Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

08.02.2016 4296

Қалақай

Негізгі тіл: Крапива

Бастапқы авторы: Андрей Арцаватуров

Аударма авторы: Андрей Аствацатуров

Дата: 08.02.2016

Бала кезімде төңіректің бәрі маған қауіпті және дұшпан секілді көрінетін-ді. Тым дұшпан сияқтанбасада бөтен және мүлдем түсініксіз еді. Алтыға толғанымда мені Қомаровадағы саяжайға алып барғаны есімде. Ол жер тым көңілсіз болып шықты. Біреумен ойнайтындай маңайда бала да жоқ. Үйде отыруға тиым салды. Аяққа оралмай, сыртта таза ауамен демал деген желеумен. Мен үйден шығып, баққа кірген сәттен-ақ айналамда масалар ызыңдай бастайды. Бұл жер қауіпті деп ескертетіндей. Егер кетпесем, жаныма батырып шағуға кіріседі.

Бақ ішінде аяқ-асты үрей билеп, алаңдаймын. Бәрінен де мені шошытатыны түпсіз аспанға тіке шаншыла өсіп тұрған зәулім, жуан қарағайлар еді. Жел жиі тұратын, сол кезде адамның зәресін ала шайқалып, шатырлай сықырлап, енді-енді болмаса қақ бөлінетіндей көрінетін. Ол аз болғандай ағаш діңінен - талап тастауға әзір жыртқыштардың өткір тістеріндей жалаңаш сүйір бұтақтар ақсиып тұратын-ды. Ал түп жағындағы жерден шыға білеуленген тамырлар - біреу-міреуді шап беріп ұстап алуға ниеттенген, жер асты патшалығы жексұрынының саусақтарына ұқсайды.  

Бақтың ішіндегі басқа да ұшырасқан нәрселердің ешқайсысы да менің көңілімнен шықпады. Сонау бір түкпірде, қоршауға тақай жалғыз аяқты стөл орнатылған-ды. Мамам айтатын, оның түсі көкшіл деп, меніңше ол қайың түбінде өсетін құрттап кеткен саңырауқұлақ тәрізді қоңыр немесе қара түсті. Бір жағына қисайған стөл жұмсара тозып, қол тисе үгітіледі. Оның бетінде қызыл құмырсқалар ары-бері шапқылап жүр.

Осы стөлдің қасында әлденеге табандарын тат басып, қарая бастаған фин шаналары тұратын. Әмісе күн астында қалғандықтан олар да жұмсарып, үгітіле бастаған сыңайлы.

 Саяжайдың өзі де маңындағылары да жұмсарып, қисайып, қиқалақтай бастағандай көрінді бір сәт маған. Бір-бірлеп тақтайлары ұша бастаған кетік қоршауда сондай. Олар әлі құрығандай орға сұлауда, қайтадан орнатып жатқан ешкім жоқ, сол себепті жырым-жырым тартқан қоршау – бала бақшаның жоғарғы тобындағы Саша деген досымның аузынан айнымай қапты.

Бақтың бүлдірген мен қарақат өскен терістік тұсына баруды ұнатпайтымын. Бүлдірген тақталарының жиегін қуалаған өзекшеде ылғи су толып тұратын-ды; жидектерге аяғыңды суламай бара алмайтынсың. Күмістене торланған қарақат шоқтарында быршиған ұсақ құрттар құж-құж етеді. Қарақат ауру, ол емдеуге келмейді дейтін маған мамам.

Сонымен қатар біздің учаскеде қалақай да қалың өседі. Әлі есімде, бір жолы үлкен ағам мені көкбеңбек, тыртиған шыршасымақтардың қасына алып барып, бұл «қалақай» деп аталады деді де жинауымды ұсынды. Бұл өте пайдалы шөп және үлкен кісілер де риза болады деді. Ағаң сенен үлкен және естірек, сондықтан оны  тыңдауың керек деп менің құлағыма саяжайда құйып қойған болатын-ды.   

Сонымен оны тыңдауды ұйғардым. Еңкейіп, қалақайды қос қолдай ұстағанда жаным көзіме көріне баж ете түстім. Ағам жағасы жайлауда мәз боп тұр. Зәрем ұшқаны соншалықты не болғанын ұқпай қалдым. Мені бір улы, жауыз нәрсе шағып алды деп ойладым. Уақыт өтіп жатты. Ауырғаны қояр емес, онан сайын шыдатпай барады, қолдарым қып-қызыл боп бөрте бастады. Бәр жігерімді жұдырықтай түйіп, құлақ тұндыра шыңғыра үйге тарттым.    

-    Мама, мама! – деп шақырамын

Жүгіріп верандаға кіріп, сосын келесі бөлмеге, одан әжемнің кабинетіне жеттім.

-    Не? Не боп қалды? – деп сұраған біреудің дауысын естідім.

Бастапқыдағы  көзіме түскен - адамдардың сұлбасы, буфет, қабырғалар мен есіктер көз жасыма қоса шыланып, быж-тыж болып кетті де сосын қайта өз қалыптарына түсті.

Мамамды ас үйден таптым. Ол қолжуғыштың алдында қолдарын алжапқышына сүртіп тұр екен. Оған ұмтылып бара жатып анамның түрінен маған деген аяушылықтың жоқ екенін аңғарып, қалт тұрдым да бекер келгенімді түсіндім.

Аяқ-асты ту сыртымнан ағам пайда бола кетті де: - Мен оған ескерттім... Вера тәтей, бұның өзі ақымақ құсап қалақайға кіріп кеткен. – деді жеркенішпен, менің бәсеңси бастаған шиқылымның үстінен. 

Мамам алжапқышын түзетті де кекесінмен: - Немене, қыз бала құсап маңқаңды ағызып тұрсың? Енді қанша еңіремекшісің?

Мандытып ештеңе түсіндіре алмай, құр өкси, қызара бөрткен қолдарымды создым.

-    Иә, не? – деді мамам қолдарын кеудесіне айқастырып.

-    Анау кінәлі! – деп ағама жұдырығымды ала тұра ұмтылдым. Ол мені

оп-оңай итере салды - себебі әлдеқайда әлді еді – ысырылып шартиған тоңазытқыштың тұсына барып тұрды. Біздің алыс-жұлысымызды мамам қыбыр етпестен бақылап тұрды да сосын Гриша ағайды шақырды.

-    Қарашы мынаған! – деді дауыстап ол, жирен, қолағаш мұрынды Гриша

ағай ас үйге кіріп келе жатқанда.  – Қалақайға сүңгіп кетіп күйіп қалған, енді бәрін ағасына жауып еңіреп тұрған түрін. Жалақорлығын қарашы-ей!

Оның бұл сөздері әлденеге Гриша ағайдың жынын келтірді. Түрі бұзылып кетті де жылап тұрған менің құлағымды бір қолымен бұрап, екіншісімен құйрықтан сабауға кірісті. Бұндай әділетсіздіктен мен онан әрман өкіргенімді өршіттім және өз дауысымның саңлауынан анамның: - Өзіңе де осы керек! Бәлем біл! Жалақорға бірінші таяқ! Қолға түстің бе жалақор!  Жалақорға бірінші таяқ! – дегенін естідім.   

Ал ағам болса екі езуі екі құлағында.

Осы оқиғадан соң мен қалақайдан да, ағамнан да, Гриша ағайдан да тіпті анамнан да қашақтай бастадым.

Қазір Гриша ағай жоқ. Менің балалық шағым өткен сол бір ел де жоқ. Саяжайдағы бақта ескі стөл де жоқ, баяғы да жоқ болған қоршау тәрізді. Есесіне бүлдірген тақталары мен қарақат шоқтары және қалақай қалыпты. Бұлар әлі күнге бізде жыртылып-айырылады. 

 

Көп оқылғандар