Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әбділда Тәжібаев. Сырдария...

12.08.2018 58033

Әбділда Тәжібаев. Сырдария

Әбділда Тәжібаев. Сырдария - adebiportal.kz

СЫРДАРИЯ

Білем сені, сүйем сені

Сырдың суы қарт анам,

Сенсің мені әлдилеген,

Туған сенен мен балаң.

Сүйсе Гейне анам десе,

Сүйген суы Рейнесін,

Сырдың суы туған ол да

Өз ақынын Гейнесін.

Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді,

Неге маған жырламасқа

Сырда туған елімді.

Ел анасы менің анам

Сырдың сұлу өзені.

Қуан, ана! Ақыныңның,

Келді жырлар кезегі.

Келдім бүгін көрдім сені,

Сүйсең міні маңдайым:

Құшағыңда отырмын мен

Көріп көзбен ел жайын.

Жасырыпсың қадірлі ана

Ақ түспепті шашыңа.

Емшегіңнен сүт кетпепті,

Жетсең-дағы жасыңа.

Қарт Днепр, ескі достың

Көремісің айбатын.

Электрі мың моторлы,

Асқан алып қайратын.

Сен де маған, жаным ана,

Днепрдей жарық бер.

Қол жетпеген көк жұлдызын,

Құшағыма алып бер.

Сол кезде де, жаным ана,

Өзіңменен тең болам.

Сырда туған Сырдың ұлы,

Жаңа Гейне мен болам.

ЕСІҢДЕ МЕ

Есіңде ме кездескенің, қарағым,

Есімді алдың, неге сонша қарадың?

Жүрегіме лақтырған бір шоғыңнан –

Енді міне лаулап жанып барамын.

Айтшы күнім, неге сонша қарадың!

Кірпігіңмен аттың бір оқ, қададың.

Отты көзім, емшім өзің болмасаң –

Қансырамай қалай аман қаламын?...

СҮЙГЕНІМ СЕН

Сенші сәулем, сүйгенім сен жалғанда,

Аңсарым сен, ойда жалғыз қалғанда.

Сен менікі, мен сенікі болмасам,

Өтер едім өкінумен арманда.

Маздап сәулем, көзіңнен от жанады,

Кірпігіңнен меруерт шоқтар тамады.

Күйресе де, күл болса да көнуге

Көбелектей жаным қанат қағады.

Тарт өзіңе, шапағатшыл аяла,

Тарт өзіңе, алшы мені саяңа!

Күйдір, жандыр құшағыңда, сәулешім,

Жалыныңды жанымнан тек аяма!

ТОЛҚЫН, ЖЕЛ

Жатқан жансыз көк теңізге

Жеңілтек жел жетсе келіп,

Қанатымен желпіп түнде,

Азғана дем кетсе беріп;

Таппай дамыл күрсінеді

Толқып теңіз көпке дейін:

Жар жағалап сұрар желді,

Шаршап әбден... тыншыр кейін.

Білер ме жел көк теңіздің

Күрсінумен шыдағанын.

Берер ме жел көк теңіздің

«Сүй» деп тағы сұрағанын.

КЕЛ, ЖЫЛДАРЫМ

Жұлдызы бар, жүрегімнің сөнбейтін,

Арманы бар жұлдызымның - өлмейтін,

Шақырады меніілгері қашан да.

Жұтып болған жоқпын өмір шырынын,

Шертіп болған жоқпы күйін жырымның

Құмармын мен өлмей ұзақ жасауға!

Мен ғана емес, өзі науан уақыттың

Тұр көтеріп тозбас туын бақыттың,

Айтындаршы, қартаюға мүмкін бе?

Кел, жылдарым, менің жарқын жылдарым,

Көтер мені, жарқырасын жырларым,

Құй кеудеме қуатыңды, іркілме!

ХАЛЫҚ

Халық қазы сыйлайды сыйымдысын,

Қолтығыңнан демейді қиында ісің.

Сыбағасын жейтұғын саған қиып,

Ойламаған болады кейінгісін.

Ренжімес ұйқыңды ол күзетсе де,

Қиналмайды жаз тұрсын, күз өтсе де.

Жұмсақ орнын береді саған жайлап,

Жамбасынан қарыған сыз өтсе де.

Анау-мынау сөзіңе кешірімді,

Оңай-оспақ білмейді өшігуді.

Жоқтан-бардан себепке сылтау тауып

Жаптым саған демейді есігімді

Сенен оған керегі жарқындығың,

Керек емес жарқылдық алтындығың.

Жүрегіңнің жылуы жетіп жатыр,

Тек сезбесе болыпты салқындығын.

Елім барда осындай арман бар ма

Елді сүй деп айтамын қалғандарға.

Жуасымның жөн білер өзі жақсы,

Қызықан иінінен дем алғандарға.

АҚЫНДЫҚ

Ақындық ауыр еңбек түсінгенге,

Тау қазған, тас қорықтан ісіңнен де.

Жалғызсың, жәрдем тілеп ала алмайсың

Ең жақын, ең сүйікті кісіңнен де.

Ғажайып жерік кезің, құмар кезің,

Ғажаптан хабар алып тұрар кезің.

Ойыңда ұялаған балапаның

Жарыққа қанаттаныпшығар кезің.

Ғажап қой қуанышты сезінудің,

Мерзімі ұмытылар көз ілудің.

Сезіну айналғанда толғаққа бір

Темірі түсер сынға төзімінің.

Кеудеңе жанған отың сыймаған соң

Сонда сен аһ ұрасың, қиналасың.

Оңай ма өлең қайнау көкірегінде

Толғағын жеткізбей-ақ тумағын соң.

Білмейсің сонда кімге не деріңді

Бер дейсің – сәтті уақыт көмегіңді

Қақпағын жанар таудың жарқ еткіз де,

Аспанға ұшыра көр өлеңімді.

ҚИЯЛ ТУРАЛЫ

Қиял кеп кейде оралса аулақтағы,

Қиын ба ойдың отын лаулатпағы.

Жақсы арман кімнің жанын жылытпады,

Кімдерді төсегінде аунатпады.

Жақсы арман жағып қойған жарығыңдай,

Сезілмес басқан ауыр салмақ-тағы.

Тұрады не қаласаң алдында кеп

Секілді алтын балық қармақтағы.

Балыққа қызықпаймын аламын деп,

Аунатып алтын торға саламын деп.

Қорқамын бүгін емес, ертеңімен

Армансыз қаратайғанда қаламын деп.

Қиялдың шабыт берер өзі жақсы

Жылда егіп, жылда өсіріп алары көп.

Жылы түн, жайлы төсек алдама сен

Шалдың да себері бар, орары көп.

АНА

Жап-жас еді жарынан жесір қалғанда,

Одан ауыр күйік бар ма екен жалғанда.

Алған еді майданының қара қағазын

Жиырма үшке жасы жап-жаңа ғана толғанда.

Елестеп кетті жарының жерде жатқаны,

Тигендей болды өзіне жаудың атқаны.

Сөнді де қалды жылытып тұрған оттары,

Тіршілік бейне тынды да қалды, тоқтады.

Жығылмады ол, антайып тағы жатпады,

Есінен таңды, бір түйір нан да татпады.

Отырып қалды омалып мұздай үйінде,

Достардың да есігін барып қақпады.

Не деген қатал өмірдің ауыр соқпағы

Екен-ау сұмдық тағдырдың айтар тоқтамы.

Өлмей-ақ қалды, қаралы келіншек атанып,

Сұңқылдап о да күйеуін күнде жоқтады.

Ақындай оған жұбату үшін келмеді

Ешкім де оның жоқтауын жазып бермеді.

Айтыла берді аузына түскен барлық сөз

Тоқыла берді қасіреттің солай ермегі.

Қарғады жауды, қарғады кейде құдайды,

Жазығым не? – деп белгісіздерден сұрайды.

Айтады бәрін, айтады зарын қалдырмай,

Бітеді сөзі. Солқылдап сосын жылайды...

Қашанғы жылар, қашанғы шағар зарын ол,

Айтып а болды, сарқып та болды барын ол.

Жанары жанды қайғының қалың өртіне,

Пісіріп болды шыбындай ғана жанын ол,

Күндерде бір күн «УҺ...» деп демін алады,

Шықты да тысқа дүниеге жарық қарады.

Өтіпті қысы, босапты мұздан өзені,

Көріп тұр енді көгеріп қалған даланы.

Көгерген дала, баяғы мөлдір көк аспан,

Барады қаңғып бір уыс ақ бұлт адасқан.

Әдемі бір жел күнгейден келіп желпіп тұр

Жаралы жанға лебімен ғана қарасқан.

Орнында әлі бар екен дүние баяғы:

Алдында тосып, мейірімін күн де жаяды.

Келеді мәз боп мектептен көрші балалар.

Жүдеген жесір ішінен өзін аяды.

Сағынып қапты, сағынып қапты жарықты

Жарық күн қайта аспанын, жерін танытты.

Ойына салды кішкене егіз ұлдарын:

Есен мен Досан есінен шығып қалыпты.

Күңірентіп еді махаббат кеше күйретіп,

Шығып ед жаңа өлігін әрең сүйретіп.

Мінеки. Енді жарық күн оны аймалап,

Келеді тағы өмірге қайта үйретіп.

Аналық мейірім тірілтті оны тағы да

(Кете алмайды екен айналып адам тағыға)

Жібітті келіп аналық атты махаббат,

Жылына берді суыған ыстық қаны да.

Мінеки ана, ажарын қара нұрланған,

Қан жүре қапты бетіне кеше сұрланған.

Ұлдарын іздеп, ұшырып жанын келеді

Жеп-жеңіл асып жолдағы кебір құмардан.

Келеді ана, келеді ана, келеді,

Апырым-ай, дүние не деген мұнша кең еді!

Алдынан шықты әжесіне ерген егіз ұл

Өлгеннің көзі – өрімдей екі бөбегі.

Келеді ана, ұшырып жанын келеді,

Анада қандай құдірет-қайрат көп еді.

Ұлдарын қазір құшақтап тұрып өбеді,

Хасіреті қазір қап қара күл боп сөнеді.

Келеді ана, келеді ана келеді,

Қасірет не еткен күйдіріп кетер шоқ еді!

Қайраты қандай қасіретінен де көп еді,

Жүрегі қандай қайғысынан да зор еді.

ҰМЫТПА, СӘЙЛЕМ, СЕН ОНЫ

Жүзіңнен жуып күлкіңді

Жабады қайғы пердесін.

Жандырып жалын кеудеңді,

Жабырқайсың, сонда сен ...

Тұнжыраған тұманнан

Жалт еткендей бір жарық,

Көз тігіп саған бір адам ...

Кетеді тағы жоғалып ...

Кірпігің әлсіз ауырлап,

Көзіңді, сәулем, жабады,

Ішінде жалын лауылдап,

Мөлдіреп жас боп ағады ....

Ұмытпа, сәулем , сен оны,

Оқтын-оқтын есіңе ал.

Ұмытар болсақ өлгенді,

Тірліктің бізде несі бар?!

АҚ ҚАЛПАҚ

Басыма кидім ақ қалпақ

Оюлап шетін сырғызған

Менім де бетім жап-жалпақ,

Айырмам қайсы қырғыздан.

«Қоқи!» дей көрме, бикешжан,

Ақ қалпақсыз да өзіңмін,

Отынан ұшқын алып қал

Жалт еткен саған көзімнің.

Ақ көңіл, жанмын бар шыным,

Қырғызбен мені бірдей көр.

Тұтансын от боп ұшқыным,

Өшіріп алмай, үрлей бер!

КӨКШЕДЕ

Көліне түстім Көкшенің

Көбікпен ойнап балаша,

Толқынмен кеттім таласа,

Тамаша, қандай тамаша!

Тауына шықтым Көкшенің

Тасымен ойнап балаша.

Тағысымен таласа,

Тамаша, қандай тамаша!

Қарағай тілін ұғындым,

Қайыңнан ғажап сыр алдым ;

Құзынын астым қыранның,

Ұясын таптым қиялдың.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар