Шығармалары Том 3
Қазақ даласының Батыс және Орталық бөлегі Ресей протекциясына қарағанына жарты ғасырдай уақыт өткенде, империя енді өзінің отаршылдық бет-бейнесін ашықтан-ашық көрсете бастаған болатын. Әсіресе, Алаш баласы Елек пен Жайық бойындағы өрес-қоныстарынан ысырылып; онымен қоймай, біресе Жайық казак-орыстарының, енді бірде башқұрттар мен Еділ қалмақтарының талауына ұшырап, жан-жақты қысым көре бастады. Ел басындағы хан Нұралы болса, бұл істердің бірде-бірін орнықты шеше алмай, ел билігі де дағдарысқа түсті.
Міне, осындай қилы кезеңде ел тағдырына деген жауапкершілікті өз мойындарына алған – Байбақты Сырым бастаған қазақтың батырлары мен білікті ақсақалды ағалары еді.
Белгілі жазушы Қ.Мұханбетқалиұлының «Тар кезең» аталатын тарихи романы халық тағдыры таразыға түскен осынау қиын кезеңнің оқиғаларын кең тыныспен, аса байыпты да байсалды көрсете білген, шын мәніндегі көркем туынды екеніне оқыған жұрттың көзі анық жетер деп ойлаймыз.