«Өмір бойы жиған-терген бар байлығым – кітаптарымды, осы кітапханаға тегін табыстадым. Бас-аяғы бергенім – он жарым мың кітап екен. Бұл кітапхана менің жан-дүниемнің тоғысқан жері.»

Бұл – тоқсандағы абыз Мырзатай Жолдасбектің Ұлттық академиялық кітапханадағы кездесуде айтқан сөзі.
Қасиеттеп тірісінде тіріңді,
Іріні – ірі,
Пір деу керек – піріңді.
Құбыласын түгендеген қазаққа
Өзіңіздей керек екен бір ҮЛГІ
Күлтегіннің кие қонған жұртында,
Күлтегін деп ат қоймайды жұрт ұлға.
Бабаларды ұмыттырмай жүретін
Керек бізге өзіңіздей бір ТҰЛҒА.
Қасиетім – жыр-ата мен жыр-ана,
Марқаямыз айтыс дейтін мұраға.
Сол мұраның шырақшысы секілді
Ортамызда жүру керек бір АҒА.
Ескі жайлы естілерден сұраңыз,
Түлемей ме сонда тарих, жыр, аңыз.
Сүйінбайды, Жамбыл менен Кененді
Қастерлейтін керек бізге бір АБЫЗ», -
деп айтыстың «атасы» атанған Жүрсін Ерман мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековке арнаған осы арнау өлеңінде, қазақ тарихы мен әдебиетіне, мәдениетіне сүбелі үлес қосқан Мырзатай Жолдасбекұлын ұлт руханиятының абыз ақсақалына дөп теңеген. Кеше, дәл осы тақырыпта, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбеков атындағы мемориалды кітап коллекциясы» оқу залында тоқсанға аяқ басқан абызды кітапхана басшылығы арнайы шақыртып, мерейлі жасына орай әдемі шығармашылық кездесу ұйымдастырды.

Кездесу модераторы болып, Мырзатай Жолдасбекұлының ең алғашқы студент шәкірттерінің бірі, мемлекеттік салада бірге қызмет еткен ғылым жолындағы сүйікті інісі Сауытбек Абдрахманов сөз бастады. Кеш қонақтары Уәлихан Қалижан, Серік Негимов, Рахымжан Тұрысбек, Қалибек Алтыбаев, Әлібек Асқаров, Амантай Шәріп сынды қазақ руханиятында ойып тұрып орын алар азаматтардан құралды. Аты аталған бұл жандардың әрбірі бүгінде өз саласында мықты маман, білікті басшы болғанымен, Мырзатай Жолдасбекұлының алында бәрі де шәкірт күндеріне қайта оралып, елі үшін елеулі еңбек еткен атамызбен өмір жолында кездескен сәттерін әдемі еске алды.

«Өмір бойы жиған-терген бар байлығым – кітаптарымды, осы кітапханаға тегін табыстадым. Бас-аяғы бергенім он жарым мың кітап екен. Бұл кітапхана менің жан-дүниемнің тоғысқан жері» деп сөз бастаған Мырзатай атамыз – тоқсанға қадам жасаса да, әлі тың, жас ұрпаққа айтар мағыналы сөздері мен құнды ойлары мол абыз ақсақал ретінде көкейде жүрген әңгімелерін көппен бөлісті. «Мен қазақпын, ұлтын жанындай сүйетін перзенттерінің бірімін. Мұндай шараны ұйымдастырып, мені арнайы шақыртады деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Шақырту алғанда қуанғаным рас. Алайда көп ойландым. Тоқсанға келген шал үшін қарапайым киініп-шешіну де кәдімгі жұмыс, қалқам. Содан ойлана келе, халықтан артық жақын жоқ деп қазір алдарыңызда отырмын», - деп жан сырын ашты, абыз қария. Әңгіме басы ежелгі дәуір әдебиеті Орхон жазулары мен түріктектес халықтардан басталып, қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздары Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әлкей Марғұлан сынды және тағы да басқа ірі тұлғалармен болған мағыналы оқиғаларымен жалғасты. «Ұлағатты ұстаздықты да, кіршіксіз кісілікті де, қамқор ағалықты да, дана даралықта да осы ағаларымнан көрдім» деді атамыз, сол кездерге барып келгендей ойға шомып.

«Ұлттың ұлы қазынасы ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парызы» деген Мырзатай ата, өз сөзінде, еліміз егемендік алар тұста Г.Колбинге хат жіберіп, қазақ тілі үшін «мемлекеттік тіл» деген мәртебені алғаш сұратқан жанның бірі екенін айтып өтті. «Орыс тілінің заманында қазақ әдебиеті, ана тіліміз сөніп қала ма деп қорқып, осы мәселені сол замандағы орыс басшыларының алдында бірнеше мәрте көтердім. Бастапқыда келісе қоймаған басшылар, қайта-қайта бара берген соң, ақырындап келісімге келді. Соңында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деген жарлықты алып, дегеніме жеттім», - деп жымия сөзін жалғастырды.

«Қазақты сырттан келіп ешкім жарылқамайды. Қазақты тек қазақ қана жарылқайды» деген ұстанымы арқылы өмір бойы бар қазаққа қолынан келгенше қол ұшын беріп келген Мырзатай Жолдасбекұлы, халықты ояту үшін тарихты ояту керек дейді.

Рас-ау. Атаның есімі тарих беттерінде де алтын әріппен жазылатыны хақ. «Түрік тектес халықтардың жазуы, ойы, ділі мен діні бір. Түрік бауырларыма! Түркістанда тәуелсіздігін жариялаған түрік тектес елдер сендерге қарап отыр. Олар сендерге қарап бой түзейді. Өйткені сен бәрімізден бұрын қалыптастың. Сен Сыр байынан үдере көшіп, ұлы мемлекетке айналған ұлы Салжұқлының ұрпағысың! Тегін ұмытпаған, тамырынан қол үзбеген, тарихын таптатпаған түріксің сен. Сенің бүкіл дүниеге белгілі тарихың бар» дейді. «Сондықтан шырақтарым, түркі тектес деген сөздің орнынан түрік тектес деп әбден айтуымыз керек. Осы сөзімді жүрген жерімнің бәрінде айтып жүремін» деп көпшілікке ойын жеткізді. Осындайда қазақ үшін аянбай еңбек еткен атамыздың қазақ әдебиеті мен тілінен бөлек, Қазақстан тарихында да өзіндік қолтаңбасын қалдырған керемет қоғам қайраткері екендігін көруге болады.

«Тәуелсіздік оңай келді, қансыз, қырғынсыз келді» дегендердікі – терең білмегендік, түбегейлі қате. Бұл ұлы күннің байрағы батырларымыздың, даналарымыздың сан ғасырлық күресі арқылы көтерілді. Бұл ұзақ жолда талай қан төгілді, талай жан қиылды», - деп терең тыныстады Мырзатай ақсақал. «Қазір бәріміз Мәңгілік Ел дейміз. Мәңгілік Ел бір күнде орнай қалмайды.

Мәңгілік Ел – өміршең, мәңгілік идея. Ол науқаншылдықпен, жарлықпен, бұйрықпен орнамайды, ғасырлар бойы қалыптасады. Бұл идеяны ұлттың дүниетанымына, санасына сіңіру керек. Өйткені ол терең толғанатын, иін қандыратын, жазатын, жылдар бойы тылсымы ашыла беретін ұлы құбылыс екендігін мына отырған жас ұрпаққа жеткізгім келеді. Осында шаршап-шалдықсам да, келуімнің бір себебі де осы. Жас ұрпаққа бір пайдамды тигізіп, ойларыммен бөлісу еді», - деді қарт абыз.

Көпті көрген Мырзатай ақсақалдың көмейінен келелі әңгіме төгіле берді. Тұнып тұрған тарих-тұлға. Қайсысын тыңдап қарасаң да, ойлы, мазмұнды, мағыналы сөздер. Әр сөзінің басы елім үшін еткен еңбек, тілім үшін төккен тер деп тұратындай. Ұлт руханиятының қалыптасу тарихында ерекше орын алған Мырзатай абыз жайлы ақын Қайрат Жұмағалиев:
«Отырмын өзім ойланып,
Бекіндім осы ойға анық.
Бірте-бірте Астана
Барады «Мырзатайланып», -
деп жырлаған екен. Бір шумақ өлеңде бір қаланың қазақы болмысы мен рухы күшейіп, қазақ тілінің мәртебесі көтеріле бастағаны дәл осы Мырзатай Жолдасбекұлының қызмет еткен тұсында болғандығын аңғаруға болады.

Елдің рухани-мәдени, әдеби өміріне қосқан өлшеусіз үлесі үшін Мырзатай ата Жолдасбекұлына айтар алғысымыз шексіз! Ғасырға жуық ғұмырында әлі де болса, әр сөзінде елім, жерім, қазағым деп отырған атамызға мәртебеңіз қашанда биік, мерейлі мерекеңіз құтты болсын дегіміз келеді.
