Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абай толық адам туралы...

09.08.2020 78767

Абай толық адам туралы 12+

Абай толық адам туралы - adebiportal.kz

Кейінгі кезде кейбір ғалымдар Абайдың «толық адам» іліміне ерекше көңіл бөле бастады. Баспасөз беттерінде бұл туралы түрлі ойлар айтылып жүр. Мысалы, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Бүкіл оқу орындарындағы тәлім-тәрбие беретін оқулықтар Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде қайта жазылуы тиісті. Бұл рухани қажеттілік» – дейді. (г. Қазақ әдебиеті. 4.08.2017 ж.) Жақсы айтылған. Бірақ бұл айтылғанды дұрыс қабылдап, дұрыс іске асыру үшін әуелі бұл мәселенің мән-мәнісін түсініп, анығына барып алу керек. Абай ілімі бойынша, әуелі «жарым адамнан» «адам» сатысына көтеріліп, сонан кейін ғана «Толық адам» сатысына жетуге болады. Бұл саты – көпшілік қауым көтеріле алмайтын, тек қана ұмтылатын меже, рухани жаңғырудың нысанасы ғана. Ерекше қасиеті бар адамдар ғана көтерілетін өте жоғары деңгей.

Барлық iс-әрекетiн, ақыл-санасын, ғұмырын Жаратушыны ләззаттандыруға арнаған адам ғана кемелдiктiң шыңына жете алатынын Абай былай деп бiлдiредi: «Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi». Осылай Абай толық адамның негізгі шартын береді. Ол шарт – Құдай тағаланың шексіз жолында жүруді өзіне шарт қылып қадам басу. Абай сопылық философиядан алынған «толық адам» түсiнiгiн осылай деп бередi.

Бұл түсiнiктен Құдай тағалаға жетудегi шексiз жолға түсудi өзiне шарт қылған адамды ғана «толық адам» деуiмiзге болатынын бiлемiз. Бұл тұжырымды әуелi әл-Ғазали берiп, артынан «толық адам» (әл-инсан әл-камил) деген сөздi Ибн әл-Араби алғаш рет қолданғаны белгiлi. Бұл туралы зерттеушi В.В.Наумкин әл-Ғазалидiң «Воскрешение наук о вере» атты еңбегiне жазған түсiндiрмесiнде былай дейдi /2/:

«Өзiнiң ең жоғарғы дәрежесi Құдаймен байланысу болып табылатын, оны өмірдiң басты мақсаты ретiнде қабылдайтын толық адам идеясымен әл-Ғазали мұсылман мистикасындағы бүкiл бiр дәстүрдiң iргетасын қалаушысы болды. Бұл дәстүр әл-Джили (парсы сопысы, 1366-1406 жылдары өмір сүрген) «Толық адам» /әл-инсан әл-камил/ атты еңбектiң авторы мен Ибн әл-Арабидiң (сопы, 1165-1240 жылдары өмір сүрген) шығармаларында өте айқын көрiндi».

Жәлел-ад-дин Руми толық адамдарды адамзаттың бiрiншi қатарына қойып, оларды Абсолюттiк ақиқатқа толық берiлгендiктен, заттық әлем ықпалынан құтылғандар деп есептейдi /5/. Олар сырт көзге қатардағы адам тәрiздi, бiрақ шын мәнiнде барлық құмарлық, ниет, ашу-ыза, өсек-аяңнан толық арылған перiштелер қатарына жатады. Олар жетiлудiң жоғары деңгейiнде тiптi аскеттiктi, елден бөлектенудi, барлық күрес түрлерiне де көңiл бөлмей, ықпал атаулыдан мүлдем арылады.

Енді «Адам» мен «толық адамның» айырмашылығына келейік. Олардың айырмашылығы үлкен. Ол айырмашылық иманның деңгейімен анықталады. Екеуінде де иман бар. Бірақ әртүрлі. «Адам» күнәлі істер жасамаса, ал «толық адам» оған қоса бұрынғы істердің күнәсін де жояды. Осылай ол толық тазару жолына түседі. «Адам» – фәни өмірде оянып, көзі ашылған, ал «толық адам» – бақи әлемде оянып, көзі ашылған. Ол енді әулиелікке аяқ басты.

«Адамның» иманы әлсіз, тұрақты емес. Кейде тән құмары жеңгенде адам рухани болмысын ұмытып фәни өмірге беріліп кетеді. Ал «толық адамның» иманы берік, оған ешқандай бөгет жоқ. Ол рухани жаңғыру арқылы Түп Иеге қайтуға толық берілген. Иманы толық. Осыған байланысты «Адам» мен «Толық адамның» рухани дәрежесі ғана емес, мақсаттары мен өмірге көзқарастары да бөлек. «Адам» Абайдың екінші сүюіне «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген адамзатты сүю қағидасына ұмтылады. Данышпан оларды «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі – бос» деп бірлікке, өзара сүйіспеншілікке үйретеді. Ал «толық адам» үшінші сүюге Алланың Өзін сүюге ұмтылады. Оларға Абай «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» қағидасын береді. Бұл таза рухани деңгей.

Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның Өзін сүюге ұмтылып, рухани жаңғырудың шыңына ұмтылады. Бұл – таза рухани деңгей. Рухани жаңғырудың бұл деңгейіндегілер әлемнің ықпалынан толық шығады. Адамдар қоғам өмірімен тығыз байланыста болса, ал екіншілер, керісінше, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен-өзі жеке болуға ұмтылады. Ол өмірді өзінің мақсатына жету құралы ретінде ғана пайдаланады. Шәкәрім бұл деңгейге жеткенде тауға кетіп, қоғамнан бөлек өмір сүрген. Абай да жекеленуге ұмтылды, бірақ қоршаған ортасы оған мүмкіндік бермеді. Оның «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген сөзі оның осы ішкі сырын білдіргендей болады.

Толық адам – рухани жаңғырудың шыңы, өзінің рухани болмысын тануы. Өзін-өзі тану дегеніміз өзін-өзі білу емес. Абайдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» дегенін біліп, біз өзімізді бірден жан ретінде тани алмаймыз. Өзін білу мен тану, екеуі екі басқа, арасы жер мен көктей алыс. Білу дегеніміз тек қана хабар, ақпарат дейтін болсақ, тану дегеніміз сол ақпаратты сезіну, бойға сіңіріп, түйсік арқылы өзіндік қасиетке айналдыру. Өзінің жан екенін тану дегеніміз – өзінің жан екенін сезініп, рухани қасиет алып, жанша әрекет ету деген сөз, яғни адамның толық өзгеруі.

Бұл оның материяның ықпалынан шығып, мүлде басқа қасиет, рухани қасиет алды деген сөз. Оның ой-өріс, сөйлеген сөзі, жасаған іс-әрекеті мүлде басқаша. Ондай адам бұл фәни әлемнің заңдылықтарынан босанып, өзі осы әлемде болса да, рухани әлем заңдылығымен өмір сүреді. Өзін жан екенін тану дегеніміз, міне, осы.

Өзін жан екенін тану деңгейіне тек қана тәжірибе (практика) арқылы жетуге болады. Өзін-өзі танудың жолы пікір және зікір болып екіге бөлінеді.

Біріншісі – адам өзінің ой-өрісін пайдаланып әлемде болып жатқан хикметтер туралы, болмысты құрайтын элементтер туралы пікір (фікір) жасау. Сөйтіп, ол әлем заңдылықтарын ой-өріс, ақыл-есі арқылы түсініп, Абсолютті таниды. Ол үшін жоғары дамыған ой-өріс, мықты интеллект керек. Жан білімге толы болғандықтан, Абай ілімі бойынша білімге құштарлық – жан құмары. Білімге ұмтылу жаннан шығады. Жан әлемнің барлық элементтерін, олардың байланыстарын білуге ұмтылады. Адам тіршілігі жанның өзінен шығатындықтан, ол тіршіліктің көзін іздеу – жанның өзін-өзі тануға ұмтылуы деген сөз. Жан сезімдер арқылы түскен барлық хабарды (сигналды) миға ақылмен саралатын, сонан соң еске беріп, оған қорытынды жасатады.

Жан осылай біртіндеп өзін-өзі, сонымен бірге негізгі қайнар көз – Абсолютті таниды. Жан өзін тануға ұмтылғанда, нәзік болмыс рухтың қасиетін алып, рухтанады. Шәкәрімнің «таза ақыл» дейтіні осындай тазарған рухани ақыл. Осылай адамның бүкіл болмысы жаңғырады.

Шәкәрім мен Абайдың да өздері рухани жетілулері осы пікір арқылы болған. Олардың шығармалары болмыстың терең сырына үңілудің үлгісі болып табылады.

Екіншісі – барлық ой-өрісті ішкі дүниеге, жанға, Құдайдың нұрына, не болмаса зікір арқылы Жоғары Жанға шоғырландыру (медитация). Пікір әдісінде көңіл Жаратушының жаратқандарына ауса, ал зікірде көңіл Жаратушының Өзіне ауады. Бірінші әдісте адам өзінің бес сезімін толық пайдаланады, ал шоғырландыру әдісінде, керісінше, сезімдерді олардың объектілерінен бөліп, барлық сезімдерден бас тартады. Сонда психикалық қуат нәзік рухани сезімдерге беріліп, рухани болмысты сезінуге мүмкіндік береді. Бұл жолға түскендер сирек кездеседі. Олар сезімдерін тоқтатумен көптеген жылдар шұғылданады. Шығыс елдерінде жердің астына түсіп, су қараңғы, жым-жырт жерде оқшаулану әдеті бар. Сезімдер тоқталып, ой ғана жұмыс істейді. Біраздан кейін ой да тоқталады, осылай Түп Иемен бірігу мүмкіндігі туады. Бұл әдіс өмірден толық қол үзіп, сезімдерді жүректегі Ғазиз Жанға толық шоғырландыруды керек ететіндіктен, қатаң аскетизммен (тақуалықпен) орындалады. Оқшау өмір сүру әркімнің қолынан келе бермейтін өте қиын, бірақ жеткізетін жетістігі өте биік және өте нәтижелі жол. Мысалы, Ахмет Яссауи өзінің рухани жолында осы әдісті пайдаланған. Ол алпыс үш жастан кейін жерден шұңқыр қазып, қалған өмірін сол «Қилуетте» өткізген.

Бұл деңгейге жеткен адамдарда қарапайым пенделерде жоқ қасиеттер қалыптасады. Олардың ақыл-есi, сана-сезiмi, яғни нәзiк денесi ғарыштық нәзiк әлеммен байланыса алатындықтан, материалдық әлемнiң көптеген эзотерикалық құпиялары ашылады. Олар өткендi және алдағы өмірдi көріп болжау, материалдық нәзiк әлемдердегi жан иелерiмен байланысу, тәннен бөлініп нәзiк денелерiмен басқа планеталарға ұшып бару тәрізді тыслым қасиеттерге ие болады. Мұндай «жоғары адамдарда» басқа да көптеген құпия қасиеттер болуы мүмкiн. Мысалы, ел аузында Ахмет Яссауи таң намазын Меккеге барып оқып келеді-мыс деген сөз тараған. Абайдың да ерекше қасиеттерден құралақан болмағанын білеміз.

Толық адамның негiзгi қасиетi – бұл фәни өмірге байланбай, оның аяқ тұсайтын ықпалынан шығуында. Ондай адамдар рух пен материяны айыра бiледi, жан тәннен бөлек екенiн сезiнiп, жанның ықпалымен өмір сүредi. Жан ләззатқа, бiлiмге толы және мәңгiлiктi болғандықтан, олардың өмірi толық ләззатты. Мұндай өмірді қарапайым адамдар түсiне де бермейдi.

Бұл деңгейге көтерiлгендер жұрттың құрметiне бөленген, бұрынғы заманда хандар сарайында емшi, ұстаз, немесе олардың ақылшы-көмекшiлерi болып, елдiң денсаулығын сақтау, бiлiм алуды басқарып салауатты өмір кепiлi болған.

Бұл деңгейдегiлер барлық жан иелерiне бiрдей қарайды. Олардың білімі толық болғандықтан, ешкiмдi жынысқа, ұлтқа, дiнге бөлмейді, барлық адами қасиеттерге ие. Өмірдiң түрлi зардап-қиыншылық, қайғы-қасiреттерiне төзiмдi.

Адам өмірінің екі мақсаты бар. Бiрiншiсi, өзiнiң материалдық құмарлықтарын қанағаттандыру. Екiншiсi, рухани құмарлықтарын қанағаттандыру. Абай біріншісін – «тән құмары» десе, екіншісін – «жан құмары» дегені айтылды. Жан құмары мақсаты – Алла тағаланың разылығы үшін әрекет жасау. Іс-әрекет Абсолюттың бір көрінісі. Сондықтан, жаман, не жақсы болмайды. Іс-әрекет қозғалыс түрі ғана. Мақсатқа байланысты ол жақсы, не болмаса жаман іс-әрекет болып бөлінеді.

Мысалы, хирург пышақпен операция жасайтын болса – бұл жақсы іс-әрекет. Себебі, ол адамға өмір беру үшін жасалды. Ал егер пышақты қылмыскер пайдаланса – жаман әрекет. Себебі, адамның өмірін алу үшін жасалды. Осылай жасалу мақсатына байланысты іс-әрекет жаман-жақсы болып бөлінеді. Өмірдің мәнді не болмаса мәнсіз болуы адамның мақсатына, оның ниетіне байланысты.

Адам мен толық адамның арасындағы айырмашылық та олардың ойлау, сөйлеу, іс-әрекетінің мақсатына байланысты.

Бірінші айырмашылық – ой жүйесі. Екеуі екі бөлек ойлайды. Материалдық әрекет жасайтын адамның санасы дене деңгейінде, сондықтан ол өзін «денемін» деп сезінеді. Соған байланысты «менiкi» – оның тәнiмен байланысты: отбасы, бала-шаға, мал-мүлiк, халық, отан, тағы сол сияқты болып кеңейе бередi. Толық адамның ойы рухани деңгейде. Ол үшін «Мен» – жан, ал «менiкi» – Алла тағала, яғни менiң Жаратқан Ием.

Толық адам болудың жолын Абай былай деп береді:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста.

Сонда толық боласың елден бөлек.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» тек нәпсімен күресе білетін адамның ғана қолынан келеді. Осылай ол елден бөлек болып, толық адам деңгейіне көтеріледі.

Адам сатысындағыларда имандылық бар. Бірақ бұл толық иман емес. Олар Алла тағаланы мойындады. Бiрақ Алла тағала үшiн әрекет жасамай, тек қана Одан өзiне жақсылық тiлейдi. «О, Алла тағала! Маған тамақ бере гөр, денсаулық бере гөр, отаныма тыныштық бере гөр» және тағы-тағылар деп ол өзiнiң денесiне байланысты құндылықтарды сұрауы мүмкiн. Сөйтiп адам Құдайға құлшылық жасаудық орнына өзiне жақсылық тілеп, Оны өз қамы үшін пайдалануға тырысады. Рухани жаңғырудың материалдық деңгейі дегенiмiз осы. Ол әлi Абай көрсеткен өмірдiң негiзгi мақсаты Түп Иеге қайтуды бiлмейдi, не болмаса толық сезiнiп-түйсiнбейді, бірақ материалдық қажетiн Құдай тағаладан сұраған кезде Оны есiне түсiредi. Осылай жаны бiртiндеп тазарып, түбiнде өмірдiң негiзгi мақсатына ұмтылуға мүмкіндік алады.

Ал толық адам мүлде басқа. Ол өмір мақсатын түсiнген және соған өмірiн толық арнаған. Ол өзi үшін ештеңенi сұрамайды, iс-әрекетiнiң барлығын тек қана Түп Иенiң разылығына арнайды.

Абай осылай адамды саты-сатылап негiзгi мақсатқа әкеледi. Бұлардың ең жоғарғысы рухани жетiлу, себебi махаббаттың ең жоғарғы нысанасына – Құдай тағалаға бағытталады, сонымен бiрге «жаннан тәттi» деп ол сүюдiң басқалардан артық екенін көрсетедi. Адамға ең қымбаты жаны болса, ал «жаннан тәттi» деген сөз бұл сүю одан да құнды, ең жоғары дәреженi көрсетедi. Сондықтан рухани жетiлу – ең жоғарғы саты, одан жоғары сана жоқ.

Толық адам сатысының екінші айырмашылығы – өмірдің мақсатында. Толық адамдарда бірақ мақсат бар. Ол – Түп Иеге қайту. Ол үшiн толық адамдар Абайдың «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәттi» қағидасын берiк ұстанып, Аллаға деген биік махаббатқа жетуге ұмтылады. Олар құлшылық жолындағылар. Себебi бiреудi жақсы көру үшiн оны сырттай бiлiп қою жеткiлiксiз.

Нағыз сүйiспеншiлiк қарым-қатынастан басталады. Сол сияқты Алла тағаланы сүю үшiн де Онымен қарым-қатынас аясына кіру керек. Ал ол құлшылық арқылы ғана болмақ. Олар Алла тағаланы ешуақытта ұмытпай, үнемі естерiнде ұстаушылар. Осылай олар рухани сатыға көтерiлiп, Құдайға деген сенiмдерi биiктеп, Онымен қауыша алады. Адам ендi барлық iс-әрекетiн өзiнің емес, Құдай тағаланың разылығына арнайды.

Үшіншi айырмашылық – Құдайға деген жүрек пен көңiлдің тазалығы. Абай Құдайға ынталы жүрек, шын көңіл керек екенін айтады.

Ол өзiнiң отыз сегiзiншi қара сөзiнде былай деп нақтылай түседі:

Ендi бiздiң бастағы тағриф (түсiнiгiмiз) бойынша Құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләттi, құдiреттi едi. Сенде де бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатiң (талабың) бар болады. Белгiлi жәуанмәртлiк (iзгi, кең пейiлдi) үш хаслат (сипат, қасиет) бiрлән болар деген, сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік) , ғақыл (ақыл) – бұл үшеуiнен сиддық ғадаләт болар, кәрәм шапағат болар. Ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бiр аты екендiгi. Бұлар әр адамның бойында Алла табарака уа тағала тәхмин (шамасы) бар қылып жаратқан. Бiрақ оған рәуаж (тарату, өсіру) берiп гүлдендiрмек, бәлки, адам өз халiнше кәмәлатқа жеткiзбек жәһәтiнде (ынта, жiгер) болмақ. Бұлар – өз иждиһадiң бiрлән ниет халис (таза ниет) бiрлән iзденсең ғана берiлетiн нәрселер, болмаса жоқ.

Данышпанның бұл сөздерiнен ұғатынымыз – бiзде де Құдай тағаланың қасиеттерiндей қасиеттер бар. Бiрақ олар зәредей – кiшкене. Рухани жаңғырудың мақсаты сол зәредей қасиеттердi өсіру. Ол үшiн, бiрiншiден, ынта-жiгер, екiншiден, таза ниет, яғни Құдайға деген шын көңiл керек, болмаса – жоқ. Абай Құдайға деген ынта мен талап адамның ниетiнiң тазалығына байланысты екенiн айтады. Құлшылық барысында ниет тазарып, имандылық нығаяды. Ал таза ниет пен берiк имандылық Құдайға деген ынта-жiгердi арттырады. Осылай адамның Құдайға деген ниетi мен ынтасы бiр-бiрiмен тығыз байланысып жатыр. Адамның рухани дәрежесi Құдайға деген ынталы жүрек пен шын көңiлiне сай. Соңғылар жетiлу деңгейiнің таразысы.

Төртiншi айырмашылық – адам мен толық адамның негiзгi қасиеттерiнде. Материалдық сатыдағы «адамдардың» негiзгi қасиетi – имандылық дәрежесiмен өлшенеді. Соған байланысты олар түрлi жетiлу деңгейiнде болады. Ал рухани жетiлу сатысындағы «толық адамдардың» негiзгi қасиетi – Құдайға берiлу, яғни Оған деген ынталы жүрек пен шын көңiл дәрежесiмен өлшенеді. Яғни, рухани сатыға көтерiлу шарты – ынталы жүрек, шын көңiлмен Құдайға толық берiлу.

Толық адамның рухани жаңғырудың басқа сатысында тұрғандардан айырмасы осындай. Ол өзінің адами қасиеттерін сырт көзге көрсетпеуі де мүмкiн. Көпшілік тәрізді ол да жақсы отбасы, қоғам қайраткерi, ұлтының қамын ойлайтын кемеңгер, патриот, гуманист болып көрінуі мүмкін. Бiрақ оның iшкi дүниесi бөлек, өзгерген. Ол ендi өзiн, немесе «менiкi» дегендердi қанағаттандыру үшiн емес, барлық себептердiң себебi Алла тағаланың разылығы үшiн әрекет жасайды. Алла тағаланың аясына кiрiп, оның iстеген барлық iс-әрекетi рухани және өте кемелдi болады.

Кемелдi дегенiмiз – барлық жағынан кемшiлiгi жоқ толық дегенмен бiрдей. Сондықтан бұл сатыдағы адамдарды Абайдың өзi атағандай «толық адам» деуге керек. Толық адам жолында қоғам да, адам да ештеңенi жоғалтпайды. Керiсiнше, қоғамға үйлесiмдiлік, ал әркiмге рухани жаңғырып, өмірдiң жоғарғы ләззатын алуға жол ашылады.

Рухани жаңғыру жан саулығына бағытталса, ал тән саулығы – оның салдары ғана. Сондықтан, бұл жол – бүгiнгi адамзаттың арманы болып отырған денсаулық сақтау мәселесiн шешудiң тура жолы. Оған жету шарты – Абай көрсеткендей, рухани жаңғыру арқылы ынталы жүрек пен шын көңiл дәрежесіне көтерілу керек.

Бұл – шексiз жол. Абай рухани жаңғырудың бұл деңгейін «бек нәзiк, бек шетiн жол» дейдi. Бұл жолмен «ақыл-есiн бiр бағытта дұрыс пайдалана алған адам ғана жүре алады». Данышпан Абай «Жүректiң ақыл – суаты, махаббат қылса Тәңiрi үшiн», яғни Тәңiрi үшiн пайдаланған ақыл жүректiң нәр алатын суаты болып, жолдан адаспауға мүмкiндiк беретiнiн бiлдiредi. Ақылды дұрыс пайдаланудың маңызы осындай!

«Толық адам» деңгейiне көтерiлу өте ұзақ және күрделi жол екенiн бiлдiк. Бұл адамның бiр деңгейден екiншi деңгейге бiртiндеп көтерiлуінің эволюциялық жолы. Бұған пенденің өмірi де, имандылығы да жетпеуi мүмкiн. Ал егер бұл жолға түсуге шын берiлген талапкер-мүрид болса, бұл сатыға қалай жетуi керек? Оның амалы бар екен. Ол – Құдайға тура жол. Мынандай мысал келтiре кетейiк. Зәулiм үйдiң жоғарғы қабатына бiреулер жаяу көтерiледi, ал бiреулер лифт арқылы көтерiледi. Жаяу көтерiлетiндер шаршап-шалдығып, қиналып, әр қабатта дем алып, әңгiме-дүкен құрып асықпай жетедi. Олардың көпшiлiгi көтерiлетiн биiгiне жете алмайды. Ал лифтiмен көтерiлгендер жылдам, әрi ешқандай кедергiсiз, қиналмай жетедi. Бірақ ол үшін соған сәйкес қасиет керек.

Түп Иеге эволюция жолымен жету – өте ұзақ және қиындығы мол жол. Және сенімсіз жол. Ал екiншi жол – тура жол. Бұл жол – жылдам, әрi машақаттары онша көп емес жол. Бұл жолға төменгi деңгейде тұрған адамдардың барлығы да түсе алады. Бiрақ оның шарты бар. Ол шарт Абай көрсеткен Құдайға деген «ынталы жүрек, шын көңiл». Мұндай тура жол әрбiр дiни конфессияда бар. Бұл әр тiлде «сопылық жол», «монашество», «Хинаяма», «Бхакта-йога» деп әртүрлi аталады. Бұлардың барлығында да мақсат бiр – ол Құдайға сүйiспеншiлiкке жету, ал амалы – Құдайға ойды шоғырландыру. Бұл сатыға көтерілген толық адамдар түрлі атаулармен аталады. Мысалы, арабша «әл-инсан әл-камил», санскритте «Махатма» болса, батыс философиясында «Совершенный человек» деген ұғым бар.

Құдайға құлшылық неғұрлым таза болса, оның нәтижесi де солғұрлым жоғары болады. Сондықтан Абай таза құлшылыққа шақырады. Бұл туралы өзiнiң он үшiншi қара сөзiнде имандылықты таза сақтамайтын адамдарды сынай келiп, сөзiн былай деп жалғастырады:

«Иманға қарсы келерлiк орында ешбiр пенде Құдай тағала кеңшiлiгiмен кешедi-дағы демесiн, оның үшiн Құдай тағаланың ғафуына (кешiру) яки пайғамбарымыздың шафағатына (қорғау) да сыймайды, мүмкiн де емес. «Қылыш үстiнде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсi жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденiң жүзi құрсын», – деп таза құлшылық жасағылары келмейтiндердi қатты сынайды. Ол отыз төртiншi қара сөзiнде бұндай адамдарды тiптi «мұсылман емес» деп бағалайды.

Ендi Құдайға таза құлшылық дегеннiң не екенiне қысқаша тоқталайық. Құдайға таза құлшылық дегенiмiз – өзiне ешқандай да пайда ойламай, барлығын тек қана Құдай тағаланың разышылығына арналған ой-өрістен бастап, айтылған сөз, iс-әрекетке дейін түгел қамтиды. Нағыз таза құлшылық әулие деңгейінен ғана басталады. Басқалары соған ұмтылушылар. Таза құлшылық жолындағы адам өзi үшiн бiлiм де, пайда да iздемейдi. Барлығы тек қана Алла тағала разалығы үшiн және ешқандай басқа ниет, ой болмауы керек.

Бұл арада «Егер мен барлығын тек қана басқалар үшін жасасам, онда мен өзiм қайда қаламын?» деген сұрақ тууы мүмкiн. Абай iлiмi бойынша оған былай деп жауап беруге болады. Бүкiл дүние Құдай тағаланың жаратқаны және барлығы Сонікі болғандықтан, Ол ештеңеге, бiздiң iсiмiзге де мұқтаж емес. Бiздiң iс-әрекет, дүние мүлкiмiздiң Оған қажеттiгi жоқ. Оған бiздiң таза ниетiмiз ғана керек. Сондықтан бiздiң iс-әрекетiмiздiң нәтижесi азайып қалмайды, керiсiнше, ол рухтанып, бiзге рухани әрекет болып қайтады. Сөйтiп Алла тағалаға қызмет жасау – бiздiң өз игілігіміз үшін қызмет жасау деген сөз. Бiз әрбiр iсiмiздi дұрыс орындап, барынша кемелдi болуға ұмтыламыз. Алла тағала біздің ісімізді барлық иждиһат-ықыласпен, таза ниетпен жасалғанда ғана қабылдайтын болғандықтан, осылай бiз кезiнде кемелдi адам қатарына көтерiле аламыз. Сөйтіп, болмысымыз тазарған сайын санамыз өсіп, өмiрдiң негiзгi мақсатына жетуге жол ашыла бередi. Кемелдi адамдардан құралған қоғам да кемелдi болмақ.

Тағы бiр ескеретiн жағдай – Құдайға құлшылық іс мәңгiлiктi, оның нәтижесі ешуақытта жоғалмайды. Бұл жан мен Құдайдың мәңгiлiктiгiнен және бүкiл болмыстың мәні тек қана Жаратушының ризалығы үшiн екенінен шығады. Бүкiл болмыс Жаратушыны риза ету үшін жаралса, оның әрбір бөлігі де сол үшін жаралған. Сондықтан Құдай тағалаға иә сенсiн, иә сенбесiн, болмыстың бөлшектері болып табылатын әрбір жан иесі құлшылық етедi. Бірақ мұны олардың барлығы бірдей білмейді. Бұл әлемде барлық жан иелерi Құдай тағаланың қалауымен өмiр сүредi. «Құдайдың әмiрiнсiз шөп басы да қимылдамайды» деген халық сөзi осыны бiлдiредi. Шәкәрім де осы ойды қуаттайды.

Алла тағалаға таза құлшылық жолын исламда суфизм (тасаввуф) деп атайды, оның «шариғат», «тарихат» (жол) , «мағрифат» және «хақиқат» деген деңгейлерi бар екенi белгiлi. Жиырмасыншы ғасырдың iрi сопысы Джавад Нурбахш (1927 жылы Иранда Керман қаласында туған) суфизм туралы мынандай жалпы түсiнiк бередi:

«Сопылық – бұл махаббаттың көмегiмен ғана қозғалатын Хақиқатқа жол. Сопылықтың мақсатқа жету әдісі – тек қана бiр бағытқа, Құдайға қарау». Сопылар iлiмi бойынша Хақиқатқа тек қана толық адам жолымен жетуге болады және бұл жолмен ниет еткен кім кімнің де жүруiне болады. Бұл жол «бұйыратын Мен» (нафс-и аммара), яғни адамның шел басқан, инстинктивтi-хайуанат жанын тазартып, оны «Құдайды көруге болатын айна тәрiздi қалыпқа» дейiн көтередi. Осылай мүрид Құдайды танып бiлу арқылы Түп иеге қайтуға мүмкiндiк алады.

Абай көрсеткен рухани жаңғыру жолын тереңiнен түсiнудің маңызы өте зор. Сонда ғана дінді дұрыс түсініп, дінаралық қайшылықтарды болдырмай, дінді адамзат игілігіне нәтижелі пайдалануға болады. Абсолюттi тану iлiмiнiң түрлi сатыларын анықтап алмай діни жолды толық түсіну мүмкін емес.

Толық адамның мiндетi – Алла тағалаға cүйiспеншiлiкпен берiлу арқылы өзiн-өзі танып, рухани әлемге қайту. Абай көрсеткен өмірдің бұл түпкі мақсаты ойшылдың «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деген қағидасы бойынша орындалады. Осылай рухани әлемде әрбiр жанның Абсолютпен түрлi қарым-қатынасы орнығады. Бұлар – өте сирек кездесетiн жоғары рухани адамдар. Оларды Абай «толық адам» деп атаған. Бұл сатының жоғары деңгейлеріне жеткендер дiни конфессиялардың ықпалынан шығып, толық рухани еркiндiк алғандар, немесе, Абайша айтатын болсақ: «діннің хақ мағрифатына жеткендер».

«Толық адам» сатысын Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде: «Бұл айтылмыш үш қасиеттiң иелерiнiң алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң хакiмдер, ең ақыры – кәмiл мұсылмандар» деп төртке бөледi.

Бұлардың бастапқы екеуi таза құлшылық жолындағылар. Ал соңғы екеуi – аралас құлшылықта, себебi ниеттерi таза болғанымен, болмыстары әлi толық тазаланып үлгермеген. Олар сый-құрмет, атақ-даңқ тәрiздi адамның жүрегiн құрсаған құмарлықтардан әлi де болса толық арыла қоймаған.

Жоғары рухани саналы адамға тұтастық сана тән. Олар бүкiл болмыстың Құдаймен байланысын сезiп-бiледi. Адамдарды алалап бөлмейдi. Ол үшiн адамдар ғана емес, тiптi барлық жан иелерi бiрдей. Сондықтан барлығына бiрдей қарап, барлығына жақсылық, қайырымдылық жасауға ұмтылады. Барлық жан иелерiне жақсылық ойлағандықтан олардың жаулары болмайды. Бұлар – әулиелер мен пайғамбарлар.

Досым Омаров, абайтанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар