16.11.2015 19649
"Махамбеттің жебесі"
Автор: Әнуар Әлімжанов
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Құпия сырларға бай халықтардың тарихи тәжірибесі болашақ ұрпақтар үшін үлкен ғибрат. Сондықтан да тарихты күнгейі мен көлеңкесін қоса алып, шын болмысты шынайы танытуға ұмтылу шарт. Қазақстан жазушыларының жеткілікті дәрежеде көркемдік шежіресі жасалмаған қайсыбір тарихи дәуірлерге жіті үңілуінде терең заңдылық жатыр, “Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов ақын мен халықтың қайғылы тағдырына кездейсоқ тоқталмайды. Ақынды сол бір құлшыныс күреске шығарған нендей объективті және субъективті себептер? Бұдан бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын өмір сүрген ақын мен халық ерлігінің ақиқат мәні неде? Қаламгерді толғандырған негізгі жәйіттер осы екі мәселенің төңірегінен табылуға тиіс.
Біздің міндетіміз осынау қоғамдық-саяси маңызы зор проблеманың идеялық-эстетикалық шешімін табу жолында жазушы пайдаланған көркемдік құрал мен тәсілдердің дәуір тынысын толымды суреттеуге жұмсалған күш-қуатын, қыры-сырын ашу болмақшы.
Сонымен біздің көз алдымызға – ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Бөкей (ішкі) ордасының әлеуметтік шындығы келеді. Сол кезеңдегі қазақ даласы үшін феодализм деген не еді? Ол, біріншіден, патшалық Ресей тарапынан отаршылық саясаттың күшеюі, екіншіден, жергілікті феодалдардың еңбекші бұқараны аяусыз қанау нәтижесінде баю үстіне байи түсуі еді. Романда осы мезгілге тән тенденциялық сипаттарды жақсы аңғартатын сәтті эпизодтар мен детальдар баршылық. “Әскери азулы атамандар біздің жерімізді бейне қансоқталы қой өлімтігіне айналдырған: генералдар, офицерлер, хан мен қожаға сол жемтіктің майлы сүбесі мен кемік басты жілігі тиеді де; қара халыққа мүжілген қу сүйек қана қалған. Егіндік жер мен жайылым жұлмаланған терідей. Жәңгір хан қазақты ақсүйек пен қара деп екі жік, екі тапқа бөліп бітті”, - деп ашына айтқан ащы сөздерді біз Исатай батырдың аузынан естиміз. Жәбір көріп, жапа шеккен жарлылардың қайғысына күйінген Исатай хан сарайын тастап шығарда Бекмұхамет сұлтанмен егес сала сөйлейді. “Қан майданда бетпе-бет кездесетін, белдесетін күн бар алда!” – деп ашық ызасын білдіреді.
Әлеуметтік тұрғыдан теңсіз қоғамдағы өз орны туралы тұңғыш рет ой толғаған жас ақын жанындағы телегей тоқыныс сәттерін Ә.Әлімжанов нанымды көрсете білген. Халқының қасіретін сергек жүрегімен егіле сезінетін ақынның ояну, түлеу шақтары нағыз өмір шындығымен бетпе-бет келіп көз жеткізгенде басталды. Автор осы бір психологиялық нюансқа ерекше көңіл бөледі.
Исатай сөздерінің туралығын Махамбет өз көзімен көреді. Шекті ауылымен кездесу эпизодында кейіпкер тізе батып, қорланған жандардың адам аярлық аш өзек жүдеу жоқшылығын байқайды. “Көрініс сұмдық еді... Қалтыраумен күн кешкен жылаулар өңшең. Аттылы көрсе қаза шығарғаннан бетер шошынатын. Ешкіммен ұшыраспас үшін табан асты жолдан шыға босатын”.
Қай жерде болмасын, ақынның көретіні – еңіреу мен езілу, жылау мен жұтаң тіршілік.
Жәңгір мен оның одақтастарының қуғынан жасырынып, Махамбет досы Жантаспен бірге Кіші жүзді екіге бөлген шекарадан асып шықса да жанға сая тыныш өмірге жете алмайды.
“Ақын дәуір сырын жүрек түбіне тұндырып барып саф маржан сөзге айналдырады” – деген еді осы романның авторы. Әлімжанов шығармасында тарих толқынындағы творчество адамының айтылмыш табиғатын түсіну нышандары жарқын елес тастайды. Романда суреттелетін бар оқиға, құбылыс ақын қабылдауы арқылы немесе Махамбет өмірімен тығыз байланыста көрініс береді. Айналасындағы өзгерістер үшін өзін жауапты сезінетін қаһарман характеріне олар әрқашан тиімді әсер етіп отырады. Сондықтан да жазушы трактовкасы бойынша Махамбет мінезі күшті де шыңдалған боп, әрі ойлы-қырлы боп шығады. Қысқа өмірінде Махамбет көпті басынан кешірген: кезінде Бөкей Ордасының күміс көмей, жез таңдай ақыны атанды, хан жақын тартып, бауырына басты, бірақ, кейіннен “қарадан” туған өнерпаз өз орны мұңы бір, күйі бір, ұрандап соғар жалынды жырларын жүректерімен ұғатын қандас бауырлары – жұпыны, жүдеу еңбекші халық ортасында екенін білді. Махамбет поэзиясы хан, сұлтан мен байларға емес, қалың бұқараға керек еді. Өмірінің соңына дейін ақын таңдаған жолына, халқына адалдығын сақтап кетті.
Шығармаға ірі тарихи тұлғаны арқау қылған автор бірінші кезекте кейіпкердің біз оны, дәл мағынасымен айтқанда, тарихи тұлға деп санауымызға мүмкіндік беретін кесек әрекеттерін әсіресе бөліп көрсетеді. Жазушы үшін батыр азамат атқарған тарихи іс, ол жасаған ерекше екшеулі ерліктің терең мәнді сипаты бар.
Махамбет ең алдымен өмірде кешкен ірі-ірі оқиға, іс-қылығымен тартымды. Сондықтан да Ә.Әлімжанов кейіпкерінің тарихи қайраткерлікпен көп қырлы, өрісі кең байланысын “кең көлемде” алуға тырысады. Қаламгердің ақыл-ой, адамгершілік күш-жігерін тарихи мәні мейлінше толық әрі анық көрінетін жағдайларға бағыттап жұмылдыра білген азамат ақынды бейнелеуге ұмтылуы да осыдан.
Бөкей ордасының әлеуметтік шындығы еңбекші бұқараның Жәңгір хан бастаған бай, сұлтандарға жалынышты күйін күшейте түсті. Мұндай жер табандаған кіріптар тәуелділік көшпенділердің рухына сай емес еді. “Қазақ тым еркін ерке халық. Қойшысына дейін аш жүрсе де арын жоймаған. Маңдайымыздың бес батпан соры мен жылтырақ бақыты осыған орай болмасын”, - дейді Махамбет, 1825 жылы Даль-Луганскиймен бір әңгімесінде. Бұл – жәбір шеккен қанаудағы халық жорық шеруіне шығу керек деген сөз. Махамбеттің орыс ғалымымен кездесуі өмірде болғанын анық білмесек те, ақынның осылай ойлауы, осы түсінікпен араға он жыл салып, 1836-1838 жылдары халықтық қозғалысқа басшылық етуі әбден табиғи құбылыс екеніне иланамыз.
Роман – бас кейіпкерледің қайғылы өлімін суреттеумен аяқталады. Бірақ, жазушы үшін қаһарманның өмірі асқақ мұраттары маңызды. Өйткені сол бір ермінез азаматтарды басын оққа байлап, қатерлі күрес жолына түсуге шақырған өміршең өршіл мұраттардың алау жалыны текке кеткен жоқ. Гуманизм, патриотизм, интернационализм – адамына етене тән қасиеттер. Бұл қасиеттер қазіргі жағдайда өзгеше жаңа сипат алғандықтан да Ә.Әлімжанов өткен дәуір туралы сөз ете отырып, ол қасиеттердің, ең алдымен, өміршеңдік күшін көрсетуге тырысады.
Романдағы оқиғалар тарихи хронологиялық жүйе бойынша емес, өмірдегідей: бірде авторлық баяндауға сәйкестене, бірде қайталанбас оқшау дара сипатында суреттеледі.
“Махамбеттің жебесі” – көтеріліс жайлы, халық батырлары Исатай мен Махамбет жайлы роман. Елін зұлымдық пен зорлыққа қарсы бітіспес белдесуге бастай білген де солар. Бұқара қозғалысы сәтті аяқталмағанмен, қалың жұртты қасірет бұлты торлағанмен, бұл сияқты әрбір қимыл – азат өмірге қарай жасаған батыл қадам есебінде әрқашан қымбат.
“Махамбеттің жебесі” романында Әнуар Әлімжанов қазақ халқының тарихындағы айрықша әлеуметтік мәні бар оқиғаларды бейнелеген: сол себепті де өміріндегі осына ірі құбылыс жер шалғайлығына қарамастан басқа ұлт өкілдерінің тағдырына да ықпал етеді (Хиуа, Петербург, Орынбор, Нарынқұм). Көтеріліс әдепкіде шағын сипатта еді: қазақ кедейлерінің Бөкей ордасындағы қанқұйлы езгімен бетпе-бет тартысты. Бірақ жазушы бұл тартыстың тамыры терең, әрі зор көлемге ұлғайып кеткенін сенімді көрсетеді. Жергілікті қақтығыс сахарадағы антагонистік таптар арасындағы қоғамдық мәні зор тартыс дәрежесіне дейін өседі.
Әнуар Әлімжанов - әдебиеттегі тарихи тақырып саласында белсене еңбек етіп жүрген қаламгер. Тарихи дәуір оқиғаларының динамизмі мен трагизмін шебер жеткізетін “Махамбеттің жебесі” романы – жазушы үшін бір саты сәтті ізденіс жемісі.