Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы ата жолымен атастырып алған бәйбішесі Ділдәдан 16 жасында бала сүйеді. Осы 1861 жылы туған тұңғыш баласын Ақылбай деп атайды. Ол туғанда Абайдың өзі де жас, енді ғана жаңа отау құрып отырған кезі еді. Құнанбайдың төртінші, кіші әйелі Нұрғаным бала көтермегендіктен, Ақылбайды кішкентайынан бауырына алып, асырап алады. Сол себептен де Ақылбай жас күнінен Нұрғанымның тәрбиесінде болып, Құнанбайдың кенже баласы атанып өседі.
Өз кіндігінен бала болмаған Нұрғаным Ақылбайды кішкентайынан бетінен қақпай, айтқанын істеп, ерке бала қылып өсіреді. Құнанбай Ақылбайды тоғыз-он жастарға келгенде молда Ғабитханға оқуға береді. Ғабитхан Ғабдыназарұлы Құнанбай ауылының балаларын оқытатын, қазақ арасына әскерден қашып келе жатып сіңіп кеткен ноғай молдасы еді. Одан сегіз жасынан бастап Абай да мұсылманша дәріс алған. Ғабитхан Есенбай жырасы деген жерде 1857 жылы Құнанбай салдырған медреседе, одан кейін 1880 жылдардан бастап Абайдың Жидебайда тұрғызған медресесінде дәріс берген. 1932 ашаршылық жылдары қайтыс болған Ғабитханды Жидебайдағы Зере мен Ұлжан зиратына жерлеген. Ақылбай төрт-бес жылдай осы молдадан оқу оқиды. Оның діни сауаты осы жылдармен, осы оқумен тамамдалған. Нұрғаным қолында өскен Ақылбай Абайға іні ретінде қарап өскен. Жас кезі, бозбалалық шағы әкесінен алыс өткендіктен, ол орысша оқи алмай қалады. Оның оқу-білімі ауылда Ғабитхан молда оқытқан діни, мұсылманша оқумен шектеледі.
Ақылбайдың үйленуі
Баласына текті жерден қыз айттырып алғызғанды қалайтын Құнанбай ескіше сауатын ашқан Ақылбайды өзі атастырып, үйлендіреді. Ақылбайдың құда түсіп алған қызы да осал жердің баласы емес еді. Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып, «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы — Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендіреді. Ол 1844 жылы Көкпекті округінен аға сұлтан болып сайланған. Сондықтан ел Қисықты «қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптеген екен.
Құнанбай Ақылбайды үйлендірген соң, оған енші бөліп беріп, жеке бір ауыл етеді. Атағы зор мырза баласы болғандықтан, жаңа отау көтерген Ақылбай өмірінің аздаған жылын ауылында сауық-сайранмен өткізеді. Жастайынан Нұрғанымның оны еркелетіп өсіруі, Құнанбайдың кенжесі, бай баласы ретінде елге танымал болуы, Құнанбай атына арқалануы, қиыншылық көрмей өсуі Ақылбайды жас күнінен масаттандырып, шаруа ісіне, ел ішіндегі айтыс-тартыстарға, партия болып айтысып жататын дау-дамайға араласпауына әсерін тигізеді. Мінезі қызық, сол кездегінің әдетіндей оған байлықтың, басшылықтың, төреліктің керегі болмаған. Абай туыстарының, Құнанбай балаларының көпшілігі болыс болып, ел билеу ісімен айналысса да, бұл тізімнің ішінен Ақылбайды көре алмаймыз. Ел естелігі Ақылбайды бай-кедей, үлкен-кішінің бәрін бірдей көретін, атының айылы ағытылып жүрсе де, жығыламын, құлаймын деп ойламайтын, соншама ақкөңіл, аңқылдаған, бейқам адам болды дейді. Дойбы сияқты ойыннан ешкімнен ұтылмаған. Қылқобызды да, домбыраны да Шыңғыстауының қайыңы мен тал-терегінен өзі жасап алып, ойнай беретін музыкант, ақын әрі ісмер болған. Ең негізгісі – ақындық қарымы да осал болмаған.
Ақындықтың оянуы
Ақылбайдың жас күнінен Нұрғанымның қолында тәрбиеленіп, әкесі Абайдан аулақ өскенін, ең негізгісі – оның аңқаулығын пайдаланып, Абайға қарсы адамдар әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, біріне-бірін қарсы қойып, екеуін тіпті ажыратпақ та болған.
Елдің жымысқы әрекетін, баласының сенгіш, аңқылдаған мінезін байқаған Абай осы кезде «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазған. Абай өлеңінде әр ата-ананың баласын мәпелеп, еркелетіп өсіретінін, олардың тәлім-тәрбиесіне айрықша мән беретінін баяндай келіп, егер бала жасынан от басы, ошақ қасынан аса алмай, үйкүшік, жасық болып өссе, онда әке-шеше еңбегінің зая кететінін, үміт-арманының орындалмайтынын, баланың жағымсыз тәрбиелерден пайда болған жағымсыз әдеттерін айтады. Сондықтан ақын жас ұрпақты жаңалық атаулыға үйір, талапты, жігерлі болуға, қатарынан қалмауға, масыл болмауға шақырады. Елін, жерін сүйер, ата-анасын, туған-туысқанын сыйлар жақсы азамат тәрбиелеуді басты шарт етіп қояды.
Абайдың бұл өлеңі бейқам жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл Абай ауылы ақын-жыршыларға толы, Абайдың ақындық мектебінің мағыналы сәттері өтіп жатқан, шәкірттері ұстазы төңірегіне жиналып, нағыз үлкен, үлгілі мектепке айналған тұс болатын. Ақылбайдың жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.
Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Абайдың ақындығын танып, оның ақын шәкірттерімен болған мәжілістері мен өсиеттері қатты әсер еткен соң, Ақылбай өз бойындағы дарынын, ақындық қасиетін жарыққа шығара бастайды.
Өзінің бір өлеңінде Құнанбайдың ерке мырзасы атанып, дүние қадірін білмей, уайым-қайғысыз, мағынасыз, еркелеп өткізген жастық шағына мысқылмен қарап, қалжың-шыны аралас төмендегідей өлеңді шығарған:
Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға,
Сарп еттім дүниені, білмей баға.
Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,
Дейтұғын сұмдық шықты-ау «Ақыл-аға».
Скрипкада ойнаған сазгер
Ақылбайдың ақындығымен бірге, ән шығаратын композиторлық өнері де болған. Осы өлеңнің арнаулы әні де болыпты. Оның әншілік, композиторлық өнеріне байланысты Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазба қорында Рақымжан Мамырқазовтың естелігі сақталыпты. «Ақылбай сауықшыл, әнші, скрипкашы болатын... Домбырада қазақтың ескі күйлері – «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйін тартатын. Дойбы ойынында Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», – дейді Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамырқазов.
Абайдың ақындық айналасының әсерінен Ақылбай ән-күй, музыка өнеріне ден қояды. Оның композиторлығына жоғарыда келтірген өлеңімен қатар, Әлмағамбет деген әншінің сұрауымен шығарған тағы да бір әні – дәлел. Матай деген жерге інісі Тұрағұлдың қайнына күйеушілеп бара жатқан Әлмағамбет әнші Ақылбайға келіп, «жаңа ән шығарып бер» деген соң, бірден сол жерде сөзімен бірге бір әнді қолма-қол шығарып берген. Бұл оның импровизацияға жүйрік ақын екендігімен қатар, ерекше таланттылығына дәлел бола алардай. Осы шығарған өлеңнің үзіндісін келтірейік:
Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матай да алыс бірталай жер деген соң,
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.
Ұстазы және әкесі Абайдың өзі жазған өлеңдерін жинап, жариялау ісімен шұғылданбағаны сияқты, Ақылбайдың жазған көптеген өлеңі заманында баспа бетін көрмей, жинақталмай, біздің таңға жетпеді. Оның жастық, махаббат тақырыбына жазған көптеген өлеңі болды дейді құйма құлақ, көнекөз ақсақалдар. Ақылбай 1895 жылы Әбдірахман өліміне жоқтау өлең жазады. Ал 1904 жылы інісі Мағауия қайтыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.
Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдары Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп, өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.
Ақылбайдың Әлімқұл, Әубәкір және Исраил атты үш ұлы болады. Олар да Абай, Ақылбай тәрбиесінің арқасында, жаратылыс болмыс-бітімдерінің әсерімен әке, ата жолын қуып, өнер жолына түскен. Мысалы, Исраил скрипка, домбыра құлағында ойнаған шебер музыкант болады. Өз әкесі Ақылбайдан және Мұқалардан естіп үйренген 40-қа тарта қазақ, орыс күйін орындаған. Біразын нақты мысал етсек, олар: «Ала байрақ», «Бұлаң жігіт», «Кертолғау», «Балбырауын», «Саймақтың Сары өзені», «Азамат қожа», «Бес төре» сияқты қазақтың халық күйлері. Абай әндері, орыс музыкасынан «Тоска по родине», «Осенняя мечта» деп өз естуінше атап тартатын күйлерден басқа, аттары есінде жоқ талай ән-күй орындайтын болған.
Мұра
* Ақылбайдың ақындық қарымын танытатын – оның поэмалары. Ақылбай артынан үш поэма қалған. Олар: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс» және «Жаррах батыр». «Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 сандарында басылады. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарияланған. *
*P.S.
Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахман (Әбіш) қайтыс болса, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей 40 күннен соң әкесі Абай қайтыс болады. Халық Абайдың қырқын Семей қаласында берген. Ақылбай Абай өлімінен 40 күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.
Ақылбай бейіті қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы өз қыстауы –Тышқан бұлағының қасында.*
Нұргүл ӘУБӘКІРОВА