Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

16.11.2015 13188

"Райымбек батыр"

Автор: Жолдасбай Тұрлыбаев
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Қазақ әдебиетінің көшіне 70-ші жылдары келіп қосылған Жолдасбай Тұрлыбаев 1932 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында (бұрын Кеген деген ауданы болған) дүниеге келген. Бұл кезде Қазақстанда Сталиндік-Голощекиндік асыра сілтеудің  шегіне жетіп, соның салдарынан қуғын-сүргін көбейіп, ашаршылық алқымдаған жыл еді. Қалың ел жан сауғалап жан-жаққа үдере көше бастаған. Жолдасбайдың ата-анасы да көппен бірге шығысындағы іргелес жатқан Қытай жеріне өтіп кетеді. Осылайша Жолдасбайдың балалық шағы мен жігіттік кезеңі Қытай мемлекетінде, ондағы Іле облысы Текес ауданында өтеді. Сусау ауылындағы мектепті тәмамдаған соң әуелі Құмса қаласындағы гимназияны, одан соң педучилищені бітіреді. 1952-1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында болады. Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының 7 ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.

Жолдасбай Тұрлыбаев 1956 жылы қараша айында ата мекеніне қайта оралып, туған ауылында әр түрлі жұмыста болады. 1959-1960 жылдары Алматы қаласына келіп, 7 құрылыс мекемесінде тасқалаушы болып істейді. 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) филология факультетіне түседі. Университетті бітіргеннен кейін Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомда нұсқаушы, мектеп директоры, Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, “Өнер” баспасында аға редактор, ҚазМУ оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, тарихи-этнографиялық “Райымбек” қоғамының төрағасы. Бас қаһарман етіп Райымбек батыр алынған дилогияның алғашқы бөлімі “Тамыз таңы” деген атпен 1987 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген. Екінші кітабы “Райымбек батыр” деген атпен 1992 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Негізгі кейіпкері бір ғана тұлға бола тұра дилогияның бірінші кітабының “Тамыз таңы”  заман тынысына қарай орайластырылған амал-себеп бар еді. Коммунистік идеологияға бағындырылған әдебиет әлемінде өткен дәуірде өмір сүрген ұлттық батырлардың атын бадырайта көрсетіп дәріптеу, мадақтау ол кезде жай қылық болып бағаланатын. Ал аты аңызға айналған Райымбек батыр – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ батырларының ішінде романға жеке әрі бас кейіпкер ретінде алынған бірінші тарихи тұлға. Сондықтан әуелгі кітап бас қаһарманның атымен аталмай “Тамыз таңы” делінген.

Дилогияда ХҮІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы шайқастардың бір тармағы суреттеледі. Оқиға негізінен қазіргі Қазақстанның Оңтүстік шығысында, оңтүстігінде, Ташкент, Самарқант, Сырдария маңында өтіп жатады. Ташкент, Самарқант, Түркістан, Ходжент, Хиуа, Бұхара сияқты қала, кент, елді мекендер, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Балқаш, Көкпек, Торайғыр, Көртоғай, Жалағаш, Алматы, Алатау, Асы, Қарқара т.б. тәрізді жер, су түгел қамтыла оқиғаға қатысты баяндалып отырады.

Романда бас кейіпкермен қатар сол дәуірдің тарихи тұлғалары Әбілқайыр, Абылай, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет тәрізді елбасы, хан т.б. батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Биеке, Қабай жырау сынды билердің, ақылгөй дана қарттардың образы жасалған. Әбілқайырдың, Абылайдың немесе өзге де хан-сұлтандардың бейнесін сомдағанда жазушы олар жайлы жазылып қалған тарихи деректен, халық жадында жатталып айрылып келген мәлімет сорабын мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Алайда тарихи деректі, құжаттық мәліметті сол қалпында көшіріп бере салған деген ұғым тумаса керек. Абылай жайында дерек те, мәлімет те, ауыздан ауызға көшкен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, есте салған әңгіме көп. Автор соның бәрін жинақтап ой елегінен өткізе, қиял әлемінде қарыта жан бітіріп, Сабалақтан Абылайға ұласқан тарихи тұлға бейнесін халық санасындағы болмысын төмендетпей өзіндік өрнекпен нанымды жасай білген Әбілқайыр бастаған өзге хандар бейнесі туралы да, Қабанбай, Бөгенбай бастаған тарихи бейнелер халық жадында әбден орныққан, ел тарихында орны бөлек қас батырлар образы жайлы да осыны айтуға болады.

Романда Төле би образы дәуір дидарына сәйкес санаға орнығып қаларын, оқырманды ойға жетелейтін, ұрпақ санасын оятып, ұлттық ар-намысты  жандандыра түсетін биік парасатқа толы, биік деңгейде жасалған. Төле би аңыз ауқымында айрыла беретін ділмарсыған шешен деңгейінде ғана алынбай кемеңгерлікке толы парасат иесі, данышпандықпен ұласқан ақылгөй, көсем ретінде суреттеледі. Оның бәрі жәй баяндау емес, оқиға жүйесінде, детальді көріністе, қисынды фактілермсен өрілген сюжеттік желілер арқылы беріліп отырады.
Дилогияның бірінші кітабы бас қаһарман Райымбектің бала кезінен бастап, жігіт болып алғашқы ерлігін көрсеткен кезеңге дейін қамтылады. Бас кейіпкердің эволюциялық өсу жолы, аты алыс-жуыққа кең тарай бастаған уақытқа дейінгі көтерілу баспалдақтары ел санасына сіңіп кеткен аңыздық сипаттан аршып алынып, табиғи қалыпта, қарапайым адамдық кейіпте суреттеледі.

Екінші кітап Райымбек батырдың қайтпас сапарға аттанған сәтімен аяқталады.

Сюжеттік желіні, негізгі оқиғаны бас кейіпкер  Райымбектің айналасына шоғырландыра отырып, жазушы жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі қазақ елінің басынан өткен қиын тағдырының бір аймаққа тән көрінісі арқылы тұтас халық тарихының көркем шежіресін, тарихи болмысын суреттеп беруге тырысқан. 

Романның бас кейіпкері Райымбек – тарихи тұлға. Батырлығымен аты шыққан, даңққа бөленген. Оның шындық көрінісі – Райымбектің тұтас бір рулы елдің  ұранына айналуы. Сол ұранға айналған тұлғаның болмыс-тірлігі бірте-бірте уақыт оза келе аңыз желісіне ұласып, әулиелік сипатқа ауысып кетуі халық көңіліндегі тарихи нысан, батыр баба бейнесінің көлегейлене түсуіне себеп болғаны да шындық. Сондықтан халық жадында Райымбектің батырлық бейнесі мен әулиелік қасиеті қатар  жатталып,  қабаттаса өрбіп, дамып отырған. Міне, осындай тұлғаны көркем шығармаға, оның ішінде тарихи романға бас кейіпкер етіп алу да бар да, оның тарихи шындықпен сәйкесер тұсын дөп басып, нанымды образ тудыру талабы бар екені және ол тіпті де оңай  емес екені белгілі. Өйткені, айтып отырғанымыздай барған сайын, заман озған сайын халық ұғымында Райымбектің батырлық болмысынан гөрі әулиелік қасиеті басым сипатқа ие болып бара жатқаны ақиқат еді.

Романда санаға сіңіп қалған әулиелік ұғыммен тарихи дерекке негізделген батырлық сипаттың ара-жігін ашып, халықтың  елестетуіндегі батыр тұлғасын сетінетіп алмай нанымды образ жасауға талпынған Жолдасбай Тұрлыбаев ізденісі мен соны мәресіне жеткізе алған жазушылық шеберлігі айқын көрінеді.

Бұл орайда жазушы көркемдік ізденістің шығарма тудырудың сан тарау қайнарларынан, дәстүрлерінен нәр алған, үйренген, оны өз туындысына жымдастыра пайдалана білген. Сюжет құруда, оқиғаны өрбіту, байланыстыру, дамыту, шарықтау шегі мен түйіндеуде, образ сомдауда түрлі тәсілдер қолданылады.

Роман тарихи шығарма болғанымен тек тарихи фактілердің ізімен баяндалмайды. Әдеби туындыға тән қолданатын сипаттарға, авторлық  мақсатқа орай қиялдан қосу тәрізді түрлі көркемдік шарттарды автор еркін қолданып отырған.

Райымбектің батырлық іс-әрекеттер барар жолы, қалыптасуы, өмір баспалдақтары намысқойлық сезіммен ұштастырыла өріліп, нанымды беріледі. Шығарманың алғашқы беттерінде жаугершілік заманның тынысымен соғыс алаңында емес, бейбіт ауыл аясында, қарапайым тұрмыс-салт орынында танысамыз. Ойнап жүріп “тентек” Райымбекпен жылап қалған балалардың шешелерінен  “Тірі жетім”, “Әкең қалмақтың құлы” деген сөздерді айтып “кірме”, “баладан” кек алуы болашақ батырдың алғашқы намысын оятуға себеп болса, оқырманға қалмақ  тұтқынында жатқан Райымбектің әкесі туралы сырттай мәлімет береді. Өзі қатарлас ойын балаларының мазағы намысын оятып әкесін құтқаруға ұмтылған бала Райымбектің алғашқы талпынысы бірте-бірте отансүйгіштікке ұласқан, елі үшін отқа, суға түсуге тартынбайтын қолбасшы батыр деңгейіне көтерілген сәтін көреміз.

Романда сол заманға сай халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, этнографиялық көріністер, ел тіршілігі мал  бағудың, ер қанаты аттың, жылқының көшпелі халық  өміріндегі орнын бейнелеу сипаттары айрықша көркемдік белгілерге айналған. Бұл орайда тек қазақ салты, мінез құлқы, тіршілік  әрекеті емес қалмақ сияқты жау елдің де психологиялық, әдет-ғұрыптық болмысы нанымды әрі танымдық қасиеті мол дәрежеде суреттелген.

Дилогиядағы Күніш, Еңлік, Ақбала тәрізді батыр қыздар ерлікпен қоса адал жар болу мақсатын бірінші кезекке қойған, ежелден қалыптасқан бейнесімен есте қалады.

Жазушы  Райымбек туралы халық аузындағы “әулиелік” қасиеттерді де мүлде ығыстырып тастамай орайына қарай сюжеттік негізге жымдастырып жіберген. 




Көп оқылғандар