Жазушы Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» хикаяты туралы пікір
Қазіргі прозадағы өзіндік дара қолтаңбасымен танылып келе жатқан жазушы – Дәурен Қуат. Оны өзін қайталауды ұнатпайтын, әр шығармасында мүмкіндігінше объектісіне тың, тіпті тосын қырымен келуге ұмтылатын, өзіне қатаң талап қоятын қаламгер деп білеміз.
Автор «Бруклин көпіріндегі кездесу» атты кезекті хикаяты үшін өткен 2025 жылғы «Айбоз» әдеби бәйгесінің проза саласы бойынша жеңімпазы атанды.
Хикаятта алдымен биліктің әділетсіздігімен бетпе-бет келген адамның күрделі тағдыры баяндалады. Шығарманың негізгі кейіпкері Асылзада Зарыпханұлының басынан кешкен тағдыр-талайын еш жоққа шығара алмайсың. Бәлкім, Совет Одағының кезінде соғыстың ауыртпалығын тартқан бұдан да ауыр тағдырлар, жан төзбес қиянаттар болған шығар. Бірақ Азылзаданың басынан өткерген ауыр сындар бір басына жеткілікті, басыңа құдай салмасын дегендей тар өмір соқпақтары.
Туындыда шығарманың көркемдік қуатын арттырып, ойыңнан кетпейтін жанды штрихтер көп. Соның бірі – хабарсыз кеткен баласын күтіп, өлімге қимайтын, оның жарық дүниеде бар екеніне көңілі сеніп, сәулелі үмітін ешкімге жаныштатпай қорғайтын аяулы ана Үзілдік.
Мұндай ана, жар бейнелері бұрынғы әдебиетте біршама суреттелген. Алысқа бармай-ақ, өзімізге жақсы таныс Тахауи Ахтановтың «Жоғалған дос» әңгімесін еске алалық. Соғысқа кеткен жарын сағына күтіп, жүрегіне қылау түсірмеген Ғайни ақыры опасыздық пен сатқындықтың құрбаны болады.
Ал, «Бруклин көпіріндегі кездесу» хикаятының авторы Үзілдік ана басындағы халді тың арнада дамытады. Ұлық жиын мен атаулы мерекелерге ешкім атап шақырмаса да қалмай баратын ол біраздан соң мінберге шығып сөйлеп, жазықсыз жапа шегіп, ұсталып кеткен күйеуін, соғыстан хабарсыз кеткен баласының жайын айтады. Үзілмеген үміт, үзілмеген үміттің жетегіне еріп қайткенде әділдікті іздеу... Бірақ оның сөзін тыңдап, сөзін сөйлеп жатқан кім бар? Кейуананың әр жиында айтатын сөзін алдын ала біліп алған белсенділер оны сөйлетпей қақпайласа, мектептің оқушы балаларына дейін даусын салып мазақ қылады.
Бәлкім, кешегі советтік қоғамның бір қасіреті осында болар. Әділетсіздікті, қиянатты көріп-біліп тұрса да, жан адам дауысын шығарып ақиқатты айта алмайды. Сталиндік қан қасап адамды көлеңкесінен қорқатын үрейге әкелген. Мелшиген үнсіз, жүрексіз қоғам – сол ортаның көрінісі болса, Үзілдік – сол ортаның құрбаны болып шыққан. Жалпы, Үзілдік ана бейнесі – қоғамда жапа шеккен, әділдік іздегенмен, таппаған, қауқарсыз, қорғансыз адал жандардың жиынтық образы.
Автор «халық жауының» баласы «әкесінің ардақты атын қара күйеден ақтап аламын» деп, жасы жетпесе де, соғысқа сұранып аттанатын Асылзада Зарыпханұлының алағай да бұлағай тағдырын суреттейді. Жеке адам – жеке тағдыр, бірақ оның бар қасіреті мен азабы қанды шеңгел Гитлер мен Сталиннің адамзат баласына жасаған қастандықтарымен шектесіп жатыр еді.
«Халық жауы» баласының соғысқа барған алғашқы күні-ақ үміті күйреп түскен. Үш адамға бір мылтық беріп, ұрыстың өтіне салу – ажалға қойша тоғытумен бірдей болатын. Қалайда жан сақтау бірінші орынға шығып, өзге асыл арман-ниеттің бәрі тасада қалады.
Тұтқынға түскен адамның қоғамда «көз түрткіге» айналған жан азабы Т. Ахтановтың «Боран» романында кең, терең суреттеледі. Бірақ уақыт, заман тезіне орай онда да «социалистік реализмнің» ықпалы айқын байқалатын. Ал, Асылзаданың жау қолына өтуін, кейін азап лагерінің коменданты Себастьян Эйкенің малайы болып, жертөлесін мекен етуін – сатқындық деп қабылдамайсың, оқ пен оттың ортасына түскен шарасыз пенденің жан бағуы, қайтсе де тірі қалудың амалын іздеуі деп білесің. Көлгір саясаттан тыс, бәлкім, өмірге жақын шындық осы болар. Автор жаһандық соғыс кезіндегі кейіпкердің қысталаң-қиын тағдырының ақиқатын, басындағы өзіне түсінікті-түсініксіз аласапыран күйінің сырын, өмір сүру инстинктін осы тұстан іздейді. Жалпы, адам бойындағы аласапыран күйдің өзгерісін қоғамнан емес, адамның ішкі жан дүниесінің қуатынан іздеу – қазіргі прозадағы өзіндік ізденіс арнасы деп білеміз. Өйткені, қоғам адамға әр қилы әсер етеді. Бірі – қоғамдық қатынастарға бейтарап қарайды, бірі – көнбістік танытады, бірі – әлсіздік көрсетсе, бірі – қайсарлана қарсы тұрып, ағысқа қарсы жүзеді. Сондықтан да Асылзада басындағы әр алуан ахуал мен азапты тауқымет, ең алдымен, мінезбен байланысты. Бұл тұрғыда ол мінезді тұлға болып шыққан.
Жазушы көлемі шағын, оқиғасы тығыз шығармасындағы аз кейіпкерлерді даралауда, әрқайсысының өзіне тән тағдыр-талайы мен мінез-болмысын суреттеуге ден қояды. Санаулы кейіпкер санаулы эпизодтарда аз көрінгенмен, ойыңда бітім өзгешелігімен берік сақталады. Севастьян Эйке – арий тұқымының пасық моралімен адамдық кейпін жоғалтқан азғын. Одақтас елдерден біріккен құтқарушы армия келіп қалғанда, комендант Эйке мылқау баласы Маркусты өлген әйелі мейірімді, мәденеиетті фрау Зелданың қасына қалдырып тайып тұрады.
Фашизмнің түп төркіні – осындай астамшылықтан, пасық ниеттен бастау алатын болар. Бұл мәселе – қазіргі әлемнің де мазасыз сұрағы. Қазіргі әлемдік соғыста аяусыз қырылып жатқан, еш жазығы жоқ жандардың обал-сауабы кімде? Соның бәрі шектен шыққан, өзін жер-дүниенің иесі санай бастаған тым астамшыл, жексұрын пиғылда емес пе? Ертең олар Құдайдың алдына барғанда не деп жауап береді деп ойлайсың... Туындыда аз ғана көрінетін Севастьян Эйке – сондай пиғылдың бейнесі. Тұтқын лагерінде мыңдаған адамды газбен тұншықтырып, от-жалынға қақтап өлтіргенде ол өзін кінәлі сезінбейді, «біз кем жаратылған оларды дүниенің азабынан құтқардық» деп біледі.
Жазушы үшін кейіпкер болмысын ашу – образ басындағы тағдыр-талайды тәптіштеп теру емес, оның болмысын ашатын сәтті эпизодтарды ыңғайымен іріктеу және соны шымыр да көркем, бояуын солғындатпай жеткізу болып саналады. Ыршы Атайдың қолға қару беріледі деген бұйрықты естігендегі қуанышы «Манас» жырын шабыттана төгілтіп жырлауымен ашылады. Қан қасап ұрыстың өтінде жауға қарусыз қарсы тұру – өліммен тең. Ыршы Атай қанша азап кешсе де, рухы сынбаған сарбаз бейнесінде көрінеді.
Хикаяттағы көңіл аударалық жағдай – тұтқынға алынған Асылзаданың адам төзбестей ауыр тұрмысы. Біздіңше, барынша шыншыл, көркем жазылған. Совет түрмесіндегі адам төзбес ауыр жағдай, қиянат пен қатыгездіктің небір алуан түрлері, адамды адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау, шектен тыс зорлық-зомбылық – бір кездегі жер бетіндегі ең «гуманный» мемлекеттің шын сиқы болып бейнеленген. «Жау қолына тұтқынға түсті» деген пенденің түрмедегі тірлігі «тозақ отынан» артық. Су ішерлігі бар Асылзада соның бәрінен аман өтеді.
Шығармада Асылзаданың түрме лагерінде «авторитет», әулие әкесімен кездесуі – әрине, шығармашылық қиял жемісі. Бірақ қою оқиғалы туынды табиғатына сыйымды. Әкенің «авторитет» тұлғасы біршама ашылғанмен, образ табиғаты, іші сыры терең көрінбейді. Автор оны мақсатына алмаған.
Туынды көп қатпарлы. «Советтік пошташының» шетелден беймәлім хат келгенде, КГБ-ның алдына түсіп, кеңсесіне қарай «жортақтай жөнелген» қырағылығы – оның көңілінде еш жамандық болып саналмағанмен, ақыр соңында бүтін бір тағдырға жасалған қиянат болып шығады.
Хикаятқа қазіргі замануи сипат тән. «Советтік қарт пошташының» құрметті демалысқа шығып, Америкадағы елшілікте жұмыс істейтін баласының шақыруымен алып мемлекетке баруы, мұхит асып лайнермен ұшуы – қазіргі замандық көрініс. Арғы бет пен бергі бетті байланыстырып жататын атақты Бруклин көпірі – адам шоғыры көп жер. Әр қилы адамдар. Тіпті дүниежүзінің барлық адамдары түйіскен жер дерсің. Сол ортада қарт пошташының бір адамды қазаққа ұқсатып, сырттай бақылауы, бірақ тілдесу мүмкіндігі болмай, ол адамды елшілік қызметтегі ұлының біліп, оның қилы тағдырын әкесіне баяндауы – шығарма арқауына айналған.
Жазушы туындыда оқиға өрісін тығыз өрумен қатар, әр алуан көркемдік тәсілдерді орнымен қолданады. Асылзаданың анасына ойша хат жазуы – кейіпкердің жан дүниесін ашудың тиімді кілті болған. Сол хаттарды анасы әлдебір тылсым күшпен сезінеді. Сондықтан да хабарсыз кеткен ұлының тірі екеніне көңілі сеніп, өмір бойы бір хабарын күтумен өтеді.
Шығарманың бастапқы тұсында баяндау тәсілі әртүрлі болғанымен, кейінгі тергеу сәттері, жеңіліске ұшырай бастаған неміс офицерлерінің басындағы әркі-тәркі ахуал, түрме шындығы, кезең белгілері қуатты диалогтермен жандандырылған.
Асылзаданың тағдыр-талайына орай, Қорқыт баба аңызы кіріктірілсе, туындыдағы қаңбақ – символдық бейнеге көтерілген. Автор оқырманға қаңбақтың ұмыт болған далалық мәнін ашады.
«Қаңбақ жазғытұрымнан боқырауға дейін сайын даланы сапарлап, мың сан шөптің бояуы мен құнарын бойына сіңіріп, тұқым жаяр өскіннің қауызына толған дәнін сауып алып, топыраққа сіңіріп, тіршіліктің нәрін себетін көрінеді. Қаңбақ – қураған қау тікен емес, қаңбақ – дихан» десе, кейін түрмеде кезіккен әкесі ұлына: «Біздің байтақ далада дән тасып, тұқым себетін дихан – қаңбақ қой. Қара дауыл соққан мына заманда сен де қаңбақ бола біл, балам. Қаңбақтың көшпелі салты мен қасиетін бойыңа сіңір де, қаңбақ болудан қорықпа», – дейді ақырғы тілегін білдіріп.
Қаңбақ-ғұмыр Америкада орынсыз жала мен қиянаттан құтылған болар. Бәлкім, оның жаңа ортадағы өмірі де жеңіл болмаған шығар. Бірақ Қаңбақ-ғұмыр жаңа ортада тамыр жайған тәрізді. Терең де тұңғиық көкпеңбек суға әйгілі Бруклин көпірінен көз тігіп, өзімен-өзі оңаша қалып, баяғы... баяғы ауылын, дүр балалық шағын, Үзілдік анасын сағынады. Бірақ уақыт айналып орнына келмейді. Тағдырдың қара дауылы соққан сол бір уақыттың елесі, жазылмаған жарасы жүректі сыздатады.
Асылзада – осындай сырттай бүтін болғанымен, іштей шерлі бейне. Шетелдегі қазақ. Кең дүниеде мұндай адамды жоққа шығара алмайсың. Тарыдай шашылған қазақ қазір қайда жоқ дейсің...
«Советтік пошташының» елшілік қызметтегі ұлына айтқан Асылзаданың әңгімесі түрінде басталып, арықарай авторлық баяндауға ұласатын, хикаяттың соңына қарай қайтадан естелік болып өрілетін шығарманың құрылымы жинақы: оқиғалары тығыз, орталық кейіпкер тағдырын ашатын эпизодтар іріктеліп берілген.
Автор тіл қолданысына байыпты қарайды. Кей тұстарда осы күнгі көркем шығармалардың өзінде сирек ұшырасатын сөздерді орнымен пайдаланады. «Жабыланып өскен ұзын ақбурыл шаш», «бойы ортадан жоғары аңсағай адам екен», «сол әдеті дөйдалаға лағып сөйлеудің дертіне ұласқан», «әзірейілдің киімшең бейнесіндей сұсы суық кісі», «жаздағы жайнаған дүниенің сүлкінін кетіріп», «қара ала бұлттардың бауыры көкойықтана ашылып», «көзе сауыт көк мұз», «бозбұлаулы тағдыр» (тағы басқа), деп келетін авторлық сөз-сөйлемдер эпитеттік-теңеулік тұрғыдан да, мағыналық жағынан да өз орнын тапқан.
Жазушы Дәурен Қуаттың «Бруклин көпіріндегі кездесу» атты хикаяты – қазіргі прозаның олжалы туындысы. Хикаяттың оқырманы көп болсын дейміз.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
әдебиеттанушы.
Тараз қаласы
