Жеті жасында салыстыру жасаған!

Шоқан Уәлиханов 1857 жылы 21 ақпанда әйгілі ғалым П.П.Семенов-Тян-Шаньскийдің ұсынуымен Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне алынды. Бұл – жас қазақ ғалымының білімі мен дарынына көрсетілген үлкен құрмет болатын.

Жеті жасында салыстыру жасаған! - adebiportal.kz

Қазақтың тұңғыш кәсіби ғалымы Шоқан Уәлихановтың рухани мұралары ғылымның көптеген салаларын қамтиды. Ұлы ғалымның сан-салалы еңбектерінің бір парасы – оның фольклортану, әдебиеттану бойынша жазып қалдырған ойлары мен жинақтаған, зерттеген еңбектері.

Шоқан Уәлиханов кішкентай кезінен-ақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтауға атсалысты. Шоқанның балалық шағы мен есею кезеңі – қазақ даласын белсенді түрде зерттеулер дәуіріне тұспа-тұс келді. Патшалық Ресей билігі ХІХ ғасырда қазақ даласына ғылыми-зерттеу экспедицияларын көптеп жібере бастады. Бұл экспедициялардың мақсаты – қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, шаруашылық жүргізу тәсілдерін, т.б. қысқасы өздері отарлап жатқан ұлттың жан дүниесін тереңдете танып білу болды. Осы мақсатты жылдам әрі жүйелі орындау үшін жергілікті ұлттан шыққан көзі ашық, көкірегі ояу адамдарды да тартқан. Олардың қатарында Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов, Ахмет Жантөрин қатарлы аға сұлтандар, ел билігіндегі кісілер болған. Олар өздеріне берілген тапсырмалардың бағыты бойынша  ел ішінен құнды деректерді жинақтаған. Атап айтқанда Мұса Шорманов халық ауыз әдебиеті мұраларын да жинақтап тапсырған. Мұндай үрдіс біршама уақытқа жалғасқан.

Шыңғыс сұлтан – қазақ халқының бұрынғы-соңды өмірін, шаруашылық жүргізу қалпын жетік білумен қатар, халық поэзиясын, қазақтың музыкалық фольклорын да терең біліп, домбыра, сыбызғы т.б. аспаптарды жақсы шертетін өнерлі адам болыпты. Көкшетаулық Шыңғыс Уәлиханов, Сәдуақас Анаев, шыңғыстаулық Халиолла Өскенбаев (Абайдың Айғыз шешесінен туған ағасы), баянауылдық Мұстафа Бүркітбаев, аягөздік ағайынды Ханғожиндер халық мұраларын зерттеп жинақтауға өз заманында белсене атсалысқан. Омбы Кадет корпусының оқытушысы Н.Ф.Костылецкий, Петербург университетінің профессоры, белгілі шығыстанушы И.Н. Березин т.б. орыс жинақтаушы-зерттеушілері жоғарыда аталған адамдардың көмегіне жүгінген.

Шоқан Уәлихановтың болашақта қазақ және қырғыз халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаушы болып қалыптасуына әкесі Шыңғыс Уәлиханов пен туған нағашысы Мұса Шормановтар көп ықпал жасайды. Естеліктерде көрсетілгеніндей, Шоқан Уәлиханов бала кезінен-ақ қабілеттілігімен танылып, араб, кирилл жазуларын тез меңгеріп алып, әкесінің іс қағаздарын жүргізуге көмектескен. Шоқан Уәлихановтың өзі жазған мына бір деректер осының айғағы болады: «Едіге» жырының бір түрін сұлтан Шыңғыс Уәлихан күрлеуіт қыпшақ Жұмағұл ақыннан жазып алған, соны әркімдердің ауызында жүрген нұсқалармен салыстырып, екінші түрін жасаған, үшінші түрін Арыстанбай ақынның аузынан жазып алған. Осы үш түрді 1842 жылы әкем, Ахмет Жантөрин және мен үшеуіміз салыстырып отырып, қазіргі нұсқасын жасадық.» Екі дуанбасы сұлтанмен бірге фольклорлық туындыға салыстыру жасасып отырғанда Шоқанның жасы небәрі жетіде ғана екен!

Болашақ ғалым Шоқанның әдебиетке деген сүйіспеншілігі, жинақтаушылық, зерттеушілік дағдысы әжесі Айғаным мен әкесі Шыңғыс сұлтанның жанында басталыпты. Сол дәуірдегі ән мен күйдің небір дүлдүлдері Шыңғыс сұлтанның ордасында думан көрігін қыздырып, жас Шоқан олардың ғажайып өнеріне сусындап өскендігі туралы ол жайында жазылған естеліктерде, көркем әдеби туындыларда айтылады. Атақты Шөже, Орынбай, Арыстанбай, Ажар ақындардың ақпа-төкпе жырларын, өз ағасы Қанғожа, Жанақтардың қобыз сарындарын тыңдап өседі. Әсіресе Жанақтың қобызға қосып жырлаған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын сүйсіне тыңдап, кейін оны жазып алған. 

Академик Әлкей Марғұлан өз зерттеулілерінде атап өткеніндей, Шоқанның әжесі Айғаным ханым да өз заманының озық ойлы адамы болған. Айғаным ханым (1783-1853) жастайынан әкесі Сарғалдақ қожадан, өзге де сауатты адамдардан білім алған, шығыстың бірнеше тілін білген, әрі халық ауыз әдебиеті туындыларын жатқа айтатын зерек, зерделі жан болыпты. Сырымбет бауырында еуропалық ауқаттылар үлгісінде иелік (имение) салдыруы, 1827 жылы ұлы Шыңғысты Сібірдегі әскери училищеге оқуға беруіне қарағанда, Айғаным ханымның өз заманындағы прогресшіл жан болғанын аңдауға болады. 

Шоқан Уәлиханов кадет корпусына оқуға түскеннен бастап фольклор жинақтаушы ғана емес, оны зерттеушіге айналды. Кадет корпусы қабырғасында орыс, француз, араб, парсы, түркі тілдерін тереңдете меңгеруі, кейіннен Петербург университетінің шығыс факультетіне тыңдаушы болып қабылдануы оның алдынан жаңа мүмкіндіктер ашты.

Шоқан Уәлиханов 1857 жылы 21 ақпанда әйгілі ғалым П.П.Семенов-Тян-Шаньскийдің ұсынуымен Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне алынды. Бұл – жас қазақ ғалымының білімі мен дарынына көрсетілген үлкен құрмет болатын.

Әр демалысқа келген сайын ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алып отырған Шоқан бұл ұстанымын әр өңірге саяхатқа шыққанда жалғастырды. Қырғыз еліне барғанда «Манасты» жазып алса, Құлжада ұйғыр тілін үйреніп, әдебиетімен танысты, Қашғардан да көптеген туындыларды жинақтады.

Досы Г.Н.Потаниннің айтуынша, Шоқанның халық ауыз әдебиеті туралы жазған және жинақтаған материалдары бірнеше үлкен папка болған екен. Олардың барлығы дерлік кейінгі заманға мұра болып жетіп, ғылыми айналымға түскен жоқ.

Отыз жыл ғана ғұмыр кешкен тұңғыш кәсіби ғалымның қазақ халқына, жалпы адамзатқа берер рухани қазынасы көп еді. «Қазақ халқы – ең бір бейбіт халықтардың бірі» деп өз халқын жанындай сүйіп бағалаған ғалым қазақ поэзиясы турасында мынадай ой айтады: «Қазақ поэзиясы соны, жалықтырмайды және отырықшы халықтарға тән сан алуан жасанды тәртіп-ережелерден мүлдем ада.» Ғалым өз халқының поэзиясын осылай жоғары қояды. Қазақ ауыз әдебиетінің көркемдік қуатын да тап басып айта білген: «Өлеңдер, әпсаналар, мақалдар мен мәтелдер далалық тіршілікті қазақ халқының өмірін жырдай ғып жарқыратып көрсету мақсатымен арнайы жазылған кез келген кітаптан артық ғажап етіп көрсете алады.»

«Мұндай қасиеттің болуына көшпелілердің алаңсыз өмірі әсер етті ме, болмаса ұшы-қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдызды, көкпеңбек, ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме – ол әзір бізге мәлімсіз», - деп қазақ халқының өлең сөзді суырып салып айтатын, еш кідіруді білмейтін қабілетін Шоқан туған жерінің ғажап кеңістігімен байланыстырады. «Импровизаторлық өнері жағынан қазақ ақындары көшпелі араб ақындарынан бір де бір кем түспейді» деп те өз халқының ауыз әдебиетін Еуропа жұртшылығына әйгілеп жазған да Шоқан Уәлиханов болатын. 

Жүрегiңе батар мұң

жанды жесе бiр ащы ой.

Өз халқы үшiн Шоқанның

жылағаны рас қой.

Шоқан-жалын шарқ ұрып,

бәрiн айтып ақтарған.

Қамын ойлап халқының,

дәл жүректен соққы алған, - 

деп ақын Темірбек Медетбек жырлағанындай, өз дәуірінен оза туған, қазақтың жақсылығын асырып, өзге жұртқа танытуға талпынған, ғылымның сан саласымен шұғылданып іргелі еңбектер қалдырып үлгерген Шоқан – өз халқын шексіз сүйіп өткен тұлға. Туғанына 191, өмірден өткеніне 161 жыл толса да, ұлы ғалымның мұралары толық зерттелді, ғұмырының жұмбағы түгел ашылды дей алмайтынымыз да анық... 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan