Астанада Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» шығармашылық кеші өтті

Астана төрінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» атты шығармашылық кеші өтті. Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залына жиналған әдебиет пен өнер сүйер қауым ақынның жыр әлеміне бойлап, ән мен өлең үндескен рухани кештің куәсі болды.

Астанада Бауыржан Халиолланың «Ағымнан ақтарылсам…» шығармашылық кеші өтті - adebiportal.kz

Шығармашылық басқосуда ақынның әдебиеттегі жолы, азаматтық болмысы мен өнердегі өзіндік қолтаңбасы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар кештің ерекше сәттерінің бірі Бауыржан Халиолланың ұстазы, белгілі ақын Жүрсін Ерманға көрсеткен құрметі болды. Бір кездері өлеңмен қағысып, әзіл мен өкпені қатар өрген ұстаз бен шәкірттің арасындағы сыйластық бұл жолы көпшілік алдында тағы бір мәрте көрініс тапты.

Жүректен шыққан жыр, әуенге айналған сыр

«Ағымнан ақтарылсам…» кешінің тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіп ұстады. Кеш барысында ақынның шығармашылық жолы мен поэзиясындағы негізгі тақырыптарға назар аударылды. Бауыржан Халиолланың туған жер, адам тағдыры, өмірдің өткіншілігі мен азаматтық ұстаным туралы жырлары әнмен өрілді. Сахнада «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Марат Халиуллин, сондай-ақ республикалық өнер байқауларының жеңімпазы Мирлан Жамбылов өнер көрсетті. Өнерпаздар ақынның сөзі мен әніне жазылған шығармаларды орындап, поэзия мен музыканың өзара сабақтастығын танытты.

Ақынның өмірге деген көзқарасын, жан дүниесіндегі толғаныстарын өлең мен әуен арқылы жеткізген кештің атауы да кездейсоқ таңдалмағандай. «Ағымнан ақтарылсам…» тіркесінің өзінде ақынның ішкі әлемін жасырмай, оқырманымен ашық сырласуға деген ұмтылысы аңғарылады.

Кеш барысында Бауыржан Халиолла Астана төрінде шығармашылық кеш өткізуді жеті жылдан бері жоспарлап жүргенін, алайда әр жолы жүрексініп, бұл қадамға бірден бара алмағанын айтты. Ақынның сөзінше, бұл басқосу белгілі бір мерейтойға арналмаған. Дегенмен 24 қарашада 47 жасқа толған қаламгер үшін елордадағы шығармашылық кештің өзіндік мәні бар. Оны ақынның осы уақытқа дейінгі өнер жолына көз жүгіртіп, оқырман алдында шығармашылық есеп беруі әрі жүрегінде жүрген ойларымен бөлісуі деп қабылдауға болады. Осы тұрғыдан алғанда, «Ағымнан ақтарылсам…» ақынның өнердегі жүріп өткен жолын саралап, тыңдарманымен емен-жарқын сырласқан тағылымды басқосуы болды. 

Өлеңмен өрілген сыйластық

Кештің ерекше сәттерінің бірі қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Отан» және «Құрмет» ордендерінің иегері Жүрсін Ерманға көрсетілген құрмет болды. Бауыржан Халиолла көпшілік алдында ұстазының иығына шапан жауып, қара домбыра сыйлады. Қазақы дәстүрмен жасалған бұл ілтипат ақынның өнердегі жолын ашып, шығармашылық қалыптасуына ықпал еткен тұлғаға деген ризашылығын танытты.

Жүрсін Ерман мен Бауыржан Халиолланың арасындағы байланыс тек ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасымен шектелмейді. Екеуінің арасында ақынға тән әзіл-қалжың да, өкпе-реніш те, өлеңмен өрілген сөз қағыстары да болған. Соның бірі SMS айтыстың қалай басталғанын ақынның өзі айтып берді. Ақынның айтуынша, оқиға 2011 жылы болған. Сол жылы Жүрсін Ерман Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған мүшайрада бас жүлдені жеңіп алып, автокөлік иеленеді. Бұл жаңалықты Бауыржан Халиоллаға ақын Бекарыс Шойбеков жеткізіп, ұстазын құттықтауды ұсынады. Содан Бауыржан Халиолла Жүрсін Ерманға өлеңмен құттықтау жолдайды:

«Мақатаев, жазмыш па, әлде бұйрық па? 

Құтты болсын, қымызыңды құй жұртқа. 

Бізде ертең жүреміз-ау таласып, 

Жүрсін Ерман атындағы сыйлыққа».

Құттықтау әзілге құрылғанымен, оның астарында ұстазының ақындық беделін мойындау, болашақта Жүрсін Ерман атындағы сыйлық тағайындалуы мүмкін деген ақындық ишара жатыр. Алайда Жүрсін Ерман шәкіртінің қалжыңына өзінің әдеттегі өткір мінезімен жауап берген. Ұстазы Бауыржанның сол кезеңдегі кейбір әрекеттеріне ренжіп жүрген екен.

Бауыржан Халиолланың айтуынша, бұған дейінгі бір айтыста шәкірті ұстазының көңіліне тиген. Жүрсін Ерман сол ренішін де әзілмен жеткізіп, жауап шумағында болашақ сыйлықты кімге беруге қарсы екенін ашық айтады.

Бауыржан да қарап қалмайды. Ұстазының ескертуін әзіл мен өкпеге толы өлеңмен қайтарады. Бұл сөз қағысының ерекшелігі – екі ақынның да бір-біріне ренішін қарапайым сөзбен емес, өлең арқылы білдіруі. Осыдан-ақ ақындық ортада әзіл мен сынның, еркелік пен ескертудің қатар жүруі шығармашылық байланыстың бір сипаты екені байқалады.

«Саған ұстаз болу да – бір қиямет...»

Жүрсін Ерманның Бауыржан Халиоллаға арнаған тағы бір өлеңі ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстың әлдеқайда терең екенін аңғартады. Шығармашылық кеште Жүрсін Ерман осы туындысын көпшілік алдында тағы бір мәрте өзі оқып берді. Өлеңде ақын шәкіртінің мінезі мен өнердегі болмысын, екеуінің арасындағы әзіл-қалжың мен өкпе-ренішті шынайы суреттейді. Сонымен қатар Бауыржанның ақындық талантына сүйсініп, оның өнердегі тағдырына алаңдайтынын да жасырмайды. Әсіресе:

«Сен айтысқа шыққанда уайымдаймын,

Кетсе екен деп аман-сау сахнадан», –

деген жолдардан ұстаздың шәкіртіне деген жанашырлығы айқын сезіледі.

Ал өлеңнің соңындағы:

«Саған ұстаз болу да – бір қиямет,

Маған шәкірт болу да – бір ақырет!» –

деген түйін ұстаз бен шәкірт арасындағы жарасымды әзілді де, жылдар бойы қалыптасқан сыйластықты да танытады. Бір кездері шәкіртіне арнап жазылған өлеңнің араға жылдар салып, Астана төріндегі шығармашылық кеште автордың өз аузынан қайта оқылуы әсерлі сәттердің біріне айналды. Бұл көрініс қос ақынның арасындағы рухани байланыстың уақыт өткен сайын үзілмей, өзіндік жарасымын сақтап келе жатқанын аңғартты.

Ақынның жан дүниесін ашқан кеш

Осылайша, «Ағымнан ақтарылсам…» кеші ақынның шығармашылық әлемін, азаматтық болмысын және өнердегі өзіндік қолтаңбасын кеңінен танытқан тағылымды басқосу болды. Жыр мен әуен үндескен кеште қазақ поэзиясының көркемдік қуаты, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастық, өнерге деген адалдық айқын көрініс тапты. Бауыржан Халиолланың жүрек түкпірінен шыққан жырлары мен сырлы әндері тыңдарманға ерекше әсер сыйлап, сөз өнерінің құдіретін тағы бір мәрте сезіндірді.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan