Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

16.11.2015 12067

"Найзағай"

Автор: Әлжаппар Әбішев
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетінде әр түрлі жанрларды өнер тақырыбы – арналы тақырыптардың біріне айналды. Әсіресе, он тоғызыншы ғасыр және жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әншілерінің, композиторларының өмірі көптеген лирикалық шығармаларға, әңгімелерге, повестерге, поэмаларға, романдарға арқау болды. Солардың бірі белгілі жазушы Әлжаппар Әбішевтің “Найзағай” романы.  Романға аса танымал халық композиторы, әнші, ақын Мәди Бәпиұлының өнерпаздық, азаматтық өмірі арқау болған. Сонымен бірге жазушы Мәди өмірінің ұлт-азаттық көтерілісі қарсаңындағы өмірін арқау еткен “Жаралы сұңқар” повесінде жариялаған болатын. Бұл қос шығармада да Мәдидің ақындық, әншілік, қоғамдық өмірі туралы жазылады. 

Ә.Әбішевтің “Найзағай” романындағы Мәди – жазушы суреттеуінде, өз заманының ері, батыры, халық қамқоры. Өзінің шығармашылық еңбегімен ол туған елінің рухын көтеруді ойласа, күнделікті тіршілік үшін күресте де ол халық қасында көрінеді. Әлжаппар өз кейіпкерін осындай екі жақты ұнамды бейнеде алады.

Автор өз кейіпкерін, Әуезов сияқты Абайды он үш жасынан бастап суреттегеніндей емес, өзін қоршаған ортаға деген наразылық көзқарасы қалыптасқан кезінен бастап суреттейді. Автор Мәди сияқты ел ақыны қашан да болсын халқымен бірге, оның қуанышы – халқы қуанса ғана деп қабылдауында деген тенденцияны білдірмек болған. Қазақтай елінің үлкені-кішісі, дені сауы мен кемтары ақынға бірдей. Ол бәрін де сүйеді, сол кем-кетік, кедей-кепшік үшін ол жанын үзіп беруге әзір.

Өткен дәуірдегі өнер иелерінің әділетсіздікке қарсы тартысы біздің революцияға дейінгі күресіміздің тарихына жаңа сәуле шашады дедік. Өзі өмір сүрген ортасы мен халқы сүйер өнерпаздың күрес-тартыста болмауы мүмкін емес. 

Романда генерал губернатор Мәди әрекетіне ұлт намысын қорғайтын әрекетке ұласып кетпесе екен деген қауіппен қараса, жазушының екінші романында Мұстафа дәл ондай ойда болған жоқ шығар, бірақ қатігез болыс осынау ширақ жігіттің беделінен, өткір тілінен қаймығып, оны күшпен басып қоюды ойлайды. 

Қарқаралы төңірегінде тұратын көне көз қарттардың пікірінше, Мәди үлкен айтыс ақыны да болған. Сондай айтыстардың бірі – Мәди – Дия қажы, Мәди - Әбіш айтыстары. Дия қажы “Жаралы сұңқарда” Зия деген атпен берілген. Әрине, Мәдидің Қаракесек руының бір тармағы Керней мен Сарым елінен шыққан екі ақынмен айтысы үлкен әлеуметтік дәрежеге жеткен деп айта алмаймыз. Бірақ осынау фактілерді автор өз мақсатына пайдаланып, бас кейіпкердің шығармашылық жолын, өнер жасау процесін көрсетуге алмас па?

Қаһарманның іс-әрекеті, күресі, сол тұстағы ел тұрмысының реалистік бейнесі, әдеби, тарихи шындық тұрғысынан алып қарағанда бұл роман қазақ прозасына қосылған өзіндік орны бар туынды. 




Көп оқылғандар