Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

05.05.2015 12635

«Менің құрдастарым»

Автор: Саттар Ерубаев
Түсінік: Рымғали Нұрғали
Романның кіріспе бөлімінде бақыт туралы түсінік береді. Бұл роман  қойшының баласы  Рахмет туралы жазылған, оның артынан инженер атағын алып, Қарағандыға учаске начальнигі болып орналасады. Ол көркемөнерді өте жақсы білген. Ол Флобер жайлы, сондай-ақ, А.Прокофьевтің барлық өлеңін жатқа білетін. “Ромео-Джульетта” трагедиясының бүтін сахналарын жатқа айтып, Кузьма Прутковтың барлық афоризмін білетін. Оның бұлай терең білетінінің себебі, ол туып-өскен Долбы жазығында өнердің ешбір түрі дамымаған еді, Рахметтің әкесі Долбы байдың малшысы болатын. Бұл да қой бағатын. Бірақ, бір күні ерте туған көк қозы жоғалып кетеді. Бай Рахметті сабайды, әкесін ұрады. Ашуланған әке үйде жылап жатқан баланы таяқпен салып қалады. Содан Рахмет талып қалады, оянысымен беті ауған жаққа қаңғып кетеді. Біршама уақыттан кейін қараңғылықтың арасынан аттылы Кісі Рахметтен жөн сұрайды. Бала болған уақиғаны айтып береді. Аттылы кісі баланы өзімен бірге алып кетеді. Ол кісінің есімі – Тұрар болатын. Рахметке сол кезден бастап интернат өмірі басталады. Тұрардың айтуымен әкесінің атын Дәуір деп өзгертеді. Алматыда жүргенде, Тұрардың ұлы Сейтенмен кездесіп, екеуі дос болады. Сейтен Рахметтің қарындасы Сағадатқа ғашық болады. Сағадат музыка мектебіне оқуға түсу үшін Алматыға келген. Екеуі бірін-бірі ұнатып қалады.
Қарағандыдағы шахтада шахтерлер жұмыс істейді. Үйлері тар, суық. Шахтерлердің ауыр тұрмысы суреттелген. Олар ағылшын Хокинстің қарамағына қарайды. Себебі, Хокинс шахта иесі.
Күләнда жеңешесімен еріп, жұмысқа барады. Жертөле қазып жатқан Әліпті айдап әкетеді. Дәмеш пен Күләнда Әліптің соңынан жүгіре отырып, ағылшынның кабинетіне кіреді. Күләнданы көрген Джим бір арам пиғылды ойлап үлгереді. Әліпке штраф салып, жетінші забойдан (қауіпті аймақ) көмір шабуға бұйырады.
Шахтадағы жұмыс кезінде Әліпті көмір басып қалады. Жұмысшылар көмекке ұмтылады. Кейбіреулері орнынан қозғалмайды да. Құтқарып алып баракқа алып келеді. Күләнданы сынықшыға жұмсайды. Жолда оны шанамен ұрлап әкетеді. Тілмаш Өтеген қызды алдап, Джимге алып келеді. Джим қызды зорлайды. Үй сыпырушы Таня жүгіріп шахтаға келіп, болған жайды баяндайды. Илья, Бейсен бастаған жігіттер ағылшынның үйіне қарай асығады. Бейсен Джимді жұдырықпен ұрады, Күләнда төсекте ес-түссіз талып жатады. Өтегенді де Бейсен жерге алып ұрады. Шахтерлердің көпшілігі жұмысқа шықпай қояды. Ильяны солдаттар қамауға алып кетеді түнде. Ал, таңғы мезгілде Күләнда көз жұмады. Оны шахтадан қашықтау жерге жерлейді. Шахтерлер аштыққа да шыдап, үш күн далаға шықпай қойды. Хокинс Алексей мен Шектібайды шақырып тілегендерін орындауға келісім береді, тек олар жұмысқа шығу керек. Төлеп ауылына қайтуға дайындалады. Ауылына жеткенде, Рахмет алдынан шығып, Күләнданы сұрайды. Ауылды басына көтеріп жылаған Төлепке Долы байдың бәйбішесі зекіп салады. Арада екі жыл өткеннен соң, Долы байдан өлгенше таяқ жеген Рахмет үйінен біржолата кетеді. Университетте академик Вознесенский лекция оқитын. Жеке лабораториясы бар. Хатшы Макаров академик Донбассқа кеткен кезде, лабораториясына армандап жүрген болат құятын электр пешін орнаттырады.
Академиктің қызы Лиза мен Рахмет бір-бірін сүйеді. Рахмет Вознесенскийдің лабораториясында ассистент болып қалады. Іс-сапарлармен Рахмет Қарағанды, Донбассқа жүреді. Жеті-сегіз ай жүріп келеді. Вокзалда академикпен кездесіп қалады, қол алысады. Лиза туралы сұрауға Рахметтің батылы бармайды. Академик қызы мен Рахметтің бірге жүргенін құптайтын, бірақ сыр білдірмейтін.
Көмір алыбы қайта жасала бастағанда, жұмысшылар қалаға ағылады. Олардың ішінде Төлеп те бар. Ертесіне Төлеп қызының моласының басына құран оқиды. Рахмет шахта проектісін жасау үшін қалаға келеді. Оны Шектібай (шахта начальнигі)  күтіп алады. Рахмет Күләнда жатқан моланы бұзып, орнына шахта салғызады. Қанша қиналса да ескіліктің шырмауынан шығу қажет деген мақсатты ұстады. Төлеп жылап, Ильяларға келіп мұңын шағады. Бірақ, ол сен өзің үшін, болашақ үшін өмір сүруің керек дейді. Шахта салу жұмысы қызу басталып кетеді. Жұртты “жұмыс істеме” деп азғырып жүрген Сәдуді, Көкшетаудан 7000 сомды алып қашқан Сәдуді миллиционер алып кетеді...
Кулевакин Рахмет жоқта оның бөлмесіне кіріп, Лизаның суреті мен ораулы көк қағазды алып кетеді. Лизаны жұмыс істеуге Қарағандыға жібереді, ол телеграмма салады, Кулевакин Рахметке бермейді...
Шахтада бұрынғы баукеспе ұры Сүлей десятник болып жүріп, үйдің қабырғасын әдейі қисық қалап жүрген. Рахмет оны танып, жаптырады. Детдомда бірге өскен досы Мырзашты табады. Ертесіне Рахметтің үйінде отырыс болады. Ұлбосын бригадасы мен Аркашалар жарысатын болады. Екі бригаданың жұмысшылары қызу қимылдап, бірін-бірі аңдумен жүреді. Шахтадағылардың барлығы норманы артық орындау үшін, екпінділер қатарына өту үшін күндіз-түні жұмыс істеді. Академик Лизаға хат жазады. Кулевакиннің кесірінен Лиза мен Рахметтің арасында салқындық пайда болады. Нормасын артық орындаймыз  деп жүрген Елеместің бригадасын қауіпті лавадан көмір шауып жатқанда, басып қалады. Лиза сөгіс естиді. Лиза командировкаға кетер алдында Рахметпен табысады. Рахмет Алматыға тығыз шаруалармен кетеді. Екеуі келген соң, той жасайтын болып уағдаласады. Бірақ, Алматыда жүргенде, Дәмелі дейтін біреудің әйелімен жақындасып қояды. Бір айдан кейін, Қарағандыға қайтып келген Рахмет Дәмеліден хат алады. Ол екіқабат болып шығады. Содан кейін Рахмет Лизадан қашқақтап жүреді. Лиза Щербак дейтін инженермен жүріп жүреді. Бірақ, Рахметті ұмыта алмайды. Рахмет оларды көргеннен кейін, екеуінің арасында тағы да түсініспеушілік туады.
Ықылас түпкілікті жұмыс істеуге Қарағандыға көшіп келеді. Ол Рахметке балалы болатынын айтып қуанады. Лиза мен Рахмет сол ұрысып қалады. Үш күннен кейін академик Ленинградқа қайтады.
Шахтадан газ шығып, жұмыс істеу қауіпті болады. Бірақ коммунистер жұмысты жалғастыруға бел буады.
Барактарында шахтерлер демалып жатқанда, қатты гудок естіледі. Бәрі орнынан тұрып, үрпиісе қалады. Сол кезде Айша шахтаны су басып қалғанын айтады. Бәрі асығыс жүгіріседі. Шахтадағы суды кешіп жүріп, далаға насоспен төгуде. Илья больницадағы Елеместің жағдайын сұрап қайтқан соң, екпінділерге бөлме беруді ұйғарады. Осы уақытта баяғы Өтеген тілмаш ағасының жалғыз баласы Сүлейменді шақыртып, Рахметтің көзін құртуды сұрайды. Бірақ, ол бас тартады.
Илья Елеместі ауруханадан босатқаннан кейін, екпінділерге бөлінген үйге алып келіп, кілтін тапсырады. Барлығы келіп Елеместі құттықтайды. Барактағы жігіттер орындарын ремонттап, бөлмелерін тазартып, ақтап алады.
Сүлеймен Өтегенді ұстап бермекші болып үйден шыққалы жатқанда, анасы жолын бөгеп, зар-еңіреп, жылап жібермей қояды.
Шахта құрылысының клубында үлкен жиналыс өтеді. Онда шахтерлердің барлығы жиналған. Бастықтар шахтаны су басқан кезіндегі, газ шыққандағы көрсеткен ерліктері үшін, көмір қазудағы орындаған нормалары үшін шахтерлерге сыйлықтар тапсыруда. Онда Ермекке бір костюм сыйлап, құттықтайды. Тағы біршама жұмысшылар сахнаға шығып, сыйлықтарын алады. Жиналыстың соңынан ұйымдасқан үйірме мүшелерінің күшімен драма қойылады.
Ермек Шектібай мен Алексейге келіп сыйлықтарын қайтарып бермекші болады, олар себебін сұрағанда, кезінде дүкенде сатылып жатқан барқыт матаны қызына  алып беру үшін екпінді болғанын айтады. Бастықтары оның сөзіне езу тартып, ренжімейтіндіктерін айтады.
Қаладан хатшы келіп, шахтаның ішін басшылармен бірге аралайды. Олар жер астына техникаландырылған клетпен түседі. Шектібай, Рахметтер аралап болғаннан кейін шахтаның 1 мамырға қарсы ашылу салтанаты болатынын айтады.
Шахта астында көмір қазып жатқан шахтерлер. Айша Шымырбекке барып келуін ойлап, алға қарай жүреді. Алдынан шырақ ұстап Гриша келе жатады. Бір кезде Гришаның үстіне лава құлап түседі, Айша көмекке ұмтылғанда, бүкіл лава екеуін де басып қалады. Шахта іші азан-қазан болады. Төбеден топырақ түсіп, барлығы бұрышқа тығылады. Сәлден соң, Бейсен қарт қолына шырақ алып тексеріп көрсе, жоғарыға шығатын жолды, кемінде 70-80 метрдей топырақ көміп қалған. Шахтаның алдында бір топ адам тұр. Олар жауып қалған жерді, тіреп қойып, ашқалы тұр. Илья барлық құрал-саймандарын алып, іске кіріседі. Лиза шахта астында қалған шахтерлердің семьясын жұбатуға бет алады. Сағат сайын қалалық партия комитетінің хатшысы телефонмен хабарласып, жағдайды біліп тұрады.
Рахмет пен Алексей, Рахметтің үйінде Лиза туралы сөйлеседі. Алексей қоштасып шығып кеткеннен кейін, Рахмет шахтаға бет алады. Шахта астында қалған: Бейсен, Қали, Шымырбек, Сүлеймен бір-біріне сыр айта бастады. Шымырбек Айшаны сүйетінін, Бейсен баласына той қылып ат берейін деп жүргенін айтады. Ал, Сүлеймен Өтегеннің Рахметті өлтіргелі жүргенін естірткенде, үшеуі шулап кетеді...
Шахтаға келе жатқан Рахметтің артынан аңдып келіп, Өтеген пышақ салады, алыстан машинаның жарығын көргеннен кейін қашып кетеді. Рахмет ақ қар үстінде талықсып жатады. Осы кезде Сүлеймен шахта астында аласұрып, қайламен жоғарыны ұра бергенде, топырақ басып қалады. Қалғандары оны аршып алады, бірақ Сүлеймен көз жұмады. Таң ата шахта құрылысына келе жатқан Алексей Рахметті тауып алады. Рахмет ауруханаға түскеннен кейін қан құю керек болады. Алексейдің қаны сәйкес келгенмен, бас  сүйегі сынып, операция жасау керек болады. Медицина еш көмек бере алмаймыз дейді. Дәмелінің күйеуі Ықылас білікті дәрігер болатын. Әйелі толғатып жатқанда, ол өліп кететін шығармын деген оймен Рахметпен қалай жақын болғанын айтып қояды.  Себебі, Дәмеліге бала көтеруге болмайды екен. Жедел жәрдем келіп, Ықыласқа телефон соғып Рахметке операция жасау керектігін айтады. Бар шындықты білгенмен, қиналғанмен, Ықылас Рахметті аман сақтап қалады, сөйтіп оған баласы туылғалы жатқанын айтады.
Ауруханаға Лиза келіп, доктордан Рахметтің халін сұрайды. Оның кімі боласың деп сұрағанда, күйеуім деп жауап береді. Ықылас селк етеді. Бір кезде ол Рахметтің өзіне, туғалы жатқан бала арқылы жақыны, еш уақытта байланысы үзілмейтін туысқаны болатынына қуанып кетеді. Тіпті Лизаны құшақтап та алады.
Шахта астындағыларды күн шыға аршып алады. Қали есінен танған, Бейсен мен Шымырбек теңселіп шанада отыр. Оларды ауруханаға әкеледі. Бірақ, Шымырбек пен Бейсен қашып кетіп, хатшының кабинетіне келеді. Олар Рахметті кім өлтіргенін айтады. Хатшы тиісті жеріне хабарлайды. Ауруханадағы дәрігер науқастардың қашып кеткенін көріп, санитар мен көмекшісіне айқайлайды. Хатшы Бейсенге ауруханаға бару керектігін айтады.

Рымғали Нұрғали,
әдебиеттанушы ғалым, жазушы

Көп оқылғандар