Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

12.11.2015 5354

"Қасырет"

Автор: Кәрібай Ахметбеков
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Қазақ халқының басынан кешкен қилы езең, қиын тағдыры туралы тағы бір көркем шығарма дүниеге келді. Осы романның  “Қасірет” деген атының өзі айғақтап тұр...

Роман авторы Кәрібай Ахметбеков – бүгінгі белді жазушыларымыздың үлкен ортасында жүрген қаламгер. Бұрын-соңды қазған шығармаларымен жұртшылыққа жақсы таныс оның әсіресе, “Ақ даласы” – айтулы туынды қатарына  қосылып, баспасөз бетінде тәуір бағаланғанын да білеміз. Жазушы – роман-дилогиясында қазіргі қайта құру кезеңінің көкейкесті  мәселелерінің бірі болып отырған ел мен жер тағдыры турасында батыл, жарқырата жазып, көкейде жүрген маңызды мәселелер төңірегінде ой тербеген болатын. Өз тақырыбын, өз жазу мәнерін,  өз қолтаңбасын тапқан жазушының  жаңа шығармасын оқу да, ол туралы ой қорыту  да бір ғанибет қой. Міне, біз “Қасірет” романын осындай оймен қолға алған едік.

Роман жанрының басты белгісі қомпиған көлемі емес, көтерген мәселесінің көкейкестілігі арқылы анықталса керек. Алдымен ашып айтарымыз  “Қасіреттің” нақ осындай қасиетке лайық екендігі. Шығарманың өне бойында өзгені, яғни, оқырманды жіпсіз жетелеп, еріксіз еліктіріп отыратын ой ағысы, сюжет желісі бар. Оның сізге бас алдырмай оқытатын оқиғасының қызықтығы емес, көркемдік кестесі келіскен пайым-парасатының биіктігі. Автор шығармасының архитектоникасын, оқырман ықыласын біржолата билеп алудың оңтайлы жолын, жазу формасын дәл тапқан. Сондай-ақ ол Бүгінгі өмір мен Өткен тарихты сабақтастыра суреттеу және оның байланысын барынша  жымдастыру арқылы әдемі әдеби әдіс қолданған. Жазушының шығармашылық шеберлігінің шеңбері де осы тұста айқын аңғарылады. Ахметбеков стилінің сыршылдық сипаты – романның риясыз табысы дерлік дерек. Бұл әлбетте қаламы төселген, творчествосы толысқан кәнігі қаламгерде ғана болатын қасиет. Сондай-ақ оның ойы терең, тәжірибесі толымды екендігіне де жақсы мысал.

Романның бұл – бірінші кітабында аса көп көрінбесе де, ұзақ әңгімені бастап беріп, салған жерден сан алуан сауалдарымен,өмір-тіршілік жөніндегі өзіндік түсінік-түйсіктерімен көрініп, бейнесі көкейінде бірден ұялап қалатын Ертағы, түптің түбінде ұзын саны – 2-3 томнан тұрады-ау дейтін осы көлемді шығарманың орталық кейіпкері екендігіне күмәнсіз сенесіз. Ол бір дарияның бастау көзі сияқты.  Ертағы – жазушының жан жолдасы, жан сырын жасырмай жайып салған жансерігі. Кәрібай осылайша шоқтықты шығармасына келісті кейіпкер тапқан. Романның оқиғасы да соның өміртарихымен қоса өріліп, өрбіп, шырқау биікке көтеріледі. Ол – Ертағы – орталық кейіпкер автордың аузындағы сөзін, көңіліндегі мұң-наласын, жүрегіндегі жарасын, ойындағы көкейкесті мәселелерді қағып алып, қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа жеткізуге асығып жүрген абзал дос. Ертағы әп дегеннен-ақ көзге ыстық, көңілге жақын тартылып, онымен тез табысып кетудің себебі неде деген сауалдың туындауы кәміл. Ағымыздан жарылып, анығын айтсақ, Ертағы сіз бен біздің – қалың оқырман қауымның замандасы. Әрине, замандастың да замандасы бар. Біздің байқауымызша, Ертағы қысыр әңгімеге үйір; қыңыр мінезді әлдекім емес, дала мен қаланың өмірін жақсы білетін, қабырғалы халқының, туған елінің өткенін де, бүгінін де жетік меңгерген, болашағына алаңдайтын аяулы Азамат. Сәнді киім, сәулетті тұрмыс, тойып ішкен тамағына мәз, бар мақсаты мансабының өскені болып жүрген жаны жадағай, өресі тар, ойы саяз тоғышарлар тобына қосылмай, кеудесінен сана сәулесінің нұры шашыраған зиялы Замандаспен – тосын. Кейіпкермен кездескеніңе қуанасың.

Кәрібайдың тұрмыстық суреттен басталған шығармасы бірте-бірте әлеуметтік әңгімелерге ауысады. Қала тіршілігінің кейбір көріністері: ит асырау (ал бала туу, бағу, тәрбиелеуге зауқы жоқ), сүт кезегі, әлдекімдердің жоқ жерден шатақ шығарып, таң атпай ұрыс-керістің өріс алуы (жүйке тоздыратын жөн-жосықсыз байламдар, адамдардың бекерден-бекер бір-біріне тіл тигізулері), кешегі қан майданнан аман келген ардагерлер, үй шаруасын әйелімен қатар атқарып жүрген қазіргі еркектер, балабақша, қиырдағы қазақ мектептеріне бозала таңнан тұрып, балаларын сүйретіп, сорлары қайнаған ерлі-зайыптылардың көретін қорлықтары... Қиюын келтіріп, қисынын тауып жазған осы мәселелер жөніндегі Ертағының мына бір ойы: “Шаһарлы жердің тіршілігінде жүйкеге де, діңкеге де тиетін нәрсе онсыз да жетіп артылады” деген түйінге тірелген. Бұл өзі шынтуайтына келгенде көпшілігіміздің көкейімізде жүрген, шиеленіскен, шешімі толық таптырмай жүрген мәнді мәселе емес деп кім айтар екен?! Осынау ірілі-уақты өмір көріністерін көлденең тартып, жазушы ол жөніндегі өз ойларын ортаға салып, бізбен сырласып-ақ кетеді.

Кәрібай Ертағының зайыбы Сүткенженің қарт әке-шешесі Ошақбай мен Қарашаш туралы сыр шерту арқылы, қазақ семьясындағы сыйластықты тілге тиек етіп, осы орайдағы ұлттық ғажайып әдет-ғұрыптарымызды суреттеген. Сүткенженің әке-шешесінің арасындағы қартайса да суыспаған сыйластық қандай керемет. Тәтті татулық, шынайы сезім, ыстық ықылас жүрегіңді жылытады. Әлгі айта беретін, қиссалардағы ақиреттік дос болу деген сөздің төркіні осында жатқан болар-ау деп топшылайсың.

Қазіргі кезде, демографтардың деректеріне қарасақ, қазақ халқының өсіп-өркендеуі көңілдегідей емес. Бұл ретте көбінесе кінәні қала келіншектеріне арта беруші едік, бүгінде ауылда да жағдай күрт өзгеріп кеткені белгілі. Осынау баладан қашқан кесірлі әйелдер аталмыш қаламгердің де жанын ауыртатын көрінеді. Себебі, Сүткенженің шешесі қалаға келіп  жатқанда келіні Оңласынның босанғанын естіп, қош деместен ауылына тартып кетеді. Соған өкпелеген қызына анасының айтатын мына сөзі шындық қой: “Бұрын алла қысты дедік, енді адам қысса амалың бар ма?!”. Тағы да: “Сендердің ниеттеріңе салса, бұл үйде бала түгілі, бақаның үні шықпас”. Міне, бұл дүниеге бірнеше бала әкелсе де, аш-жалаңаш қиыншылық заманда бәрінен айрылып, жалғыз ұлдың (оның өзі аштық жылы айдаладан тауып алған Сақыпкерей) қас-қабағына қарап қалған ананың жан сыры. Ал бұл бүгінгі не ішем, не киемді білмейтін, тамағы тоқ, киімі көк еркетотай келіншектерге арналған ескертпе-сын. Табиғаттың ұлы сыйы – бойға біткен перзентті тумай жатып тұншықтырып, бар өмірін күнделікті уақыт қызығына арнауға бейім жас әйелдерді уытты тілмен аяусыз шенеу – ұлттың болашағын ойлаудан туындаған оңды шешім.

Кәрібай келін мен ене арасындағы сыйластық, келісті жарастық мәселесін де жақсы көтерген. Немересін жанындай жақсы көретін, ол үшін шыбын жанын қиюға әзір әжелер жайлы жазушы толғанысы да жүрек толқытар әсерлі шыққан. Бұл сияқты ұлттық мінез, халықтық салт-дәстүрдің жоқшысы болу – жазушы парызы екенін қаламгер жақсы түсінген.

Ахметбековтің бұдан бұрынғы “Ақдала” романында түбегейлі көтеріп, ашына жазған тақырыбына қайталап соққан жерлері ұтымды. Өмір, уақыт өзгерісін әдіпті өреді. Кәрібайдың туған жер жөніндегі толғанысы; жердің бей-берекет жыртылып, құнары қашқаны, мыңғырған мал өсіретін аймақтың амалсыздан “астықты алқапқа” айналғаны жайындағы жан күйзелісін ақаиқат емес деп кім айтар?!
Романдағы орталық кейіпкердің бірі Жолымбет ақсақалдың жекеменшік малды бағудың аса қиындап кеткенін ойына алған тұстары да уақыт үні іспетті. Оның ойы көкейде жүрген көптің сөзі, көптің жүрек қыжылы. Жекеменшік малға өріс тарылған, жазға жайылым етіп отырған ауыл іргесіндегі өзен аңғарын да жыртқызып, пысықтар егін салдырған. Аз ғана жылдың аралығында осындай қыспақ көріп, тіршілігі тарылған ауыл адамдары жан-жаққа бытырай бастаған. Кешегі түтіні түзу ұшқан ауылдар қаңырап бос қалып, онда кір жуып, кіндік кескен атамекендерін қимаған, кәрі-құртаң кемпір-шалдар ғана отыр. Міне, бұл қазіргі кездің қасіреті емей, немене?!

Кешегі колхоздарды ірілендіру, оның совхозға айналуы, сол тұстағы қыруар қазақ ауылдарының оты сөніп, аты өшіп, жоғалып кетулері – біздің ұрпақтың көз алдында өткен жағдай. Аты түгіл, заты қалмаған сол бір сорбақ өңірлер тағдыры кезінде атқамінер – басшысымақтарды тіпті де толғандырмағаны да рас. Қазіргі қайта құру заманында ашық айтылып, қайта көтеріліп жатқан мәнді, ұлттық әлеуметтік мәселенің қаламгер назарына ілігуі әрине құптарлық жағдай. Бір ауыл тағдыры арқылы автор барлық қазақ ауылдарының көкейкесті мәселелерін көтерген. 

Жазушыны ұлттық тұрмыс-салт, ауылдағы жақсы дәстүрлердің құрып, жойыла бастауы да қатты толғандырады. Бүгінгі ауыл адамдарының арақатынасының суысып кеткені, бұрынғы бауырмалдық сезімнің жоғала бастауы да қаламгер қабырғасын қайыстырмай қоймайды. Бұл, әрине, оқушыға ой салатын көріністер.

Романның өне бойы толы өмірлік – қоғамдық-әлеуметтік маңызы бар мәселелер. Шығарманың оқиғалар түзілісі, сюжет желісі, композициялық құрылымы, кейіпкерлерінің өмірлік позициялары, адамгершілік мұраттары, қилы-қилы тарихи кезеңдердегі адамдар тағдыры – міне, осының бәрі қосылып, жазушының ел мен жер, халық тағдырын тереңнен толғап, өткеніне бүгінгі  күннің көзімен  қарап, тиісті бағасын беруге бағышталған. 

Тәжірибелі қаламгер күні кешеге дейін жоғарыдан жоспарлаудың, шырғалаңына ұшыраған шаруашылықтағы болған керітартпалықтарды да орынды сын тезіне іліктіреді. Әуелі арпа-бидай, жүгері, сосын темекі, одан соң қызылша егуге көшкен колхоз тіршілігінен не үміт күтуге болады? Міне, осылайша, көпшілік өңірлерде не дақылын тапқан жер жоқ, не кәсібін тапқан ел жоқ, не түрен тісі тимеген елді мекен жоқ. Осының бәрі жазушы шымбайына қатты батады.

Романның үшінші тарауынан бастап оқиға желісі өзге бір өзекті арнаға түседі. Автор орталық кейіпкерлердің жастық шағы, өткен өмірлеріне шегініс жасап, ел басына күн туған отыз екінші жылғы ашаршылық азабын, отыз жетідегі ойранды, күні кешеге дейін біле тұра жұмған аузымызды ашпай келген – халық көрген қорлықты, нағыз нәубетті суреттеуге ойысқан. Жеке адамдар – қатардағы қарапайым адамдар тағдырымен шебер шендестіре баяндалған сол бір келмеске кеткен қилы кезеңдер көрінісі оқушысын сан сұмдықтар, сорақылықтарға жүздестіріп, жан сезімдерін теңіздей толқытып, ашынтады, опынтады. Сондай-ақ соншама тағдыр тауқыметін тартса да сынбаған, өмір үшін өлімді жеңген, бүгінгі бақуат заман үшін күрескен қайсар да қайырымды, жігерлі де жасампаз, жайсаң да жомарт кейіпкерлерді кездестіріп, олардың адалдығы мен адамгершілігіне басыңды иесің. Өзіңнің де сол адамдарға бүйрегің бұрады, олармен бірге қуанып, бірге қиналасың. Міне бұл, сайып келгенде, біріншіден, шығарма шындығының әсері болса, екіншіден; жазушы шеберлігінің, яғни, өмір құбылысын өнерде суреттеп көрсетуге қаламгер қаламының жүйріктігінің белгісі. Бұл ретте біз Ошақбай, Ескермес, Қарашаш, Қалдықыз, Жолымбет, Тәңірберген сынды кейіпкерлердің тағдырларына таңдана, таңдай қаға қараймыз, жақын тартып, жақсы көріп кетеміз.

Романның соңғы – бесінші баяны басқа арнаға ауысқан. Онда әңгіме желісі өзгеріп, қайтадан бүгінгі күннің оқиғасына ауысыпты. Жастар – ерлі-зайыпты қойшылар Қайым мен Ағзия тағдырлары да қызықты, тәлімді. Осы жаңа арнаға түсу арқылы автор ел басынан кешкен қайғы-қасіреттің өзі пайымдаған сабақтарының сырына терең үңіліп, өз көңіліне түйген жағдаяттарды жаңа қырынан көрсетуге қадам басқан сыңай танытады.

Бірінші кітап ел естімеген сұмдық бір оқиғаны баяндаумен аяқталған екен. Оқыған адам оқиға енді қалай жалғасар екен, кейіпкерлердің кейінгі тағдырлары не болар екен деп елеңдесіп, жалғасын асыға күтері хақ.

Романның қайсыбір тұстары публицистикалық сарында жазылған. Бұл – қазір одақ, оның ішінде орыс әдебиетінде қалыптасқан жаңа дәстүр. Өмірлік, өткір көкейкесті мәселелер қозғаған сәтте жазушы көбінесе көркемдіктен гөрі публицистикаға көбірек қамшы басып жібереді. Дегенмен ондай жерлері онша көп емес. Бұл – біздіңше, Кәрібайдың “Ақдалада” көбірек орын алған кемшілігінен мейлінше арылғанын көрсететін, шығармашылық шеберлігінің кемелдене түскендігінің басты белгісі.

Қаламгер тілге жүйрік, ойға бай. Сол себепті оқиғаны баяндаса да, суреттесе де жорғадай тайпалта жөнеледі. Әрі қоғам өмірінің маңызды, мәнді, мақсатты мәселелерін дер кезінде қозғап отыр.

Өзге жұрттар жаппай сонау бір қилы замандар шындығын жазып, жариялап жатқан кезде қазақ қаламгерлері де қарап қалмасы хақ. Мына шығарма соның бір жарқын мысалы. Ахметбеков бұл тақырыпқа бүгінгі ұлы дүрмекке қосылуды көздеп емес, нағыз жанын жегідей жеп жүрген, енді айтпаса жүрегі жарылатындай шындықты айтуды аңсап барып қолына қалам алғанын аңғартады.

Шығарманың өне бойында арнайы тоқталып айтатындай, қадала қазбалайтындай кемшілік байқалмаған соң, тырнақ астынан кір іздеуді мақсат тұтпадық.

Біз ұзақ жылдар бойы тағдыр тақсыретін көп тартқан туған халқымыздың өткендегі өмірін көркем әдебиетте қанша жаздық десек те, нағық ақиқатты айта алған жоқпыз... Көрсек те көрмегенсіп, білсек те білмегенсіп, жалаң саясат, жайдақ идеологияның дегенін істеумен дымымыз құрып келді. Енді, міне, сол солақайлықтың, сол олқылықтың орнын толтырар сәт туды. Жазушы К.Ахметбековтің романы осы реттен алғанда айы оңынан туған туынды. 

Көп оқылғандар