Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

28.12.2015 4256

Шырпы ұстаған қыз

Негізгі тіл: The little match girl

Бастапқы авторы: Ганс Христиан Андерсен

Аударма авторы: Құдайберген Айнұр

Дата: 28.12.2015



large395.jpg
Осы  мезгілдің суығын айтсаңшы! Қар жауып,күн ұясына батқан кез... Жаңа жыл алдындағы ескі жылдың соңғы кеші...Осынау кешкұрым суықта  көше бойын кезіп,  жұпыны киінген кішкентай қыз жалаң бас, жалаң аяқ келе жатты. Шын мәнінде , ол үйінен шығарда етігін киген еді, бірақ онысы әбден ескіріп, кеңіп кеткендігінен оның бары не, жоғы не ? Бұрын анасынан қалған етіктің үлкендігі соншалық, бүгін көшеде жол бойымен жүйткіп келе жатқан екі атарбадан қорқып, қашамын дегенде соларды жоғалтып алмасы бар ма. Сыңарын көше кезген бала өзінің жақтастарына бермек үшін ала қашса, екінші сыңары сол күйі табылмады. Осылайша, кішкентай қыз, жалаң аяғы суықтан қызарып - көгергенше, көше кезумен болды. Қыздың  көне тоз алжапқышының қалтасында бірнеше қорап шырпылары бар еді, соның біреуін ол қолына ұстап келе жатты. Күні бойы шырпы қорабының ешқайсысын да сата алмай, көк тиынсыз қалған жайы бар. Жол кезумен қарны ашып, жауыраған ол әбден шаршады, байғұс! Қар ұлпалары оның, иығына дейін төгілген, көрікті ұзын шашына қонумен болды, алайда өзінің әсем де сұлу екенін қыз қайдан білсін.  Көше бойындағы барлық үй терезелерінен жарық сәуле төгіліп,  қуырылған қаз етінің иісі жол бойына жетіп жатты, себебі  - Жаңа жыл қарсаңы ғой! Иә, қыздың ойлағаны да осы еді! Әйтеуір, кішкентай қыз екі үйдің арасынан болмашы бұрыш тауып, сол жерде аяқтарын айқастырып, бүгіліп отырды. Бұлайша отырғанда жылыну былай тұрсын , керісінше денесінен суық өтіп, одан бетер қалтырай түсті : бірде бір шырпыны өткізе алмағасын, үйге қайтуға дәті жоқ, ал барса ештеңе сатпағаны үшін, әкесінің қаһарына ұшырайтынын біледі. Әрі үйде де салқын, өйткені жарылған қабырғаларынан, тесіктерін сабанмен бітесе де жел гуілдеп тұрады. Кішкентай қыздың нәзік қолы аяздан үсуге айналды. Иә, оны бір шырпының өзі жылытар еді! Сол қораптан тек біреуін ғана алып, қабырғаға "сырт"  еткізіе жағып, жалынына жылынуға батылы барса игі еді! Қаршадай қыз біраз тартыншақтап, ақыры шырпының біреуін алды да ...сырт! Шырпы жалындап, жана жөнелді! Кішкентай қыз жалынға алақанын қаратқаны сол еді, шырпы майшам секілді лапылдап кетті. Керемет майшам! Қыз өзін үлкен темір пештің алдында отырғандай елестетті. Қандай жалын, қандай жылылық! Бірақ… бұл не өзі? Ол енді аяғын жылыту үшін отқа жақындата беріп еді, - кенеттен...Жалын сөніп, пеш жоғалып кеткені, ал қыздың қолында жанып біткен шырпы ғана қалғаны. Ол келесісін де жаққанда, шырпы жарқырап, жалындай жөнелді,  сонда көлеңкесі түскен қабырға да сәулеленгендей болды. Қыздың алдында кенеттен керемет иісі мұрын жарарлықтай, қуырылған қаздың етінен жасалған, қоспаға алма мен караөрік қойылған, мерекелік дастархан төселген, қымбат фарформен жабдықталған үстелі бар бөлме көрінді. Ең кереметі сол, әлгі қаздың үстелден, арқасына пышақ пен шанышқы қадалған күйінде ,жерге секірмесі бар ма?! Сол қаз кішкентай қызға қарай беттей бергенде... шырпы сөнді, сөйтіп алдыда  сұп- суық сұр қабырға тағы қалды. Кішкентай қыз тағы бір шырпы жақты. Енді ол үлкен әдемі рождестволық шырша алдында отырды. Бұл шырша бұрын бай көпес үйінің терезесінен көрген шыршадан да зор, әрі ұзынырақ екен. Жап жасыл бұтақтарында мыңдаған майшамдар тізілген, түрлі түсті бедерлермен әрленген суреттер алдында тұрғандай болды. Балақай оларға қол созғаны сол еді, кенет...шырпы тағы сөнді. Қалған жалын аспан төріне жоғары көтеріліп, жұлдыз кейіпке айналды. Сол жұлдыздың біреуі артынан  жалын  қалдырып, аспаннан сырғып ағып түсті. "Біреу өлді",- деп түсінді қыз, себебі оны жақсы көретін әлемдегі жалғыз адам - жақында ғана қайтыс болған, қарт әжесінің жиі айтатыны : "Бір аққан жұлдыз, бір адам жанының Құдайға жеткені" еді. Кішкене қыз келесі бір шырпыны жаққан сәтінде, кенет айнала жарқырап, және сол жарықтың арасынан қарт әжесі көрінеді, сондай кемеңгер, жомарт және жұмсақ мінез. - Әжетай, - деп шақырды қыз, - мені өзіңмен бірге ала кетші! Білемін, мына шырпының жалыны сөнгенде, сен де әлгі жылы пеш, дәмді қуырылған қаз және үлкен шырша секілді сағымға айналасың! Сонымен, кішкентай қыз, әжесін жібергісі келмегені соншалық, қорапта қалған барлық шырпыларды бірдей және тездетіп жаға бастады! Шырпылар лап етіп, керемет алаулап, жарық сәуле шашады. Әжесі бұрын, тірі кезінде де осындай көркем, ғажап болған емес. Ол кішкентай немересін қолына алып, бақыт пен шаттыққа толы биіктерге - аштық та, суық та, қорқыныш та жоқ әлемге, - Құдай төріне көтерілді. Ызғарлап атқан таңда үйдің қабырғасы жанында: алқызыл жүзі мен ернінде бақытты күлкісі қатып қалған қыз табылды; ол ескі жылдың соңғы кешінде үсіп қалған екен. Жаңа жылдың алғашқы күн сәулесі шырпы ұстаған өлі қыздың денесіне жарығын түсірді; ол толық бір қорапты жағып бітірген екен. - Кішкентай қыз жылынғысы келген ғой, - деп жатты адамдар. Алайда, осы қыздың қандай керемет әсемдікті көргендері, әжесі екеуінің Жаңа жылды қалай бақытты  қарсы алғандары жұртқа беймәлім еді.

Көп оқылғандар