, – деді әкем.

– Ағам да, әйелімнің туыстары да Көктоғайдың қолынан келмесе, Көктеректегі Дәлейге апар дегелі көп болды. Мен үшін таудан тез келші онда. Жаман қатыннан айырылсам, менің, екі қызымның күйі не болмақ? – сөзінің соңы кемсеңге айналып кеткендей. Атына мінді де, төмен қарай сыдырта жөнелді.

Әупірімдеп асу басына шыққанша артыма қайта-қайта қарай бердім. Етекке демде жетіп, тасқорадан ары қарай шоқытып бара жатқан маған бейтаныс кісінің сұлбасын аптап күннің сағымы жұтып кетті. «Өзің шетпеден аман алып қалған қызым биыл он бірге толды» деген сөзі құлағымда қайта жаңғырып өтті.

Шөл атызының ортасын қақ жарып, ұзаққа шұбаған қара жолға түскен соң мұрны жырық қара өгізімнің жүрісі де өне түсті. Әкем «құйрығың ойылып қалады» деп аяп, мені қасына отырғызып алды.

– Әке, сонда әлгі сіздер көп айтатын Шәкір деген атаны кімдер, не үшін өлтірген? – деп сұрадым, үнім қарлығып.

– Е-е-е, балам. Қазір көп істің байыбына бара алмайсың. Ол атамыз да рулар қақтығысының құрбаны болса керек. Әкемнен естуішме, ол ешкімге жағасынан ұстатпайтын, батыршалыс тентек, жортуылшы адам болған дейді. Қу тіршілік қой, қатын-баласын бағу үшін барымтамен айналысыпты. Өзі кедей адам екен. Бергеннің қолынан, бермегеннің жолынан тартып алып, ел жуандарының шамына қатты тиіп жүріпті. Тентектігін тірісінде қойдыра алмайтынын білген соң ебін тауып көзін жоюдың да жолын қарастырыпты. Біздің ру шағын ел ғой. Мықты жігіттерінің бәрі қытайлармен соғыста оққа ұшып, шейіт болып кеткен. 

«Іздегенге сұраған» дегендей, Шәкір атаңның өзі бай, азулы, өзге ру басының ұшқан құспен жарысатын атақты жүйрік атына көзі түсіп жүріпті. Ел жайлауда отырғанда түнделетіп ебін тауып, әлгі атты ұрлап кетіпті. Сөрті басындағы өзіміз тәңертең ағаш алған сайдан ары қарай бір қиын дараға апарып, жасырып бағып жүріпті. Алтай бетінде бәйге басын бермеген атақты жүйрігінен айырылған әлгі мықты жер-көкке іздеу салады. Керейдің барлық ру басыларын жинап, қысымға салады. Олар қанша ақталғанымен әлгі азулы  мықты қоймапты. Үкіметтен адам шақырып, ру басыларының қолынан қолхат алыпты. Егер ұры ұсталып, жүйрік аман табылса, қай рудан шықса сол ру жүз жылқы айып төлейді. Жүйрік жазым болса, тұтас  жайлауының жартысын босатып береді не ұрыны өз қолдарымен өлімге үкім ететін болып шешеді. Бәрінің ауызынан ант, қолдарынан хат алады.

Құдайдың қырсығы ұрайын десе оңай екен. Шәкір ұрлап апарып дараға жасырған жүйрікті нөсерлі түндердің бірінде қасқыр жеп кетіпті. Іздеушілер де негізгі күмәнділердің бірі ретінде Шәкірдің ізіне түсіп жүрген. Қоржынына азығын толтырып алып, жүйрікті қарауға келген оған білдірмей ерген аңдушылар дарада зар илеп отырған жерінде үстінен түседі. Жемтік маңынан күмістелген кісенмен бір жылқының құнына өргізген ноқтасынан жазбай таниды. Тау-тасқа мықты, соқыр түнде тұрған жерін алақанындай білетін жырынды Шәкір ұстатпай кетеді.

Бұл хабар жалпақ жұртқа тарайды да, Шәкірдің иесі саналатын Шәри зәңгі (зәңгі –  рубасылық шен атауы) екі оттың ортасында қалады. Жүйрігі ұрланған жуанға кісі шаптырып, айыптыны айға жеткізбей тауып, жазалайтынын айтып, кіші ұлын кепілге жібереді. Шұғыл кеңес шақырып, Шәкірді қалайда жазадан құтқарудың қамын қылғанымен, өзге шығар жол таппай дағдарады. Көп ақсақал ел ішіне тыныштық бермеген, заң-закөнге бағынбайтын одан осы жолы құтылуды қолдап шығады.

Тауда жасырынып жүрген жеріне екі туысын жіберіп, сәлем айтады. «Ел болып жүйріктің құнын төлейтін болдық. Сені зәңгі шақырады. Кешірім аласың» деп алдап соғады. Оған сенген аңғал жортуылшы жүрдек өгізіне мініп, Шілікте отырған зәңгінің үйіне қарай шоқырақтай жөнеледі. Тура бағана өзіміз айналып өткен тұмсыққа Бестай деген мергенді жасырып қойған екен. Ұрымтал тұсқа жеткенде қос өкпеден дәлдеп атады. Өгізінен аударылып түскен аңғал жырындыны екінші рет атуға қолы бармаған мерген атына мініп өз жайына кетеді.

Ауыр жараланғанымен, жаны шықпай ыңырсып жатқан оны тапқан туыстары үстіне киіз үй тігіп, ауызына сусын тамызады. Сүбені жарып өткен қарыстай бесатар оғы аман қойсын ба? Қиналып жатып, қас қарая қайтыс болады. Ел ағаларының әділетсіздігі мен әлсіздігіне налыған әйелі киіз үйін тігулі күйінде қалдырып, балаларын алып, бір түнде Шонжы жақтағы төркініне білдірмей көшіп кетеді. Әсілінде, оған Шәкірдің тілеулес жолдастары көмектессе керек.

Әкем әңгімесін аяқтап, үнсіз қалды.

Сырғауыл сүйреткен өгіз арба шөл атызының ортасын қақ жара сұлаған шаңдақ жолмен баяу ырғалып келеді. Айнала төңіректің әр жерінен қадау-қадау орын тепкен «Мықтың үйі»  үстін шаңыт басып тұр. Тақ төбемізде жылан арбаған торғай әуеде шырылдап, шыр айналып біраз тұрды да жусан арасына «топ» етіп құлады. Даланың бозала шаңы қапқан қоңырқай жүзімді жас жуып кеткен екен.

Алауымен жер жүзін қыздырған күн реңі солғын тартып, батысқа жақындаған. Қиыс терістіктен соққан самалдан ермен мен жусан иісі аңқиды. Қилы-қилы оқиғалар мен аңыздардың мекені болған, азулы Шыңғыстың тері сауытты, атты жасақтары шұбап өткен, күні кеше ғана қытай шеріктері шыбындай қырылған бозаң дала күллі сырын ішіне бүгіп, үнсыз сұлап жатыр.

 

*   *   *

 

Арада ай өтпей қыстауға көшіп келдік. Тамыз айы орталап, күн қабағы салқын тартқан. Әр тарапты жалғайтын қара жол тура біздің үйдің иек астынан өтетін. Жолға жақын қоршау бойын айналып, әр жері мүжілген тоқал соқпа тамнан ара ұясын үңгіп, бал жеп жүр едім, оншақты адамнан құралған аттылы-арбалы қаралы топ өтті. Алдыңғы арбада кестелі сырмаққа тас қып ораған мүрде алыстан назар аудартады. Арба тізгінінде өткен айда Күректі асуында шөлден сусап келе жатқанда, бізге кездесіп қарбыз турап берген, он бір жасар қызы бар әлгі адам екен.

Жазбай таныдым. Әкеме емдетпек болып, уәделесіп кетіп еді. Сырқат әйелі ақыры ол дүниенің мәңгілік ұйқысына шомған екен.

Ұйықтасын, осынау қым-қуыт тірілер әлемінің сарсаң жүрісінен шаршаған болар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар