Газет — ұлт руханиятының темірқазығы
Журналистиканың түпқазығы — газет. Осы орайда А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ержан Байтілеспен кездесу өтті. Бүгінде серіктестік құрамына «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Уйғур авази», «Ұлан», «Дружные ребята» сынды мерзімді басылымдармен қатар, «Ақиқат», «Мысль», «Ақжелкен», «Балдырған» журналдары кіреді.
Беташар сөзді Ержан Айтөреұлы бастап, қазақ газеттерінде атқаралып жатқан жұмыстарға және ұлттық мүдде жолындағы істерге тоқталды. Осыған дейін 15 өңірде болған серіктестік директорының айтуынша, баспасөзге жазылып, оны оқу тұрақты оқырман болудың алғашқы баспалдағы.

— Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасын ерекше қолдаймыз. Себебі оқитын ұлт дегеніміз тек кітап оқитын қоғам емес. Менің түсінігімде, газет-журнал оқымаған адамның кітапты тұрақты оқитынына сену қиын. Оқырман ұлт қалыптастырамыз десек, жұмысты ең алдымен мектеп партасында отырған балалардан бастауымыз керек. Егер оқушылар «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята» басылымдарын жанына серік етсе, ертең «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Айқын», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің де оқырманына айналады. Сонымен қатар кітапты өмірлік досы ретінде қабылдайды. Бұрын теріскейдегі қойшының қонышында «Жұлдыз» журналы жүретін уақыт болды. Біз бұл дәстүрден тоқсаныншы жылдардың төңірегінде, одан кейінгі тоқырау кезеңінде айырылып қалдық. Оның үстіне түрлі ақпараттық платформалардың өмірімізге енуі оқу дәстүрінің одан әрі әлсіреуіне әсер етті. Енді Мемлекет басшысы «Оқитын ұлт» бастамасын көтеріп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, мерзімді басылымдардың ғұмырын ұзартуға, оқырманын көбейтуге бәріміз атсалысуымыз қажет, — дейді Ержан Байтілес.

Ақпарат кеңістігінде бәсекелестік күшейген заманда баспасөздің бағыт-бағдарын айқындау оңай емес. Жедел ақпарат таратуда түрлі сайт, портал, парақшалармен бәсекелесу қиын екені рас. Сондықтан «Егемен Қазақстан» газеті оқырманға терең талданған, сараптамалық және танымдық материалдар ұсынуға басымдық берген. Осы мақсатта бір кездері 15 жыл бойы жарық көрген «Етжеңді Егемен» жобасы қайта қолға алынды. Айына бір рет шығатын 24 беттік басылымның басым бөлігі тарихи, рухани, әдеби және мәдени тақырыптарға арналған.

— Біз алғашқы нөмірді әзірлеу барысында Төлен аға Әбдіктің «Дүние де өзі, мал да өзі» және Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Жабайы алманың жартысы қайда?» деген материалын алдық. Екеуі де көлемді, мазмұны терең дүниелер. Төлен ағаның Абай Құнанбайұлының білім мен ғылым туралы ойларын жан-жақты талдаған мақаласын «Етжеңді Егеменге» жариялауды жөн көрдік. Материалды автор қалай ұсынды, сол күйінде, бір әрпін де, бір үтірін де өзгертпей бастық. Арада бірнеше күн өткен соң Төлен ағамен кездескенімізде, ол кісі ерекше қуанды. «Мұндай материалдарды оқитын оқырман бар екен ғой. Жан-жақты сарапталған, байыпталған дүниені іздейтін адамдар бар екен ғой» деп таңданысын білдірді. Себебі Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқырмандар хабарласып, мақалаға қатысты пікірлерін жеткізген. Бізге де әлеуметтік желі, мессенджерлер арқылы көптеген пікір келіп түсті. Сонда түсінгеніміз оқырманға тұщымды дүние ұсына алсақ, оның көлемі де, басқа да өлшемдері де кедергі емес. Ең бастысы мазмұн мен сапа, — дейді «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ержан Айтөреұлы.

Әрмен қарай іс-шара легі жиналған зиялы қауым тарапынан ұсынылған сұрақ-жауап, пікір алмасуға ұласты. Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ғалым Серікбай Оспанов тіл тазалығын сақтау жайындағы ойын жеткізді.
— Ұлттың сақталуы ең алдымен отбасындағы тәрбие мен тілге байланысты. Бұрын ата-аналарымыз орыс тілінде білім алып, өзге тілде қызмет етсе де, шаңырағында қазақша сөйлеп, ұрпағын ана тілінде тәрбиеледі. Бүгінде, өкінішке қарай, кейбір отбасыларда бұл үрдіс әлсіреп барады. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жұмысын ең алдымен отбасынан бастауымыз қажет, — деді Серікбай Оспанов.
Ұзақ жыл баспасөзде қызмет еткен, «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болған Нәзира Жәрімбет бірқатар мәселені ортаға салды. Кемшін тұстарға мән беру, қоғамның барлық санаттағы буынын ескерудің маңызын ашып жеткізді.

— Ең алдымен, газет беттерінде талдамалы материалдарға көбірек орын берілуі керек деп есептеймін. Мәселен, қаржы, экономика, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерді тереңінен түсіндіретін мақалалар қажет. Өйткені бүгінгі қоғамда қаржылық сауаттылық мәселесі әлі де өзекті. Оқырман газеттен тек жаңалық қана емес, өзіне қажетті ақпарат пен өміріне пайдасы тиетін дүниені табуы тиіс. Екінші мәселе басылымның халыққа қолжетімділігі. Бір кездері «Газет әр үйге кіруі керек, сонда ғана оқылады» деген пікір айтылған еді. Осы ойдың жаны бар. Сондықтан газетті оқырманға жеткізудің тың жолдарын қарастырған жөн. Мәселен, арнайы орындарға тегін басылымдар орналастыру тәжірибесін енгізуге болады. Кейде халықтың ниеті болғанымен, газетке қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі болуы ықтимал. Демек, мазмұнды материал дайындаумен қатар, оны оқырманға жеткізу жолдарын да ойластырған абзал. Үшінші мәселе жастар аудиториясы. Бүгінде қазақ мектептерінде білім алған тұтас бір буын өсіп келеді. Ендеше, сол жастар ертеңгі «Егемен Қазақстан», «Қостанай таңы» секілді ұлттық басылымдардың тұрақты оқырманына айналуы тиіс. Алайда, қазіргі жас буынның ақпарат тұтыну дағдысы өзгерген. Сол себепті олардың қызығушылығын ескеріп, газет мазмұнын заман талабына бейімдеу, жастарды баспасөзге тартудың жаңа тәсілдерін іздеу маңызды, — деп ойын түйіндеді Н. Жәрімбет.
Ал облыстық «Қостанай таңы» газетінің Директор-Бас редакторы Кенжеш Аманова ғаламтордағы әдеп пен этикаға назар аудару керектігін баса айтты. Сондай-ақ, өзі басқарып отырған басылымда қолданылып жүрген тәжірибелермен бөлісті.
— Әлеуметтік желілерде ұлттық салт-дәстүрімізді бұрмалап, түрлі теріс түсініктер қалыптастырып жүрген ақпараттар кездеседі. Сондықтан мұндай мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Ұлттық құндылықтарды ғылыми негізде түсіндіріп, Instagram, газет және интернет сайттары арқылы халыққа дұрыс ақпарат таратуымыз керек. Бұл ұлттың тарихы мен мәдениетін, тілін сақтауға бағытталған ортақ жұмыс. Баспасөзбен қоғам арасында байланыс, ортақ түсіністік болғаны жөн, — деді Кенжеш Аманова.
Бейбіт Нұрмұханов
Қостанай қаласы
